Қазақстан Республикасының Iшкi iстер органдары туралы
Қазақстан Республикасы Президентiнiң
1995 ж. 21 желтоқсандағы N 2707
Заң күшi бар Жарлығы
(19.06.97 ж. N 134-1; 2.04.97 ж. N 88-1; 10.07.98 ж. N 283-1; 09.12.98 ж.
N 307-1; 22.12.98 ж. N 327-1; 5.04.99 ж. N 360-1; 7.04.99 ж. N 374-1;
16.11.99 ж. N 476-1; 29.03.00 ж. N 42-II; 11.06.01 ж. N 208-II;
16.07.01 ж. N 244-II; 10.10.01 ж. N 247-II; 06.12.01 ж. N 260-II;
09.08.02 ж. N 346-II; 10.06.03 ж. N 433-II
Заңдарымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004.20.12 N 13-III; 2004.29.12. N 25-III; 2004.29.12 N 26-III ҚР Заңдырмен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
I Тарау. Жалпы ережелер (1 - 9 баптар)
II Тарау. Iшкi iстер органдарының өкiлеттiгi (10-11 баптар)
III Тарау. Iшкi iстер органдарының атыс қаруын, (12-14 баптар)
арнайы құралдар мен күш қолдануы
IV Тарау. Iшкi iстер органдарында қызмет өткеру (15-19 баптар)
V Тарау. Iшкi iстер органдары қызметкерлерiнiң (20-24 баптар)
құқықтық жағдайы
VI Тарау. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерi (25-32 баптар)
мен зейнеткерлерiн әлеуметтiк қорғау
VII Тарау. Iшкi iстер органдарын қаржымен және (33-34 баптар)
материалдық-техникалық қамтамасыз ету
VIII Тарау. Қорытынды және өтпелi ережелер (35-38 баптар)
"Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабына, Қазақстан Республикасы Конституциясының 92-бабының 4-тармағына сәйкес және Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының мәртебесiн, өкiлеттiгiн белгiлеу және қызметiн ұйымдастыру мақсатында осы Жарлықты шығарамын.
I Тарау
Жалпы ережелер
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1 Заңына сәйкес 1-бап жаңа редакцияда
1-бап. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының мәртебесі
Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары (бұдан әрі - ішкі істер органдары) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес анықтау, алдын ала тергеу мен жедел іздестіру қызметін, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандығына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне қылмыстық және өзге де заңға қарсы қол сұғушылықтардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі атқарушылық және өкім етушілік функцияларын жүзеге асыратын арнайы мемлекеттік орган болып табылады.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1; 16.07.2001 ж. N 244-11 Заңдарына сәйкес 2-бап өзгертiлдi және толықтырылды
2-бап. Iшкi iстер органдарының мiндеттерi
1. Iшкi iстер органдарының мiндеттерi:
1) қоғамдық тәртiптi қорғау және қоғамдық қауiпсiздiктi, соның iшiнде төтенше немесе әскери жағдай ахуалында қамтамасыз ету;
2) қылмыстар мен әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, қылмыстарды ашу және тергеу, сондай-ақ қылмыскерлерді іздестіру;
3) заңдарда белгiленген өздерiнiң құзыретi шегiнде алдын ала тергеу, анықтама мен әкiмшiлiк iс жүргiзудi жүзеге асыру;
4) ішкі істер органдарының тергеу изоляторларында жазасын өтеп жатқан сотталғандарға қатысты қылмыстық жазаларды және әкімшілік өндіріп алуларды орындау;
5) ішкі істер органдарының тергеу изоляторларында және әкімшілік жолмен қамауға алынғандарды ұстау орындарында құқық тәртібін қамтамасыз ету және адамдарды ұстау режимін сақтау;
6) кәмелетке толмағандардың қараусыздығы мен құқық бұзушылығын анықтау және тыю;
7) қажет болған жағдайларда мемлекеттік өрттен қорғау қызметі органдарына өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жәрдем көрсету;
8) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекеттік қадағалау және бақылау;
9) мемлекеттік және өзге де объектілерді, жеке адамдарды күзету, қамауға алынғандар мен сотталғандарды айдап апару, терроризм актілерінің жолын кесуге, кепілге алынғандарды босатуға қатысу;
10) паспорт және виза беру жұмысын жүргiзу, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртiбiн сақтауын бақылау;
11) соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс жүйесiнде жекелеген мiндеттердi орындау;
11-1) өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп, оның ішінде төтенше жағдайлар кезінде карантиндік, санитарлық және табиғат қорғау шараларын жүргізуге қатысу, табиғат қорғау органдарына сұғанақ аңшылыққа қарсы күресуде жәрдем көрсету;
11-2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензиялық және рұқсат етушілік қызметті жүзеге асыру;
11-3) Қазақстан Республикасының айрықша маңызды және айрықша режимді объектілерінде, аумақтарында режимдік және күзет шараларын жүзеге асыру;
12) iшкi iстер органдарының қарауына жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
2. Өзге мiндеттер iшкi iстер органдарына тек заңмен ғана жүктелуi мүмкiн.
3-бап. Iшкi iстер органдары қызметiнiң принциптерi
Iшкi iстер органдарының қызметi заңдылық, дара басшылық, iшкi iстер органдары жүйесiнiң бiрлiгi, жариялылық, құқық қорғау және басқа да мемлекеттiк органдармен, лауазымды тұлғалармен, ұйымдармен және азаматтармен өзара iс-қимыл жасау принциптерiне негiзделiп құрылады.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1 Заңына сәйкес 4-бап жаңа редакцияда; 05.04.1999 ж. N 360-1; 16.07.2001 ж. N 244-11 Заңдарына сәйкес 4-бап өзгертiлдi
4-бап. Ішкі істер органдарының жүйесі
Ішкі істер органдарының біртұтас жүйесін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі (бұдан әрі - Ішкі істер министрлігі), оның құрамына кіретін департаменттер мен өзге де құрылымдық бөлімшелер, облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының, көліктегі оған бағынатын ішкі істер басқармалары, қалалық, аудандық, қалалардағы аудандық, поселкелік, желілік ішкі істер органдары, ішкі істер органдарының тергеу изоляторлары, ішкі әскерлер, оқу орындары, мекемелер және өзге де ұйымдар құрайды.
Ішкі істер органдарының құрамында криминалдық полиция, әкімшілік полиция және полицияның өзге де қызметтері, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің әскери құрылымдар мәртебесі бар әскери-тергеу органдары мен әскери полициясы құрылады.
Криминалдық, әкімшілік және өзге де полиция қызметтерінің бөлімшелерін, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары мен әскери полициясын құруды, қайта құруды және таратуды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі жүзеге асырады.
Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын ішкі істер органдары жүйесінің үлгілік ұйымдық құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының үкіметі бекітеді.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1 Заңына сәйкес Жарлық 4-1 баппен толықтырылды
4-1-бап. Криминалдық полиция
Криминалдық полицияның негізгі міндеттері қылмыстарды анықтау, оның алдын алу, жолын кесу, оны ашу және тергеу, ішкі істер органдарының жүргізуіне жататын қылмыстар туралы істер бойынша анықтама ісін жүргізу, тергеуден, анықтамадан және соттан жасырынған, қылмыстық жазаны өтеуден жалтарған, хабарсыз кеткен және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда адамдарды іздестіруді ұйымдастыру және жүзеге асыру болып табылады.
Криминалдық полицияны жедел-іздестіру, тергеу, ғылыми-техникалық және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне тікелей бағынатын, оның алдында тұрған міндеттерді шешу үшін қажетті өзге де бөлімшелер құрайды.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1 Заңына сәйкес Жарлық 4-2 баппен толықтырылды
4-2-бап. Әкімшілік полиция
Әкімшілік полицияның негізгі міндеттері қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, оның алдын алу және жолын кесу, қылмыстарды ашу, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құзыретінің шегінде анықтама мен әкімшілік іс жүргізуді жүзеге асыру, ұсталған және қамауға алынған адамдар, оның ішінде белгілі бір тұратын жері, құжаттары жоқ адамдар ұсталатын жерлерде құқық тәртібін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы қадағалаусыздық пен құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттік қадағалау және бақылау жасау, төлқұжаттық жұмыстар мен Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ішкі істер органдарына жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру болып табылады.
Әкімшілік полицияны полицияның учаскелік инспекторлары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторлар қызметтері, сақшылық қызмет, лицензиялық және рұқсат ету жүйесі, табиғат қорғау және мал дәрігерлік полиция, төлқұжаттық қызмет, жол полициясы бөлімшелері, ішкі істер органдарының арнаулы мекемелері және әкімшілік полицияның алдында тұрған міндеттерді шешу үшін қажетті өзге де бөлімшелер құрайды.
Облыстардың, Ақмола және Алматы қалаларының әкімдері жергілікті бюджет пен бюджеттен тыс қаражаттың есебінен әкімшілік полиция бөлімшелерінің қосымша штат санын ұстай алады.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1 Заңына сәйкес Жарлық 4-3 баппен толықтырылды
4-3-бап. Әскери-тергеу органдары
Әскери-тергеу органдарының негізгі міндеттері әскери қылмыстарды және әскери қызметшілер жасаған, ішкі істер органдары тергеуге тиісті қылмыстарды анықтау, олардың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу болып табылады.
Әскери-тергеу органдарын әскери-тергеу департаменті, әскери-тергеу басқармалары мен тергеу, жедел-іздестіру, жедел-техникалық және өздерінің алдында тұрған міндеттерді шешу үшін қажетті өзге де бөлімшелерден тұратын гарнизон бойынша бөлімдер құрайды.
Әскери-тергеу органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бұған уәкілдік берілген лауазымды адамдар арқылы өз құзыреті шегінде ішкі істер органдарының барлық құқықтарын пайдаланып, солардың міндеттерін атқарады.
Әскери-тергеу органдары Қарулы Күштер есебінен қызметтік үй-жаймен, байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі, оларды пайдалану мен ұстау шығындарын да солар көтереді.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1 Заңына сәйкес Жарлық 4-4 баппен толықтырылды
4-4-бап. Ішкі істер министрлігінің әскери полициясы
Ішкі істер министрлігінің әскери полициясы арнаулы орган болып табылады және ішкі әскерлердегі құқық тәртібін қамтамасыз етуге, әскери қылмыстар бойынша, сондай-ақ ішкі әскерлердің әскери қызметшілері жасаған басқа да қылмыстар бойынша анықтаманы жүзеге асыруға, олардың арасындағы қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге, әскери қылмыстарды ашуға, ішкі әскерлердің әскери қызметшілерін іздестіруге арналған.
Ішкі істер министрлігінің әскери полициясы бұған уәкілдік берілген лауазымды адамдар арқылы жүктелген міндеттерді өз құзыреті шегінде орындау үшін ішкі істер органдарының өкілеттігін пайдаланады. Бұл орайда әскери қызметшілердің және әскери қалашықтар, ішкі әскерлердің әскери бөлімдері мен құрамалары бөлімшелерінің аумағында жүрген өзге де адамдардың құжаттарын тексеруді жүзеге асыруға құқығы бар.
Әскери полиция Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері есебінен қызметтік үй-жайлармен, автокөлікпен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі, оларды пайдалану мен ұстау шығындарын да солар көтереді.
Әскери полицияның әскери қызметшілері әскери атақтарына сәйкес айырым белгілері бар әскери нысандағы киім киіп жүреді. Бұл орайда киімнің әскери полицияның белгіленген үлгідегі кеудеге, жеңге тағатын арнаулы айырым белгілерімен толықтырылуы мүмкін.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1 Заңына сәйкес 5-бап өзгертiлдi
5-бап. Iшкi iстер министрлiгi
1. Iшкi iстер министрлiгi iшкi iстер органдарының бiртұтас жүйесiн басқаратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады.
2. Ішкі істер министрлігінің жалауы, туы және рәмізі болады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының, көліктегі ішкі істер басқармаларының, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі оқу орындарының туы болады.
Ішкі істер министрлігі жалауының, туының және рәмізінің, оған бағынатын органдар туларының сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1; 05.04.1999 ж. N 360-1; 11.06.2001 ж. N 208-11 Заңдарына сәйкес 6-бап өзгертiлдi
6-бап. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi
1. Iшкi iстер министрлiгiн Республика Премьер-Министрiнiң ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрi басқарады.
2. Iшкi iстер министрi:
1) iшкi iстер органдарына басшылықты жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен штат санының лимиті шегінде ішкі істер органдары жүйесінің құрылымы мен штат санын белгілейді, ал жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын ішкі істер органдарының штат санын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен келісе отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен сан нормативтерінен төмен емес мөлшерде белгілейді;
3) ішкі істер органдары жүйесінің басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібін белгілейді, бұл орайда жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын ішкі істер органдары бөлімшелерінің басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдерімен келісе отырып жүзеге асырылады;
3-1) Ішкі әскерлер қолбасшысы қызметіне тағайындау үшін Қазақстан Республикасының Президентіне кандидатура ұсынады;
4) Iшкi iстер министрлiгiнiң атынан iшкi iстер органдары орындауға мiндеттi актiлер, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде өзге мемлекеттiк органдар, ұйымдар, лауазымды тұлғалар мен азаматтар орындауға мiндеттi актiлер шығарады;
5) осы Жарлықпен, Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен, сондай-ақ Республика Үкiметi бекiткен Iшкi iстер министрлiгi туралы Ережемен өзiне жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
ҚР 11.06.2001 ж. N 208-11 Заңына сәйкес 7-бап өзгертiлдi
7-бап. Iшкi iстер органдары лауазымды адамдарының
iшкi әскерлерiмен өзара iс-қимылы
1. алынып тасталды
2. Облыстардың, Республика астанасының және республикалық маңызы бар қалалардың iшкi iстер басқармаларының бастықтары тиiстi облыстардың аумақтарында орналасқан iшкi әскерлер бөлiмшелерi мен бөлiмдерiнiң командирлерiне, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының iшкi iстер басқармаларының құрылымына кiрмейтiн өзге де iшкi iстер органдары мен бөлiмшелерiнiң басшыларына қатысты, ал төтенше жағдайлар кезiнде - оларға берiлген барлық күштер үшiн оперативтiк аға бастықтар болып табылады.
ҚР 09.12.1998 ж. N 307-1 Заңына сәйкес 8-бап өзгертiлдi
8-бап. Iшкi iстер органдарының өзге де мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, лауазымды адамдармен және азаматтармен өзара iс-қимылы
1. Iшкi iстер органдары:
1) өзге құқық қорғау органдарымен, соның iшiнде анықтама мен тергеудi жүзеге асыратын арнаулы мемлекеттiк органдармен;
2) қоғамдық тәртiптi қорғау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мәселелерi жөнiнде халықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара iс-қимыл жасайды.
2. Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды тұлғалары адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда, қоғамдық тәртiптi сақтауда, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуде, қылмыс пен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алуда, анықтауда, жолын кесуде, ашуда және тергеуде iшкi iстер органдарына жәрдем жасауға мiндеттi.
9-бап. Iшкi iстер органдары қызметiнiң құқықтық негiзi
Iшкi iстер органдары қызметiнiң құқықтық негiзiн:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары;
2) осы Жарлық;
3) Қазақстан Республикасының осы Жарлыққа қайшы келмейтiн және осы Жарлықпен реттелмеген бөлiгiнде басқа нормативтiк құқықтық актiлерi;
4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де мiндеттемелерi;
5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Сотының нормативтiк қаулылары;
6) Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi туралы, Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының қатардағы және басшы құрамдағы адамдарының қызмет атқаруы туралы Республика Үкiметi бекiткен ережелер құрайды.
II Тарау
Iшкi iстер органдарының өкiлеттiгi
ҚР 10.07.1998 ж. N 283-1; 09.12.1998 ж. N 307-1; 16.07.2001 ж. N 244-11; 09.08.02 ж. N 346-II; 10.06.03 ж. N 433-II Заңдарына сәйкес 10-бап өзгертiлдi
10-бап. Iшкi iстер органдарының мiндеттерi
1. Iшкi iстер органдары алдарына қойылған мiндеттерге сәйкес және өздерiнiң құзыретi шегiнде:
1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құқыққа қайшы қол сұғудан қорғауға;
2) қоғамдық тәртiптi қорғауға және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге, соның iшiнде мемлекеттiк органдар мен лауазымды тұлғалардың жәрдемiмен, ұйымдар мен азаматтардың ерiктi қатысуымен қорғауға және қамтамасыз етуге;
3) қылмыстың алдын алуға, анықтауға, жолын кесуге және ашуға;
4) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге;
5) "Жедел iздестiру қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қылмыстардың алдын алуға, анықтауға және ашуға, iшкi iстер органдары жүйесiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ ішкі істер органдарының тергеу изоляторларында және уақытша ұстау изоляторларында заңдармен белгіленген режимдi сақтауға бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруға мiндеттi. Бұл ретте жедел iздестiру шараларын жүзеге асыру құқылы iшкi iстер органдарының бөлiмшелерi мен қызметкерлерiнiң тiзбесiн Iшкi iстер министрлiгi белгiлейдi;
6) алдын ала тергеуді жүзеге асыруға, анықтама жүргiзуге;
7) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жөнiндегi iстер бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыруға;
8) қылмыстық процеске қатысушылар мен өзге де адамдардың өмiрiн, денсаулығын, ар-намысын, қадiр-қасиетiн және мүлкiн қорғау жөнiнде заңдарда көзделген шараларды қолдануға;
9) қылмыс жасаған, бiрақ анықтамадан, тергеуден және соттан бой тасалаған, қылмыстық немесе әкiмшiлiк жазаларын өтеуден жалтарған, хабар-ошарсыз жоғалып кеткен адамдарды iздестiруді жүзеге асыруға және заңмен көзделген өзге де жағдайларға, сондай-ақ ұрланған мүлiктi iздеудi жүзеге асыруға;
10) заңдарда белгіленген тәртіппен жедел-іздестіру және тосқауыл қою шараларын, қылмыс жасаған адамдарды ұстау жөніндегі операцияларды жүргізуді жүзеге асыруға, сондай-ақ өзге де құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға оларды жүргізуде және жүзеге асыруда жәрдем көрсетуге;
11) iздестiру, тергеу және өзге де заңмен көзделген iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде соттардың ұйғарымдарын, судьялардың қаулыларын, прокурордың, тергеушiнiң және анықтамашының жазбаша тапсырмаларын орындауға;
12) ішкі істер органдарының тергеу изоляторларында жазасын өтеп жатқан, шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшін қалдырылған сотталғандарға қатысты қылмыстық жазаларды, әкiмшiлiк жазалау шараларын орындауға, сотталғандардың, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алынғандардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етуге;
12-1) прокурордың азаматтар мен лауазымды адамдарды мәжбүрлеп жеткiзу (күштеп әкелу) туралы қаулыларын орындауға, сондай-ақ прокурордың өз құзыретi шегiнде шығарған өзге де жазбаша тапсырмалары мен талаптарын орындауға;
13) халықты құқықтық тәрбиелеуге қатысуға, құқық тәртiбiнiң жай-күйi мен iшкi iстер органдары қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi шаралар туралы қоғамдық пiкiрдi зерделеуге;
14) авария, өрт, дүлей апат және басқа төтенше жағдайлар зардаптарын жою кезiнде қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге;
15) құқыққа қайшы қол сұғудан, жазатайым және оқыс оқиғалардан зардап шеккен, сондай-ақ денсаулығы мен өмiрi үшiн қауiптi дәрменсiз немесе өзге де күйдегi азаматтарға көмек көрсетуге;
16) заңдарға сәйкес төтенше немесе әскери жағдай режимiн қамтамасыз етуге қатысуға, соғыс уақытында Қазақстан Республикасының аумақтық қорғаныс жүйесiнде жекелеген мiндеттердi орындауға;
17) iшкi iстер органдарының қорғаныстық-жұмылдыру даярлығын, бейбiт кезең мен соғыс уақыты жағдайында төтенше ахуалдар туындаған кезде олардың жұмысының тұрақтылығын арттыру, Iшкi iстер министрлiгi арнаулы бөлiмшелерiнiң толық және дер кезiнде жұмылдыруға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды әзiрлеп, жүзеге асыруға;
18) жол жүрісі ережелерінің және жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өзге де нормативтердің сақталуын бақылауды жүзеге асыруға; мемлекеттік тіркеу және есепке алу тәртібін айқындауға, сондай-ақ жеңіл, жүк автомобильдерін және автобустарды, олардың базасында жасалған арнаулы автомобильдерді қоса алғанда; мотоциклдер мен мотороллерлерді, автомобильдердің құрамында жүруге арналған тіркемелерді мемлекеттік тіркеуді және есепке алуды жүргізуге, оларды мемлекеттік техникалық байқаудан өткізуге, оларды пайдаланушы, оның ішінде сенімхат бойынша пайдаланушы адамдарды тіркеуді және есепке алуды жүргізуге, оларды жүргізу және троллейбустар мен трамвайларды жүргізу құқығына емтихан қабылдауға және куәлік беруге, жол жүрісін реттеуге;
19) мемлекеттік өрттен қорғау қызметі органдарына меншіктің барлық нысандарындағы объектілерде өрт қауіпсіздігі жай-күйіне бақылау жасауды жүзеге асыруда жәрдем көрсетуге;
20) қару мен оқ-дәрiлердiң (жауынгерлік оқ-дәрілерді қоспағанда)сатып алынуына, сақталуына, оларды тасымалдауға, алып жүруге, әкелуге, әкетуге және пайдалануға мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруға, қару мен оқ-дәрілерді, жарылғыш және күшті әсер ететін улы заттарды, есiрткiлік құралдарды, психотроптық заттарды, солар тақылеттестерді, прекурсорларды, радиоактивтi материалдар мен заттарды ұстаудың және олардың жұмыс істеуінің белгіленген ережелерінің сақталуын бақылауға; әкiмшiлiктiң қатысуымен аталған заттар, нәрселер, материалдар тұрған үй-жайларды тексеруге; қаруды есепке алуға және заңда көзделген жағдайларда алып қоюға; азаматтардағы қару, оқ-дәрiлер мен олар сақталатын орындарды оларды қолдану ережелерiнiң сақталуын бақылау мақсатында тексеруге; қару мен оқ-дәрiлердi сақтау және пайдалану ережелерi бұзылған, сондай-ақ заңдарда көзделген басқа жағдайларда ұйымдар мен азаматтардан оларды алып қою туралы мәселе қоюға;