10) мемлекеттік органдарға көлік оқиғаларының, шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзудың алдын алу жөніндегі шаралар туралы ұсыныстар енгізу;
11) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.»;
2) 8-6-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігіндегі «уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдары» деген сөздер «азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарының азаматтық қорғау саласындағы бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерлері, әскери қызметшілері» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақта:
екінші, төртінші, бесінші және алтыншы бөліктер мынадай редакцияда жазылсын:
«Шағын көлемді кемені қарап тексеру нәтижелері бойынша азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының азаматтық қорғау саласында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын қызметкері, әскери қызметшісі шағын көлемді кеменің атауын (нөмірін) және тіркеу нөмірін, кеме иесін (кеме жүргізушіні), қарап тексеру күнін көрсете отырып, шағын көлемді кемені қарап тексеру актісін жасайды. Қазақстан Республикасының сауда мақсатында теңізде жүзу туралы заңнамасын бұзушылықтар анықталған жағдайда, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының азаматтық қорғау саласында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын қызметкері, әскери қызметшісі анықталған бұзушылықтардың тізбесін және оларды жою мерзімдерін көрсете отырып нұсқама шығарады. Кеме құжаттары болмаған кезде және жүзу қауіпсіздігіне, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төнген жағдайларда, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының азаматтық қорғау саласында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын қызметкері, әскери қызметшісі осы баптың 3-тармағында көзделген жедел ден қою шараларын қабылдайды.»;
«Шағын көлемді кемені қарап тексеруді жүргізген, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарының азаматтық қорғау саласында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерлері, әскери қызметшілері шағын көлемді кемені қарап тексеру актісіндегі, нұсқамадағы және қадағалау актісіндегі жазбалардың анықтығы үшін жауапты болады.
Шағын көлемді кемені қарап тексеру актісі және нұсқама уәкілетті орган бекітетін нысандар бойынша екі данада жасалады және оларға азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының азаматтық қорғау саласындағы бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын қызметкері, әскери қызметшісі және кеме жүргізуші қол қояды. Кеме жүргізуші шағын көлемді кемені қарап тексеру актісіне немесе нұсқамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бас тартудың мәлімделген уәждері көрсетіле отырып жазба жасалады.
Шағын көлемді кемені қарап тексеру актісінің және нұсқаманың бірінші данасы - кеме иесінде, екінші данасы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органында сақталады.»;
5-тармақтың бірінші бөлігіндегі «Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі» деген сөздер «Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органы» деген сөздермен ауыстырылсын;
10-тармақтың екінші бөлігіндегі «Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі» деген сөздер «Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органы» деген сөздермен ауыстырылсын;
14-тармақтың 3) тармақшасындағы «уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің» деген сөздер «азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарының» деген сөздермен ауыстырылсын.
28. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 5-баптың 4) тармақшасындағы «егемендігін,» деген сөз «Егемендігін, ұлттық» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 6-баптың 5) тармақшасындағы «Парламентіне» деген сөз «Құрылтайына» деген сөзбен ауыстырылсын;
3) 10-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы баптың бірінші бөлігінің 9), 10) және 11) тармақшаларында көзделген дипломаттық дәрежелер жоғары дипломаттық дәрежелер болып саналады.»;
4) 11-баптың 1-тармағының бірінші бөлігіндегі «Төтенше және өкілетті елшінің, І және ІІ сыныпты Төтенше және өкілетті уәкілдің дипломаттық дәрежелерін» деген сөздер «Жоғары дипломаттық дәрежелерді» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 15-баптың 7-тармағының 3-1) тармақшасында:
«Парламенті Палаталары аппараттарының», «Парламент Палаталарының» деген сөздер тиісінше «Құрылтайы Аппаратының», «Құрылтайдың» деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 19-баптың 1-тармағының 3) тармақшасындағы және 2-тармағының 5) тармақшасындағы «заң актілерінде» деген сөздер «заңдарында» деген сөзбен ауыстырылсын.
29. «Әділет органдары туралы» 2002 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 3-бапта:
2) тармақшадағы «Республиканың» деген сөз «Қазақстан Республикасының» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) тармақшадағы «облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана» деген сөздер «астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 6-бапта:
1-тармақта:
«Республика Премьер-Министрінің» деген сөздер «Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің» деген сөздермен ауыстырылсын;
«Республика Президенті» деген сөздер «Қазақстан Республикасының Президенті» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтағы «Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісімен консультациялардан» деген сөздер «Қазақстан Республикасының Құрылтайымен консультациядан» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 13-бапта:
1-тармақтағы «заң актілерінде» деген сөздер «заңдарында» деген сөзбен ауыстырылсын;
3-тармақтағы «шетелдіктер» деген сөз «шетел азаматтары» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 14-баптың 1-тармағында:
2) тармақшадағы «4-бабына» деген сөздер «5-бабына» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) тармақшадағы «заң актілерінде» деген сөздер «заңдарында» деген сөзбен ауыстырылсын;
5) 18-баптың 1) және 1-1) тармақшаларындағы, 23-1-баптың 1-тармағының екінші бөлігіндегі «облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана», «облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың» деген сөздер тиісінше «астана, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар», «астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың» деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 24-баптың 5) тармақшасындағы «56-бабында» деген сөздер «55-бабында» деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 30-баптың 3-тармағында:
«Мемлекеттік қызмет туралы» деген сөздер «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» деген сөздермен ауыстырылсын;
«заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерімен» деген сөздер «заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде» деген сөздермен ауыстырылсын.
30. «Саяси партиялар туралы» 2002 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) бүкіл мәтін бойынша «заң актілерінде», «заң актілеріне сәйкес», «заң актілеріне көзделген», «заңнамалық актілерінде» деген сөздер тиісінше «заңдарында», «заңдарына сәйкес», «заңдарында көзделген», «заңдарында» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 3-баптың 4-тармағындағы «Әркім» деген сөз «Әрбір азамат» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 4-баптың 4-тармағындағы «Парламент» деген сөз «Құрылтай» деген сөзбен ауыстырылсын;
4) 5-бапта:
5-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Саяси партияның жарғысында саяси партияның басшы органдарына тиісті партияның мүшелері болып табылмайтын Қазақстан Республикасының өзге азаматтарын сайлау тәртібі көзделуі мүмкін.»;
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«9. Мақсаты немесе әрекеті конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын, қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған саяси партия құруға және оның қызметіне тыйым салынады.»;
5) 8-бапта:
2-тармақтағы «шетелдіктердің» деген сөз «шетел азаматтарының» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты және өзге де сот төрағалары мен судьяларының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасы төрағалары мен мүшелерінің, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, құқық қорғау органы және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері мен жұмыскерлерінің, әскери қызметшілердің саяси партияда болуға, қандай да бір саяси партияға немесе қоғамдық-саяси қозғалысқа қолдау көрсетуге немесе сыни пікір білдіруге құқығы жоқ.
Құқық қорғау органы және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлерін, әскери қызметшілерді қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдар тағайындалған, сайланған, қызметке кірген күннен бастап он күн ішінде саяси партиялардан шығуға міндетті.»;
6) 9-баптың 1-тармағының 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«6) саяси партия мен оның құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) басшы және бақылау-тексеру органдарын сайлау тәртібі, аталған органдардың өкілеттік мерзімі мен құзыреті. Бұл тәртіп тиісті саяси партияның мүшелері болып табылмайтын Қазақстан Республикасының өзге азаматтарын басшы органдарға сайлауды көздеуі мүмкін;»;
7) 14-баптың 5-тармағында:
6) тармақшадағы «Парламенті Мәжілісі» деген сөздер «Құрылтайы» деген сөзбен ауыстырылсын;
7) тармақшадағы «мен азаматтар» деген сөздер «, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалар» деген сөздермен ауыстырылсын;
8) 15-баптың 1-тармағының 3) тармақшасында:
«Парламенті Мәжілісінің» деген сөздер «Құрылтайының» деген сөзбен ауыстырылсын;
30-тармағының 8) тармақшасының үшінші абзацы 2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
«аудан (облыстық маңызы бар қала),» деген сөздер алып тасталып, «әкіміне» деген сөз «әкімі болуға» деген сөздермен ауыстырылсын;
«; мәслихаттардағы өз өкілдері арқылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатуралар ұсынуға» деген сөздер алып тасталсын;
9) 15-1-бапта:
тақырыптағы «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі» деген сөздер «Қазақстан Республикасының Құрылтайы» деген сөздермен ауыстырылсын;
1-тармақта:
«Парламенті Мәжілісінің» деген сөздер «Құрылтайының» деген сөзбен ауыстырылсын;
орыс тіліндегі мәтінге түзету енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;
10) 16-бапта:
2-тармақтың 2) тармақшасындағы «Парламент Мәжілісінің» деген сөздер «Құрылтай» деген сөзбен ауыстырылсын;
30-тармағының 10) тармақшасының үшінші абзацы 2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
4-тармақтың 2) тармақшасындағы «аудан (облыстық маңызы бар қала),» деген сөздер алып тасталып, «әкіміне» деген сөз «әкімі болуға» деген сөздермен ауыстырылсын;
11) 18-баптың 2-тармағының 2) тармақшасындағы «шетелдіктерден» деген сөз «шетел азаматтарынан» деген сөздермен ауыстырылсын;
12) 18-1-баптың 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде» деген сөздер «Қазақстан Республикасының Құрылтайында» деген сөздермен ауыстырылсын.
31. «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-баптың 5) тармақшасында:
«құрылысын» деген сөз «құрылыс негіздерін» деген сөздермен ауыстырылсын;
«шетелдіктердің» деген сөз «шетел азаматтарының» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 3-баптың 3-тармағының 1) тармақшасындағы «құрылысы мен егемендігінің негіздерін» деген сөздер «құрылыс негіздерін және Егемендігін» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 3-1-бапта:
1-тармақтың үшінші бөлігіндегі «тәуелсіздігі мен» деген сөздер «Егемендігі мен Тәуелсіздігіне,» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтағы «(республикалық маңызы бар қаланың, астананың)» деген сөздер «(астананың, республикалық маңызы бар қаланың)» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 3-3-баптың 1-тармағындағы «(облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың)» деген сөздер «(астананың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың)» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 4-бапта:
1-тармақтағы «тәуелсіздігі мен» деген сөздер «Егемендігі мен Тәуелсіздігіне,» деген сөздермен ауыстырылсын;
2-тармақтың 1) тармақшасында:
«құрылысын» деген сөз «құрылыс негіздерін» деген сөздермен ауыстырылсын;
«ұлтаралық» деген сөз «этносаралық» деген сөзбен ауыстырылсын;
6) 5-баптың 1-тармағында:
«Парламенті палаталарының төрағаларымен ресми консультациялардан» деген сөздер «Құрылтайы Төрағасымен ресми консультациядан» деген сөздермен ауыстырылсын;
«Парламентіне» деген сөз «Құрылтайына» деген сөзбен ауыстырылсын;
7) 8-баптың 2-тармағының екінші бөлігіндегі «Парламентіне» деген сөз «Құрылтайына» деген сөзбен ауыстырылсын;
8) 10-баптағы «Парламентті және Парламент Мәжілісін» деген сөздер «Қазақстан Республикасының Құрылтайын» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) 23-баптағы «заң актілеріне» деген сөздер «заңдарына» деген сөзбен ауыстырылсын.
32. «Соғыс жағдайы туралы» 2003 жылғы 5 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) бүкіл мәтін бойынша «заңнамалық актілерінде», «заң актілеріне» және «заңнамалық актілеріне» деген сөздер тиісінше «заңдарында», «заңдарына» және «заңдарына» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) кіріспенің бірінші бөлігіндегі «шетелдіктердің» деген сөз «шетел азаматтарының» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 1-бапта:
1) тармақшадағы «егемендігіне» деген сөз «Тәуелсіздігіне, Егемендігіне» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) тармақшадағы «Республиканың» деген сөз «Қазақстан Республикасының» деген сөздермен ауыстырылсын;
7) тармақшадағы «Қазақстанның» деген сөз «Қазақстан Республикасының» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) тармақшадағы «облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың» деген сөздер «астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 4-баптың 6-тармағындағы «Парламентін» деген сөз «Құрылтайын» деген сөзбен ауыстырылсын;
5) 5-баптың 2-тармағындағы «39-бабының» деген сөздер «41-бабының» деген сөздермен ауыстырылсын;
6) 6-баптың 1-тармағының 1) тармақшасындағы «Республиканың» деген сөз «Қазақстан Республикасының» деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 9-баптың 1-тармағында:
3) тармақшадағы «облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың» деген сөздер «астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың» деген сөздермен ауыстырылсын;
9) тармақшадағы «Парламентіне» деген сөз «Құрылтайына» деген сөзбен ауыстырылсын;
8) 10-баптың 1-тармағының 6) тармақшасындағы «Парламентінің» деген сөз «Құрылтайының» деген сөзбен ауыстырылсын;
9) 10-1-бапта:
тақырыптағы, 1-тармақтың бірінші абзацындағы және 2) тармақшасындағы және 2-тармақтағы «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың», «облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың» деген сөздер тиісінше «Астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың», «астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың» деген сөздермен ауыстырылсын;
3-тармақтағы «Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың» деген сөздер «Астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың» деген сөздермен ауыстырылсын;
10) 15-баптағы «Республиканың» деген сөз «Қазақстан Республикасының» деген сөздермен ауыстырылсын.
33-тармақ 2026 ж. 23 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді
33. «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
43-баптың 3-тармағы бірінші бөлігінің 2-1) тармақшасындағы «оның міндетін атқарушы адам» деген сөздер «бірінші басшының активтерді қайтару жөніндегі жұмысқа жетекшілік ететін орынбасары» деген сөздермен ауыстырылсын.
34. «Автомобиль көлігі туралы» 2003 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
3-баптың екінші бөлігіндегі «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы заңнамалық актіде» деген сөздер «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңда» деген сөздермен ауыстырылсын.
35. «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-баптың 25) тармақшасындағы «уәкілетті органның тексеруі» деген сөздер «тексеру» деген сөзбен ауыстырылсын;
2) 7-баптың 3-тармағының төртінші бөлігі «уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері» деген сөздерден кейін «және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары» деген сөздермен толықтырылсын;
3) 7-1-бапта:
1-тармақтағы «(оның ішінде шағын көлемді кемелерді)» деген сөздер алып тасталсын;
3-тармақтағы «(оның ішінде шағын көлемді кемені)», «(оның ішінде шағын көлемді кемелердің)» деген сөздер алып тасталсын;
8 және 10-тармақтардағы «(шағын көлемді кемені)» деген сөздер алып тасталсын;
4) мынадай мазмұндағы 7-2-баппен толықтырылсын:
«7-2-бап. Жедел ден қою шаралары және оларды шағын көлемді кемелер үшін қолдану тәртібі
1. Егер бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметі шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалануға, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей қатер төндірсе, азаматтық қорғау саласында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының қызметкерлері, әскери қызметшілері жедел ден қою шараларын қолданады.
2. Жедел ден қою шаралары - осы бапта түрлері көзделген, бақылау және қадағалау субъектісіне бару арқылы қарап тексеруді (тексеруді), профилактикалық бақылауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оларды жүргізу нәтижелері бойынша қолданылатын бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) әсер ету тәсілдері.
3. Шағын көлемді кемені пайдалану қауіпсіздігіне, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төнген кезде шағын көлемді кемелердің қозғалысын (пайдаланылуын) тоқтата тұру және оған тыйым салу жедел ден қою шараларына жатады.
4. Осы Заңның 17-4-бабына сәйкес мемлекеттік бақылау нысанасы болып саналатын, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болады.
5. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын, талаптарды бұзушылықтар анықталған кезде уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша қадағалау актісін ресімдейді.
Қадағалау актісі Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 153-бабына сәйкес ресімделіп, бақылау және қадағалау субъектісіне табыс етіледі.
6. Қадағалау актісі қолма-қол табыс етілген кезде оны қабылдаудан бас тартылған жағдайда, оған тиісті жазба енгізіледі және қадағалау актісін қабылдаудан бас тарту фактісін тіркеп-белгілейтін бейнежазба жүргізіледі.
Қадағалау актісі бақылау және қадағалау субъектісінің заңды мекенжайына, тұрған жеріне немесе нақты мекенжайына оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар хатпен жіберіледі.
7. Қадағалау актісін алудан бас тарту оны орындамауға негіз болмайды.
8. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру барысында және (немесе) оның нәтижелері бойынша анықталған, жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын, талаптарды бұзушылықтар бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нәтижелері туралы актіде және (немесе) шағын көлемді кемені қарап тексеру актісінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетіледі.
9. Бақылау және қадағалау субъектісі жедел ден қою шарасын қолдануға негіз болатын, талаптарды анықталған бұзушылықтарды Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көрсетілген мерзімдерде жоюға міндетті.
10. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және (немесе) шағын көлемді кемені қарап тексеру нәтижелері бойынша талаптарды анықталған бұзылушылықтарды жою мерзімдері өткеннен кейін жедел ден қою шарасын қолдануға негіз болатын, талаптардың анықталған бұзушылықтарының жойылғанын бақылау бойынша жоспардан тыс тексеру (қарап тексеру) жүргізіледі.
Қадағалау актісінің қолданысы азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағының 2-1) тармақшасына сәйкес жоспардан тыс тексеру (қарап тексеру) нәтижелері туралы актінің негізінде жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын, талаптарды анықталған бұзушылықтардың жойылғанын растаған жағдайда тоқтатылады.
11. Жедел ден қою шараларын қолдануға негіз болатын, талаптардың анықталған бұзушылықтар жойылмаған жағдайда, жоспардан тыс тексеру (қарап тексеру) нәтижелері бойынша бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту жөніндегі шаралар қабылданады.
12. Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамада көзделген мерзімдер өткенге дейін бақылау және қадағалау субъектісі бұзушылықтың жойылу фактісін дәлелдейтін материалдарды (қажет болған кезде) қоса бере отырып, талаптарды анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат беруге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ақпарат берілген жағдайда, осы баптың 10-тармағының екінші бөлігіне сәйкес жоспардан тыс тексеру (қарап тексеру) жүргізіледі.
13. Бақылау және қадағалау субъектісі жедел ден қою шараларын қолдануға алып келген мемлекеттік бақылау нәтижелерімен келіспеген жағдайда, қадағалау актісін жарамсыз деп тану және оның күшін жою туралы шағым бере алады.
Шағым Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 29-тарауында көзделген тәртіппен жоғары тұрған мемлекеттік органға не Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа беріледі.
Шағым беру қадағалау актісінің орындалуын тоқтата тұрмайды.
14. Қадағалау актісін жарамсыз деп тануға және оның күшін жоюға мыналар негіз болады:
1) жедел ден қою шараларын қолдануға негіздің болмауы;
2) осы шараға сай келмейтін негіз бойынша жедел ден қою шарасын қолдану;
3) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органының өз құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша жедел ден қою шараларын қолдануы.
15. Жедел ден қою шараларын қолдану туралы ақпарат өз құзыреті шегінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органға Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы айқындаған тәртіппен жіберіледі.»;
5) 9-баптың 2-тармағында:
3) және 4) тармақшалардағы «(оның ішінде шағын көлемді кемелерді)», «(оның ішінде шағын көлемді кемелердің)» деген сөздер алып тасталсын;
13-1) тармақшадағы «, оның ішінде шағын көлемді кемелермен» деген сөздер алып тасталсын;
6) мынадай мазмұндағы 9-2-баппен толықтырылсын:
«9-2-бап. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарының құзыреті
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарының құзыретіне мыналар жатады:
1) шағын көлемді кемелердің қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету талаптарына сәйкестігі тұрғысынан оларды қарап тексеру;
2) қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келмейтін шағын көлемді кемелерді ұстау;
3) адамдардың қауіпсіздігіне, өмірі мен денсаулығына қатер төнген кезде шағын көлемді кемелердің қозғалысын тоқтата тұру және оған тыйым салу;
4) шағын көлемді кемелердің, жеке және заңды тұлғалардың ішкі су жолдары бойынша жүзу қағидаларын сақтауын бақылау және қадағалау;
5) шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі туралы заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар шығару;
6) уәкілетті органды шағын көлемді кемемен болған көлік оқиғасы туралы құлақтандыру, шағын көлемді кемелермен болған көлік оқиғаларын тергеп-тексеруді, сыныптауды және есепке алуды жүргізу үшін қажетті ақпарат пен дәлелдемелер жинау;
7) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.»;
7) 17-бапта:
3), 4) және 5) тармақшалардағы «(оның ішінде шағын көлемді кемелердің)», «(оның ішінде шағын көлемді кемелерді)» деген сөздер алып тасталсын;