келісім-шарт жасау кезінде шаруашылық қызметті жүзеге асырушы салық төлеушілерге - тіркелген активтер іске қосылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап;
жаңадан тіркелген салық төлеушілерге - тіркелген активтер іске қосылған кезден бастап беріледі.
Корпорациялық табыс салығы бойынша преференциялар салық төлеушіге жиынтық жылдық табыстан іске қосылған тіркелген активтердің құнын преференциялардың қолданылу мерзіміне қарай теңдей үлестермен шегерімге жатқызуға құқық береді.
Преференциялар беру тәртібі және жағдайлары Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарымен айқындалады.
3. Корпорациялық табыс салығы бойынша преференцияларды қолдану үшін салық төлеуші жаңадан іске қосылатын тіркелген активтер бойынша олардың құнын ішкі топтың құн балансына енгізбейді және олар бойынша бөлек есеп жүргізеді.
4. Мүлік салығы бойынша преференцияларды қолдану мерзімі біткеннен кейін салық төлеуші осы Кодекстің 351-360-баптарында белгіленген тәртіппен мүлік салығын және 323-344-бапттарында белгіленген тәртіппен жер салығын төлей бастайды.
5. Преференцияларды қолдану мерзімі тіркелген активтерге инвестициялардың көлеміне қарай әрбір жекелеген жағдайда айқындалады, бірақ ол осы баптың 2-тармағында аталған күннен бастап бес жылдан аспауға тиіс.
ҚР 08.01.03 ж. N 375-II Заңымен 140-бап жаңа редакцияда (бұрынғы ред. қара)
140-бап. Преференциялардың қолданылуын тоқтату
1. Преференциялардың қолданылуы осы Кодекстің 139-бабының 5-тармағын ескере отырып, келісім-шартта көрсетілген мерзімде тоқтатылады не мұндай мерзім біткенге дейін тоқтатылуы мүмкін.
Преференциялардың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтату тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңдарында белгіленген жағдайларда оны тараптардың әрқайсысы біржақты тәртіппен жүзеге асыруы мүмкін.
2. Преференциялардың қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салық төлеуші салықтарды төлейді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауапты болады.
6-бөлім. Жеке табыс салығы
23-тарау. Жалпы ережелер
141-бап. Төлеушiлер
Осы Кодекстiң 143-бабына сәйкес айқындалатын салық салу объектiлерi бар жеке тұлғалар жеке табыс салығын төлеушiлер (бөлiм бойынша бұдан әрi салық төлеушiлер) болып табылады.
142-бап. Резидент емес жеке тұлғаларға салық салу ерекшелiктерi
Резидент емес жеке тұлғалар осы Кодекстiң 187-192-баптарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, 141-174-баптарына сәйкес жеке табыс салығы бойынша салықты есептеп, төлейдi және жеке табыс салығы бойынша салық декларациясын табыс етедi.
143-бап. Салық салу объектiлерi
Осы Кодекстiң 144-бабында көрсетiлген табыстарды қоспағанда, жеке табыс салығы салынатын объектiлер мыналар:
1) төлем көзiнен салық салынатын табыстар;
2) төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 144-бап өзгертілді
144-бап. Салық салынуға жатпайтын табыстар
1. Жеке тұлғалар табыстарының мынадай түрлерiне салық салынуға тиiс емес:
1) еңбекақы төлеуге байланысты төлемдердi қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен төленетiн атаулы әлеуметтiк көмек, жәрдемақылар мен өтемдер;
2) балаларға және асырауындағы адамдарға алынған алименттер;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызметкерге еңбек мiндеттерiн орындау кезiнде мертiгуiне немесе денсаулығының өзге де зақымдануына байланысты келтiрiлген зиянның орнын толтыру (жоғалтқан жалақысы бөлiгiндегi орнын толтырудан басқа);
4) жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң лицензиясы бар банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы салымдары бойынша оларға төленетiн сыйақылар және борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
5) мемлекеттiк бағалы қағаздармен және агенттік облигациялармен жасалған операциялардан түскен табыстар;
6) әскери қызмет міндеттерін атқарған кезде әскери қызметшілерге, белгіленген тәртіппен арнайы атақ берілген, оны қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты алған ішкі істер органдарының және мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қызметкерлеріне берілетін төлемдердің барлық түрі;
7) лотерея бойынша 5 айлық есептiк көрсеткiш шегiндегi ұтыстар;
8) тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заң актiсiнде белгiленген ең төменгi жалақы мөлшерiнде мемлекеттiк бюджет және гранттар қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын қоғамдық жұмыстарды орындауға және кәсiби оқуларға байланысты төлемдер;
9) гранттар қаражаты есебiнен төленетiн төлемдер (еңбекақы түрiндегi төлемдерден басқа);
10) тұрақты жұмысы жолда өтетiн немесе жүрiп-тұру сипатында болатын не қызмет көрсететiн учаскелер шегiнде қызмет бабындағы сапарлармен байланысты жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде төленетiн төлемдер;
11) экологиялық апат немесе ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төленетiн төлемдер;
12) 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысушылардың және оларға теңестiрiлетiн адамдардың, I және II топтағы мүгедектердiң, сондай-ақ бала кезiнен мүгедек адамның ата-аналарының бiреуiнiң салық жылы iшiндегi айлық есептiк көрсеткiштiң 480 еселенген шегiндегi табыстары; III топтағы мүгедектердің бiр жыл iшiндегi - айлық есептiк көрсеткiштің 240 еселенген шегiндегi табысы;
13) өткізілер күні қор биржасының "А" және "В" ресми тізімінде тұратын акциялар мен облигацияларды өткiзу кезіндегі құн өсiмiнен алынатын табысы;
14) мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен төленетiн бiржолғы төлемдер (еңбекақы түрiндегi төлемдерден басқа);
15) салық жылы iшiнде медициналық қызмет көрсетулердiң (косметологиялық қызмет көрсетулерден басқа) ақысын төлеу үшiн, бала туған кезде, жерлеу үшiн берiлетiн, құжатпен расталған, айлық есептiк көрсеткiштің 50 еселенген шегiндегi төлемдер;
16) қызметтiк iссапарлар кезiнде осы Кодекстiң 93-бабында белгiленген мөлшерде төленетiн өтемдер;
17) қызметкер ұйымымен бiрге басқа жерге жұмысқа ауысқан не көшкен кездегi жол жүруi, мүлкiн көшiруi, үй-жай жалдауы бойынша құжатпен расталған шығындардың өтемдерi;
18) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын дипломатиялық немесе консулдық қызметкерлердiң ресми табыстары;
19) шет мемлекеттiң мемлекеттiк қызметiнде жүрген шетелдiк жеке тұлғалардың сол елде салық салынуға тиiс ресми табыстары;
20) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының шет елдердегi дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнде қызметте жүрген жеке тұлғалардың мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен шетелдiк валютамен төленетiн ресми табыстары;
21) Зейнетақы төлеу жөнiндегi мемлекеттiк орталықтан берiлетiн зейнетақы төлемдерi;
22) ерiктi зейнетақы жарналарының есебiнен жүзеге асырылатын зейнетақы және сақтандыру төлемдерi;
23) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде дала жағдайында геологиялық-барлау, топографиялық-геодезиялық және iздестiру жұмыстарымен шұғылданатын қызметкерлердiң далалық жабдықталым ақшасы;
24) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде республикалық бюджет қаражаты есебiнен төленетiн тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақылар (мемлекеттiң сыйлықақылары);
25) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыс берушiнiң қызметкерлердi өздерiнің өндiрiстiк қызметiне байланысты мамандық бойынша оқытуға және бiлiктiлiгiн арттыруға бағытталған шығыстары;
26) жұмыс берушінің вахталық әдiспен жұмыс iстейтiн адамдарға өндiрiс объектiсiнде болу кезеңiнде жұмыстарды орындауы мен ауысымаралық демалысы үшiн жағдай жасай отырып, олардың тұрмыс-тiршiлiгiн қамтамасыз ету үшiн тұрғын үй жалдауына және осы Кодекстiң 93-бабына сәйкес белгiленген тәулiкақы шегiнде тамақтануға арналған шығыстары; қызметкерлердi жұмыс орнына дейiн және керi қарай жеткiзуге байланысты шығыстар;
27) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде, жүктi болғанда және босанғанда берiлетiн әлеуметтiк жәрдемақылар, сондай-ақ ұл бала немесе қыз бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) берiлетiн әлеуметтiк жәрдемақылар;
28) бiлiм беру ұйымдарында оқитындарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мемлекеттiк стипендияларға арналған мөлшерде төленетiн стипендиялар;
29) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген нормалар бойынша берiлген арнаулы киiмнiң, арнаулы аяқкиiмнiң, басқа да жеке қорғану және алғашқы медициналық көмек құралдарының, сабынның, зарарсыздандыру құралдарының, сүт немесе құндылығы соған тең басқа да емдеу-профилактикаға арналған азық-түлiк өнiмдерiнiң құны;
30) өздерінің қызметін жүзеге асыру мақсатында жеке кәсіпкер, жеке нотариус, адвокат алған мүлікті қоспағанда, жеке тұлға басқа жеке тұлғадан сыйға немесе мұраға алған мүліктің құны;
31) iзгiлiк, қайырымдылық көмек түрiнде алынған мүлiктiң құны;
31-1) он алты жасқа толмаған балалар үшін балалар лагеріне жолдамалардың құны;
32) еңбек (қызметтiк) мiндеттерiн орындау кезiнде қызметкердiң өмiрiне және денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнің жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерi;
33) осы Кодекстiң 161-бабында көзделген табыстарды қоспағанда, шарттың қолданылу кезеңiндегi сақтандырудың кез келген түрi кезiнде төленетiн, сақтандыру оқиғасына байланысты сақтандыру төлемдерiнiң сомалары;
34) өз қызметкерлерiн мiндеттi сақтандыру шарттары бойынша жұмыс берушi төлейтiн сақтандыру сыйлықақыларының сомалары;
35) төлем көзiнен салық ұсталғандығын растайтын құжаттар болған жағдайда, бұрын төлем көзiнен салық салынған дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар сомалары;
36) материалдық нұқсанның орнын толтырудың сот шешiмi бойынша тағайындалған сомалары;
37) жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша жасасқан сақтандыру сыйлықақыларын (аннуитет) төлеу үшiн өмiрдi сақтандыру жөнiнде сақтандыру ұйымдарына жiберген зейнетақы жинағының сомалары.
2. Осы Кодекстің 149-бабында көрсетiлген табыстарды қоспағанда, осы баптың 1-тармағының 12) тармақшасында көрсетiлген жеңiлдiктердi алу үшiн салық төлеушiлер тiркеу есебiндегi орны бойынша салық органына жеке табыс салығы бойынша декларация тапсыруы қажет.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 145-бап өзгертілді
145-бап. Салық ставкалары
1. Осы баптың 1-1, 2 және 3-тармақтарында көрсетiлген табыстарды қоспағанда, салық төлеушiнiң салық жылы iшiндегi салық салынатын табыстарына мынадай ставкалар бойынша салық салынуға тиiс:
15 еселенген жылдық есептiк көрсеткiшке дейiн | салық салынатын кiрiс сомасынан 5 процент |
15 еселенген жылдық есептiк көрсеткiштен 40 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін | 15 еселенген жылдық есептiк көрсеткiштен салық сомасы + одан асатын сомадан 10 процент |
40 еселенген жылдық есептiк көрсеткiштен 600 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін | 40 еселенген жылдық есептiк көрсеткiштен салық сомасы + одан асатын сомадан 20 процент |
600 еселенген және одан жоғары | 600 еселенген жылдық есептiк көрсеткiштен салық сомасы + одан асатын сомадан 30 процент |
1-1. Қызметкерлердің Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына
арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген, жылына ең
төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен аспайтын жалақысының төлем
көздерінен салық салынатын кірістеріне, қызметкерлердің тоқсан ішіндегі
орташа айлық кірісі ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын жағдайда "0"
ставкасы бойынша салық салынуға тиіс.
2. Дивидендтер, сыйақылар (жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша
сыйақыларды қоспағанда) мен ұтыстар түріндегі табыстарға 15 проценттік
ставка бойынша салық салынады.
3. Адвокаттардың және нотариустардың табыстарына 10 проценттік
ставка бойынша салық салынады.
24-тарау. Төлем көзінен салық салынатын табыстар
146-бап. Салық төлеушінің төлем көзінен салық салынатын табыстары
Салық төлеушінің төлем көзінен салық салынатын табыстарына:
1) қызметкердің табысы;
2) бiржолғы төлемдерден алынған табыс;
3) жинақтаушы зейнетақы қорларынан берiлетiн зейнетақы төлемдерi;
4) дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түрiндегi табыс;
5) стипендиялар;
6) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табысы жатады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 147-бап өзгертілді
147-бап. Салықты есептеу және төлеу
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, салық агенттерi жеке табыс салығын есептеу мен ұстап қалуды төлем көзiнен салық салынатын табыс төленетiн күннен кешiктiрмей жүргізедi.
2. Салық агенттері, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, төленген кірістер бойынша салықты аударуды төлем төленетін айдан кейінгі айдың 5-іне дейін өзінің орналасқан жерi бойынша жүзеге асырады.
2-1. Салық агенттері тиісті бюджеттерге құрылымдық бөлімшелер бойынша салық төлеуді Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
3. Осы Кодекстiң 378-бабының 1-тармағында және 385-бабының 1-тармағында көрсетiлген қызмет түрлерi бойынша арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық агенттерiнiң жеке табыс салығын төлеу тәртiбi мен мерзiмдерi осы Кодекстiң 383 және 390-баптарында белгiленген.
4. Депозитарлық қолхат бойынша кірістер төлеу көзі осындай депозитарлық қолхаттың базалық активінің эмитенті болып табылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 148-бап өзгертілді
148-бап. Жеке табыс салығы бойынша есеп-қисап
1. Салық агенттері жеке табыс салығы бойынша есеп-қисапты салық органына салық төленетін жер бойынша есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-нен кешіктірмей табыс етеді.
Жеке табыс салығы бойынша есеп-қисапқа қосымшада, осы Кодекстің 144-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген кірістерді қоспағанда, жеке тұлғаның төленген кірістері туралы мәліметтер көрсетіледі.
2. Осы Кодекстiң 378-бабының 1-тармағында және 385-бабының 1-тармағында көрсетiлген қызмет түрлерi бойынша арнаулы салық режимдерiн қолданатын салық агенттерi жеке табыс салығы бойынша есеп-қисапты осы Кодекстiң 384 және 390-баптарына сәйкес табыс етедi.
§ 1. Қызметкердiң төлем көзiнен салық салынатын табысы
149-бап. Қызметкердiң төлем көзiнен салық салынатын табысы
1. Қызметкердің жұмыс берушi есептеген, осы Кодекстiң 152-бабында көзделген салық шегерiмдерi сомасына азайтылған табыстары төлем көзiнен салық салынатын табысы болып табылады.
2. Жұмыс берушi материалдық, әлеуметтiк игiлiктер немесе өзге де материалдық пайда түрiнде берген табыстарды қоса алғанда, жұмыс берушi төлейтiн ақшалай немесе заттай нысандағы кез келген табыстар қызметкердiң табыстарына жатады.
150-бап. Қызметкердiң заттай нысандағы табысы
1. Қызметкердiң заттай нысанда алған табысына:
1) заттай нысандағы еңбекақы;
2) қызметкер алған тауарлар, қызметкердің мүддесiн көздеп орындалған жұмыстар, қызметкерге өтеусiз негiзде көрсетiлген қызметтер;
3) қызметкердiң үшiншi тұлғалардан алған тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) құнын жұмыс берушiнiң төлеуi кiредi.
2. Қосылған құн салығы мен акциздердiң тиiстi сомасын қоса алғанда, заттай нысандағы тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердiң) құны қызметкердің осындай нысандағы табысы болып табылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 151-бап өзгертілді
151-бап. Қызметкердiң материалдық пайда түрiндегi табысы
Қызметкердің материалдық пайда түрiнде алған табысы мыналарды да қамтиды:
1) қызметкерге сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) құны мен осы тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) сатып алу бағасы немесе олардың өзiндiк құны арасындағы терiс айырма;
2) жұмыс берушiнiң шешiмi бойынша қызметкердiң оның алдындағы қарызының немесе мiндеттемесiнiң сомасын есептен шығару;
3) жұмыс берушiнің өз қызметкерлерiнің сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын төлеуге жұмсаған шығыстары;
4) жұмыс берушiнің қызметкердің өз қызметiне байланысты емес шығындарының орнын толтыруға жұмсаған шығыстары.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 152-бап өзгертілді
152-бап. Салық шегерiмдерi
1. Қызметкердiң төлем көзiнен салық салынатын табысын анықтау кезiнде салық жылы iшiндегi әрбiр ай үшiн шегерiмге мыналар жатқызылады:
1) Қазақстан Республикасының заң актiсiнде табысты есептеудiң тиiстi айға белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi сома;
2) асырауындағы адам пайда болған айдан бастап қызметкердiң асырауындағы отбасының әрбiр мүшесiне айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiндегi сома. Аталған шегерiмдер бiр салық төлеушiнiң табысына - отбасы мүшесiне қолданылады.
Бiрге тұратын және ортақ шаруашылық жүргiзетiн ерлi-зайыптылар, балалары мен ата-анасы (оның iшiнде уақытша болмағандар) отбасы деп танылады.
Асырауындағы адам, салық төлеушiнiң табысы есебiнен өмiр сүретiн және айына бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен асатын жеке табыс көзi жоқ, салық төлеушiнің отбасы мүшесi;
3) жинақтаушы зейнетақы қорларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде төленетiн мiндеттi зейнетақы жарналары.
4) Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген сомасынан аспайтын мөлшерде өз пайдасына енгізген ерікті зейнетақы жарналары.
2. Салық төлеушiге осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларына сәйкес шегерiм жасау құқығы өзi берген өтiнiштің және салық төлеушi табыс еткен растаушы құжаттардың (асырауындағыларға) негiзiнде жұмыс берушiлердің бiрiнен алатын табыстары бойынша берiледi.
153-бап. Салықты есептеу және ұстап қалу
1. Қызметкердiң табысы бойынша жеке табыс салығының сомасы қызметкердiң салық жылы iшiнде төлем көзiнен салық салынатын табысына осы Кодекстiң 145-бабының 1-тармағында белгіленген ставкаларды қолдану жолымен есептеледi.
2. Жеке табыс салығын есептеу және ұстап қалу уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен ұлғаю нәтижесiмен ай сайын жүргiзiледi.
3. Салық жылы аяқталғанға дейiн қызметкердi жұмыстан шығару кезiнде салық агентi нақты жұмыс iстелген кезең үшiн алынған табысты негiзге ала отырып, жеке табыс салығын қайта есептеудi жүргiзуге және қызметкерге алынған табыс пен төленген салық туралы есеп-қисап беруге мiндеттi.
Жұмыс орнын өзгерткен кезде жеке тұлға жаңа жұмыс орны бойынша салық агентiне жұмыс iстеген кезеңде алған табысы мен төленген салық туралы бұрынғы жұмыс орнынан есеп-қисап беруге тиiс.
§ 2. Төлем көзiнен салық салынатын бiржолғы төлемдерден
түскен табыс
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 154-бап жаңа редакцияда
154-бап. Бiржолғы төлемдерден түскен табыс
Бiржолғы төлемдерден түскен табысқа, өздерінің қызметіне байланысты жеке кәсіпкердің, жеке нотариус пен адвокаттың кіріс бойынша төлемдерін қоспағанда, салық төлеушiлердiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық агенттерімен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табысы, сондай-ақ жеке тұлғалар төлейтiн басқа да бiржолғы төлемдер жатады.
155-бап. Салық сомасын есептеу
Жеке табыс салығының сомасы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшерде және жағдайларда жинақтаушы зейнетақы қорларына аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары сомасына азайтылған төлем көзiнен салық салынатын бiржолғы төлемдерден түскен табысқа 145-баптың 1-тармағында белгiленген ставкаларды қолдану жолымен есептеледi.
§ 3. Төлем көзiнен салық салынатын жинақтаушы зейнетақы
қорларынан төленетiн зейнетақы төлемдерi
156-бап. Төлем көзiнен салық салынатын зейнетақы төлемдерi
Төлем көзiнен салық салынатын зейнетақы төлемдерiне салық төлеушiлердiң зейнетақы жинақтарынан жинақтаушы зейнетақы қорлары жүзеге асыратын, табыс есептеудiң тиiстi айына Қазақстан Республикасының заң актiсiмен белгiленген айлық есептiк көрсеткiш сомасына азайтылған төлемдер жатады.
157-бап. Салық сомасын есептеу
Жеке табыс салығының сомасы осы Кодекстiң 153-бабына сәйкес белгiленген тәртiппен есептеледi.
§ 4. Төлем көзiнен салық салынатын дивидендтер, сыйақылар,
ұтыстар түрiндегi табыс
158-бап. Салық сомасын есептеу
Жеке табыс салығының сомасы жеке тұлғаларға төленетiн дивидендтер, сыйақылар мен ұтыстар түрiндегi табыстарға 145-баптың 2-тармағында белгiленген ставканы қолдану жолымен есептеледi және осы Кодекстің 131-134-баптарына сәйкес ұсталады.
§ 5. Стипендиялар
159-бап. Стипендиялар
Осы Кодекстiң 144-бабының 28) тармақшасында көзделген сомаларды қоспағанда, бiлiм беру ұйымдарында оқып жүргендерге төлеуге арналған ақша сомасы, сондай-ақ мәдениет, ғылым қайраткерлерiне, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерiне және басқа жеке тұлғаларға төлеуге арналған ақша сомасы табыс көзiнен салық салынатын стипендия болып табылады.
160-бап. Салық сомасын есептеу
Жеке табыс салығының сомасы осы Кодекстiң 145-бабының 1-тармағында белгiленген ставкаларды төленетiн стипендия сомасына қолдану жолымен есептеледi.
§ 6. Төлем көзiнен салық салынатын, жинақтаушы сақтандыру
шарттары бойынша табыс
Қазақ тілінің өзгешіліктеріне байланысты орыс тіліндегі мәтін мемлекеттік тілдегі мәтіннен айрықша (орысша мәтінді қара)
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 161-бап өзгертілді
161-бап. Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс
1. Сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын сақтандыру төлемдерi, олар бойынша:
жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтары есебiнен төленген сақтандыру сыйлықақылары жеке тұлғаның жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табысы болып табылады.
2. Жеке тұлғалардың жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табысына сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын сақтандыру төлемдерi сомасының сақтандыру сыйлықақыларының сомасынан асып кеткен сомасы да жатады.
162-бап. Салық сомасын есептеу
Жеке табыс салығының сомасы осы Кодекстiң 145-бабының 1-тармағында белгiленген ставкаларды жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша төленетiн табыс сомасына қолдану жолымен есептеледi.
25-тарау. Төлем көзінен салық салынбайтын
табыстар
163-бап. Төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар
Салық төлеушiнiң төлем көзiнен салық салынбайтын табыстарына, табыстардың мынадай түрлерi:
1) мүлiктiк табыс;
2) жеке кәсiпкердiң салық салынатын табысы;
3) адвокаттар мен жеке нотариустардың табысы;
4) осы Кодекстің 170-бабына сәйкес белгiленетiн өзге де табыстар жатады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 164-бап өзгертілді
164-бап. Төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар бойынша жеке табыс салығын есептеу
1. Осы Кодекстiң 168-бабына сәйкес есептелетiн адвокаттар мен жеке нотариустардың табыстарын қоспағанда, төлем көзiнен салық салынбайтын табыстар бойынша жеке табыс салығын есептеудi салық төлеушi 152-бапқа сәйкес белгiленген салықтық шегерiмдер сомасына азайтылған, төлем көзiнен салық салынбайтын табыс сомасына 145-баптың 1-тармағында белгiленген ставкаларды қолдану жолымен дербес жүргiзедi.
2. Салық төлеушiде төлем көзiнен салық салынбайтын табыстардың бiрнеше түрi болған кезде, адвокаттар мен жеке нотариустардың табыстарын қоспағанда, салық төлеушi жеке табыс салығын есептеудi осы Кодекстiң 145-бабының 1-тармағында белгiленген ставкаларды төлем көзiнен салық салынбайтын барлық табыс түрлерiнің сомасына қолдану жолымен дербес жүргiзедi.
3. Мынадай резидент жеке тұлғалар:
1) арнайы салық режимдерін қолданатындарды қоспағанда, жеке кәсіпкерлер;
2) резидент болып табылатын және табысты Қазақстан Республикасындағы төлем көзінен жеке табыс салығы салынбайтын қызметті жүзеге асырудан алатын шет мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар жеке табыс салығын аванстық төлемдерді енгізу арқылы төлейді.