Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен айқындалады.
3. Егер қарыз шарты бойынша қарыз алушыға заттар берiлсе, сыйақы төлеу оның көлемi мен нысаны (ақшалай немесе заттай) шартта көзделген жағдайда жүргiзiледi.
4. Сыйақы төлеудiң тәртібі мен мерзiмдерi қарыз шартында белгiленедi.
Егер сыйақы төлеу тәртібі мен мерзiмдерi шартта белгiленбесе, ол ай сайын төленедi.
5. Егер қарыз алушы қарыз нысанасын мерзiмiнде қайтармаса, сыйақы қарыз нысанасын пайдаланған бүкiл кезеңге төленедi.
719-бап. Заем нысанасын беру
1. Заем нысанасын шартта көзделген мерзiмде, мөлшерде және жағдайда берiледi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заемшыға берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша қаражаты есептелген кезден бастап берiлген деп есептеледi.
2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заемшы заем берудiң шартта белгiленген мерзiмiне дейін заем берушiнi бұл туралы хабардар ете отырып, заем алудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
3. Тектiк белгiлерiмен айқындалатын заттарды заемға берген кезде олардың саны, түр-түрi, жинақтылығы, сапасы, ыдысы және (немесе) буып-түйiлуi туралы шарттарды орындау, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарларды сатып алу-сату шарттары туралы (осы Кодекстiң 406-492-баптары) ережелерге сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
720-бап. Нысаналы заем
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасыз болады және заемшы алынған заем нысанасын өз қалауы бойынша пайдаланады.
2. Шарт заемшының заем нысанасын белгiлi бiр мақсатқа пайдалануы шартымен (нысаналы заем) жасалған жағдайда, заем берушiнiң заемның нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыруға құқығы бар, ал заемшы заем берушiнiң осындай бақылауды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Заемшы заем нысанасын нысаналы пайдалану жөніндегі мiндеттердi, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көзделген мiндеттердi орындамаған жағдайда заем берушi заем нысанасының берiлмеген бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
721-бап. Заемшының мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету
1. Заем нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөніндегі мiндеттемелердi орындау осы Кодексте көзделген әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда заемшы, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, заем берушiге заемның қамтамасыз етiлуiн бақылауға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
2. Заемшы нысанасын қайтару және сыйақы төлеу жөніндегі қамтамасыз ету жөніндегі мiндеттердi орындамаған кезде, сондай-ақ заем берушi жауап бермейтiн мән-жайлар бойынша қамтамасыз етудi жоғалтқан немесе оның шарттарын нашарлатқан жағдайда заем берушi заем нысанасының тиiсiнше ұсынылмаған бөлiгiне қатысты шартты орындаудан бас тартуға және заемшыдан заем нысанасын және ол бойынша сыйақыны мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
722-бап. Заем нысанасын қайтару
1. Заемшы шартта көзделген тәртiппен және мерзiмде заем нысанасын қайтаруға мiндеттi.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, заем нысанасы оны заем берушiге берген немесе оның банктегi шотына тиiстi ақша есептелген кезде қайтарылды деп есептеледi.
Егер заем нысанасын қайтару мерзiмi шартта белгiленбесе, оны заемшы ол туралы заем берушi талап еткен күннен бастап отыз күн iшiнде қайтаруы тиiс.
Сыйақы төлеу туралы шартсыз берiлген заем нысанасы мерзiмiнен бұрын қайтарылуы мүмкiн. Сыйақы төлеу шартымен берiлген заем нысанасы заем берушінің келісімімен не, егер ол шартта көзделсе, мерзімінен бұрын қайтарылуы мүмкін.
Егер шартта өзгеше белгiленбесе, заем бойынша сыйақы кез келген уақытта мерзiмiнен бұрын төленуi мүмкiн.
2. Заем берушiнiң келісімiмен заемшының мiндеттемелерi: ақша заемы шарты бойынша - борыш есебiне тектiк белгiлерiмен айқындалған заттарды қабылдаумен; заттар заемы шарты бойынша - борыштың есебiне ақша қабылдаумен орындалуы мүмкiн. Аталған заттардың құны тараптардың келісімiмен айқындалады.
3. Егер шартта заемды бөлшектеп (бөлiп-бөлiп) қайтару көзделсе, заемшы заем нысанасының кезектi бөлiгiн қайтару үшiн белгiленген мерзiмдi бұзған жағдайда заем берушi заем нысанасының қалған барлық бөлiгiнiң тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
4. Егер шартта заем бойынша сыйақыны заем нысанасының өзiн қайтару мерзiмдерiнен бұрын төлеу көзделсе, сыйақыны төлеу үшiн белгiленген мерзiм бұзылған жағдайда заем берушi заемшыдан заем нысанасын тиесiлi сыйақымен бiрге мерзiмiнен бұрын қайтаруды талап етуге құқылы.
723-бап. Заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талапты қанағаттандыру мерзімі
Заем берушi 720-баптың З-тармағында, 721-баптың 2-тармағында, 722-баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген негiздер бойынша заем нысанасын мерзiмiнен бұрын қайтару туралы талаптар қойған кезде заем нысанасын қайтарудың және ол бойынша сыйақыны төлеудiң жаңа мерзiмi осы Кодекстiң 722-бабының 1-тармағында белгiленген ереже бойынша есептеледi.
724-бап. Заем шартын даулау
1. Заемшы заем берушiден өзiнiң заем нысанасын (ақшаны немесе заттарды) iс жүзiнде алмағандығын немесе шартта көрсетiлгеннен аз мөлшерде немесе аз санда алынғанын дәлелдей отырып, заем шартын даулауға құқылы.
2. Заем шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс жағдайларда (осы Кодекстiң 716-бабы), шарт алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың, тараптар өкiлдерiнiң қаскүнемдiк келісімiнiң немесе ауыр мән-жайлар тоғысуының ықпалымен жасалған жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 159-бабының 9 және 10-тармақтары), оны куәгерлiк көрсетулер арқылы даулауға жол берiлмейдi.
725-бап. Заем шартында мiндеттеменi жаңалау
1. Сатып алу-сату, мүлiктi жалға алу немесе өзге негiздегi мәмiлелерден пайда болған кез келген мiндеттеме тараптардың келісімi бойынша заем шартымен ресiмделуi мүмкiн.
2. Мiндеттеменi заем шартына ресiмдеу жаңалау туралы талаптарды (осы Кодекстiң 372-бабы) сақтай отырып жүзеге асырылады және заем шарты үшiн көзделген (осы Кодекстiң 716-бабы) нысанда жасалады.
726-бап. Мемлекеттік заем шарты
1. Мемлекеттік заем шарты бойынша заемшы - мемлекет, ал заем беруші - азамат немесе заңды тұлға болады.
2. Мемлекеттік заемдар ерiктi болып табылады.
3. Мемлекеттік заем шарты заем игерушiнiң шығарылған мемлекеттік облигацияларды, сондай-ақ заем берушiнiң заемшыдан одан қарызға берілген ақшаны немесе заем талаптарына байланысты өзге де мүліктік баламаны, белгiленген сыйақыны немесе өзге де мүлiктiк құқықтарды осы заемды айналымға шығару шарттарында көзделген мерзiмде алу құқығын куәландыратын басқа да мемлекеттік бағалы қағаздарды (құжаттық немесе құжаттық емес) алу жолымен жасалады.
4. Мемлекеттік заем шартынан туындайтын өз мiндеттемелерi бойынша, заемшы тиiстi қазынаның мүлкiмен жауап бередi.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік заем қатынастарына қатысу ерекшелiктерi заң актілерімен белгiленуi мүмкiн.
727-бап. Банк заемы шарты
ҚР 2005.23.12. № 107-III Заңымен 1-бап толықтырылды
1. Банк заемы шарты бойынша заем берушi заемшыға төлемділік, мерзімділік, қайтарымдылық шарттарымен қарызға ақша беруге мiндеттенедi.
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен бап 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Ислам банкі заем беруші болып табылатын банк заемы шарты бойынша ақша заемы мерзімділік және қайтарымдылық талаптары бойынша және ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы алынбай жүзеге асырылады.
2. Банк заемы шартына осы Кодекстiң 728-бабында көзделген ерекшелiктерiмен қоса заем шартына қатысты ережелер қолданылады.
10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 728-бап өзгертілді; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 728-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
728-бап. Банктік қарыз шартының ерекшелiктерi
Банктік қарыз шартының мынадай ерекшелiктерi бар:
1) уәкiлеттi мемлекеттік органның ақшалай нысанда қарыз беруге лицензиясы бар банк немесе өзге де заңды тұлға қарыз берушi ретінде әрекет етеді;
2) шарттың нысанасы алдағы уақытта берiлуi мүмкiн ақша болып табылады. Соңғы жағдайда, егер осы шартта өзгеше көзделмесе, шарт жасалған кезiнен бастап (осы Кодекстiң 393-бабының 1-тармағы) күшiне енген болып есептеледi;
3) шарт жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Жазбаша нысанды сақтамау банктік қарыз шартының жарамсыздығына әкеп соғады;
4) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, шартта банктің немесе уәкілетті мемлекеттік органның ақшалай нысанда қарыз беруге лицензиясы бар өзге де заңды тұлғаның шарт талаптарын біржақты өзгерту құқығын көздейтін талап қамтылмайды;
5) Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, банктiк қарыз шартына осы Кодекстiң 722-бабы 2-тармағының ережелерi қолданылмайды;
6) осы Кодекстің 722-бабы 3 және 4-тармақтарының ережелері қарыз алушы қарыз нысанасының кезекті бөлігін қайтару және (немесе) сыйақы төлеу үшін белгіленген мерзімді күнтізбелік қырық күн мерзімнен асырып бұзған кезде банктік қарыз шартына қолданылады.
Банктерге осы банк эмитентi болып табылатын акциялармен қамтамасыз етiлген қарыздар беруге не осы акцияларды сатып алуға арналған қарыздар беруге тыйым салынады.
37-тарау. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру (факторинг)
729-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру (факторинг) шарты
1. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша бiр тарап (қаржы агентi) ақшаны басқа тараптың (клиенттiң) билiгiне бередi немесе беруге мiндеттенедi, ал клиент қаржы агентiне клиенттiң (кредит берушiнiң) осы үшiншi тұлғамен (борышқормен) қатынастарынан туындайтын өзiнiң ақшалай талабын қаржы агентiне бередi немесе беруге мiндеттенедi.
Борышқорға ақшалай талабын клиент қаржы агентіне сонымен бірге клиенттің қаржы агенті алдындағы міндеттемелерін атқаруын қамтамасыз ету мақсатында да беруi мүмкiн.
2. Ақшалай талапты беріп қаржыландыру шарты бойынша қаржы агентінің мiндеттемелерi клиент үшiн бухгалтерлiк есеп жүргiзудi және берудiң нысанасы болып табылатын ақшалай талаптарға (ақшалай талаптар бойынша шоттар ашу) қатысты құжаттар ұсынуды, сондай-ақ клиентке осы талаптарға байланысты өзге де қаржылық қызмет көрсетуді қамтуы мүмкiн.
3. Осы Кодекспен белгiленген (осы Кодекстiң 339-347-баптары) талаптарды беру туралы жалпы ережелер, егер осы тарауда өзгеше көзделмесе, ақшалай талапты берiп қаржыландыруға қолданылады.
730-бап. Ақшалай талапты берiп қаржыландыру туралы шарттың нысаны
Ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты осы Кодекстiң 346-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып жазбаша түрде жасалуға тиiс.
731-бап. Қаржыландыруды алу мақсатындағы берiлген ақшалай талап
1. Төлем мерзiмi келген ақшалай талап (қойылып келген талап) та, болашақта туындайтын ақша алу (келешектегi талап) құқығы да қаржы беру нысанасы болуы мүмкiн.
Беру нысанасы болып табылатын ақша талабы клиенттiң қаржы агентiмен жасасқан шартында қолданылып келген ақшалай талапты шарт жасалған кезде, ал келешектегi талапты - ол туындаған кезден кешiктiрмей бiрыңғайландыруға мүмкiндiк беретiндей болып белгiленуге тиiс.
2. Қолданылып келген ақшалай талап шарт жасалған кезден бастап, егер онда өзгеше көзделмесе, қаржы агентiне ауысты деп есептеледi.
Келешектегi ақшалай талапты беру кезiнде шартта көзделген талапты берудiң нысанасы болып табылатын ақшаны борышкерден алу құқығының өзi пайда болғаннан кейiн қаржы агентiне ауысты деп есептеледi.
Егер ақшалай талапты беру белгiлi бiр оқиғамен байланысты болса, ол осы оқиға басталғаннан кейiн күшiне енедi. Мұндай жағдайда ақшалай талапты берудi қосымша ресiмдеу талап етiлмейдi.
732-бап. Клиенттiң қаржы агентiнiң алдындағы жауапкершiлiгi
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талаптың жарамсыздығы үшiн қаржы агентiнiң алдында клиент жауапты болады.
2. Егер клиент ақшалай талапты беру құқығына ие болса және осы талапты беру кезiнде борышқордың ол талапты орындамауға құқығы болатын мән-жайлар оған белгiсiз болса, беру нысанасы болып табылатын ақшалай талап жарамды деп танылады.
3. Егер клиент пен қаржы агентiнiң арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, клиент қаржы агентi оны орындауды ұсынған жағдайда беру нысанасы болып табылатын талапты борышқордың орындамағаны немесе тиiстi түрде орындамағаны үшiн жауап бермейдi.
733-бап. Талапты беруге тыйым салудың жарамсыздығы
Қаржы агентiне ақшалай талапты беру, тiптi клиент пен оның борышқоры арасында оған тыйым салу немесе оны шектеу туралы келісім болғанда да жарамды болып табылады.
734-бап. Ақшалай талапты кейiн беру
Егер ақшалай талапты берiп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, қаржы агентiнiң ақшалай талапты кейiн беруiне жол берiлмейдi.
Шартта ақшалай талапты кейiн беруге жол берiлген жағдайларда оған тиiсiнше осы тараудың ережелерi қолданылады.
735-бап. Борышқордың қаржы агентiне ақшалай талапты орындауы
1. Борышқор қаржы агентiне ол клиенттен немесе қаржы агентiнен ақшалай талаптың аталған қаржы агентiне берiлгендiгi туралы жазбаша хабарлама алған жағдайда төлем жүргiзуге мiндеттi.
Хабарламада орындалуға жататын ақшалай талап нақты белгiленуге және төлем жүргiзiлуi тиiс қаржы агентi көрсетiлуi керек.
2. Борышқордың өтiнiшi бойынша қаржы агентi қисынды мерзiмде борышқорға ақшалай талаптың қаржы агентiне шындығында берiлгенiне дәлелдеме ұсынуға мiндеттi. Егер қаржы агентi бұл мiндеттi орындамаса, борышқор клиенттiң алдындағы өзінің міндеттемелерiн орындау үшiн оған аталған талап бойынша төлем жүргiзуге құқылы.
3. Борышқордың қаржы агентi алдында ақшалай талапты орындауы осы баптың ережелерiне сәйкес борышқорды клиенттiң алдындағы тиiстi мiндеттемелерiнен босатады.
736-бап. Қаржы агентiнiң борышқордан алынған сомаларға құқықтары
1. Егер ақшалай талапты берiп қаржыландыру шарты бойынша клиенттi қаржыландыру одан осы талапты қаржы агентiнiң сатып алуы жолымен жүзеге асырылса, соңғысы борышқордан талапты орындау үшiн алатын барлық сомаға құқықты иемденедi, ал клиент өзi алған сома қаржы агентi клиентке төлеген сомадан аз болғаны үшiн қаржы агентi алдында жауап бермейдi.
2. Егер қаржы агентiне ақшалай талапты беру клиенттiң агент алдындағы өзiнiң мiндеттемесiн орындауды қамтамасыз ету әдiсi ретiнде жүзеге асырылса және талапты берiп қаржыландыру шартында өзгеше көзделмесе, қаржы агентi клиентке есеп табыс етуге және оған талапты берiп қамтамасыз етілген клиент мiндеттемелерi сомасынан асатын соманы беруге мiндеттi. Егер қаржы агентi борышқордан алған ақша клиенттiң қаржы агентiне талапты берумен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерi сомасынан аз болып шықса, клиент мiндеттемелердiң қалған бөлiктерi бойынша жауапты болады.
737-бап. Борышқордың қарсы талаптары
Қаржы агентi борышқорға төлем жүргiзудi талап еткен жағдайда, борышқор осы Кодекстiң 370-бабына сәйкес талаптың қаржы агентiне берiлгенi туралы жазбаша хабарламаны өзi алған уақытта борышқорда болған, клиентпен арадағы шартқа негiзделген өзінің ақшалай талаптарын есепке алуға ұсынуға құқылы.
Егер клиент борышқор алдында мiндеттемелерi бар екенi туралы оған хабарламаса, қаржы агентi есепке алудан бас тартуға құқылы.
738-бап. Қаржы агентi алған сомаларды борышқорға қайтару
1. Клиент борышқормен жасалған шарт бойынша өзiнiң мiндеттемелерiн бұзған жағдайда, соңғысы агентке ауысқан талаптар бойынша өзi төлеген сомаларды, егер борышқордың осындай соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы болса, қайтаруды қаржы агентiнен талап етуге құқығы жоқ.
2. Талапты берудiң нәтижесiнде қаржы агентiне төленген соманы тiкелей клиенттен алуға құқығы бар борышқордың қаржы агентiнен бұл сомаларды қайтаруды, егер соңғысының клиент алдындағы талаптың берiлуi бойынша оны қаржыландыруды жүзеге асырудағы мiндеттерiн орындамағаны не борышқордың алдындағы талаптың берiлуiне байланысты қаржыландыруға жататын мiндеттеменi клиенттiң орындамағанын бiле тұра қаржыландыруды жүргiзгенi дәлелденсе, дегенмен де талап етуге құқылы.
2006.20.02. № 127-III ҚР Заңымен 738-1-баппен толықтырылды; 2012.12.01. № 539-ІV ҚР Заңымен 738-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
738-1-бап. Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру кезiнде ақшалай талап етуді беру
Жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру кезiнде ақшалай талап етудің берілуіне орай қаржыландыру ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамалық актiсiнде белгiленедi. Егер Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамалық актiсiнде өзгеше белгiленбесе, осы тараудың ережелерi жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру мәмiлелерiне қолданылады.
38-тарау. Банктік қызмет көрсету
1. Жалпы ережелер
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 739-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
739-бап. Банктiк қызмет көрсету шарты
1. Банктiк қызмет көрсету шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша банктiк қызмет көрсетуге, ал клиент, егер шартта өзгеше көзделмесе, осы көрсетiлген қызметке ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Банктiк қызмет көрсету шарты:
1) банктiк шот шарты;
2) ақша аудару шарты;
3) банк салымы шарты;
4) заңдарда немесе тараптардың келісімiнде көзделген өзге де шарт түрлері болып бөлінеді.
2-1. Банкпен банк шоты шартын және (немесе) банк салымы шартын жасасқан кезде банк шоттары ашылады.
3. Банк клиенттiң өз ақшасына кедергiсiз билік ету құқығына кепiлдiк бере отырып, банк шотындағы ақшаны пайдалана алады.
ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 740-бап өзгерді; 2009.11.07 № 185-IV ҚР Заңымен 740-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 740-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
740-бап. Банктегі ақшаға билік етуді шектеу
1. Заңды тұлғалар (уәкілетті мемлекеттік орган лицензиядан айырған және (немесе) мәжбүрлеп тарату үдерісінде тұрған банктерді, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын, жинақтаушы зейнетақы қорларын қоспағанда) мен азаматтардың банктердегі ақшаcына тек соттар, тергеу және анықтау органдары мен атқарушылық іс жүргізу органдары өздерінің іс жүргізуіндегі қылмыстық және азаматтық істер және атқарушылық іс жүргізу істері бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу және азаматтық іс жүргізу заңнамасында және Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және негіздер бойынша тыйым сала алады.
2. Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегі ақшаcына тыйым салу мерзімі тиісті істерді жүргізу үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу және азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген мерзімдерден аспауға тиіс.
3. Тергеу және анықтау органдарының клиенттің ақшасына тыйым салу туралы шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.
4. Клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүргізіледі.
5. Клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімі уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тыйым салу туралы шешімі негізінде тыйым салынған ақша сомасына қолданылмайды.
6. Клиенттің банк шоттарындағы ақшасына тыйым салу құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың банк уәкілетті мемлекеттік органдардың шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін орындауға қабылдағаннан кейін ұсынылған шешімдері, осы баптың 7-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, осындай өкімнің күші жойылғаннан кейін орындалуға жатады.
7. Талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құжаттарын орындау мақсатында клиенттің банк шоттарындағы ақшасына салынған тыйымдар осы Кодекстің 742-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген талаптарды қанағаттандыру мақсатында тыйым салу жағдайларын қоспағанда, бірінші кезектегі тәртіппен орындалады.
Бұл ретте банктің бұрын қабылданған уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тыйым салу туралы шешімдерін және клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін орындауы талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құжаттарын орындау мақсатында тыйым салынатын ақша сомасы шегінде тоқтатыла тұрады.
Талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құжаттарын орындау мақсатында клиенттің банк шоттарындағы ақшасына біреуден көп тыйым салу кезінде олар банктің оларды қабылдау кезектілігі тәртібімен орындалуға жатады.
Уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тыйым салу туралы өзге де шешімдері және клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдері талап қоюды қамтамасыз ету немесе атқару құжаттарын орындау мақсатында салынған тыйым алып тасталғаннан кейін немесе оның күші жойылғаннан кейін банктің оларды қабылдау кезектілігі тәртібімен орындалады.
29.03.2000 № 42-II; 24.12.2001 № 276-II; 13.03.03 ж. № 394-II; 08.04.04 ж. № 542-II (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарына сәйкес 741-бап өзгерді; 2006.22.06 № 147-III ҚР Заңымен 741-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 741-бап өзгертілді (2010 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
741-бап. Клиенттің келісімінсіз ақшаны алып қою
Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге де ұйымдардағы ақшаларын олардың келісімінсіз алып қою тек қана заңды күшіне енген сот актісі негізінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Салық кодексінде, кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда жүргізілуі мүмкін.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 13.03.03 ж. № 394-II 09.07.03 ж. № 482-II (бұрынғы ред. қара); 08.04.04 ж. № 542-II (бұр. ред. қара); 2007.15.05. № 253-III (бұр.ред.қара) Заңдарымен 742-бап өзгертілді
742-бап. Клиенттiң ақшасын алу кезектілігi
1. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған барлық талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болған жағдайда, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, ақшаны алу клиенттiң немесе өзге тұлғалардың өкiмдерi түсу ретiне қарай (күнтiзбелiк кезектілік) жүзеге асырылады.
2. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған кезектi талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда банк сомасы аталған талапты қанағаттандыруға жеткiлiктi, клиенттің пайдасына түсетiн ақшаны жинақтайды. Клиентке бiрнеше талап қойылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, банк клиенттiң ақшасын мынадай кезектілік бойынша алуды жүргiзедi:
1) бiрiншi кезекте адам өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттердi өтеу жөніндегі талаптарды қанағаттандыруды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүзеге асырылады;
2) екiншi кезекте еңбек шарты жұмыс iстейтiн адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбекақы төлеу жөніндегі, авторлық шарт бойынша сыйлықақы төлеу, клиенттiң мiндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына және мiндеттi әлеуметтiк аударымдарды Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына аудару жөніндегі мiндеттемелерi бойынша есеп айырысу үшiн ақша алуды көздейтiн атқару құжаттары бойынша ақша алу жүргiзiледi;
3) үшiншi кезекте клиенттiң бюджет алдындағы мiндеттемелерi бойынша ақша алу жүргiзiледі;
4) төртiншi кезекте басқа да ақшалай талаптарын қанағаттандыру көзделген атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүргiзiледi;
5) бесiншi кезекте клиентке қойылған басқа да талаптарды қанағаттандыру үшін күнтiзбелiк кезектілік тәртібімен ақша алу жүргiзiледi.
Бiр кезекке жататын талаптар бойынша банктен ақша алу тиiстi құжаттардың түскен уақыты бойынша кезектілікпен жүргiзiледi.
3. Клиент болып табылатын заңды тұлға тараған кезде кредит берушiлердiң талабын қанағаттандыру осы Кодекстiң 51-бабында көзделген кезектілікпен жүргiзiледi.
ҚР 2005.23.12. № 107-III Заңымен 743-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
743-бап. Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банктiк қызмет көрсетуi
Банктiк қызмет көрсетудiң жекелеген түрлерiн банктiк қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар көрсетуге құқылы.
Мұндай ұйымдардың банктік қызметтің жекелеген түрлерін көрсетуi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiмен белгіленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
744-бап. Банктiк қызмет көрсетуге ақы төлеу
Клиент банктiк қызмет көрсету шарты бойынша өзiне банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген ережелер мен тәртiп бойынша ақы төлейдi.
745-бап. Банк құпиясы
Банк құпиясын жария етпеуге банк кепiлдiк бередi.
Банк құпиясын құрайтын мәлiметтер тiзбесi және оны беру негiздерi банк қызметiн реттейтiн заң актілерімен белгiленедi.
ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 746-бап жаңа редакцияда
746-бап. Клиенттерге банктiк қызмет көрсету шарттарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар клиенттерге банктiк қызмет көрсетуге байланысты бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының банк қызметiн реттейтiн заң актілерінде және банктiк қызмет көрсету шарттарында белгiленген шекте жауап бередi.
2. Банктiк шот
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес 747-бап өзгерді
747-бап. Банктiк шот шарты
1. Банктiк шот шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) пайдасына түсетiн ақшаны қабылдауға, клиенттiң клиентке немесе үшiншi тұлғаларға ақшаның тиiстi сомаларын аудару (беру) туралы өкiмдерiн орындауға және банктiк шот шартында көзделген басқа да қызметтердi көрсетуге мiндеттенедi.