Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 31 наурыздағы
№ 2061-ХII Су кодексі
(ҚР 24.12.96 ж. № 58-I; 11.05.99 ж. № 381-1;
23.01.01 ж. № 151-I; 24.12.01 ж. № 276
Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Қазақстан Республикасы 09.07.03 ж. № 481-11 Заңына сәйкес осы кодекстің күші жойылды
Бiрiншi бөлiм. Жалпы ережелер
I тарау. Негiзгi ережелер
II тарау. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының
су қатынастарын реттеу саласындағы құзыретi
III тарау. Сутоғандарында және су қорғау аймақтары
мен белдеулерiнде жұмыс жүргiзу тәртібі
Екiншi бөлiм. Суды пайдалану
IV тарау. Негiзгi ережелер
V тарау. Су ресурстарын пайдаланғаны үшiн ақы төлеу
VI тарау. Сутоғандарын халықтың ауызсу, тұрмыстық және өзге
де мұқтаждары үшiн пайдалану
VII тарау. Сутоғандарын сауықтыру және демалыс мақсаттары
үшiн пайдалану
VIII тарау. Сутоғандарын ауыл шаруашылық мұқтаждары
үшiн пайдалану
IХ тарау. Суды өнеркәсiптiк мақсаттар үшін пайдалану
Х тарау. Сутоғандарын гидроэнергетика мұқтаждары үшiн пайдалану
ХI тарау. Сутоғандарын су көлiк мұқтаждары үшiн пайдалану
ХII тарау. Сутоғандарын балық шаруашылығының мұқтаждары
үшiн пайдалану
ХІІІ тарау. Сутоғандарын аң шаруашылығының мұқтаждары
үшiн пайдалану
ХIV тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың сутоғандарын
пайдалану
ХV тарау. Сутоғандарын пайдаланылған ақаба суды төгу үшiн
пайдалануға шек қою
ХVI тарау. Суды өрт сөндiру мұқтаждары үшiн пайдалану
XVII тарау. Су қоймаларын пайдалану
ХVІІІ тарау. Өзендер мен каналдардағы су деңгейiн көтеретiн және
басқа гидротехникалық құрылыстарды пайдалану
ХIХ тарау. Бiрнеше мемлекеттер аумағында орналасқан сутоғандар
мен шекаралық суды пайдалану
Үшiншi бөлiм. Суды қорғау және оның зиянды әсерiн болдырмау
ХХ тарау. Жалпы ережелер
ХХI тарау. Суды ластану мен былғанудан қорғау
XXII тарау. Суды сарқылудан қорғау
XXIII тарау. Кiшi-гiрiм өзендердi қорғау
Төртiншi бөлiм. Су пайдалануды мемлекеттік есепке алу және жоспарлау
XXIV тарау. Су пайдалануды мемлекеттік есепке алу және жоспарлау
Бесiншi бөлiм. Су дауларын шешу және су заңдарын бұзғаны
үшiн жауаптылық
XXV тарау. Су дауларын шешу
XXVI тарау. Су заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Алтыншы бөлiм. Халықаралық шарттар
Бiрiншi бөлiм
Жалпы ережелер
I тарау
Негiзгi ережелер
1-бап. Су заңдарының мiндеттерi
Қазақстан Республикасы Су Заңдарының мiндеттерi халықтың, экономика салалары мен айналадағы табиғи ортаның мұқтаждары үшiн суды ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, су ресурстарын ластанудан, былғану мен сарқылудан қорғау, судың зиянды ықпалын болдырмау және оны жою мақсатында су қатынастарын реттеп отыру, су қатынастары саласындағы заңдылықты нығайту болып табылады.
2-бап. Су заңдары
1. Қазақстан Республикасында Су қатынастары осы Кодекспен және соған сәйкес шығарылатын Қазақстан Республикасының заңдық құжаттармен, өзге де қалыпты құжаттармен реттелiп отырады.
2. Жер және орман қатынастарын, сондай-ақ жер қойнауын, атмосфера ауасын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғау мен пайдалану жөніндегі қатынастарды Қазақстан Республикасының арнаулы заңдары реттеп отырады.
3-бап. Су қоры
1. Мемлекет аумағындағы барлық су Қазақстан Республикасының су қорын құрайды.
2. Су қоры мыналарды қамтиды:
өзендер, көлдер, батпақтар, тоғандар, су қоймалары, басқа да жер бетіндегі су ресурстары, сондай-ақ каналдар мен магистральды су құбырларының сулары;
жер астындағы сулар;
мұздықтар;
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы шегіндегі Каспий және Арал теңiздерiнiң сулары.
ҚР 24.12.96 ж. № 58-I Заңымен 4-бап өзгертілді
4-бап. Су меншiгi
1. Қазақстан Республикасындағы су мемлекеттiң меншiгi болып табылады.
2. Су меншiгi құқығын тiкелей немесе жасырын түрде бұзатын әрекеттердiң заңды күшi жоқ және заңдарда көзделген жауаптылыққа әкелiп соғады.
3. Суды басқа мемлекеттердiң, сондай-ақ шетелдiк заңды ұйымдар мен азаматтардың пайдалануына беру шарттық негiзде жүзеге асырылады.
4. Суды пайдалануға беру және су меншiгi құқығын iске асыру жөніндегі басқа да әрекеттер жасау Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органының мiндеттi түрде қатысуымен жүзеге асырылады.
5-бап. Суды басым пайдалану
Су ең алдымен халықтың ауызсу және тұрмыстық мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн пайдалануға берiледi.
6-бап. Суды басқару принциптерi
1. Қазақстан Республикасындағы суды басқару су ресурстарын қорғау мен толықтыруды, су пайдаланудың оңтайлы шарттарын, айналадағы ортаның экологиялық тұрақтылығын сақтауды қамтамасыз ететiн су шаруашылығы-бассейндiк және әкiмшiлiк-аумақтық принциптердi үйлестiру негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Су шаруашылығы-бассейндiк принцип өзен, көл бассейндерi және басқа да сутоғандар шегiнде әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер арасында су ресурстарын бөлу кезiнде iске асырылады.
II тарау
Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының
су қатынастарын реттеу саласындағы құзыретi
ҚР 24.12.96 ж. № 58-I Заңымен II тарауының тақырыбы өзгертiлдi
ҚР 24.12.96 ж. № 58-I Заңымен 7-бап өзгертiлдi
7-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң
құзыретi
Су қатынастарын реттеу саласында Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қарауына мыналар жатады:
су заңдарын әзiрлеу және жетiлдiру;
су қатынастарын реттеу мәселелерi жөніндегі халықаралық шарттарды бекіту мен олардың күшi жойылуын мәлiмдеу.
ҚР 24.12.96 ж. № 58-I Заңымен 8-бап жаңа редакцияда
8-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдар - мәслихаттардың
құзыретi
Тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк шегiнде жергiлiктi өкiлдi органдар - мәслихаттардың қарауына мыналар жатады:
суды ортақ пайдаланудың шарттарын белгiлеу;
судың пайдаланылуы мен қорғалуына бақылау жасау.
ҚР 24.12.96 ж. № 58-I Заңымен 9,10-баптар алынып тасталған
11-бап. Суды мемлекеттік басқару органдары
1. Республикада суды мемлекеттік басқаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі, жергiлiктi атқарушы органдар, су ресурстарын басқаратын мемлекеттік орган, сондай-ақ арнайы уәкiлдiк берiлген өзге де мемлекеттік органдар өз құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
2. Жер асты суларын басқару геология және жер қойнауын қорғау органдарымен келісім бойынша жүзеге асырылады.
ҚР 24.12.96 ж. № 58-I ; 11.05.99 ж. № 381-1; 24.12.01 ж. № 276-II Заңдарымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң құзыретi
Суды басқару саласында Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарауына мыналар жатады:
су ресурстарын пайдалану, ұдайы молықтыру және қорғау саласында мемлекеттік саясатты iске асыру;
су ресурстарын ұтымды пайдалану мен қорғаудың, су шаруашылығын дамытудың негiзгi бағыттарын бекіту;
су ресурстарын кешендi пайдалану мен қорғаудың бассейндiк схемаларын және су шаруашылық баланстарын бекіту;
сутоғандар мен су көздерiн сақтау және қалпына келтiру жөніндегі республикалық бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету;
суды мемлекеттік есепке алуды жүргiзу және оны пайдалану тәртібін белгiлеу, сондай-ақ мемлекеттік су кадастры мен су мониторингiн жүргiзу;
суды пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін белгiлеу;
су қорғау аймақтары мен белдеулері туралы ереженi бекіту;
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызылған, ерекше мемлекеттік маңызы немесе ерекше ғылыми құндылығы бар сутоғандарының тiзбесiн бекіту;
судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, құрылыстарды және басқа объектiлердi орналастыру мен iске қосу тәртібін, сондай-ақ сутоғандарда, олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, су түбiн тереңдету және басқа да жұмыстар жүргiзу шарттарын белгiлеу;
сутоғандарды жеке пайдалануға беру;
республика облыстары арасындағы су қатынастарын реттеу;
жер үстi су көздерiнiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төленетiн ақы ставкаларын белгiлеу;
Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен суды пайдалану мен қорғау мәселелерi жөніндегі қатынастары саласындағы шараларды жүзеге асыру.
13-бап. Облыстық атқарушы органның құзыретi
Облыстық атқарушы органның қарауына мыналар жатады:
Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органының ұсынуы бойынша облыстың әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерi, салалар мен жекелеген су пайдаланушылар арасында су тұтыну лимиттерiн бөлу;
Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органымен келісім бойынша заңды ұйымдар мен азаматтарға сутоғандарын жеке пайдалануға беру;
судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, құрылыстарды және басқа объектiлердi орналастыруды және iске қосуды, сондай-ақ сутоғандарында және су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, су түбiн тереңдету және басқа жұмыстарды жүргiзу шарттарын келiсу;
облыстың су ресурстарын кешендi пайдалану схемаларын келiсу мен бекіту;
су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органның ұсынуы бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу;
суды пайдалану мен қорғауды бақылау;
суды пайдалану құқығын доғару.
14-бап. Аудандық, қалалық атқарушы
органның құзыретi
Аудандық, қалалық атқарушы органның қарауына мыналар жатады:
Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органының ұсынуы бойынша ауданның, қаланың су тұтыну лимиттерiн су пайдаланушылар арасында бөлу;
су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органмен келісім бойынша заңды ұйымдар мен азаматтарға сутоғандарын жеке пайдалануға беру;
судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, құрылыстарды және басқа объектiлердi орналастыруды және iске қосуды, сондай-ақ сутоғандарда және су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, су түбiн тереңдету және басқа жұмыстарды жүргiзу шарттарын келiсу;
су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органның ұсынуы бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу;
су пайдалану мен қорғауды бақылау;
суды пайдалану құқығын доғару.
ҚР 24.12.96 ж. № 58-I Заңымен жаңа мазмұндағы 14-1-баппен толықтырылды
14-1-бап. Поселке, ауыл (село) әкімінiң құзыретi
Тиiстi елдi мекендердiң аумағындағы поселке, ауыл (село) әкімінiң қарауына мыналар жатады:
суды ортақ пайдаланудың шарттарын белгiлеу;
судың пайдаланылуы мен қорғалуына бақылау жасау.
15-бап. Қазақстан Республикасының су ресурстарын
басқаратын мемлекеттік органның құзыретi
1. Қазақстан Республикасының тапсыруы бойынша су ресурстарын басқаруды өз қызметiн тiкелей немесе бассейндiк, облыстық және өзге де бөлiмшелер арқылы атқаратын Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органы табиғатты қорғау органдарының және осыған арнайы уәкiлдiк берiлген өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органының қарауына мыналар жатады:
бассейндердiң, облыстар мен аудандар шегiнде су тұтыну лимиттерiн белгiлеу;
суды және оның пайдаланылуын мемлекеттік есепке алу;
мемлекеттік су кадастрын және су мониторингiн жүргiзу;
табиғатты қорғау органдарымен келісім бойынша суды арнайы пайдалануға рұқсаттар беру;
су пайдаланудың барлық түрлерiне техникалық шарттар беру;
экологиялық талаптарды ескере отырып су ресурстарын кешендi пайдалану негiзiнде олардың аймақаралық, облысаралық, ауданаралық және салааралық бөлiнуiн қамтамасыз ету;
өзендердi, көлдер мен басқа да сутоғандарын сақтау және олардың жай-күйiн жақсарту, судың зиянды әсерiн болдырмау және жою жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
өзендер бассейндерiнiң су ресурстарын пайдалану мен қорғаудың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;
су ресурстарын пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
шектес мемлекеттермен су қатынастарын реттеу мәселелерi жөнiнде ынтымақтасу.
3. Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органының суды пайдалану мен қорғау мәселелерi жөніндегі өз құзыретi шегіндегі нұсқаулары барлық азаматтар, министрлiктер, мемлекеттік комитеттер, ведомстволар, кәсiпорындар мен ұйымдар үшiн қай ведомствоға бағынатынына және меншiк түрiне қарамастан мiндеттi болып табылады.
16-бап. Суды пайдалану мен қорғау саласындағы
басқарудың осыған арнайы уәкiлдiк берiлген
өзге де мемлекеттік органдары
Суды пайдалану мен қорғау саласындағы басқарудың осыған арнайы уәкiлдiк берiлген өзге де мемлекеттік органдары өз құзыретi шегiнде табиғатты, жер қойнауын, балық қорларын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғауды, мемлекеттік санитарлық және мал дәрiгерлiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар болып табылады.
17-бап. Суды пайдалану мен қорғауға мемлекеттік
бақылау
1. Суды пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылаудың мiндетi барлық министрлiктердiң, мемлекеттік комитеттердiң, ведомстволардың, кәсiпорындардың, ұйымдардың және азаматтардың су ресурстарын пайдаланудың және оларды есепке алудың белгiленген тәртібін сақтауын, суды қорғау, оның зиянды әсерiн болдырмау және жою жөніндегі мiндеттерiн орындауын қамтамасыз ету болып табылады.
2. Суды пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылауды табиғатты қорғайтын, су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары және осыған арнайы уәкiлдiк берiлген өзге де органдар өздерiнiң құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
18-бап. Суды пайдалану мен қорғауға бақылауды
жүзеге асыруға қоғамдық бiрлестiктер
мен азаматтардың қатысуы
1. Қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтар мемлекеттік органдарға жәрдемдесiп, суды пайдалану мен қорғауға, су пайдаланушылардың өз мiндеттерiн атқаруына бақылауды жүзеге асыруға қатысады.
2. Мемлекеттік органдар суды ұтымды пайдалану мен қорғау жөніндегі шараларды әзiрлеу және жүзеге асыру кезiнде қоғамдық бiрлестiктер мен азаматтардың негiзгi ұсыныстарын ескеруге мiндеттi.
III тарау
Сутоғандарында және су қорғау аймақтары
мен белдеулерiнде жұмыс жүргiзу тәртібі
19-бап. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және басқа да
объектiлердi орналастыру, жобалау және салу
шарттары
1. Судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, құрылыстарды және басқа объектiлердi орналастыру, жобалау және салу кезiнде мыналар қамтамасыз етiлуге тиiс:
суды ұтымды пайдалану;
сутоғандарынан алынатын судың есебiн жүргiзу, жер бетіндегі және жер астындағы суларды ластанудан, былғанудан және сарқылудан қорғау жөніндегі шараларды орындау;
балықты, суда жүзетiн құстарды, су хайуанаттарын және жағалаудағы экожүйелердi қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асыру;
судың зиянды әсерiн болдырмау, жердi су басудан, су астында қалудан, сортаңданудан және құрғаудан қорғау;
айналадағы ортаның экологиялық тұрақтылығын сақтау.
2. Өндiрiс жағдайы бойынша қайталамалы сумен жабдықтауға және қалдықсыз технологияға көшiрiле алмайтын кәсiпорындарды қоспағанда, өнеркәсiп орындарын сумен жабдықтаудың тура ағыс жүйелерiн жобалауға және салуға жол берiлмейдi.
20-бап. Кәсiпорындарды, құрылыстарды және басқа
объектiлердi орналастыруды, жобалауды,
салуды және iске қосуды келiсу
Судың жай-күйiне әсер ететiн кәсiпорындарды, құрылыстарды және басқа объектiлердi орналастыру, жобалау, салу және iске қосу шарттары табиғатты қорғайтын, су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органдармен, жергiлiктi атқарушы органдармен, сондай-ақ жер қойнауын, балық қорларын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн қорғауды, санитарлық және мал дәрiгерлiк қадағалауды жүзеге асырушы органдармен келісіледi.
21-бап. Су қорғау аймақтары мен белдеулерi
1. Өзендердiң, көлдердiң, теңiздер мен су қоймаларының жағалауы бойымен, бұлақтардың, мұздықтардың, батпақтардың айналасында, сондай-ақ каналдарды, су желiлерi мен басқа да су шаруашылық құрылыстарын бойлай ерекше пайдалану шарттары бар су қорғау аймақтары мен белдеулерi белгiленедi.
2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерi судың ластануын, былғануын және сарқылуын болдырмауға, оның экологиялық тұрақтылығын және тиiстi санитарлық жай-күйiн сақтауға арналған.
Сел қатерi бар өзендер бассейндерiнде су қорғау аймақтары ықтимал су басатын шекаралар ескерiле отырып белгiленедi.
3. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органның ұсынуы бойынша жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейдi.
Су қорғау аймақтары мен белдеулерiн белгiлеу туралы шешiмде жердi және басқа да табиғи ресурстарды пайдаланудың ерекше шарттары анықталады.
4. Су қорғау аймақтары мен белдеулерi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
22-бап. Сутоғандарында және су қорғау аймақтары
мен белдеулерiнде жұмыс жүргiзу
1. Сутоғандарында немесе су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыс, су түбiн тереңдету және жарылыс жұмыстары, пайдалы қазбалар өндiру, кабель, труба құбырлары мен басқа да коммуникацияларды жүргiзу, ағаш кесу, бұрғылау, ауыл шаруашылық жұмыстары және өзге де жұмыстар табиғатты қорғайтын, су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органдармен, жергiлiктi атқарушы және осыған арнайы уәкiлдiк берiлген басқа да органдармен келісім бойынша жүргiзiледi.
2. Кеме қатынасы жолдарындағы жердi қазып пайдалану жұмыстары барлық су пайдаланушылардың мүдделерi және айналадағы ортаның экологиялық тұрақтылығын сақтаудың талаптары ескерiле отырып жүргiзiледi.
3. Сутоғандарында және олардағы су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде құрылыс, су түбiн тереңдету және басқа жұмыстарды жүргiзу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
23-бап. Судың жай-күйiне әсер ететiн объектiлердi
пайдалануға беруге тыйым салу
Мыналарды:
судың зиянды әсерiн, су қорғау аймақтары мен сутоғандар белдеулерiнiң ластануы мен былғануын болдырмайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етiлмеген, сондай-ақ суды тұтынуды және пайдаланылған ақаба судың сыртқа төгiлуiн есепке алу аспаптарымен жарақтандырылмаған жаңа және қайта құрылған объектiлердi;
суды реттеушi құрылғылармен жабдықталмаған және санитарлық қорғау аймақтары белгiленбеген судағы скважиналарын;
бекітілген жобаларға сәйкес балық қорғау құрылғыларынсыз бас саға құрылыстарын;
жобаларда көзделген судың жайылуын, жердiң су астында қалуын, батпақтануын, сортаңдануын және топырақ эрозиясын болдырмайтын шараларды жүргiзгенге дейiн суару және суландыру жүйелерiн, су қоймалары мен каналдарды;
бекітілген жобаларға сәйкес су қабылдағыштар мен басқа да құрылыстар әзiр болғанға дейiн құрғату жүйелерiн пайдалануға беруге тыйым салынады.
Екiншi бөлiм
Суды пайдалану
IV тарау
Негiзгi ережелер
24-бап. Суды пайдалану құқығы
1. Қазақстан Республикасының барлық заңды ұйымдары мен азаматтары суды пайдалануға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген реттерде өзге ұйымдар мен адамдар да суды пайдаланады.
25-бап. Суды пайдалану тәртібі мен шарттары
1. Қазақстан Республикасында суды пайдалану осы Кодекспен белгiленген тәртiпте және шарттарда жүзеге асырылады.
2. Мемлекетаралық сутоғандарынан суды пайдалану тәртібі мен шарттары мүдделi мемлекеттер арасындағы келісімдермен белгiленедi.
26-бап. Суды пайдалану түрлерi
Суды пайдалану:
жалпы және арнайы;
жеке және бiрлесiп;
бастапқы және қосалқы су пайдалануға бөлiнедi.
27-бап. Жалпы су пайдалану
1. Жалпы су пайдалану су ресурстарын жекелеген азаматтарға бекітіп бермей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстарды немесе техникалық құрылғыларды қолданбай халықтың ауызсуға және өзге де мұқтажын қанағаттандыру үшiн жүзеге асырылады.
2. Жалпы су пайдалануды жүзеге асыру үшiн арнайы рұқсаттар алудың қажетi жоқ.
3. Жалпы су пайдалануға экологиялық, техникалық және санитарлық қауiпсiздiк мақсатында шек қойылуы немесе тыйым салынуы мүмкiн.
28-бап. Арнайы су пайдалану
1. Арнайы су пайдалануға халықтың ауызсуға және тұрмыстық мұқтажын, ауылшаруашылығының, өнеркәсiптiң, энергетиканың, су көлiгiнiң, суға деген қажетiн қанағаттандыру үшiн, өзге де қажеттер үшiн, сондай-ақ өнеркәсiптiк, коммуналдық-тұрмыстық, кәрiз және басқа да пайдаланылған ақаба суды төгу үшiн, жер бетіндегі және жер астындағы суларды пайдалану жатады, аталған су пайдалану мынадай құрылыстар мен техникалық құрылғыларды:
а) жер бетіндегі суды және теңiз суын механикалық және өздiгiнен ағызып алу жөніндегі тұрақты, жылжымалы және жүзбелi құрылыстарды;
б) жер асты суын алу үшiн сорап қондырғылармен жабдықталған бас саға құрылыстарын;
в) жер асты суын пайдалануға арналған, су деңгейiн ерiксiз төмендетпей жұмыс iстейтiн шегендi құдықтар, су көздерiнiң қоршаулары мен басқа да шағын құрылыстарды;
г) өнеркәсiптiк коммуналдық-тұрмыстық, тоспалық-кәрiздiк, нөсер суын және басқа да пайдаланылған ақаба суды, сондай-ақ шахталардан, карьерлерден, разрездерден айдап шығарылған суды жер бетіндегі және теңiз суына ағызуға арналған су бұрғыш құрылыстарды;
д) пайдаланылған ақаба суды жер астының сулы қабатына төгуге арналған сiңiргiш скважиналар мен құдықтарды;
е) ақаба суды егiс алаңын суландыруға жiберуге арналған құрылыстарды;
ж) бөгендер және басқа да су жинау мен суды реттеушi құрылыстарды (оның iшiнде уақытша қалқалаушы құрылыстарды);
з) гидравликалық электр станцияларды;
и) сумен жабдықтауға, пайдаланылған суды төгуге арналған, сондай-ақ суды суытуға арналған жылу және атом электр станцияларының су шаруашылық құрылыстарын;
к) суару, суландыру, суару-суландыру және құрғату жүйелерiн;
л) су жинау құрылыстары арқылы кемелер мен салдардың өтуiн қамтамасыз ететiн кеме өткiзетiн және ағаш өткiзетiн құрылыстарды;
м) судың жай-күйiне әсер ететiн басқа да техникалық құрылғыларды қолдану арқылы жүргiзiледi.
2. Заңды ұйымдар мен азаматтар арнайы су пайдалануды осы Кодекстiң 34-бабымен белгiленген тәртiппен берiлген рұқсат негiзiнде жүзеге асырады.
29-бап. Суды жеке пайдалану
1. Суды жеке пайдалануды талап ететiн қызметтi жүзеге асыру үшiн заңды ұйымдар мен азаматтарға сутоғандар немесе олардың бөлiктерi жеке пайдалануға берiледi.
2. Басқа су пайдаланушылардың жеке пайдалануға берiлген сутоғандарын пайдалануына осы Кодекстiң 36-бабында көзделген жағдайларда жол берiледi.
30-бап. Суды бiрлесiп пайдалану
1. Жеке пайдалануға берiлген сутоғандарды немесе олардың бөлiктерiн қоспағанда, сутоғандар түрлi заңды ұйымдар мен азаматтардың бiрлесiп пайдалануында болуы мүмкiн.
2. Суды бiрнеше пайдаланушыға берген кезде төмен орналасқан су пайдаланушылардың мүдделерi бiрiншi кезекте қанағаттандырылады.
3. Су пайдаланушылар өзара мүдделердi ескеруге, бiр-бiрiне суды пайдалану құқығын жүзеге асыруды қиындатпауға және зиян келтiрмеуге мiндеттi.
31-бап. Бастапқы су пайдалану
Арнайы рұқсат негiзiнде су тоғандарынан су алуды жүзеге асыратын заңды ұйымдар мен азаматтардың суды пайдалануы бастапқы су пайдалану болып табылады.
32-бап. Қосалқы су пайдалану
1. Бастапқы су пайдаланушылардан су алатын заңды ұйымдар мен азаматтардың суды пайдалануы қосалқы су пайдалану болып табылады.
2. Бастапқы су пайдаланушылар арнайы су пайдалануға берiлген рұқсаттарда көзделген лимиттерге және шарттарға сәйкес су көздерiнiң сулылығын ескере отырып қосалқы су пайдаланушыларға су беруге кепiлдiк бередi.
33-бап. Сутоғандарын жеке пайдалануға
беретiн органдар
Толық немесе iшiнара жеке пайдалануға мыналар:
а) Қазақстан Республикасының Үкіметі - республика аумағында орналасқан кез келген тұйық /ақпайтын сутоғандарды/;
б) су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органмен келісім бойынша:
облыстық атқарушы орган - облыстың әкiмшiлiк шекаралары шегiнде орналасқан, ауданаралық пайдаланудағы тұйық /ақпайтын/ сутоғандарын;
аудандық атқарушы орган - ауданның әкiмшiлiк шекаралары шегiнде орналасқан тұйық /ақпайтын/ сутоғандарын;
қалалық атқарушы орган - қала шекарасы шегiнде орналасқан тұйық /ақпайтын/ сутоғандарын бередi.
34-бап. Арнайы су пайдалануға рұқсат
беретiн органдар
1. Арнайы су пайдалануға рұқсатты:
үстiңгi қабаттағы суларын пайдалануға - табиғатты қорғаудың мемлекеттік органымен келісім бойынша су ресурстарын басқаратын мемлекеттік орган;
жер асты суларын пайдалануға - су ресурстарын және табиғатты қорғайтын мемлекеттік басқару органымен келісім бойынша геология және жер қойнауын қорғайтын мемлекеттік орган бередi.
2. Арнайы су пайдалануға келiсу және рұқсаттарды беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
35-бап. Жалпы су пайдалануды жүзеге асыру
1. Жалпы су пайдалану кезiнде табиғатты қорғайтын, су ресурстарын басқаратын мемлекеттік органның және мемлекеттік санитарлық қадағалауды, жер қойнауын, балық қорларын қорғауды жүзеге асыратын, кеме қатынастары мен ағаш ағызуды реттейтiн органдардың талаптарын, сондай-ақ суда адамдардың өмiрiн қорғау ережелерiн сақтау мiндеттi болып табылады.
2. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар азаматтардың өмiрi мен денсаулығын қорғау, экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында шомылуға, қайықпен жүзуге, ауызсу мен тұрмыс мұқтаждары үшiн су алуға, мал суаруға тыйым салынатын жерлердi белгiлейдi, сондай-ақ өздерiнiң әкiмшiлiк шекаралары шегiнде орналасқан сутоғандарда жалпы су пайдаланудың басқа да шарттарын анықтайды.
3. Жалпы су пайдалану шарттары туралы ұсыныстарды табиғатты қорғайтын, су ресурстарын басқаратын, санитарлық қадағалау жасайтын мемлекеттік органдар және басқа да мүдделi органдар енгiзедi.