Білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына мемлекеттік стипендиялар төлеу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 28 ақпанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 47-бабы 7-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына мемлекеттік стипендиялар төлеу ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 7 ақпандағы
№ 116 қаулысымен
бекітілген
Білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына
мемлекеттік стипендиялар төлеу
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына мемлекеттік стипендиялар төлеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына мемлекеттік стипендиялар төлеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын стипендияларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайтын мемлекеттік атаулы стипендияларды төлеу тәртібіне қолданылмайды.
3. Мемлекеттік стипендия мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алушылардың жекелеген санаттарына төленеді.
4. Осы Ереженің мақсаттары үшін білім беру ұйымдарында білім алушылардың жекелеген санаттарына мыналар жатады:
1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін білім беру ұйымдарында білім алатын жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;
2) техникалық және кәсіптік (училищелер, колледждер студенттері), орта білімнен кейінгі (студенттер), жоғары (студенттер мен интерндер); жоғары оқу орнынан кейінгі (магистранттар, резидентура тыңдаушылары, докторанттар) білім беретін білім беру ұйымдарында білім алушылар;
3) жоғары білім беретін білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары (бұдан әрі - дайындық бөлімшелерінің тыңдаушылары).
5. Аспиранттар мен клиникалық ординаторлар үшін мемлекеттік стипендия төлеу олардың оқуын толық аяқтағанға дейін оқуға түскен сәтте белгіленген мөлшерде және шарттармен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік стипендиялар төлеу тәртібі
6. Мемлекеттік стипендия емтихан сессиясының немесе білім алушыларды аралық аттестаттаудың нәтижелері бойынша «жақсы», «өте жақсы» деген бағаға сәйкес бағалардың баламасын алған мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстырылған студенттерге, магистранттарға, интерндерге төленеді.
7. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстырылған студенттерге, магистранттарға, интерндерге мемлекеттік стипендия емтихан сессиясынан немесе білім алушыларды аралық аттестаттаудан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап семестр аяқталатын айдың соңына дейін қоса ай сайын төленеді.
8. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде бірінші курсқа қабылданған студенттерге, магистранттарға және интерндерге (бірінші оқу жылы) мемлекеттік стипендия бірінші семестр бойы ай сайын төленеді. Келесі семестрде студенттерге, магистранттарға және интерндерге мемлекеттік стипендия алдағы семестрдің емтихан сессиясының немесе білім алушыларды аралық аттестаттаудың қорытындысы бойынша төленеді.
9. Жазғы емтихан сессиясы немесе білім алушыларды аралық аттестаттау нәтижелері бойынша мемлекеттік стипендияға ұсынылған студенттерге, магистранттарға, интерндерге мемлекеттік стипендия жазғы каникул кезеңі үшін екі айға (шілде, тамыз) қосылып төленеді.
10. Сынақтар мен емтихандарды білім беру ұйымдары белгілеген мерзімде дәлелді себептер бойынша (сырқаттану, отбасы жағдайы, табиғи зілзала) тапсыра алмаған студенттерге, магистранттарға және интерндерге білім беру ұйымының басшылығы, білім алушы растайтын құжаттарды тапсырғаннан кейін сынақтар мен емтихандарды тапсыруға жеке уақыт белгіленеді, содан кейін оларға мемлекеттік стипендия осы Ережеде белгіленген тәртіппен төленеді.
11. Кәсіптік практика, жазғы демалыс кезінде, сондай-ақ жалақы төленетін жұмыс орындарында және қызметтерде жұмыс істеген кезеңде студенттерге, магистранттарға, интерндерге мемлекеттік стипендия осы Ережеде белгіленген тәртіппен төленеді.
12. Бір оқу орнынан басқасына ауыстырылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға мемлекеттік стипендия оқу жоспарларындағы айырмашылық жойылғаннан кейін осы Ережеде белгіленген тәртіппен төленеді.
13. Докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына және дайындық бөлімшелерінің тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия оқытудың соңына дейін ай сайын төленеді.
14. Медициналық қорытындының негізінде берілген академиялық демалыстарды қоспағанда, студенттер, интерндер, магистранттар, докторанттар, резидентура тыңдаушылары академиялық демалыста болған кезеңде мемлекеттік стипендия төленбейді.
Академиялық демалыстан келген студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия төлеу алдағы (кезекті) емтихан сессиясы немесе білім алушыларды аралық аттестаттау қорытындылары бойынша осы Ережеде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Сырқатына байланысты екінші оқу жылына қалдырылған студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия кезекті емтихан сессиясы немесе білім алушыларды аралық аттестаттау нәтижелеріне дейін осы Ережеде белгіленген тәртіппен оқу жоспары орындалған алдыңғы семестрдің қорытындысы бойынша төленеді.
Туберкулезбен ауыратын, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына, студенттерге, интерндерге, магистранттарға тиісті медициналық қорытындысы болған кезде мемлекеттік стипендия еңбекке жарамсыздық кезең үшін төленеді, бірақ еңбекке жарамсыздық басталған күнінен бастап он айдан аспайды.
15. Жүктілігіне және босануына байланысты демалысы кезеңіне студенттерге, интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына мемлекеттік стипендия Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген бүкіл мерзім ішінде жүктілігіне және босануына байланысты демалысқа шығарғанға дейін белгіленген мөлшерде төленеді.
Академиялық демалыс кезеңінде жүктілігіне және босануына байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығы туралы парақты ұсынған жағдайда академиялық демалыс үзіліп, жүктілігі және босануына байланысты демалыс ресімделеді.
Студенттер, интерндер, магистранттар, докторанттар, резидентура тыңдаушылары бала күтіміне байланысты ол үш жасқа толғанға дейін академиялық демалыста болған кезеңде мемлекеттік стипендия төленбейді.
16. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекеттік стипендия емтихан сессиясының нәтижелері бойынша берешектері немесе білім алушыларды аралық аттестаттау нәтижелері бойынша қанағаттанғысыз бағасы жоқ болса төленеді.
3. Қорытынды ережелер
17. Мемлекеттік стипендиялар:
1) шығарылу себебіне қарамастан, білім алушы білім беру ұйымынан шығарылған жағдайда;
2) білім алушы қайтыс болған жағдайда;
3) оқуды бітіргеннен кейін оқуды бітіргені туралы бұйрық шыққан күннен бастап төленбейді.
18. Мемлекеттік стипендиялар төлеуді тоқтату білім беру ұйымы басшысының тиісті бұйрығын шығару жолымен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2008 жылғы 7 ақпандағы
№ 116 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір
шешімдерінің тізбесі
1. «Білім беру ұйымдарында оқитындардың жекелеген санаттарына мемлекеттік стипендияларды тағайындау мен төлеудің ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 1903 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 54, 538-құжат).
2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 1903 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 12 тамыздағы № 1254 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2000 ж., № 36-37, 430-құжат).
3. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 1903 қаулысына толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 12 шілдедегі № 770 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 22, 234-құжат).
4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 1903 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 мамырдағы № 473 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2003 ж., № 21-22, 213-құжат).
5. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 1903 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 5 наурыздағы № 286 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 12, 157-құжат).
6. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 1903 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 5 қарашадағы № 1154 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 44, 553-құжат).
7. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 1903 қаулысына толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 мамырдағы № 453 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 21, 250-құжат).
8. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 10 желтоқсандағы № 1903 қаулысына толықтыру мен өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 26 мамырдағы № 515 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 22, 271-құжат).