Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдаған жағдайда, банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары жоспарда белгіленген мерзімдерде оның орындалу нәтижелері туралы уәкілетті органды хабардар ете отырып, жоспарды іске асыруға кіріседі.
Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдамаған жағдайда, талап ету арқылы банк холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушыларына төменде санамаланған ертерек ден қою шараларының бірін немесе бірнешеуін:
1) банк конгломератының қатысушыларының өз акционерлерінің (қатысушыларының) арасында жай акциялар бойынша дивидендтерді есептеуін және (немесе) төлеуін (таза кірісті бөлуін) тиісінше уәкілетті орган белгілеген мерзімге тоқтатуды;
2) басшы немесе өзге де қызметкерлерін лауазымнан шеттетуді;
3) банк конгломератының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде, оның ішінде банк конгломератының жарғылық капиталын ұлғайту жолымен оның меншікті капиталын ұлғайтуды;
4) банк конгломератының активтерін қайта құрылымдауды;
5) әкімшілік шығыстарды қысқартуды, оның ішінде қызметкерлерді қосымша жалдауды тоқтату немесе шектеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тысқары жерлерде де еншілес және тәуелді ұйымдардың жарғылық капиталына қатысу үлесін азайту арқылы қысқартуды;
6) банк холдингін және банк конгломератының қатысушыларын тәуекелге ұшырататын операцияларды (тікелей және жанама) тоқтата тұруды қолданады.
5. Банктің (банк конгломератының) қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар жоспары осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген мерзімдерде ұсынылмаған немесе осы жоспардың іс-шаралары уақтылы орындалмаған, сондай-ақ ертерек ден қою шаралары уәкілетті органның талаптарына сәйкес орындалмаған немесе уақтылы орындалмаған жағдайда банкке (банк холдингіне) және (немесе) оның акционерлеріне (ірі қатысушыларына) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген ықпал етудің шектеулі шаралары және (немесе) санкциялар, сондай-ақ мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
6. Ертерек ден қою шараларын қолдану тәртібі және банктің (банк конгломератының) қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау әдістемесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
2012.26.12. № 61-V ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2012 ж. 4 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Осы баптың талаптары мынадай шарттардың бірі орындалған:
тізбесін уәкілетті орган белгілейтін рейтингтік агенттіктердің бірінің А рейтингінен төмен емес жеке кредиттік рейтингінің, сондай-ақ банк холдингі, банк холдингі белгілерін иеленуші тұлға шыққан елдің қаржылық қадағалау органының аталған Қазақстан Республикасының резиденті емес тұлғалардың шоғырландырылған қадағалауға жататындығы туралы жазбаша растауы болған;
уәкілетті орган мен шет мемлекеттің тиісті қадағалау органы арасында ақпарат алмасу туралы келісім, сондай-ақ рейтингтік агенттіктердің бірінің ең төменгі талап етілетін рейтингі болған кезде банк холдингі, банк холдингінің белгілеріне ие тұлға болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті еместерге қолданылмайды. Ең төменгі рейтинг пен рейтингтік агенттіктердің тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленеді.
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. № 2830 Заң күші бар Жарлығымен; 11.07.97 № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.08.05. № 69-III (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 46-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 46-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
46-бап. Ықпал етудiң шектеулi шаралары
1. Пруденциалдық қалыптардың және сақталуға міндетті басқа да нормалар мен лимиттердің, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғанын уәкiлеттi орган тапқан, банкінің лауазымды адамдары мен қызметкерлерiнiң оның қаржы қауiпсiздiгi мен тұрақтылығына, сондай-ақ оның депозиторларының, клиенттерi мен корреспонденттерiнiң мүдделерiне қауiп төндiретiндей заңсыз әрекеттерiн немесе әрекетсiздiгiн анықтаған реттерде, сондай-ақ уәкілетті органның осы Заңда көзделген өзге де талаптарын орындамаған жағдайларда уәкiлеттi орган банкiге мынадай шектеулi ықпал ету шараларының бірiн қолдануға:
а) мiндеттеме-хат талап етуге;
б) банкiмен жазбаша келісім жасасуға;
в) жазбаша ескерту жасауға;
г) атқарылуға мiндеттi жазбаша нұсқама беруге құқылы.
2. Банкінің мiндеттеме-хатында орын алып отырған Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылғанын мойындау фактісі, сондай-ақ банк басшылығының жоспарланған шаралар тiзбесiн көрсете отырып, оларды қатаң белгiленген мерзiмде қоятындығы туралы кепiлдемесi болуға тиiс.
3. Жазбаша келісім - бұл анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою қажеттiгi туралы және осы бұзушылықтарды жою жөніндегі бірiншi кезектегi шараларды бекіту туралы банк пен уәкiлеттi орган арасындағы келісім.
4. Жазбаша нұсқама - анықталған кемшiлiктердi белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы мiндеттi түзету шараларын қолдану туралы банкке нұсқау.
Уәкiлеттi органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
5. Банк мiндеттеме-хаттың, жазбаша келісімнiң немесе жазбаша нұсқаманың осы құжатта көрсетiлген мерзiмде орындалғаны туралы уәкiлеттi органды хабардар етуге мiндеттi.
6. Егер орын алып отырған кемшiлiктер уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жойылмаған немесе уәкілетті орган банктің Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғанын анықтаған жағдайда, жазбаша ескерту осы Заңның 47-бабында көзделген санкцияларды банкiге қолдану мүмкiндiгi туралы уәкiлеттi органның хабардар етуi болып табылады.
7. Ықпал етудiң шектеулi шараларын қолдану тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
8. Осы бапта келтірілген шаралар банк холдингіне, банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдарға, банктің ірі қатысушыларына қатысты, олар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзған, оның ішінде банк холдингі, банктің ірі қатысушысы мәртебесін алғаннан кейін тұрақсыз қаржылық жағдай белгілері туындаған жағдайда, сондай-ақ уәкілетті орган осы тұлғалардың, олардың лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің бұзушылықтары, заңсыз іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі банктің немесе банк конгломератының қаржылық жай-күйін нашарлатқанын анықтаған жағдайда, қолданылуы мүмкін.
9. 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. № 2830 Заң күші бар Жарлығымен; ҚР 07.12.96 ж. № 50-1; 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.08.05. № 69-III (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара); 2007.12.01 № 222-III (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) Заңдарымен 47-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 47-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
47-бап. Санкциялар
1. Уәкiлеттi орган банкке, банк холдингіне, банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдарға, банктің ірі қатысушыларына бұрын қолданылған ықпал ету шараларына қарамастан оларға санкциялар қолдануға құқылы.
2. Санкциялар ретiнде уәкiлеттi орган мынадай шаралар қолдануға:
а) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген негiздер бойынша айыппұл салуға;
б) осы Заңның 48-бабында белгiленген негiздер бойынша барлық немесе жекелеген банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензияны тоқтата тұруға не одан айыруға;
в) осы Заңның 62-67-баптарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша банкіні консервациялауға;
г) осы Заңның 49-бабында көзделген негiздер бойынша банк ашуға берiлген рұқсаттан айыруға құқылы;
д) банктің меншікті капиталының теріс мөлшері болған жағдайда және Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша банк акцияларын (акционерлердiң үлесiн) уәкiлеттi орган белгiлеген баға бойынша акцияларды, кейiннен жаңа инвесторға сатып алынған баға бойынша мiндеттi түрде дереу сату, сонымен бір мезгiлде банк пен оның акционерлерiнiң барлық құқықтары мен міндеттемелерiн беру шартымен, мәжбүрлеп сатып алу туралы уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күнгi оның міндеттемелерінің сомасы шегерілген банк активтерінің құнын негiзге ала отырып шешiм қабылдау;
е) басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін бір мезгілде кері қайтарып ала отырып, осы Заңның 20-бабында көрсетiлген адамдарды аталған басшы қызметкердің (қызметкерлердің) iс-әрекетiнiң қолданылып жүрген заң талаптарына сай келмейтiнiн тануға жеткiлiктi мәлiметтер негiзiнде лауазымды мiндеттерiн атқарудан шеттету.
ж) 2005.12.23 № 107-III Заңымен алып тасталды ( бұр. ред. қара)
з) банктің және (немесе) банк конгломератының өз капиталы жеткіліктілігінің коэффициенттерінің мәндері уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарымен белгіленген нормативтерден елу проценттен аз деңгейге дейін төмендеген жағдайда, банк осы Заңның 60-бабы және Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен кредиттік серіктестік болып қайта құрылуға міндетті.
Банк осы тармақшаның бірінші абзацында айтылған құқықтан бас тартқан немесе осы Заңның 61-бабында көрсетілген негіздер бойынша банктің кредиттік серіктестік болып қайта құрылуына рұқсат беруден бас тартылған жағдайда, уәкiлеттi орган банк акцияларын осы Заңның 47-1-бабының 3-тармағына сәйкес, ол (олар) осы Заң талаптарын сақтаған жағдайда, кейіннен жаңа инвесторға (инвесторларға) иеліктен шығарып беру үшін банк акцияларын уәкiлеттi органның сенімгерлікпен басқаруына беру жөнінде банк акционерлерімен шарт жасасу туралы шешім қабылдауға құқылы.
Акционерлер акцияларын сенімгерлікпен басқаруға беруден бас тартқан жағдайда уәкiлеттi орган шарт жасасуға мәжбүрлеу туралы талаппен сотқа жүгінуге құқылы.
3. Уәкiлеттi орган осы баптың 2-тармағының e) тармақшасында көзделген санкцияны қолданған жағдайда, қызметiнен шеттетiлген қызметкерлердi жұмыстан босату туралы шешiмдi оларды тиiстi қызметтерге тағайындаған немесе сайлаған органдар қабылдайды.
4. алынып тасталды
5. банк операцияларын жүргiзуге арналған банк лицензиясынан (лицензияларынан) айыру туралы шешiмi оны қабылдаған күннен бастап күшiне енедi.
6. Уәкiлеттi орган банк операцияларын жүргiзуге арналған банк лицензиясынан (лицензияларынан) айырғаннан кейiн банктiң уақытша әкiмшiлiгiн (уақытша әкімін) тағайындайды, оған барлық басқару органының өкiлеттiгi көшедi.
Банктiң бұрынғы iс-әрекет етушi органдарының өкiлеттiгi тоқтатылады.
6-1. 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
7. Банктің уақытша әкімшілігі (уақытша әкімшісі) банк лицензиядан айырылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы Заңның 61-2-бабында көзделген операцияны жүргізу туралы шешім қабылдайды және осы операцияны жүргізу туралы мәселені келісу үшін уәкілетті органға жүгінеді.
Уәкілетті орган банктің уақытша әкімшілігінің (уақытша әкімшісінің) осы Заңның 61-2-бабында көзделген операцияны жүргізуін он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде келіседі.
Уәкілетті орган банктің уақытша әкімшілігі (уақытша әкімшісі) көрсетілген операцияны жүргізгеннен кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен он жұмыс күні ішінде сотқа жүгінеді.
Банктің уақытша әкімшілігі (уақытша әкімшісі) осы Заңның 61-2-бабында көзделген операцияны осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімде жүргізу туралы шешімді қабылдамаған жағдайда, уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.
Уәкілетті орган лицензиядан айыру туралы қабылданған шешім жөніндегі ақпаратты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді екі баспа басылымында жариялайды.
8. Банк операцияларын жүргiзуге арналған лицензиядан айыру туралы шешіміне банктiң атынан тек оның акционерлерi ғана шағымдануға құқылы. Аталған шешiмге сот тәртібімен 10 күн мерзiм iшiнде шағымдануға болады.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II Заңымен 47-1 баппен толықтырылды; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 47-1 бап өзгертілді; 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 47-1-бап өзгертiлдi; 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 47-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 47-1-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
47-1-бап. Ірі қатысушы немесе банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаларға, сондай-ақ банктің ірі қатысушыларына, банк холдингтеріне және банк конгломератының құрамына кіретін заңды тұлғаларға қатысты қолданылатын мәжбүрлеу шаралары
1. Уәкілетті орган ірі қатысушы немесе банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаларға, сондай-ақ банктің ірі қатысушыларына және банк холдингтеріне немесе банк конгломератының құрамына кіретін заңды тұлғаларға:
1) ірі қатысушы және банк холдингі мәртебесін иемденуге уәкілетті органның келісімін алмаған;
2) банктің ірі қатысушысы және банк холдингі мәртебесін иемденгеннен кейін осы Заңның 17-1-бабының 9-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған;
3) осы Заңның 46-бабына сәйкес қолданылған ықпал етудің шектеулі шараларын орындамаған;
4) банктің ірі қатысушы немесе банк холдингі белгілерін иеленуші тұлға, сондай-ақ банктің ірі қатысушылары (оның ішінде ірі қатысушы бақылау жасай алатын ұйымдар), банк холдингі немесе банк конгломератының құрамына кіретін заңды тұлғалар жасаған іс-әрекеттер, соның салдарынан банкке залал келтірілген немесе залал келтірілуі мүмкін болған;
5) ірі қатысушының немесе банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаның, сондай-ақ банктің ірі қатысушыларының (оның ішінде ірі қатысушы бақылау жасайтын ұйымдардың), банк холдингінің немесе банк конгломератының құрамына кіретін заңды тұлғалардың қаржылық жай-күйі тұрақсыз болған, соның салдарынан банкке залал келтірілген немесе залал келтірілуі мүмкін болған;
6) осы Заңның 45-бабында көрсетілген факторлардың анықталуына байланысты, банктің немесе банк конгломератының қаржылық жағдайы нашарлаған;
7) банк конгломераты пруденциялық нормативтерді жүйелі түрде (бір жыл ішінде екі және одан көп рет) орындамаған жағдайларда мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
Осы Заңның 42-бабы 5-тармағының талаптарын орындамауға алып келген іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін де уәкілетті орган банк холдингтеріне және оның ірі қатысушыларына мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлар болған кезде, уәкілетті орган:
1) ірі қатысушы белгілерін иеленуші тұлғадан, сондай-ақ банктің ірі қатысушысынан оның тікелей немесе жанама иелену үлесін банктің дауыс беретін акцияларының он пайызынан төмен деңгейге дейін азайтуды талап етуге;
2) банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғадан, сондай-ақ банк холдингінен оның тікелей немесе жанама иелену үлесін банктің дауыс беретін акцияларының жиырма бес пайызынан төмен деңгейге дейін азайтуды және банкті тәуекелге ұшырататын, өзі мен банк арасындағы операцияларды (тікелей және жанама) жүзеге асыруды тоқтата тұруды талап етуге;
3) банктен және банк холдингінен банк немесе банк холдингі олардың акционері (қатысушысы) болып табылатын ұйымдарға, сондай-ақ банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдарға қатысты банкті және (немесе) банк холдингін не банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдарды тәуекелге ұшырататын олардың арасындағы операцияларды (тікелей және жанама) жүзеге асыруды тоқтата тұруды талап етуге;
4) банктен немесе банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғадан, сондай-ақ банк холдингінен өзінің иелену үлесін иеліктен шығаруды немесе еншілес ұйымдарға немесе жарғылық капиталына қомақты қатысатын ұйымдарға бақылау жүргізуді талап етуге;
5) банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдардан банк конгломератын тәуекелге ұшырататын, олар мен үлестес тұлғалар арасындағы операцияларды (тікелей және жанама) жүзеге асыруды тоқтата тұруды талап етуге;
6) банктің немесе банк конгломератының меншікті капиталын банктің немесе банк конгломератының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті болатын мөлшерде арттыру мақсатында банк холдингінен, банктің ірі қатысушысынан банкті немесе банк конгломератын қосымша капиталдандыру жөнінде шаралар қолдануды талап етуге құқылы.
3. Банктің ірі қатысушысы, банк холдингі не банктің не банк холдингінің ірі қатысушысы белгілерін иеленуші тұлға осы баптың 2-тармағында, сондай-ақ осы Заңның 57-бабының 6-тармағында көзделген талаптарды орындамаған жағдайда, уәкілетті органның шешімі негізінде банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне не банктің, банк холдингінің ірі қатысушысы белгілерін иеленуші тұлғаға тиесілі банк акцияларын сенімгерлік басқару тағайындалады. Бұл акциялар уәкілетті органға үш айға дейінгі мерзімге сенімгерлік басқаруға беріледі.
Уәкілетті орган банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне не банктің ірі қатысушысы не банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаға тиесілі банк акцияларын ұлттық басқарушы холдингке сенімгерлік басқаруға беру туралы шешім қабылдауға құқылы.
Банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне не банктің ірі қатысушысы не банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаға тиесілі банк акциялары ұлттық басқарушы холдингке сенімгерлік басқаруға берілген жағдайда, акцияларды сенімгерлік басқаруды тағайындау мерзімі уәкілетті органның сенімгерлік басқаруды тағайындау туралы шешімінде айқындалады.
Уәкілетті орган не ұлттық басқарушы холдинг банктің акцияларын сенімгерлік басқаруды жүзеге асырған кезеңде акциялардың меншік иесі сенімгерлік басқарудағы акцияларға қатысты қандай да бір іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы емес.
Банктің ірі қатысушысы, банк холдингі не банктің ірі қатысушысы, банк холдингі белгілерін иеленуші тұлға уәкілетті органға банктің өзіне тиесілі барлық акцияларын өтінішхатта көрсетілген тұлғаларға сату туралы өтінішхат беруге құқылы.
Өтінішхатта көрсетілген акцияларды сатып алушылар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінің талаптарын орындаған жағдайда уәкілетті орган өтінішхатты қанағаттандырады.
Банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне не банктің ірі қатысушысы не банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаға тиесілі банк акцияларын ұлттық басқарушы холдингке сенімгерлік басқаруға беру үшін негіздер сенімгерлік басқару тағайындалған мерзім аяқталғанға дейін жойылмаған жағдайда, уәкілетті орган не ұлттық басқарушы холдинг банктің сенімгерлік басқарудағы акцияларын олардың акцияларды өткізу туралы шешім қабылданған күні қалыптасқан нарықтық құны бойынша бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында өткізу жолымен иеліктен шығарады. Акциялардың нарықтық құны туралы ақпарат болмаған жағдайда, акцияларды өткізу бағасын бағалаушы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындауы мүмкін. Көрсетілген акцияларды сатудан түскен ақша акциялары сенімгерлік басқаруға берілген тұлғаларға аударылады.
Банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне не банктің ірі қатысушысы, банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаға тиесілі банк акцияларын сату жөніндегі іс-шаралар банк қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Банктің ірі қатысушысына, банк холдингіне не банктің ірі қатысушысы не банк холдингі белгілерін иеленуші тұлғаларға тиесілі банк акцияларын сенімгерлік басқаруды жүзеге асырудың тәртібі, сондай-ақ уәкілетті органның не ұлттық басқарушы холдингтің сенімгерлік басқару кезеңіндегі іс-әрекеті уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
4. Мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. № 2830 Заң күші бар Жарлығымен; ҚР 11.07.97 № 154-1; 12.08.97 ж. № 200-1; 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.08.05. № 69-III (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара); 2007.12.01 № 222-III (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара); 2009.12.02. № 133-IV (бұр.ред.қара); 2009.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.28.08. № 192-IV (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 48-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 48-бап өзгертiлдi
48-бап. Барлық немесе жекелеген банк операцияларын жүргiзуге берілген лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұру, тоқтату не олардан айыру үшiн негiздер
1. Барлық немесе жекелеген банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензияны тоқтата тұру не одан айыру мынадай кез келген негiздер бойынша жүргiзiледi:
а) банк және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қызметi үрдiсiнде осы Заңның 20-бабының, 26-бабы 2 және 6-тармақтарының талаптарын сақтамау;
а-1) банкте өзге банк холдингі немесе банк акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызын иеленетін жеке тұлға - ірі қатысушы болмағанда, банктің орналастырылған (артықшылықты және банк сатып алған акциялар шегеріле отырып) акцияларының жиырма бес немесе одан көп пайызын иеленетін жеке тұлғадан банк холдингі, банктің ірі қатысушысы мәртебесін кері қайтарып алу;
б) банк операцияларын қолданылып жүрген заңдардың нормаларын үнемi (он екi жүйелi күнтiзбелiк айдың iшiнде үш немесе одан да көп рет) бұза отырып жүзеге асыру;
в) төлем мен аударым операциялары бойынша шарттық мiндеттемелердi үнемi (он екi жүйелi күнтiзбелiк айдың iшiнде үш немесе одан көп рет) тиiстi дәрежеде орындамау;
г) пруденциалдық қалыптарды және/немесе сақталуға мiндеттi басқа да нормалар мен лимиттердi үнемi (он екi жүйелi күнтiзбелiк айдың iшiнде үш немесе одан да көп рет) бұзу;
д) осы Заңның 32-бабында белгiленген банк операцияларын жүргiзудiң жалпы шарттарын ашу жөніндегі мiндеттi сақтамау;
е) осы Заңның 40-бабында белгiленген банкiмен ерекше қатынастар арқылы байланысты адамдарға жеңiлдiк жағдайлар жасауға тыйым салуды бұзу;
ж) уәкiлеттi органға есептер мен мәлiметтер бермеу немесе оларды көрінеу анық емес етiп беру;
з) уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерін үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзу не жазбаша нұсқаманы үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау;
з-1 тәуекелді басқару және ішкі бақылау жүйесінің бар болуы бөлігінде уәкілетті органның талаптарын сақтамауы;
и) осы Заңның 8-бабындағы шарттарға сәйкес банктер үшiн тыйым салынған және шектелген қызметтердi жүзеге асыру;
к) осы Заңмен, банк жарғысымен және банк операцияларын жүргiзуге арналған лицензиямен (лармен) белгiленген өзiнiң құқықтық қабiлетi шегiнен шығып кететiн банк операцияларын жүзеге асыру;
к-1) банктiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның өзiне берiлген лицензияға сәйкес қызметтi лицензия берiлген күннен бастап қатарынан он екi күнтiзбелiк ай iшiнде жүзеге асырмауы;
л) банк қызметiн тоқтату туралы соттың шешiм қабылдауы;
л-1) банктiң қайта құрылу немесе таратылу жолымен өз қызметiн ерiктi түрде тоқтату туралы шешiм қабылдауы;
м) банкпен аффилиирлендірілген тұлғалар туралы ақпаратты, сондай-ақ уәкiлеттi орган талап еткен өзге де ақпаратты бермеу не анық емес ақпарат беру, бұл уәкiлеттi органның банктердің қызметіне, оның ішінде шоғырландырылған негізде қадағалау жасауына кедергі келтіруге себеп болса;
м-1) банк холдингінің банктің дауыс беретін және (немесе) орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акцияларды шегере отырып) жиырма бес процентінен астамын тікелей және жанама иеленетін, банктің ірі қатысушылары - жеке тұлғалардың банктің меншікті капиталын ұлғайту бойынша уәкілетті орган белгілеген талаптарды, сондай-ақ осы Заңның 47-1-бабының 2-тармағына сәйкес қойылатын талаптарды сақтамауы;
н) банктің тексеру жүргізуге бірнеше рет (инспекция жүргізу барысында екі және одан көп рет) кедергі жасауы, соның салдарынан оны белгіленген мерзімде жүргізудің мүмкін болмауы;
о) аудиторлық ұйымның жүргізілген аудит жөніндегі есебінде көрсетілген бұзушылықтарды банктің осы Заңның 57-бабының 6-тармағында көрсетілген мерзімде әдейі жоймауы.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 1-1-тармақ жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
1-1. Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылмайтын банк (ислам банкін қоспағанда) депозиттер қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға және жүргізуге арналған лицензияларынан айырылады.
1-2. «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген талаптарды жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзған жағдайда барлық немесе жекелеген банк операцияларын жүргізуге лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жүргізіледі.