ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен; 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 99-бап өзгертiлдi
99-бап. Өндiрiстiк кооперативтi басқару
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Өндiрiстiк кооперативтiң жоғары органы оның мүшелерiнiң жалпы жиналысы болып табылады.
Өндiрiстiк кооперативте кооперативтiң атқарушы органының қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыратын байқаушы кеңес құрылуы мүмкiн. Байқаушы кеңестiң мүшелерi өндiрiстiк кооператив атынан әрекет жасауға құқылы емес.
Кооперативтің басқармасы немесе төрағасы кооперативтiң атқарушы органы болып табылады. Атқарушы орган кооператив қызметiне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады және байқаушы кеңес пен кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысына есеп бередi.
Тек кооператив мүшелерi ғана байқаушы кеңес пен өндiрiстiк кооператив басқармасының мүшелерi бола алады. Кооператив мүшесi бiр мезгiлде байқаушы кеңестiң мүшесi және басқарма мүшесi (кооператив төрағасы) бола алмайды.
2. Өндiрiстiк кооперативтi басқару органдарының құзыретi, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау және кооператив атынан әрекет жасау тәртібі заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында белгiленедi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
3. Өндiрiстiк кооператив мүшелерiнiң жалпы жиналысының ерекше құзыретiне мыналар жатады:
1) кооператив жарғысын өзгерту;
2) атқарушы органды, тексерушi органдарды және қадағалау кеңесiн құру мен олардың мүшелерiн керi шақырып алу;
3) кооператив мүшелерiн қабылдау және шығару;
4) кооперативтiң қаржы есебiн бекіту және оның таза табысын бөлу;
5) кооперативтi қайта құру мен таратуды шешу.
Жалпы жиналыстың ерекше құзыретiне заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында басқа мәселелердi шешудi де жатқызуы мүмкiн.
Жалпы жиналыстың немесе кооперативтiң қадағалау кеңесiнiң ерекше құзыретiне жатқызылған мәселелердi олар кооперативтiң атқарушы органының шешуiне бере алмайды.
3-1. Өндірістік кооператив банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оларды басқару жөніндегі барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.
4. Жалпы жиналыс шешiмдер қабылдаған кезде кооператив мүшесiнiң бiр даусы болады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 ; 2007.07.08 № 321-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 100-бап өзгертiлдi
100-бап. Өндiрiстiк кооперативке мүшелiктiң тоқтатылуы
1. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi кооперативтен өз қалауымен шығуға құқылы. Бұл ретте оған оның жарнасы төленуге немесе берiлуге, сондай-ақ жарғыда көзделген басқа төлемдер төлеу жүзеге асырылуға тиiс.
Кооперативтен шығатын мүшеге жарна мен басқа мүлiк есептi кезең аяқталып, кооперативтiң қаржы есебi бекітілгеннен кейiн берiледi.
2. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi өзiне кооператив жарғысында жүктелген мiндеттердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған ретте, сондай-ақ заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында көзделген басқа да реттерде жалпы жиналыстың шешiмi бойынша кооперативтен шығарылуы мүмкiн.
Өндiрiстiк кооперативтiң мүшелiгiнен шығарылғаны үшiн сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi кооперативтен соған ұқсас кооперативке мүше болуына байланысты жалпы жиналыстың шешiмi бойынша шығарылуы мүмкiн.
Өндiрiстiк кооперативтiң одан шығарылған мүшесi өз жарнасын және осы баптың 1-тармағына сәйкес кооператив жарғысында көзделген басқа да төлемдердi алуға құқылы.
3. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi өз жарнасын немесе оның бiр бөлiгiн, егер осы Кодексте, заң құжаттары мен құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, кооперативтiң басқа мүшесiне беруге құқылы.
Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi болып табылмайтын азаматқа жарнаны (оның бiр бөлiгiн) беруге , егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, кооперативтiң келiсуiмен ғана рұқсат етiледi. Бұл ретте осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, кооперативтiң басқа мүшелерi мұндай жарнаны (оның бiр бөлiгiн) сатып алуды басым құқықты пайдаланады.
4. Өндiрiстiк кооперативтiң мүшесi қайтыс болған жағдайда оның мұрагерлерi, егер кооперативтiң жарғысында өзгеше көзделмесе, кооператив мүшесi етiп қабылдануы мүмкiн. Қайтыс болған кооператив мүшесiнiң мұрагерi кооперативке кiруден бас тартқанда немесе кооператив мұрагердi қабылдаудан бас тартқанда оған мүлiктегi қайтыс болған кооператив мүшесiнiң пайына бара-бар үлес, сондай-ақ кооперативтiң таза табысының қайтыс болған адамға тиесiлi бөлiгi және кооператив қызметiне қосқан жеке еңбегi үшiн сыйақы төленедi.
5. Өндiрiстiк кооператив мүшесiнiң жарнасынан оның жеке борышын өндiрiп алуға оның мұндай борышты заң құжаттары мен кооперативтiң құрылтай құжаттарында көзделген тәртiп бойынша жабу үшiн басқа мүлкi жетпеген жағдайда ғана жол берiледi.
101-бап. Өндiрiстiк кооперативтi қайта құру және тарату
1. Өндiрiстiк кооператив өз мүшелерiнiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша ерiктi түрде қайта құрылуы және таратылуы мүмкiн.
Өндiрiстiк кооперативтi қайта құрудың және таратудың өзге негiздерi мен тәртібі осы Кодексте және басқа заң құжаттарында белгiленедi.
2. Өндiрiстiк кооператив өз мүшелерiнiң бiрауызды шешiмi бойынша шаруашылық серiктестiгi болып қайта құрылуы мүмкiн.
VI. Мемлекеттік кәсiпорын
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 102-бап өзгертiлдi
102-бап. Мемлекеттік кәсiпорын туралы негiзгi ережелер
1. Мемлекеттік кәсiпорындарға:
1) шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген;
2) оралымды басқару құқығына негiзделген (қазыналық кәсiпорын) кәсiпорындар жатады.
2. Мемлекеттік кәсiпорынның мүлкi бөлiнбейдi және оны салымдар (үлестер, жарналар) бойынша, соның iшiнде кәсiпорын қызметкерлерiнiң арасында бөлуге болмайды.
3. Мемлекеттік кәсiпорындардың фирмалық атауында оның мүлкiн меншiктенушi көрсетiлуге тиiс.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттiк кәсiпорын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылады, таратылады және қайта ұйымдастырылады.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен тағайындалатын басшы мемлекеттiк кәсiпорынның органы болып табылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда мемлекеттік кәсіпорын басшысынан басқа өзге де орган мемлекеттік кәсiпорынның органы ретінде әрекет ете алады.
5-1. Мемлекеттік кәсіпорын банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және заңда белгіленген тәртіппен уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушы тағайындалған жағдайларда, оны басқару бойынша барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттықты немесе оңалтуды басқарушыға өтеді.
6. Алынып тасталды
7. Мемлекеттік кәсiпорынның құқылық ережесi осы Кодексте және өзге заң құжаттарында белгiленедi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 103-бап өзгертiлдi
103-бап. Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорын
1. Құрылтайшы бекiтетiн шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорынның жарғысы оның құрылтай құжаты болып табылады.
2. Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорын өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен жауап бередi.
Шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорын мемлекеттiң мiндеттемелерi бойынша жауапты болмайды.
Осы Кодексте және өзге де заң актілерінде көзделген реттердi қоспағанда, мемлекет шаруашылық жүргiзу құқығына негiзделген кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
ҚР 16.12.98 ж. № 320 Заңымен; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 104-бап өзгертілді
104-бап. Қазыналық кәсiпорын
1. Жедел басқару құқығымен мемлекет мүлкiне ие болған кәсiпорын қазыналық кәсiпорын деп танылады.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазыналық кәсiпорын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешiмiмен құрылады.
3. Құрылтайшы бекiткен қазыналық кәсiпорынның жарғысы оның құрылтай құжаты болып табылады.
4. Жедел басқару құқығына негiзделген кәсiпорынның фирмалық атауында кәсiпорынның қазыналық болып табылатындығы көрсетiлуге тиiс.
5. Қазыналық кәсiпорынның шаруашылық қызметi жарғыда көрсетiлген оның мақсаттарымен және мiндеттерiмен белгiленедi.
6. Қазақстан Республикасы немесе әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс қазыналық кәсiпорынның мiндеттемелерi бойынша жәрдем беру жауаптылығын өз мойнына алады. Шарттық мiндеттемелер бойынша жауапкершiлiк Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде белгiленген тәртiппен туындайды.
VII. Коммерциялық емес ұйымдар
16.12.98 ж. № 320-1 ҚР Заңымен ; 21.05.02 ж. № 323-II ҚР Заңымен; 20.05.03 ж. № 417-II ҚР Заңымен ;10.07.03 ж. № 483-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 05.11.04 ж. № 552-II ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2008.04.12 № 97-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 105-бап өзгертілді; 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 105-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
105-бап. Мекеме
1. Басқарушылық, әлеуметтiк-мәдени немесе өзге де коммерциялық емес сипаттағы функцияларды жүзеге асыру үшiн өзінің құрылтайшысы құрған және қаржыландыратын ұйым, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, мекеме деп танылады.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңдарына немесе Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының құқықтық актiлерiне сәйкес мемлекет құратын және егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көздерi белгiленбесе, бюджет немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің бюджетi (шығыстар сметасы) есебiнен ғана ұсталатын мекеме мемлекеттiк мекеме болып танылады.
3. Мемлекеттік мекеменiң шарттық мiндеттемелердi қабылдауы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
4. Мекемелердің құқықтық жағдайы осы Кодексте, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамалық актісінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде айқындалады.
ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 заң күші бар Жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1 Заңдарымен 106-бап өзгертiлді; 2010.15.07. № 338-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 106-бап өзгертілді
106-бап. Қоғамдық бiрлестiктер
1. Қазақстан Республикасында қоғамдық бiрлестiктер болып, егер заңдармен өзгеше көзделмесе, саяси партиялар, кәсiптiк одақтар және азаматтардың заңдарға қайшы келмейтiн, өздерiнiң ортақ мақсаттарына жету үшiн ерiктi негiзде құрған басқа да бiрлестiктерi танылады.
Қаржы нарығындағы қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалардың қоғамдық бiрлестiктерді құру және оларға қатысу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленеді.
Қоғамдық бiрлестiктерге қатысушылардың (мүшелерiнiң) осы бiрлестiктерге өздерi берген мүлiкке, соның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары жоқ. Олар өздерi мүшелерi ретiнде қатысатын қоғамдық бiрлестiктердiң мiндеттерi бойынша жауап бермейдi, ал аталған бiрлестiктер өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
2-6-тармақтар алынып тасталды
7. Съездiң (конференцияның) немесе жалпы жиналыстың шешiмi бойынша таратылған қоғамдық бiрлестiктiң мүлкi оның жарғысымен көзделген мақсаттарға жұмсалады.
Сот шешiмi бойынша таратылған қоғамдық бiрлестiктiң мүлкi осы Кодекске немесе өзге заң құжаттарына сәйкес пайдаланылады.
8. Қоғамдық бiрлестiктiң құқықтық ережесi, осы Кодекске, заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.
ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 заң күші бар Жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 16.07.99 ж. № 436-I Заңдарымен 107-бапқа өзгерістер енгiзiлдi; 2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 107-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
107-бап. Қор
1. Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де қоғамға пайдалы мақсаттарды көздейтiн, мүшелiгi болмайтын коммерциялық емес ұйым қор деп танылады.
2. Қор заңды тұлға болып табылады, азаматтық айналымда қордың органдары өкілдік етеді, оның дербес балансы және банк шоты болады.
3. Қорға оның құрылтайшылары берген мүлiк қордың меншiгi болып табылады.
Қор құрылтайшыларының қордың мүлкiне мүлiктiк құқықтары болмайды.
2015.16.11. № 403-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Құрылтайшылардың ақшасы, сондай-ақ басқа да мүлкi, ерiктi түрде жиналған қайырмалдықтар және өзге де заңды түсiмдер қордың қаржы көзi болып табылады.
5. Қорды басқару тәртiбi және оның органдарын құру тәртiбi оның құрылтайшылар бекiтетiн жарғысында айқындалады.
Қордың жарғысында осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағында қамтылатын мәлiметтерден басқа, қордың органдары туралы, қордың лауазымды адамдарын тағайындау және оларды босату тәртiбi, қор таратылған жағдайда оның мүлкiнiң тағдыры туралы нұсқаулар қамтылуға тиiс.
6. Қор өз мүлкiнiң пайдаланылуы туралы есептерiн ресми баспасөз басылымдарында жыл сайын жариялап отыруға мiндеттi.
7. Қор сот шешiмi бойынша мынадай жағдайларда:
1) егер қордың мақсаттарын жүзеге асыру үшiн оның мүлкi жеткiлiксiз болса және оның қажеттi мүлiктi алу ықтималдығы нақты болмаса;
2) егер қордың мақсаттарына қол жеткізу мүмкiн болмаса, ал қор мақсаттарына қажеттi өзгерiстер жасау мүмкiн болмаса;
3) қор өз қызметiнде жарғыда көзделген мақсаттардан жалтарған жағдайда;
4) заңнамалық актілерде немесе құрылтай құжаттарында көзделген басқа да жағдайларда таратылуы мүмкін.
8. Қор таратылғаннан кейiн қалған мүлiк оның жарғысында көзделген мақсаттарға жұмсалады.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 108-бап өзгертілді
108-бап. Тұтыну кооперативi
1. Қатысушылардың материалдық және өзге де қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (үлестiк) жарналарын бiрiктiру арқылы жүзеге асырылатын азаматтардың ерiктi бiрлестiгi тұтыну кооперативi деп танылады.
Заң актілерінде көзделген жағдайларда тұтыну кооперативiне заңды тұлғалар кiре алады.
2. Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi жыл сайынғы баланс бекітілгеннен кейiн пайда болған залалдарды қосымша жарналар төлеу арқылы үш ай iшiнде жабуға мiндеттi. Бұл мiндеттердi орындамаған ретте кооператив несие берушiлердiң талабы бойынша сот тәртібімен таратылуы мүмкiн.
Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi оның мiндеттемелерi бойынша кооператив мүшелерiнiң қосымша төлемеген бөлiгi шегiнде жәрдем беру жөнiнен ортақ жауапты болады.
3. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында, осы Кодекстiң 41-бабының 5-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа, кооператив мүшелерi жарналарының мөлшерi туралы; кооператив мүшелерiнiң құрамы мен жарна төлеу тәртібі және олардың жарна төлеу жөніндегі мiндеттемелердi бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi туралы; кооперативтi басқару органдарының құрамы мен құзыретi және олардың шешiмдер қабылдау, соның iшiнде шешiмi бiрауыздан немесе біліктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелер жөнiнде шешiмдер қабылдау тәртібі туралы; кооператив мүшелерiнiң өздерi шеккен залалдарды жабу тәртібі туралы ережелер болуға тиiс.
4. Тұтыну кооперативiнiң тапқан табыстарын оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды, олар жарғылық мақсаттарға берiледi.
5. Тұтыну кооперативi таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда ол тұтыну кооперативiнiң мүлкiнен өз үлесiн өз жарнасына қарай бөлiп алуға құқылы.
Тұтыну кооперативiнiң мүшесi қайтыс болған жағдайда, егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мұрагерлерiнiң кооператив мүшелiгiне қабылдануға бiрiншi кезекте құқығы болады. Соңғы жағдайда кооператив мұрагерлерге тұтыну кооперативiнiң мүлкiнен оның қосқан жарнасына қарай үлесiн төлейдi.
6. Тұтыну кооперативiнiң құқықтық жағдайы, сондай-ақ оның мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi осы Кодекске сәйкес заң құжаттарында белгiленедi.
7. 2015.29.10. № 373-V ҚР Заңымен алып тасталды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
ҚР 2006.05.07. № 164-III Заңымен 8-тармақпен толықтырылды
8. Өзара сақтандыру қоғамдары - тұтыну кооперативтері қызметінің ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалады.
ҚР Президентінің 05.10.95 ж. № 2489 заң күші бар Жарлығымен; ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 109-бапқа өзгерістер енгiзiлдi
109-бап. Дiни бiрлестiк
1. Рухани қажеттерiн қанағаттандыру үшiн өз мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде, заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша бiрiккен азаматтардың ерiктi түрдегi бiрлестiгi дiни бiрлестiк деп танылады.
2. Алынып тасталды
3. Республикадан тыс жерлерде басқару орталықтары бар Қазақстан Республикасындағы дiни бiрлестiктер әдiлет органдарында тiркеуге жатады. Басқару орталықтарының жарғылары (ережелерi), егер олар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, осындай дiни бiрлестiктер жарғыларының (ережелерiнiң) негiзiне алынуы мүмкiн.
4-8-тармақтар алынып тасталды
9. Дiни бiрлестiктер өз қаражаты есебiнен сатып алған немесе өздерi құрған азаматтар, ұйымдар жылу ретiнде берген немесе мемлекет берген және заң құжаттарына қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша сатып алынған мүлiкке меншiк құқығы болады.
10. Дiни бiрлестiктерге қатысушылардың (мүшелерiнiң) осы ұйымға өздерi берген мүлiкке, соның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары сақталмайды. Олар дiни бiрлестiктiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал дiни бiрлестiк өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.
11. Дiни бiрлестiктiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заң құжаттарына сәйкес белгiленедi.
02.03.98 ж. № 211-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 110-бап өзгертiлдi
110-бап. Жеке кәсіпкерлердің және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бiрлестiгi
1. Жеке кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өздерінің кәсіпкерлік қызметін үйлестіру, сондай-ақ ортақ мүдделерін білдіру мен қорғау мақсатында қауымдастықтар (одақтар) құра алады.
Заңды тұлғалардың қаржы рыногында қызметтi жүзеге асыратын қауымдастығын (одақтарын) құру және оларға қатысу ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленедi.
2. Қоғамдық бiрлестiктер және өзге де коммерциялық емес ұйымдар, соның iшiнде мекемелер осы ұйымдардың қауымдастығына (одақтарына) өз еркiмен бiрiге алады.
3. Қауымдастық (одақ) коммерциялық емес ұйым болып табылады.
4. Қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi өз дербестiгiн сақтап қалады.
2015.12.11. № 391-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, қауымдастық (одақ) өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi оның мiндеттемелерi бойынша қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде және тәртiппен субсидиарлық жауаптылықта болады.
§ 3. Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністің азаматтық заңдармен реттелетін қатынастарға қатысуы
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 111-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
111-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық құқық қатынастарына қатысуы
1. Қазақстан Республикасы азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарға осы қатынастардың өзге қатысушыларымен тең негiздерде кiредi.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздерiнiң осы органдардың мәртебесiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде, ережелерде және өзге де құжаттарда белгiленетiн құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының атынан өз әрекеттерi арқылы мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттердi алып, оларды жүзеге асырады, сотта өкiлдiк ете алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген реттер мен тәртiп бойынша Қазақстан Республикасының арнайы тапсырмасымен оның атынан өзге де мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар мен азаматтар өкiлдiк ете алады.
3. Азаматтық-құқықтық дауларды Қазақстан Республикасының қатысуымен соттар шешедi.
112-бап. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуы
1. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарда бұл қатынастардың өзге де қатысушыларымен тең негiздерде кiредi.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (халық саны екі мың адамнан көп аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді; халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары осы органдардың мәртебесiн айқындайтын Қазақстан Республикасының заңдарында, ережелерде немесе өзге де актілерде белгiленген өздерінің құзыретi шеңберiнде әкiмшiлiк-аумақтық бірліктiң атынан өз әрекеттерi арқылы мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтар мен мiндеттердi иелене алады және оларды жүзеге асыра алады, сотта өкiлдiк ете алады.
Заңдарда көзделген реттер мен тәртiп бойынша арнаулы тапсырмамен әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс атынан жергiлiктi мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар мен азаматтар өкiлдiк ете алады.
3. Заңдарда белгiленген реттерде әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс азаматтық құқық қатынастарында мемлекет атынан өкiлдiк ете алады.
4. Әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс пен оның органдарына, егер заңдардан өзгеше жағдай туындамаса, осы Кодекстiң тиiсiнше мемлекет пен оның органдарының азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастарға қатысуы туралы ережелерi қолданылады.
5. Азаматтық-құқықтық дауларды әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң қатысуымен соттар шешедi.