442-бап. Алым төлеушiлер
Осы Кодекстiң 441-бабының 1-тармағында аталған телевизия және радио хабарларын тарату ұйымдары алым төлеушiлер болып табылады.
Өздерiне жүктелген негiзгi функционалдық мiндеттерiн орындау үшiн радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат алған мемлекеттік мекемелер алым төлеушiлер болып табылмайды.
443-бап. Алым ставкалары
Алым ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
444-бап. Алымды есептеу, төлеу және төленген сомаларды қайтару тәртібі
1. Алым сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген ставкалар бойынша есептеледi және байланыс саласындағы уәкiлеттi органнан рұқсат алғанға дейiн бюджетке төленедi.
2. Алым сомасы салық төлеушiнi есепке алып, тiркеген жер бойынша бюджетке енгізiледi.
3. Алым төлеген тұлғалар байланыс саласындағы уәкiлеттi органға тиiстi құжаттарды бергенге дейiн, рұқсат алудан бас тартқан жағдайларды қоспағанда, төленген алым сомасы қайтарылмайды.
Бұл орайда алым сомасы тиiстi уәкiлеттi орган берген, рұқсат алуға арналған құжаттарды аталған тұлғаның табыс етпегенiн растайтын құжатты салық төлеушi табыс еткеннен кейiн қайтарылады.
81-тарау. Жер учаскелерін пайдаланғаны
үшін төлемақы
445-бап. Жалпы ережелер
1. Мемлекеттiң жер учаскелерiн өтемiн төлеп (жалға) уақытша жер пайдалануға бергенi үшiн жер учаскелерiн пайдалану төлемақысы (бұдан әрi төлемақы) алынады.
2. Жер учаскелерiн өтемiн төлеп уақытша жер пайдалануға беру тәртібі Қазақстан Республикасының заң актiсiмен белгiленедi.
3. Жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органына уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер табыс етедi.
446-бап. Төлеушiлер
Жер учаскесiн өтемiн төлеп уақытша жер пайдалануға алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 447-бап толықтырылды
447-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақы ставкалары Қазақстан Республикасының жер заңдарына сәйкес белгiленедi. Бұл орайда, осы Кодекстің 338-бабының 2-тармағында көзделген ережелерді есептемегенде, төлемақы ставкалары жер салығы ставкаларының мөлшерiнен кем белгiленбейдi.
ҚР 29.11.03 ж. № 512-II Заңымен 448-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
448-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасы жергiлiктi атқарушы органмен жасаған өтемiн төлеп уақытша жер пайдалану шартының негiзiнде есептеледi.
Төлемақының жыл сайынғы сомалары жергiлiктi атқарушы органдар жасаған есеп-қисаптарда белгiленедi.
Шарт талаптары, сондай-ақ осы Кодексте белгiленген жер салығын есептеудің тәртібі өзгерген жағдайларда жергілiктi атқарушы орган төлемақы сомаларының есеп-қисаптарын қайта қарайды.
2. Салық кезеңiнде төленуге тиiс төлемақы мөлшерi есеп-қисаптарда көрсетiлген төлемақы ставкаларына және жер учаскесiн салық кезеңiнде пайдалану кезеңiне қарай белгiленедi.
3. Төлемақы мөлшерi осы Кодекске сәйкес осы жер учаскесi бойынша есептелген жер салығының сомасынан кем болмайтындай мөлшерде белгiленедi.
4. Төлемақы төлеушiлер төлемақының ағымдағы сомаларын ағымдағы жылдың 20 ақпанынан, 20 мамырынан, 20 тамызынан және 20 қарашасынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде тең үлестермен бюджетке төлейдi.
5. Төлеудің белгiленген мерзiмдерiнен кейiн өтемi төленетiн уақытша жер пайдалануға мемлекет жер учаскелерiн берген жағдайларда, төлеудің келесi (кезектi) мерзiмi төлемақыны бюджетке енгізудiң алғашқы мерзiмi болып табылады.
6. Мемлекет өтемiн төлеп уақытша ақы төлеп жер пайдалануға жер учаскелерiн төлемнің соңғы мерзiмiнен кейiн берген жағдайларда, жер учаскесi берiлген айдан кейiнгi айдың 20-күнi бюджетке төлем төлеу мерзiмi деп есептеледi.
7. Өтемiн төлеп уақытша жер пайдалану шартының мерзiмi бiткен немесе салық кезеңi басталғаннан кейiн ол бұзылған жағдайда, қалған мерзiм үшiн бюджетке енгiзiлуге тиiс төлемақы сомасы, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталған күннен бастап он бес күннен кешiктiрілмей төленедi.
8. Төлемақы сомасы жер учаскелерiнiң орналасқан жерi бойынша бюджетке енгiзiлуге тиiс.
9. Артық төленген төлемақы сомасы осы төлемақы бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебiне есепке жатқызу жүргiзiлгеннен кейiн осы төлемақы бойынша алдағы төлемдердiң есебiне жатқызылуға немесе салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.
449-бап. Салық кезеңi
Жер учаскелерiн пайдалану төлемiнiң сомаларын есептеу мен төлеу үшiн салық кезеңi осы Кодекстің 136-бабына сәйкес белгiленедi.
23.11.02 ж. 358-ІІ; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 29.11.03 ж. № 512-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 450-бап өзгертілді
450-бап. Салық есептілігi
1. Арнайы салық режимi қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелерi бойынша ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруші заңды тұлғалар үшін арнайы салық режимiн қолданатын салық төлеушілердi қоспағанда, ақы төлеушiлер, жер учаскелерiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына ағымдағы төлемдер ақысы сомасының есебi мен декларацияны табыс етедi.
2. Төлеушiлер ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабын есептi салық кезеңiнiң 15 ақпанынан кешiктiрмей табыс етедi.
Салық кезеңi басталғаннан кейiн өтемiн төлеп уақытша жер пайдалану туралы шарт жасасқан тұлғалар шарт жасалғаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабын табыс етедi.
3. Жер учаскелерiн пайдалану төлемақысы бойынша декларацияны төлемақы төлеушiлер есептi жылдан кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
4. Бiрiншi салық кезеңiнде ағымдағы төлемдер сомасының есебімен бірге жергiлiктi атқарушы органмен жасалған өтемiн төлеп уақытша жер пайдалану туралы шарттың нотариат арқылы куәландырылған көшiрмесi табыс етiледi.
Одан кейiнгi кезеңдерде шарттың нотариат куәландырған көшiрмесi төлем сомалары немесе шарттың талаптары өзгерген кезде ғана табыс етiледi.
5. Уақытша жер пайдалану туралы шарттың қолданылу мерзiмi аяқталған немесе салық кезеңi басталғаннан кейiн жергiлiктi атқарушы органмен оны бұзған кезде шарттың қолданылу мерзiмi аяқталған (бұзылған) күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрiлмей ағымдағы төлемдер сомаларының eceбi табыс етiледi.
82-тарау. Жер үсті көздерінің су ресурстарын
пайдаланғаны үшін төлемақы
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) ҚР Заңымен 451-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
451-бап. Жалпы ережелер
1. Жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) жер үстi көздерiнен суды ала отырып немесе оны алмай, арнаулы су пайдаланудың барлық түрлерi үшiн алынады.
2. Арнаулы су пайдалану су ресурстарын басқару жөніндегі уәкiлеттi орган беретiн рұқсат беру құжаты негiзiнде жүзеге асырылады.
Су пайдаланудың арнаулы түрлерi Қазақстан Республикасының су заңдарымен белгiленедi.
3. Су ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық уәкiлеттi органдар есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 1-iнен кешiктiрмей облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық комитеттерiне уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
452-бап. Төлеушiлер
Құрылыстарды, техникалық құралдарды немесе құрылғыларды қолдана отырып, жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдалануды жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар төлемақыны төлеушілер болып табылады.
453-бап. Салық салу объектiлерi
1. Төлемақы салынатын объектiлер:
1) жер үстi су көзiнен алынған судың көлемi;
2) өндiрiлген электр энергиясының көлемi;
3) су көлiгiмен тасымалдау көлемi;
4) балық аулау көлемi және су пайдаланудың басқа да көлемдерi болып табылады.
2. Су ресурстарын жекелеген азаматтарға бекітіп бермей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстарды немесе техникалық құрылғыларды қолданбай жүзеге асырылатын кеме тiркемесiнсiз ағашты ағызуға, рекреацияға, жер қазатын техниканы қолдануға, батпақты құрғатуға, жалпы су пайдалануға төлемақы қолданылмайды.
13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара); 2004.20.12. № 13-III (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 454-бап өзгертілді
454-бап. Төлемақы ставкалары
1. Төлемақы ставкаларын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлейдi.
2. Су жинаудың нақты көлемi су ресурстарын басқару жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген лимиттен асып кеткен жағдайда, осы баптың 1-тармағында белгiленген төлемақы ставкалары осындай асып кеткен бөлiгiнде үш есе ұлғайтылады.
3. Су объектiлерiн тиiстi рұқсат беру құжатынсыз пайдаланған кезде осы баптың 1-тармағында белгiленген төлемақы ставкалары бес есе ұлғайтылады.
ҚР 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 455-бап өзгертілді
455-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлем сомасын су пайдаланудың нақты көлемi мен белгiленген ставкаларды негiзге ала отырып төлеушi дербес айқындайды.
2. Төлеушiлер (шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимдерiнде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушiлерден басқа) нақты пайдаланылған су көлемi үшiн ағымдағы төлем сомаларын есептi айдан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей ай сайын бюджетке енгізуге мiндеттi.
3. 04.07.03 ж. № 475-II ҚР Заңымен алып тасталды
4. Төлем рұқсат құжаттарында аталған арнаулы су пайдаланылатын жер бойынша бюджетке төленедi.
5. Артық төленген төлем сомасы осы төлем бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебiне жатқызу жүргiзiлгеннен кейiн осы төлем бойынша алдағы төлемдердiң есебiне жатқызылуға немесе салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 456-бап өзгертілді
456-бап. Салық төлеушiлердiң жекелеген санаттарының төлемақыны есептеу мен төлеу ерекшелiктерi
1. Шаруа (фермер) қожалықтары және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiнде бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыратын салық төлеушiлер төлем сомаларын төлеудi мына тәртiппен жүргiзедi:
1) ағымдағы салық кезеңiнiң 1 қаңтарынан 1 қазанына дейiнгi кезеңге есептелген ағымдағы төлемдер сомасы ағымдағы салық кезеңiнің 20 қазанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi;
2) 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейiнгi кезеңге есептелген сома есептi кезеңнен кейiнгi салық кезеңiнiң 20 наурызынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi.
2. Өнеркәсіп орындары өндірістік қажеттер үшін су шаруашылығы жүйелерінен алатын суға, ол тікелей су шаруашылығы жүйелерінен, басқа өнеркәсіп орындарынан немесе тұрғын үй пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарынан келетініне қарамастан, төлемақы төлейді.
3. Тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары өнеркәсiп орындарына берiлетiн судың көлемiн шегере отырып, жер үстi көздерiнен алынатын су үшiн бюджетке төлемақы төлейдi.
4. Жеке және заңды тұлғалар суды қысыммен ағызатын және суды реттейтiн құрылыстары бар су көздерiнде жүк тасымалы үшiн төлемақы төлейдi.
5. Жылу энергетикасы кәсiпорындары тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қажеттер үшiн жылу энергиясын өндiруге жұмсалатын су үшiн төлемақы мөлшерiн тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары үшiн көзделген ставкалар бойынша белгілейдi.
6. Агрегаттарды суыту (суды қайталап тұтыну) үшiн технологиялық қажеттерге суды жинау лимитi шегiнде су алатын жылу энергетикасы кәсiпорындары төлемақы мөлшерiн тұрғын үй-пайдалану және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары үшiн көзделген ставкалар бойынша белгiлейдi. Суды қайтарусыз тұтыну төлемақысының мөлшерi өнеркәсiп орындары үшiн белгiленген ставкалар бойынша айқындалады.
457-бап. Салық кезеңi
Жер үстi көздерiнiң су ресурстарын пайдаланғаны үшiн бюджетке төлемдi есептеу және енгізу үшiн салық кезеңi осы Кодекстiң 136-бабына сәйкес белгiленедi.
458-бап. Салық есептілігi
1. Төлемақы төлеушiлер арнаулы су пайдалану орны бойынша салық органдарына ағымдағы ақы төлемдерi сомасының есеп-қисабы мен декларацияны табыс етедi.
2. Төлемақы төлеушiлер ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабын, осы баптың 4-тармағында аталған төлемдердi қоспағанда, тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етедi.
3. Төлеушiлер су үшiн төлемақы жөніндегі декларацияны, осы баптың 4-тармағында аталғандарды қоспағанда, есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
4. Шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық төлеушiлер төлемақы сомалары бойынша декларацияны есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 15 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
5. Ағымдағы төлемдер сомасының есебi мен төлемақы сомалары жөніндегі декларация салық органына табыс етiлгенге дейiн су ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық уәкiлеттi органда куәландырылады.
83-тарау. Қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы
459-бап. Жалпы ережелер
1. Қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген арнайы табиғат пайдалану тәртібімен Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асырғаны үшiн алынады.
2. Арнайы табиғат пайдалану қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган беретiн рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
3. Қоршаған ортаны белгiленген тәртiппен ресiмделмеген рұқсат бойынша ластау белгiленген лимиттерден тыс ластау ретiнде қаралады.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық уәкiлеттi органдар тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 1-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
460-бап. Төлеушілер
Арнайы табиғат пайдалану тәртібімен Қазақстан Республикасының аумағында қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
461-бап. Салық салу объектiсi
Ластағыш заттарды белгiленген лимиттер шегiнде және (немесе) олардан тыс шығарудың, тастаудың (авариялық тастауды қоса алғанда), өндiрiс және тұтыну қалдықтарын орналастырудың нақты көлемi салық салу объектiсi болып табылады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 462-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
462-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақы ставкаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган жасаған есептерден кем болмайтындай етiп облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары жыл сайын белгiлеп отырады.
Қоршаған ортаны белгiленген лимиттерден тыс ластағаны үшiн қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның келісімiмен облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары бекiткен төлемақы ставкалары он есе ұлғайтылады.
ҚР 23.11.02 ж. № 358-ІІ; 04.07.03 ж. № 475-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 463-бап өзгертілді
463-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасын салық төлеушілер қоршаған орта ластануының және белгiленген ставкалардың нақты көлемiн негiзге ала отырып дербес есептейдi.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы аумақтық уәкiлеттi органдарға шағын көлемдi төлемдер төлейтiн ұйымдар үшiн (жылдық жиынтық көлемде 100 есептiк көрсеткiшке дейiнгi) төлемақыларды қоршаған ортаны ластауға лимиттi сатып алу нысанында жеткізуiне рұқсат етiледi. Лимиттi сатып алу рұқсат ресiмделген жағдайда есептi жыл үшiн алдын ала толық төлеу арқылы жүргiзiледi.
3. Уәкілетті орган оларды мемлекеттік тіркеуден өткізген жер бойынша бюджетке төлемақы енгізілетін ластанудың жылжымалы көздерін қоспағанда, бюджетке төлемақы енгізу қоршаған ортаны ластау көзiнiң (объектiсiнің) рұқсат құжатта аталған орналасқан жерi бойынша жүргiзiледi.
4. Төлеушiлер қоршаған орта ластануының нақты көлемi үшiн төленетiн төлемақының ағымдағы сомаларын, осы баптың 2 және 6-тармақтарында аталған салық төлеушiлердi қоспағанда, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей төлейдi.
5. алынып тасталды
6. Шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимiн қолданатын салық төлеушiлердiң төлемақы сомаларын төлеуi мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
1) ағымдағы салық кезеңiнiң 1 қаңтарынан 1 қазанына дейiнгi кезең үшiн есептелген ағымдағы төлем сомасы ағымдағы салық кезеңiнің 20 қазанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi;
2) 1 қазаннан 31 желтоқсанға дейiнгi кезең үшiн есептелген сомалар есептi кезеңнен кейiнгi салық кезеңiнiң 20 наурызынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде төленедi.
7. Артық төленген төлемақы сомасы, осы төлем бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебiне есепке жатқызу жүргiзiлгеннен кейiн, осы төлем бойынша алдағы төлемдер есебiне есепке жатқызылуға немесе салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.
464-бап. Салық кезеңi
Қоршаған ортаны ластанғаны үшiн төлемақыны бюджетке есептеу мен енгізу үшiн салық кезеңi осы Кодекстiң 136-бабына сәйкес айқындалады.
465-бап. Салық есептілігi
1. Төлемақы төлеушiлер ластау объектiсiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына ағымдағы төленген төлемдер сомасының есеп-қисабы мен декларацияны табыс етедi.
2. Ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабы төлем төлеушiлер, осы баптың 4-тармағында аталғандарды қоспағанда, тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етедi.
3. Төлеушiлер қоршаған ортаны ластағаны үшiн төлемақы жөніндегі декларацияны, осы баптың 4-тармағында аталғандарды қоспағанда, есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
4. Шаруа (фермер) қожалықтарына және ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушi заңды тұлғаларға арналған арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық төлеушiлер төлемақы сомалары жөніндегі декларацияны есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 15 наурызынан кешiктiрмей табыс етедi.
5. Ағымдағы төлемдер сомаларының есеп-қисабы мен төлемақы сомалары жөніндегі декларация салық органына табыс етiлгенге дейiн қоршаған ортаны қорғау жөніндегі аумақтық уәкiлеттi органда куәландырылады.
84-тарау. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы
13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 466-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
466-бап. Жалпы ережелер
1. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi төлемақы) табиғи еркiн жағдайда мекендейтiн жануарларды табиғи ортадан айырғаны үшiн алынады.
2. Жануарларды ғылыми-зерттеу және шаруашылық мақсаттарда ен салу, сақина салу, көшiру, жерсiндiру мен будандастыру мақсаттары үшiн ұстап алып, кейiннен табиғи ортаға жiберген кезде төлемақы алынбайды.
3. Жануарлар дүниесiнiң мынадай санаттары:
аңшылық объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерi;
балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерi;
сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерi;
өзге де шаруашылық мақсаттарда пайдаланылатын жануарлар түрлерi (аңшылықтан және балық аулаудан басқа) үшiн төлемақы белгiленедi.
4. Аңшылық және балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлар түрлерiнiң санаттары үшiн төлемақы осы хайуанаттардың бағалы түрлерiне ғана белгiленедi.
Аңшылық және балық аулау объектiлерi болып табылатын жануарлардың бағалы түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
5. Жануарлар дүниесiн пайдалану жануарлар дүниесiн басқару жөніндегі уәкiлеттi орган беретiн рұқсат негiзiнде жүзеге асырылады.
6. Сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiн пайдалану үшiн төлемдi әрбiр жекелеген жағдайда осы жануарларды табиғи ортадан аулауға рұқсат беру кезiнде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
Сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiнiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
7. Жануарлар дүниесiн басқару жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық комитеттерiне уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер табыс етедi.
467-бап. Төлеушiлер
Жануарлар дүниесiн пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
468-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
469-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақы сомасы ставкалар мен жануарлардың саны (су жануарларының жеке түрлерi үшiн салмағы) негiзге алына отырып белгiленедi.
2. Бюджетке төлемақы сомаларын төлеу банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдар арқылы аудару не жануарлар дүниесiн басқару жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнде ақшаны қолма-қол төлеу арқылы жүргiзiледi.
3. Жануарлар дүниесiн басқару жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi төлемақы сомасын қабылдауды қатаң есеп бланкiлерi негiзiнде қолма-қол ақшамен жүзеге асырады.
Қатаң есеп бланкiлерiнің нысанын және қолма-қол ақшамен енгiзiлген төлемақы сомаларын бюджетке енгізу тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік органның келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі белгілейдi.
4. Төлеушiлер төлемақы сомасын белгiленген ставкалар бойынша дербес есептейдi және жануарлар дүниесiн басқару жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнен рұқсат алғанға дейiн төлейдi.
5. Бюджетке төлемақы енгізу жануарлар дүниесiн пайдалану орны бойынша жүргiзiледi.
6. Төлемақының төленген сомалары қайтарылмауға тиiс.
85-тарау. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 470-бап өзгертілді
470-бап. Жалпы ережелер
1. Орманды пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) орманды пайдаланудың мынадай түрлерi:
1) ағаш дайындағаны;
2) шайыр және ағаш шырындарын дайындағаны;
3) екiншi дәрежелi ағаш ресурстарын (қабықтарды, бұтақтарды, томарларды, тамырларды, жапырақтарды, ағаш бүршiктерi мен бұталарды) дайындағаны;
4) орманды жанама пайдаланғаны (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, ара ұялары мен омарталар орналастыру, бақша шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру, шипалы өсiмдiктер мен техникалық шикiзат, жабайы өсетiн жемiстер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер және басқа да тағамдық өнiмдер, мүк, орман төсенiштерi мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау және жинау);
5) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн мәдени-сауықтыру мақсатында, рекреациялық, туристiк және спорт мақсаттарында пайдаланғаны;
6) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн аң шаруашылығы қажеттерi үшiн пайдаланғаны;
7) мемлекеттік орман қоры учаскелерiн ғылыми-зерттеу мақсаттарында пайдаланғаны үшін алынады.
2. Мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының орман заңдарында белгiленген тәртiппен берiлген ағаш кесуге рұқсат билетi мен орман пайдалануға орман билетiнiң негiзiнде берiледi.
3. Бюджетке төлемақы сомаларын төлеу орман пайдалану орыны бойынша банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдар арқылы аудару не қатаң есептілік бланкiлерi негiзiнде тиiстi органда ақшаны қолма-қол төлеу арқылы жүргiзiледi.
Қатаң есептілік бланкiлерiнiң нысанын және қолма-қол ақшамен енгiзiлген төлемақы сомаларын бюджетке есептеу тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік органның келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі белгiлейдi.
4. Мемлекеттік орман иеленушiлер тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екiншi айдың 1-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органдарына уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 471-бап өзгертілді
471-бап. Төлеушiлер
1. Қазақстан Республикасының заң актiсiнде белгiленген тәртiппен орман пайдалануды жүзеге асыру құқығын алған жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрi - орман пайдаланушылар) төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Мыналар:
1) мемлекеттік орман иелері ағашты түбірімен жөнелткені үшін:
орманды күтiп-баптау кезiнде ағаш кесуді, санитариялық кесуді (iрiктеп және жаппай), құндылығы шамалы орман ағашы екпелерiн жаңғыртуға байланысты кесуді жүзеге асыру, орманды орман зиянкестері мен ауруларынан қорғау жөніндегі іс-шараларды орындау;
өтпе жол салу, орман орналастыру және ормандарды өртке қарсы жайғастыру іс-шараларын жүргізу кезiнде;
1-1) жекеше орман қоры учаскелерi меншiгiнде болатын жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;
2) орман пайдаланушылар - ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзу үшiн жүзеге асыратын ағаш ресурстарын, шайырды, қосымша орман материалдарын алу кезiнде төлемақы төлеушiлер болып табылмайды. Бұл орайда, алынған өнiм, оның ғылыми зерттеулердi орындау үшiн қажеттi бөлiгiн қоспағанда, орман қоры учаскелерi иелерiнің меншiгi болып табылады. Оның тiзбесi мен көлемi зерттеулердiң бағдарламаларын және әдiстемелерiн негiзге ала отырып белгiленедi және орман шаруашылығы басқармасының аумақтық органдарымен жасалған келісімде немесе шартта көрсетiледi.