ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне
жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Осы Заңды іске асыру мақсатында қабылдануы қажет нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қараңыз
1-бап. Қазақстан Республикасының мына заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1. 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 13, 99-құжат; 2005 ж., № 9, 26-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 22-құжат; № 11, 55-құжат; № 12, 79, 83-құжаттар; № 16, 97-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 2, 18-құжат; № 14, 105-құжат; № 15, 106, 109-құжаттар; № 16, 129-құжат; № 17, 139-құжат; № 18, 143-құжат; № 20, 152-құжат; № 24, 180-құжат; 2008 ж., № 6-7, 27-құжат; № 15-16, 64-құжат; № 21, 95-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 18-құжат; № 13-14, 62-құжат; № 15-16, 76-құжат; № 17, 79-құжат; № 18, 84, 86-құжаттар; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 2-құжат; № 5, 43-құжат; № 6, 49, 50-құжаттар; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 13, 114-құжат; № 15, 120-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 2, 9, 11-құжаттар; № 3, 27-құжат; № 4, 32-құжат; № 5, 35-құжат; № 8, 64-құжат; № 11, 80-құжат; № 14, 95-құжат; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 9, 51-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 15, 77, 79, 81-құжаттар; 2014 ж., № 2, 10-құжат; № 8, 44-құжат; № 11, 63, 64-құжаттар; № 12, 82-құжат; № 14, 84-құжат; № 19-І, 19-ІІ, 96-құжат; № 21, 118, 122-құжаттар; № 23, 143-құжат; № 24, 145-құжат; 2015 ж., № 8, 42-құжат; № 11, 57-құжат; № 19-І, 99, 101-құжаттар; № 19-ІІ, 103-құжат; № 20-ІV, 113-құжат; № 20-VІІ, 115, 117-құжаттар; № 21-І, 124, 126-құжаттар; № 22-ІІ, 145-құжат; № 22-VІ, 159-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 7-ІІ, 53, 56-құжаттар; № 8-ІІ, 72-құжат; № 10, 79-құжат; 2017 ж., № 3, 6-құжат; № 4, 7-құжат; № 12, 34-құжат; № 14, 51, 54-құжаттар; № 23-V, 113-құжат):
1) бүкіл мәтін бойынша:
«тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін», «Тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін», «тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісінің» деген сөздер тиісінше «ауыл шаруашылығы өндірісін», «Ауыл шаруашылығы өндірісін», «ауыл шаруашылығы өндірісінің» деген сөздермен ауыстырылсын;
«комиссияға», «Комиссияның», «Комиссия», «комиссияның» деген сөздер тиісінше «жер комиссиясына», «Жер комиссиясының», «Жер комиссиясының», «жер комиссиясының» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) мазмұнында:
мынадай мазмұндағы 43-1-баптың тақырыбымен толықтырылсын:
«43-1-бап. Мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін беру ерекшеліктері»;
102-баптың тақырыбындағы «және саяжай құрылысына» деген сөздер «, саяжай құрылысына және бау-бақша шаруашылығына» деген сөздермен ауыстырылсын;
147-баптың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«147-бап. Жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органдардың, аудандық (қалалардағы аудандардан басқа) атқарушы органдардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің функциялары»;
3) 10-баптың 4-тармағындағы «оларды кадастрлық (бағалау) құны» деген сөздер «кадастрлық (бағалау) құны бағаланатын жер учаскелеріне неғұрлым жақын орналасқан,» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 12-бапта:
мынадай мазмұндағы 12-1) тармақшамен толықтырылсын:
«12-1) жер комиссиясы - жергілікті атқарушы орган жанындағы алқалы орган, ол жер учаскелеріне құқықтар беру туралы (шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс жеңімпазын айқындау туралы), жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту туралы және су қорының жерін басқа санаттардағы жерге ауыстыру туралы өтініштерді (өтінімдерді) қарау және қорытындыларды дайындау үшін осы Кодекстің 43-бабына сәйкес құрылады;»;
43) тармақшадағы «, соның ішінде шетелдік қатысушысы бар кәсіпорындар» деген сөздер алып тасталсын;
5) 13-баптың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге, халықаралық міндеттемелерді орындауға байланысты жағдайларда, барлық санаттағы жерден жер учаскелерін беру және алып қою, оның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою;»;
6) 14-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 2-3), 2-4), 2-5), 2-6), 2-7), 2-8), 13-2) және 16-6) тармақшалармен толықтырылсын:
«2-3) жер комиссиясы туралы үлгі ережені әзірлеу және бекіту;
2-4) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдаланудың (жалға алудың) үлгі шартын әзірлеу және бекіту;
2-5) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;
2-6) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;
2-7) шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін - Қазақстан Республикасының азаматында, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік емес заңды тұлғасы мен оның үлестес тұлғаларында болуы мүмкін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғары) мөлшерлерін айқындау әдістемесін әзірлеу және бекіту;
2-8) Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының нысанын әзірлеу және бекіту;»;
«13-2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою мәселелері жөніндегі ұсыныстарын келісу;»;
1-тармақтың 6) тармақшасының тоғызыншы абзацы 2021 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
«16-6) жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) электрондық түрде ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын әзірлеу және бекіту;»;
7) 14-1-бапта:
1-тармақта:
мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:
«2-2) облыстың жергілікті атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою жөніндегі ұсыныстарын және шешімдерінің жобаларын дайындау;»;
16) тармақшадағы «16) орталық уәкілетті органға осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат ұсыну;» деген сөздер алып тасталсын;
2-тармақта:
мынадай мазмұндағы 6-1) тармақшамен толықтырылсын:
«6-1) республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою жөніндегі ұсыныстарын және шешімдерінің жобаларын дайындау;»;
26) тармақша алып тасталсын;
4-тармақтың 6) тармақшасындағы «тоқтата тұру жатады.» деген сөздер «тоқтата тұру;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
«7) орталық уәкілетті органға осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат беру жатады.»;
8) 15-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 5-3) тармақшамен толықтырылсын:
«5-3) жер комиссиясының құрамын және комиссия туралы ережені бекіту;»;
9) 16-бапта:
1-тармақ мынадай мазмұндағы 1-2), 10-3) және 10-4) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-2) жер комиссиясының құрамын қалыптастыру, комиссия туралы ережені әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жіберу;»;
«10-3) осы Кодекстің 120-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде аталған мемлекеттік органдарға қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою мәселелері жөніндегі материалдарды келісуге ұсыну;
10-4) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою;»;
2-тармақ мынадай мазмұндағы 1-2), 5-4) және 5-5) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-2) жер комиссиясының құрамын қалыптастыру, комиссия туралы ережені әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жіберу;»;
«5-4) осы Кодекстің 120-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде аталған мемлекеттік органдарға қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою мәселелері жөніндегі материалдарды келісуге ұсыну;
5-5) қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскелерін беру және алып қою;»;
10) 17-бапта:
бірінші абзацтағы «Елді мекендер жерін қоспағанда, аудан» деген сөздер «Аудан» деген сөзбен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 1-2), 2-1) және 2-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-2) жер комиссиясының құрамын қалыптастыру, комиссия туралы ережені әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жіберу;»;
«2-1) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
2-2) орталық уәкілетті органға осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат беру;»;
11) 18-бап мынадай мазмұндағы 1-1), 2-2) және 2-3) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-1) жер комиссиясының құрамын қалыптастыру, комиссия туралы ережені әзірлеу және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жіберу;»;
«2-2) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
2-3) орталық уәкілетті органға осы Кодекстің 92 және 93-баптарына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат беру;»;
12) 19-баптың 5) тармақшасындағы «жариялау жатады.» деген сөздер «жариялау;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) және 7) тармақшалармен толықтырылсын:
«6) жерді пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
7) жерді пайдалану мен қорғауды бақылау жөніндегі тиісті уәкілетті органға осы Кодекстің 93-бабына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімі негізінде жер учаскелері мәжбүрлеп алып қойылған тұлғалар туралы ақпарат беру жатады.»;
13) 23-бапта:
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелері жеке меншікке және уақытша жер пайдалануға берілмейді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық белдеуі шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптарын халықтың қандай да бір ғимараттар (құрылыстар, құрылысжайлар) тұрғызу құқығынсыз, жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю және шөп шабу үшін пайдалануына жол беріледі.»;
4-тармақта:
екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында орналасқан жер учаскелері шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғаларға және шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына меншік құқығымен тиесілі болмайды.»;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған (ерлі-зайыпты болған) кезде, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелеріне меншік құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес қайта ресімделуге немесе иеліктен шығарылуға жатады.»;
14) 24-баптың 6-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағы шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері, шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уақытша жер пайдалану құқығымен беріледі.
Қазақстан Республикасының азаматтары шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиған (ерлі-зайыпты болған) кезде, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының шекаралық аймағында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелеріне уақытша жер пайдалану құқығы осы Кодекстің 66-бабының нормаларына сәйкес иеліктен шығарылуға жатады.»;
15) 26-бапта:
1-тармақтағы «кенттер мен ауылдық елді мекендердің маңындағы» деген сөздер алып тасталсын;
3-тармақтың екінші абзацындағы «қажетіне арнап пайдаланылатын және соған арналған» деген сөздер «мұқтажына пайдаланылатын және соған арналған, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдық елді мекендер шекарасы шегіндегі» деген сөздермен ауыстырылсын;
16) 33-баптың 2-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«6) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы құрылыс салушының уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнамасына сәйкес Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қорының кепілдігін алу үшін уәкілетті компанияға беруін қоспағанда, уақытша өтеусіз және уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілген жер учаскелерінің;»;
17) 37-бапта:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Өз міндеттерін тиісінше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалға алушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе жалға алу шартында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 43-бабы 1-тармағының 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда, ал шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі үшін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингінің нәтижелері де болған кезде, осы Кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығы бар. Уақытша өтеулі жер пайдаланушы (жалға алушы) осындай шарт жасасу ниеті туралы жалға берушіні жалға алу шартында көрсетілген мерзімде, егер шартта мұндай мерзім көрсетілмесе, онда жалға алу шартының қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін үш ай мерзімде жазбаша хабардар етуге міндетті.
Жалға алу шартының қолданылу мерзімі өткен соң өз міндеттерін тиісінше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалға алушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе жалға алу шартында өзгеше белгіленбесе, жаңа мерзімге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында артықшылықты құқығы болады.»;
2-1-тармақ алып тасталсын;
18) 43-бапта:
1-тармақта:
бірінші абзацтағы «44, 44-1 және 45-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда» деген сөздер «44-1-бабында көзделген жағдайды қоспағанда» деген сөздермен ауыстырылсын;
1) тармақша «өтінішті» деген сөзден кейін «(өтінімді)» деген сөзбен толықтырылсын;
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) жер комиссиясының қорытынды дайындауы;»;
1-1-тармақта:
екінші бөлік «осы Кодекстің» деген сөздерден кейін «43-1,» деген цифрлармен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелері мен жер учаскелеріне жалға алу құқығы осы Кодекстің 48-бабында белгіленген ережелер ескеріле отырып, сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сату объектілері болуы мүмкін.»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жер учаскелерін меншікке немесе жер пайдалануға беруді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері осы Кодексте белгіленген өздерінің құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы және жерге орналастыру жобасы негізінде қабылданады. Жер учаскелері қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін сұралған жағдайда, жер учаскесін беру туралы шешім жер комиссиясының оң қорытындысы, жерге орналастыру жобасы және осы Кодекстің 120-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде аталған мемлекеттік органдардың оң келісуі негізінде соңғы қорытынды келіп түскен күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.
Бұл ретте әзірленген және бекітілген жерге орналастыру жобасы және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтажы үшін жер учаскесіне құқық беру туралы шешімінің жобасы келісуші мемлекеттік органдарға жоғарыда көрсетілген шешімнің жобасы дайындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жіберілуге тиіс. Шешім жобасын келісу жер комиссиясының оң қорытындысы мен жерге орналастыру жобасы келісуге келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жер учаскесін беруден бас тарту туралы шешім жер комиссиясының теріс қорытындысы негізінде жер комиссиясының қорытындысы шығарылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде қабылданады.
Жер учаскелерін алып қою, оның ішінде осы Кодекстің 84-бабына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін алып қою жағдайларын қоспағанда, жер учаскесіне құқық беруден бас тарту облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің шешімімен ресімделеді және ол уәжді болуға тиіс.
Жер комиссиясының құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары қалыптастырады және тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге жібереді. Жер комиссиясының құрамына:
1) жергілікті өкілді органның депутаттары;
2) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың уәкілетті органының, тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері;
3) қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері;
4) Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді.
Жер учаскелері осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілген жағдайда, аудан, облыстық маңызы бар қала деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына:
1) жер учаскесі аумағында орналасқан аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімі;
2) жергілікті қоғамдастық жиналысы жіберген, тиісті аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті халық өкілдері де кіреді.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана деңгейінде құрылатын жер комиссияларының құрамына қоршаған ортаны қорғау, ауыл және орман шаруашылығы, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің өкілдері де міндетті түрде кіреді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының ұйғаруы бойынша жер комиссиясының құрамына басқа адамдар да кіруі мүмкін.
Жер комиссиясы тұрақты негізде жұмыс істейді. Жер комиссиясы мүшелерінің саны тақ болуға және тоғыз адамнан кем болмауға тиіс. Бұл ретте қоғамдық кеңестер, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдар және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдерінің саны жер комиссиясы мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс.
Жер комиссиясының құрамы, төрағасын және осы тармақтың алтыншы бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында, жетінші бөлігінің 1) тармақшасында және сегізінші бөлігінде аталған адамдарды қоспағанда, бүкіл құрамы ауыстырыла отырып, келесі күнтізбелік он екі ай өткен соң жыл сайын бекітіледі.
Жер комиссиясының төрағасы болып әкімнің жер мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары тағайындалады.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органы жер комиссиясының жұмыс органы болып табылады.
Жер комиссиясының хатшысы жұмыс органының лауазымды адамдарының арасынан айқындалады. Жер комиссиясының хатшысы дауыс беруге қатыспайды.
Жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысып отырған өкілдерінің саны жер комиссиясының қатысып отырған мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады.
Жер комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысып отырған жер комиссиясы мүшелері жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады және егер оған жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі.
Жер комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда, жер комиссиясының мүшесі ерекше пікірін білдіруге құқылы, бұл жазбаша түрде баяндалуға және жер комиссиясының шешіміне қоса берілуге тиіс.
Жер комиссиясының отырысы аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен міндетті түрде тіркеледі. Жер комиссиясының отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен тіркеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады. Жер комиссиясы отырысының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу тәртібін орталық уәкілетті орган айқындайды.
Жер комиссиясының қорытындысы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың тиісті уәкілетті органы жер комиссиясына сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану немесе жер учаскесін алдын ала таңдауды беру (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, жер учаскесі объектілер салу үшін сұралған кезде) мүмкіндігі туралы ұсынысты берген кезден бастап бес жұмыс күні ішінде хаттамалық шешім нысанында үш данада жасалады.
Жер комиссиясының хаттамалық шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Сотқа арыз беру жер комиссиясының хаттамалық шешімін орындауды тоқтата тұрады.
Жер комиссиясы оң қорытындысының бір данасы жерге орналастыру жобасын дайындауы үшін өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде беріледі.
Осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес берілетін жер учаскелерін қоспағанда, жер комиссиясы оң қорытындысының қолданылу мерзімі қабылданған күнінен бастап бір жылды құрайды. Біржылдық мерзімді өткізіп алу жергілікті атқарушы органның жер учаскесіне құқық беруден бас тарту туралы шешім қабылдауы үшін негіз болып табылады.»;
3-тармақта:
төртінші бөлік «уәкілетті органдарына» деген сөздерден кейін «және тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелеріне» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«Жер учаскесі орналасқан жер бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдары және тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері сұралып отырған жер учаскесін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін өтініш келіп түскен кезден бастап он жұмыс күні ішінде айқындайды.»;