Осы редакция ҚР 2004 ж. 8 сәуірде N 542-II Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР 29.03.2000 N 42-II; 24.12.2001 N 276-II; 13.03.03 ж. N 394-II Заңдарына сәйкес 741-бап өзгерді
741-бап. Клиенттің келісімінсіз ақшаны алып қою
Заңды тұлғалар мен азаматтардың банктердегi ақшаларын олардың келiсiмiнсiз алып қою тек соттың заңды күшiне енген үкiмiнiң немесе шешiмiнiң, сот бұйрығының негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң актісінде көзделген жағдайларда ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
ҚР 29.03.00 ж. N 42-II; 13.03.03 ж. N 394-II 09.07.03 ж. N 482-II. (бұрынғы ред. қара) Заңдарына сәйкес 742-бап өзгерді
742-бап. Клиенттiң ақшасын алу кезектiлiгi
1. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған барлық талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болған жағдайда, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, ақшаны алу клиенттiң немесе өзге тұлғалардың өкiмдерi түсу ретiне қарай (күнтiзбелiк кезектiлiк) жүзеге асырылады.
2. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған кезектi талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда банк сомасы аталған талапты қанағаттандыруға жеткiлiктi, клиенттің пайдасына түсетiн ақшаны жинақтайды. Клиентке бiрнеше талап қойылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, банк клиенттiң ақшасын мынадай кезектiлiк бойынша алуды жүргiзедi:
1) бiрiншi кезекте адам өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттердi өтеу жөнiндегi талаптарды қанағаттандыруды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүзеге асырылады;
2) екiншi кезекте клиенттiң мiндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару жөнiндегi мiндеттемелерi бойынша, сондай-ақ еңбек шарты, оның iшiнде келiсiм-шарт бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбегiне ақы төлеу бойынша, авторлық шарт жөнiндегi сыйақы төлеу бойынша есеп айырысу үшiн ақша алуды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүргiзiледi;
3) үшiншi кезекте клиенттiң бюджет алдындағы мiндеттемелерi бойынша ақша алу жүргiзiледі;
4) төртiншi кезекте басқа да ақшалай талаптарын қанағаттандыру көзделген атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүргiзiледi;
5) бесiншi кезекте клиентке қойылған басқа да талаптарды қанағаттандыру үшін күнтiзбелiк кезектiлiк тәртiбiмен ақша алу жүргiзiледi.
Бiр кезекке жататын талаптар бойынша банктен ақша алу тиiстi құжаттардың түскен уақыты бойынша кезектiлiкпен жүргiзiледi.
3. Клиент болып табылатын заңды тұлға тараған кезде кредит берушiлердiң талабын қанағаттандыру осы Кодекстiң 51-бабында көзделген кезектiлiкпен жүргiзiледi.