Экспорттық бақылауға жататын өнімдер транзитінің кейбір мәселелері
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 11 тамыздағы № 1143 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 28.03.00 ж. № 450; 07.07.00 ж. № 1033; 16.10.00 ж.
№ 1540; 30.01.01 ж. № 151; 31.10.02 ж. № 1155; 10.12.02 ж. № 1300;
18.09.03 ж. № 947 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
ҚР Үкіметінің 2006.14.07. № 674 Қаулысымен күші жойылды
ҚР Үкіметінің 18.09.03 ж. № 947 қаулысымен кіріспе өзгертілді
"Экспорттық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 18 маусымдағы заңына сәйкес, экспорттық бақылауға жататын өнімдердің транзитіне қажетті құжаттарды дайындаудың және рұқсат берудің тәртібін айқындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Экспорттық бақылауға жататын өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсатын берудің ұсынылып отырған тәртібі бекітілсін.
ҚР Үкіметінің 28.03.00 ж. № 450; 10.12.02 ж. № 1300 қаулыларымен 2-тармақ өзгертілді
2. Қазақстан Республикасының кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар енгізілсін:
1) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 23 ақпандағы № 156 қаулысына (Қазақстан Республикасы Үкіметінің ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 6, 40-құжат):
осы қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентінде, 18-1-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын: "Экспорттық бақылауға жататын өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуді жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсаттарын беру туралы қаулылардың жобаларын дайындау мәселелері Үкімет бекітетін тиісті ережелермен айқындалады.";
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
1999 жылғы 11 тамыз № 1143 қаулысымен
бекітілген
Экспорттық бақылауға жататын өнімдерді
Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге
Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсатын берудің тәртібі
1. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 18.09.03 ж. № 947 қаулысымен 1-тармақ өзгертілді
1. "Экспорттық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 18 маусымдағы заңына сәйкес, құрамында есiрткi құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар өнiмдердi қоспағанда, экспорттық бақылауға жататын өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің рұқсаты негізінде (бұдан әрі - Рұқсат), Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
2. Осы Ереже қажетті құжаттарды дайындаудың және Рұқсат берудің тәртібін айқындайды.
ҚР Үкіметінің 28.03.00 ж. № 450; 31.10.02 ж. № 1155 (бұрынғы ред. қара) қаулысымен 3-тармақ өзгертілді
3. Рұқсат беру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Шешiмдердiң жобаларын дайындауды Қазақстан Республикасы Экспорттық бақылау мәселелерi жөніндегі мемлекеттік комиссиясының жұмыс органы Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі (бұдан әрi Жұмыс органы) жүзеге асырады.
4. Осы Ережелермен белгіленген Талаптар экспорттауға жататын өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге байланысты барлық заңды тұлғаларға және жеке тұлғаларға (бұдан әрі - өтініш беруші), шетелдіктерді қоса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан қолданылады.
Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Ережелерде көзделгеннен өзгеше нормалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттардың нормалары қолданылады.
ҚР Үкіметінің 16.10.00 ж. № 1540 қаулысымен 5-тармақ өзгертілді
5. Экспорттық бақылауға жататын өнімдерді Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттеуге, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өтінім берушінің тарапынан сақтандыру және басқа қаржылық кепілдіктер, не транзитті жүзеге асырған кезде болуы мүмкін авариядан келетін зиянды өтеу туралы өзге де міндеттемелер тапсырылған жағдайда рұқсат етіледі.
2. Рұқсат алу үшін қажетті өтініш пен құжаттарды
берудің тәртібі
ҚР 28.03.00 ж. № 450 қаулысымен 6-тармақ жаңа редакцияда
6. Өтінiш Жұмыс органына өтiнiш берушi елiнiң ресми органдары арқылы берiледi.
ҚР Үкіметінің 31.10.02 ж. № 1155 қаулысымен 7-тармақ өзгертілді (бұрынғы ред. қара)
7. Өтінішке мыналар қоса берілуі тиіс:
1) өтініш беруші-ұйымының мемлекеттік тіркелуі туралы куәліктің көшірмесі;
2) Қазақстан Республикасында экспорттауға жататын өнімдерге байланысты іс-әрекетті жүзеге асыруға құқығын өтініш берушінің ол тіркелген мемлекеттің қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес растауы;
3) сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасы бойынша кодтары көрсетілген, транзиттеуге жататын өнімдердің номенклатурасы мен көлемі (табиғи және құны тұрғысында);
4) Қазақстан Республикасында экспорттық бақылауға жататын өнімді беруге арналған келісім-шарттың көшірмесі;
5) мәлімделген транзиттік тасымалды жүзеге асыру кезінде болуы мүмкін аварияның салдарын жоюға төтенше оқиғалардың алдын алу және әрекет ету жүйесінің дайындығын өтініш берушінің елінің құзыретті ресми органының растауы;
6) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізілетін әскери жүктерді, ядролық материалдар мен жабдықтарды, арнаулы ядролық емес материалдарды, ядролық әрекеттерге қатысы бар екіұдай мақсаттағы жабдықтар мен материалдарды, реактивті материалдарды, жарылғыш заттар мен уларды нақты сақтаудың жүзеге асырылуы үшін өтініш берушінің жауапкершілігін айқындайтын құжаттар;
7) Егер жүкті алушыға тапсырып беру оған байланысы жоқ себептер бойынша мүмкін болмаған жағдайда, осы жүкті қайта қабылдауға экспорттық бақылауға жататын өнімді жіберушінің келісімін растайтын құжаттар;
8) үшінші тұлға келтірген шығындар мен зиян үшін азаматтық-құқықтық жауапкершіліктің қаржылық қамтамасыз етілетінін растайтын құжаттар, оның ішінде осы ережелердің 5-тармағында қарастырылған құжаттар;
9) тасымалдаудың нақты шарттарына тексеру жүргізілуіне, сондай-ақ болуы мүмкін уақытша сақтауға, қайта тасымалдауға, Қазақстан Республикасы құзыретті органдарының ядролық және радиоактивті қауіпсіздік жөніндегі рұқсаттарын қолданудың шарттарын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген нормативтік-құқықтық актілерінің бұзылғаны анықталған жағдайдағы атқарушы органдардың басқа да қажетті әрекеттеріне байланысты, сондай-ақ анықталған ауытқуларды заңнама талаптарына сәйкес келтіру қажеттігіне және/немесе жүктің экспорттаушы мемлекетке қайтып келуіне байланысты шығыстардың өтелетініне өтініш берушінің тарапынан кепілдікті растайтын құжаттар;
10) мәлімделген транзиттік тасымалдауды жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігімен келісілген қозғалыстың мерзімдері мен бағыттарын, келетін және кететін шекаралық кенттерді, көліктің түрлерін растайтын құжаттар.
ҚР Үкіметінің 16.10.00 ж. № 1540 қаулысымен жаңа 7-1-тармақпен толықтырылды
7-1. Шет мемлекеттiң мемлекеттік органы өтiнiш берушi болған жағдайда:
1) осы Ереженiң 7-тармағының 1), 2)-тармақшаларында көрсетiлген құжаттарды ұсыну талап етiлмейдi;
2) келісім-шарт (осы Ереженiң 7-тармағының 4) тармақшасы) болмаған жағдайда, экспорттық бақылауға жататын өнiмнiң берiлуi қажеттігiн негіздейтiн өзге де құжаттар ұсынылады.
ҚР 28.03.00 ж. № 450 қаулысымен 8-тармақ толықтырылды
8. Жұмыс органының Рұқсат берудің мүмкіндігі туралы мәселені қарау үшін қажетті өзге де құжаттарды талап етуі мүмкін.
3. Рұқсат беруден бас тарту
9. Экспорттық бақылауға жататын өнімдердің Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитін жүзеге асыруға, егер:
1) Рұқсатты ресімдеу үшін талап етілетін құжаттар түгел тапсырылмаса;
2) өтініш берушіге қатысты олар Қазақстан Республикасының алдындағы өздерінің міндеттемелерін бұзған жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымның шешімі бойынша Рұқсат берілмейді.
Рұқсат беруден бас тартылған жағдайда өтініш берушіге бір айлық мерзімде жазбаша түрде дәлелдемелі жауап беріледі.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Рұқсат алуға
қаулысының жобасын дайындаудың тәртібі
ҚР Үкіметінің 28.03.00 ж. № 450; 07.07.00 ж. № 1033.; 16.10.00 ж. № 1540; 30.01.01 ж. № 151; 31.10.02 ж. № 1155 (бұрынғы ред. қара) қаулыларымен 10-тармақ өзгертілді
10. Жұмыс органына келiп түскен өтiнiш қоса берiлген құжаттармен бiрге Қазақстан Республикасы Экспорттық бақылау мәселелерi жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшелерiне келiсуге жолданады.
Сараптама жүргiзу және Рұқсат берудің орындылығы туралы қорытындыны ресiмдеу үшiн құжаттар мынадай номенклатура бойынша тиiстi мемлекеттік органдарға келiсуге қосымша жолданылуы мүмкiн:
жай қару-жарақ пен әскери техника, шикiзат, материалдар, арнайы жабдықтар мен технологиялар, оларды өндiруге байланысты жұмыстар мен көрсетiлген қызметтер - Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне;
ядролық және арнайы ядролық емес материалдар, жабдықтар, қондырғылар, технологиялар, иондық сәуле шығаратын көздер, екiұдай қолданылатын өнім, жабдықтар мен тиiстi технологиялар, оларды өндiруге байланысты жұмыстар мен көрсетiлген қызметтер - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне;
таратпаудың халықаралық режимдерiмен белгiленетiн тiзiмдер, тізбелер бойынша химиялық қару жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн екiұдай қолданылатын химикаттар мен технологиялар - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне және Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне;
тiзімдерi, тiзбелерi таратпаудың халықаралық режимдерiмен белгiленетiн бактериологиялық (биологиялық) және улы қару жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн ауру қоздырғыштар, олардың генетикалық жағынан өзгертiлген нысандары мен генетикалық материалдардың бөлшектерi - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне және Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне;
тiзiмдерi, тiзбелерi таратпаудың халықаралық режимдерiмен белгiленетiн зымыран техникасы, двигательдер, олардың компоненттерi, жабдықтары, зымыран техникасын жасау кезiнде қолданылатын материалдар мен технологиялар - Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлігіне;
қарудың өзге де қауiптi түрлерi - Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлігіне;
әскери мақсаттағы өнiмге және екiұдай қолданылатын технологияларға байланысты ғылыми-техникалық ақпарат, көрсетiлетiн қызметтер мен зияткерлiк қызметтiң нәтижелерi - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне.
11. Транзитке рұқсат берудің керектігі туралы өтінішті қараудың мерзімі мен қорытындыны ресімдеу 10 күннен аспауы тиіс және осы Ережелердің 10-тармағында көрсетілген тиісті органға жобаның келіп түскен күнінен бастап есептеледі.
ҚР Үкіметінің 28.03.00 ж. № 450; 31.10.02 ж. № 1155 (бұрынғы ред. қара) қаулыларымен 12-тармақ өзгертілді
12. Жұмыс органы Рұқсат беру туралы қаулының жобасын не өтiнiш берушiге Рұқсат беруден бас тарту туралы дәлелдi жауап дайындайды және тиiстi құжатты Қазақстан Республикасының Экспорттық бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы қаруына енгiзедi.
ҚР Үкіметінің 28.03.00 ж. № 450 қаулысымен 13-тармақ өзгертілді
13. Қазақстан Республикасы Үкіметінің өнімді транзиттеуге рұқсат ететін қаулысының негізінде Жұмыс органы өтініш берушіге берілетін "Транзитке рұқсатты" ресімдейді.