2004 жылғы 11 маусымдағы N 562-II Қазақстан Республикасының Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылған 41-баптың редакциясы
ҚР 05.04.99 ж. N 364-1; 29.12.02 ж. N 369-II (бұр. ред. қара); 10.07.03 ж. N 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 41-бап өзгертілді
41-бап. Жинақтаушы зейнетақы қорларының құқықтары, мiндеттерi және қызметiн жүзеге асыру
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының:
1) зейнетақы жарналарын жинауды жүзеге асыруға;
2) өзiнiң қызметi үшiн комиссиялық сыйақылар алуға;
2-1) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес берiлетiн лицензия негiзiнде зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi және бағалы қағаздар рыногындағы өзге де қызмет түрлерiн дербес жүзеге асыруға;
2-2) зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша сот органдарында салымшының жазбаша өтініші бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен оның мүдделерін білдіруге;
3) зейнетақы шартының ережелерiне сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорлары:
1) алушыларға Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен зейнетақы төлеуге;
2) жинақталған зейнетақы қаражаттары мен төлемдерiн жеке есепке алуды жүзеге асыруға;
3) салымшы мен алушыға кемiнде жылына бiр рет, сондай-ақ оның сұрау салуы бойынша оның жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйi туралы ақпарат беруге;
4) алушының жинақталған зейнетақы қаражатының жай-күйi туралы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының зейнетақы заңдары мен зейнетақы шартының ережелерiн бұзғаны үшiн жауап беруге;
6) салымшының (алушының) жинақталған зейнетақы қаражатын бір жинақтаушы зейнетақы қорынан екіншісіне немесе сақтандыру ұйымына осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен аударуға;
7) жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болмаған жағдайда зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруды жүзеге асыратын ұйыммен зейнетақы активтерiн инвестициялық басқаруға шарттар жасасуға;
8) бұқаралық ақпарат құралдарында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қаржы есебін және өз қызметі туралы өзге де ақпаратты жариялау, бұл ретте жинақтаушы зейнетақы қорларына салымдар бойынша табысы жөнінде кепілдіктер немесе уәделер орын алатын ақпараттарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарымен жариялануға тыйым салынған өзге де мәліметтерді жариялауға рұқсат етілмейді;
9) жинақтаушы зейнетақы қорымен зейнетақы шартың жасасқан азаматтарға тең жағдайларды қамтамасыз етуге;
10) алып тасталды
11) салымшымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
12) салымшымен ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға;
13) әрбір жеке адамның тұратын жеріне қарамастан олармен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасу кепілдігін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Салымшылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында жинақтаушы зейнетақы қорларына:
1) осы баптың 1-тармағында белгiленген қызмет түрлерiн және осы тармақтың 2) және 5) тармақшаларында белгiленген жағдайларды қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметке;
2) өз мұқтаждары үшін сатып алған мүлікті сатып алу-сату мен жалға беруді және уәкілетті орган белгілейтін қаржы құралдарымен мәмілелерді қоспағанда, мүлікті сатып алу-сатуды жүзеге асыруға;
3) сақтандыру қызметiне;
4) зейнетақы активтерiн кепiлге беруге;
5) акциялардан басқа бағалы қағаздар шығаруға;
6) алып тасталды
4. Жинақтаушы зейнетақы қорларының қаржылық орнықтылығын және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында сақталуы міндетті пруденциалдық нормативтер белгіленеді. Пруденциялдық нормативтердің тізбесін, олардың нормативтік мәнін, есеп-қисап әдістемесін, сондай-ақ тиісті есептілік нысандары мен оны табыс ету мерзімдерін уәкілетті орган белгілейді.
5. Жинақтаушы зейнетақы қорының, онымен және оның құрылтайшыларымен аффилиирленген, жинақтаушы зейнетақы қоры қатысатын консорциумдар мен қарапайым серіктестіктерге қатысушы тұлғалар мен ұйымдардың қызметін реттеу шоғырландырылған негізде жүзеге асырылуы мүмкін. Реттеуді шоғырландырылған негізде жүзеге асыру ережесін уәкілетті орган белгілейді.