IV Тарау
Iшкi iстер органдарында қызмет өткеру
15-бап. Iшкi iстер органдарына қызметке қабылдау
1. Iшкi iстер органдарына қызметке жасы он сегiзден кем емес, өзiнiң жеке, моральдық, iскерлiк, кәсiби қасиеттерi, денсаулығы мен дене бiтiмi, бiлiм деңгейi жөнiнен өзiне жүктелген мiндеттердi атқаруға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
2. Iшкi iстер органдарына қызметке қабылдау мемлекеттiк қызметшiлер кадрлары туралы республикалық деректер орталығына алдын ала сұрау салынған және азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден өткен жағдайда жүзеге асырылады.
3. Iшкi iстер органдарына қызметке қабылдау қызметке тағайындау жолымен, соның iшiнде контракт жасасу жолымен жүзеге асырылады. Бұл ретте контрактының нысаны мен шартын Iшкi iстер министрi белгiлейдi.
4. Iшкi iстер органдарының оқу орындарына оқуға орта бiлiмi бар, он сегiз жасқа толмаған адамдар алынады. Iшкi iстер министрлiгi оқу орындарының күндiзгi бөлiмдерiне оқыған уақыт мерзiмдi әскери қызмет өткеруге теңестiрiледi. Бұл ретте iшкi iстер органдарының қаражаты есебiнен оқу ақысы төленiп iшкi iстер министрлiгiнiң оқу орындарына, басқа оқу орындарына оқуға түскен адамдармен контракт жасалады, онда оқу орнын бiтiргеннен кейiн iшкi iстер органдарында әрi қарай қызмет атқару шарты мен мерзiмi қарастырылады.
5. Iшкi iстер органдарының қатардағы және кiшi басшы құрамдағы лауазымдарына отыз екi жастан аспаған, орта және аға басшы құрамдағы лауазымдарға қырық жастан аспаған адамдар қабылданады. Ерекше жағдайларда осы жас шегi Iшкi iстер министрiнiң шешiмiмен өзгертiледi.
6. Қатардағы және басшы құрамдағы лауазымдарға тағайындалған немесе iшкi iстер органдарының кадрларына алынған әскери мiндеттiлер, соның iшiнде курсанттар мен iшкi iстер органдары жүйесi оқу орындарының тыңдаушылары белгiленген тәртiппен әскери есептен шығарылады және iшкi iстер органдарының арнайы есебiнде тұрады.
7. Iшкi iстер органдарына алғаш қызметке тұрушы адамдар мiндеттi түрде бастапқы арнайы оқудан өтедi және олар үшiн сынақ мерзiмi белгiленедi. Сынақ мерзiмiн және тағылымдамадан өту тәртiбi мен шартын Iшкi iстер министрi белгiлейдi.
8. Iшкi iстер органдарына қызметке алынған азамат мәтiнiн Республика Президентi бекiткен ант бередi.
9. Iшкi iстер органдарына қызметке қабылдау тәртiбi, қызметкерлердiң қызмет өткеруi, олардың өкiлеттiгi мен жауапкершiлiгi осы Жарлықпен, Республика Үкiметi бекiткен Iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруi туралы ережемен, басқа да құқықтық нормативтiк актiлермен белгiленедi.
10. Iшкi iстер органдарына қызметке бұрын сотталған және қылмыстық жауапкершiлiктен ақтауға болмайтын негiздер бойынша босатылған, сондай-ақ мемлекеттiк қызметтен, өзге құқық қорғау органдарынан, соттардан және әдiлет органдарынан терiс себептермен босатылған адамдар қабылданбайды.
16-бап. Iшкi iстер органдарындағы қызметтiң шектi жасы
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi әскери қызмет үшiн заңдарда белгiленген жас шегiне дейiн қызметте бола алады. Қажеттi жағдайда iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң кейбiр санаттарына Iшкi iстер министрiнiң шешiмiмен қызмет өткеру мерзiмi ұзартылуы мүмкiн.
2. Қызмет өткеру мерзiмiн ұзарту iшкi iстер органдарының қызметкерiн осы Жарлықта және Iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдардың қызмет атқаруы туралы ережеде көзделген негiздерде жұмыстан босату мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.
ҚР 19.06.1997 ж. N 134-I; 09.12.1998 ж. N 307-1; Заңдарына сәйкес 17-бап өзгертiлдi
17-бап. Iшкi iстер органдарынан қызметтен босату
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерi мына негiздерде:
1) зейнетақы алуға құқық беретiн еңбек сiңiрген жылдары (қызмет мерзiмi) және әскери қызметте болудың шектi жасына жетуi бойынша;
2) жасына қарай, яғни әскери қызметте болудың шектi жасына жетуi бойынша;
3) денсаулық жағдайына қарай - әскери қызметке жарамсыздығы немесе шектеулi жарамдылығы жөнiнде әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысы (қаулысы) негiзiнде;
4) штаттың қысқаруына немесе iшкi iстер органдарының қайта құрылуына байланысты басқа қызметте пайдалану мүмкiндiгi болмаған жағдайда;
5) контрактыны бұзуға байланысты;
6) өз қалауымен;
7) белгiленген тәртiппен басқа мемлекеттiк органдарға (ұйымдарға) жұмысқа ауысуына байланысты;
8) сынақ мерзiмiнiң iшiнде қызметке жарамсыздығы анықталған жағдайда;
9) әскери-қызмет тәртiбiн ұдайы бұзғандығы үшiн;
10) аттестацияның қорытындысы бойынша қызметке сай келмеуiне орай;
11) iшкi iстер органдарының қызметкерi деген атаққа кiр келтiретiн терiс қылық жасағаны үшiн;
12) соттың заңды күшiне енген айыптау үкiмi болуына байланысты;
13) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуына байланысты қызметтен босатылады.
18-бап. Iшкi iстер органдарындағы жұмыс уақыты
1. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң жұмыс уақытының ұзақтығы еңбек туралы заңдарға сәйкес белгiленедi.
2. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қажеттi жағдайларда белгiленген уақыттан тыс, сондай-ақ түнгi уақытта, демалыс және мейрам күндерi қызметтiк мiндеттерiн атқаруға шақырылуы мүмкiн.
19-бап. Iшкi iстер органдарында қызмет өткерудiң ерекше жағдайлары
Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн Республиканың басқа аймақтарында қоғамдық тәртiптi қорғау үшiн немесе төтенше жағдайдың құқықтық режимiн қамтамасыз ету және төтенше жағдаяттардың зардаптарын жоюға қатысу үшiн тартудың ұзақтығы үш айдан аспауға тиiс.
V Тарау
Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң
құқықтық жағдайы
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1; 10.10.2001 ж. N 247-11 Заңдарына сәйкес 20-бап өзгертiлдi
20-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң мәртебесi
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мемлекеттiк өкiметтiң өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Iшкi iстер органдарында қызмет атқаратын немесе кадрлары болып табылатын, белгiленген тәртiппен арнаулы атақ берiлген адамдар, сондай-ақ Iшкi iстер министрлiгi әскери-тергеу органдары мен әскери полициясының қызметшiлерi iшкi iстер органдарының қызметкерлерi болып табылады. Бұл ретте iшкi iстер органдары қызметкерлерi арнаулы атақтарының тiзбесi және оларды беру тәртiбi заңдармен анықталады.
3. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне олардың жеке басын және өкiлеттiгiн растайтын белгiленген үлгiдегi куәлiктер мен жетондар берiледi.
4. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне еңбек заңдары осы Жарлыққа және iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет өткеруi туралы ережеге қайшы келмейтiндей дәрежеде қолданылады.
Iшкi iстер органдарының мамандары мен жұмысшыларының еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет және еңбек туралы заңдарымен реттеледi.
21-бап. Адамның iшкi iстер органдарында қызметте болуымен байланысты шектеулер
1. Iшкi iстер органы қызметкерлерiнiң лауазымы оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, депутаттық мандатпен, өзге де ақы төленетiн қызметтi атқарумен, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
2. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне ереуiлдер ұйымдастыруға және оларды өткiзуге қатысуға тыйым салынады.
3. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi партияларда, кәсiптiк одақтарда болуға, қандай да болсын саяси партияны жақтауға тиiс емес.
4. Iшкi iстер органдарында Iшкi iстер министрi анықтайтын тәртiп пен шарттарда кәсiпкердi (лауазымдарды) қоса атқаруға немесе уақытша орнында болмаған қызметкердiң мiндеттерiн атқаруға рұқсат етiледi.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1 Заңына сәйкес 22-бап өзгертiлдi және толықтырылды
22-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң өкiлеттiгi
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi Республиканың бүкiл аумағында, атқаратын лауазымына және iшкiведомстволық бағыныстылығына, уақытына қарамастан, азаматтар мен лауазымды адамдар оларға құқық бұзушылық туралы арыз немесе хабар жасаған жағдайда не осындай әрекет тiкелей анықталған ретте құқық бұзушылықты тыю және құқық бұзушыларды ұстау, көмекке мұқтаждарға жәрдем беру, оқиға болған орынды күзету, сондай-ақ таяу жердегi iшкi iстер органын хабардар ету үшiн өзiне берiлген құқықтарды толығымен пайдалануға мiндеттi.
2. Полицияның учаскелiк инспекторы, ішкі істер органы желiлiк пунктiнiң бастығы, патрульдік учаскенің бастығы, полицияның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы қызмет көрсетiлетiн әкiмшiлiк учаскеде немесе аумақта iшкi iстер органдарының барлық мiндеттерi, соның iшiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарай отырып және әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алуға, оларды жасауға ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтау мен жоюға бағытталған, ұйымдар үшiн мiндеттi ұсыныстар әзiрлей отырып өз құзырының көлемi мен шегiнде атқаруды ұйымдастырады және жүзеге асырады.
2-1. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жол полициясы департаментінің бастығы қызметі бойынша Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік автомобиль инспекторы болып табылады.
3. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң азаматтардың құқықтарын уақытша шектейтiн iс-әрекеттерi "Заң атымен" деген сөздердi айта отырып жасалады. Кез келген адам мұндай жағдайда белсендi iс-әрекеттi тоқтатып, iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң талаптарына сөзсiз бағынуға және оның қызметтiк мiндеттерiн орындаумен байланысты нұсқауларын орындауға мiндеттi.
23-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне арналған құқықтық кепiлдiктер
1. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң заңды талаптарын барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi.
2. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң заңды талаптарын орындамау, қорлау, қарсылық көрсету, күш қолданамын деп қорқыту немесе олардың өмiрiне, денсаулығына, ар-намысы мен қадiр-қасиетiне, мүлкiне қастандық жасау, оларға жүктелген мiндеттердi орындауға бөгет жасайтын басқа iс-әрекеттер, сондай-ақ iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң қызмет бабындағы мiндеттерi мен қызметтiк борышын орындауына байланысты олардың отбасы мүшелерiнiң, жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына, ар-намысына, қадiр-қасиетiне және мүлкiне қастандық жасау заңмен белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
3. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде тек тiкелей және төте бастықтарына ғана бағынады.
4. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң қызметiне осыған заңмен тiкелей өкiлеттiк берiлген адамдардан басқа ешкiмнiң араласуға құқығы жоқ. Осы Жарлықпен iшкi iстер органдарына жүктелмеген мiндеттердi орындауға iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн көндiруге ешкiмнiң құқығы жоқ. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң қызметiне құқыққа қарсы араласу заңда белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
5. Заңға қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған жағдайда, iшкi iстер органдарының қызметкерi заңды басшылыққа алуға мiндеттi және оның қорғауында болады.
6. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң өздерiне қатысты қабылданған шешiмдер мен iс-әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға немесе сотқа шағым беруге құқығы бар.
7. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi арнайы құралдар мен тәсiлдер, қару қолданылып келтiрiлген зиян үшiн, егер олардың iс-әрекетi заңға сәйкес жүзеге асырылса, жауап бермейдi.
24-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгi
1. Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерi заңдарға сәйкес тәртiптiк қылмыстық және өзге жауапкершiлiкке тартылады.
2. Көрнеу заңсыз бұйрықты немесе нұсқауды орындау iшкi iстер органдарының қызметкерiн жауапкершiлiктен босатпайды.
3. Өзiне қатысты қылмыстық iс қозғалған және қамауда ұстау түрiндегi тыйып тастау шарасы қолданылмаған iшкi iстер органдарының қызметкерi, сот осы қылмыстық iс бойынша шешiм қабылдағанша, қылмыстық iс жүргiзу заңдарымен белгiленген тәртiппен тергеу жүрiп жатқан мерзiмге қызметтiк мiндеттерiн орындаудан шеттетiледi.
VI Тарау
Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен
зейнеткерлерiн әлеуметтiк қорғау
25-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiн әлеуметтiк қорғау
Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiн әлеуметтiк қорғау мемлекеттiң мiндетi болып табылады.
ҚР 19.06.1997 ж. N 134-I; 07.04.1999 ж. N 374-1; 16.11.1999 ж. N 476-I; 10.10.2001 ж. N 247-11 Заңдарына сәйкес 26-бап өзгертiлдi
26-бап. Iшкi iстер органдардың қызметкерлерiне еңбекке ақы төлеу, оларды зейнетақымен және өзгедей қамтамасыз ету
1. Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне ақшалай үлес Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған органдары қызметкерлерiне еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi және ол қызметтi өтеудiң Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген ерекше жағдайлары үшiн төленетiн ақшалай қаражат пен үстеме ақыны қамтиды.
2. Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң ақшалай қаражаты лауазымдық айлықақыдан және арнаулы атағы үшiн қосымша ақыдан тұрады.
3. алынып тасталды
4. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi:
1) Үлгiлерi мен тиесiлiк нормаларын Республика Үкiметi белгiлейтiн тегiн нысандық әрi арнаулы киiм-кешекпен;
2) алынып тасталды
5. Мемлекеттiк тергеу комитетi қызметкерлерiн зейнетақымен қамсыздандыру, мүгедектiгi бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар төлеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң, жұмысшылар мен қызметшiлерден басқасының:
1) алынып тасталды
2) iссапар куәлiгiн көрсеткен соң барлық көлiк түрiнде жүрiп-тұру құжаттарын және мейманханаларда тұру үшiн орынды бiрiншi кезекте алуға құқығы бар.
7. алынып тасталды
27-бап. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң демалысы
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне ұзақтығы отыз тәулiк демалыс, сондай-ақ заңмен көзделген өзге де демалыс берiледi.
2. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне қосымша ақы төленетiн демалыс (күнтiзбелiк есеппен) қызмет өткерген жылдарына қарай:
1) он жылдан аса қызмет өткерген жылдары барларға - ұзақтығы бес тәулiк;
2) он бес жылдан аса қызмет өткерген жылдары барларға ұзақтығы он тәулiк;
3) жиырма жылдан аса қызмет өткерген жылдары барларға ұзақтығы он бес тәулiк мерзiмге берiледi.
3. Биiк таулы жерлерде, климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет өткерiп жүрген iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне, қызмет өткерген жылдарына қарамастан, ұзақтығы қырық бес тәулiк кезектi демалыс берiледi.
4. Iшкi iстер органдарының жұмысшылары мен қызметшiлерiнiң демалысы тиiстi еңбек заңдарына сәйкес анықталады.
ҚР 02.04.1997 ж. N 88-I; 19.06.1997 ж. N 134-I; 09.12.1998 ж. N 307-1; 07.04.1999 ж. N 374-1; 10.10.2001 ж. N 247-11 Заңдарына сәйкес 28-бап өзгертiлдi
28-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертiккен жағдайда берiлетiн кепiлдiктер
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерiне қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтiк борышын атқарып жүрген кезеңiнде мертiккен жағдайда, ал ол қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда өтем алуға құқығы бар адамдарға бiр жолғы өтем төленедi.
2. Бір жолғы өтемді төлеу тәртiбiн Республиканың Үкiметi белгілейді.
3. Iшкi iстер органдарының қызметкерi қызметтiк міндеттерін немесе қызметтік борышын орындау кезiнде не қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтік борышын атқару кезiнде алған жарақат салдарынан қызметтен босатылғаннан кейiнгi бiр жыл iшiнде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда асырауындағы адамдар мен мұрагерлерiне оның соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiр жолғы өтем төленедi.
4. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтік борышын атқару кезiндегi жарақаты, жаралануы (контузия алуы), зақымдануы, науқастануы салдарынан болған мүгедектiк белгiленгенде,оларға:
1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай үлесi;
2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай үлесi;
3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай үлесi мөлшерiнде бiр жолғы өтем төленедi.
5. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтік борышын атқару кезiнде мүгедектiкке соқтырмайтын ауыр зақым (жарақат, жаралану, контузия) алған жағдайда оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл зақым алған жағдайда жарты айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiр жолғы өтем сақтандыру сомасы төленедi.
6. Iшкi iстер органдары қызметкерiнiң қазасы (өлiмi) жаралануы (мертiгуi), науқастануы қызметтiк мiндеттерiн немесе қызметтік борышын орындауға қатысы жоқ жағдаяттарға байланысты болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бір жолғы өтем төленбейдi.
7. алынып тасталды
29-бап. Жерлеу шығындарын өтеу
Iшкi iстер органдарының қайтыс болған немесе қаза тапқан қызметкерлерi мен зейнеткерлерiн жерлеу үшiн олардың үш айлық ақшалай табысы мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
ҚР 02.04.1997 ж. N 88-I; 07.04.1999 ж. N 374; 16.11.1999 ж. N 476-I Заңдарына сәйкес 30-бап өзгертiлдi
30-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiнiң тұрғын үй құқығы
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi қызметтiк тұрғын үй қорынан бiрiншi кезекте тұрғын үймен қамтамасыз етiлу құқығын пайдаланады.
2. Iшкi iстер органдарының он күнтiзбелiк жылдан астам уақыт қызмет атқарған қызметкерлерi тұрақты тұрып жатқан қызметтiк тұрғын үй-жайларын өздерiнiң қалауына қарай жеке меншiгiне сатып ала алады.
3. Егер басқа тұрғын үй-жайлар берiлмесе, iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiн қызметтiк тұрғын үй-жайлардан шығаруға болмайды.
4. Жас шамасы, денсаулық жағдайы, штаттың қысқаруы, қызмет еткен жылдары бойынша қызметтен зейнетке шығарылған iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерi және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi үшiн тұрғын үй қорының ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, тұрғын үйдi ұстауға, коммуналдық қызметтер (орталықтандырылған жылу, суық және ыстық сумен жабдықтау, канализация, электр қуатымен жабдықтау, газ, қоқыстан адалау, лифтiлердi қамту) үшiн шығындарды төлеу жөнiнде, ал орталықтандырылған жылу жоқ үйлерде тұратындарға Қазақстан Республикасының Үкiметi азаматтарға арнап белгiлеген тәртiппен және нормалар шегiнде отын үшiн де 50 проценттiк шегерiм жасау белгiленедi. Мәслихаттардың шешiмi бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нормалар шегiнде және тәртiппен тұрғын үйдi ұстауға және коммуналдық қызметтерге алдын ала ақшалай төлем түрiндегi жеңiлдiктер беруге жол берiледi.
5. алынып тасталды
6. Iшкi iстер органдарының қызметкерi қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан жағдайда қаза тапқан адамның отбасы ол қаза тапқан күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiлмей заңмен белгiленген шарттар мен тәртiп бойынша мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын алаң алуға құқылы.
31-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiн әлеуметтiк қорғаудың өзге шаралары
1. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiне және олардың бiрге тұратын отбасы мүшелерiне Республика Үкiметi белгiлеген шекте Республика Қорғаныс министрлiгiнiң әскери қызметшiлерi мен зейнеткерлерiне заңмен белгiленетiн жеңiлдiктер мен артықшылықтар қолданылады.
2. Iшкi iстер министрлiгiнiң туберкулез және басқа мамандандырылған жұқпалы аурулар мекемелерiнде қызмет атқаратын iшкi iстер органдарының қызметкерлерi аталған қызметкерлерге заңмен белгiленетiн жеңiлдiктердi пайдаланады.
32-бап. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi мен зейнеткерлерiне медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету
Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi, сондай-ақ iшкi iстер органдарының зейнеткерлерi тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде медициналық және санаторий-курорттық қызметтi Республика Үкiметi белгiлеген тәртiппен пайдаланады.
VII Тарау
Iшкi iстер органдарын қаржымен және
материалдық-техникалық қамтамасыз ету
ҚР 22.12.1998 ж. N 327-1 Заңына сәйкес 33-бап өзгертiлдi
33-бап. Iшкi iстер органдарын қаржыландыру
1. Iшкi iстер органдарын қаржыландыру республикалық және жергiлiктi бюджет есебiнен жүзеге асырылады.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар iшкi iстер органдарының қосымша адам санын ұстауға жергiлiктi бюджет есебiнен қаражат бөлуi мүмкiн.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1; 06.12.2001 ж. N 260-11 Заңдарына сәйкес 34-бап өзгертiлдi
34-бап. Iшкi iстер органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Iшкi iстер органдарының бөлiмшелерiн материалдық-техникалық қамтамасыз етудiң тәртiбi мен нормаларын Республика Үкiметi белгiлейдi.
2. Жергiлiктi атқарушы органдар iшкi iстер органдарының бөлiмшелерi мен мекемелерiне қызметтiк үй-жайларды, полицияның учаскелiк инспекторларына қызмет көрсетiлетiн учаскелерде жұмыс iстеу үшiн жиhазбен жабдықталған үй-жайларды, сондай-ақ байланыс құралдарын, көлiк құралдарын тегiн бередi.
3. алынып тасталды
VIII Тарау
Қорытынды және өтпелi ережелер
35-бап. Iшкi iстер органдарының қызметiне қаржылық бақылау
1. Iшкi iстер министрлiгi мен оған қарасты бөлiмшелердiң шаруашылық қызметiне қаржылық бақылаумен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жүзеге асырады.
2. Iшкi iстер органдарының қаржы-шаруашылық қызметiне iшкiведомстволық бақылау Iшкi iстер министрiнiң басшылығымен жүзеге асырылады.
36-бап. Iшкi iстер органдарының қызметiне прокурорлық қадағалау
Iшкi iстер органдарының қызметiнде заңдардың дәл және бiрыңғай қолданылуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оған бағынатын прокурорлар жүзеге асырады.
37-бап. Осы Жарлықтың күшiне ену тәртiбi
Осы жарлық 1996 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енедi.
38-бап. Осы Жарлықты iске асыру шаралары
1. "Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдары туралы" 1992 жылғы 23 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1992 ж., N 11, 288-құжат; 1992 ж., N 24, 593-құжат, 1993 ж., N 8, 179-құжат; 1993 ж., N 17, 426-құжат; 1995 ж., N 1-2, 17-құжат) күшi жойылған деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) бұрын өзi қабылдаған шешiмдердi осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн;
2) Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi туралы Ереженi бекiтсiн;
3) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қолдансын.
3. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi өзiнiң нормативтiк актiлерiн осы Жарлыққа сәйкес келтiрсiн.
Қазақстан Республикасының