Қазақстан Республикасының
Заңы
«Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы
(2024.27.04. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының Университет, Зияткерлік мектептер және Қор туралы заңнамасы
3-бап. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор қызметінің қағидаттары
2-тарау. УНИВЕРСИТЕТТІҢ, ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖӘНЕ ҚОРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ
4-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың құқықтық мәртебесі
5-бап. Университеттің және Зияткерлік мектептердің мүлкі
6-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың басқару органдары
7-бап. Университетті, Зияткерлік мектептерді және Қорды қайта ұйымдастыру, тарату
3-тарау. УНИВЕРСИТЕТ, ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ ҚОР ҚЫЗМЕТІНІҢ АЙРЫҚША ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕЖИМІ
8-бап. Университеттің және Зияткерлік мектептердің білім беру қызметін лицензиялау, аттестаттау және аккредиттеу
9-бап. Университеттің және оның ұйымдарының білім беру қызметін жүзеге асыру ерекшеліктері
10-бап. Зияткерлік мектептердің білім беру қызметін жүзеге асыру ерекшеліктері
11-бап. Университеттің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыруы
12-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың шетелдік жұмыс күшін тарту ерекшеліктері
12-1-бап. Университет пен Зияткерлік мектептерде білім беру процесін грантпен және стипендиямен қамтамасыз ету
12-2-бап. Инновациялық кластер
13-бап. Қорытынды ережелер
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен кіріспе жаңа редакцияда (2023 ж. 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Осы Заң «Назарбаев Университетінің» (бұдан әрі - Университет), «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» (бұдан әрі - Зияткерлік мектептер) және «Назарбаев Қорының» (бұдан әрі - Қор) құқықтық мәртебесін және олардың құрылуы мен қызметінің айрықша құқықтық режимін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) дербес білім беру ұйымы - Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын, құқықтық мәртебесі және қызметінің айрықша құқықтық режимі осы Заңда айқындалатын, мүшелігі болмайтын коммерциялық емес ұйым;
2) Зияткерлік мектептер ұйымдары - Зияткерлік мектептер құратын коммерциялық емес ұйымдар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен Зияткерлік мектептерге тиесілі басқа да заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдары;
3) «Назарбаев Университеті» білім беру гранты - осы Заңда белгіленген шарттарда тиісті білім беру деңгейі бойынша Университетте немесе дайындық бөлімінде білім алуға ақы төлеу үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде білім алушыларға берілетін нысаналы ақша сомасы;
4) «Назарбаев Университеті» стипендиясы - «Назарбаев Университеті» білім беру гранты бойынша білім алушыға берілетін ақша сомасы;
5) сабақтан тыс қызмет - тізбесі тиісті қамқоршылық кеңестің шешімімен бекітілетін іс-шаралар түрінде жүзеге асырылатын, Университеттің, Зияткерлік мектептердің білім беру процесіне қатысушылардың білім алушыларды жан-жақты дамытуға және олардың жеке қабілеттерін іске асыруға бағытталған қызметі;
6) Университеттің инновациялық кластері (бұдан әрі - инновациялық кластер) - ғылыми-зерттеу жұмыстарын және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асыру, технологиялар трансферті, жобаларды коммерцияландыру, жаңа немесе жетілдірілген технологиялар мен тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жасау және енгізу шеңберіндегі кооперацияның жоғары дәрежесі есебінен бір-бірінің бәсекелестік артықшылықтарын өзара толықтыратын және күшейтетін, Университет аумағында орналасқан ғылыми-зерттеу және инновациялық қызмет субъектілерінің және олармен өзара байланысты өзге де тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) берушілердің бірлестігі;
7) Университет ұйымдары - Университет құратын коммерциялық емес ұйымдар, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен Университетке тиесілі басқа да заңды тұлғалар, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдары.
2-бап. Қазақстан Республикасының Университет, Зияткерлік мектептер және Қор туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының Университет, Зияткерлік мектептер туралы және Қор туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Білім беру қызметін, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасы Университетке, Зияткерлік мектептерге, олардың ұйымдарына және Қорға осы Заңмен реттелмеген бөлігінде қолданылады.
2023.02.10. № 31-VIII ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 4 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Университетте, Зияткерлік мектептерде қоғамдық бақылау «Қоғамдық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор қызметінің қағидаттары
Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қызметі мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) академиялық еркіндік қағидаты - Университеттің және Зияткерлік мектептердің білім беру бағдарламаларын, білім беру қызметін жүзеге асырудың нысандары мен әдістерін, ғылыми зерттеулерді жүргізу бағыттарын әзірлеу мен таңдаудағы еркіндігі;
2) білімнің, ғылым мен өндірістің интеграциясы қағидаты - Университеттегі және Зияткерлік мектептердегі білім беру үдерісінің ғылыми және практикалық қызметтен ажырағысыздығы, ғылым және кәсіпкерлік ұйымдарымен стратегиялық әріптестікті қамтамасыз ету;
3) дербестік және өзін-өзі басқарушылық қағидаты - Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қаржы-экономикалық, әкімшілік басқарудағы, шешімдер қабылдаудағы оқшаулығы мен еркіндігі;
4) шешімдер қабылдаудың алқалық қағидаты - Университет, Зияткерлік мектептер және Қор қызметіне байланысты шешімдерді олардың қамқоршылық кеңестерінің, Жоғары қамқоршылық кеңестің қабылдауы;
5) әлеуметтік жауапкершілік пен ашықтық қағидаты - Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қоғамның әл-ауқатын жақсарту мақсатында әлеуметтік маңызы бар жобаларды әзірлеуі және оларға қатысуы, өз қызметінің барлық бағыттары бойынша ақпараттық ашықтықты қамтамасыз етуі.
2-тарау. УНИВЕРСИТЕТТІҢ, ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕРДІҢ ЖӘНЕ ҚОРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ
4-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың құқықтық мәртебесі
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Университет білім беру қызметін, оның ішінде қосымша білім беруді, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыру, қазіргі заманғы білім беру, ғылыми инфрақұрылымды құру және өзінің жарғысына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асыру мақсатында құрылатын дербес білім беру ұйымы болып табылады.
Университет білім беру қызметін мынадай білім беру деңгейлері бойынша жүзеге асырады:
1) орта білімнен кейінгі білім беру;
2) жоғары білім беру;
3) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру.
Университет білім және ғылым саласындағы инновациялық бағдарламаларды әзірлеуді, оларға мониторинг жүргізуді, зерттеуді, талдауды, байқаудан өткізуді, енгізу мен іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң болып табылады.
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Зияткерлік мектептер білім беру қызметін, оның ішінде қосымша білім беру саласында жүзеге асыру мақсатында құрылатын дербес білім беру ұйымы болып табылады.
Зияткерлік мектептер білім беру қызметін мынадай білім беру деңгейлері бойынша жүзеге асырады:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қамтитын бастауыш мектеп;
2) негізгі мектеп;
3) жоғары мектеп.
Зияткерлік мектептер өзінің жарғысына сәйкес өзге де қызметті жүзеге асыруға құқылы.
Зияткерлік мектептер білім беру бағдарламалары мен технологияларының қазіргі заманғы модельдерін әзірлеуді, оларға мониторинг жүргізуді, зерттеуді, талдауды, байқаудан өткізуді, енгізуді және іске асыруды жүзеге асыратын эксперименттік алаң болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Университеттің және Зияткерлік мектептердің құрылтайшысы болып табылады.
4. Қор Университеттің және Зияткерлік мектептердің, сондай-ақ олардың ұйымдарының қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін ғана қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым болып табылады.
5-бап. Университеттің және Зияткерлік мектептердің мүлкі
1. Университеттің және Зияткерлік мектептердің мүлкі:
2012.16.02. № 557-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) құрылтайшының нысаналы салымдары;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша берілетін мемлекеттік мүлік;
3) ерікті мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;
4) Қор беретін қаржыландыру;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды өткізуден, қызмет көрсетуден түскен түсiмдер (табыстар);
6) акциялар, облигациялар мен салымдар (депозиттер) бойынша алынатын дивидендтер (табыстар, сыйақылар (мүдде);
7) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да түсімдер есебінен қалыптасады.
Университеттің және Зияткерлік мектептердің осы тармаққа сәйкес қалыптастырылған мүлкі оларға меншік құқығымен тиесілі болады.
Университет және Зияткерлік мектептер өз мүлкін өздерінің құрылу мақсаттарына қол жеткізу үшін ғана пайдаланады.
2. Университет және Зияткерлік мектептер, сондай-ақ олардың ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырма, мемлекеттік білім беру тапсырысын және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсетуге мемлекеттік тапсырыс алуға құқылы.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Дербес білім беру ұйымының:
1) нысаналы салым қаражатын өзінің жоғары басқару органының немесе Жоғары қамқоршылық кеңес төрағасының тапсырмасына сәйкес қайта бөлуге;
2) күрделі салымдарға бағытталатын шығыстар бойынша, сондай-ақ күрделі шығындарға жатпайтын шығыстар бойынша үнемдеу нәтижесінде пайда болған нысаналы салым қаражатын жарғылық мақсаттарға сәйкес дербес білім беру ұйымының ұйымдары және (немесе) шығыстардың бағыттары арасында оларды дамытуға қайта бөлуге құқығы бар.
Қаржы жылы ішінде пайдаланылмаған (толық пайдаланылмаған) нысаналы салым қаражаты дербес білім беру ұйымы қамқоршылық кеңесінің шешімі бойынша келесі қаржы жылдарына ауыстырылуы мүмкін.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 2-2-тармақпен толықтырылды
2-2. Осы баптың 1-тармағы 2) тармақшасының негізінде мемлекеттік мүлікті дербес білім беру ұйымдарының меншігіне беру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеусіз негізде жүзеге асырылады. Мемлекеттік меншіктегі жер учаскесі Университет меншігіне Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген тәртіппен өтеусіз негізде беріледі.
3. Дербес білім беру ұйымдарының мүлкіне құрылтайшының мүліктік құқықтары болмайды.
Құрылтайшы өзі құрған дербес білім беру ұйымдарының міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал олар құрылтайшының міндеттемелері бойынша жауап бермейді.
6-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың басқару органдары
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жоғары қамқоршылық кеңес Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жоғары басқару органы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын адам Жоғары қамқоршылық кеңестің төрағасы болып табылады.
Жоғары қамқоршылық кеңестің төрағасы Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережені бекітеді.
2. Жоғары қамқоршылық кеңестің құрылымы, құзыреті, қалыптасу тәртібі, мүшелерінің өкілеттік мерзімдері, оның шешімдерді қабылдау тәртібі осы Заңда, сондай-ақ Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережеде айқындалады.
3. Жоғары қамқоршылық кеңестің құзыретіне:
1) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың ұзақ мерзімді даму стратегияларын бекіту;
2) мүлікке билік ету тәртібін бекіту;
3) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, оларды жаңа редакцияда қабылдау;
4) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қамқоршылық кеңестерін қалыптастыру, қамқоршылық кеңестердің мүшелерін тағайындау және олардың өкілеттіктерін тоқтату;
5) Университетті, Зияткерлік мектептерді және Қорды қайта ұйымдастыру, тарату туралы шешім қабылдау;
6) Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ережеге сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады.
4. Тұрақты жұмыс істейтін қамқоршылық кеңестер Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыратын басқару органдары болып табылады.
Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қамқоршылық кеңестерінің құрылымы, құзыреті, қалыптасу тәртібі, мүшелерінің өкілеттік мерзімдері, олардың шешімдерді қабылдау тәртібі осы Заңда, сондай-ақ олардың жарғыларында айқындалады.
5. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың қамқоршылық кеңестерінің құзыретіне:
1) жылдық және орта мерзімді бюджеттерді бекіту;
2) Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың атқарушы органдарының сан жағынан құрамын айқындау, олардың басшылары мен мүшелерін немесе атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамдарды сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту;
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңнамасына, Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жарғыларына сәйкес өзге де өкілеттіктер жатады.
2019.27.12. № 294-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Университеттің және Зияткерлік мектептердің қамқоршылық кеңестерінің құрамына құрылтайшының өкілдері, педагогтер және ғылыми қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және өзге де адамдар кіреді. Мемлекеттік қызметшілер Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың басқару органдарына тағайындалған жағдайда олар аталған заңды тұлғаларды басқаруға қатысады.
7. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың ағымдағы қызметіне басшылықты олардың атқарушы органдары жүзеге асырады. Атқарушы органдар алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың атқарушы органдары Жоғары қамқоршылық кеңестің, Университеттің, Зияткерлік мектептердің, Қордың қамқоршылық кеңестерінің шешімдері негізінде және оларды орындау үшін жұмыс істейді және оларға есеп береді.
Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың атқарушы органдарының құрылымы, құзыреті, қалыптасу тәртібі мен өкілеттік мерзімдері олардың жарғыларында айқындалады.
8. Университетте, Зияткерлік мектептерде және Қорда олардың жарғыларына сәйкес өзге де органдар құрылуы мүмкін.
7-бап. Университетті, Зияткерлік мектептерді және Қорды қайта ұйымдастыру, тарату
1. Университет, Зияткерлік мектептер және Қор осы Заңға, Қазақстан Республикасының заңнамасына және олардың жарғыларына сәйкес қайта ұйымдастырылуға, таратылуға жатады.
2. Университет, Зияткерлік мектептер, Қор таратылған кезде кредит берушілердің талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік олардың құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға жұмсалады.
3-тарау. УНИВЕРСИТЕТ, ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ ҚОР ҚЫЗМЕТІНІҢ АЙРЫҚША ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕЖІМІ
8-бап. Университеттің және Зияткерлік мектептердің білім беру қызметін лицензиялау, аттестаттау және аккредиттеу
1. Университет, Зияткерлік мектептер, олардың ұйымдары, сондай-ақ Университетте және (немесе) Зияткерлік мектептерде білім беру бағдарламаларын енгізетін және (немесе) іске асыратын шетелдік заңды тұлғалар білім беру қызметін лицензиясыз жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасында көзделген мемлекеттік аттестаттау Университетке және Зияткерлік мектептерге қатысты жүргізілмейді.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Университетті және Зияткерлік мектептерді, олардың ұйымдарын аккредиттеуді тиісті қамқоршылық кеңестің шешімімен айқындалған аккредиттеу органы, оның ішінде шетелдік аккредиттеу органы жүзеге асырады.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9-бап. Университеттің және оның ұйымдарының білім беру қызметін жүзеге асыру ерекшеліктері
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Университет және оның ұйымдары білім беру қызметін дербес әзірлеген білім беру бағдарламалары, сондай-ақ шетелдік әріптестерінің білім беру бағдарламалары негізінде жүзеге асырады.
Университет бағыттарын дербес айқындайды және сабақтан тыс қызмет іс-шараларының тізбесін бекітеді.
Университет тәрбие жұмысын Университеттің қамқоршылық кеңесі бекіткен тәрбие жұмысы және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырады.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Білім беру қызметін ұйымдастыру, білім сапасын басқару және білім беру мониторингін жүзеге асыру, оқуға қабылдау, білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, оларды аралық және қорытынды аттестаттау тәртібін Университет және оның ұйымдары өз жарғыларына сәйкес дербес айқындайды.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Университет және оның ұйымдары білім беру қызметтерін көрсету шартының нысанын дербес бекітеді.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Университеттің білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдары өздерінде іске асырылатын білім беру бағдарламалары бойынша оқу бітірген және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға тиісті білім және (немесе) біліктілік деңгейі туралы құжаттар береді. Білім туралы құжаттардың нысанын және оларды толтыру тәртібін ұйымдар дербес бекітеді.
5. Университет өзінде іске асырылып жатқан білім беру бағдарламалары бойынша оқу бітірген және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға тиісті білім және (немесе) біліктілік деңгейі туралы құжаттар береді. Білім туралы құжаттардың бірыңғай нысанын және оларды толтыру тәртібін Университеттің қамқоршылық кеңесі бекітеді.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Университет, оның ұйымдары беретін тиісті білім және (немесе) біліктілік деңгейі туралы құжаттар өздерінің иелеріне білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың иелері үшін көзделген құқықтарды береді.
10-бап. Зияткерлік мектептердің білім беру қызметін жүзеге асыру ерекшеліктері
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен (2013 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Зияткерлік мектептер дербес әзірлеген білім беру бағдарламаларын, сондай-ақ шетелдік әріптестерінің білім беру бағдарламаларын іске асырады.
Білім беру бағдарламалары осы Заңда белгіленген білім беру деңгейлері бойынша Зияткерлік мектептерде іске асырылады.
Зияткерлік мектептер бағыттарын дербес айқындайды және сабақтан тыс қызмет іс-шараларының тізбесін бекітеді.
Зияткерлік мектептер тәрбие жұмысын Зияткерлік мектептердің қамқоршылық кеңесі бекіткен тәрбие жұмысы және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырады.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Зияткерлік мектептер:
1) оқуға қабылдау;
2) білім беру қызметі, оның ішінде сабақтан тыс қызмет;
3) эксперименттік қызмет;
4) білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, оларды аралық және қорытынды аттестаттау;
5) білім алушылардың оқудағы жетістіктерін сырттай бағалау;
6) білім беру мониторингі және білім беру сапасын бағалау;
2019.27.12. № 294-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) педагогтердің біліктілігін арттыру;
2019.27.12. № 294-VІ ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) педагогтерді аттестаттау және оны өткізудің мерзімділігі қағидаларын дербес бекітеді.
Зияткерлік мектептерде білім беру сапасын басқару Зияткерлік мектептер дербес айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. 2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен алып тасталды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Зияткерлік мектептер өздерінде іске асырылып жатқан білім беру бағдарламалары бойынша оқу бітірген және қорытынды аттестаттаудан өткен адамдарға тиісті білім деңгейі туралы құжаттар береді, олар білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттарға теңестіріледі. Білім туралы құжаттардың бірыңғай нысанын және оларды толтыру тәртібін Зияткерлік мектептердің қамқоршылық кеңесі бекітеді.
5. 2016.09.04. № 501-V ҚР Заңымен алып тасталды (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2024.23.02. № 64-VIII ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 27 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
6. Зияткерлік мектептер жыл сайын ресми интернет-ресурстарда білім беру қызметі туралы жылдық есепті орналастырады.
11-бап. Университеттің ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асыруы
1. Университет ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүзеге асырады, гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздері есебінен ғылыми зерттеулер жүргізеді.
2. Университет салалық ғылыми орталықтар құруға құқылы.
3. Университет және оның салалық ғылыми орталықтары Қазақстан Республикасының ғылым туралы заңнамасында көзделген олардың ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметін аккредиттеуден босатылады.
4. Университет ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолдануға (коммерцияландыруға) қатысуға құқылы.
Университеттің және оның салалық ғылыми орталықтарының ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін практикада қолдану (коммерцияландыру) нәтижесінде алынған табыстары тек қана оларды дамытуға жұмсалады.
12-бап. Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың шетелдік жұмыс күшін тарту ерекшеліктері
1. Университет, Зияткерлік мектептер, олардың ұйымдары, сондай-ақ Қор шетелдік қызмектерлерді басшы және жоғары білімді мамандар лауазымдарына тартуды шетелдік жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсатты алмай-ақ жүзеге асырады.
2. Университетте немесе оның медициналық ұйымдарында медициналық қызметпен айналысу құқығын беретін немесе кәсіптік медициналық қызметті жүзеге асыруға шақырылған мамандардың шетелде алған біліктілік санатын куәландыратын құжат Қазақстан Республикасының аумағында санат берілмей-ақ қолданылатын маман сертификатына теңестіріледі.
2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 12-1-баппен толықтырылды
12-1-бап. Университет пен Зияткерлік мектептерде білім беру процесін грантпен және стипендиямен қамтамасыз ету
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2023 ж. 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Университетте оқыту «Назарбаев Университеті» білім беру гранты, өзге де гранттар мен стипендиялар негізінде, сондай-ақ ақылы негізде жүзеге асырылады.
«Назарбаев Университеті» білім беру гранты Университетке оқуға қабылданған Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес шетелдіктерге берілуі мүмкін.
2. «Назарбаев Университеті» білім беру гранты қаражатының есебінен Университетте оқуға құқығы бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау квотасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жыл сайын айқындайды. Университет қабылдау квотасының мөлшері жөніндегі ұсынысты білім беру саласындағы уәкілетті органға енгізеді.