Уәкілетті органның келісімінсіз жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерінің міндетін осы тармақта белгіленген мерзімнен артық атқаруға (уақытша жоқ болғанда оны ауыстыруға) тыйым салынады.
Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру үшін табыс етілген құжаттарды олар табыс етілген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
6. Жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) уәкілетті органның келісім беру тәртібі, келісім алуға қажетті құжаттар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
7. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тартқан не ол жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымынан босатылған немесе оны осы жинақтаушы зейнетақы қорындағы өзге лауазымға ауыстырған жағдайда, аталған адам оны тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тартылғаннан не ол лауазымнан босатылғаннан не басқа лауазымға ауыстырылғаннан кейін кемінде күнтізбелік тоқсан күн өткен соң, бірақ қатарынан он екі ай ішінде екі реттен артық емес, осы жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына қайтадан тағайындалуы (сайлануы) мүмкін.
8. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін лауазымға тағайындауға (сайлауға) келісім беруден қатарынан екі рет бас тартқан жағдайда, аталған адам өзін уәкілетті органның осы жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісім беруден екінші рет бас тарту туралы шешімі қабылданған күннен бастап қатарынан он екі ай өткеннен кейін жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкері лауазымына қайтадан тағайындалуы (сайлануы) мүмкін.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін лауазымға тағайындауға (сайлауға) берген келісімін:
1) келісім беруге негіз болған дұрыс емес мәліметтер анықталған;
2) басшы қызметкерге және (немесе) жинақтаушы зейнетақы қорына уәкілетті органның санкцияларды жүйелі түрде (қатарынан соңғы он екі ай ішінде үш не одан да көп рет) қолдану;
2-1) заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген талаптарды жинақтаушы зейнетақы қорының жүйелі түрде (қатарынан соңғы он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзуы;
3) уәкілетті орган осы бапта көрсетілген тұлғаларды жинақтаушы зейнетақы қорының аталған басшы қызметкерінің (қызметкерлерінің) іс-әрекеттерін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейді деп тану үшін жеткілікті деректердің негізінде қызметтік міндеттерін орындаудан шеттету;
алынбаған немесе өтелмеген соттылығының болуы негіздері бойынша кері қайтарып алуға құқылы.
Жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) берілген келісімді уәкілетті органның кері қайтарып алуы өзге қаржы ұйымдарында осы басшы қызметкерге бұрын берілген келісімді (келісімдерді) кері қайтарып алу үшін негіз болып табылады.
Уәкілетті орган басшы қызметкерді лауазымға тағайындауға (сайлауға) берген келісімін кері қайтарып алған жағдайда, жинақтаушы зейнетақы қоры осы адаммен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда осы басшы қызметкердің өкілеттігін тоқтату жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
10. Уәкілетті орган осы Заңда белгіленген тәртіппен жинақтаушы зейнетақы қорына консервация жүргізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, жинақтаушы зейнетақы қоры директорлар кеңесінің бірінші басшысы, басқарманың бірінші басшысы және оның орынбасарлары, бас бухгалтер болып табылатын басшы қызметкерлермен еңбек шартын бұзуға не еңбек шарты болмаған жағдайда осы басшы қызметкердің өкілеттігін тоқтату жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 40-1-баппен толықтырылды
40-1-бап. Тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесі
Жинақтаушы зейнетақы қорлары немесе зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдар тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін құрады, ол:
1) жинақтаушы зейнетақы қорының немесе зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның директорлар кеңесінің, басқармасының, бөлімшелерінің тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жөніндегі өкілеттіктері мен функционалдық міндеттерін, олардың жауапкершілігін;
2) тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жөніндегі ішкі саясатты және рәсімдерді;
3) тәуекелдердің жол берілетін мөлшеріне арналған лимиттерді;
4) тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жөніндегі есептілікті жинақтаушы зейнетақы қорының немесе зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның органдарына ұсынудың ішкі рәсімдерін;
5) тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін бағалаудың ішкі критерийлерін қамтуға тиіс.
Тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастырудың тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
05.04.99 ж. № 364-1; 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 11.06.04 ж. № 562-II (бұр. ред. қара); 2005.16.06 № 58-III (бұр. ред. қара); 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара); 2006.04.07. № 148-III (бұр.ред.қара) (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара); 2007.19.12. № 9-ІV (2008 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара); 2008.20.11. № 88-IV (бұр. ред. қара); 2008.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 41-бап өзгертілді; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 41-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
41-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының құқықтары, мiндеттерi және қызметiн жүзеге асыру
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының:
1) зейнетақы жарналарын тарту жөніндегі қызметті жүзеге асыруға;
2) өзінің қызметі үшін комиссиялық сыйақылар алуға;
3) уәкiлеттi орган берген лицензиялар негiзiнде зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi және бағалы қағаздар нарығында номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығынсыз брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті дербес жүзеге асыруға;
4) зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен салымшының жазбаша өтiнiшi бойынша сотта оның мүдделерiн бiлдiруге;
5) өз мұқтажы үшін сатып алынған мүлікті жалға беруге;
6) зейнетақы шартының талаптарына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) алушыларға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен зейнетақы төлеуге;
2) жинақталған зейнетақы қаражаттары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асыруға;
3) салымшыға және ақпарат алушыға жылына кемiнде бiр рет, сондай-ақ оның сұрауы бойынша кез келген сұралатын күнгі оның жинақталған зейнетақы қаражаттарының жай-күйi туралы ақы алмай ақпарат беруге және осы Заңның 50-бабында көзделген қағидаларды ескере отырып, оның жинақталған зейнетақы қаражаттары туралы ақпаратқа қол жеткізуiнiң электронды және өзге де тәсiлдерiн қамтамасыз етуге міндетті.
Жинақтаушы зейнетақы қорының жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйі туралы ақпаратты беру тәсiлi салымшымен (алушымен) келiсім бойынша анықталады.
Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жеке зейнетақы шотында ақша болмаған немесе салымшы (алушы) зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта көрсетілген тұрғылықты мекен-жайының өзгергенi туралы жинақтаушы зейнетақы қорына хабарламаған жағдайларда жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыға (алушыға) өткен жылғы жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйі туралы ақпарат жiберуді жүзеге асырмайды;
3-1) жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфелінің құрылымы туралы мәліметтерді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде зейнетақы активтері есебінен бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;
3-2) салымшыларға (алушыларға), сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қорымен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға ниеттенген тұлғаларға жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі және зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мәселелері бойынша өтеусіз консультациялық қызмет көрсетуге;
3-3) рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төменгі рейтингіне ие болуға міндетті. Талап етілетін ең төменгі рейтинг және рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді;
4) алушының жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйi туралы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасы мен зейнетақы шартының ережелерiн бұзғаны үшiн жауап беруге;
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
6) салымшының (алушының) жинақталған зейнетақы қаражатын басқа жинақтаушы зейнетақы қорына немесе бір жинақтаушы зейнетақы қорының ішіндегі басқа инвестициялық портфельге, немесе сақтандыру ұйымына осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен аударуға;
6-1) Орталыққа жинақтаушы зейнетақы қорынан аударылуға тиісті жинақталған зейнетақы қаражатының сомасы туралы мәлімет беруге;
7) жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болмаған жағдайда зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйыммен зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруға шарттар жасасуға;
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (2012 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара)
8) бұқаралық ақпарат құралдарында уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен және мерзімдерде қаржылық есептілік пен аудиторлық есепті және уәкiлетті орган айқындаған тәртіппен өзге де есептілік пен өз қызметi туралы ақпаратты жариялауға мiндеттi. Бұл ретте, жинақтаушы зейнетақы қорларына жарналар бойынша табысқа кепiлдiк немесе уәде қамтылған ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен жариялауға тыйым салынған өзге де мәліметтердi жариялауға жол берiлмейдi;
9) жинақтаушы зейнетақы қорымен зейнетақы шартың жасасқан азаматтарға тең жағдайларды қамтамасыз етуге;
10) алып тасталды
11) салымшымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
11-1) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен электронды құжат айналымын пайдалана отырып, Орталыққа мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы салымшылармен жасасылған және қолданылуы тоқтатылған шарттар туралы мәлiмет ұсынуға;
12) салымшымен ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
13) зейнетақымен қамсыздандыру туралы әрбір жеке тұлғамен шарт жасасуды және оны бұзуды, салымшының (алушының) не сенім білдірілген адамның жинақталған зейнетақы қаражатын аударуға өтініштерін олардың тұратын жеріне қарамастан қабылдауды және орындауды қамтамасыз етуге міндетті. Жинақтаушы зейнетақы қорлары әрбір филиалдың осындай қызметтерді көрсетуін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Салымшылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында жинақтаушы зейнетақы қорларына:
1) осы баптың 1-тармағында белгіленген қызмет түрлерін қоспағанда, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;
2) тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған мүлiктi қоспағанда, мүлiктi сатып алуды немесе сатуды жүзеге асыруға;
3) үлестес тұлғалардың жарғылық капиталға қатысу үлестерін, параметрлері қор биржасы акциялары нарығы индексін есептеу мақсатында пайдаланылатын қор биржасының тізіміне (қор биржасының өкілдік тізіміне) кіретін акцияларды не осындай акциялар базалық актив болып табылатын депозитарлық қолхаттарды қоспағанда, үлестес тұлғалар шығарған акцияларды не осындай акциялар базалық актив болып табылатын депозитарлық қолхаттарды жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы және (немесе) меншікті активтері есебінен сатып алуға;
4) зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген мақсаттарға пайдалануға;
5) жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлеріне айлық есептік көрсеткіштің жүз еселенген мөлшерінен аспайтын сомада көрсетілетін қаржы көмегін қоспағанда, жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері есебінен өтеусіз негізде қаржы көмегін көрсетуге;
6) сақтандыру қызметімен айналысуға;
7) зейнетақы және (немесе) меншікті активтерді кепiлге беруге;
8) акциялардан басқа, бағалы қағаздарды шығаруға;
9) жинақтаушы зейнетақы қорының мақсаттары үшін банктерден күнтізбелік тоқсан күннен асатын мерзімге, меншікті капиталдың мөлшерінен асатын мөлшерде қарыз қаражатын тартуға;
10) қарыздарды кез келген тәсілмен беруге;
11) кез келген түрдегі кепілдемелер мен кепілдіктерді беруге;
12) жинақтаушы зейнетақы қорымен еңбек шартын жасаспаған тұлғаларды осы баптың 2-тармағының 3-2) тармақшасында көрсетілген міндеттерді орындау үшін тартуға тыйым салынады.
4. Жинақтаушы зейнетақы қорларының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымдардың қаржылық тұрақтылығын және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында сақталуы міндетті пруденциялық нормативтер белгіленеді. Пруденциялық нормативтердің тізбесін, олардың нормативтік мәнін, есеп-қисап әдістемесін, сондай-ақ тиісті есептілік нысандары мен оны табыс ету мерзімдерін уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Жинақтаушы зейнетақы қоры және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым уәкілетті органның жазбаша нұсқамасында көрсетілген қаржылық және (немесе) өзге де есептіліктегі деректерді түзету жөніндегі талаптарды орындамаған кезде, пруденциялық нормативтерді және басқа да міндетті нормалар мен лимиттерді есептеуді уәкілетті орган өзі түзеткен есептілік негізінде жүзеге асырады.
Ашық жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның ашық жинақтаушы зейнетақы қорының ірі қатысушысы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген, ашық жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті капиталының жеткіліктілік коэффициентін қолдау жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
Жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның ірі қатысушысы уәкілетті органның талабы бойынша жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жағдайын жақсарту, оның ішінде жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті капиталын ұлғайту бойынша шаралар қолдануға міндетті.
5. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2005.23.12. № 107-III ҚР Заңымен 41-1-баппен толықтырылды; 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара) 41-1-бап өзгертілді
41-1-бап. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен Заң 41-2- баппен толықтырылды
41-2-бап. Ертерек ден қою шаралары
1. Жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, олардың қаржылық жағдайының нашарлауын және зейнетақы активтерін басқарумен байланысты тәуекелдердің ұлғаюын болғызбау мақсатында уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін мынадай факторларды:
1) меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициентінің төмендеуін;
2) номиналдық кіріс коэффициентінің төмендеуін;
3) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген, жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін өзге де факторларды анықтау үшін жинақтаушы зейнетақы қорының қызметіне және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметке талдау жасауды жүзеге асырады.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жағдайын талдау нәтижесінде және (немесе) оларды тексеру қорытындылары бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген факторлар анықталған жағдайда уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорына, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымға және (немесе) олардың акционерлеріне жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық тұрақтылығын арттыру, олардың қаржылық жағдайының нашарлауын және сақтандыру қызметімен байланысты тәуекелдердің ұлғаюын болғызбау жөніндегі ертерек ден қою шаралары көзделетін іс-шаралар жоспарын табыс ету жөнінде жазбаша түрде талап жібереді.
Жинақтаушы зейнетақы қоры, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым және (немесе) олардың акционерлері аталған талапты алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әрбір тармағы бойынша атқарылу мерзімдері мен жауапты лауазымды адамдарды көрсете отырып, іс-шаралар жоспарын әзірлеуге және уәкілетті органға табыс етуге міндетті.
Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдаған кезде жинақтаушы зейнетақы қоры, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым және (немесе) олардың акционерлері оны жоспарда белгіленген мерзімдерде орындаудың нәтижелері туралы уәкілетті органды хабардар ете отырып, оны іске асыруға кіріседі.
Іс-шаралар жоспары мақұлданбаған кезде уәкілетті орган талаптар қою арқылы жинақтаушы зейнетақы қорына, зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыратын ұйымға және (немесе) олардың акционерлеріне төменде тізіп көрсетілген ертерек ден қою шараларының біреуін немесе бірнешеуін:
1) жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның ұйымдық құрылымын және (немесе) штат санын өзгертуді;
2) жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның басшы және (немесе) өзге де қызметкерлерін лауазымынан шеттетуді;
3) инвестициялық комитеттің құрамын өзгертуді;
4) уәкілетті орган белгілеген мерзімде дивидендтерді есептеп шығаруды және (немесе) төлеуді тоқтатуды;
5) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын басқа ұйымның басқаруына зейнетақы активтерін беруді;
6) жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның меншікті капиталын олардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерге дейін, оның ішінде олардың жарғылық капиталын арттыру жолымен ұлғайтуды;
7) өтімді активтердің үлесін арттыру және (немесе) инвестициялардың тәуекел дәрежесін бәсеңдету мақсатында инвестициялық портфельді қайта құрылымдауды жүргізуді;
8) әкімшілік шығыстарды қысқартуды, оның ішінде қызметкерлерді қосымша жалдауды тоқтату немесе шектеу жолымен қысқартуды қолданады.
3. Жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспарын осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзімде табыс етпеген немесе осы жоспардың іс-шараларын уақтылы орындамаған, сондай-ақ ертерек ден қою шараларын уәкілетті органның талабына сәйкес орындамаған немесе уақтылы орындамаған жағдайда жинақтаушы зейнетақы қорына, зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымға және (немесе) олардың акционерлеріне осы Заңда көзделген шектеулі ықпал ету шаралары және (немесе) санкциялар қолданылады.
4. Ертерек ден қою шараларын қолдану тәртібі және жинақтаушы зейнетақы қорының және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жағдайының нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау әдістемесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 41-3-баппен толықтырылды
41-3-бап. Шындыққа сай келмейтiн жарнамаға тыйым салу
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларына жарнама шығарылған күнi шындыққа сай келмейтiн қызметiн жарнамалауға тыйым салынады.
2. Уәкiлеттi орган жинақтаушы зейнетақы қорынан шындыққа сай келмейтiн жарнамаға өзгерiстер енгiзудi, оны тоқтатуды немесе терiске шығарып жариялауды талап етуге құқылы.
Бұл талап уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда уәкiлеттi орган жарнамада баяндалған мәлiметтердiң шындыққа сай келмейтiндiгi туралы ақпарат жариялауға, не оларды мұндай жарнаманы жариялаған жинақтаушы зейнетақы қорының есебiнен нақтылауға құқылы.
3. Мына тұлғаларға:
зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органның лицензиясы жоқ заңды тұлғаларға;
жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметкерлері болып табылмайтын және жинақтаушы зейнетақы қорлары уәкілеттік бермеген жеке тұлғаларға жинақтаушы зейнетақы қорлары көрсететін қызметтерді жарнама беруші ретінде жарнамалауға тыйым салынады.
4. Зейнетақы активтері туралы ақпаратты жинақтаушы зейнетақы қоры және (немесе) зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйым тиісті инвестициялық кіріс алынған кезеңді көрсету арқылы ғана ұсынуы мүмкін.
29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара); 2005.23.12. № 107-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01 № 222-III (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара); 2008.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.28.08. № 192-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 42-бап өзгертілді; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 42-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
42-бап. Уәкілетті орган қолданатын ықпал етудің шектеулі шаралары және санкциялар
1. Уәкілетті орган пруденциалдық нормативтердің және басқа да сақталуға міндетті нормалар мен лимиттердің бұзылғандығын, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғандығын тапқан, жинақтаушы зейнетақы қорының лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттері немесе әрекетсіздіктері анықталған сондай-ақ уәкілетті органның осы Заңда көзделген өзге де талаптары орындалмаған жағдайларда уәкілетті орган жинақтаушы зейнетақы қорына ықпал жасаудың мынадай шектеулі шараларының бірін қолдануға:
1) орындалуы міндетті жазбаша нұсқама беруге;
2) жинақтаушы зейнетақы қорының басшы қызметкерлерін қызметінен шеттету туралы акционерлер алдында мәселе қоюға;
3) міндеттеме-хатты ұсыну туралы талап жіберуге;
4) міндетті түрде қол қойылуға тиіс жазбаша келісім жасасуға құқылы.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорының міндеттеме-хатында Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды мойындау фактісі, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы қоры басшыларының оларды қатаң белгіленген мерзімде жою және (немесе) жоспарланған іс-шаралардың тізбесін көрсете отырып, алдағы уақытта Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды болдырмау жөнінде кепілдігі қамтылуға тиіс.