66-бап. Адам әкiмшiлiк жазаға ұшырады деп есептелетiн мерзiм
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған адам әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бiр жылдың iшiнде осы жазаға ұшырады деп есептеледi.
8-тарау. Әкімшілік жауаптылықтан және
әкімшілік жазадан босату
67-бап. Iс-әрекетiмен өкiнгендiгiн бiлдiруiне байланысты әкiмшiлiк
жауаптылықтан босату
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты бiрiншi рет жасаған адамды, егер бұл адам құқық бұзушылық жасағаннан кейiн келтiрiлген залалды өз еркiмен өтесе немесе құқық бұзушылықпен келтiрiлген залалды өзге де жолмен ретке келтiрсе, судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк жауаптылықтан босатуы мүмкiн.
68-бап. Құқық бұзушылық елеусiз болған жағдайда әкiмшiлiк
жауаптылықтан босату
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықпен келтiрiлген зиян елеусiз болған жағдайда судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамды, ауызша ескерту жасаумен шектелiп, әкiмшiлiк жауаптылықтан босата алады.
Ескерту. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың елеусiздiгi - бұл басқа мән-жайлармен қатар осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнiң баптарында көзделген санкцияның әкiмшiлiк құқық бұзушылықпен келтiрiлген зиянның мөлшерiнен асып кететiндiгi ескерiлетiн жағдайлар.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II; 25.09.03 ж. № 484-II; 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2006.07.07. № 174-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 69-бап өзгертілді
69-бап. Ескiру мерзiмiнiң өтуiне байланысты әкiмшiлiк
жауаптылықтан босату
1. Адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн, ал қоршаған ортаны қорғау саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн - оны жасаған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға тиiс емес.
2. Жеке тұлға әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, сондай-ақ салық салу, табиғи монополиялар мен монополияға қарсы заңнама саласында құқық бұзушылық жасағаны үшiн оны жасаған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға тиiс емес, ал заңды тұлға (оның iшiнде жеке кәсiпкер) әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн оны жасаған күннен бастап үш жыл өткеннен кейiн, ал салық салу, табиғи монополиялар мен монополияға қарсы заңнама саласында құқық бұзушылық жасағаны үшiн оны жасаған күннен бастап бес жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға тиiс емес.
3. Созылып кеткен әкiмшiлiк құқық бұзушылық кезiнде сондай-ақ қоғамның және мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне қол сұғатын қаржы мен бюджет саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезде адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға тиiс емес.
4. Осы баптың бiрiншi және үшiншi бөлiктерiнiң ережелерi әкiмшiлiк құқық бұзушылық қылмыстың жасалуына септiгiн тигiзген және бұл туралы қылмыстық iстi тергеу немесе сотта қарау барысында мәлiм болған жағдайларға қолданылмайды. Сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 387-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен мұндай құқық бұзушылыққа кiнәлi адамға, егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезден бастап бiр жылдан аспайтын уақыт өткен болса, әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
4-1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану мерзiмiнiң барысы iстi сот инстанцияларына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi мемлекеттік органның лауазымды адамына жiберген кезден бастап тоқтатыла тұрады.
Бұл мерзімдерді есептеу әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғауға уәкiлеттi органға кемшiлiктердi жою үшiн іс қайтарылған жағдайларда қайтадан басталады.
5. Құқық бұзушының iс-әрекетiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi болған кезде қылмыстық iс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық iс қысқартылған жағдайда адам қылмыстық iс қозғаудан бас тартылған не оны қысқарту туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
6. Егер осы баптың бiрiншi және үшiншi бөлiктерiнде аталған мерзiмдер аяқталғанға дейiн адам жаңадан әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жаза қолдану мерзiмiнiң өтуiне үзiлiс жасалады. Мұндай жағдайларда мерзiмдi есептеу жаңа әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған кезден басталады.
7. Судьяның немесе уәкiлеттi органның әкiмшiлiк iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулысы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мерзiмге қарамастан, ол заңды күшiне енген күнiнен бастап бiр жыл iшiнде прокурордың наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкiн.
Ескерту. Осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнiң бабында көзделген белгiлi бiр әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылып кеткен құқық бұзушылық деп танылады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 70-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
70-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықтан және әкiмшiлiк жазадан
рақымшылық жасау актiсi негiзiнде босату
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе қолданылған әкiмшiлiк жазадан рақымшылық жасау актiсi негiзiнде, егер ол әкiмшiлiк жаза қолдануды жоятын болса, босатылуы мүмкiн.
2. Рақымшылық жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Парламентi жеке белгiлi емес адамдар тобына қатысты шығарады.
71-бап. Жағдайдың өзгеруiне, науқастануға байланысты әкiмшiлiк
жауаптылықтан босату
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi бар әрекет жасаған адам жағдайдың өзгеруiне, сондай-ақ әкiмшiлiк жазаны орындауға кедергi келтiретiн науқасына байланысты әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 71-1-баппен толықтырылды (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
71-1-бап. Тараптардың бітімгершілікке келуіне байланысты
әкімшілік жауаптылықтан босату
1. Осы Кодекстің 9-1-тарауында, сондай-ақ 131, 158, 158-1-баптарында, 174-бабында (үшінші бөлігі) көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жәбірленушінің өтініші бойынша ғана қозғалады және ол әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адаммен бітімгершілікке келгеннен кейін тоқтатылуға жатады.
2. Бітімгершілікке келу жәбірленуші мен әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам қол қойған жазбаша келісім негізінде жүзеге асырылады.
9-тарау. Кәмелетке толмағандардың әкімшілік жауаптылығы
72-бап. Кәмелетке толмағандардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезде он алты жасқа толған, бiрақ он сегiз жасқа толмаған адамдар осы тараудың күшi қолданылатын кәмелетке толмағандар деп танылады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарға әкiмшiлiк жаза тағайындалуы мүмкiн не оларға тәрбиелiк ықпал етудiң мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 73-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
73-бап. Кәмелетке толмағандарға әкiмшiлiк жазалар қолданудың
ерекшелiктерi
1. Кәмелетке толмаған адамға салынатын әкімшілік айыппұлдың мөлшері осы Кодекстің ерекше бөлімінің бабында көзделген айыппұл мөлшеріне қарамастан, айлық есептік көрсеткіштің бестен бір бөлігінен кем болмауға және он айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Айыппұл кәмелетке толмаған адамда бар мүліктің есебінен төленеді. Кәмелетке толмаған адамның айыппұл төлеуге жеткілікті мүлкі болмаған жағдайда, айыппұл ата-анасына немесе олардың орнындағы адамдарға салынады.
2. Арнаулы құқықтан айыру кәмелетке толмағандарға бiр жылдан аспайтын мерзiмге қолданылуы мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк жазалардың басқа да түрлерi (әкiмшiлiк қамауға алуды қоспағанда), сондай-ақ осы Кодекстiң 45 және 57-баптарында аталған әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауда кiнәлi кәмелетке толмағандарға жалпы негiздерде қолданылады.
74-бап. Кәмелетке толмаған адамға әкiмшiлiк жаза қолдану
1. Осы Кодекстiң 61 және 62-баптарында көзделген мән-жайлардан басқа, кәмелетке толмаған адамға әкiмшiлiк жаза қолданған кезде оның өмiр сүру және тәрбиелену жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың әсер етуi ескерiледi.
2. Кәмелетке толмаған жас басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта жеңiлдететiн мән-жай ретiнде ескерiледi.
75-бап. Кәмелетке толмағандарды әкiмшiлiк жауаптылықтан және
әкiмшiлiк жазадан босату
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты бiрiншi рет жасаған кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi орган (лауазымды адам) оған заңдарда көзделген тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдана отырып, әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе тағайындалған әкiмшiлiк жазаны орындаудан босатуы мүмкiн.
76-бап. Тәрбиелiк ықпал ету шаралары
1. Кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал етудiң мынадай шаралары тағайындалуы мүмкiн:
1) заңды түсiндiру;
2) ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың, не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру;
3) келтiрген зиянды реттестiру мiндетiн жүктеу;
4) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу.
2. Заңдарда тәрбиелiк ықпал етудiң өзге де шаралары көзделуi мүмкiн.
3. Кәмелетке толмаған адамға бiр мезгiлде тәрбиелiк ықпал етудiң бiрнеше шаралары тағайындалуы мүмкiн.
77-бап. Тәрбиелiк ықпал ету шараларының мазмұны
1. Заңды түсiндiру кәмелетке толмаған адамға оның әрекетiмен келтiрiлген зиянды және осы Кодексте көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың заңдық салдарын түсiндiруден тұрады.
2. Қадағалауға беру ата-аналарға немесе олардың орнындағы адамдарға, не мамандандырылған мемлекеттік органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал ету және оның мiнез-құлқына бақылау жасау жөніндегі мiндеттердi жүктеуден тұрады.
3. Келтiрiлген зиянды жөнге келтiру мiндетi кәмелетке толмаған адамның мүлiктiк жағдайы мен тиiстi еңбек дағдыларының болуы ескерiле отырып жүктеледi.
4. Бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу белгiлi бiр орындарға баруға, бос уақытын өткізудiң белгiлi бiр нысандарын, оның iшiнде көлiк құралдарын пайдалануға, тәулiктiң белгiлi бiр уақытынан кейiн үйден тыс жерлерде болуға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның рұқсатынсыз басқа жерлерге кетуге тыйым салуды көздеуi мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамға оқуды аяқтау не кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның көмегiмен жұмысқа тұру талабы да қойылуы мүмкiн. Бұл тiзбе осымен шектелмейдi.
78-бап. Ескiру мерзiмдерi
Осы Кодекстiң 69-бабында көзделген ескiру мерзiмдерiнiң кәмелетке толмағандарды әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе әкiмшiлiк жазаны орындаудан босату кезiнде жартысы қысқартылады.
79-бап. Кәмелетке толмаған адам әкiмшiлiк жазаға ұшырады деп
есептелетiн мерзiм
Өзiне әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған кәмелетке толмаған адам осындай жазаға әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап алты айдың iшiнде ұшырады деп есептеледi.
ҚР 09.12.04 ж. № 10-III Заңымен 9-1-тараумен толықтырылды
9-1-тарау. Жеке адамға қол сұғатын әкiмшiлiк құқық
бұзушылықтар
79-1-бап. Ұрып-соғу
Тән ауруына ұшырататын, бiрақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 105-бабында көзделген зардаптарға әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiн қамауға әкеп соғады.
79-2-бап. 2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 79-3-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
79-3-бап. Денсаулыққа абайсызда орташа ауырлықтағы зиян
келтiру
Денсаулыққа абайсызда орташа ауырлықтағы зиян келтіру, егер осы іс-әрекетте қылмыстық жазаланатын әрекет белгілері болмаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң елуден жүз елуге дейiнгі мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiн қамауға әкеп соғады.
79-4-бап. Соз ауруын жұқтыру
Өзiнде соз ауруы бар екендiгiн бiлген адамның басқа адамға осы ауруды жұқтыруы, егер бұл iс-әрекетте қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi болмаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң елуден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiн қамауға әкеп соғады.";
Ерекше бөлім
10-тарау. Жеке адамның құқықтарына қол
сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық
80-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға
кедергi келтiру
Лауазымды адамның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын адамның Қазақстан азаматтығын алуына кедергi келтiретiн заңсыз iс-әрекеттер жасауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
81-бап. Тiл туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық
Лауазымды адамның тiл бiлмеймiн деген сылтаумен құжаттарды, сауал салуды, өтiнiштердi немесе шағымдарды қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәнi бойынша қарамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 82-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
82-бап. Жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеу
Жеке тұлғалардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тiлге байланысты себептер бойынша кемсiту, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 83-бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
83-бап. Еркiн жүрiп-тұру және тұрғылықты жер таңдау құқығын шектеу
Жеке тұлғалардың еркiн жүрiп-тұру және тұрғылықты жер таңдау (Қазақстан Республикасының Үкіметі шек қоюы мүмкiн шекаралық өңiрлердi және жекелеген жерлердi қоспағанда) құқығын шектейтiн лауазымды адамдардың iс-әрекетi не әрекетсiздiгi, егер бұл қылмыс жасады деген айыптаумен байланысты болмаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 07.01.03 ж. № 372-II; 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 84-бап өзгертілді ; 2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 84-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
84-бап. Жеке тұлғаға ақпарат беруден бас тарту, сол сияқты
ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығын
заңсыз шектеу
1. Қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері жоқ, белгіленген тәртіппен жиналған, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарына тікелей қатысты құжаттарды, материалдарды беруден заңсыз бас тарту не жеке тұлғаға толық емес немесе көрінеу жалған ақпарат беру, сол сияқты жалпы жұрт қол жеткізетін ақпаратты шектеулі қол жеткізілетін ақпаратқа заңсыз түрде жатқызу, -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға - оннан елуге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға жиырмадан жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Лауазымды адамның осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді жасауы, егер бұл әрекеттер жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірсе, -
айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 85-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
85-бап. Медициналық көмек көрсету тәртібін, стандарттарын
сақтамау және оны сапасыз көрсету
1. Медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы немесе тиісінше орындамауы, егер бұл денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге әкеп соқса, немесе әкеп соғуы мүмкін болса, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі, лауазымды адамдарғa оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Медициналық көмек көрсету тәртібін сақтамау, егер бұл денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге әкеп соқса, немесе әкеп соғуы мүмкін болса, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі, лауазымды адамдарға - оннан жиырмаға дейінгі, заңды тұлғаларға жиырмадан жетпіске дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен медициналық көмек көрсету стандарттарын сақтамау, егер бұл денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі, лауазымды адамдарға - оннан жиырмаға дейінгі, заңды тұлғаларға жиырмадан жетпіске дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол әрекет, -
жеке тұлғаларға - лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға - лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып, айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан қырыққа дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға лицензияның қолданылуын тоқтата тұрып не аккредиттеу туралы сертификатты тоқтата тұрып немесе кері қайтарып алып, айлық есептік көрсеткіштің жетпістен жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 85-1-баппен толықтырылды
85-1-бап. Медицина қызметкерінің еңбекке уақытша жарамсыздық
туралы парақты немесе анықтаманы беру тәртібін
бұзуы
1. Медицина қызметкерінің еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақты немесе анықтаманы беру тәртібін бұзуы, егер бұл әрекетте қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгілері болмаса, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол әрекет, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға жиырмадан елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.07.07. № 171-III ҚР Заңымен 85-2-баппен толықтырылды
85-2-бап. Медицина қызметкерінің рецепттер жазу және дәрілік
заттарды өткізу ережелерін бұзуы
1. Медицина қызметкерінің рецепттер жазу және дәрілік заттарды өткізу ережелерін бұзуы, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің беске дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған нақ сол әрекет, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 86-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
86-бап. Қылмыс жасады деген кінәлілік туралы мәліметтердi
тарату
Істі сот қарағанға дейін немесе ақтау үкімі болған кезде адамның қылмыс жасады деген кінәлілігі туралы мәліметтерді көпшілікке тарату, -
жеке тұлғаларға - айлық есептік көрсеткіштің үштен онға дейінгі, лауазымды адамдарға, дара кәсіпкерлерге, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар болып табылатын заңды тұлғаларға - оннан отызға дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын заңды тұлғаларға елуден жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 87-бап өзгертілді ; 2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 87-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 87-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
87-бап. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу
1. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген іс-әрекеттерді (әрекетсіздікті) қоспағанда, жұмыс берушінің немесе лауазымды адамның Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзуы -
айлық есептік көрсеткіштің оннан отызға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік) -
айлық есептік көрсеткіштің жүзден екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жұмыс берушінің жалақыны толық көлемде және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде төлемеуі, сол сияқты төлемді кідірту кезеңіне өсімақыны есептемеуі және төлемеуі -
айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекет (әрекетсіздік) -
айлық есептік көрсеткіштің жүзден екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертулер.
1. Осы Кодексте жұмыс беруші деп басшысы (әкімшілігі) өкілдік ететін заңды тұлға не қызметкермен еңбек қатынастарында тұратын жеке тұлға танылады.
2. Егер атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың басшылары басқаратын ұйымдар жалақыны төлеуге қаражат беруді (аударуды) кідіртсе, оларды осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде аталған лауазымды адамдар деп түсіну керек.
2005.13.04 № 40-III ҚР Заңымен 87-1-баппен толықтырылды ; 2006.20.01. № 123-III ҚР Заңымен 87-1- бап өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
87-1-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы
заңнаманы бұзу
Лауазымды адамның және заңды тұлғаның, осы Кодекстiң 18-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда, мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнаманы бұзуы, -
лауазымды адамға - айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан қырыққа дейінгі мөлшерінде, шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға - жетпістен екі жүзге дейінгі мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлғаға екі жүзден төрт жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
13.03.03 ж. № 394-II ҚР Заңымен 88-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 88-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара) ; 2006.20.01. № 123-III (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді); 2006.11.12. № 201-III (2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 88- бап өзгертілді
88-бап. Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын бұзу
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында көзделген зейнетақы төлемдерiн, аударымдар мен алып қоюларды белгiленген мерзiмдерде уақтылы жүзеге асыру жөніндегі мiндеттерiн орындамауы, -