Жүктi тасымалдаған кезде жiберiлген және баратын пункттерi, жiберiлген жүк салмағы, жүктi тасымалдаудың шарттары көрсетiлген жүк құжаты берiледi.
Егер тасымалдаушы билеттi, теңдеме жүк түбiртегiн немесе жүк құжатын берген болса, бiрақ олар дұрыс ресiмделмесе немесе жоғалса әйтпесе қайсыбiр басқадай себеппен оларды көрсету мүмкiндiгi болмаса, тасымал шарты күшiн сақтайды.
Поштаны әуеде тасымалдаудың шарты, оның жағдайлары мен почтаны тасымалға қабылдау пошталық құжатпен куәландырылады.
73-бап. Жүк құжатына қоса берiлетiн құжаттар
Жүк жөнелтушi мәлiметтер ұсынуға тиiс және жүк берiлгенге дейiн оны алушы тиiстi заң актілерімен және жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүктi әуемен тасымалдау ережелерiмен белгiленген кедендiк және басқа ресiмдемелердi орындау үшiн барлық құжаттарды жүк құжатына қоса беруi қажет.
74-бап. Жолаушыны әуемен тасымалдау шартын бiржақты тоқтату
Жолаушының ұшудан бас тартуға әрi жолаушыларды, теңдеме жүктi және жүктi әуемен тасымалдау ережелерiмен белгiленген мөлшерде төленген тасымал ақысын қайтарып алуға құқығы бар.
Егер:
1) жолаушы осы Заңның 97-бабымен белгiленген ұшар алдында әуе кемесіндегі арнайы тексеруден бас тартса;
2) жолаушы тасымалдаушы белгiлеген ереженi бұзса және өзiнiң iс-әрекетiмен әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiрсе;
3) бұл үстiменен әуе тасымалы жасалатын немесе сонда жөнелту пунктi, аялдайтын жерi немесе баратын пунктi орналасқан мемлекеттiң заң актiлеріндегі ережелердiң бұзылуын жою үшiн қажет болса;
4) жолаушының әуе тасымалы кезіндегі көңiл-күйi немесе денсаулық жай-күйi немесе мiнез-құлқы осы жолаушының өзiнiң саулығына немесе әуе кемесiнiң бортындағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiрсе, сондай-ақ басқа жолаушыларға, ол медициналық қорытындылаумен расталуға тиiс, қолайсыз жағдай жасаса және олардың қарсылығын туғызса, тасымалдаушы жолаушыны әуеде тасымалдауды бiржақты тәртiппен тоқтатуға құқылы.
Жолаушыны әуеде тасымалдаудың шарты жолаушыларды, теңдеме жүктi және жүктi әуеде тасымалдаудың ережелерiнде қарастырылған тәртiппен тоқтатылады және тасымал үшiн төлем қайтарылады.
75-бап. Чартерлiк шарт
Чартерлiк шартта тараптар атауы, әуе кемесiнiң үлгiсi, жалға берiлу мақсаты, тасымалданатын жолаушылардың ең жоғары саны, теңдеме жүктiң, жүк пен поштаның салмағы, жолмен тасымалданатын зат мөлшерi, тасымалдың жiберiлу пунктi, уақыты және баратын жерi көрсетiлуi тиiс. Чартерлiк шартқа басқа да жағдайлар енгiзiлуi мүмкiн.
Егер ол әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн қажет болса, жалға берушi жалдаушыдан қосымша төлем талап етпей-ақ, тасымалдың басталу уақытын және қонатын жеріндегі жоспар бойынша қарастырылған әуе кемесiнiң ұшып шығу уақытын ауыстыруға, қосымша қонулар жасауға немесе ұшу маршрутын өзгертуге құқылы.
Жалға берушi әуе кемесiнiң толық сыйымдылығын уақтылы беруге және шарт күшiнде тұрған кезде әуе кемесiн шартпен қарастырылған мақсаттарда пайдалануға болатындай күйде күтiп ұстауға мiндеттi.
Жалдаушы жалға берушiнiң келісімiмен жалданған әуе кемесiн субчартерге беруге құқылы.
Жалдаушы шарттар қарастырылған төлемдi уақытылы төлеуге, жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүк пен поштаны ұшып баратын жерiне уақытылы жеткізудi қамтамасыз етуге мiндеттi.
76-бап. Халықаралық әуе тасымалдары
Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiмен жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүктердi халықаралық әуе тасымалын жасаған кезде, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан өзгеше туындамаса, жолаушыларды, теңдеме жүк пен жүктi әуеде тасымалдау туралы жалпы ережелер қолданылады.
Поштаның халықаралық әуе тасымалдары Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық пошта келісімдерiнiң ережелерiн сақтай отырып жүзеге асырылады.
77-бап. Қазақстан Республикасы аумағындағы шетелдiк тасымалдаушылар қызметi
Шетелдiк тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының аумағындағы өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық келісімдер мен шарттарға сәйкес жүзеге асырады.
11 тарау. Авиациялық жұмыстар
78-бап. Авиациялық жұмыстарды орындау тәртібі
Авиациялық жұмыстар пайдаланушы мен тапсырыс берушi арасындағы шарт негiзiнде жүргiзiледi. Пайдаланушы мен тапсырыс берушi әрiптес таңдауда тең құқыққа ие.
Авиациялық жұмыстарды орындау талаптары Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде ұшудың Негiзгi ережелерiмен белгiленедi.
79-бап. Авиациялық жұмыстар тарифi
Пайдаланушы мен тапсырыс берушi авиациялық жұмыстарға шарт жасаған кезде шарттық тарифтер (бағалар) белгiлеуге құқылы.
12 тарау. Әуежайлар. Аэродромдар
80-бап. Аэродромдар жiктемесi
Аэродромдар жiктемесi олардың пайдаланылуына, ұшып-қону алаңының мөлшерлерiне және олардың үстiңгi қабатының салмақ көтеру қабiлеттілігiне қарай, сондай-ақ аэродромдардың ұшуларды қамтамасыз ететiн байланысты және радиотехникалық құралдармен жабдықталуына қарай арнайы нормативтiк құжаттармен анықталады.
Ұшып-қону алаңы беттерiнiң түрiне қарай аэродромдар жасанды жабылған, топырақты, қармен көмкерiлген, мұзды және гидроаэродромдар болуы мүмкiн.
Авиацияның қандай түрлерiне тиесiлiгiне қарай аэродомдар азаматтық аэродромдар, мемлекеттік авиация аэродромдары және эксперименттiк авиация аэродромдары болып бөлiнедi.
81-бап. Аэродромдар мен әуежайларға жер бөлу, құрылысын жүргiзу және қайта жаңарту
Аэродромдарға (әуежайларға) учаске таңдау, жер бөлу, жобалау, құрылысын жүргiзу және қайта жаңарту Қазақстан Республикасының заңдарына, Жер кодексiне, сондай-ақ аэродромдар мен әуежайларға қойылатын құрылыс нормалары мен ережелерiн, талаптарды, стандарттар мен ұсыныстарды реттейтiн нормативтiк құжаттарға сәйкес жүргiзiледi.
ҚР 15.12.01 ж. № 272-II Заңымен 82-бап өзгертілді
82-бап. Әуежайды (аэродромды) пайдаланушы
Әуежайды (аэродромды) меншiк құқымен не өзге заң негiздерiмен пайдаланатын Қазақстан Республикасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес басқа мемлекеттiң заңды және жеке тұлғалары әуежайды (аэродромды) пайдаланушы деп аталады.
Акционерлік қоғам нысанындағы заңды тұлға ғана халықаралық рейстерге қызмет көрсететiн әуежай (аэродром) пайдаланушысы бола алады.
ҚР 15.12.01 ж. № 272-II Заңымен Заң 82-1-баппен толықтырылды; 2005.15.04. № 45-III ҚР Заңымен 82-1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
82-1-бап. Әуежай қызметi
Әуежай қызметiнiң құрамына:
1) азаматтық әуе кемелерiн, жолаушыларды қабылдау, шығару және оларға қызмет көрсету, багажды, жүктi, почтаны өңдеу, оларды тексерiп қарау және бақылау;
2) аэродром, әуежай, аэронавигация объектiлерiн ұстау, жөндеу және пайдалану;
3) әуежайдың авиациялық қауіпсiздік қызметі, бақыланатын аймақта бақылау-өткізу режимiн қамтамасыз ету және олардың өртке қарсы қызметiн қамтамасыз ету;
4) азаматтық әуе кемелерiнiң ұшуын жарық түсiру-техникалық қамтамасыз ету және әуежай, аэродром, аэронавигация объектілерін энергиямен жабдықтау;
5) азаматтық әуе кемелерiн, әуежай объектiлерi мен қызметтерiн жанар-жағармай материалдарымен және арнаулы сұйықтықтармен қамтамасыз ету, олардың сапасын бақылау;
6) азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушыларға және басқа тұтынушыларға арнаулы автокөлiк құралдарын беру;
7) әуежайлар мен азаматтық әуе кемелерiнде жолаушылар мен экипаждарды тағаммен қамтамасыз ету;
8) жолаушыларға, экипаждарға, халыққа азаматтық авиация саласындағы қажеттi деректер жөнiнде ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету кiредi.
83-бап. Аэродромды пайдалануға қосу
Аэродромдары пайдалануға қосу үшiн оның аэродромдарды пайдалануға жарамдылық нормаларына сәйкестiгi және әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiндiгi анықталуы тиiс.
Пайдаланушы аэродромның жарамдылығы туралы сертификат (куәлiк) және мемлекеттік тiркеу туралы куәлiк алғаннан кейiн аэродром пайдалануға қосылады.
ҚР 15.12.01 ж. № 272-II Заңымен 84-бап өзгертілді
84-бап. Аэродромдарды сертификаттау және тiркеу
Азаматтық және эксперименттiк авиация аэродромдары үшiн сертификаттау, тiркеу, аэродромдардың пайдалануға жарамдылығының сертификаттарын және тiркеу туралы куәлiктерiн беру тәртібін Қазақстан Республикасының Yкіметі, мемлекеттік авиация аэродромдары үшiн - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі белгiлейдi.
Пайдаланудың барлық кезеңiнде осы аэродромның пайдалануға жарамдылығына сертификат алу үшiн белгiленген талаптарға аэродромның сәйкестiгiн қамтамасыз ету аэродром пайдаланушысына жүктеледi.
85-бап. Әуе кемелерiнiң ұшуына аэродромдық қызмет көрсету
Қоғамдық пайдаланыс үшiн ашық тұратын азаматтық аэродромдар (әуежайлар) барлық әуе кемелерiне бiркелкi жағдайда қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз етуге тиiс.
Аталған бiркелкi жағдайлар - байланыс құралдарын пайдалануға, ұшу мен әуе қозғалысын басқаруды радиотехникалық қамтамасыз етуге, метеорологиялық қызмет көрсетуге, күзетiлетiн тұрақ орындарын, жанармай құйылуын, техникалық қызмет көрсетiлуiн, ұшу мен қызмет көрсетудiң және басқа түрлерiн қамтамасыз етуге қатысты жәйттер.
Аталған аэродромдар (әуежайлар) ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн техникалық және метеорологиялық жағдайлар бойынша ғана жұмыс уақытының мәлiмделген сағаттарында әуе кемелерiн қабылдау және ұшыру үшiн жабық болуы мүмкiн.
86-бап. Аэродромдары бiрлесiп пайдалану
Азаматтық, мемлекеттік және эксперименттiк авиация аэродромдарын, сондай-ақ әуежайларды әуе кеңiстiгiн әртүрлi пайдаланушылармен, соның iшiнде қосалқы аэродромдар ретiнде бiрлесiп пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
87-бап. Аэродромдар мен әуежайларды жою немесе көшiру
Аэродромдар мен әуежайларды жою немесе басқа жерге көшiру Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген шарт пен тәртiпте, меншiк иесiнiң шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
88-бап. Айналадағы табиғи ортаны қорғау
Аэродромға (әуежайға) жер таңдау, оны салу, қайта жаңарту, жөндеу және пайдалану кезiнде мердiгер мен пайдаланушы айналадағы табиғи ортаны қорғау жөніндегі Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген нормаларды, ережелер мен рәсiмдердi орындауға мiндеттi.
13 тарау. Жауапкершiлiк және сақтандыру
89-бап. Әуе тасымалы кезiнде жолаушының қайтыс болғаны немесе денсаулығына зақым келтiрiлгенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
Тасымалдаушы әуе тасымалы кезiнде жолаушының қайтыс болғаны немесе оның денсаулығына зақым келтiрiлгенi үшiн жауап бередi.
Тасымалдаушы, егер зәбiр шегушiнiң өз кiнәсiнен туындағандығын дәлелдей алмаса, жолаушының әуе тасымалы кезіндегі қайтыс болуы немесе денсаулығының зақымдануы салдарынан туындаған залал үшiн Қазақстан Республикасының заңымен белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.
жолаушының әуеде тасымалдау кезеңi тасымалдаушының немесе ол уәкiлеттiк берген адамның жолаушыны тасымалдауға қабылдаған сәтiнен бастап, әуе кемесiнiң ұшқанына немесе ұшпағанына қарамастан, жолаушы аэродром перронын тастап кеткен сәтке дейiнгi уақытты қамтиды.
90-бап. Тасымалдаушының жоғалған, жетiспейтiн немесе зақымданған теңдеме жүк, жүк немесе жолаушының қол жүгi үшiн жауапкершiлiгi. Жауапкершiлiк мөлшерi
Жолаушының қол жүгiнiң, тiркеуден өткен теңдеме жүктiң жоғалғаны, жетпейтiндiгi немесе зақымданғаны үшiн тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңында белгiленген мынадай мөлшерде:
1) тасымалдауға құны жарияланбай қабылданған теңдеме жүктiң, сондай-ақ жолаушының қол жүгiнiң жоғалғаны немесе жетiспейтiндiгi үшiн - жоғалған теңдеме жүктiң немесе жолаушының қол жүгiнiң, әйтпесе олардың жетiспейтiн бөлiгiнiң нақты құны мөлшерiнде;
2) тасымалға құны жарияланып қабылданған теңдеме жүктiң жоғалғаны немесе жетiспейтiндiгi үшiн - егер тасымалдаушы жарияланған құнның заттың нақты құнынан жоғары екендiгiн дәлелдей алмаса, жарияланған құн мөлшерiнде;
3) теңдеме жүктiң немесе жолаушының қол жүгiнiң зақымданғаны үшiн - теңдеме жүктiң немесе қол жүктерi құнының төмендеген сомасы мөлшерiнде жауапты болады.
Тасымалдаушы тасымалға қабылданған жүктiң өз кiнәсiнен жоғалғаны, жетiспейтiндiгi және зақымданғаны үшiн толық жауап бередi.
Егер жолаушының қол жүгiнiң, теңдеме жүктiң, жүктiң бiр бөлiгiнiң немесе солардың iшіндегі қайсыбiр заттың жоғалуы, жетiспеушiлiгi немесе зақымданғаны жолаушының қалған қол жүктерiне немесе теңдеме жүктiң түбiртегiне әйтпесе теңдеме жүктiң немесе жүктiң жүк құжаттарында жазылған заттардың құнына әсерiн тигiзген болса, өтем мөлшерiн белгiлеген кезiнде жолаушының қол жүктерiнiң, теңдеме жүктiң немесе жүктiң жалпы құны ескерiлуге тиiс.
Теңдеме жүк пен жүк жоғалған немесе жетiспеген жағдайда тасымалдаушы өтем жасаумен қатар жоғалған теңдеме жүкке төленген ақыны, егер теңдеме жүктiң тасымалданғаны үшiн ақы төленсе, сондай-ақ жоғалған жүктiң тасымалдануы үшiн төленген ақыны қайтарады.
91-бап. Рейс орындалмайтын немесе бөгелген кездегi тасымалдаушының жауапкершiлiгi
Жойқын күштердiң әсерiнен болатын жағдайларды қоспағанда, рейс орындалмайтын немесе бөгелетiн болса, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы;
жолаушының билетте көрсетiлген бару мекенiне жақын арада болатын рейспен жөнелтiлуiн, ал оған дейiн қонақ үйге орналастырылуын және тамақтандырылуын қамтамасыз етуге;
жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
92-бап. Поштаның жоғалғаны, жетiспейтiндiгi немесе зақымдануы және жеткiзiлуiнiң кешiккенi үшiн тасымалдаушының жауапкершiлiгi
Тасымалдаушы поштаның жоғалғаны, жетiспейтiндiгi немесе зақымданғаны және тасымалдаушының кiнәсiнен жеткiзiлуiнiң кешiктiрiлгенi үшiн пошта органдарының алдында байланыс мекемелерiнiң жөнелтiм жасаушылардың немесе адресаттардың алдындағы мүлiктiк жауапкершiлiк мөлшеріндегідей жауап бередi.
93-бап. Әуе кемелерiнiң соқтығысу салдарынан туындаған зиян үшiн жауапкершiлiк
Егер Қазақстан Республикасының аумағында екi немесе бiрнеше әуе кемелерi соқтығысқан болса, немесе қайсы бiр әуе кемесi екiншi әуе кемесiне зақым келтiрсе, бiрақ соқтығысу орын алмаса, әуе кемелерi пайдаланушыларының өзара мүлiктiк жауапкершiлiктерi мынадай жағдайлармен анықталады:
1) тараптардың бiрiнiң кiнәсiнен келтiрiлген зиянды сол тарап толық мөлшерде өтейдi;
2) егер зиян екi (бiрнеше) тараптың да кiнәсiнен келтiрiлген болса, әрбiр тараптың жауапкершiлiгi соның кiнәсiнiң дәрежесiне сәйкес белгiленедi;
3) егер зиян екi (бiрнеше) тараптың да кiнәсiнен болса және тараптың әрқайсысының кiнәсiн анықтау мүмкiн болмаса, жауапкершiлiк барлық тараптар арасында тең мөлшерде бөлiнедi.
Егер тараптар зиянның келтiрiлуiне кiнәлi болмаса, олардың бiрде бiрiнiң екiншi тараптан зиянды өтеудi талап етуге құқығы жоқ.
Кiнәсi дәлелденбейiнше соқтығысу кезiнде әуе кемелерi зардап шеккен тараптағы бiрде бiрi кiнәлi деп саналмайды.
Әуе тасымалы кезiнде жолаушының қайтыс болуы немесе денсаулығына зақым келтiрiлуi салдарына туындаған зиян үшiн, сондай-ақ әуе кемесiнiң бортындағы немесе тасымалдаушыға тапсырылған үшiншi адамның мүлкiне келтiрiлген зиян үшiн мүлiктiк жауапкершiлiк осы Заңның ережелерi бойынша тасымалдаушыға жүктеледi, оның үстiне осы баптың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген жағдайларда, ол соның (солардың) кiнәсiнен келтiрiлген зиянға қатысты екiншi тарапқа (тараптарға) қарсы талап (регресс) қоюға құқылы.
94-бап. Коммерциялық актiлер жасау
Тасымалдаушылардың, жолаушылардың, жөнелтiм жасаушылар мен алушылардың мүлiктiк жауапкершiлiгiне негiз болуы мүмкiн жағдайлар коммерциялық актiлермен куәландырылады. Коммерциялық акт жасау тәртібі мен коммерциялық акт жасауды талап етпейтiн жағдайларды куәландыру тәртібі тасымал ережелерiмен белгiленедi.
Коммерциялық акт жүктi, теңдеме жүктi немесе поштаны тапсыру кезiнде мынадай жағдайларды:
1) тасымалдау құжаттарында көрсетiлген мәлiметтерге жүктiң немесе поштаның атауы, салмағы (массасы) немесе орын саны заттай сәйкес келмеген;
2) жүк бүлiнген;
3) теңдеме жүк жетiспеген немесе бүлiнген;
4) поштада жетiспеушiлiк болған немесе бүлiнген;
5) жүктiң, теңдеме жүктiң немесе поштаның құжатсыз екенi, сондай-ақ құжаттың жүксiз, теңдеме жүксiз немесе поштасыз екенi анықталған жағдайларды куәландыру үшiн жасалады.
ҚР 08.05.03 ж. № 414-II Заңымен 95-бап өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
95-бап. Азаматтық авиация қызметiне байланысты мiндеттi сақтандыру
Әуе кемелерінің, азаматтық авиацияның басқа да объектілері мен құрал-жабдықтарының меншік иелері және пайдаланушылары Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заң актілерінде белгіленген тәртіппен өздерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға міндетті.
Халықаралық авиажелiлеріндегі сақтандыру Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
14 тарау. Авиация қауiпсiздiгi
15.12.01 ж. № 272-II; 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 96-бап өзгертілді
96-бап. Авиация қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын заңсыз араласу әрекеттерiнен қорғауды қамтамасыз ететiн заңдардың, ережелер мен рәсiмдердiң сақталуын бақылауды уәкiлеттi орган және өзге де мемлекеттік органдар өз құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.
Әуе кемелерiн пайдаланушылар, әуе кемелерiн қабылдауды, шығаруды немесе оларға қызмет көрсетудi жүзеге асыратын ұйымдар және азаматтар Қазақстан Республикасының Yкіметі бекiтетiн авиация қауiпсiздiгi ережелерiне сәйкес оның қызметіне заңсыз араласудан авиацияны қорғау жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.
Авиацияның оның қызметiне заңсыз араласудан қорғау:
1) әуежайдың бақыланатын аймағына бөтен адамдар мен көлiктiң кіруiне жол бермеу арқылы;
2) бөтен адамдардың әуе кемелерiне кiрiп кету мүмкiндiгiн болдырмайтындай аялдамалардағы әуе кемелерiн күзету арқылы;
3) әуе көлiгiмен тасымалдауға тыйым салынған қарулардың, оқ-дәрiлердiң, жарылғыш, радиоактивтi, уландырғыш, тез тұтанғыш және басқа қауiптi заттар мен нәрселердiң заңсыз алып жүру мүмкiндiгiн болдырмау арқылы;
4) қарулар мен оқ-дәрiлердi тасымалдау кезiнде олардың әуе кемелеріндегі жолаушылардан оқшауланған бөлiктеріндегі теңдеме жүкпен оқтары алынған күйде тасымалдануын қамтамасыз ететiн айрықша сақтық шараларын енгізу арқылы;
5) ерекше жағдайларда әуе кемелерiн арнайы толық тексеру арқылы;
6) әуе кемелерiн ұшу кезiнде экипаждың қауiпсiз жұмысын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ, әуе кемелерiн заңға қайшы пайдалануға жол бермейтiн техникалық құрылғылармен жабдықтау арқылы;
7) уәкiлеттi орган арнайы әзiрленген авиация қызметiне заңсыз араласуға қарсы әрекет жасайтын шаралармен, сондай-ақ, авиация қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн тағы басқа шаралар қолдану арқылы қамтамасыз етiледi.
Авиациялық қауіпсіздікті азаматтық авиация ұйымдарының авиациялық қауіпсіздік қызметтерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осы өкiлеттiктер берiлген мемлекеттік органдар қамтамасыз етедi.
Авиациялық қауiпсiздiк қызметінің функцияларын шетелдiк жеке және (немесе) заңды тұлғаларға, сондай-ақ шетел қатысатын ұйымдарға беруге тыйым салынады.
ҚР 10.07.02 ж. № 338-II Заңымен 97-бап өзгертілді
97-бап. Жолаушыларды, қол жүгiн және теңдеме жүктi тексеру
Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарына, кеден органдарына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне және пайдаланушыларға қол жүгiн, теңдеме жүктi, поштаны, борттық тағамды, әуе кемесiнiң экипажын тексеру және әуе кемелеріндегі жолаушылардың жеке бастарын тексеру құқығы берiледi.
Тексерудi осы мақсатқа арнайы тағайындалған адамдар әуежайда не әуе кемесiнде жүргiзедi.
Жолаушы тексеруден бас тартқан жағдайда тасымалдаушы ондай жолаушымен жасалған әуе тасымалы туралы шартты бұзуға құқылы.
Әуе кемесiнде жүк тиелгеннен кейiн барлық сыртқы есiктер жабылған сәттен бастап, жүктi түсiру үшiн сол есiктердiң кез келген бiреуi ашылған сәтке дейiн тексеру жолаушының келiсуi-келiспеуiне қарамастан жүргiзiлуi мүмкiн.
Тексерудi жүргiзу ережесi мен тексеруге құқығы бар адамдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
98-бап. Тексерiлуге жататын адамдар
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен арнайы Тiзбе бойынша мемлекеттiң лауазымды адамдарын, сондай-ақ дипломатиялық иммунитеттi пайдаланатын адамдарды қоспағанда, әуе кемесiмен тасымалданатын әрбiр адам тексеруден өткiзiледi.
99-бап. Авиация қызметiн реттейтiн нормалар мен ережелердiң бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк
Авиация қызметiн реттейтiн нормалар мен ережелердiң бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауап бередi.
15 тарау. Атрибутика, жалау, эмблема, жалауша
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 100-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
100-бап. Атрибутика, жалау, эмблема, жалауша
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жалауының бейнесi Қазақстан Республикасының барлық әуе кемелерiнде болады.
Уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бар өзiнiң мөрi мен атрибутикасы болуы тиiс.
Қазақстан Республикасының әрбiр авиация ұйымының өз эмблемасы, жалаушасы мен өзге де атрибутикасы болуы мүмкiн.
2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) ҚР Заңымен 101-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
101-бап. Осы Заңды жүзеге асыру жөніндегі шаралар және оның күшiне енгізу тәртібі туралы
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
Қазақстан Республикасының Азаматтық әуе кемелерiнiң мемлекеттік тiзiлiмiн;
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әуе кемелерiнiң тiзiлiмiн жасайтын болсын;
Үкiметтiң шешiмдерiн осы Заңға сәйкес келтiрсiн;
осы Заңды қолдану жөніндегі қажеттi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдасын.
2. Осы Заң жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының