Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы Қазақстан
Республикасының 1992 жылғы 4 шілдедегі № 1543-XII Заңы
(2005 ж. 1 қаңтарға берілген өзгерістерімен)
2006.31.01. № 124-III ҚР Заңымен күші жойылды
Осы Заң жеке кәсіпкерлікті қорғау мен оны қолдаудың негізгі түрлері мен әдістерін белгілейді, мемлекеттің жеке кәсіпкерлік қызметке тікелей араласудан бас тарту саясатын, жеке кәсіпкерлердің барынша еркіндігін, коммерциялық құпияның қорғалуын және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың жеке кәсіпкерлердің хұқықтарын бұзғаны үшін жауаптылығын баянды етеді.
1 ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I; 29.11.99 ж. № 488-I Заңдарымен 1-бап өзгертілді
1-бап. Жеке кәсіпкерлік ұғымы
1. Жеке кәсiпкерлiк - азаматтардың өздерiнiң (жеке кәсiпкерлiк) немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың (заңды тұлғалардың жеке кәсiпкерлiгi) меншiгiне негiзделген және азаматтардың немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың атынан олардың тәуекелiмен және мүлiктiк жауапкершiлiгiне алынып жүзеге асырылатын, азаматтардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың табыс табуға бағытталған бастамашылық қызметi.
3. Жеке кәсіпкерлердің меншігіне қол сұғуға болмайды, ол заңмен қорғалады.
Жеке кәсіпкер болып табылатын шаруашылық жүргізуші субъектінің қызметін тоқтата тұру және оны күштеп тарату сот шешімімен ғана жүргізілуі мүмкін. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайлардан басқа кезде жеке кәсіпкерлердің қызметін шектеуге болмайды.
2-бап. Жеке кәсіпкерлікті қорғау туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлікті қорғау жөніндегі қатынастар осы Заңмен және Қазақстан Республикасының оған қайшы келмейтін басқа да заң актілерімен реттеледі.
2. Осы Заңмен реттелмеген мәселеде азаматтық заңдар нормалары қолданылады.
3. Басқа мемлекеттердің азаматтары мен заңды тараптары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке кәсіпкерлік саласында Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тараптары пайдаланатындай құқықтарды пайдаланады және сондай міндеткерлікте болады, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайлар бұған жатпайды.
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I; 08.05.03 ж. № 411-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 3-бап өзгертілді
3-бап. Жеке кәсіпкерлік қызметті құқық реттеу шектері
1. Жеке кәсіпкерлік қызмет мемлекеттің ғана құзыретіне жататын заңдылықты сақтау, қоғам мен азаматтардың қорғанысы мен қауіпсіздігі, салықтық, кедендік, валюталық, бағалық және монополияға қарсы реттеу, әлеуметтік кепілдіктер беру, экологиялық, санитариялық және өртке қарсы нормаларды сақтау сияқты мәселелер бойынша ғана шектелуі мүмкін.
2. алып тасталды
3. Мемлекеттік өкімет пен басқару органдарының жеке кәсіпкерлермен салыстырғанда мемлекеттік шаруашылық жүргізуші органдар мен кәсіпорындардың артықшылық жағдайын белгілейтін актілер шығаруына тыйым салынады.
ҚР кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің және бақылаудың жекелеген мәселелері ҚР Үкіметінің 23.08.99 ж. № 1225 қаулысын қараңыз
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I Заңымен 4-бап өзгертілді; ҚР 13.10.03 ж. № 487-II Заңымен 4-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4-бап. Жеке кәсіпкерлік қызмет субъектілері
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мыналар жатады:
өзіндік кәсіпкерлік субъектілері;
микробизнес субъектілері;
шағын кәсіпкерлік субъектілері;
орта кәсіпкерлік субъектілері;
ірі бизнес субъектілері.
2. Заңды тұлға құрмай және заңды тұлғаның белгілері болмаған жағдайда кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар өзіндік кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
Заңды тұлға құрмаған жеке тұлғалар және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, қызметкерлерінің жыл ішіндегі орташа саны 10 адамға дейінгі заңды тұлғалар микробизнес субъектілері болып табылады. Микробизнес субъектілері шағын кәсіпкерліктің құрамына кіреді.
Заңды тұлға құрмаған жеке тұлғалар және кәсіпкерлік қызметпен айналысатын, қызметкерлерінің жыл ішіндегі орташа саны 50 адамнан аспайтын және жыл бойғы активтерінің жалпы құны алпыс мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен аспайтын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
Заңды тұлға құрмаған жеке тұлғалар және кәсіпкерлік қызметпен айналысатын, қызметкерлерінің жыл ішіндегі орташа саны 250 адамға дейінгі және жыл бойғы активтерінің жалпы құны үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын заңды тұлғалар орта кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылады.
Кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын, қызметкерлерiнiң орташа жылдық саны 250 адамнан астам немесе активтерiнiң жалпы құны бiр жыл iшiнде үш жүз жиырма бес мың еселенген айлық есептiк көрсеткiштен асатын заңды тұлғалар iрi бизнес субъектiлерi болып табылады.
3. Жеке кәсiпкерлiктiң барлық субъектiлерiнiң кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тең құқықтары бар.
4. Осы баптың 2-тармағында белгiленген шарттардың бiрi артық болып кеткен жағдайда шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне жатады, тиiсiнше орта кәсiпкерлiк субъектiлерi iрi бизнес субъектiлерiне жатады.
5. Шағын және өзiндiк кәсiпкерлiк субъектiлерi қызметiнiң жекелеген мәселелерi Қазақстан Республикасының заң актілерімен реттеледi.
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I; 29.11.99 ж. № 488-I Заңдарымен 5-бап өзгертілді
5-бап. Жеке кәсiпкерлiктiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау
1. Мемлекет жеке кәсiпкерлiк қызметтiң еркiндiгiне кепiлдiк бередi және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi. Мемлекет, егер осы Заңда және басқа да заң актілерінде өзгеше көзделмесе, жеке кәсiпкерлiк өз қызметiн еркiн және толық көлемiнде жүзеге асыру құқығын қамтамасыз етедi.
2. Жеке кәсiпкерлердiң құқықтары мен заңды мүдделерi:
1) лицензияланатын қызмет түрлерiн қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметтi кiмнiң болса да рұқсатын алмай-ақ жүзеге асыру мүмкiндiгi;
2) жеке кәсiпкерлердi бiр тiркеу органында барынша оңайлатылған, келiп тiркелу тәртібімен;
3) мемлекеттік органдар жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлiк қызметтi тексерудi заң актілерімен шектеу;
4) жеке кәсiпкерлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзатын мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары мен мемлекеттік органдар актілерінiң әрекеттерiне немесе әрекетсiздiгiне сотқа шағымдану;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағын кәсiпкерлiк субъектiсi болып табылатын жеке кәсiпкердiң қызметiн заң актiсiнде көзделген негiз бойынша шығарылған сот шешiмi бойынша ғана мәжбүрлеп тоқтату немесе тоқтата тұру;
6) жеке кәсiпкерлiк үшiн тыйым салынған немесе шек қойылған жұмыстардың тiзбесiн, тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтер түрлерiн заң актілерімен ғана белгiлеу;
7) мемлекеттік органдарды, лауазымды адамдарды, сондай-ақ өзге де тұлғалар мен ұйымдарды жеке кәсiпкерлердiң қызметiне заңсыз кедергi келтiргенi үшiн заң актілерімен белгiленген жауапқа тарту;
8) заңдарда көзделген өзге де амалдар арқылы қорғалады.
6-бап. ҚР 02.07.97 ж. № 144-I Заңымен алып тасталды
7-бап. ҚР 02.07.97 ж. № 144-I Заңымен алып тасталды
2 ТАРАУ. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІ
МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I; 24.12.01 ж. № 276-II Заңдарымен 8-бап өзгертілді
8-бап. Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік тіркеу
1. Заңды тұлға - жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарымен реттеледi.
Жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу ешкімнің келісімін алмай-ақ жүргізіледі және оларды азаматтың тұрғылықты жерi бойынша аумақтық салық органында (бұдан әрi тiркеушi орган) шаруашылық жүргізуші субъектілер ретінде есепке қоюды көздейді.
2. Шаруашылық жүргізуші субъект ретінде мемлекеттік тіркеу сонымен бірге оны сыртқы экономикалық қызмет субъектісі ретінде тіркеу де болып табылады.
3. Жеке кәсіпкер тіркеу карточкасында заң тыйым салған қызмет түрін көрсеткен жағдайда ғана тіркеуден бас тартылуы мүмкін. Бұл орайда тіркеу органы қызметтің бұл түріне тыйым салатын нақты заң актісін көрсете отырып арыз берушіге дәлелді жазбаша жауап қайтаруға тиіс.
4. Мынадай шарттардың бiрiне сәйкес келетiн:
1) жалдама қызметкерлердiң еңбегiн тұрақты негiзде пайдаланатын;
2) кәсiпкерлiк қызметтен салық заңдарына сәйкес есептелген, Қазақстан Республикасының заң актілерінде жеке тұлғалар үшiн белгiленген жиынтық жылдық табыстың салық салынбайтын мөлшерiнен артық жиынтық табыс табатын жеке кәсiпкерлер мiндеттi мемлекеттік тiркеуге жатады.
Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік тiркеусiз аталған және кәсiпкерлердiң қызметiне тыйым салынады.
5. Осы баптың 4-тармағында аталмаған жеке кәсiпкерлер өздерiнiң қалауы бойынша жеке кәсiпкер ретiнде тiркеледi.
Осы баптың 4-тармағында аталғандардан басқа жеке кәсiпкерлерде мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктiң болмауы кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру үшiн кедергi болмайды.
6. Қызметiн мемлекеттік тiркеусiз жүзеге асыратын жеке кәсiпкердiң мәмiлелер жасасқан кезде өзiнiң кәсiпкер болып табылмайтынына сiлтеме жасауға хақы жоқ.
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I Заңымен 9-бап өзгертілді
9-бап. Жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу тәртібі
1. Тіркеу белгіленген үлгідегі тіркеу карточкасы негізінде жүргізіледі, оны кәсіпкер тіркеу органына береді, Карточканы кәсіпкер жеке өзі келіп көрсетеді не почта арқылы жібереді.
2. Жеке кәсiпкерлердi мемлекеттік тiркеу заң актілерінде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Заңды тарап ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызмет жүргізетін азаматтың тіркеу карточкасында фамилиясы, аты, әкесінің аты, туған уақыты мен орны, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері (құжаттың сериясы мен нөмірі, кім және қашан берген), тұрғылықты орны, жинақтап айтылған кәсіпкерлік қызмет түрі, өндірістік үй-жайы болған жағдайда - оның тұрған жері көрсетіледі.
Карточкаға азамат қол қояды, оның қолының растығы ноториалдық тәртіппен (карточка почта арқылы жіберілген кезде) не жеке басты куәландыратын құжатты көрсету жолымен (карточканы жеке өзі келіп тапсырған кезде) куәландырылады.
4. Тіркеу карточкасында көрсетілген деректер өзгерген жағдайда кәсіпкер оған өзгерістерді түсіруге міндетті.
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I Заңымен 10-бап алып тасталды
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
11-бап. Мемлекеттік тiркеу туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Мемлекеттік тiркеуден өтпеген жеке кәсіпкерлiкке, егер заң актілерінде басқаша көзделмесе, жол берiлмейдi. Мемлекеттік тiркеуден өтпеген қызметтен алынған кiрiс бюджеттiң кiрiсiне алынады.
2. Кәсiпкердiң заңдарда белгiленген тәртiппен қайта тiркелуiн талап ететiн деректердiң өзгергенi туралы мәлiметтердiң бiр ай мерзiм iшiнде берiлмеуi қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жауаптылыққа әкелiп соғады.
3. Егер кәсiпкер белгiленген мерзiмде тiркелмесе немесе оны тiркеуден бас тартылған болса, онда ол тiркеушi органның орналасқан жерi бойынша сотқа шағымдануға хақылы.
Тiркеушi орган заңды тұлғаны тiркеуден заңсыз бас тартқан жағдайда, өтiнiш берушi өзiнiң шеккен зиянын сот тәртібімен өндiрiп берiлуiн талап етуге хақылы.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Тіркелген кәсіпкердің қызметін мемлекеттік қадағалау мен бақылауды ұйымдастыру
Тіркеуші орган кәсіпкерді тіркеген соң мемлекеттік қадағалау мен бақылау органдарына (салық қызметі, санитариялық, өрт, техникалық, экологиялық қадағалау органдарына, және басқа тиісті органдарға) шаруашылық жүргізуші субъектінің пайда болғаны туралы хабарлайды.
3 ТАРАУ. ЖЕКЕ КӘСІПКЕРДІҢ ШАРУАШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ
13-бап. Жеке кәсіпкердің шаруашылық қызметті жүзеге асыруы
1. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынбаған болса, құрылтай және тіркеу құжаттарында көзделген-көзделмегеніне қарамастан жеке кәсіпкер шаруашылық қызметтің кез келген түрін жүзеге асыра алады.
2. Жеке кәсіпкерлер өндірген және сатып алған товарларын (жұмысты, қызметті) дербес өткізеді. Олар мемлекеттік тапсырысты ерікті және шарттық негізде орындайды.
3. Мемлекеттік өкімет пен басқару органдарына:
- белгілі бір тұтынушыларға товарлар беру (жұмыстар орындау, қызметтер көрсету) туралы жеке кәсіпкерлерге нұсқау беруге;
- республиканың бір аймағынан екінші аймағына азық-түлікті қоса товарлар алып келу және алып кету жөнінде жеке кәсіпкерлерге шектеулер қоюға;
- осы Заңның 18-бабы екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда жеке кәсіпкерлер өткізетін товарларға (жұмыстарға, қызметтерге), соның ішінде сауда үстемесі мөлшерін, не рентабельділіктің шекті деңгейлерін белгілеу жолымен баға белгілеуге тыйым салынады.
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I; 11.07.97 ж. № 154-I; 24.12.01 ж. № 276-II Заңдарымен 8-бап өзгертілді
14-бап. Жеке кәсіпкерлік қызмет еркіндігін құқықтық жағынан қамтамасыз ету
Жеке кәсіпкерлік қызмет еркіндігін қамтамасыз ету мақсатымен жеке кәсіпкерге мынадай құқықтарды жүзеге асыру мүмкіндігіне кепілдік беріледі:
- ұйымдастырылуы Қазақстан Республикасының заң актілеріне қайшы келмейтін кәсіпорындардың кез келген түрін құру;
- мемлекеттік кәсіпорындардың және меншіктің басқа да түрлеріне негізделген кәсіпорындардың мүлкін, өзге де мүлікті және соларға байланысты мүліктік құқықтарды толық немесе ішінара сатып алу. Құрылыстар мен ғимараттарға (аяқталмаған құрылысты қоса) меншік құқығы көшкен кезде Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жер учаскесiне меншiк немесе тұрақты жер пайдалану құқығы осы объектілермен бірге көшеді;
- өз мүлкімен және заңды негізде алынған мүлікпен басқа шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне қатысу;
- тараптардың келісімі бойынша заңды тараптар мен азаматтардың мүлкін пайдалану;
- келісім шарт жағдайымен немесе Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтін өзгедей жағдайлармен қанша қызметкер болса да жалдау және жұмыстан шығару;
- еңбекақы төлеу түрлерін, жүйесі мен мөлшерін және жалданып жұмыс істейтін адамдар табысының басқа да түрлерін белгілеу;
- шаруашылық қызмет жүргізу бағдарламасын қалыптастыру, өнім берушілер мен өндірілген өнімді (жұмысты, қызметті), тұтынушыларды таңдап алу, шарттық негізде жұмыстар атқарып, мемлекеттік қажеттер үшін өнім беру;
- осы Заңның 18-бабы екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда өткізілетін товарларға (жұмыстарға, қызметтерге) бағаларды, нарықтарды және тарифтерді дербес белгілеу;
- банкілік, соның ішінде ақша сақтау, есеп айырысу, кредит және касса операцияларының барлық түрін жүргізу үшін банкілерден есеп ашу;
- Кәсiпкерлiк қызметтен түскен пайданың (табыстың) салықтарды және басқа да мiндеттi төлемдердi төлегеннен кейiн қалғанын еркiн жұмсау;
- мөлшеріне шек қойылмайтын табыс табу;
- өз таңдауы бойынша әртүрлі әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру жүйелерін (мемлекеттік және мемлекеттік емес) пайдалану;
- өзінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайтын мемлекеттік және басқа органдардың әрекетіне белгіленген тәртіппен шағым жасау;
- сыртқы экономикалық қатынастарға қатысу және валюта операцияларын жасау;
- егер Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтін болса, кәсіпкерлік қызметке байланысты өзге де жұмыстар істеу.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 15-бап өзгертілді
15-бап. Кәсіпкердің кәсіпкерлік қызмет жүргізу кезіндегі міндеттері
Жеке кәсіпкер:
- еңбек заңдарына сәйкес жалдау бойынша алатын азаматтармен шарттар (келісім шарттар), сондай-ақ еңбек ұжымдарының талабы бойынша ұжымдық шарттар жасауға;
- жалдамалы қызметкерлер өздерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау үшін кәсіптік одақтарға бірігуіне кедергі жасамауға;
- жалданып жұмыс істейтін адамдардың еңбегіне ақыны заң актілерінде белгіленген ең төменгі мөлшерден кем емес деңгейде төлеуге;
- қолданылып жүрген ережелер мен нормаларды басшылыққа ала отырып экологиялық қауіпсіздікті, еңбек қорғауды, қауіпсіздік техникасын, өндірістік гигиена мен санитарияны қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдануға;
- салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi дер кезінде және толық төлеуге және мемлекеттің алдында басқа да қаржы міндеттемелерін орындауға;
- Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес лицензиялауға жататын салаларда қызметіне, арнайы келісім (лицензия) алуға;
- Қазақстан Республикасы заңдарында көзделген өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I Заңымен 16-бап жаңа редакцияда
16-бап. Жеке кәсiпкерлiк қызметтi лицензиялау
Жеке кәсiпкерлiк қызметтi лицензиялау заң актілерінде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I Заңымен 17-бап жаңа редакцияда
17-бап. Жеке кәсiпкерлерге банк қызметiн көрсету
Жеке кәсiпкерлерге банк қызметiн көрсету Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шарттар негiзiнде және тараптардың келісімiмен жүзеге асырылады.
18-бап. Жеке кәсіпкерлер өндірген товарлардың бағасы
1. Жеке кәсіпкерлер өзі шығарған, сондай-ақ сырттан сатып алған өз товарларын (жұмысын, қызметін) дербес белгілейтін бағалар (нарықтар, тарифтер) бойынша немесе шарттық негізде өткізеді.
2. Жеке кәсіпкерлер өндірген товардың бағасын мемлекеттің тікелей реттеуіне кәсіпкер рыноктағы өз монополиялық жағдайын теріс ниетпен пайдаланған ретте жол беріледі.
Монополиялық көтеріңкі бағаларға жол бермеу мақсатында мемлекеттік бағалар белгілеу монополияға қарсы заңдарда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-I Заңымен 19-бап жаңа редакцияда
19-бап. Жеке кәсiпкерлердiң сыртқы экономикалық қызметi
Жеке кәсiпкерлердiң сыртқы экономикалық қызметi Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарымен реттеледi.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 20-бап өзгертілді
20-бап. Жеке кәсіпкерлердің қызметін мемлекеттік бақылау мен қадағалау
1. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға кедергі жасамауға тиіс.
2. Бақылау мен қадағалау құқын заң арқылы арнайы осындай құқық берілген мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар ғана пайдаланады.
3. Мемлекеттік органдар жеке кәсіпкерлердің қаржы-шаруашылық қызметіне ревизияны кәсіпкерлердің өз келісімімен ғана жүргізе алады, қылмыстық іс қозғау бойынша жүргізілетін ревизиялар бұған жатпайды.
4. Бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырушы мемлекеттік органдардың тексерулерi олардың құзыретiне қатаң сәйкес түрде жүргiзiледi.
Тергеу және тексеру органдарының тексерулері қозғалған қылмыстық істер бойынша іздестіру немесе тергеу жұмыстары тәртібімен ғана жүргізілуі мүмкін.
5. Түпнұсқа бухгалтерлік және өзге құжаттарды алып қоюға және олардың арасынан беттер алуға тыйым салынады. Бұған ерекше жағдайларда тәртіп бұзуды тыю шарасы ретінде не қылмысты іс жөніндегі айғақ ретінде жол беріледі.
4 ТАРАУ. КОММЕРЦИЯЛЫҚ ҚҰПИЯНЫ САҚТАУ
21-бап. Коммерциялық құпияны сақтау
1. Коммерциялық құпия дегеніміз - жариялануы (берілуі, сыртқа мәлім болуы) шаруашылық жүргізуші субъектінің мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін өндіріске, технологиялық хабарламаға, басқаруға, қаржыға және оның басқа да қызметіне байланысты мемлекеттік құпия емес мәліметтер. Коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтердің құрамы мен көлемін шаруашылық жүргізуші субъектілер анықтайды, бұл туралы мүдделі адамдарға жазбаша түрде хабарланады.
2. Коммерциялық құпияны қорғау дегеніміз - осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді жариялауға тыйым салу, яғни мәліметтерді белгілі бір немесе белгісіз адамдар тобы арасында қабылдауға болатын кез келген түрде таратуға тыйым салу, сондай-ақ ондай мәліметтерді басқа бір адамға беруге тыйым салу.
3. Егер ол коммерциялық құпия құқы субъектісіне зиян келтіретін болса, коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерді заңсыз алған адам оларды қарақан басының қамына пайдалануға құқығы жоқ.
Басқа шаруашылық жүргізуші субъектінің коммерциялық құпиясы болып табылатын өндірістік, ұйымдық, қаржылық және өзге жаңалықтар коммерциялық құпия режимін бұзбай алынған болса, оларды пайдаланатын шаруашылық жүргізуші субъектілерге тыйым салынбайды.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II Заңымен 22-бап өзгертілді
22-бап. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың коммерциялық құпияны қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары шаруашылық жүргізуші субъектілерді тіркеу кезінде, олардың қызметін тексеру, жұмыс жағдайларын бақылау кезінде және осы органдардың міндеттерінен туындайтын басқа да әрекеттер жасау кезінде алынған коммерциялық құпияға жататын мәліметтерді жарияламауға тиіс. Заң актілерінде көзделген жағдайларда уәкілетті мемлекеттік органдарға ақпарат беру коммерциялық құпияны жария ету болып табылмайды.
Тіркеу, тексеру және бақылау міндеттерін атқару кезінде мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар заң актілерінде белгіленген өздерінің бақылау және қадағалау қызметін жүзеге асыру мақсатында қажет мәліметтерден өзге коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерді талап етуге құқығы жоқ. Мемлекеттік органдарға әртүрлі анықтамалар, мәліметтер немесе өзге де деректер берген кезде де осындай шектеулер қолданылады.
2. Құқық қорғау органдары прокурордың санкциясы, тергеу органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулысы негізінде не сот қаулысы негізінде коммерциялық құпия болып табылатын мәліметтерді пайдалануға мүмкіндік алады.
Коммерциялық құпияға жататын және құқық қорғау органдары іздестіру жұмыстарын жүргізу, тексеру, тергеу немесе сот ісін жүргізу кезінде пайдаланған материалдарды жариялауға болмайды.
ҚР 02.07.97 ж. № 144-I Заңымен 23-бап өзгерді
23-бап. Коммерциялық құпия емес мәліметтер
1. Мемлекеттік статистикалық есептілікке жататын, сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметінің мемлекеттік бақылау мен қадағалау объектісі болып табылатын жақтарына қатысты мәліметтер коммерциялық құпия болмайды.
2. Шаруашылық жүргізуші субъект өз қызметкерлеріне, акционерлерге, үлес қосушыларға және тиісті адамдарға келісім шарт бойынша жалақыны, сый ақшаны, авторлық қаламақыны, дивидендтерді есептеу дұрыстығын тексеруге, мүліктегі, кірістегі, пайдадағы өздерінің үлесін анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді пайдалануға беруге міндетті.
3. Заңдарда немесе құрылтай құжаттарында міндетті түрде жариялануға не акционерлерге, шаруашылық серіктестігінің мүшелеріне (қатысушыларына), немесе өзге де белгілі бір адамдар тобына міндетті түрде хабарлануға тиіс мәліметтер тізбесі белгіленуі мүмкін.
Бұл мәліметтерге, атап айтқанда, мемлекеттік реестрде бар деректер, бір жылдық кәсіпкерлік қызметтің баланстық қорытындылары, соның ішінде баланс айырмасы, жарғылық қор сомасы, кредиторлық және дебиторлық қарыздың жиынтық сомасы, пайда мен шығын есебінің айырмасы, мемлекеттік статистикалық есептілік ережелеріне сәйкес жариялануға тиіс деректер жатады.
4. Осы Заңның 3-бабының бірінші бөлігіне сәйкес тек қана мемлекеттің құзыретіне жататын мәселелер жөніндегі мәліметтерді жасырып қалуды болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі мәліметтері коммерциялық құпия бола алмайтын қызмет түрлерінің тізбесін белгілейді.
5 ТАРАУ. КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТКЕ ЗАҢСЫЗ КЕДЕРГІ
ЖАСАҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
24-бап. Кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін заңсыз бұзғаны үшін жауаптылықтың жалпы негіздері мен түрлері
1. Мемлекет органдар не лауазымды адамдар еркін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың мүмкін болмауына, оның көлемін, жекелеген түрлерінің таралу саласын шектеуге және кәсіпкерлік үшін өзге де кедергілерге апарып соғатын әрекеттері үшін осындай органдар мен лауазымды адамдар заң актілерімен белгіленген жауаптылықта болады.
Егер кәсіпкерлік қызметті шектеу жөніндегі әрекеттер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заң актісінде тікелей айтылған немесе оларға рұқсат берілген болса, жауаптылық қолданылмайды.
2. Мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңға негізделмеген, кәсіпкерлік қызметті шектейтін тыйымдары жарамсыз болып табылады және орындалмауға тиіс.
Кәсіпкерлік қызметтеріне заңсыз кедергі жасалуы салдарынан шаруашылық жүргізуші субъектілерге келген барлық шығын, аталған субъектілердің талаптары бойынша алынбай қалған кірісті қоса, сот тәртібімен толық өтелуге тиіс. Осы Заңның 27-30-баптарында көзделген айыппұлдар да осындай тәртіппен өндіріп алынады.
Егер заңсыз әрекетті мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар жасаған болса, шығын тиісті бюджет қаражаты есебінен өтеледі. Бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік басқару органдарынан өндіріп алынатын айыппұлдар да осы Заңның 27-30-баптарында көзделген негіздер бойынша осы бюджеттер есебінен төленеді.
ҚР 29.11.99 ж. № 488-I Заңымен 25-бап өзгертілді
25-бап. Кәсіпкерлік қызметке кедергі жасағаны үшін жауаптылық
Мемлекеттік органдар немесе лауазымды адамдар кәсіпкерлік қызметке кедергі жасайтын әрекеттер жасаған (тіркеуден негізсіз бас тарту, тіркеу туралы куәлік беру мерзімін бұзу; лицензия, патент беруден бас тарту, оларды беру мерзімін бұзу; тиісті кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру онсыз мүмкін болмайтын жағдайда жер учаскесін бөлуді негізсіз кешіктірмеу; кәсіпкерлік қызметті толық немесе ішінара негізсіз тоқтату немесе тоқтата тұру және өзге де жағдайда) өтелуге тиіс шығындар көлеміне шаруашылық жүргізуші субъект осы қызметті ойдағыдай жүзеге асырған кезде алуына болатын пайда қосылуға тиіс.