Жеке табыс салығы бойынша аванстық төлемдерді есептеу және төлеу, сондай-ақ салық есептерін беру салық жылы ішінде осы Кодекстің 126 және 127-баптарына сәйкес жүргізіледі.
165-бап. Салық төлеу мерзiмдерi
1. Салық төлеушi осы Кодексте белгiленген жағдайларда енгiзiлген аванстық төлемдердi есептей отырып, салық жылының қорытындысы бойынша жеке табыс салығын төлеудi жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей дербес жүзеге асырады.
2. Арнаулы салық режимдерiн қолданатын жеке кәсiпкерлер осы Кодекстiң 163-бабының 2) тармақшасында көрсетiлген табыс бойынша жеке табыс салығын 368-384, 391-397-баптарда белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде төлейдi.
§ 1. Мүлiктiк табыс
166-бап. Мүлiктiк табыс
1. Салық төлеушiлердің мүлiктiк табысына:
1) кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылмайтын:
а) бiр жылдан аз уақыт меншiк құқығында болған жылжымайтын мүлiктi;
б) бағалы қағаздарды, сондай-ақ заңды тұлғадағы қатысу үлесiн;
в) қымбат бағалы тастар мен қымбат бағалы металдарды, олардан жасалған зергерлiк бұйымдарды және құрамында қымбат бағалы тастар мен қымбат бағалы металдар бар басқа да заттарды, сондай-ақ өнер туындылары мен антиквариаттарды сату кезiндегi олардың құнының өсiмi;
2) осы Кодекстiң 154, 155-баптарына сәйкес төлем көзiнен салық салынатын табысты қоспағанда, мүлiктi жалға беруден алынған табыс жатады.
2. Мүлiктi сату құны мен бағалау құны арасындағы, бiрақ оны сатып алу құнынан кем болмайтын оң айырма, мүлiктi сату кезiндегi құн өсiмiнен алынған, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген табыс болып табылады.
3. Бағалы қағаздарды сату кезiндегi құнның өсiмi осы Кодекстің 82-бабының 4-тармағына сәйкес белгiленедi.
§ 2. Адвокаттар мен жеке нотариустардың табысы
167-бап. Адвокаттар мен жеке нотариустардың табысы
Заң көмегiн, нотариаттық iс-әрекеттер ақысын қоса алғанда, адвокаттық және нотариаттық қызметтi жүзеге асырудан түскен табыстардың барлық түрлерi, сондай-ақ қорғау мен өкiлдiкке байланысты шығыстардың орнын толтырудан алынған сомалар адвокаттар мен жеке нотариустардың табысы болып табылады.
168-бап. Салықты есептеу және төлеу
1. Адвокаттар мен жеке нотариустардың табыстары бойынша жеке табыс салығының сомасы осы Кодекстiң 145-бабының 3-тармағында белгiленген ставканы алынған табыс сомасына қолдану жолымен ай сайын есептеледi.
2. Есептi ай үшiн жеке табыс салығының сомасы есептi айдан кейiнгi айдың 5-iнен кешiктiрiлмей төленуге тиiс.
§ 3. Жеке кәсiпкердің салық салынатын табысы
169-бап. Жеке кәсiпкердiң салық салынатын табысы
Жеке кәсiпкердiң салық салынатын табысы осы Кодекстiң 79-124-баптарына сәйкес есептеледi.
§ 4. Басқа табыстар
170-бап. Төлем көзiнен салық салынбайтын басқа табыстар
Төлем көзiнен салық салынбайтын басқа табыстарға, осы Кодекстiң 149-162-баптарында көрсетiлмеген, оның iшiнде Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерден алынған табыстар жатады.
26-тарау. Жеке табыс салығы бойынша декларация
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 171-бап жаңа редакцияда
171-бап. Жеке табыс салығы бойынша декларация
1. Жеке табыс салығы бойынша декларацияны мына резидент салық төлеушiлер:
1) төлем көзiнен салық салынбайтын табыстары барлар;
2) тұрғын үй салу мен осындай құрылыс үшiн құрылыс материалдарын сатып алуды қоспағанда, салық жылында 2000 айлық есептiк көрсеткiштен жоғары сомаға бiржолғы iрi сатып алуды iске асырғандар;
3) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерден табыстар алатын жеке тұлғалар;
4) Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлердегi шетел банктеріндегi шоттарда ақшасы бар жеке тұлғалар;
5) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң актілеріне сәйкес декларация беру жөнінде міндеттеме жүктелген адамдар;
6) Қазақстан Республикасы Парламентiнің депутаттары, судьялар табыс етеді.
2. Осы баптың 1-тармағы 5) тармақшасының ережелері жеке тұлғаларға осы Кодекстің 144-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген кіріс бойынша қолданылмайды.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 172-бап өзгертілді
172-бап. Жеке табыс салығы бойынша декларация табыс ету
мерзiмдерi
1. Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке табыс салығы бойынша декларация есепке тiркелген орны бойынша салық органына салық жылынан кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрiлмей табыс етiледi.
2. Арнаулы салық режимiн қолданатын жеке кәсiпкерлер арнаулы салық режимi қолданылатын қызметiнен түскен табыстарынан жеке табыс салығы бойынша декларация табыс етпейдi.
173-бап. Шет ел салығын есепке жатқызу
Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде төленген жеке табыс салығының сомалары осы Кодекстiң 129-бабының 2 және 3-тармақтарында белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасында салық төлеу кезiнде есепке жатқызылады.
174-бап. Салық төлемiнің расталмауы
171-баптың 2), 3), 5) және 6) тармақшаларына сәйкес жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырушы салық төлеушiлер жеке табыс салығын төлегенiн растамаған жағдайларда, жеке табыс салығын есептеу жеке табыс салығы төленгенi расталмаған табыс сомасына осы Кодекстiң 145-бабының 1-тармағында белгiленген ставкаларды қолдану жолымен жүргiзiледi.
7-бөлім. Резидент еместердің табысына
салық салу ерекшеліктері
27-тарау. Жалпы ережелер
175-бап. Жалпы ереже
Осы бөлiм резидент емес жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасындағы көздерден алынатын табыстарына корпорациялық және жеке табыс салығын салу ерекшелiктерiн ашады.
176-бап. Резиденттер мен резидент еместер
1. Қазақстан Республикасында тұрақты болатын немесе өмiрлiк мүдделерiнің орталығы Қазақстан Республикасында орныққан немесе осы баптың 4-тармағында аталған жеке тұлғалар осы Кодекстің мақсатында Қазақстан Республикасының резиденттерi деп танылады.
2. Жеке тұлға ағымдағы салық кезеңiнде аяқталатын кез келген үздiксiз он екi айлық кезеңде кемiнде бiр жүз сексен үш күнтiзбелiк күн Қазақстан Республикасында болса, ол ағымдағы салық кезеңi үшiн Қазақстан Республикасында тұрақты болатын жеке тұлға деп танылады.
Егер ағымдағы салық кезеңiнде және өткен екi салық кезеңiнде Қазақстан Республикасында болған күндердiң санына мынадай:
ағымдағы салық кезеңiнде болған күндердiң санына - 1;
өткен бiрiншi салық кезеңiнде болған күндердiң санына - 1/3;
өткен екiншi салық кезеңiнде болған күндердiң санына - 1/6 коэффициенттерiн әрбiр салық кезеңiне қолдана отырып анықталған күндердiң саны кемiнде бiр жүз сексен үш күнтiзбелiк күн болған жеке тұлға да ағымдағы салық кезеңi үшiн Қазақстан Республикасында тұрақты болатын жеке тұлға деп танылады.
Егер жеке тұлға ағымдағы салық кезеңiнде Қазақстан Республикасында отыз күнтiзбелiк күннен аз тұрған болса, онда мұндай жеке тұлға Қазақстан Республикасында тұрақты болатын адам деп танылмайды.
Егер жеке тұлға Қазақстан Республикасында болуы аяқталатын жылдан кейiнгi жылда резидент болмаса, ол тұлға Қазақстан Республикасында болатын соңғы күнiнен кейiнгi кезең үшiн осы тармақтың мақсатында резидент емес ретiнде қаралады.
3. Мынадай шарттар бiр мезгiлде орындалған жағдайда:
1) жеке тұлға Қазақстан Республикасының азаматы болса немесе оның Қазақстан Республикасында тұруға рұқсаты (ықтиярхаты) болса;
2) жеке тұлғаның отбасы және (немесе) жақын туыстары Қазақстан Республикасында тұрса;
3) кез келген уақытта жеке тұлғаның тұруы және (немесе) оның отбасы мүшелерiнiң тұруы үшiн оған және (немесе) оның отбасы мүшелерiне жеке меншiк құқығындағы немесе өзге де негiздерде тиесiлi жылжымайтын мүлкi Қазақстан Республикасында бар болса, жеке тұлғаның өмiрлiк мүдделерiнiң орталығы Қазақстан Республикасында орныққан деп қарастырылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жеке тұлғалар, Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтiнiш немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдамай, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат ету туралы өтiнiш берген мынадай жеке тұлғалар:
мемлекеттiк билiк органдары шет елге iссапарға жiбергендер, оның iшiнде дипломатиялық, консулдық мекемелердiң, халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi, сондай-ақ аталған жеке тұлғалардың отбасы мүшелерi;
тұрақты халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына немесе азаматтарына тиесiлi көлiк құралдарының экипаж мүшелерi;
Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде орналасқан әскери базалардың, әскери бөлiмдердiң, топтардың, контингенттердiң немесе құрамалардың әскери қызметшiлерi мен азаматтық қызметкерлерi;
Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде орналасқан және Қазақстан Республикасының меншiгi немесе Қазақстан Республикасының субъектiлерi болып табылатын объектiлерде (оның iшiнде концессиялық шарттар негiзiнде) жұмыс iстейтiндер;
оқу немесе практикадан өту мақсатымен Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде жүрген студенттер, стажерлар мен практиканттар оқу немесе практикадан өтудiң бүкiл кезеңiнде;
сабақ беру, консультациялар беру немесе ғылыми жұмыстарды жүзеге асыру мақсатымен Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде жүрген оқытушылар мен ғылыми қызметкерлер сабақ берудiң немесе аталған жұмыстарды орындаудың бүкiл кезеңiнде Қазақстан Республикасында тұрған уақытына және осы бапта көзделген басқа да өлшемдерге қарамастан резидент жеке тұлғалар деп танылады.
5. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлғалар және (немесе) өздерiнiң тиiмдi басқару орны (нақты басқару органдары) Қазақстан Республикасында орналасқан өзге заңды тұлғалар да осы Кодекстiң мақсатында резиденттер деп танылады.
Негiзгi басқаруды жүзеге асыратын және заңды тұлғаның кәсiпкерлiк қызметiн жүргiзу үшiн қажет стратегиялық коммерциялық шешiмдердi қабылдайтын орын тиiмдi басқару орны (нақты басқару органы) деп танылады.
6. Осы баптың ережелерiне сәйкес резидент болып табылмайтын жеке және заңды тұлғалар осы Кодекстiң мақсатында резидент еместер деп танылады.
177-бап. Резидент еместiң тұрақты мекемесi
1. Кәсiпкерлiк қызметтi, оның iшiнде уәкiлеттi тұлға арқылы жүзеге асырылатын қызметтi толық немесе iшiнара жүзеге асыратын тұрақты қызмет орны, атап айтқанда:
1) қызметтi жүзеге асыру мерзiмдерiне қарамастан, тауарларды өндiрумен, ұқсатумен, жинақтаумен, орап-буумен, берумен, өткiзумен байланысты қызмет жүзеге асырылатын кез келген орын;
2) қызметтi жүзеге асыру мерзiмдерiне қарамастан, резидент еместiң кез келген басқару орны, филиалы, бөлiмшесi, өкiлдiгi, бюросы, кеңсесi, офисi, кабинетi, агенттiгi, фабрикасы, шеберханасы, цехы, зертханасы, дүкенi, қоймасы;
3) қызметтi жүзеге асыру мерзiмдерiне қарамастан, көмiрсутектерiн өндiру орындарын қоса алғанда, табиғи ресурстарды өндiрумен байланысты қызметтi жүзеге асыратын кез келген орын: шахта, кенiш, мұнай және (немесе) газ скважинасы, карьер, жер үстi немесе теңiз мұнаралары және (немесе) скважиналары;
4) қызметтi жүзеге асыру мерзiмдерiне қарамастан, құбырмен, газ құбырымен, табиғи ресурстарды барлаумен және (немесе) игерумен, құрал-жабдықтарды орнатумен, монтаждаумен, құрастырумен, жөнге келтiрумен, iске қосумен және (немесе) қызмет көрсетумен байланысты қызметтi жүзеге асыратын (оның iшiнде бақылау және байқау қызметiн жүзеге асыратын) кез келген орын;
5) қызмет көрсету мерзiмдерiне қарамастан, ойын автоматтарын (жалғамаларын қоса), компьютерлiк желiлер мен байланыс арналарын, аттракциондарды, көлiк немесе өзге де инфрақұрылымды пайдаланумен байланысты қызметтi жүзеге асыратын кез келген тұрақты орын резидент еместiң Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемесi деп танылады.
2. Құрылыс алаңы, монтаждау немесе құрастыру объектiсi, жобалау жұмыстарын жүргізу, жұмысты жүзеге асыру мерзiмдерiне қарамастан, тұрақты мекеме құрады.
Бұл ретте, атап айтқанда, жылжымайтын мүлiк объектiлерiн тұрғызу және (немесе) қайта жаңарту жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру, оның iшiнде үйлер, ғимараттар салу және (немесе) монтаждау жұмыстарын жүргiзу, көпiрлер, жолдар, каналдар салу және (немесе) қайта жаңарту, құбырлар тарту, энергетикалық, технологиялық немесе өзге де жабдықтарды және (немесе) басқа да осыған ұқсас жұмыстарды жүзеге асыру орны құрылыс алаңы (объектiсi) деп түсiнiледi.
Құрылыс алаңы (объект) пайдалануға берiлген объектiнi (орындалған жұмыстың көлемiн) қабылдау туралы актiге қол қойылған және құрылысқа толық ақы төленген күннен кейiнгi күннен бастап өзiнiң iс-әрекетiн тоқтатады.
3. Резидент емес, сондай-ақ, егер:
1) уәкiлеттi агент арқылы Қазақстан Республикасында сақтандыру сыйлықтарын жинауды жүргiзсе және (немесе) сақтандыру және қайта сақтандыру тәуекелiн жүзеге асырса;
2) Қазақстан Республикасының аумағында қызметшiлер немесе осы мақсаттар үшiн жалданған қызметкер арқылы осы салық кезеңiнде аяқталатын кез келген үзiлiссiз он екi айлық кезеңде үздiксiз күнтiзбелiк тоқсан күннен астам қызмет көрсетсе;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс iстейтiн жай серiктестікке (бiрлескен қызмет туралы шартқа) қатысушы болып табылса;
4) Қазақстан Республикасында ақылы негiзде және (немесе) тауарлар сатуды iске асыратын көрме өткiзсе;
5) резидентке немесе резидент емеске шарт қатынастары негiзiнде Қазақстан Республикасында оның мүддесiн бiлдiруге, iс-әрекет жүргiзуге немесе оның атынан келiсiм-шарт (шарт, келiсiм) жасасуға құқық берсе, Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрады.
4. Осы бапта көрсетiлген қызметтi жүзеге асыру кезiндегi уақытша немесе маусымдық үзiлiстер тұрақты мекеменi таратуға әкеп соқпайды.
5. Осы резидент еместiң атынан келiсiм-шартқа қол қоюға уәкiлеттiк берiлмеген тәуелсiз делдал (тапсырма, комиссия, консигнация шарты немесе басқа да осыған ұқсас шарт негiзiнде жұмыс iстейтiн брокер және (немесе) өзге де тәуелсiз агент) арқылы Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк қызметiн жүзеге асыратын резидент емес тұрақты мекеме құрушы ретiнде қарастырылмайды.
Өзінің әдеттегі (негiзгi) қызметi аясында әрекет ететiн және резидент еместен заң жағынан да, экономикалық жағынан да тәуелсiз болып табылатын тұлға тәуелсiз делдал деп түсiнiледi.
6. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құрылған резидент емес заңды тұлғаның еншiлес ұйымы, егер еншілес және негiзгi ұйымдардың арасында осы баптың 3-тармағы 5) тармақшасының ережелерiне сай келетiн қатынастар туындамаса, өзiнiң негiзгi ұйымының тұрақты мекемесi ретiнде қарастырылмайды.
7. Резидент еместiң қызметi оның салық органында тiркеу есебiне тұруына немесе тұрмауына қарамастан, осы баптың ережелерiне сәйкес тұрақты мекеме құрады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 178-бап өзгертілді
178-бап. Резидент еместердiң Қазақстан Республикасындағы
көздерден алатын табыстары
Табыстардың мынадай түрлерi:
1) Қазақстан Республикасында тауарларды өткiзуден, жұмыстарды орындаудан, қызметтер көрсетуден түскен табыстар;
2) нақты қызмет көрсетiлген жерiне қарамастан, тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасында қызмет атқаратын және осындай тұрақты мекемемен байланысты резиденттерге немесе резидент еместерге көрсетiлетiн басқару, қаржылық (сақтандыру және (немесе) тәуекелдердi қайта сақтандыру жөнiндегi қызмет көрсетулердi қоспағанда), консультациялық, аудиторлық, маркетингтiк, заңдық (адвокаттық қызмет көрсетулердi қоспағанда), қызмет көрсетуден алынатын табыстар;
3) Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлiктi өткiзу;
резиденттер шығарған бағалы қағаздарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан резидент-заңды тұлғаға немесе мүлiкке қатысу үлесiн өткiзу нәтижесiнде алынған құн өсiмiнен түскен табыстар;
4) Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы қызметiне байланысты резиденттiң немесе резидент еместің борышты қайтаруды талап ету құқығын басқаға беруден түскен табыстар;
5) резидент еместердiң Қазақстан Республикасындағы қызметi барысында туындаған мiндеттемелерiн, оның iшiнде жұмыстарды орындауға (қызмет көрсетуге) жасасқан келiсiм-шарттар (шарттар, келiсiмдер) бойынша және (немесе) тауарларды жеткiзуге сыртқы сауда келiсiм-шарттары бойынша мiндеттемелерiн резиденттер мен резидент еместердiң орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн тұрақсыздық айыбы (айыппұлдар, өсiмпұлдар);
6) резидент заңды тұлғадан дивидендтер түрiнде түсетiн табыстар және осындай заңды тұлғаға қатысу үлесiнен түсетiн табыстар;
7) мыналардан:
резиденттерден;
егер осы резидент еместердiң берешегi олардың тұрақты мекемесiне немесе мүлкiне қатысты болса, Қазақстан Республикасында орналасқан тұрақты мекемесi немесе мүлкi бар осы резидент еместерден алынған, борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақыларды қоспағанда, сыйақылар нысанындағы табыстар;
8) мыналардан:
резидент - эмитенттерден;
егер осы резидент еместердiң берешегi олардың тұрақты мекемесiне немесе мүлкiне қатысты болса, Қазақстан Республикасында орналасқан тұрақты мекемесi немесе мүлкi бар резидент емес эмитенттерден алынатын борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылар нысанындағы табыстар;
9) тұрақты мекеме арқылы Қазақстан Республикасындағы қызметiне байланысты резиденттерден немесе резидент еместерден алынатын роялти түрiндегi табыстар;
10) Қазақстан Республикасында орналасқан мүлiктi жалға беруден түскен табыстар;
11) Қазақстан Республикасында орналасқан жылжымайтын мүлiктен алынатын табыстар;
12) Қазақстан Республикасында туындайтын тәуекелдердi сақтандыру немесе қайта сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақылары нысанындағы табыстар;
13) тараптардың бiрi Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық тасымалдарда көлiк қызметiн көрсетуден түскен табыстар;
14) Қазақстан Республикасында жеке еңбек шарты (келiсiм-шарт) бойынша немесе өзге де азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қызметтен түскен табыстар;
15) басшылардың қаламақылары және (немесе) осындай тұлғаларға жүктелген басқару мiндеттерiн нақты орындау орнына қарамастан резидент заңды тұлғаның жоғары басқару органының (директорлар кеңесiнiң, басқарманың немесе өзге де сол сияқты органның) мүшелерi алатын өзге де төлемдер;
16) Қазақстан Республикасында тұруға байланысты төленетiн үстемеақылар;
17) материалдық, әлеуметтiк игiлiктер үшiн жұмыс берушi немесе жалдаушы шеккен шығыстардың өтем нысанындағы табыстары немесе Қазақстан Республикасында жұмыс iстейтiн резидент емес жеке тұлғалардың өзге де материалдық пайдалары, оның iшiнде тамақтандыруға, тұруға, оқу мекемелерiнде балалар оқытуға жұмсалған шығыстар, отбасы мүшелерiнiң демалысқа барып-келу шығыстарын қоса алғанда, демалысқа байланысты шығыстар;
18) резидент жинақтаушы зейнетақы қорлары жүзеге асыратын зейнетақы төлемдерi;
19) кiмге төлем жүргiзiлетiнiне қарамастан, өнер қызметкерлерiне: театр, кино, радио, теледидар артистерiне, музыканттарға, суретшiлерге, спортшыларға Қазақстан Республикасындағы қызметтен төленетiн табыстар;
20) резиденттер төлейтiн ұтыстар;
21) Қазақстан Республикасында жеке (кәсiби) тәуелсiз қызмет көрсетуден алынған табыстар;
22) Қазақстан Республикасында орналасқан мүлiктi тегiн алу нысанындағы табыстар, оның iшiнде осындай мүлiктен түсетiн табыстар;
23) Қазақстан Республикасындағы қызмет негiзiнде туындайтын, алдыңғы тармақшаларда қамтылмаған табыстар резидент еместердiң Қазақстан Республикасындағы көздерден алған табыстары деп танылады.
28-тарау. Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме құрмай
қызметін жүзеге асыратын резидент емес заңды
тұлғалардың табыстарына салық салу тәртібі
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 179-бап өзгертілді
179-бап. Төлем көзiнен табыс салығын есептеу мен ұстаудың тәртiбi
1. Резидент емес заңды тұлғаның осы Кодекстiң 178-бабында белгiленген, Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемемен байланысты емес табыстарына осы Кодекстің 180-бабында белгiленген ставкалар бойынша шегерiмдi жүргiзбестен төлем көзiнен табыс салығы салынуға тиiс.
2. Қолма-қол және (немесе) қолма-қол емес нысандарда ақша, бағалы қағаздар, тауарлар, мүлiк беру, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету табысты төлеу деп түсiнiледi.
3. Төлем көзiнен салық салуға мыналар:
1) Қазақстан Республикасының аумағына сыртқы сауда операциялары бойынша тауарларды жеткiзумен байланысты төлемдер;
2) резидент банктердің корреспонденттiк шоттарын ашуға және жүргiзуге, олар бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыруға байланысты қызмет көрсетуден түскен табыстар;
3) бағалы қағаздарды өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстар;
4) мемлекеттік бағалы қағаздармен және агенттік облигацияларымен жүргізілген операциялардан түскен табыстар;
5) бiртұтас құбыр жүйесi бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тасымалданатын шикi мұнай сату құнының сапасы бойынша түзетуге байланысты төлемдер;
6) сатып алушы-резиденттер борыштық бағалы қағаздар бойынша оларды сатып алу кезiнде резидент еместерге төлеген жинақталған (есептелген) сыйақылар сомасы жатпайды.
4. Резидент еместiң өз табыстарын үшiншi тұлғалардың және (немесе) басқа мемлекеттердегi өз бөлiмшелерiнiң пайдасына жұмсауына қарамастан, резидент еместiң табыстарына төлем көзiнен салық салынады.
5. Осы Кодекстiң 178-бабының 8) тармақшасында белгiленген борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақылардан төлем көзiнен табыс салығын есептеу мен ұстаудың тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
6. Мемлекеттiк бюджетке төлем көзiнен табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу бойынша мiндет пен жауапкершiлiк табыстарды төлеушi тұлғаға (соның iшiнде Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекеме арқылы қызметiн жүзеге асыратын резидент емес) жүктеледi. Осындай тұлға осы Кодекстiң 10-бабы 1-тармағына сәйкес салық агентi болып танылады.
Егер резидент еместiң қызмет кезеңi тұрақты мекеме құру үшiн белгiленген мерзiмнен асып кетсе, ол Қазақстан Республикасында қызмет атқара бастаған кезден бастап салық агентi болып танылады.
6-1. Депозитарлық қолхаттар бойынша табыстар төлеудің көзі осындай депозитарлық қолхаттардың базалық активінің эмитенті болып табылады.
7. Төлем көзiнен табыс салығы табыс төлеудi жүзеге асырудың нысаны мен орнына қарамастан ұсталады.
180-бап. Төлем көзiнен ұсталатын табыс салығының ставкалары
Резидент еместердің Қазақстан Республикасындағы тұрақты мекемеге байланысты емес көздерден алатын табыстарының төлем көзiне мынадай ставкалар бойынша салық салынуға тиiс:
1) дивидендтер, қатысу үлесiнен түскен табыстар және сыйақылар | 15 процент |
2) тәуекелдердi сақтандыру шарттары бойынша төленетiн сақтандыру сыйлықақылары | 10 процент |
3) тәуекелдердi қайта сақтандыру шарттары бойынша төленетiн сақтандыру сыйлықақылары | 5 процент |
4) халықаралық тасымалдарда көлiк қызметтерiн көрсетуден түскен табыстар | 5 процент |
5) осы баптың 1)-4) тармақшаларында аталған табыстарды қоспағанда, осы Кодекстiң 178-бабында белгiленген табыстар | 20 процент |
181-бап. Төлем көзiнен ұсталатын табыс салығын төлеу тәртiбi
мен мерзiмдерi
Резидент емес заңды тұлғаның табыстарынан ұсталатын төлем көзiнен табыс салығы мемлекеттiк бюджетке:
1) табыстың төленген сомасы бойынша - төлем төленген ай аяқталғаннан кейiнгi бес жұмыс күнi iшiнде;
2) есептелген, бiрақ шегерiмге жатқызылған кезде төленбеген табыс сомасы бойынша - корпорациялық табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшiн белгiленген мерзiмнен кейiнгi он жұмыс күнi iшiнде төленуге тиiс.
Өтеу мерзiмдерi осы тармақшада белгiленген мерзiм аяқталған соң туындайтын борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақыларға осы тармақшаның ережелерi қолданылмайды.
182-бап. Салық есептiлiгiн табыс ету
Салық агенттерi төлем көзiнен табыс салығын ұстап қалу жөнiнде мiндеттеме туындаған есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей, тiркелген жерi бойынша салық органдарына төлем көзiнен алынған табыс салығы жөнiнде тоқсан сайын есеп-қисапты табыс етуге мiндеттi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 183-бап өзгертілді
183-бап. Бағалы қағаздарды өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарға салынатын салықты есептеу мен төлеу ерекшелiктерi
1. Қор биржасының өткізілетін күнгі "А" және "В" ресми тiзiмiндегi акциялар мен облигацияларды, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздарды өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарды қоспағанда, резидент еместiң резиденттер шығарған бағалы қағаздарды өткiзу кезiнде құн өсiмiнен түскен табыстарына осы Кодекстiң 180-бабында белгiленген ставка бойынша салық салынуға тиiс.