Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация
қызметi туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң
1995 ж. 20 желтоқсандағы N 2697 Заң күшi бар Жарлығы
(ҚР 15.12.01 ж. N 272-II; 24.12.01 ж. N 276-II; 10.07.02 ж.
N 338-II; 08.05.03 ж. N 414-II Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 жылғы 20 желтоқсандағы N 13-III ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
(Бұрынғы ред. қара)
I тарау. Жалпы ережелер (1 - 5 баптар)
II тарау. Қазақстан Республикасының авиация (6 - 7 баптар)
қызметi және әуе кеңiстiгiн пайдалану
саласындағы мемлекеттiк басқару мен
бақылау
III тарау. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру (8 - 20 баптар)
IV тарау. Әуе кемелерi (21 - 32 баптар)
V тарау. Авиация қызметшiлерi (33 - 39 баптар)
VI тарау. Әуе кемелерiнiң ұшуы (40 - 51 баптар)
VII тарау. Халықаралық ұшулар (52 - 56 баптар)
VIII тарау. Iздестiру және құтқару (57 - 63 баптар)
IХ тарау. Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн (64 - 68 баптар)
қадағалау. Авиациялық оқиғаларды тексеру
Х тарау. Әуе тасымалдары (69 - 77 баптар)
ХI тарау. Авиациялық жұмыстар (78 - 79 баптар)
ХII тарау. Әуежайлар. Аэродромдар (80 - 88 баптар)
ХIII тарау. Жауапкершiлiк және сақтандыру (89 - 95 баптар)
ХIХ тарау. Авиация қауiпсiздiгi (96 - 99 баптар)
XV тарау. Атрибутика, жалау, эмблема, жалауша (100 - 101 баптар)
"Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына сәйкес, мемлекеттiң мүддесiн қорғау, авиацияның және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланатын өзге де субъектiлердiң орны мен рөлiн айқындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушылары мен оның азаматтарының қызметiне байланысты қатынастарды реттеу мақсатында осы Жарлықты шығарамын.
I тарау. Жалпы ережелер
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II; 10.07.02 ж. N 338-II Заңдарымен 1-бап өзгертілді
1-бап. Жарлықта қолданылатын айқындамалар
Авиация қауiпсiздiгi - ол авиация қызметiне заңсыз қол сұғу актiлерiнiң алдын алу және оларды болдырмау арқылы қамтамасыз етiлетiн авиацияның қалыпты және қауiпсiз қызметi.
Авариялық-құтқару жұмыстары - ол жапа шеккендерге дер кезiнде көмек көрсетуге бағытталған шаралар жиынтығы.
Авиакомпания - азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының қолданыстағы сертификаты және жолаушылардың, жүктiң, багаж бен почтаның әуе тасымалдарын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға лицензиясы бар заңды тұлға.
Авиация сала ретiнде - ол қызметi әуе кемелерiнiң көмегiмен адамға жағдай жасауға және оның әуе кеңiстiгiн пайдалануына бағытталған ұйымдардың барлық түрi.
Қазақстан Республикасының авиациясы эксперименттiк, мемлекеттiк және азаматтық авиация болып бөлiнедi.
Эксперименттiк авиация - авиация және басқа техника саласында тәжiрибелiк-конструкторлық, эксперименттiк, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен сынақтарын жүргiзуге арналған авиация.
Мемлекеттiк авиация - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң, Iшкi iстер министрлiгi Iшкi әскерлерiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң қарамағындағы, сондай-ақ Үкiметтiң шешiмi бойынша басқа да мемлекеттiк органдарының қарамағында болатын авиация.
Азаматтық авиация - эксперименттiк авиация мен мемлекеттiк авиация құрамына кiрмейтiн және мынадай мақсаттарда:
а) жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктер мен поштаны тасымалдауда (әуе тасымалдары);
б) авиациялық жұмыстарды орындауда;
в) оқытып-үйрету, спорттық, мәдени-ағарту шараларын жүргiзуде, техникалық шығармашылықты дамытуда;
г) әуе кемесiн пайдаланушының жеке қажеттерiн қанағаттандыруда;
д) iздестiру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуде, табиғи зiлзала болған жағдайларда жәрдем көрсетуде пайдаланылатын авиация.
Көрсетiлген мақсаттарда ақы алу немесе жалдау бойынша пайдаланылатын азаматтық авиация коммерциялық авиация деп танылады.
Заңды және жеке тұлғалардың меншiгiнде болатын әрi көрсетiлген мақсаттарда ақысыз және жалдаусыз пайдаланылатын азаматтық авиация жалпы мақсаттағы авиация деп танылады.
Аэродром - әуе кемелерiнiң ұшып-көтерiлуiн, қонуын, рульдеуiн, аялдауын және оларға қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз ету үшiн арнайы әзiрленiп, жабдықталған жер немесе су учаскесi.
Әуежай - әуе кемелерiн қабылдау мен жөнелтуге, әуе тасымалдарына қызмет көрсетуге арналған және осы мақсаттар үшiн аэродромы, аэровокзалы, басқадай ғимараттары, сондай-ақ қажеттi жабдықтары бар құрылыстар кешенi. Халықаралық әуежай - iшiнде кедендiк, шекаралық және санитарлық-карантиндiк бақылаулар ұйымдастырылып, халықаралық әуе тасымалдарын қамтамасыз ететiн әуежай.
Әуе навигациясы - бағдарламалық траектория бойынша әуе кемесiн ұшыру туралы қолданбалы ғылым.
Iшкi әуе тасымалы - тасымалдау жұмысын атқарған кезде жөнелтiлу пунктi, бару пунктi және барлық көзделген аялдау пункттерi бiр мемлекет аумағында орналасқан әуе тасымалы.
Халықаралық әуе тасымалы - тасымалдау жұмысын атқарған кезде, тасымалдауда немесе қайта тиеуде үзiлiстiң болған-болмағандығына қарамастан, жөнелтiлу пунктi мен бару пунктi:
а) екi мемлекет аумағында орналасқан;
б) егер екiншi мемлекет аумағында аялдау көзделсе, бiр мемлекет аумағында орналасқан әуе тасымалы.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi - Қазақстан Республикасының құрлықтық және сулы аумағының, оның iшiнде аумақтық суларының үстiндегi әуе кеңiстiгi.
Әуе кемесi - жер (су) бетiнен шағылысқан ауамен өзара әрекеттесуден өзгеше ауамен өзара әрекеттесу есебiнен атмосферада қалықтайтын ұшу аппараты.
Қатер төнген әуе кемесi - өзiне немесе оның бортындағы адамдарға тiкелей қауiп төнген не онымен радиобайланысы үзiлген және тұрған жерi беймәлiм әуе кемесi.
Апатқа ұшыраған әуе кемесi - ұшып көтерiлген, қонған немесе құлаған кезде қатты зақымдалған болмаса толық қираған әуе кемесi, сондай-ақ амалсыздан аэродромнан тысқары жерге қонған әуе кемесi.
Бiртұтас авиациялық iздестiру-құтқару қызметi (БАIҚҚ) иелiгiнде әуе кемелерi бар министрлiктердiң, ведомстволар мен авиакомпаниялардың авиациялық iздестiру және құтқару қызметтерi, авиациялық-құтқару және парашюттiк қызметтерi.
Авиациялық тосын оқиға - ұшуды орындау мақсатында әуе кемесi пайдаланылған кезде осы әуе кемесiнiң, оның экипажының, басқа авиация қызметкерлерiнiң қалыпты қызмет атқаруының бұзылуына байланысты немесе сыртқы жағдайлардың әсерiне байланысты туындаған, бiрақ авиациялық уақиғаға әкеп соқтыра қоймаған оқиға.
Навигациялық құралдар - ұшақты ұшыру мақсатында қажеттi ақпарат алып отыруға мүмкiндiк беретiн арнайы техникалық құрылғылар.
Навигациялық жүйелер - жұмыс iстеу принциптерi әр алуан бiрнеше борттық құрылғылардың, сондай-ақ борттағы және жердегi жабдықтарды бiрлесе пайдалануға негiзделген құралдардың жиынтығы болып табылатын навигациялық құралдар.
Авиация қызметiне заңсыз қол сұғу - авиацияның қалыпты және қауiпсiз қызметiне қол сұғу арқылы адамдардың бақытсыз жағдайға ұшырауына, материалдық зиян шегуге, әуе кемесiнiң күшпен басып алынуына немесе қуылып кетуiне әкеп соқтыратын немесе осындай зардаптардың туындау қаупiн төндiретiн заңсыз әрекет немесе әрекетсiздiк.
Жолаушы - тасымалдаушымен жасалған шартқа сәйкес әуе көлiгiн пайдаланатын кез келген тұлға.
Әуе тасымалдаушысы - көлiк құралдарын иеленуге меншiк құқығы немесе өзге де заңды негiздерi бар, ақысы төленетiн немесе жалдау бойынша жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi және поштаны тасымалдау жөнiнде қызмет көрсететiн әрi осыған белгiленген тәртiппен берiлген тиiстi рұқсаты немесе лицензиясы бар заңды немесе жеке тұлға.
Әуе кемесiнiң ұшуы - ұшып көтерiлу алдындағы зымыраудан (тiк көтерiлген кезде - жер немесе су бетiнен ажыраудан) бастап зымырауының соңына (ұшып-қону алаңын аялдаусыз босатуына) дейiнгi немесе тiк қонған кезде жер (су) бетiне табан тiрегенге дейiнгi жер (су) бетiмен және әуе кеңiстiгiнде әуе кемесiнiң қозғалып жүруi.
Халықаралық ұшу - әуе кемесi шет ел мемлекетi шекарасын кесiп өту кезiндегi әуе кемесiнiң ұшуы.
Авиациялық оқиға - әуе кемесi ұшуды орындау мақсатында пайдаланылған кезде осы әуе кемесiнiң, оның экипажының, басқа авиация қызметшiлерiнiң қалыпты қызмет атқару жағдайының бұзылуына байланысты немесе сыртқы жағдайлардың әсерiне байланысты туындаған және адамдардың қаза табуына, елеулi зақымдарға, әуе кемесiнiң қирауына немесе мүлдем iстен шығуына әкеп соқтыратын оқиға.
Тексеру жүргiзу - авиациялық оқиғаларды болдырмау мақсатында оқиға себебiн анықтау мен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi ұсынымдарды қоса алғанда, ақпарат жинау мен талдауды, қорытындылар әзiрлеудi қамтитын процесс.
Авиациялық жұмыстар - жеке шаруашылық салаларындағы (ауыл шаруашылығындағы, құрылыстағы, экспедициялар мен тағы басқаларға қызмет көрсетудегi) тапсырыс берушiлердiң технологиялық және өндiрiстiк процестерiн қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ эксперименттiк және ғылыми-зерттеу жұмыстарын, санитарлық және табиғатты қорғау шараларын жүргiзу, халыққа медициналық көмек көрсету, табиғи зiлзала, авариялар мен апаттар зардаптарын жою үшiн авиация құралдарымен атқарылатын мамандандырылған операциялар.
Пайдаланушы - әуе кемелерiн пайдалану мен айналысатын немесе осы салада өзiнiң қызметiн ұсынатын заңды немесе жеке тұлға.
Әуе кемесiмен жалданушы (фрахтовщик) - бiр сапарда немесе бiрнеше сапарда жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi, поштаны тасымалдау және басқа мақсаттар үшiн бiр немесе бiрнеше әуе кемесiнiң толық сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бiр бөлiгiн ақысын алып екiншi жаққа (әуе кемесiн жалдаушыға) беретiн әуе тасымалдаушысы.
Әуе кемесiн жалдаушы (фрахтователь) - бiр немесе бiрнеше сапарда жолаушыларды, теңдеме жүктi, жүктердi, поштаны тасымалдау немесе басқа мақсат үшiн бiр немесе бiрнеше әуе кемесiнiң толық сыйымдылығын немесе сыйымдылығының бiр бөлiгiн ақысын алып жалға беруге әуе тасымалдаушысымен тиiстi шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға.
Чартерлiк шарт - әуе кемесiмен жалданушы және әуе кемесiн жалдаушы арасында жасалатын әуе кемесiн жалдау шарты.
Әуежай қызметi - жеке және заңды тұлғалар әуе тасымалдарын, әуежайларда авиациялық қауiпсiздiк пен ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты жүзеге асыратын қызмет.
Әуе жолы - әуе кемелерiнiң ұшуына арналған және әуе қозғалысын басқару жүйесiнiң аэронавигациялық құрылғылармен бақыланатын дәлiз түрiндегi әуе кеңiстiгi.
Аса жеңiл авиация - ең үлкен массасы екi мың жетi жүз килограмнан аспайтын аса жеңiл ұшу аппараттарын, спорттық мақсаттағы және әуесқойлық конструкциядағы басқа да әуе кемелерiн, аэростаттық аппараттар мен көмекшi құрылғыларды пайдаланатын азаматтық авиация.
Әуежайдың бақыланатын аумағы - әуежайдың, аэродромның, ұшуды аэронавигациялық қамтамасыз ету объектiлерiнiң жұмыс алаңы және кiрудi авиациялық қауiпсiздiк қызметi бақылайтын жанасып жатқан аумақ, қызметтiк ғимараттар, құрылыстар, қоймалар.
Ұшу жарамдылығының нормалары - әуе кемелерiнiң конструкциясына, параметрлерi мен ұшу сапасына және олардың ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған компоненттерiне қойылатын талаптар.
Yлгi сертификаты - әуе кемесiнiң, авиациялық двигатель үлгiсiнiң және жаңа үлгiдегi әуе винтiнiң ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн растайтын, уәкiлеттi орган берген құжат.
Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушының сертификаты - азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды сертификаттау ережелерінде белгіленген талаптарға пайдаланушының сәйкестігін куәландыратын, уәкілетті орган берген құжат.
Аэродром жарамдылығының сертификаты - аэродромдарды пайдалану жарамдылығының нормаларына аэродромның сәйкестігін куәландыратын, уәкілетті орган берген құжат.
Ұшу жарамдылығының сертификаты - уәкiлеттi орган үлгi сертификаты негiзiнде берген, азаматтық әуе кемесiнiң ұшу жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн куәландыратын құжат.
Уәкiлеттi орган - өз құзыретi шегiнде азаматтық авиация саласындағы мемлекеттiк саясатты, азаматтық және эксперименттiк авиация қызметiн мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды, үйлестiру мен реттеудi және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттiк басқару органы.
2-бап. Әуе кеңiстiгiне егемендiк
Республиканың құрылықтағы және су аумағының үстiндегi және оның аумақтық сулары үстiндегi әуе кеңiстiгi Қазақстан Республикасының толығымен және тек қана өзiнiң егемендiгiне жатады. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi мемлекет меншiгiнде болады және оның мемлекеттiк аумағының бiр бөлiгi болып табылады.
3-бап. Авиация құралдарына меншiк және кәсiпкерлiк қызмет
Әуе кемелерi, аэродромдар, әуежайлар техникалық құралдар және әуе кемелерiнiң ұшуын ұйымдастыру, орындау мен қамтамасыз ету үшiн қажеттi басқа да мүлiк жеке меншiкте немесе мемлекеттiк меншiкте бола алады және олар еркiн кәсiпкерлiк қызметте, авиациялық-көлiк қызметi нарығын қалыптастыруда пайдаланылуы мүмкiн.
Әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге байланысты әуе қозғалысын басқару жүйесiнiң аэронавигациялық құрылғыларды, телекоммуникациялық желiлерi, инженерлiк желiлерi мемлекет меншiгi болып табылады.
4-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану мен авиация қызметiн реттейтiн заңдар
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану мен авиация қызметi осы Жарлықпен, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен, осы Жарлықпен белгiленген құзыретi шегiнде мемлекеттiк басқару органдары шығарған нормативтiк құқықтық актiлермен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық конвенциялармен және шарттармен реттеледi.
Егер Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық (мемлекетаралық) шартта (келiсiмде) республиканың заң актiлерiндегi ережелерден өзгеше ережелер көзделген болса, онда халықаралық (мемлекетаралық) шарттың ережелерi қолданылады.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 5-бап өзгертілді
5-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Заң күшi бар Жарлығының қолданылу аясы
Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Жарлығы мемлекет, Қазақстан Республикасы азаматтарының мүддесiн қорғау, әуе кемелерiнiң ұшырылу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және әуе тасымалы мен авиация қызметiнiң көрсетiлуiне деген Қазақстан Республикасы экономикасының және азаматтардың қажеттерiн қанағаттандыру мақсатында әуе кеңiстiгiн пайдалану мен авиация қызметiнiң тәртiбiн белгiлейдi.
Осы Жарлық:
Қазақстан Республикасының шегiнде бүкiл азаматтық авиацияға;
егер әуе кемесi келген елдiң заңдары өзгеше талап етпесе, Қазақстан Республикасы шегiнен тысқары болған уақытта Қазақстан Республикасының барлық азаматтық әуе кемелерiне қолданылады.
Азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу мәселелерi Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясын мемлекеттік реттеу туралы заңдарда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Жарлықпен реттеледi.
Осы Жарлықтың 1-21, 26-29, 33, 34, 36, 38, 40-52, 55-68, 80-84, 86-88, 94, 100, 101-баптары Қазақстан Республикасының бүкiл авиациясына және Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға қолданылады.
II тарау. Қазақстан Республикасының авиация
қызметi және әуе кеңiстiгiн пайдалану
саласындағы мемлекеттiк басқару мен
бақылау
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Авиация қызметi саласындағы мемлекеттiк басқару мен бақылау
Азаматтық және эксперименттiк авиация қызметiне мемлекеттiк басқару мен бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Мемлекеттiк авиация қызметi саласындағы мемлекеттiк басқару мен бақылауды өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады.
7-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқару мен бақылау
Әуе кеңiстiгiн пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқару мен бақылауды Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және әуе қозғалысын басқару жөнiндегi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
Әуе кеңiстiгiн пайдалану және әуе қозғалысын басқару жөнiндегi мемлекеттiк орган барлық әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар үшiн мiндеттi әуе кеңiстiгiн қауiпсiз пайдалануды реттейтiн ережелердi, мәлiмдемелердi, нұсқауларды және басқа да нормативтiк құқықтық актiлердi шығарады, олардың орындалуын бақылайды, әуе кеңiстiгiнiң пайдаланылуын, авиациялық iздестiру-құтқару шараларын ұйымдастыруды, аэронавигациялық және метеорологиялық ақпаратпен қамтамасыз етудi, әуе қозғалысын жедел басқаруды жүзеге асырады.
III тарау. Әуе кеңiстiгiн пайдалануды ұйымдастыру
8-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызмет
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалануға байланысты қызметке мыналар:
а) әуе кемелерiнiң және басқа ұшу аппараттарының ұшуы;
б) атыстар мен ракеталар жiберудiң барлық түрлерi, жарылыс жұмыстары және материалдық объектiлердiң әуе кеңiстiгiнде орнын ауыстырумен байланысты өзге де қызмет жатады.
Қазақстан Республикасының, сондай-ақ басқа мемлекеттердiң жоғарыда аталған қызметтi жүзеге асырушы барлық заңды және жеке тұлғалары әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар болып табылады.
9-бап. Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы
Әуе кеңістiгiн пайдаланумен байланысты қызметтi жүзеге асыру үшiн әуе кеңiстiгiнде өзiн тұтас алғанда Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнiң құрылымын құрайтын әуе қозғалысына қызмет көрсету аудандары, аэродромдар мен аэротораптар аудандары, әуе трассалары, әуе кемелерi ұшуының маршруттары мен арнайы аймақтары, тыйым салынған аймақтар мен шектеу аймақтары, полигондар аудандары, жарылыс жұмыстарының аудандары белгiленедi.
Әуе кеңiстiгiнiң құрылымы Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.
Әуе кеңiстiгiнiң құрылымын ұйымдастыру айналадағы ортаны қорғау жөнiнде белгiленген нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылуы тиiс.
10-бап. Әуе кеңiстiгiнiң жiктелуi
Қазақстан Республикасының әуе кеңістiгi бақыланатын әуе кеңiстiгiне және бақыланбайтын әуе кеңiстiгiне бөлiнедi.
Бақыланатын әуе кеңiстiгi деп радиолокациялық құралдармен бақыланатын кеңiстiк түсiнiледi, онда әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары тарапынан ұшуға тiкелей басқару қамтамасыз етiледi.
Бақыланбайтын әуе кеңiстiгi деп радиолокациялық құралдармен бақыланбайтын кеңiстiк түсiнiледi.
Әуе кеңiстiгi құрылымының бақыланатын және бақыланбайтын болып бөлiнуi Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.
11-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету
бақыланатын әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлiк және ұшу-ақпараттық болуы мүмкiн.
Бақыланбайтын әуе кеңiстiгiнде әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлiк, ұшу-ақпараттық және консультациялық болуы мүмкiн.
Бұдан басқа, авариялық жағдайлар туындаған кезде, әуе қозғалысына авариялық қызмет көрсетiлуi ықтимал.
12-бап. Әуе қозғалысына қызмет көрсету кезiнде радиоалмасуды жүргiзу тiлi
Қазақстан Республикасының аумағында әуе қозғалысына қызмет көрсету органдары мен Қазақстан Республикасы әуе кемелерiнiң экипаждары арасындағы радиоалмасу орыс тiлiнде, ал шет мемлекеттер әуе кемелерiнiң экипаждарымен - орыс немесе ағылшын тiлiнде жүргiзiледi.
13-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдаланудағы басымдықтар
Әуе кеңiстiгiнiң бөлiгiн пайдалану құқығы оған мүдделi әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар саны екi немесе одан да көп болған кезде мынадай басымдықтарға сәйкес берiледi:
а) әуе шабуылын тойтару немесе болдырмау және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын, әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуды тоқтату, Қазақстан Республикасының егемендiгiне, аумақтық тұтастығына және қоғамдық қауiпсiздiгiне қарсы күш қолдануды немесе күш қолдану қатерiн жою;
б) табиғи зiлзала және өзге де зардаптар, апаттар, авариялар, адамдар өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн немесе елеулi материалдық зиян келтiру қаупiн тудыратын авариялық және өзге де жағдайлар болған кезде көмек көрсету;
в) ғарыштық аппараттар мен олардың экипаждарын ұшыру, қондыру, iздестiру және көшiру, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң жоспарлы жаттығуларын өткiзу; сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына сәйкес жүзеге асырылатын әуе кемелерiнiң ұшулары немесе өзге қызмет;
г) Қазақстан Республикасының халықаралық келiсiмдерiне сәйкес жүзеге асырылатын әуе кемелерiнiң ұшулары немесе өзге қызмет;
д) жолаушыларды, жүктердi және поштаны жүйелi тасымалдау;
е) Қазақстан Республикасының, сондай-ақ мемлекетаралық және үкiметаралық келiсiмдерге сәйкес басқа да мемлекеттердiң мемлекеттiк авиацияларының ұшулары;
ж) эксперименттiк және ғылыми-зерттеулiк жұмыстардың жүргiзiлуi;
з) жүйелi емес әуе тасымалдары, экономика мүддесiне қарай авиациялық және өзге де жұмыстарды орындау;
и) оқытып-үйрету, көрсету, мәдени-ағартушылық және өзге де шараларды жүргiзу, сондай-ақ жалпы мақсаттағы авиацияның ұшуы;
к) өзге де қызмет.
14-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалануға тыйым салу
Ұшу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүмкiндiгi болмаған жағдайларда, сондай-ақ осы Жарлықтың 13-бабының "а" және "б" тармақтарында көзделген жағдайларда, осы Жарлықтың 8-бабындағы 1-бөлiгiнiң "а" тармағында аталған қызметтi жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн немесе оның жеке аудандарын пайдалануға әуе кеңiстiгiн пайдалану және әуе қозғалысын басқару жөнiндегi мемлекеттiк орган тарапынан тыйым салынуы мүмкiн.
Тыйым салу тәртiбi Қазақстан Республикасының Әуе кеңiстiгiн пайдалану туралы ережемен белгiленедi.
15-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалану үшiн байланысты ұйымдастыру
Әуе кеңiстiгiн пайдаланушылар әуе кеңiстiгiн пайдалану және әуе қозғалысын басқару жөнiндегi мемлекеттiк органмен тұрақты байланыста болуға мiндеттi.
Байланыс кәсiпорындары әуе кеңiстiгiн пайдаланушыларға қажет байланыс арналарын жалға берiп отырады. Берiлген байланыс арналары iстен шыққан кезде олар белгiленген тәртiппен басқа байланыс арналарымен ауыстырылуға тиiс.
Әуе қозғалысына қызмет көрсету үшiн жалпы пайдаланымдағы байланыс құралдарының пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
ҚР 15.12.01 ж. N 272-II Заңымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзу
Осы Жарлықтың және онымен сәйкестендiрiлiп жасалған басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң ережелерiнен ауытқи отырып жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдаланумен байланысты қызмет Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзған болып танылады.
Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзуға:
1) сұранымсыз жүзеге асырылатын (кестеден тыс немесе тұрақты емес ұшуларды рұқсатсыз орындау) және әуе кемелерiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн осы Жарлықтың 8-бабында көрсетiлген қызмет;
2) әуе кемесiнiң конструкциясында радиолокациялық тану аппаратурасын қондыру көзделмеген әуе кемелерiн қоспағанда, мемлекеттiк радиолокациялық тану жүйесi бойынша сұранымға сай келмейтiн әуе кемесінің ұшуы;
3) сұранымда көрсетiлген саннан артатын әуе кемелерi тобының ұшуы;
4) әуе кемелерiнiң Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi белгiлеген әуе кеңiстiгiн пайдалану режимдерiн сақтамауы;
5) әуе кемесiнiң Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң арнаулы рұқсатынсыз тыйым салынған аймақ және шектелген аймақ аумағының үстiнен ұшып өтуi;
6) мәжбүрлi қонудан басқа жағдайларда әуе кемелерiнiң жоспарланбаған (мәлiмденбеген) аэродромға қонуы;
7) ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретiн жағдайларды қоспағанда, әуе кемелерiнiң тiгiнен, көлденең, қапталдан эшелондауын сақтамауы, әуе жолдарынан, жергiлiктi әуе желiсiнен және маршрут осiнен белгiленген нормадан артық қашықтыққа ауытқуы жатады.
Әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң сақталуына бақылау жасайтын органдар әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiнiң бұзылуын тоқтату немесе жолын кесу үшiн барлық мүмкiн болған шараларды қолдануға мiндеттi.