Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы
Қазақстан Республикасының 1999 ж. 10 желтоқсандағы № 493-І Заңы
(2006.07.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
2007.15.05. № 252-III ҚР Заңымен күші жойылды
I-Тарау. Жалпы ережелер (1 - 8 баптар)
2-тарау. Жеке еңбек шарты (9 - 31 баптар)
3-тарау. Ұжымдық шарт (32 - 35 баптар)
4-тарау. Қызметкерлердің жекелеген санаттарының (36 - 44 баптар)
еңбек қатынастарын реттеу
5-тарау. Жұмыс уақыты (45 - 52 баптар)
6-тарау. Демалыс уақыты (53 - 69 баптар)
7-тарау. Жалақы және еңбекті нормалау (70 - 79 баптар)
8-тарау. Қызметкерлерге кепілдіктер беру мен (80 - 88 баптар)
өтемақы төлеу
9-тарау. Жеке еңбек шарты тараптарының (89 - 92 баптар)
материалдық жауапкершілігі
10-тарау. Қызметкерлерді көтермелеу және жазалау (93 - 96 баптар)
шаралары
11-тарау. Еңбек даулары (97 - 101 баптар)
12-тарау. Осы заңның сақталуын бақылау (102 - 109 баптар)
Осы Заңды қолданысқа енгізу туралы ҚР 10.12.99 ж. № 494-І Заңын қараңыз
Осы Заң азаматтардың Қазақстан Республикасындағы еңбек бостандығына конституциялық құқығын iске асыру процесiнде туындайтын еңбек қатынастарын реттейдi.
I-Тарау. Жалпы ережелер
2004.23.12 № 20-III (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III ҚР Заңдарымен 1-бап өзгертілді
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
еңбек - адамдардың өмiрi үшiн қажеттi материалдық, рухани және басқа да құндылықтар жасауға бағытталған адам қызметi;
еңбек қатынастары - тараптардың әдетте жеке еңбек және ұжымдық шарттар негiзiнде белгiлi бір еңбек қызметiн жүзеге асыруы жөнiнде туындайтын жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы қатынастар;
жұмыс берушiнiң актілері - жұмыс берушiнiң (жұмыс берушiлер өкiлiнiң) шығаратын актілері (бұйрықтар, өкiмдер, нұсқаулықтар, iшкi еңбек тәртібінiң ережелерi);
жеке еңбек шарты - қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасында жазбаша нысанда жасалатын екiжақты келісім, ол бойынша қызметкер жұмыс берушiнiң актiсiн атқара отырып, белгiлi бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысты орындауға мiндеттенедi, ал жұмыс берушi қызметкерге жалақысын және заңдар мен тараптардың келісiмiнде көзделген өзге де ақшалай төлемдердi уақытында және толық көлемiнде төлеуге, еңбек туралы заңдар мен ұжымдық шартта көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге мiндеттенедi;
зиянды (өте зиянды) еңбек жағдайлары - белгiлi бір өндiрiс факторларының әсер етуi қызметкердiң жұмыс қабiлетi төмендеуiне немесе ауыруына, не оның ұрпақтарының денсаулығына терiс ықпал етуiне әкеп соғатын еңбек жағдайлары;
қауiптi (өте қауiптi) еңбек жағдайлары - белгiлi бір өндiрiс факторларының әсер етуi еңбектi қорғау ережелерi сақталмаған жағдайда қызметкер денсаулығының кенеттен күрт нашарлауына немесе жарақаттануына, не оның қайтыс болуына әкеп соғатын еңбек жағдайлары;
ауыр дене жұмыстары - қызметкердiң ауыр заттарды қолмен көтеруге немесе орнын ауыстыруға байланысты қызметтерiнiң түрлерi не 300 ккал/сағаттан астам күш-қуат жұмсайтын басқа да жұмыстар;
демалыс уақыты - қызметкердiң еңбек мiндеттерiн орындаудан бос және оны өз қалауы бойынша пайдалана алатын уақыты;
жалақы - еңбек үшiн оның күрделiлiгiне, саны мен сапасына сәйкес төленетiн сыйақы (табыс);
біліктілік разряды - қызметкердiң өзi орындайтын жұмыстарының күрделiлiгiн көрсететiн біліктілік деңгейi;
ұжымдық шарт - еңбек және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттеу үшін бір немесе бірнеше жұмыс беруші (олардың өкілдері) мен қызметкерлердің бір немесе бірнеше өкілдері арасында жазбаша шарт нысанында жасалған құқықтық акт;
iссапар - жұмыс берушiнiң өкімі бойынша қызметкердi тұрақты жұмыс орнынан тыс жерге еңбек мiндеттерiн орындау үшiн жiберу;
өтемақылар - жұмыс режимi мен еңбек жағдайларына, жұмысты орындаған кездегi қызметкерлердiң шеккен шығындарының орнын толтыруға байланысты ақшалай төлемдер;
ең төмен жалақы мөлшерi - меншiк нысанына қарамастан, ұйымдарда жалданып жұмыс iстейтiн адамдарға ақшалай төлемдердiң Қазақстан Республикасының Конституциясы кепiлдiк берген ең төмен мөлшерi;
жазбаша ескерту (хабарлама) - қызметкердiң немесе жұмыс берушiнiң қол қойылған және тiркелген өтiнiшi не өзге де әдiспен (хабарлама арқылы тапсырысты хатпен, факспен, электронды поштамен, жеделхатпен) берiлген өтiнiшi;
жұмыс берушiлердiң өкiлдерi - құрылтай құжаттарының негiзiнде жұмыс берушiнiң немесе жұмыс берушiлер тобының мүдделерiн бiлдiруге уәкiлеттi жеке немесе заңды тұлғалар;
қызметкерлердің өкілдері - кәсіптік одақтардың, олардың бірлестіктерінің органдары және (немесе) қызметкерлер уәкілеттік берген, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен құрылған өзге де тұлғалар мен ұйымдар;
қызметкер - жұмыс берушiмен еңбек қатынастарында тұратын және жеке еңбек шарты бойынша жұмысты тiкелей орындайтын жеке тұлға;
жұмыс беруші - қызметкер еңбек қатынастарында тұратын заңды немесе жеке тұлға;
жұмыс уақыты - қызметкер жұмыс берушiнiң актілері мен жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек мiндеттерiн орындайтын уақыт;
еңбек мiндеттерi - қызметкер мен жұмыс берушiнiң жеке еңбек және ұжымдық шарттармен байланысты мiндеттемелерi;
еңбек стажы - қызметкердiң заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк және өзге де қызметпен айналысушы қызметкер немесе жеке адам ретiнде еңбек мiндеттерiн жүзеге асыруға жұмсаған күнтiзбемен есептелген уақыты;
еңбек дауы - еңбек туралы заңдардың қолданылу мәселелерi бойынша бұрын қызметкер (қызметкердiң өкiлi) мен жұмыс берушi (жұмыс берушiнiң өкiлi) арасында реттелмеген жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын орындау туралы қызметкер мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiспеушiлiк;
еңбек жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган - еңбек қатынастары саласында өз өкiлеттiгiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
еңбек жағдайлары - еңбекке ақы төлеу, оны қорғау мен нормалау жағдайы, жұмыс режимi, мамандықтарды (қызметтердi) қоса атқару мүмкiндiгi мен тәртібі, техникалық, санитариялық, гигиеналық, өндiрiстiк-тұрмыстық жағдайлар, сондай-ақ жеке еңбек және ұжымдық шарттар тараптарының келісiмi бойынша өзге де жағдайлар.
еңбек туралы заңнаманың сақталуын тексеру (бұдан әрі - тексеру) - еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган немесе оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асыратын жұмыс берушінің немесе қызметкердің Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасын орындауын тексеру;
2-бап. Еңбек туралы заңдар
1. Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен қызметкерлердiң жекелеген санаттарының еңбек қатынастарын реттейтiн, нормалары осы Заңның нормаларынан кем бола алмайтын өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың осы Заңның және еңбек туралы өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң алдында артықшылығы бар және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн Қазақстан Республикасының заңы шығарылуы талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, олар тiкелей қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағындағы еңбек қатынастарын реттейдi.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Егер Конституцияда, заңдарда және Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыратын шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға да қолданылады.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, құрылтайшылары немесе меншiк иелерi (толығынан немесе iшiнара) шетелдiк заңды немесе жеке тұлғалар болып табылатын ұйымдардың қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңдары қолданылады.
4-бап. Еңбек саласындағы кемсiтушiлiкке тыйым салу
1. Әркiмнiң де өзiнiң еңбек құқықтарын iске асыруға тең мүмкiндiктерi бар. Жынысына, жасына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, мүлiк және қызмет жағдайына, тұрғылықты жерiне, дiнге көзқарасына, сенiмiне, азаматтықта, қоғамдық бірлестiктерде болуына, сондай-ақ қызметкердiң iскерлiк қабiлетi мен оның еңбегiнiң нәтижелерiне байланысты болмайтын басқа да мән-жайларға қарамастан, ешкiмнiң де еңбек құқықтары шектелуге немесе оларды iске асыруда қандай да бір артықшылықтар алуға тиіс емес.
2. Еңбек саласында кемсiтушiлiкке ұшырадым деп есептейтiн адамдар тиiстi арызымен сотқа жүгiне алады.
5-бап. Жеке еңбек және ұжымдық шарттармен реттелетiн еңбек қатынастары
1. Жұмыс берушi мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастары нормативтiк құқықтық актiлермен, еңбек туралы заңдарға сәйкес жасалған жеке еңбек, ұжымдық шарттармен реттеледi.
2. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын тараптар біржақты тәртiппен өзгерте алмайды.
3. Қызметкерлердiң жекелеген санаттарының өзге нормативтiк құқықтық актiлермен реттелетiн еңбек жағдайлары осы Заңдағы жағдайлардан төмен болмауға тиiс.
Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың жекелеген талаптарының жарамсыздығы тұтас алғанда жеке еңбек, ұжымдық шарттарды жарамсыз деп тануға әкеп соқпайды.
4. Осы Заң еңбек қатынастарын реттейтiн ең аз мерзiмдер мен талаптарды жолға қояды. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың тараптары бұл ең аз деңгейдi жақсарту жағына өзгерте алады.
5. Жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптары, егер олар заң актілерiне қайшы келмесе, тараптардың орындауы үшiн мiндеттi болып табылады.
6-бап. Мәжбүрлi еңбекке тыйым салу
Мәжбүрлi еңбекке тыйым салынған. Мәжбүрлi еңбекке тек сот үкімі бойынша, не төтенше немесе соғыс жағдайлары жарияланған кездерде ғана жол берiледi.
7-бап. Қызметкерлердiң негізгi құқықтары мен мiндеттерi
1. Қызметкердiң:
1) жұмыс берушiмен осы Заңда белгiленген тәртiппен жеке еңбек шартын жасасуға, өзгертуге және бұзуға;
2) тең еңбегi үшiн қандай да болсын кемсiтусiз тең ақы алуға;
3) қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай келетiн еңбек жағдайларына;
4) егер басқа заң актілерінде өзгеше көзделмесе, кәсiптiк одақтарға немесе басқа да қоғамдық бірлестiктерге өз еркiмен мүше болуға;
5) демалысқа;
6) өзiнiң еңбек мiндеттерiн атқаруына байланысты денсаулығына немесе мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеттiруге;
7) кепiлдiктер мен өтемақылар алуға;
8) еңбек дауларын тараптардың келiсуiмен немесе сот тәртібімен шешуге;
9) жұмыс берушіден жеке еңбек шартында тараптың атынан өкiлдiк ететiн лауазымды адамның өкiлеттiгiн растауды талап етуге;
10) ұжымдық шартпен және жұмыс берушiнiң актілерімен танысуға;
11) өзiнiң кәсiби біліктілігiн арттыруға құқығы бар.
2. Қызметкер:
1) жеке еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актiлерінде жазылған еңбек міндеттерін адал орындауға;
2) еңбек тәртібін сақтауға;
3) жұмыс процесiнде жұмыс берушiге мүлiктік зиян келтіруге жол бермеуге;
4) еңбек қорғау, өрт қауіпсіздігі және өндірістік санитария жөніндегі ережелердің талаптарын орындауға;
5) жеке еңбек шартына сәйкес өзiне сенiп тапсырылған, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге;
6) адамдардың өмiрі мен денсаулығына, жұмыс беруші мен қызметкерлер мүлкінің сақталуына қатер төндiретiн ахуал туындағаны туралы хабарлауға;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың көшірмесін ұсынуға;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды; 2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
8) зейнетақы жинақтарын бір жинақтаушы зейнетақы қорынан басқасына аударған кезде міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы жинақтаушы зейнетақы қорымен шарт жасасқаны жөнінде жұмыс берушіні хабардар етуге;
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды
9) денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты жағдайлардан басқа, оның еңбекке жарамсыздығы анықталған жағдайда бұл туралы жұмыс берушіні оның еңбекке жарамсыздығы анықталған сәттен бастап бір тәуліктен кешіктірмей хабардар етуге міндетті.
8-бап. Жұмыс берушiнiң негізгi құқықтары мен мiндеттерi
1. Жұмыс берушінің:
1) Осы Заңда белгiленген тәртіппен қызметкерлермен жеке еңбек және ұжымдық шарттарды жасасуға, өзгертуге және бұзуға;
2) жұмысқа қабылдау кезiнде қызметкерден осы Заңда көзделген, белгiлi бір еңбек қызметімен айналысуға және (немесе) белгiлi бір қызметтi атқаруға мүмкiндігін растайтын құжаттар берудi талап етуге;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) өз өкілеттігі шегінде жұмыс берушінің актілерін шығаруға.
Еңбек жағдайларының өзгеруіне байланысты актілерді қабылдау қызметкерлер өкілдерінің келісімімен ғана жүзеге асырылады;
4) қызметкерлердi көтермелеуге, оларды осы Заңда және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген тәртіппен тәртіптiк және материалдық жауапкершілiкке тартуға;
5) өзіне қызметкер келтiрген зиянды өтеттіруге;
6) 2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
7) өз құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру және қорғау мақсатында жұмыс берушiлер бірлестiктерiн құруға және оларға кiруге;
8) қызметкерге сынақ мерзiмiн белгілеуге;
9) егер жеке еңбек шартының талаптарында жазылған болса, қызметкерді оқытып-үйретуге байланысты өз шығындарының орнын толтыруға құқығы бар.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Жұмыс беруші:
1) қызметкерлерді Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасына, жеке еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге;
2) қызметкерлер өкілдерінің ұсынысын қарауға, келіссөздер жүргізуге және ұжымдық шарт жасасуға;
3) қызметкерлерді өз қаражаты есебінен өздерінің еңбек міндеттерін орындауы үшін қажетті құралдармен және материалдармен қамтамасыз етуге;
4) қызметкерді жұмысқа қабылдаған кезде онымен жеке еңбек шартын жасасуға, қызметкерді ұжымдық шартпен және жұмыс берушінің актілерімен таныстыруға;
5) жалақыны және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, жеке еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде көзделген өзге де төлемдерді уақтылы және толық көлемінде төлеп тұруға;
6) қызметкерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беруге;
7) Қазақстан Республикасының еңбек туралы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнамасының, жеке еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарын сақтауға;
8) қызметкердің еңбек міндеттерін атқаруы кезінде оның денсаулығы мен өміріне зиян келтіргені үшін жауапкершілікті сақтандыруға;
9) қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеуге;
10) қызметкерлердің еңбек қызметін растайтын құжаттардың және оларды зейнетақымен қамсыздандыруға арналған ақшаның ұсталуы мен аударылуы туралы мәліметтердің сақталуын және мемлекеттік мұрағатқа өткізілуін қамтамасыз етуге;
11) егер жұмысты жалғастыру қызметкердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, оны тоқтата тұруға;
12) қызметкерге зиянды (өте зиянды) және қауіпті (өте қауіпті) еңбек жағдайлары мен кәсіптік аурудың ықтималдығы туралы ескертуге;
13) жұмыс орындары мен технологиялық процестерде қатердің алдын алу жөнінде шаралар қолдануға, өндірістік және ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, профилактикалық жұмыстарды жүргізуге;
14) қызметкерден міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарттың көшірмесін талап етуге;
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 15) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
15) жұмыс уақытының, соның ішінде жұмыс уақытынан тыс істеген жұмыс, әрбір қызметкердің зиянды (өте зиянды), қауіпті (өте қауіпті) еңбек жағдайларында, ауыр дене еңбегімен айналысқан жұмыс уақытының нақты есебін жүргізуге;
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 16) тармақшамен толықтырылды
16) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен профилактикалық, алдын ала және міндетті медициналық тексерулерден өткізілуге тиіс адамдардың осындай тексерулерден уақтылы өткізілуін қамтамасыз етуге міндетті.
2-тарау. Жеке еңбек шарты
9-бап. Жеке еңбек шартының мазмұны
1. Жеке еңбек шартында:
2007.12.01. № 224-III ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) тараптардың реквизиттерi:
жұмыс берушi - заңды тұлғаның толық атауы және орналасқан жерi, жұмыс берушi - заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының мемлекеттік тiркеу нөмiрi мен уақыты;
жұмыс берушiнiң (оның өкiлiнің) тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлсе) және қызметi, ал жұмыс берушi жеке тұлға болған жағдайда оның тұрақты тұрғылықты жерiнiң мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi;
қызметкердiң тегi, есiмi, әкесiнiң аты (егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетiлсе), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы, нөмiрi, берiлген күнi; сәйкестендіру нөмірі;
2) еңбек мiндетi (белгiлi бір қызмет, мамандық, кәсіп бойынша жұмыс);
3) жеке еңбек шартының мерзiмi;
4) еңбек мiндеттерiн жүзеге асыру басталатын күн;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5) еңбек жағдайларының сипаттамалары, қызметкерлерге ауыр дене еңбегі немесе зиянды (өте зиянды) немесе қауіпті (өте қауіпті) еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін берілетін кепілдіктер мен өтемақылар;
6) жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимi;
7) еңбекке ақы төлеу және еңбектi қорғау жағдайлары;
8) жұмыс берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi;
9) қызметкердiң құқықтары мен мiндеттерi;
10) жеке еңбек шартын өзгерту, бұзу және ұзарту тәртібі;
11) өтемақылар төлеу мен кепiлдiктер беру тәртібі;
12) тараптардың жауапкершілiгi көрсетiлуге тиiс.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Жеке еңбек шартын белгіленген мерзімге жасасқанда тараптардың осы шартты мерзімінен бұрын бұзғаны үшін өзара жауапкершілігі белгіленуі мүмкін.
2. Тараптардың келісімi бойынша жеке еңбек шартына өзге де жағдайлардың енгiзiлуi мүмкiн.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Жұмыс беруші қызметкерден осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделгеннен басқа жағдайларда жеке еңбек шартында келісілмеген жұмысты атқаруды талап етуге құқылы емес.
10-бап. Жеке еңбек шартының мерзiмi
1. Жеке еңбек шарты:
1) белгiсiз мерзiмге;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көзделгендегіден басқа жағдайларда, бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
Қызметкермен жеке еңбек шарты қайталап жасалған жағдайда ол белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
Егер тараптардың ешқайсысы еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты бір жылдан кем емес белгілі бір мерзімге жасалған жеке еңбек шартын тоқтатуды талап етпесе және еңбек қатынастары іс жүзінде жалғасатын болса, онда жеке еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалған деп есептеледі.
Жеке еңбек шарты белгіленбеген мерзімге жасалатын қызметкерлер үшін көзделген кепілдіктер мен өтемақылар беруден жалтару мақсатында жеке еңбек шартын белгілі бір мерзімге жасасуға тыйым салынады;
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) алда тұрған жұмыс сипатының қысқа мерзімділігіне немесе оны орындау шартына байланысты, сондай-ақ уақытша жұмыста жоқ қызметкерді ауыстыру уақытына бір жылдан кем белгілі бір мерзімге жасалуы мүмкін.
2. Егер жеке еңбек шартында оның қолданылу мерзiмi айтылмаса, шарт белгiсiз мерзiмге жасалған деп есептеледi.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Қызметкерге өтемақылар мен кепілдіктерді беруден жалтару мақсатында жеке еңбек шартының белгілі бір мерзімге жасалған фактісі анықталған жағдайда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады.
11-бап. Жұмысқа қабылдауға жол берiлетiн жас
1. Жеке еңбек шартын он алты жасқа толған адамдармен жасасуға жол берiледi.
2. Орта білім алған не жалпы білім беретiн оқу орнын тастап кеткен жағдайда он бес жасқа толған адамдар ата-анасының немесе қорғаншысының, қамқоршысының келісімiмен жеке еңбек шартын жасаса алады.
3. Ата-анасының бірiнiң (қорғаншысының, қамқоршысының) келісімiмен жеке еңбек шарты оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтiрмейтiн және оқу процесiн бұзбайтын жұмысты орындау үшiн он төрт жасқа толған оқушымен жасалуы мүмкiн.
4. Ата-ананың (қорғаншының, қамқоршының) келісімi жазбаша нысанда (өтiнiш) берiледi, бұл орайда, ата-ана (қорғаншы, қамқоршы) кәмелетке толмаған адаммен бірге жеке еңбек шартына қол қояды.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Он сегiз жасқа толмаған адамдарды ауыр дене жұмыстары мен еңбек жағдайлары зиянды (өте зиянды) және (немесе) қауіпті (өте қауіпті) жұмыстарға қабылдауға жол берiлмейдi.
12-бап. Жеке еңбек шартын жасасу
1. Жеке еңбек шарты жазбаша нысанда жасалады, кемiнде екi дана етіліп жасалады және оған тараптар қол қояды. Жеке еңбек шартының бір данасы тараптар қол қойғаннан кейiн қызметкерге берiледi.
2. Жеке еңбек шартында көрсетiлген жұмыстың басталу күнi қызметкердiң еңбек мiндеттерiн орындауының басталуы деп есептеледi.
Жеке еңбек шарты болмаған және (немесе) ол жұмыс берушiнiң тарапынан тиiстi түрде ресiмделмеген жағдайларда жеке еңбек шартының күшi жұмысқа нақты жiберiлген кезден басталады.
3. Жеке еңбек шарты жасалғаннан кейiн жұмыс берушi қызметкердi жұмысқа қабылдау туралы бұйрық шығаруға мiндеттi, ол қызметкерге қол қойғызылып хабардар етiледi.
2004.23.12 № 20-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 224-III ҚР Заңымен (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Жеке еңбек шартын жасасу үшiн жұмыс берушi қызметкердiң еңбек қызметiн растайтын құжаттарды, жеке басының куәлiгiн (төлқұжатын), он алты жасқа толмаған адамдар үшiн тууы туралы куәлiгiн, білімi немесе кәсiби даярлығы туралы құжатты, және заңдарда көзделген өзге де құжаттарды талап етуге құқылы.
5. Қызметкердiң бірнеше жұмыс берушiмен жұмыс уақыты ұзақтығының толық болмауы көзделетiн жеке еңбек шартын жасасуға құқығы бар.
6. Ұйымның басшысымен жеке еңбек шартын ұйымның меншiк иесi не меншiк иесi уәкiлдiк берген адам немесе орган ұйымның құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келісімiнде белгiленген мерзiмге жасасады.