4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I ; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221-1; 16.07.99 ж. № 436-I; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 77-бап өзгертiлдi
77-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Бiр немесе бiрнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгiленген мөлшерде үлеске бөлiнген серiктестiк жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк деп танылады; жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және серiктестiктiң қызметiне байланысты залалдарға өздерiнiң қосқан салымдарының құны шегiнде тәуекел етедi. Осы ережеден өзгеше жағдайлар осы Кодексте және заң актілерінде көзделуi мүмкiн.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң салымдарды толық қоспаған қатысушылары оның мiндеттемелерi бойынша әрбiр қатысушының салым салмаған бөлiгiнiң құны шегiнде ортақ жауапты болады.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылардың саны шектелмейдi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жалғыз қатысушы ретiнде бiр адамнан тұратын басқа шаруашылық серiктестiгi бола алмайды.
3. Өзiнiң кез-келген қатысушыларының талабы бойынша жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қызметiне аудиторлық тексеру жүргiзiлуге тиiс.
Заңдарда немесе құрылтай құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктен көпшiлiк алдында есеп беру талап етiлмейдi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк оған қатысушылардың қабылдаған шешiмi бойынша өз еркiмен қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктi қайта құру мен таратудың өзге негiздерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк өзге де шаруашылық серiктестiк акционерлік қоғам немесе өндiрiстiк кооператив болып қайта құрылуға құқылы.
5.алынып тасталды
6. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құқықтық ережесi, оған қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекспен және заң құжаттарымен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 78-бап өзгертiлдi; 2012.26.11 № 57-V ҚР Заңымен 78-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 78-бап өзгертілді
78-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталы
Жарғылық капиталдың мөлшерiн жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылтайшылары (қатысушылары) айқындайды және ол Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген ең төменгi мөлшерден кем болмауы керек.
Жауапкершілігі шектеулі серiктестiк нысанында құрылған, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанында құрылған коллекторлық агенттіктердің жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасында айқындалады.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанында құрылған төлем ұйымдарының жарғылық капиталының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында айқындалады.
11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 22.04.98 ж. № 221-1; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 79-бап өзгертiлдi
79-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi басқару
1. Серiктестiк органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың серiктестiк атынан шешiмдер қабылдау немесе әрекет ету тәртібі осы Кодекске, заң актілеріне және серiктестiк жарғысына сәйкес белгiленедi.
2. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне мыналар жатады:
1) серiктестiктiң жарғысын өзгерту, соның iшiнде оның жарғылық капиталы мөлшерiн өзгерту;
2) атқарушы органның мүшелерін (мүшесін) сайлау (тағайындау) және олардың (оның) өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ серіктестікті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдау және осындай беру шарттарын айқындау;
3) серiктестiктiң қаржылық есебiн бекіту және оның таза табысын бөлу;
4) серiктестiктi қайта құру немесе тарату туралы шешiм шығару;
5) серiктестiктiң байқау кеңесiн және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушiсiн) сайлау және өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату, сондай-ақ серiктестiк тексеру комиссиясының (тексерушiсiнiң) есептерi мен қорытындыларын бекіту;
6) iшкi ережелердi, оларды қабылдау рәсiмдерiн және серiктестiктiң iшкi қызметiн реттейтiн басқа да құжаттарды Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда бекіту;
7) серiктестiктiң өзге де шаруашылық серiктестiктерге, сондай-ақ коммерциялық емес бiрлестiктерге қатысуы туралы шешiм шығару;
8) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;
9) осы Кодекстiң 82-бабына сәйкес жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм шығару.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi ол серiктестiктiң атқарушы органының шешуiне бере алмайды.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 2007.07.08 № 321-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 80-бап өзгертiлдi
80-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталдағы үлесiнiң басқа адамға ауысуы
1. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысы , осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлесiн немесе оның бiр бөлiгiн өз қалауынша осы серiктестiктiң бiр немесе бiрнеше қатысушысына сатуға немесе басқа түрде беруге құқылы.
2016.21.04. № 504-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында не заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi адамдарға беруiне болады.
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушылар, осы Кодексте және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалар алдында үлестi немесе оның бiр бөлiгiн сатып алуға басым құқықты пайдаланады. Егер құрылтай құжаттарында немесе серiктестiкке қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, үлестi (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға басым құқықты қатысушылар серiктестiктiң жарғылық капиталындағы өз үлестерiнiң мөлшерiне барабар жүзеге асырады.
Үлесті (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға басым құқықты бұза отырып сатқан кезде жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң кез келген қатысушысы сатылған күннен бастап үш ай iшiнде өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды сот тәртiбiмен талап етуге құқылы.
3. Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) үшiншi жақтарға беру мүмкiн болмаса, ал серiктестiктiң басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, серiктестiк қатысушыға оның нақты құнын төлеуге не оған сондай құнға сәйкес заттай мүлiк беруге мiндеттi.
4. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушысының үлесi оны толық төлеп болғанға дейiн оның төленген бөлiгi мөлшерiнде ғана бөлiп берiлуi мүмкiн.
5. Қатысушының үлесiн (оның бiр бөлiгiн) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң өзi сатып алған ретте ол оны басқа қатысушыларға немесе үшiншi жаққа заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген мерзiм мен тәртiп бойынша сатуға не өзiнiң жарғылық капиталын азайтуға мiндеттi. Осы кезең iшiнде түскен таза табысты бөлу, сондай-ақ жоғары органда дауыс беру жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң сатып алған үлесi есептелмей жүргiзiледi.
6. Егер серiктестiктiң құрылтай құжаттарында мұндай ауысуға тек серiктестiктiң қалған қатысушыларының келісімiмен ғана рұқсат етiлетiндiгi көзделмесе, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғылық капиталындағы үлес серiктестiктiң қатысушысы болған азаматтардың мұрагерлерiне және заңды тұлғалардың құқықты мирасқорларына ауысады. Үлестiң ауысуына келісім беруден бас тарту серiктестiктi қатысушының мұрагерлерiне (мирасқорларына) заң құжаттары мен серiктестiктiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп пен жағдайлар бойынша үлестiң нақты құнын төлеуге немесе оларға құны сондай заттай мүлiк беру мiндетiне әкелiп соқтырады.
Заң актілерінде үлестiң заңды тұлғалардың құқықтық мұрагерлерiне ауысу ерекшелiктерi көзделуi мүмкiн.
ҚР 22.04.98 ж. № 221-1 Заңына сәйкес 81-бап жаңа редакцияда
81-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк қатысушыларының қосымша жарналары
Егер жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң жарғысында өзгеше көзделмесе, қатысушылардың жалпы жиналысы серiктестiк мүлкiне қатысушылардың қосымша жарналар енгізуi туралы шешiм қабылдай алады. Шешiм серiктестiктiң барлық қатысушыларының төрттен үш көпшiлiк дауысымен қабылданады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңына сәйкес 82-бап жаңа редакцияда; 2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 82-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
82-бап. Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң қатысушысынан үлестi мәжбүрлеп сатып алу
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiң қатысушысы заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында белгiленген серiктестiк алдындағы өз мiндеттерiн бұзған жағдайда серiктестiк жалпы жиналыстың шешiмiне сәйкес сот бойынша осындай қатысушының үлесiн «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен мәжбүрлеп сатып алуды талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 83-бап өзгертiлдi
83-бап. Қатысушының жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктегi үлесiнен ақы өндiрiп алу
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке қатысушының өз борыштарын өтеу үшiн мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда несие берушiлер борышқор-қатысушының үлесiн белгiленген тәртiп бойынша бөлiп берудi талап етуi мүмкiн.
5. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 22.04.98 ж. № 221-1 Заңдарымен 84-бап өзгертiлдi
84-бап. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Қатысушылары серiктестiк мiндеттемелерi бойынша өздерiнiң жарғылық капиталға салымдарымен жауап беретiн, ал бұл сомалар жеткiлiксiз болған жағдайда өздерiне тиесiлi мүлiкпен оған өздерi еселенген мөлшерде енгiзген салымдар арқылы жауап беретiн серiктестiк қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк деп танылады.
2. Қатысушылар жауапкершiлiгiнiң шектi мөлшерi жарғыда көзделедi.
Қатысушылардың бiрi банкрот болған жағдайда оның серiктестiк мiндеттемелерi жөніндегі жауапкершiлiгi, егер құрылтай құжаттарында жауапкершiлiктi бөлудiң өзгеше тәртібі көзделмесе, қалған қатысушылар арасында олардың салымдарына қарай бөлiнедi.
3. Қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiкке, осы бапта өзгеше көзделмегендiктен, осы Кодекстiң жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк туралы ережелерi қолданылады.
III. Акционерлік қоғам
ҚР 19.06.97 ж. № 134-I; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 13.10.03 ж. № 486-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 85-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 85-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
85-бап. Акционерлік қоғам ұғымы
1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлік қоғам болып танылады. Акционерлік қоғамның акционерлерi осы заң актілерінде көзделгеннен басқа жағдайларда оның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты шығындар тәуекелiн көтередi.
2. Акционерлік қоғамның өз қатысушыларының мүлкiнен оқшауланған мүлкi болады, өз мiндеттемелерi бойынша өз мүлкi шегiнде жауапты болады және өз қатысушыларының мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
3. Қоғамның барлық акцияларын бiр акционер сатып алған жағдайда акционерлік қоғам бiр адамнан құрылуы немесе бiр адамнан тұруы мүмкiн, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе.
4. Акционерлік қоғамның құқықтық ережелерi, акционерлердiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi. Мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіру жолымен құрылған немесе акцияларының бақылау пакеті мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың құқықтық жағдайының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
5. Заңдарда көзделген жағдайларда, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.
86-бап ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 87-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 87-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
87-бап. Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары
1. Құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешiмi) мен жарғы акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады.
Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарында осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен айқындалған мәлiметтер болуға тиiс.
Акционерлік қоғамның құрылтай құжаттары нотариаттық куәландырылуға жатады.
2. Құрылтай шартының күшi (жалғыз құрылтайшының шешiмi) жарияланған акциялар шығарылымы мемлекеттік тiркеуден өткiзiлген күннен бастап тоқтатылады.
3. Акционерлік қоғамның жарғысын бекіту тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 88-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 88-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) ); ҚР 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңымен 88-бап өзгертiлдi
88-бап. Акционерлік қоғамның жарғылық капиталы
Акционерлік қоғамның жарғылық капиталының ең төменгі мөлшерi және оны қалыптастыру тәртібі, сондай-ақ оны ұлғайту тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 89-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 90-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 2006.20.02. № 127-III (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара); 2010.15.07. № 338-ІV (бұр. ред. қара); ҚР Заңдарымен; 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 91-бап өзгертiлдi
91-бап. Бағалы қағаздарды шығару және орналастыру
1. Акционерлік қоғам шығаратын бағалы қағаздардың түрлерi заң актілерінде белгiленедi.
2. Жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тiркеу және оларды орналастыру Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес айқындалады.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Акционерлік қоғам, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қамтамасыз етілген облигациялар және қамтамасыз етілмеген облигациялар шығаруға құқылы. Облигациялар шығарудың шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасында айқындалады.
4. Бағалы қағаздар бойынша табысты төлеудiң нысаны, тәсiлi және тәртібі акционерлік қоғамның жарғысымен немесе бағалы қағаздар шығарылымы проспектiсiмен заң актілерінде көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып белгiленедi
5. Акционерлік қоғам қоғамның мынадай акциялары бойынша:
1) өз капиталының терiс мөлшерi кезiнде немесе, егер қоғамның өз капиталының мөлшерi дивидендтердi оның акциялары бойынша төлеу нәтижесiнде терiс болса;
2) егер ол Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес төлем қабiлетсiздiгi немесе дәрменсiздiк белгiлерiне сай келсе не көрсетілген белгiлер қоғамда дивидендтердi оның акциялары бойынша төлеу нәтижесiнде пайда болса, дивидендтер төлеуге құқылы емес.
Қазақстан Республикасының заң актілерімен акционерлік қоғамдарға акциялар бойынша дивидендтер төлеуге тыйым салатын өзге де негiздер көзделуi мүмкiн.
6. Акционерлік қоғам заңдарда белгiленген тәртiппен туынды бағалы қағаздар, опциондар мен айырбасталатын бағалы қағаздар шығаруға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 92-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 92-бап өзгертiлдi
92-бап. Акционерлік қоғамды басқару
1. Акционерлік қоғамның жоғары органы оның акционерлерiнiң жалпы жиналысы болып табылады.
2. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретi заң актілерімен белгiленедi.
3. Акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi акционерлік қоғамның өзге органдарына беруге болмайды.
4. Акционерлік қоғамда директорлар кеңесi құрылады, осы Кодексте, заң актілерінде және акционерлік қоғамның жарғысында акционерлердiң жалпы жиналысының айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi шешудi қоспағанда, ол қоғамның қызметiне жалпы басшылықты жүзеге асырады. Осы Кодексте, заң актілерінде және акционерлік қоғамның жарғысында директорлар кеңесiнiң айрықша құзыретiне жатқызылған мәселелердi акционерлік қоғамның атқарушы органының шешуiне беруге болмайды.
5. Акционерлік қоғамның атқарушы органы алқалық (басқарма) немесе жеке дара (директор, бас директор, президент) болуы мүмкiн. Ол акционерлік қоғам қызметiне күнделiктi басшылықты жүзеге асырады және директорлар кеңесi мен акционерлердiң жалпы жиналысына есеп бередi.
Қоғам басқа да органдарының заңдармен немесе құрылтай құжаттарымен белгiленген ерекше құзыретiне кiрмейтiн барлық мәселелердi шешу акционерлік қоғамның атқарушы органының құзыретiне жатады.
6. Акционерлік қоғамда заң актілеріне сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкiн.
6-1. Акционерлік қоғам банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оны басқару бойынша барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.
7. Акционерлік қоғам органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау және қоғам атынан әрекет жасау тәртібі осы Кодекске, заңдарға және құрылтай құжаттарына сәйкес белгiленедi.
8. алынып тасталды
ҚР 15.07.96 ж. № 30-I; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен; 2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.10.06. № 208-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 93-бап өзгертілді
93-бап. Акционерлік қоғамды қайта құру және тарату
1. Акционерлік қоғам акционерлер жиналысының шешiмi бойынша қайта құрылуы немесе таратылуы мүмкiн. Акционерлік қоғамды қайта құрудың және таратудың өзге негiздерi мен тәртібі осы Кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгiленедi.
2. Акционерлік қоғам шаруашылық серiктестiгi, өндiрiстiк кооператив немесе «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес білім беру ұйымы, сондай-ақ «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес кластерлік қор болып қайта құрылуға құқылы.
IV. Еншiлес және тәуелдi акционерлік қоғам
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен; 2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 94-бап өзгертiлдi
94-бап. Еншiлес ұйым
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Шешімдерін жарғылық капиталға қатысудың басым үлесі болуы не олардың арасында жасалған шарт негізінде не өзгеше түрде басқа заңды тұлға (бұдан әрі - негізгі ұйым) айқындайтын заңды тұлға еншілес ұйым болып табылады.
2. Еншiлес ұйым өзiнiң негiзгi ұйымының борыштары бойынша жауап бермейдi.
Еншiлес ұйыммен жасасқан шарт бойынша (не өзгедей түрде) оған мiндеттi нұсқаулар беруге құқығы негiзгi ұйым онымен осындай нұсқауларды орындау үшiн жасалған мәмiлелер бойынша еншiлес ұйыммен бiрге субсидиарлық жауапты болады.
Негiзгi ұйымның кiнәсiнен еншiлес ұйым банкрот болған жағдайда негiзгi ұйым оның борыштары бойынша субсидиарлық жауапты болады.
Негізгі ұйымның акцияларын осындай ұйымның дауыс беретін акцияларының он пайызынан аспайтын мөлшерде иелену құқығы бар қаржы ұйымдарын қоспағанда, еншілес ұйым негізгі ұйымның акцияларын сатып ала алмайды.
3. Егер заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, еншiлес ұйымның қатысушылары негiзгi ұйымнан оның кiнәсiнен еншiлес ұйымға келтiрiлген зиянды өтеудi талап етуге құқылы.
4. Еншiлес ұйымдар ережелерiнiң осы бапта көзделмеген ерекшелiктерi заң актілерімен айқындалады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 95-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 95-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
95-бап. Тәуелдi акционерлік қоғам
1. Егер акционерлік қоғамның дауыс берушi акцияларының жиырма проценттен астамы, басқа (қатысушы, басымырақ) заңды тұлғанiкi болса, ол тәуелдi қоғам деп танылады.
2. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Бiр-бiрiнiң жарғылық капиталына тәуелдi және өзара қатысатын акционерлік қоғамдардың осы бапта көзделмеген жағдайының ерекшелiктерi заң актілерімен айқындалады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Қатысушы (басымырақ) заңды тұлға заңдарда көзделген тәртіппен акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының жиырма пайызынан астамын сатып алуы туралы ақпаратты жариялауға міндетті.
V. Өндiрiстiк кооператив
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 96-бап өзгертiлдi
96-бап. Өндiрiстiк кооператив туралы жалпы ережелер
1. Азаматтардың бiрлескен кәсiпкерлiк қызмет үшiн мүшелiк негiзде олардың өз еңбегiмен қатысуына және өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң мүлiктiк жарналарын бiрiктiруiне негiзделген ерiктi бiрлестiгi өндiрiстiк кооператив деп танылады.
2. Кооператив мүшелерi екеуден кем болмауға тиiс.
3. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшелерi кооператив мiндеттемелерi бойынша Өндiрiстiк кооператив туралы заңда көзделген мөлшер мен тәртiп бойынша қосымша (жәрдем беру) жауапты болады.
4. Өндiрiстiк кооперативтiң және оның мүшелерiнiң құқықтық жағдайы осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.
2015.29.10. № 373-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5. «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, өндірістік кооператив нысанында құрылатын ауыл шаруашылығы кооперативінің құқықтық жағдайы, сондай-ақ оның мүшелерінің құқықтық жағдайы, құқықтары мен міндеттері осы кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен айқындалады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 97-бап өзгертiлдi
97-бап. Өндiрiстiк кооперативтiң жарғысы
Өндiрiстiк кооперативтiң жарғысында осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа кооператив мүшелерi жарнасының мөлшерi туралы; кооператив мүшелерiнiң құрамы мен жарна қосу тәртібі және олардың жарналарды енгізу жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооператив қызметiне оның мүшелерiнiң еңбекпен қатысу сипаты мен тәртібі және олардың жеке еңбекпен қатысуы жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооперативтiң таза табысын бөлу тәртібі туралы; кооперативтi басқару органдарының құрамы мен құзыретi және олардың шешiмдер қабылдау, соның iшiнде шешiмi бiрауыздан немесе біліктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелер жөніндегі шешiмдер қабылдау тәртібі туралы ережелер болуға тиiс.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 98-бап өзгертiлдi
98-бап. Өндiрiстiк кооперативтiң мүлкi
1. Өндiрiстiк кооперативтiң меншiгіндегі мүлiк, егер кооперативтiң жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мүшелерiнiң пайларына олардың жарналарына барабар бөлiнедi.
2. Кооператив таза табысы оның мүшелерi арасында, егер кооператив жарғысында өзгеше тәртiп көзделмесе, олардың еңбекке қатысуына сәйкес бөлiнедi.
3. Өндiрiстiк кооператив таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда кооператив мүшесiнiң өз пайын бөлiп алуға құқығы бар.