Жедел-iздестiру қызметi туралы
Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 қыркүйектегі № 154-XIII Заңы
(2023.08.04. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2023 ж. 1 шілдеге дейін қолданылған редакция
1-бөлiм. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Жедел-iздестiру қызметiнiң мiндеттерi
3-бап. Жедел-iздестiру қызметiнiң қағидаттары
4-бап. Жедел-iздестiру қызметiнiң құқықтық негiзi
5-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезiнде жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау
2-бөлiм. Жедел iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдар, олардың мiндеттерi мен құқықтары
6-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдар
7-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдардың мiндеттерi
8-бап. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың құқықтары
9-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдар қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгi
3-бөлiм. Жедел-iздестiру шараларын жүргiзу
10-бап. Жедел-iздестiру шараларын жүргiзу негiздерi
11-бап. Жедел-іздестіру іс-шаралары
12-бап. Жедел-iздестiру шараларын жүргiзу шарттары
13-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарға жәрдемдесу
14-бап. Жедел-іздестіру қызметінің материалдарын пайдалану
14-1-бап. Жедел-іздестіру қызметін ақпараттық қамтамасыз ету және құжаттау
15-бап. Жедел-iздестiру қызметiндегi шектеулер
16-бап. Жедел-iздестiру шараларын тоқтату негiздерi
4-бөлiм. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдардың өзара iс-қимылы
17-бап. Қазақстан Республикасының жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдарының өзара iс-қимылы
18-бап. Басқа мемлекеттердiң органдарымен өзара iс-қимыл
19-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдардың халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен өзара iс-қимылы
5-бөлiм. Жедел-iздестiру қызметiн қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
20-бап. Жедел-iздестiру қызметiн қаржылай қамтамасыз ету
21-бап. Жедел-iздестiру қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз ету
6-бөлiм. Жедел-iздестiру қызметiнiң субъектiлерiн әлеуметтiк және құқықтық қорғау
22-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдар қызметкерлерiн әлеуметтiк және құқықтық қорғау
23-бап. Құпия көмекшілерді әлеуметтік және құқықтық қорғау
7-бөлiм. Жедел-iздестiру қызметiн бақылау және қадағалау
24-бап. Ведомстволық бақылау
25-бап. Жедел-iздестiру қызметiн қадағалау
Осы Заң Қазақстан Республикасы аумағында жүзеге асырылатын жедел-iздестiру қызметiнiң мазмұнын айқындайды және оны жүргiзу кезiнде заңдылықты құқықтық кепiлдiктерi жүйесiн баянды етедi.
1-бөлiм. Жалпы ережелер
2009.17.07 № 187-IV ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2009.07.12 № 221-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-бап өзгертілді
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адамдарға сауал қою - жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар нақты ақпаратты осы ақпарат бар немесе болуы мүмкін сауал қойылған адамның сөздерінен жинау;
2) анықтамалар алу - қызығушылық туғызатын ақпарат бар немесе болуы мүмкін тиісті жеке немесе заңды тұлғаға ресми сауал жіберу жолымен жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар нақты ақпарат алу;
3) арнаулы жедел-іздестіру іс-шарасы - заңмен қорғалатын адамның жеке өміріне араласпаушылықты, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, телеграф хабарламалары мен почта жөнелтілімдері құпиясын, сондай-ақ тұрғын үйге қол сұқпаушылық құқығына тікелей қатысты жедел-іздестіру іс-шарасы;
4) арнаулы техникалық құралдар - жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында ақпаратты табу және оны құжаттау үшін арнаулы функциялары, бағдарламалық қамтамасыз етуі мен конструкциялық ерекшеліктері бар құрылғылар, аппаратура, құралдар, жабдық;
5) байқау - жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар құбылыстарды, әрекеттерді, оқиғаларды, процестерді көру арқылы әрі өзгеше қабылдау және анықтау;
6) байланыс желілеріндегі жедел іздеу - байланыс желісі арқылы берілетін ақпаратта құқыққа қарсы әрекеттің белгілерін табу жөніндегі жасырын іс-әрекеттер;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа құрылғылардан ақпаратты жасырын алу - компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа құрылғылардан ақпаратты арнаулы техникалық құралдармен және (немесе) компьютерлік бағдарламалармен, қажет болған кезде жасырын кіру және (немесе) зерттеп-қарау арқылы жүргізілетін жасырын алу;
8) бақыланатын өнім беру - еркін өткізуге тыйым салынған не айналымы шектелген, сондай-ақ қылмыстық қол сұғу объектілері немесе құралдары болып табылатын нәрселердің, заттардың және өнімдердің берілуіне, сатып алынуына, сатылуына, орын ауыстыруына бақылау орнату жолымен қылмыстық әрекеттің белгілері туралы ақпарат алу тәсілі;
9) жеке адамды белгілері бойынша іздеу және ұқсастыру - іздеудегі адамды даралайтын статикалық, динамикалық және геномдық белгілері бойынша, сондай-ақ сөзбен сипаттау портреті және адамды жеткілікті ықтимал дәрежеде тануға мүмкіндік беретін басқа да тәсілдер көмегімен табуға және сәйкестендіруге бағытталған ұйымдастырушылық және нысаналық-практикалық іс-әрекеттер жиынтығы;
10) енгізу - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның қызметкерін не онымен бірге қызмет істеп жүрген құпия көмекшіні жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін жедел қызмет мүдделі болып отырған объектінің төңірегіне жасырын енгізу;
11) жалпы жедел-іздестіру іс-шарасы - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органдардың осы қызметтің міндеттерін шешуге бағытталған, бірыңғай тактикалық, стратегиялық ой-ниетпен байланысқан іс-әрекеттерінің жиынтығы;
12) жедел есепке алу ісі - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы орган жүргізетін оқшауландырылған іс жүргізу;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13) жасырын кіру және (немесе) орынды жасырын зерттеп-қарау - тұрғын, қызметтік, өндірістік үй-жайларға, ғимараттарға, құрылысжайларға, сақтау қоймаларына, көлік құралына немесе жергілікті жер учаскесіне, қажет болған кезде оларды зерттеп-қарай отырып, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметінің өзге де міндеттерін шешу үшін жасырын кіру;
14) жедел сатып алу - ықтимал қылмыстық әрекет туралы ақпарат алу мақсатында, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органның хабардар болуымен және оның бақылауымен тексерілетін адамнан тұтыну немесе өткізу мақсатынсыз ақылы түрде заттар сатып алынатын жалған мәміле ахуалын орнату;
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 15) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15) жедел-іздестіру қызметі - адам мен азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті қорғау, қылмыстық қол сұғудан қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдар Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асыратын жария және жасырын жедел-іздестіру, ұйымдастыру және басқару іс-шараларының ғылыми негізделген жүйесі;
15-1) жедел-іздестіру қызметінің нәтижелері - осы Заңның 2-бабында тізбеленген міндеттерді шешу үшін алынған мәліметтер, құжаттар, заттар не материалдар;
16) құқыққа қарсы әрекеттердің іздерін табу, жасырын анықтау және алып қою, оларды алдын ала зерттеу - қылмыс іздері сақталған немесе қылмыс жасау құралы не қылмыстық әрекеттің нәтижесі болып табылған материалдық объектілерді анықтау және айналымнан немесе нақты адамның иелігінен алып қою және олардың өздеріне тән белгілері мен ерекшеліктерін заңда белгіленген нысандарда анықтау;
17) құпия көмекшілер - жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырушы органмен құпия негізде (оның ішінде келісім-шарт бойынша) қызмет істеуге келісімін берген, сол сияқты осы органмен бұрын өзінің келісімі бойынша ынтымақтастықта болған, он сегіз жасқа толған, іс-әрекетке қабілетті жеке тұлғалар;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18) пошта жөнелтілімдері мен өзге жөнелтілімдерді жасырын бақылау - хаттарды, жеделхаттарды, радиограммаларды, бандерольдерді, жіберілімдерді және басқа да пошта-телеграф жөнелтілімдерін қарау және олардың мазмұнымен танысу жолымен іс үшін маңызы бар мәліметтерді алу;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 19) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
19) адамды немесе орынды жасырын аудио- және (немесе) бейнебақылау - айтылған ақпаратты және өзге де ақпаратты, сондай-ақ нақты белгілі бір жерде болған адамның әрекеттерін және (немесе) оқиғаларды бейне-, аудиотехниканы не өзге де арнаулы ғылыми-техникалық құралдарды пайдаланып, олардың мазмұнын бір мезгілде материалдық жеткізгіште тіркей отырып, қажет болған кезде жасырын кіру және (немесе) зерттеп-қарау арқылы жүргізілетін жасырын бақылау;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 20) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20) абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу - абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар (пайдалану құрал-жабдығы) арасындағы қосылудың күні, уақыты, ұзақтығы туралы мәліметтер алу;
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 21) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21) электр (телекоммуникация) байланысының желілерін жасырын бақылау - телефон немесе дауыстық ақпарат беруге мүмкіндік беретін басқа құрылғылар арқылы берілетін дауыстық ақпаратты ғылыми-техникалық құралдарды және (немесе) компьютерлік бағдарламаларды пайдалана отырып, қажет болған кезде жасырын кіру және (немесе) зерттеп-қарау арқылы жүргізілетін жасырын тыңдау және (немесе) жазып алу;
Электр (телекоммуникация) байланысының желілері арқылы берілетін ақпаратты ұстап алу және алу - сым, радио, оптикалық және басқа да электромагниттік жүйелер арқылы берілетін белгілерді, сигналдарды, дауыстық ақпаратты, жазбаша мәтінді, кескіндерді, бейнекескіндерді, дыбыстарды және басқа да ақпаратты ұстап алу және алу;
22) үлгілерді алу - тірі адамның, мәйіттің, жануардың, заттың, нәрсенің ерекшеліктерін бейнелейтін, жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар материалдық ақпарат жеткізгіштерді алып қою және анықтау;
23) штаттағы жасырын қызметкер - лауазымдық міндеттеріне жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін астыртын түрде жүргізу кіретін жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органның жұмыскері;
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 24) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
24) іздестіру - заңда көзделген жағдайларда тергеуден, анықтаудан немесе соттан жасырынған, қылмыстық жауаптылықтан, жазасын өтеуден немесе пробациялық бақылаудан жалтарып жүрген адамдардың, хабарсыз кеткен және өзге де адамдардың орналасқан жерін, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтері бар жоғалған құжаттар мен бұйымдарды анықтауға бағытталған ұйымдастырушылық, іс жүргізу және жедел-іздестіру іс-шараларының жүйесі.
2009.17.07 № 187-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-бап өзгертілді; 2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 2-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2-бап. Жедел-іздестіру қызметінің міндеттері Жедел-іздестіру қызметінің міндеттері:
1) адам мен азаматтың өмірін, денсаулығын, құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін, меншікті құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғау;
2) қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оның экономикалық әлеуеті мен қорғаныс қабілетін нығайтуға жәрдемдесу;
3) қылмыстарды анықтау, олардың алдын алу және жолын кесу;
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды, сондай-ақ қылмыстық іс үшін маңызы бар нәрселер мен құжаттарды анықтау;
4) анықтау, тергеу органдарынан және соттан жасырынып жүрген, қылмыстық жауаптылықтан, жазаны өтеуден немесе пробациялық бақылаудан жалтарып жүрген адамдарды, хабарсыз кеткен азаматтарды және заңмен көзделген жағдайларда өзге де адамдарды іздестіру жөніндегі шараларды жүзеге асыру, сондай-ақ табылған танылмаған мәйіттерді сәйкестендіру;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің және басқа да күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзетуді қамтамасыз ету;
7) мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қорғауды қамтамасыз ету;
8) ұйымдарға коммерциялық құпияны қорғауда жәрдемдесу;
9) күзетпен ұстау немесе бас бостандығынан айыру орындарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген режимді ұстап тұру;
10) күзетпен ұстау немесе бас бостандығынан айыру орындарындағы күдіктілердің, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталғандардың, персоналдың және өзге де адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
11) жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
3-бап. Жедел-iздестiру қызметiнiң қағидаттары
Жедел-iздестiру қызметi заңдылық, жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қадiр-қасиетiн құрметтеу, азаматтардың заң алдындағы теңдiгi қағидаттарына сәйкес, астыртын әрекет ету, жария және жария емес әдiстердi ұштастыру, кәсiби әдеп негiзiнде жүзеге асырылады.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен; 2009.17.07 № 187-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4-бап өзгертілді
4-бап. Жедел-iздестiру қызметiнiң құқықтық негiзi
1. Жедел-iздестiру қызметiнiң құқықтық негiзiн Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
2009.17.07 № 187-IV ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2. Республика Бас Прокурорының келісімi бойынша жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдар өз құзыретi шегiнде осы Заң негiзiнде жедел-iздестiру шараларын ұйымдастыру мен жүргiзу тактикасын реттейтiн нормативтік құқықтық актілер шығарады.
2009.17.07 № 187-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2010.27.05 № 279-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.03.11. № 244-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-бап өзгертілді
5-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезiнде жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын сақтау
1. Осы Заңмен көзделмеген мақсаттар мен мiндеттерге қол жеткiзу үшiн жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыруға, сондай-ақ оларды жүргiзу барысында алынған хабарламаларды пайдалануға жол берiлмейдi.
2. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органның iс-әрекетi жөнiнде жоғары тұрған органға, не прокуратураға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкiн.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қылмысты әзiрледi немесе жасады деген кiнәсi заңмен белгiленген тәртiпте дәлелденбеген адам жедел-iздестiру қызметiн жүргiзушi органнан мемлекеттік немесе басқа да заңмен қорғалатын құпияны жария етуге жол бермейтiн шекте өзiн тексеру үшiн негiз болған және өзiне қатысы бар хабарламалардың сипаты туралы мағлұматтарды талап етуге құқылы.
Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органның арызданушыға қажеттi мағлұматтарды беруден бас тартуы туралы шешiмiн негiзсiз деп таныған ретте, сот өзiнiң дәлелдi шешімімен, ал прокурор прокурорлық қадағалау тәртібімен аталған органды осы баптың 3-тармағында көзделген мағлұматтарды арызданушыға беруге мiндеттей алады.
4. Шағымды толық және жан-жақты қарауды қамтамасыз ету мақсатында прокурордың талап етуі бойынша, құпия көмекшілердің және штаттағы жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтерді қоспағанда, барлық жедел-қызметтiк құжаттар берiледi.
Судьяның талап етуі бойынша, жедел-іздестіру қызметін, нақты жедел-іздестіру іс-шараларын ұйымдастыру, ақпарат көздері және оны алу тәсілдері туралы мәліметтерді қоспағанда, жедел-іздестіру құжаттары беріледі.
2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Жедел-іздестіру қызметі нәтижесінде алынған, адамның жеке өміріне, ар-ожданы мен қадір-қасиетіне қатысты мәліметтер, егер оларда заңмен тыйым салынған іс-әрекеттер жасағаны туралы ақпарат болмаса, сақталуға жатпайды және жойылады.
Қылмыс жасады деген кінәсі заңда белгіленген тәртіппен дәлелденбеген, сондай-ақ өздеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілмеген адамдарға қатысты жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде алынған материалдар тиісті жедел есепке алу ісі тоқтатылған кезден бастап бір жыл сақталады, содан соң жойылады. Өздеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталмаған адамдардың телефон арқылы және өзге де сөйлесулерін тыңдау нәтижесінде алынған фонограммалар мен басқа да материалдар тиісті жедел есепке алу ісі тоқтатылған кезден бастап алты ай ішінде жойылады, ол жөнінде хаттама жасалады. Прокурордың санкциясы негізінде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелерін көрсететін материалдар жойылатын күннен үш ай бұрын ол жөнінде тиісті прокурор хабардар етіледі.
Барлау қызметі процесінде, сондай-ақ экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл саласында алынған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелерін сақтау мен жоюдың тәртібі және мерзімдері ведомстволық нормативтік құқықтық актілерде белгіленеді.
2 бөлiм. Жедел iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдар, олардың мiндеттерi мен құқықтары
ҚР Президентінің 25.12.95 ж. № 2725 Жарлығымен; ҚР 15.07.96 ж. № 31-1; 16.03.01 ж. № 163-II; 16.07.01 ж. № 244-II; 10.07.02 ж. № 338-II; 09.07.04 ж. № 592-II; 2010.27.05 № 279-IV (бұр.ред.қара) Заңдарымен 6-бап өзгертілді және толықтырылды; 2012.18.01. № 547-ІV ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 6-бап өзгертілді
6-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдар
1. Қазақстан Республикасы аумағында жедел-iздестiру қызметiн:
1) ішкi iстер органдары;
2) ұлттық қауiпсiздiк органдары;
3) сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган;
4) Қорғаныс министрлiгiнiң әскери барлау органдары;
5) сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет;
6) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі;
7) экономикалық тергеу қызметі жүзеге асырады.
2. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру органдарының тiзбесi заңмен ғана өзгертiлуi немесе толықтырылуы мүмкiн.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен; 2009.17.07 № 187-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 7-бап өзгертілді
7-бап. Жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органдардың мiндеттерi
Жедел-iздестiру қызметiнiң осы Заңмен белгiленген мiндеттерiн орындау кезiнде оны жүзеге асыруға уәкiлдiк берiлген органдар;
а) жеке және заңды тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерiн, меншiктi, қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қорғау, оның экономикалық және қорғаныс әлуетiн нығайту үшiн өз құзыретiне сәйкес қажеттi шараларды қолдануға;
б) жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру арқылы қылмыстарды анықтауды, олардың алдын алуды және жолын кесуді, олардың нәтижелерін қылмыстық процесте пайдалану үшін тіркеуді қамтамасыз етуге, тергеушінің өзі тергейтін қылмыстық iстер бойынша жедел-iздестiру іс-шараларын жүргізу туралы жазбаша тапсырмаларын орындауға;
б-1) прокурордың жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру барысында берген жазбаша нұсқауларын орындауға;
б-2) қылмыстық іс бойынша жасырынған сотталушыны және азаматтық іс бойынша жауапкерді, жазасын өтеуден немесе пробациялық бақылаудан жалтарып жүрген адамды іздестіру туралы сот актілерін, сондай-ақ сот орындаушыларының прокурор санкциялаған атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерді іздестіру туралы қаулыларын орындауға;
в) қоғам мен мемлекет қауiпсiздiгiне қатер төнгенiн дәлелдейтiн өздерiне белгiлi болған жәйттер мен деректердi Қазақстан Республикасының мемлекеттік өкiмет пен басқару органдарына дер кезiнде хабарлауға;
г) құқықтық көмек туралы шарттар (келісімдер) негiзiнде тиiстi халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен шет мемлекеттердiң құқық қорғау органдарының тiлектерiн орындауға;
д) жедел-iздестiру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүргiзу кезінде, сондай-ақ жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерін көрсететін материалдарды қылмыстық процесте пайдалану үшін беру кезінде құпиялылықты қамтамасыз ету және ақпарат көздерiнің құпиясын ашуға жол бермеу жөнiндегi қажеттi шараларды қолдануға мiндеттi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 16.03.01 ж. № 163-II Заңдарымен 8-бап өзгертілді; 2009.17.07 № 187-IV ҚР Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 8-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 8-бап жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8-бап. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың құқықтары
Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органдардың:
1) өз құзыреті шегінде осы Заңның 11-бабында тізбеленген жедел-іздестіру іс-шараларын жария және жасырын, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде айқындалған жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге;
2) жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешуді қамтамасыз ететін жедел есепке алу мен ақпараттық жүйелерді құруға және пайдалануға;
3) жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттері барысында жазбаша немесе ауызша шарт бойынша жеке және заңды тұлғалардың, әскери бөлімдердің тұрғын және тұрғын емес үй-жайларын, көлік құралдарын, сондай-ақ өзге де мүлкін, залал келтірілген жағдайда сол залалды, сондай-ақ шығыстарды иелеріне жедел-іздестіру қызметі мен жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың есебінен өтей отырып пайдалануға;
4) астыртын ұйымдар құру мақсатында, жедел-іздестіру қызметі мен жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыратын органдардың жұмыскерлерін, бөлімшелерінің, ұйымдарының, үй-жайлары мен көлік құралдарының ведомстволық тиесілігін, сондай-ақ құпия көмекшілердің жеке басын шифрлайтын құжаттарды пайдалануға;
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен 4-1) тармақшамен толықтырылды
4-1) жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың көлік құралдарын пайдалану қағидаларын әзірлеуге және бекітуге;
5) қажетті ғылыми-техникалық немесе өзге де арнайы білімі бар лауазымды адамдар мен мамандардың көмегін пайдалануға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, басқа ұйымдардан жедел-іздестіру қызметінің міндеттерін шешу үшін маңызы бар ақпаратты өтеусіз алуға және пайдалануға;
7) Қазақстан Республикасының аумағында жедел-іздестіру қызметі мен жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыруға құқығы бар басқа да органдардың күші мен қаражатын жекелеген іс-шаралар жүргізу үшін осы органдармен келісу бойынша тартуға;
8) осы Заңның 11-бабында көзделген жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мақсатында ғана тәуліктің кез келген уақытында ұйымдардың аумағына және үй-жайларына, ал, күзетуді әскери жарғыларға сәйкес әскери қызметшілер, сондай-ақ, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметшілері жүзеге асыратын әскери бөлімдер мен басқа да режимдік объектілердің аумағына - олардың басшыларымен не құрамында режимдік объектілері немесе әскери бөлімдері бар орталық мемлекеттік органдар басшыларымен келісу бойынша кедергісіз кіруге;
9) жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықталған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы мәліметтерді оларды растайтын материалдарды қоса бере отырып, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тіркеуге және (немесе) тергелуі бойынша беруге құқығы бар.