ҚР 23.11.02 ж. 358-ІІ Заңымен 472-бап өзгертілді
472-бап. Салық салу объектiсi
Пайдалануға берiлетiн орман пайдаланудың көлемi және (немесе) орман қоры учаскелерінің аумағы төлемақы салу объектiсi болып табылады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 473-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
473-бап. Төлемақы ставкалары
1. Осы баптың 2-тармағында аталғандарды қоспағанда, төлемақы ставкаларын орман шаруашылығын басқару жөніндегі уәкiлеттi орган жасаған есеп-қисаптар негiзiнде облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлейдi.
2. Тамырымен жiберiлетiн ағаш төлемақысы жөніндегі базалық ставкаларды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейдi. Бұл орайда облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдарының ставкалар мөлшерiн екi есеге дейiн арттыруға құқығы болады.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 474-бап өзгертілді
474-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақыны есептеу тәртібін және бюджетке енгізу мерзiмдерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2. Қазақстан Республикасы Yкіметінiң немесе орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өз құзыретi шегiнде ормандардың қурауы немесе құрып кетуi қатерi төнген кезде орман ресурстарын пайдалануға тыйым салу туралы шешiм қабылдауын қоспағанда, төленген соманы қайтару жүргiзiлмейдi.
Бұл ретте төлеушi орман шаруашылығы саласындағы уәкілеттi орган берген ағаш кесуге рұқсат билетiн, орман пайдалануға орман билетiн пайдаланбағанын растайтын құжатты бергеннен кейiн қайтару жүргiзiледi.
86-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
пайдаланғаны үшін төлемақы
475-бап. Жалпы ережелер
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн өтемақы (бұдан әрi - төлемақы) Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын ғылыми, мәдени-ағарту, оқыту, туристiк, декреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдаланғаны үшiн алынады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақ әкiмшілiгi тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей өзiнiң орналасқан жерi бойынша салық органына уәкiлеттi мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша мәлiметтер бередi.
476-бап. Төлеушiлер
Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар төлеушiлер болып табылады.
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 477-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
477-бап. Төлемақы ставкалары
1. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
2. Жергілiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлемақы ставкаларын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының ұсынуы бойынша облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi өкiлдi органдары белгiлейдi.
478-бап. Төлемақы төлеу тәртібі және мерзiмдерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың орналасқан жерi бойынша бюджетке төлемақы сомаларын төлеу банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын мекемелер арқылы аудару не ерекше қорғалатын табиғи аумақтар әкiмшiлiктерi белгiлеген бақылау-өткізу пункттерiнде не өзге де арнайы жабдықталған орындарда қатаң есептілік бланкiлерi негiзiнде ақшаны қолма-қол төлеу арқылы жүргiзiледi.
Қатаң есептілік бланкiлерiнiң нысанын және қолма-қол ақшамен енгiзiлген төлемақы сомаларының бюджетке енгiзiлу тәртібін уәкiлеттi мемлекеттік органның келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі белгiлейдi.
2. Қолдарында төлем төлегенiн растайтын құжаттар болған кезде ғана ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды төлемақы төлеушiлердiң пайдалануына жол берiледi.
3. Төленген төлемақы сомалары қайтарылмайды.
87-тарау. Радиожиілік спектрін пайдаланғаны
үшін төлемақы
479-бап. Жалпы ережелер
1. Радиожиiлiк спектрiн пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi төлемақы) байланыс саласындағы уәкiлеттi орган бөлген радиожиiлiк спектрiнiң номиналдары (белдеулерi, диапазондары) (бұдан әрi - радиожиiлiк спектрiнiң номиналдары) үшiн алынады.
2. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығы байланыс саласындағы уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берген рұқсат құжаттармен куәландырылады.
3. Радиожиiлiк спектрiнiң номиналдарын бөлу конкурстық негiзде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлуi мүмкiн.
Бұл орайда, конкурс қорытындылары бойынша жеңiмпаз Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен және мөлшерде мемлекеттік бюджетке бiр жолғы төлемақы енгiзедi.
4. Бюджетке төленуге тиiс бiр жолғы төлемақы сомасы осы баптың 3-тармағына сәйкес төлем есебiне есептелмейдi.
480-бап. Төлеушiлер
1. Заң актiсiнде белгiленген тәртiппен радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын алған жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Мыналар:
1) өздерiне жүктелген негiзгi функционалдық мiндеттерiн орындау кезiнде радиожиiлiк спектрiн пайдаланатын мемлекеттік мекемелер;
2) осы Кодекстің 442-бабында аталған салық төлеушілер төлемақы төлеушiлер болып табылмайды.
481-бап. Төлемақы ставкалары
Жылдық төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
ҚР 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара) Заңымен 482-бап өзгертілді
482-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлемақыны есептеудi байланыс саласындағы уәкiлеттi орган рұқсат құжаттарында көрсетілген техникалық параметрлерге сәйкес, радио байланысының түрi мен радиожиiлiк спектрiн пайдалану аумағына қарай, жылдық ставкалар негiзiнде жүргiзедi.
2. Есептi салық кезеңіндегі радиожиiлiк спектрiн пайдалану кезеңi бiр жылдан кем болған жағдайда төлемақы сомасы жыл бойына есептелген төлем сомасын он екiге бөлiп, оны радиожиiлiк спектрi пайдаланылған айлардың санына көбейту арқылы анықталады.
3. Байланыс саласындағы уәкілетті органдар төлемақының жылдық сомасын көрсетiп хабарлама жазады және оны төлеушiлерге ағымдағы есептi кезеңнің 20 ақпанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде жiбередi.
4. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгiленген мерзiмнен кейiн алған жағдайда, байланыс саласындағы уәкiлеттi орган салық төлеушiге төлемақы сомасын көрсете отырып, салық төлеушi радиожиiлiк спектрiн пайдалануға рұқсат алған айдан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей хабарлама жiбередi.
5. Жылдық төлемақы сомасы салық төлеушінің тiркеу есебiнде тұрған жерi бойынша бюджетке ағымдағы жылдың 20 наурызынан, 20 маусымынан, 20 қыркүйегiнен және 20 желтоқсанынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмдерде тең үлеспен төленедi.
6. Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгiленген мерзiмнен кейiн алған жағдайда, рұқсат құжатын алған күннен кейiнгi кезектi мерзiм алғашқы төлеу мерзiмi болып табылады.
7. алып тасталды
8. Артық төленген төлемақы сомасы осы төлемақы бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды ақы есебiне есепке жатқызу жүргiзiлгеннен кейiн осы төлемақы бойынша алдағы төлемдегі есебiне есепке жатқызылуға немесе салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.
483-бап. Салық кезеңi
Төлемақы бойынша салық кезеңi осы Кодекстiң 136-бабына сәйкес белгiленедi.
484-бап. Салық есептілігi
1. Салық төлеушiлер жыл сайын салық төлеушiнiң тiркеу есебiнде тұрған жерi бойынша салық органдарына ағымдағы төлемдер сомасының есебi мен радиожиiлiк спектрiн пайдалану төлемақысы бойынша декларация табыс етедi.
2. Ағымдағы төлемдер сомасының есеп-қисабы есептi салық кезеңiнiң 15 наурызынан кешiктiрiлмейтiн мерзiмде табыс етiледi.
Радиожиiлiк спектрiн пайдалану құқығын осы Кодекстің 482-бабының 3-тармағында белгiленген мерзiмнен кейiн алған жағдайда, салық төлеушi ағымдағы төлемдер сомасының есебiн байланыс саласындағы уәкiлеттi органның жазып беретiн хабарламасын алған айдан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей табыс етедi.
3. Декларация есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрілмей табыс етiледi.
ҚР 05.07.04 ж. № 568-II Заңымен 87-1-тараумен толықтырылды (2005 ж. 1 қаңтардан бастап күшіне енеді)
87-1-тарау. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон
байланысын бергені үшін төлемақы
484-1-бап. Жалпы ережелер
1. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын бергені үшін төлемақы (бұдан әрі - төлемақы) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісінде қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын беру құқығы үшін алынады.
2. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын беру құқығы (бұдан әрі - құқық) байланыс саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен берген рұқсат құжаттарымен куәландырылады.
484-2-бап. Төлеушілер
Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен құқық алған, қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторлары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушілер болып табылады.
484-3-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақының жылдық ставкаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
484-4-бап. Есептеу және төлеу тәртібі
1. Төлемақыны есептеуді байланыс саласындағы уәкілетті орган жылдық ставкалар негізінде, рұқсат құжаттарында көрсетілген абоненттердің санына сәйкес жүргізеді.
2. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын беру кезеңі есепті салық кезеңінде бір жылдан кем болған жағдайда, төлемақы сомасы жыл бойынша есептелген төлемақы сомасын он екіге бөліп, оны жыл бойы қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы берілген тиісті ай санына көбейту арқылы айқындалады.
3. Байланыс саласындағы уәкілетті орган жылдық төлемақы сомасы көрсетілген хабарлама жазады және ағымдағы есепті кезеңнің 20 ақпанынан кешіктірілмейтін мерзімде төлеушіге жібереді.
4. Құқықты куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін алған жағдайда, байланыс саласындағы уәкілетті орган салық төлеуші қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын беруге рұқсат алған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей, төлемақы сомасы көрсетілген хабарламаны салық төлеушіге жібереді.
5. Жылдық төлемақы сомасы салық төлеушінің тіркеу есебінде тұрған жері бойынша тең үлестермен ағымдағы жылдың 20 наурызынан, 20 маусымынан, 20 қыркүйегінен және 20 желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімдерде бюджетке төленеді.
6. Құқықты куәландыратын рұқсат құжатын осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін алған кезде рұқсат құжатын алған күннен кейінгі кезекті мерзім алғашқы төлеу мерзімі болып табылады.
7. Артық төленген төлемақы сомасы осы төлемақы бойынша өсімпұл мен айыппұлдардың есебіне жатқызу жүргізілгеннен кейін, осы төлемақы бойынша алдағы төлемдер есебіне жатқызылуға немесе салық төлеушінің өтініші бойынша оның банк шотына аударылуға тиіс.
484-5-бап. Салық кезеңі
Төлемақы бойынша салық кезеңі осы Кодекстің 136-бабына сәйкес айқындалады.
484-6-бап. Салық есептілігі
1. Салық төлеушілер жыл сайын салық төлеушінің тіркеу есебінде тұрған жері бойынша салық органдарына ағымдағы төлемдер сомаларының есебі мен қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын бергені үшін төлемақы жөнінде декларация табыс етеді.
2. Ағымдағы төлемдер сомаларының есебі есепті салық кезеңінің 15 наурызынан кешіктірілмейтін мерзімде табыс етіледі.
Осы Кодекстің 484-4-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімнен кейін құқық алған жағдайда, салық төлеуші байланыс саласындағы уәкілетті орган жазып жіберген хабарламаны алған айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей ағымдағы төлемдер сомаларының есебін береді.
3. Декларация есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі.
88-тарау. Кеме жүзетін су жолдарын пайдаланғаны
үшін төлемақы
485-бап. Жалпы ережелер
1. Кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi төлемақы) Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланғаны үшiн алынады.
2. Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдалану құқығы көлiктiк бақылау мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган беретiн рұқсат құжатымен әрбiр күнтiзбелiк жылға берiледi.
3. Тиiстi рұқсат құжаты болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын нақты пайдалану төлемақы сомасын өндiрiп алу және бюджетке енгізу үшiн негiз болып табылады.
4. Көлiктiк бақылау мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган келесi айдың 15-нен кешiктiрмей ай сайын салық органдарына уәкiлеттi мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдалануға рұқсат құжатын алған тұлғалар бойынша мәлiметтер берiп отырады.
486-бап. Төлеушiлер
1. Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Мемлекеттік мекемелер төлемақы төлеушiлер болып табылмайды.
487-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақы ставкаларын Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлейдi.
13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 488-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
488-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланушылардан алынатын төлемақы мөлшерi рұқсат беру құжатында белгiленген, бiрақ бiр күнтiзбелiк ай үшiн төлемақы мөлшерiнен кем емес төлемақы ставкалары мен кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланудың нақты мерзiмi негiзге алына отырып анықталады.
2. Ай сайынғы төлемақы мөлшерi көлiктiк бақылау мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган ағымдағы жылға белгiлейтiн навигация кезеңiне жыл бойынша есептелген төлемақы сомасын бөлу жолымен анықталады.
3. Ағымдағы ай iшiнде бюджетке енгізуге жататын төлемақы сомасы келесi айдың 20-сынан кешiктiрiлмей төленедi.
4. Төлемақы төлеушiлер рұқсат құжатын алу кезiнде көлiктiк бақылау мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарын пайдаланудың бiрiншi айы үшiн бюджетке төлемақы сомасы енгiзiлгенiн растайтын құжатты табыс етедi.
5. Кеменiң бiр жолғы кiруi кезiнде шетелдiк жеке және заңды тұлғалар үшiн бюджетке төлемақы рұқсат құжатын алғанға дейiн айлық ставка мөлшерiнде енгiзiледi. Қазақстан Республикасының кеме жүзетiн су жолдарында шетелдiк тұлғалар бiр айдан астам болған кезде бюджетке төлемақы осы бапта белгiленген тәртiппен енгiзiледi.
6. Төлемақы сомалары бюджетке рұқсат беру құжатында көрсетiлген кеме жүзетiн су жолдарын пайдалану орны бойынша енгiзiлуге тиiс.
7. Төленген сомалар қайтарылуға тиiс емес.
89-тарау. Сыртқы (көрнекі) жарнамалар
орналастырғаны үшін төлемақы
489-бап. Жалпы ережелер
1. Сыртқы (көрнекi) жарнамалар орналастырғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi - төлемақы) жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде және Қазақстан Республикасы аумағындағы елдi мекендерде плакаттар, стендiлер, жарық түсiретiн табло, билбордтар, транспаранттар, афишалар түрiнде сыртқы (көрнекi) жарнамалар объектілерiн орналастыруға және басқа да тұрақты жарнамалар орналастыру объектiлерiне құқық үшiн алынады.
2. Сыртқы (көрнекi) жарнама объектiсiн (бұдан әрi - жарнама объектiсi) орналастыру:
1) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде жарнама объектiлерiн орналастыру кезiнде - Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен белгiлi бiр мерзiмге автомобиль жолдары мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган (бұдан әрi - жол органы) беретiн құжат негiзiнде;
2) елдi мекендерде жарнама объектiлерiн орналастыру кезiнде жергiлiктi атқарушы органдардың елдi мекендерде сыртқы (көрнекi) жарнама орналастыру тәртібі мен шарттары жөнiнде белгiлеген талаптарына сәйкес берiлетiн рұқсат негiзiнде жүргiзiледi.
Тиiстi құжаттарсыз жарнама объектiлерiн орналастыруға тыйым салынады.
3. Тиiстi рұқсат құжаттары болмаған кезде жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының жарнама объектiлерiне бөлiнген белдеуіндегі жер учаскелерiн нақты пайдалану және (немесе) оларды елдi мекендерде орналастыру төлемақы сомаларын бюджетке өндiрiп алу және енгізу үшiн негiз болып табылады.
4. Жол органдары және жергiлiктi атқарушы органдар ай сайын, айдың 15-iнен кешiктiрмей салық органдарына мемлекеттік уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша рұқсат беру құжатын алған тұлғалар жөнiнде мәлiмет бередi.
490-бап. Төлеушiлер
1. Жарнама объектiлерiн орналастырушы жеке және заңды тұлғалар (соның iшiнде жеке кәсiпкерлер) төлемақы төлеушiлер болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары олардың өз функцияларын iске асыруына байланысты орналастырылған сыртқы (көрнекi) жарнама объектiлерi бойынша төлемақы төлеушiлер болып табылмайды.
491-бап. Төлемақы ставкалары
Төлемақы ставкаларын жарнама объектiлерiнiң көлемiн негiзге ала отырып:
1) республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде орналастырылатын жарнама объектiлерi бойынша - Қазақстан Республикасының Yкіметі;
2) жергіліктi маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуiнде орналастырылатын және елдi мекендерде орналастырылатын жарнама объектiлерi бойынша - жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлейдi.
492-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Алынатын төлемақы мөлшерi рұқсат құжатында белгiленген, бiрақ бiр күнтiзбелiк ай үшiн төлемақы мөлшерiнен кем емес төлемақы ставкасы және жарнама объектiлерiн орналастырудың нақты мерзiмi негiзге алына отырып анықталады.
2. Бiр күнтiзбелiк ай үшiн бюджетке енгiзiлуге тиiстi төлемақы сомалары келесi айдың 20-сынан кешiктiрiлмей төленедi.
3. Төлемақы төлеушiлер рұқсат құжатын алу кезiнде жол органына немесе жергiлiктi атқарушы органдарға жарнаманы орналастырудың бiрiншi айы үшiн төлемақы сомасын бюджетке енгiзгендiгiн растайтын құжатты табыс етедi.
4. Төлемақы сомалары бюджетке сыртқы (көрнекi) жарнама объектiсiнiң орналасқан орны бойынша енгiзiлуге тиiс.
5. Төленген төлемақы сомалары қайтарылуға тиiс емес.
90-тарау. Мемлекеттік баж
§ 1. Мемлекеттік баж
493-бап. Жалпы ережелер
Мемлекеттік баж - уәкiлдiк берiлген мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың заңдық мәнi бар iс-қимылдар жасағаны үшiн және (немесе) құжаттарды бергенi үшiн алынатын мiндеттi төлем.
494-бап. Төлеушiлер
Заңдық мәнi бар iс-қимылдар жасау және (немесе) құжаттар беру жөнiнде мемлекет уәкiлдiк берген органдарға немесе лауазымды адамдарға өтiнiш жасайтын жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік баж төлеушілер болып табылады.
23.11.02 ж. 358-ІІ; 29.11.03 ж. № 500-II (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ; 2004.28.12 № 24-III ҚР Заңымен ҚР Заңдарымен 495-бап өзгертілді
495-бап. Баж алу объектiлерi
1. Мыналардан:
1) сотқа берілетін талап арыздардан, ерекше жүргізілетін істер бойынша арыздардан (шағымдардан), апелляциялық шағымдардан, атқару парағының дубликатын беру туралы мәселе бойынша сот ұйғарымына жеке шағымдардан, сот бұйрығын шығару туралы өтініштерден, сондай-ақ соттың аралық соттардың, шетел соттары мен арбитраждарының шешімдері бойынша орындау парағын, құжаттардың көшірмелерін (дубликаттарын) бергені үшін;
2) нотариаттық iс-қимылдар жасағаны үшiн, сондай-ақ нотариат куәландырған құжаттар көшiрмелерiн (дубликаттарын) бергенi үшiн;
3) азаматтық хал актілерін тiркегенi үшiн, сондай-ақ азаматтарға азаматтық хал актілерін тiркеу туралы куәлiктердi және азаматтық хал актілері жазбаларын өзгертуге, толықтыруға және қалпына келтiруге байланысты куәлiктердi қайтадан бергенi үшiн;
4) шетелге баруға және Қазақстан Республикасына басқа мемлекеттерден адамдарды шақыруға құқық беретiн құжаттарды ресiмдегенi үшiн, сондай-ақ осы құжаттарға өзгерістер енгiзгенi үшiн;
5) шетелдiктердiң паспорттарына немесе оларды ауыстыратын құжаттарына Қазақстан Республикасынан кету және Қазақстан Республикасына келу құқығына виза бергенi үшiн;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығын алу, Қазақстан Республикасының азаматтығын қалпына келтiру және Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату туралы құжаттарды ресiмдегенi үшін;
7) тұрғылықты жерiн тiркегенi үшiн;
8) аңшылық құқығына рұқсат бергенi үшiн;
8-1) сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген жануарлар мен бекiре балықтарының түрлерiн, сондай-ақ олардың бөлiктерi мен дериваттарын әкелуге және әкетуге рұқсат бергенi үшiн;
9) жеке басты куәландыратын құжаттарды бергені үшін;
10) қаруды және оның оқтарын сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға, Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге рұқсат бергенi үшiн;
11) жеке және заңды тұлғалар азаматтық, қызметтiк қарудың (аңшылық суық қаруды, белгi беретiн қаруды, ұңғысыз атыс қаруын, механикалық шашыратқыштарды, аэрозольдi және көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiретiн заттар толтырылған басқа құрылғыларды, ату қуаты 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрi қоса алғанда 4,5 миллиметрге дейiнгi пневматикалық қаруды қоспағанда) әрбiр бiрлiгiн тiркегенi және қайта тiркегенi үшiн;
12) Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартқа сәйкес Қазақстан Республикасында жасалған, ресми құжаттарға Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген мемлекеттік органдардың апостиль қойғаны үшін;
13) жүргізуші куәлігін, тракторшы-машинистiң куәлiгiн, механикалық көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті, мемлекеттік нөмір белгілерін бергені үшін мемлекеттік баж алынады.
2. Мемлекеттік баждың тiркелген проценттiк ставкалары, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының заң актiсiмен мемлекеттік баж төлеу күнiне белгiленген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерi негiзге алына отырып есептеледi.
23.11.02 ж. № 358-ІІ; 13.12.04 ж. № 11-III (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара) ; 2004.28.12 № 24-III ҚР Заңдарымен 496-бап өзгертілді
496-бап. Мемлекеттік баждың соттардағы ставкалары
1. Сотқа берiлетiн талап арыздардан, ерекше жүргiзiлетiн iстер бойынша арыздардан (шағымдардан), аппелляциялық шағымдардан, сот бұйрығын шығару туралы, аппелляциялық шағымға қосылу туралы өтініштерден, сондай-ақ соттың құжаттардың көшiрмелерiн (дубликаттарын) бергенi үшiн мынадай мөлшерде мемлекеттік баж алынады:
1) мүлiктiк сипаттағы талап арыздардан:
жеке тұлғалар үшiн - талап қою сомасының 1 процентi;
заңды тұлғалар үшiн - талап қою сомасының 3 процентi;
2) мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының жеке тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтiретiн заңсыз iс-әрекетiне шағымдардан - 30 процент;
3) мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының заңды тұлғалардың құқықтарына нұқсан келтiретiн заңсыз iс-әрекетiне шағымдардан - 500 процент;
4) салық тексеруi актілері бойынша хабарламаларға дауласу туралы талап арыздардан:
жеке кәсiпкерлер мен шаруа (фермер) қожалықтары үшiн - хабарламада көрсетiлген есептелген салық пен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер (өсiмпұлдарды қоса) сомасының 0,1 процентi;
заңды тұлғалар үшiн - хабарламада көрсетiлген есептелген салық пен бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер (өсiмпұлдарды қоса) сомасының 1 процентi;
5) некенi бұзу туралы талап арыздардан - 30 процент.
Неке бұзу кезiнде мүлiктi бөлген жағдайларда баж осы баптың 1) тармақшасына сәйкес талап қою бағасына қарай белгiленедi;
6) белгiленген тәртіппен хабар-ошарсыз кеттi деп немесе жүйке ауруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамдармен, не үш жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдармен неке бұзу кезiнде мүлiктi бөлу туралы талап арыздардан осы баптың 1) тармақшасына сәйкес;
7) тұрғын үй-жайларды жалға алу туралы шартты өзгерткенi немесе бұзғаны туралы, мұраға қабылдау мерзiмiн ұзарту туралы, тыйым салынған мүлiктi босату туралы талап арыздардан және мүлiктiк емес сипаттағы немесе бағалауға жатпайтын басқа да талап арыздардан - 50 процент;
8) ерекше жүргiзiлетiн iстер бойынша арыздардан (шағымдардан) - 50 процент;
8-1) аралық соттар шешiмдерiн, төрелiктiң шешiмдерiн жою туралы өтiнiштерден:
жеке тұлғалар үшiн - талап арыз сомасының 1 процентi;
заңды тұлғалар үшiн - талап арыз сомасының 3 процентi;
9) сот шешiмiне жасалған апелляциялық шағымдардан - мүлiктiк емес сипаттағы талап арызды берген кездегi алынатын мемлекеттік баж мөлшерiнен - 50 процент, ал мүлiктiк сипаттағы даулар бойынша - арыз берушi дауға салып отырған сома негiзге алына отырып есептелген мемлекеттік баж мөлшерiнен;
9-1) сот бұйрығын шығару туралы өтініштерден осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік баж ставкасының 50 проценті;
10) атқару парағының дубликатын беру туралы мәселе бойынша сот ұйғарымына жеке шағымдардан, сондай-ақ аралық соттардың, шетел соттары мен арбитраждарының шешімдері бойынша орындау парағын бергені үшін - 500 процент;