Қоршаған ортаны қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 15 шiлдедегi № 160-I Заңы
(2006.29.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР 2007 жылғы 9 қаңтардағы № 212-III Кодексімен күші жойылды
1 тарау. Жалпы ережелер (1 - 4 баптар)
2 тарау. Азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң (5 - 6 баптар)
қоршаған ортаны қорғау саласындағы
құқықтары мен мiндеттерi
3 тарау. Мемлекеттiк өкiмет пен жергiлiктi өзiн-өзi (7 - 10 баптар)
басқару органдарының қоршаған ортаны қорғау
саласындағы құзыретi
4 тарау. Табиғи ресурстар мен табиғат пайдалану (11 - 20 баптар)
5 тарау. Табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған (21 - 23 баптар)
ортаны қорғау жөніндегі қызметтi лицензиялау
6 тарау. Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың (24 - 25 баптар)
мониторингi
7 тарау. Қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық (26 - 34 баптар)
тетiгi
8 тарау. Экологиялық нормалау (35 - 42 баптар)
9 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы (43 - 45 баптар)
стандарттау мен сертификаттау
10 тарау. Шаруашылық және өзге қызметке қойылатын (46 - 62 баптар)
экологиялық талаптар
11 тарау. Экологиялық сараптама (63 - 65 баптар)
12 тарау. Қоршаған ортаны қорғаудың экологиялық, (66 - 67 баптар)
ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды
объектiлерi
13 тарау. Төтенше экологиялық ахуал және (68 - 70 баптар)
экологиялық апат аймақтары
14 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы (71 - 72 баптар)
ақпарат пен мемлекеттік статистика
15 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы (73 - 75 баптар)
экологиялық тәрбие мен білім беру,
ғылыми зерттеулер
16 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бақылау (76 - 80 баптар)
17 тарау. Экологиялық аудит (81 - 83 баптар)
18 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы дауларды (84 - 86 баптар)
шешу және қоршаған ортаны қорғау туралы
заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
19 тарау. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы (87 - 89 баптар)
халықаралық ынтымақтастық
09.12.04 ж. № 8-III ҚР Заңымен мәтіндегі сөздері өзгерді (бұр. ред. қара)
Табиғат пен оның байлықтары Қазақстан Республикасы халықтарының өмiрi мен қызметiнiң, олардың тұрақты әлеуметтiк-экономикалық дамуы мен әл-ауқатын арттырудың табиғи негiзi болып табылады.
Осы Заң қазiргi және болашақ ұрпақтардың мүдделерi үшiн қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық, экономикалық, және әлеуметтiк негiздерiн белгiлейдi және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге, шаруашылық және өзге де қызметтiң табиғи экологиялық жүйелерге зиянды әсерiн болғызбауға, биологиялық алуан түрлiлiктi сақтау мен табиғатты ұтымды пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған.
09.12.04 ж. № 8-III ҚР Заңымен тараулардың тақырыптарындағы "I-XIX" деген цифрлар "1-19" деген цифрлармен ауыстырылды (бұр. ред. қара)
1 тарау. Жалпы ережелер
04.06.01 ж. № 205-II; 09.12.04 ж. № 8-III (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 71-III (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 1-бап өзгертілді ; 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр. ред .қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
аз қалдықты технология - өнімдер бірлігін шығару кезінде осы өнімдерді алудың қолданылып жүрген тәсілдерімен салыстырғанда қалдықтардың аз саны пайда болатын өнімдерді шығару процесі;
аудиттелетін субъект - экологиялық аудитормен немесе экологиялық аудиторлық ұйыммен экологиялық аудит жүргізуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
коммуналдық-тұрмыстық қалдықтар - адамның тіршілік әрекеті нәтижесінде пайда болған қалдықтар;
қалдықтарды орналастыру объектісі - полигондар, күл-қоқыс сақтау орындары, қалдық сақтау орындары, кен жыныстарының үйінділері мен қалдықтарды сақтауға және көмуге арналған басқа да арнайы жабдықталған орындар;
қалдықтардың қауіптілік сыныбы - адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға ықтимал зиянды әсер ету дәрежесі бойынша анықталатын қалдықтардың зияндылық көрсеткіші;
қалдықтардың паспорты - қалдықтардың сандық және сапалық сипаттамасын куәландыратын құжат;
қалдықтардың түрі - ортақ белгілері бар қалдықтардың жиынтығы;
қалдықтармен жұмыс істеу - қалдықтардың пайда болуына, жиналуына, сақталуына, пайдаланылуына, кәдеге жаратылуына, тасымалдануына және көмілуіне байланысты қызметтің барлық түрлері;
қалдықтармен жұмыс істеу нормативтері - қалдықтардың қоршаған ортаға әсер етуін ескере отырып, олардың пайда болуына, жиналуына, сақталуына, пайдаланылуына, кәдеге жаратылуына, тасымалдануына және көмілуіне байланысты сандық және сапалық шектеулер;
қауіпті қалдықтар - зиянды заттарды қамтитын және қауіпті қасиеттері бар (уыттылық, жарылыс қаупі, өрт қаупі, жоғары реакциялық қабілеті бар) не адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін жеке тұрғанда немесе басқа заттармен өзара әрекетке түскен кезде қауіп төндіруі мүмкін қалдықтар;
қолайлы қоршаған орта - объектілерінің жай-күйі экологиялық қауіпсіздікті және халықтың денсаулығын сақтауды, ластануға жол бермеуді, экологиялық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін, табиғи ресурстарды молықтыруды және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін орта;
қоршаған орта - табиғи объектілердің, өзара қарым-қатынастағы атмосфералық ауаны, Жердің озон қабатын, суды, топырақты, жер қойнауын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, сондай-ақ климатты қоса алғанда жиынтығы;
қоршаған ортаға және адам денсаулығына келтірілетін нұқсан (зиян) - қоршаған ортаны ластау немесе тірі организмдер мен адамның ауыруын, жұтауын немесе қырылуын, табиғи ресурстардың сарқылуын туғызған немесе туғызатындай етіп табиғи ресурстарды белгіленген нормативтерден тыс алып қою;
қоршаған ортаға ықпал етудің жол берілетін шекті нормативтері - экологиялық жүйелердің тұрақтылығын бұзуға әкеп соқпайтын, қоршаған ортаға барынша жасалуы мүмкін антропогендік ауыртпалық;
қоршаған ортаны қорғау - табиғат пен адамның өзара үйлесімді іс-қимылына, қоршаған ортаның сапасын жақсартуға, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыруға бағытталған мемлекеттік және қоғамдық шаралар жүйесі;
қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар - қоршаған ортаны қорғауға және оның сапасын жақсартуға бағытталған технологиялық, техникалық, ұйымдастырушылық, әлеуметтік және экономикалық шаралар кешені;
қоршаған ортаны қорғау объектілері - қоршаған ортаның заңнамамен қорғалатын құрамдас бөліктері;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның табиғат пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау заңнамасын, қоршаған орта сапасының нормативтерін және экологиялық талаптарды сақтауын бақылау жөніндегі қызметі;
қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган - қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік саясатты іс жүзіне асыратын Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық органдары;
қоршаған ортаны ластау - қоршаған ортаға ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттардың, радиоактивті материалдардың, өндіріс пен тұтыну қалдықтарының түсуі, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелістің, магнитті өрістердің және өзге де зиянды физикалық ықпалдардың әсері;
қоршаған ортаны ластауға лимиттер - ластағыш заттардың, өндіріс пен тұтыну қалдықтарының жалпы түсу көлемінің, сондай-ақ қоршаған ортаға шудың, тербелістің, магнитті өрістер мен өзге де зиянды физикалық ықпалдар әсері деңгейлерінің қолайлы қоршаған орта сақталатын шектері;
қоршаған ортаның мониторингі - адамды қоршаған табиғи ортаның жай-күйін бақылау және адамдардың денсаулығы мен өзге де тірі организмдерге зиянды немесе қауіп туғызатын қатерлі ахуалдар туралы ескерту;
қоршаған ортаның сапасы - қоршаған ортаның құрамы мен қасиеттерінің сипаттамасы;
ластағыш заттардың қордалануы мен ықпал ету деңгейінің жол берілетін шекті нормативтері - атмосфералық ауада, су объектілерінде, топырақта ластағыш заттардың жол берілетін құрамының және қоршаған ортаға физикалық факторлар ықпалының адам денсаулығын сақтау және өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне зиянды әсеріне жол бермеу мақсатында белгіленетін шамасы;
ластағыш заттардың шығарылуы мен тасталуына жол берілетін шекті нормативтері - атмосфераға, су объектілеріне, топыраққа шығарылатындар мен тасталатындардағы ластағыш заттардың, қоршаған ортаға жасалатын физикалық ықпалдық ол жасалған жағдайда жол берілетін ауыртпалықтың экологиялық нормативтерінің сақталуын қамтамасыз ететін көлемі;
өндіріс қалдықтары - өнімдерді шығару, өзге де технологиялық жұмыстарды орындау кезінде пайда болған және, техногендік минералдық түзілімдер мен ауыл шаруашылығы өндірісінің қалдықтарын қоса алғанда, тиісті өндірісте қолдануға қажетті бастапқы тұтыну қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтқан шикізаттардың, материалдардың, химиялық қосылыстардың қалдықтары;
өндірістік экологиялық бақылау - табиғат пайдаланушының қоршаған ортаны қорғау саласындағы мониторинг, есеп, есептілік және өзге де ішкі әкімшілік шараларды қамтитын нормативтік-құқықтық талаптарды сақталуын бақылау үшін қабылдайтын шаралар жүйесі;
стратегиялық объект - іске асырылуы табиғи ресурстарды барлау, өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу, пайдалану, республикалық маңызы бар инфрақұрылым, республикалық маңызы бар аэроғарыштық және әскери кешендер, байланыс, энергетика саласындағы қызметпен тікелей байланысты сараптама объектici;
табиғат пайдалану - адамның шаруашылық және өзге де қызметінде табиғи ресурстарды пайдалануы;
табиғат пайдаланушы - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган берген табиғат пайдалануға рұқсаттың негізінде қоршаған ортаға ластайтын заттарды шығаруға және тастауға, өндіріспен тұтыну қалдықтарын орналастыруға құқығы бар субъект;
табиғи ресурстар - қоғамның материалдық, мәдени және басқа қажеттерін қанағаттандыру үшін қоршаған ортаның шаруашылық және өзге қызмет процесінде пайдаланылатын құрамдас бөліктері;
трансшекаралық объект - іске асырылуы екі немесе одан да көп облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) және (немесе) шектес мемлекет аумағының қоршаған ортасына және адамдар денсаулығына зиянды әсер ететін немесе зиянды әсер етуі ықтимал сараптама объектici;
тұтыну қалдықтары - табиғи және моральдық тозу нәтижесінде өзінің тұтынушылық қасиетін толық немесе ішінара жойған бұйымдар, материалдар мен заттар;
шығарылудың, тасталудың үлес нормативі - өнімнің, қуаттың, көлік немесе өзге де жүріп-тұру құралдарының бірлігіне шаққанда атмосфераға, су объектілеріне зиянды (ластаушы) заттарды шығарудың, астаудың ең көп массасының нормативі, ол шығарылудың, тасталудың, технологиялық процестер мен жабдықтардың қозғалмалы, тұрақты көздері үшін белгіленеді;
экологиялық аудит - аудиттелетін субъектілердің шаруашылық және өзге де қызметін экологиялық тәуекелдерді анықтау мен бағалауға және олардың қызметінің экологиялық қауіпсіздігі деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге бағытталған тәуелсіз тексеру;
экологиялық аудитке тапсырыс берушілер - мүдделі жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сақтандыру ұйымдары, инвесторлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және өзге де мемлекеттік органдар;
экологиялық жүйе - организмдердің және олар мекендейтін жансыз ортаның өзара байланысты біртұтас функционалдық жиынтығы;
экологиялық қауіп - антропогендік және табиғи ықпалдар әсерінің, соның ішінде дүлей зілзалаларды қоса алғанда, зілзалалар мен апаттар себептерінен қоршаған ортаның жай-күйі бұзылуының, өзгеруінің болуымен немесе ықтималдығымен сипатталатын және осыған байланысты жеке адам мен қоғамның өмірлік маңызы бар мүдделеріне қауіп төндіретін жағдай;
экологиялық қауіпсіздік - жеке адамның, қоғамның өмірлік маңызды мүдделері мен құқықтарын қоршаған ортаға антропогендік және табиғи ықпал ету нәтижесінде туындайтын қатерден қорғалуының жай-күйі;
экологиялық қауіпті объект - іске асырылуы ауқымы әрі ұзақтығы бойынша қоршаған ортаға зиянды әсер ететін немесе әсер етуі ықтимал және халықтың өмірі мен денсаулығына ерекше қауіп төндіретін сараптама объектісі;
экологиялық нормалау - адамның өмір сүруі мен биологиялық алуан түрлілікті сақтау үшін қолайлы ортаны айқындайтын және қамтамасыз ететін ережелердің (нормалардың) және олардағы қоршаған ортаның жай-күйі мен оған ықпал ету дәрежесін бағалаудың сан және сапа көрсеткіштерінің (нормативтерінің) жүйесі;
экологиялық талаптар - Қазақстан Республикасының заңдық, өзге де заңға тәуелді нормативтік құқықтық және нормативтік-техникалық актілерінде қамтылған қоршаған ортаға теріс әсер ететін шаруашылық және өзге де қызметте орындауға міндетті шектеулер және ондай қызметке тыйым салу.
2-бап. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны
қорғау саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдарының мiндеттерi қоршаған ортаның сапасын жақсарту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және молықтыру, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту мақсатымен қоғам мен табиғаттың өзара iс-қимылы саласындағы қатынастарды реттеу болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, табиғи ресурстарды қорғау, молықтыру және пайдалану туралы заңдарын, сондай-ақ басқа да заң актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
Осы Заң мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастарды реттейтiн нормалары бар өзге де акт арасында қайшылық болған жағдайда соңғылары осы Заңға тиiстi өзгерістер енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылады.
Жердi, жер қойнауын, суды, атмосфералық ауаны, ормандар мен өзге де өсiмдiктердi, жануарлар дүниесiн, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектiлерiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғау және пайдалану мәселелерi осы Заңмен реттелмеген бөлiгiнде Қазақстан Республикасының тиiстi заң актілерімен және өзге де нормативтiк құқықтық актілерімен реттеледi.
2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңымен 3-бап өзгертілді
3-бап. Қоршаған ортаны қорғаудың негiзгi принциптерi
Қоршаған ортаны қорғау мынадай негiзгi:
адамның өмiрi мен денсаулығын қорғаудың басымдығы, халықтың өмiрi, еңбегi мен демалысы үшiн қолайлы қоршаған ортаны сақтау және қалпына келтiру;
Қазақстан Республикасының нарықтық қатынастар жағдайында тұрақты дамуға көшуi, адамдардың қазiргi және болашақ ұрпақтарының салауатты және қолайлы қоршаған ортаға деген қажеттерiн қанағаттандыру мақсатында қоршаған ортаның әлеуметтiк-экономикалық мiндеттерi мен проблемаларын теңдестiре отырып шешу;
экологиялық жағдайы қолайсыз аумақтардағы экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және бұзылған табиғи экологиялық жүйелердi қалпына келтiру;
табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және молықтыру, табиғатты пайдаланғаны үшiн кезек-кезеңмен ақы төлеудi енгізу және қоршаған ортаны қорғауға экономикалық жағынан ынталандыруды енгізу;
биологиялық алуан түрлiлiктi және экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше маңызы бар қоршаған орта объектiлерiн сақтауды қамтамасыз ету;
қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды мемлекеттік реттеу мен мемлекеттік бақылау, оларды бұзғаны үшiн жауапкершiлiктiң ымырасыздығы;
мемлекеттік органдардың қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі өзара іс-қимылы, қызметінің үйлестірілуі, заңдылығы және жариялылығы;
шаруашылық қызметтің экологиялық қауіпті түрлері жағдайында өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асырудың міндеттілігі;
қоршаған ортаға нұқсан келтiруге жол бермеу, қоршаған ортаға ықпал ету мүмкiндiгiн бағалау;
халықтың, қоғамдық бiрлестiктер мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қоршаған ортаны қорғау саласында белсендi түрде және демократиялық жолмен қатысуы;
халықаралық құқық негiзiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық принциптерiн сақтау негiзiнде жүзеге асырылады.
4-бап. Қоршаған ортаны қорғау объектiлерi
Жойып жiберуден, бүлiнуден, зақымданудан, азып-тозудан, ластанудан, ұтымды пайдаланбаудан және өзге де зиянды ықпал етуден:
жер, оның қойнауы, су, атмосфералық ауа, ормандар мен өзге де өсiмдiктер, жануарлар дүниесi;
табиғи экологиялық жүйелер, климат және Жердiң озонды қабаты қорғалуға тиiс.
Экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектiлерi, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар ерекше қорғалуға тиiс.
2 тарау. Азаматтар мен қоғамдық бiрлестiктердiң
қоршаған ортаны қорғау саласындағы
құқықтары мен мiндеттерi
5-бап. Азаматтардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы
құқықтары мен мiндеттерi
1. Әрбiр азаматтың және Қазақстан Республикасының аумағында тұратын азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ шетелдiктердiң өз өмiрi мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаға, оның жай-күйi туралы дұрыс ақпарат алуға, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың бұзылуы салдарынан өз денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалдың өтелуiне алуға құқығы бар.
2. Азаматтардың:
белгiленген тәртiппен табиғи ресурстарды пайдалануға, оларды қорғау және молықтыру жөніндегі шараларды жүзеге асыруға, қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыруға қатысуға;
қоршаған ортаны қорғайтын қоғамдық бiрлестiктер мен қоғамдық қорлар құруға;
қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жиналыстарға, митингiлерге, пикеттерге, шерулер мен демонстрацияларға, референдумдарға қатысуға;
қоршаған орта мәселелерi бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға хаттар, шағымдар, арыздар мен ұсыныстар беруге және оларды қарауды талап етуге;
қоғамдық экологиялық сараптама өткізу туралы ұсыныс жасап, оған қатысуға;
кәсiпорындарды, құрылыстар мен экологиялық жағынан зиянды өзге де объектiлердi орналастыру, салу, қайта құру және пайдалануға беру туралы, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына терiс ықпал ететiн шаруашылық және өзге де қызметiн шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешiмдердiң әкiмшiлiк немесе сот тәртібімен күшiн жоюды талап етуге;
айыпты ұйымдарды, лауазымды адамдар мен азаматтарды жауапқа тарту туралы мәселелер қоюға, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың бұзылуы салдарынан өз денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген залалдың өтелуi туралы сотқа талап-арыз беруге;
заң актілері мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген басқа да құқықтарын белгiленген тәртiппен iске асыруға құқығы бар.
3. Әрбiр азамат қоршаған ортаны қорғауға және табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды орындауға, өзiнiң экологиялық білім деңгейiн арттыруға және жеткiншек ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге жәрдемдесуге мiндеттi.
6-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң қоршаған ортаны
қорғау саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Қоғамдық бiрлестiктердiң қоршаған ортаны қорғау саласында өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде:
өздерiнiң экологиялық бағдарламаларын әзiрлеуге, бекітуге және насихаттауға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға, оларды ерiктi негiзде қоршаған ортаны қорғау саласында белсендi қызметке тартуға;
қоршаған ортаны қорғау мен сауықтыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану мен молықтыру жөніндегі жұмыстарды орындауға, экологиялық, ғылыми және мәдени жағынан ерекше құнды қоршаған орта объектiлерiн қорғауға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру мен олардың қызметiне қатысуға;
экологиялық тәрбие мен білім беру жөніндегі жұмыстарды, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми зерттеулердi белгiленген тәртiппен орындауға;
мемлекеттік экологиялық сараптама өткізудi талап етуге және қоғамдық экологиялық сараптама өткізуге;
қоршаған ортаны қорғау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға;
мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қоршаған ортаның жай-күйi және оны сауықтыру жөніндегі шаралар туралы дер кезiнде, толық және анық ақпарат алуға;
қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік органдармен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасуға және өзара iс-қимыл жасауға, олармен келісімдер жасаса отырып, олар үшiн шарттар бойынша заңдарда көзделген белгiлi бiр жұмыстарды орындауға;
қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заң жобаларын талқылауға қатысуға;
кәсiпорындарды құрылыстар мен экологиялық жағынан зиянды өзге де объектiлердi орналастыру, салу, қайта құру және пайдалануға беру туралы, сондай-ақ заңды және жеке тұлғалардың қоршаған орта мен адам денсаулығына терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге де қызметiн шектеу, тоқтата тұру және тоқтату туралы шешiмдердiң әкiмшiлiк немесе сот тәртібімен күшiн жоюды талап етуге;
кiнәлi ұйымдарды, лауазымды адамдар мен азаматтарды жауапқа тарту туралы мәселелер қоюға, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдардың бұзылуы салдарынан азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеттiру туралы сотқа талап-арыз беруге;
өздерiнiң заңдарда және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген басқа да құқықтарын белгiленген тәртiппен iске асыруға құқығы бар.
2. Қоғамдық бiрлестiктер өздерiнiң қызметiн қоршаған ортаны қорғау және қоғамдық бiрлестiктер туралы заңдарға сәйкес жүзеге асыруға мiндеттi.
3 тарау. Мемлекеттік өкiмет пен жергiлiктi өзiн-өзi
басқару органдарының қоршаған ортаны қорғау
саласындағы құзыретi
04.06.01 ж. № 205-II; 24.12.01 ж. № 276-II; 09.12.04 ж. № 8-III (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара); 2005.08.07. № 71-III (бұр. ред. қара); 2006.10.01. № 116-III (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен (бұр. ред .қара) ҚР Заңдарымен 7-бап өзгертілді
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қоршаған
ортаны қорғау саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі қоршаған ортаны қорғау саласында:
мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық шараларды әзiрлейдi;
табиғат пайдаланудың әртүрлi бағыттары бойынша мемлекеттік экологиялық бағдарламалар әзiрлейдi, оларды Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуiне ұсынады;
қалдықтармен жұмыс iстеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi;
министрлiктердiң, Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылықты жүзеге асырады, олардың заңдарды, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкіметінiң актілерін орындауын бақылайды;
мемлекеттік меншiктi басқарады, оны пайдалану жөнiнде Үкiметке жүктелген шараларды әзiрлеп, жүзеге асырады;
қоршаған орта сапасының нормативтерi мен шаруашылық және өзге де қызметтерге қойылатын экологиялық талаптарды әзiрлеу мен бекіту тәртібін белгiлейдi;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда табиғи ресурстарды облыстар (республикалық маңызы бар қала, астана) үшiн табиғат пайдалануға беру туралы шешiмдер қабылдайды, табиғат пайдалану шарттарын (келісім-шарттарын) жасасады;
табиғат пайдалануға рұқсат беру, рұқсат беруден бас тарту, оны қолдануды тоқтата тұру және күшiн жою тәртібін бекiтедi;