1) жер қойнауын пайдаланушының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ауыстырылатын учаске алаңының екі еселенген мөлшерінде орман дақылдарын өтемдік отырғызу, сондай-ақ жұмыстар аяқталғаннан кейін пайдалы қатты қазбаларды өндіру учаскесінің құнарлы қабатын қалпына келтіруді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді қабылдауы;
2) экологиялық әсерге бағалау жүргізу;
3) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысының болуы;
4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан елді мекендерде бұқаралық ақпарат құралдарында жазып-көрсете отырып, кең ауқымда қоғамдық тыңдаулар өткізу өндіру жөніндегі операцияларды жүргізудің басталу шарттары болып табылады.
Бұл ретте жер учаскесін үшінші тұлғаларға немесе кепілге беруге жол берілмейді.
Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 3-тармаққа орыс тіліндегі мәтінге қатысты түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк және рекреациялық, шектеулi шаруашылық мақсаттары үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
Мәдени-ағартушылық iс-шаралар жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұражайлар, лекторийлер, экспозициялар, демонстрациялық учаскелер мен басқа да қажеттi объектiлер құрылуы мүмкiн.
Туризм үшiн және рекреация жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк соқпақтармен, көрсетiлiм алаңдарымен, қосынды алаңқайлармен, көлiк тұрақтарымен, кемпингтермен, шатырлы лагерьлермен, қонақүйлермен, мотельдермен, туристiк базалармен, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлермен жабдықталатын арнайы учаскелер бөлiп шығарылады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық қызмет оларды қорғау режимi ескерiле отырып шектеледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шектеулi шаруашылық мақсаттарында пайдалануға тапсырыс режимiмен және шаруашылық қызметтi реттеу режимiмен арнайы бөлiнген учаскелерде ғана жол берiлуi мүмкiн.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен 123-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
123-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет аймақтарының жерлерi
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Ерекше күзетуді және қолайсыз сыртқы әсерден қорғауды қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың айналасына, оның ішінде олардың шекарасында орналасқан меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жерлеріне, осы аймақтар шегінде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйесіне және оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілеріне қолайсыз әсер ететін кез келген қызметке тыйым салынатын және (немесе) шектеу қойылатын күзет аймақтары белгіленеді.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттар мен мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің күзет аймағы аумағында табиғат пайдалану мөлшері, шекарасы, режим түрлері және тәртібі оларды құру жөніндегі жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелермен айқындалады, осы Кодексте және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімдерімен белгіленеді.
Бұл ретте меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің шекаралары бойынша немесе табиғи географиялық межелер бойынша белгіленетін және сол жерлерде арнаулы белгілерімен белгіленетін күзет аймағының ені екі километрден кем болмауға тиіс.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қорғалатын аймақтары шегіндегі жер учаскелерi осы аймақтарды қорғаудың белгiленген режимi сақтала отырып пайдаланылады.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иелiктен шығару осы Кодексте және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген шарттар мен тәртіпке сәйкес жүргізіледі.
2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен 124-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
124-бап. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу
Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
125-бап. Сауықтыру мақсатындағы жер
1. Сауықтыру мақсатындағы жерге табиғи шипалы факторлары бар курорттар, сондай-ақ аурудың алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы жер учаскелерi жатады.
2. Адам ауруының алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы санитарлық және экологиялық жағдайларды сақтау мақсатында сауықтыру мақсатындағы аумақтар жерiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитарлық-қорғау аймақтары белгiленедi.
Сауықтыру мақсатындағы жердiң күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтарының шекарасы мен оны пайдалану режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар айқындайды.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Белгiленген санитарлық режимге сәйкес осы жер учаскелерiн шаруашылық айналымынан толығымен алып қою (санитарлық-қорғау аймағының бiрiншi белдеуi) көзделетiн жағдайларды қоспағанда, санитарлық-қорғау аймақтары шегіндегі жер учаскелерi жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды. Бұл ретте көрсетілген учаскелер осы Кодексте және «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылады.
Жер учаскелерiн санитарлық-қорғау аймақтарының екiншi және үшiншi белдеулерi шекарасында пайдалану осы аймақтарды күзетудiң белгiленген режимi сақтала отырып жүзеге асырылады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 126-бапқа орыс тіліндегі мәтінге қатысты түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді
126-бап. Рекреациялық мақсаттағы жер
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Халықтың ұйымдасқан түрдегi жаппай демалысы мен туризмiне, сондай-ақ жабайы жануарларды өсіруге арналған және сол үшiн пайдаланылатын жер рекреациялық мақсаттағы жер деп танылады.
2. Рекреациялық мақсаттағы жер құрамына демалыс үйлерi, пансионаттар, кемпингтер, дене шынықтыру және спорт объектiлерi, туристiк базалар, стационарлық және шатырлы туристiк-сауықтыру лагерьлерi, балықшы және аңшы үйлерi, орман парктерi, туристiк соқпақтар, трассалар, балалар және спорт лагерьлерi, осы сияқты басқа да объектiлер орналасқан жер учаскелерi кiруi мүмкiн. Рекреациялық мақсаттағы жерге қала маңындағы жасыл аймақ жерлерi де жатады.
3. Рекреациялық мақсаттағы жердi пайдалану тәртібі мен режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.
4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен келісім бойынша белгiленген туристiк соқпақтар мен трассаларды пайдалану сервитуттар негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
5. Рекреациялық мақсаттағы жерде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтiн қызметке тыйым салынады.
127-бап. Тарихи-мәдени мақсаттағы жер
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 289-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Тарихи-мәдени мұра объектілері, оның ішінде тарих және мәдениет ескерткіштері орналасқан жер учаскелері тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер деп танылады.
Аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша археологиялық жұмыстар жүргізілуге тиіс.
Тарихи, ғылыми, көркемдік және өзге де мәдени құндылығы бар объектілер табылған жағдайда, жер пайдаланушылар одан әрі жұмыс жүргізуді тоқтата тұрып, бұл туралы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға хабарлауға міндетті.
Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстардың барлық түрлерін жүргізуге тыйым салынады.
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.26.12. № 289-VІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерге жатқызылған жер учаскелерi жер учаскелерінің меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды.
Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында тарихи-мәдени мақсаттағы жерлерде Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары белгіленеді.
Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді.
Аталған аймақтарды айқындаудың тәртібі мен олардағы жерді пайдалану режимін тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.
2007.21.07. № 307-III ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды; 2019.26.12. № 289-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтары, құрылыс салуды реттеу аймақтары және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары шегінде жерді пайдалану режимін бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа алып келеді.
14-тарау. Орман қорының жері
128-бап. Орман қорының жерi ұғымы және оның құрамы
1. Орманды, сондай-ақ ағаш өспеген, бiрақ орман шаруашылығының қажеттерiне берiлген жер учаскелерi орман қорының жерi деп танылады.
2. Орман қорының жерi мемлекеттік және жекеше орман қоры жерiнен тұрады.
3. Табиғи өскен орманы бар және мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған жасанды орманы бар жер, сондай-ақ орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттік ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген ормансыз жер мемлекеттік орман қорының жерiне жатады.
2006.07.07. № 176-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 4-тармақ жаңа редакцияда; 2021.13.05. № 39-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Жекеше орман қорының жерлеріне осы Кодекске сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғаларына орман өсіру үшін нысаналы мақсатпен жеке меншікке немесе ұзақ мерзімді жер пайдалануға берілген:
1) қолдан өсірілген екпелер;
2) табиғи, тұқымдық және (немесе) вегетативтік жолмен өскен екпелер;
3) жекеше орман питомниктері;
4) арнайы мақсаттағы плантациялық екпелер;
5) агроорман-мелиорациялық екпелер;
6) жеке меншіктегі шаруашылық автомобиль жолдарын бөлу жолақтарындағы қорғаныштық екпелер отырғызылған жерлер жатады.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 129-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
129-бап. Ауыл шаруашылығы мақсаттары үшін және құрылыс объектілерін салу үшін жер пайдалануға мемлекеттік орман қорының жерлерін беру
Орман қоры жеріндегі орман шаруашылығының қажеттерiне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңдарына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
Орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар; аңшылық шаруашылығы мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген мемлекеттік орман қоры жерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілері үшін учаскелер беру Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
130-бап. Орман қорының жерiн жердiң басқа санаттарына ауыстырудағы шектеулер
Орман қорының жерiн орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттар үшiн жердiң басқа санаттарына ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
131-бап. Орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеу
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
1. Орман алқаптарын орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн алып қоюдан немесе жеке және заңды тұлғалардың қызметiнен болған әсердiң нәтижесiнде жер сапасының нашарлауынан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасы бюджет кiрiсiне өтелуге тиiс.
2. Орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеудi орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес қажеттер үшiн орман қоры жерiнен жер учаскелерi берiлетiн тұлғалар жүргiзедi.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Орман алқаптарын орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшiн алып қоюдан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсiндегi шығасыны өтеу нормативтерiн агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы орталық уәкілетті орган белгiлейдi.
15-тарау. Су қорының жері
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 132-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
132-бап. Су қорының жерi ұғымы және оның құрамы
Су айдындары (өзендер және олармен теңдестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да iшкi су айдындары, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, су көздерiнде орналасқан, ағысты реттейтiн су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жер, сондай-ақ көрсетілген су объектілерінің су күзет белдеулеріне және ауыз сумен қамтамасыз етудiң бас саға жүйелерiн санитарлық күзет аймақтарына бөлiнген жер су қорының жерi деп танылады.
133-бап. Су қорының жерiне меншiк құқығы
2007.09.01. № 213-III ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Су қорының жері Қазақстан халқының меншігінде болады.
Қазақстан халқының атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Бұл ретте мемлекеттің меншік құқығын жүзеге асыруы Қазақстан халқының мүддесі үшін мемлекеттік меншік режимі арқылы іске асырылады.
2011.01.03. № 414-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (суару және кәрiз жүйелерi) алып жатқан су қоры жерiнiң құрамындағы жер учаскелерi, сондай-ақ шаруашылық жүргiзушi бiр субъектiнiң жер учаскесiне қызмет ететiн ирригациялық құрылыстары, аталған құрылыстар мемлекет меншігінен иеліктен шығарылған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жер учаскелерiнiң екi немесе одан көп меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға қызмет көрсететiн су шаруашылығы құрылыстарының жер учаскелерi оларға ортақ меншiк немесе ортақ жер пайдалану құқығымен берiледi.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 134-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
134-бап. Су айдындары жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер бөлiп шығару
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Жергiлiктi атқарушы органдар өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар, iшкi сулар, мұздықтар, батпақтар жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер учаскелерiн бөледi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерлерінде су қорғау аймақтары мен су объектілерінің жағалаулары бойынша белдеулер үшін жер учаскелері берілмейді.
2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiне енгiзiлген жер учаскелерiн пайдалану Қазақстан Республикасының су заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2009.04.07 № 166-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.20.07. № 464-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 135-бап өзгертілді
135-бап. Су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беру
Жергiлiктi атқарушы органдар су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылықтарының қажеттерi, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін орналастыру үшiн және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн басқа да мақсаттар үшiн уақытша жер пайдалануға ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қорының жері құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беруi мүмкiн.
136-бап. Су қорының жерiн пайдалану тәртібі
Су қорының жерiн пайдалану осы Кодексте және Қазақстан Республикасының су заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 136-1-баппен толықтырылды
136-1-бап. Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру тәртібі
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерінің құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру су объектісінің мөлшері табиғи немесе жасанды түрде жойылып немесе азайып кеткен және су қорының жерлері мемлекет мұқтажы үшін алып қойылған жағдайларда жүргізіледі.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2018.04.05. № 151-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен мемлекеттік орман қоры жерінің құрамына кіретін су объектілерін қоспағанда, су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы қабылдайды.
Су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру немесе су қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстырудан бас тарту туралы шешім жер комиссиясының қорытындысы негізінде қабылданады.
16-тарау. Босалқы жер
137-бап. Босалқы жер құрамы
1. Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады.
2. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен босалқы жер құрамына ауыстырылады. Аталған жердiң құқықтық режимi осы Кодекстiң 143-бабына сәйкес айқындалады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 138-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2020.30.09. № 362-VI ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 138-бап өзгертілді
138-бап. Босалқы жерді беру
Босалқы жер ауыл шаруашылығының, жекеше орман өсірудің, өнеркәсіптің мұқтажы және өзге де мақсаттар үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда меншікке немесе жер пайдалануға беріледі. Босалқы жерді басқа санаттарға ауыстыру оны меншікке немесе жер пайдалануға берумен бір мезгілде жүргізіледі.
Егер бұрын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерінің құрамына кірген босалқы жер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жердің басқа санаттарына ауыстырылмаған болса, онда мұндай жер «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қайтадан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жері санатына ауыстырылады.
4-бөлiм. Жерді қорғау, мемлекеттік бақылау, жерге орналастыру, мониторинг және жер кадастры
17-тарау. Жерді қорғау
139-бап. Жердi қорғаудың мақсаттары мен мiндеттерi
1. Жердi қорғау қоршаған ортаның бiр бөлiгi ретiнде жердi қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан негiзсiз алып қоюды болдырмауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа да iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
2. Жердi қорғау мақсаттары:
1) өндiрiстiң экологиялық қауiпсiз технологияларын ынталандыру және орман мелиорациялық, мелиорациялық және басқа да iс-шараларды жүргiзу арқылы жердiң тозуы мен бүлiнуiн, шаруашылық қызметтiң басқа да қолайсыз зардаптарын болдырмау;
2) тозған немесе бүлiнген жердi жақсарту мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ету;
3) жердi оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерiн тәжiрибеге енгізу болып табылады.
140-бап. Жердi қорғау
1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) жердi құнарсызданудан және шөлейттенуден, су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанудан, басқа да бүлiну процестерiнен қорғауға;
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) жерді карантинді объектілерді, бөтен текті түрлер мен аса қауіпті зиянды организмдерді жұқтырудан, олардың таралуынан, арамшөптердің, бұталардың және шіліктердің басып кетуінен, сондай-ақ жердің жай-күйінің нашарлауының өзге де түрлерінен қорғауға;
3) бүлiнген жердi жаңғыртуға, оның құнарлылығын және жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға;
4) жердiң бүлiнуiмен байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған iс-шаралар жүргiзуге мiндеттi.
2019.28.10. № 268-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Жердiң тозуын болдырмау, топырақтың құнарлылығын және ластанған аумақтарды қалпына келтiру мақсатында, сондай-ақ ауыл шаруашылығының тозған алқаптарының, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының және жол берiлетiн шектегi әсер деңгейiнiң белгiленген нормативтерiнен артық ластанған, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, сарқынды сулармен ластанған жердiң, сондай-ақ карантинді объектілер, бөтен текті түрлер мен аса қауіпті зиянды организмдер жұққан жердiң топырақ құнарлылығын қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен жердi сақтап қою көзделедi.
3. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жердi ұтымды пайдалану мен қорғауға мүдделiлiгiн арттыру мақсатында бюджет заңдарында және салық туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жердi қорғау мен пайдалануға экономикалық ынталандыру жүзеге асырылуы мүмкiн.
141-бап. Топырақта зиянды заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының нормативтерi
1. Топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердiң және басқа да биологиялық заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының нормативтерi топырақтың жай-күйiн адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерiне сай бағалау үшiн белгiленедi.
2. Аталған нормативтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн тәртiппен бекітіледi.
142-бап. Жердiң жай-күйiне әсер ететiн үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлердi жобалау мен пайдалануға беруге қойылатын экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптар
1. Жердiң жай-күйiне керi әсер ететiн жаңа және қайта жаңғыртылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) әрi басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және пайдалануға беру, жаңа техника мен технологияларды енгізу кезiнде жердi қорғау жөнiнде iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және басқа да арнайы талаптардың (нормалардың, ережелердiң, нормативтердiң) сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2013.03.07. № 124-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жердiң жай-күйiне жағымсыз әсер етудi және оны қорғау бойынша көзделген iс-шаралардың тиiмдiлiгiн бағалау мемлекеттiк сараптамалардың нәтижелерi бойынша жүргiзiледi, олардың оң қорытындысы болмайынша жаңа техника мен технологияларды енгiзуге, жердi мелиорациялау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға, ғимараттарды (құрылыстарды, құрылысжайларды) және басқа да объектiлер салуды (реконструкциялауды) қаржыландыруға тыйым салынады.