Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 1999 ж. 23 ақпандағы № 156 қаулысы
(ҚР Үкіметінің 19.03.99 ж. № 278; 11.08.99 ж. № 1143; 21.09.99 ж. № 1426;
14.12.99 ж. № 1917; 22.01.00 ж. № 116; 13.03.00 ж. № 386; 20.04.00 ж. N
611; 13.07.00 ж. № 1068; 25.06.01 ж. № 856; 12.03.02 ж. № 298; 26.09.02
ж. № 1055 қаулыларымен енгізілген өзгерістерімен)
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 10.12.02 ж. № 1300 қаулысына сәйкес осы қаулының күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті бекітілсін (қоса беріліп отыр).
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 18 қарашадағы № 1599 қаулысы;
2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 18 қарашадағы № 1599 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 17 шілдедегі № 676 қаулысы.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
Регламенті
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылықты жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 856 қаулысымен 2-тармақ өзгертілді
2. Үкіметтің қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен және осы Регламентпен реттеледі.
3. Премьер-Министр мен Үкіметтің қызметін ақпараттық-талдаулық, құқықтық, консультативтік, ұйымдастырушылық және өзге де қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі (бұдан әрі Кеңсе) жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің іс қағаздарын жүргізу және Үкіметке келіп түскен хат-хабарларды өңдеу Кеңсеге жүктеледі және Кеңсе белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 22.01.00 ж. № 116 қаулысымен 5-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 856 қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда
5. Соттарда Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының немесе Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының тапсырмасы бойынша Үкіметті және Премьер-Министрді білдіруді әрі олардың мүдделерін қорғауды сот дауының мәнісі болған мәселелер құзыретіне кіретін мемлекеттік орган жүзеге асырады. Әділет министрлігі тиісті мемлекеттік органға құқықтық және консультациялық көмек көрсетеді.
Соттарда Үкіметі және Премьер-Министрді білдіру әрі олардың мүдделерін қорғау, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесінде Премьер-Министрді білдіру, прокурорлық назар аудару актілерін қарау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметіне қойылатын талап-арыздар мен талаптарға мемлекеттік органдар дайындаған жауап-пікірлер жобаларын сараптамадан өткізу жекелеген жағдайларда Премьер-Министрінің шешімі бойынша Кеңсеге жүктелуі мүмкін.
Үкіметтің нормативтік құқықтық актілерін ресми түсіндіруді Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Әділет министрлігі жүзеге асырады.
6. Үкіметтің құзыретіне кіретін кадр мәселелерін шешу Республиканың заңдарында белгіленген тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2. Жұмысты жоспарлау
7. Үкіметтің мәжілістерінде қаралатын мәселелердің тоқсан сайынғы тізбесін Үкімет мүшелерінің, агенттіктер мен акционерлік қоғамдар (ұлттық компаниялар) төрағаларының ұсынысы бойынша кезекті тоқсанға дейін он бес күн бұрын Кеңсе жасайды. Үкіметтің мәжілістерінде қаралатын мәселелердің тізбесі Республика Премьер-Министрінің өкімімен бекітіледі.
Жоспарланған мәселелердің бекітілген тізбесі Үкімет мүшелеріне, агенттіктер төрағаларына, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне, Кеңсе бөлімдерінің басшыларына, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тізім бойынша жіберіледі.
Жоспарланған мәселені тізбеден алып тастау немесе оны қарауды басқа мерзімге ауыстыру туралы шешімді мемлекеттік органның бірінші басшысы не Кеңсенің Басшысы ұсынатын анықтаманың негізінде Республиканың Премьер-Министрі қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мәжілістерін
дайындаудың және оларды өткізудің тәртібі
8. Үкіметтің мәжілісі кемінде айына бір рет өткізіледі және оны Республиканың Премьер-Министрі не Президенті шақырады.
9. Үкіметтің мәжілістерінде Премьер-Министр, ал ол болмаған кезде Премьер-Министрдің шешіміне және міндеттердің бөлінуіне сәйкес Премьер-Министрді алмастырушы Премьер-Министрдің орынбасары төрағалық етеді.
Мәжілістерге Республиканың Президенті қатысқан кезде Республика Президенті төрағалық етеді.
10. Үкіметтің мәжілістері ашық болып табылады, мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Жекелеген мәселелерді Үкімет өзінің жабық мәжілістерінде қарауы мүмкін.
11. Үкіметтің мәжілісіне Үкімет мүшелері қатысады. Үкімет мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысқанда, мәжіліс заңды болып саналады. Үкімет мүшелері мәжіліске алмастыру құқығынсыз қатысады.
Мәселенің Үкімет мәжілісінде қаралуының нәтижелері бойынша хаттамалық шешім қабылданады. Шешімдер мәжіліске қатысушы Үкімет мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады.
12. Үкімет мәжілісіне Премьер-Министр бекіткен тізбе бойынша агенттіктердің төрағалары, акционерлік қоғамдардың (ұлттық компаниялардың) басшылары қатысады.
13. Үкіметтің мәжілістеріне Мемлекет басшысының актілерінде осындай құқық берілген лауазымды адамдардың қатысуға құқығы бар.
Шақыру бойынша Үкімет мәжілістеріне Парламенттің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың әкімдері, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшылары, Кеңсенің қызметкерлері мен өзге де адамдар қатыса алады.
14. Мемлекеттік органдардың Үкімет мәжілісінде қарауға мәселелерді дайындауы мынадай талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады:
Үкіметтің мәжілісіне енгізілетін анықтамаларға, талдау материалдарына, хаттамалық шешімдердің жобаларына құжатты енгізуші мемлекеттік органның бірінші басшысы не оны алмастыратын, қол қоюы мемлекеттік органның ресми позициясын растау болып табылатын адам (бұдан әрі - бірінші басшы), алдын ала виза қояды;
хаттамалық шешімнің жобасы мемлекеттік органның бірінші басшысы қол қойған ілеспе хатпен енгізіледі;
жоба мен анықтама әдетте екі алшақтық арқылы басылған 5 бет мәтіннен аспауы тиіс;
әрбір мәселе бойынша жоба мен анықтаманың тақырыбы бірдей болуы тиіс;
Үкіметтің мәжілісіне енгізілетін материалдарға, қажет болған жағдайда, қосымша ақпараттық мәліметтер қоса беріледі;
талқыланатын мәселелер бойынша мәжіліске шақырылғандардың тізімін анықтауды және нақтылауды мәжілістен үш күн бұрын Кеңсемен келісе отырып, мәселені енгізіп отырған мемлекеттік орган жүзеге асырады. Шақырылғандардың келуін Кеңсе қамтамасыз етеді;
облыстардың әкімдерін, ұйымдардың басшыларын Үкіметтің мәжілісіне шақыруды Кеңсе жүргізеді;
Үкіметтің мәжілістерінде Президенттің төрағалығымен қаралатын жобалар, сондай-ақ қабылданған шешімдер оларға қол қояр алдында Президенттің Әкімшілігімен алдын ала келісілуге тиіс.
15. Үкіметтің мәжілісінде қарауға, белгіленген тәртіппен дайындалған материалдар, олар қаралуы тиіс мәжіліске дейінгі бес күннен кешіктірілмей Кеңсеге енгізіледі. Кеңсе мәжілістің күн тәртібінің жобасын жасайды және Премьер-Министрмен не оны алмастырушы адаммен келіскеннен кейін, оны және тиісті материалдарды Үкімет мүшелеріне және шақырылған адамдарға, ал қажет болған жағдайда басқа да лауазымды адамдарға Кеңсе Басшысы бекіткен жөнелтім көрсеткішіне сәйкес жолдайды.
Мемлекеттік органдар материалдарды уақтылы ұсынбаған жағдайда, Кеңсесінің Басшысы бұл туралы Премьер-Министрге немесе оны алмастырушы адамға баяндайды. Материалдардың уақтылы ұсынылмағаны үшін жауапкершілік мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жүктеледі.
Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Үкіметтің шұғыл мәжілісі өткізілетін кезде қаралатын мәселелер бойынша материалдар Кеңсеге ол өткізілетін күні енгізіле алады.
16. Үкіметтің мәжілісінде хаттама жүргізіледі, онда қатысып отырған лауазымды адамдар, талқыланып отырған мәселелердің атауы мен нысанасы, баяндамашылар мен талқылау кезінде сөйлегендер, олардың сөздерінің, ескертулерінің негізгі мазмұны және Үкімет мүшелері қабылдаған шешімдер көрсетіледі. Әдетте мәжілістің стенограммасы жүргізіледі, мәжілістерде қаралып отырған мәселелер магнитофон таспасына (диктофонға) жазылады.
Хаттаманы Үкімет мәжілісі аяқталған күннен кейін үш күн мерзімнен кешіктірмей Кеңсенің тиісті бөлімі ресімдейді, оған Кеңсенің Басшысы виза және мәжіліске төрағалық етуші қол қояды.
Үкімет мәжілістерінің хаттамаларына күнтізбелік жылға реттік нөмірлер беріледі. Хаттамалар немесе олардың үзінділері Үкімет мүшелеріне, ал қажет болған кезде мәжілісте тиісті тапсырма берілген басқа да мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға жіберіледі. Жөнелтім тізбесі Кеңсе Басшысымен келісіледі.
Үкімет мәжілістерінің хаттамалары (түпнұсқалары), сондай-ақ оларға материалдар (оның ішінде стенограммалар және диктофондық жазбалар) Кеңседе сақталады.
Үкімет мәжілістерінің хаттамаларын қажеттілігі өткеннен кейін, бірақ үш жылдан ерте болмайтын мерзімде Кеңсе акті бойынша жояды.
4. Кірістік хат-хабарларды қарау.
Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы
Үкіметінің қаулылары мен Премьер-Министрі
өкімдерінің жобаларын дайындауының және
ресімдеуінің тәртібі
ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 856 қаулысымен 17-тармақ толықтырылды
17. Орталық атқарушы органдар мен ведомстволар осы мемлекеттік органдар туралы ережелерде белгіленген өз құзыреттеріне кіретін барлық мәселелер бойынша шешімдерді дербес қабылдайды.
Орталық атқарушы органдар өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша белгіленген тәртіпте бірлескен шешімдер қабылдайды, олар белгіленген тәртіпте бірлескен бұйрықтармен ресімделеді.
Бір мемлекеттік орган құзыретінің шегінде шешілетін немесе осы тармақтың бірінші және екінші абзацтарына сәйкес шешілуі мүмкін мәселелер бойынша Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобалары ұсынылмайды.
Үкіметтің атына ұсыныстарды (қызметтік хат-хабарды), оның тиісті шешім қабылдауы үшін, мемлекеттік органдар мынадай жағдайларда енгізеді:
1) мәселені шешу Үкіметтің құзыретіне кіретін кезде;
2) орталық атқарушы органдарының арасында келіспеушілік пайда болған кезде;
3) мәселені шешу ведомствоаралық үйлестіруді талап еткенде және/немесе үштен артық орталық атқарушы органның құзыретіне кіргенде.
Ведомстволар Үкіметке жүгінуінің нысанасын тиісті орталық атқарушы органдардың басшылығымен келіседі. Мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің (ведомство болып табылмайтындарының) мемлекеттік органның атынан өз бетінше өкілдік етуге және Үкіметтің атына жүгінуге құқығы жоқ.
ҚР Үкіметінің 22.01.00 ж. № 116 қаулысымен 18-тармақ өзгертілді; ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 856 қаулысымен 18-тармақ толықтырылды
18. Үкімет қаулысының немесе Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын (бұдан әрі - жобалар) әзірлеуді мемлекеттік органдар "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, осы Регламентке және Үкімет бекіткен Нұсқаулыққа сәйкес жай қағаз парақтарында жүзеге асырады. Жобаларды әзірлеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органның басшысы, олардың Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес болуы үшін жауап береді.
Жобалар мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, бірінші басшылар немесе оларды алмастырушы адамдар қол қойып, мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылады. Жобалар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын алмастыратын адамдармен келісілген жағдайда, бірінші басшының міндеттерін атқару жоба келісілген адамға жүктелгені туралы тиісті актілердің көшірмелері жобаға міндетті түрде қоса беріледі. Келісу "ескертпелерімен" болған кезде жобаға қажетті түсіндірмелермен бірге келіспеушілік туралы анықтама қоса беріледі. Үкімет шешімнің жобасын әзірлеуге қатысушы мемлекеттік органдардың арасында келіспеушілік пайда болған кезде Премьер-Министрдің жобада қаралатын мәселелердің нысанасы құзыретіне кіретін орынбасарлары, Кеңсе Басшысы не оның орынбасары нәтижелері хаттамамен ресімделетін кеңестер шақырады. Келіспеушілік жойылған жағдайда мемлекеттік орган белгіленген мерзімде қаулының жобасын пысықтайды және оны қол қоюға ұсынады. Талқыланған мәселе бойынша келісімге қол жеткізілмеген жағдайда Премьер-Министрдің орынбасары Кеңсенің Басшысы түпкілікті шешім қабылдау үшін ол туралы Премьер-Министрге не оны алмастырушы адамға хабарлайды. жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 19.03.99 ж. № 278 қаулысымен 18-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 11.08.99 ж. № 1143 қаулысымен 18-1-тармақ толықтырылды; ҚР Үкіметінің 14.12.99 ж. № 1917 қаулысымен 18-1-тармақ жаңа редакцияда
18-1. Экспорттық бақылауға жататын өнімнің экспорттық-импорттық жеткізілімі және транзитті мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының жобаларын дайындауды Қазақстан Республикасының Экспорттық бақылау мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссиясының жұмыс органы жүзеге асырады.
Аталған қаулылар жобаларын келісу және енгізу мәселелері осы Мемлекеттік комиссия туралы ережемен белгіленеді.
ҚР Үкіметінің 22.01.00 ж. № 116 қаулысымен 18-2-тармақпен толықтырылды
18-2. Үкіметтің "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ғарыштық аппараттарды ұшыру мен зымырандарды сынақтық ұшырудың жоспары жөніндегі қаулыларының жобаларын келісу және енгізу мәселелері Үкімет бекітетін тиісті нұсқаулықпен айқындалады.
ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 856 қаулысымен 19-тармақ толықтырылды
19. Жобаның уақтылы, сапалы әзірленуі және белгіленген мерзімдерде Үкіметке ұсынылуы, сондай-ақ жобаның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің бірдейлігі және жоба мәтінінің жазылу стиліне қойылатын талаптардың сақталуы үшін оны әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы жеке жауап береді.
ҚР Үкіметінің 13.03.00 ж. № 386; 25.06.01 ж. № 856 қаулыларымен 20-тармақ толықтырылды; ҚР Үкіметінің 26.09.02 ж. № 1055 қаулысымен 20-тармақ өзгертілді
20. Жобалар міндетті түрде:
1) құзыретіне қарай орталық атқарушы органдармен (министрліктермен, агенттіктермен) келісіледі, бұл ретте жобаны келісудегі мұндай мүдделілік жобада қаралатын мәселелердің нысанасына сүйене отырып белгіленеді;
1-1) экономикалық орындылығы және мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясатын негiзгi бағыттарына жобаның сәйкес келуін қамтамасыз ету мәселелерi бойынша, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау шеңберiнде - қаржылық орындылығы және жобаның қамтамасыз етiлуi мәселелерi бойынша - Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен;
2)
3) жобаға заңдық сараптама жүргізу және оның Қазақстан Республикасының Конституциясына және заң актілеріне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін Әділет министрлігімен келісіледі.
ҚР Үкіметінің 22.01.00 ж. № 116 қаулысымен 21-тармақ толықтырылды; ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 856 қаулысымен 21-тармақ өзгерді
21. Мемлекеттік орган (жобаны әзірлеуші) сонымен бір уақытта жобаның көшірмелерін барлық мүдделі орталық атқарушы органдарға, сондай-ақ сол жобада мүдделеріне қозғау салынуы мүмкін өзге де мемлекеттік органдарға жібереді. Үкіметтің шешімді неғұрлым жедел қабылдауы мақсатында Премьер-Министрдің, Премьер-Министр орынбасарларының, Кеңсе Басшысының тапсырмасы бойынша жобаға мемлекеттік органдардың басшылары немесе лауазымды тұлғалары (лауазымы бойынша вице-министрден төмен емес) кеңесте (мәжілісте) қол қоюы мүмкін. Бұл ретте көрсетілген лауазымды тұлғалар өздері виза қойған жоба туралы мемлекеттік органның бірінші басшысына баяндайды. Мемлекеттік органдарда келісу мерзімдері сонымен бір уақытта есептеледі және Үкімет пен Премьер-Министр актілері келіп түскен және тіркелген сәттен бастап 7 жұмыс күнінен, ал заң жобасы келіп түскен және тіркелген сәттен бастап 12 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Премьер-Министр, Премьер-Министрдің орынбасарлары және Кеңсе Басшысы келісудің басқа мерзімдерін белгілей алады.
Жобаның көшірмесі келісуге алған кезде мемлекеттік органдар жобаға басқа мүдделі органдардың алдын ала қол қоюын талап етпеуге, сондай-ақ басқа шартты белгілер бойынша келісуден бас тартпауға тиіс.
ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 856 қаулысымен 22-тармақ өзгертілді
22. Жобаны қараудың қорытындысы бойынша келісуші мемлекеттік орган әзірлеушіге бірінші басшының немесе оны алмастырушы адамның қолы қойылған мынадай жауап нұсқаларының бірін ұсынуға тиіс:
1) жоба ескертпесіз келісілді (жобаға виза қойылған);
2) жоба ескертпелерімен келісілді (жобаға виза қойылған) қаулының жобасына ескертпелер көрсетiлген хатқа, келiсушi мемлекеттік органның бiрiншi басшысы немесе оның орынбасары қол қояды;
3) жобаға келісуден бас тартылды (дәлелді бас тарту қоса беріледі).
Нақты бір орталық атқарушы органның жобаны алып, белгіленген мерзімде қарамай, дәлелді себептерсіз Регламентке сәйкес жауап ұсынбауынан өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Үкімет қабылдаған шешімнің негізсіз, заңсыз екені (оның ішінде өрескел қателер мен дәлсіздіктер) анықталған жағдайда, осы мемлекеттік органның бірінші басшысы Үкімет қабылдаған шешімнің нәтижесінде болған теріс салдардың дәрежесіне қарай заңдарда белгіленген жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
ҚР Үкіметінің 21.09.99 ж. № 1426; 22.01.00 ж. № 116; 25.06.01 ж. № 856 қаулыларымен 23-тармақ өзгертілді және толықтырылды
23. Келісу мерзімі аяқталғаннан кейін жобаны әзірлеуші мүдделі мемлекеттік органдардың барлық ұсыныстарын қорытындылап (ескертулерін орындап) жобаның түпкілікті нұсқасын әзірлейді. Бұл ретте әзiрлеушi түпкiлiктi нұсқасын дайындау процесінде мiндеттi түрде және толық көлемде мемлекеттік органдардың өзi келiскен және заң техникасы бойынша ескертпелерiн жояды. Жобаның аталған нұсқасы виза қою жолымен мүдделi мемлекеттік органдармен (жобаны келiсуден бас тартылған жағдайларды қоспағанда) келісіледi және Кеңсеге ұсынылады. Сонымен бiр мезгiлде, жобаның электрондық көздегi нұсқасы ұсынылады.
Бұл ретте әзiрлеушi ескертпелермен және ұсыныстармен келiспеген жағдайда әзірлеуші және келісуші мемлекеттік органдардың арасында түсініспеушілік хаттамасы жасалады, олардың басшылары қол қояды және ол жобаға қоса беріледі.
Жобаны әзірлеуші жобаны Кеңсеге енгізген кезде түсіндірме жазбада осы жобада мүддесі қозғалып отырған мемлекеттік органның визасы болмауының себебін (мұндай факт орын алса) міндетті түрде көрсетеді, бұл ретте енгізіліп отырған материалдарға оның тиісті мемлекеттік органға келісуге енгізілгенін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі. Мұндай растау болмаған жағдайда жоба мүдделі мемлекеттік органға келісуге жіберілмеген болып саналады.
Қажет болған жағдайда Премьер-Министрдің, Премьер-Министрі орынбасарының және Кеңсе Басшысының нұсқауы бойынша жоба агенттiктерге, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдарға қосымша келісуге жіберілуі мүмкін.
ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 856 қаулысымен 23-1-тармақпен толықтырылды; ҚР Үкіметінің 26.09.02 ж. № 1055 қаулысымен 23-1-тармақ жаңа редакцияда
23-1. Кеңсе Үкiмет қаулысының жобасы Кеңседе тiркелген күннен бастап бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей Үкiмет мүшелерiне (Премьер-Министрдi, оның орынбасарларын және әзiрлеушi жобаны келiсудi жүргiзген адамдарды қоспағанда) дауыс беру рәсiмдерiн жүргiзу үшiн жобаның (құпия және кадрлық жобалардан басқа) электронды көшiрмелерiн жiбередi. Жобаға қосымшалар Үкімет мүшелерiне оларға қатысты бөлiгiнде ғана дауыс беру үшiн жiберiлуi мүмкiн. Жобалардың көшiрмелерi электронды почта арқылы таратылады.
Үкiмет мүшелерiнiң дауыс беру мерзiмi қаулылар жобалары бойынша жобалардың электронды көшiрмелерiн таратқан күннен бастап 3 жұмыс күнiнен аспауы тиiс. Дауыс беру мерзiмi аяқталғаннан кейiн Үкiмет мүшелерi Кеңсеге жобалар бойынша өзінің пiкiрiн білдiретiн жазбаша жауаптар жiбередi. Үкiмет мүшесінен жазбаша жауап түспеген жағдайда, Үкiмет мүшесi жобаның қабылдануына ескертпелерсiз дауыс бердi деп саналады. Үкiмет қаулыларының жобалары бойынша дауыс берудi Үкiмет мүшелерi алмасу құқығынсыз жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 856 қаулысымен 24-тармақ жаңа редакцияда
24. Әзiрлеушi мыналарды қамтитын түсiндiрме жазбаны жобаға мiндеттi түрде қоса бередi:
1) жобаны қабылдау қажеттілігiне негiздеме (заң актілеріне, Президент актілеріне және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге сiлтеме);
2) жоба қабылданған жағдайдағы болжамды әлеуметтiк-экономикалық және/немесе құқықтық салдарлар;
3) жобаны iске асыруға байланысты болжамды қаржы шығындары;
4) жоба қабылданған жағдайда күтiлетiн нәтижелердiң нақты мақсаттары мен мерзiмдерi, енгiзiлетiн ұсыныстардың тиiмдiлiгi;
5) жобада көрсетiлген мәселелер құзыретiне кiретiн мемлекеттік орган басшысы визасының болмау себептерi (мұндай факт болған кезде);
6) жобада қаралатын мәселелер бойынша бұдан бұрын Президенттiң және/немесе ?кіметтiң қандай нормативтiк құқықтық актілері қабылданғаны және әзiрлеушi оларды қалай орындағаны туралы мәлiметтер;
7) заңдарды кейiннен жобаға сәйкес келтiру қажеттілігi (жаңа нормативтiк құқықтық актiлер қабылдаудың қажеттілігi, сондай-ақ қандай нормативтiк құқықтық актiлерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу қажет болатыны көрсетiлсiн).
Қаулының жобасында шарттарға, келісімдерге және өзге де құжаттарға (заң актілерінен, Президенттiң, Үкiметтiң және Премьер-Министрдiң актілерінен басқа) сiлтемелер болған кезде әзiрлеушi тиiстi құжаттардың көшiрмелерiн жобаға мiндеттi түрде қоса бередi.
Көлемi екi және одан да көп бет болатын Үкiмет қаулылары жобаларының, сондай-ақ оларға қосымшалардың әр бетiне әзiрлеушi мемлекеттік органның бiрiншi басшысы не оны алмастырушы адам қол қоюға тиiс.
ҚР Үкіметінің 22.01.00 ж. № 116 қаулысымен 25-тармақ өзгертілді
25. Мемлекеттік орган (жобаны әзірлеуші) бір уақытта жобада Үкіметтің және/немесе Премьер-Министрдің шешімдерін қабылданатын актіге сәйкес келтіру жөніндегі нормаларды көздейді және/немесе нақты мерзімдер белгілей отырып оларды тиісінше келтіру туралы тапсырманы көздейді. Егер жоба заңдарды оған сәйкес келтіруді қажет етпейтін болса (қабылданғаннан кейін), онда ол туралы ақпарат жобаға түсіндірме жазбада көрсетіледі.
ҚР Үкіметінің 25.06.01 ж. № 856 қаулысымен 26-тармақ өзгертілді
26. Әзірленген (пысықталған) жоба (оған қатысты тиісті материалмен бірге) сараптама жүргізу және жоба бойынша қорытынды дайындау үшін Кеңсеге енгізіледі.
Кеңседе жобаның қаржы-экономикалық, құқықтық және өзге де мәнiстерiне сараптама (бұдан әрi - сараптама) жүргiзiледi. Сараптама жобаның сапасын, дайындау негiздiлiгiн, уақытылылығын бағалау, ол қабылданған жағдайда орын алуы ықтимал терiс салдарларын анықтау үшiн, сондай-ақ жобаның нормативтiк құқықтық және жоғары деңгейдегi өзге де актiлерге, Үкiметтiң нормативтiк құқықтық қаулыларына сәйкес келу мәнiнде жүргiзiледi. Жобалардың сараптамасы Премьер-Министр, оның орынбасарлары және Кеңсе Басшысы үшiн олардың тиiстi жобаларға қол қою немесе оларды келiсу туралы шешiм қабылдауы кезiнде ақпараттық-ұсынымдық сипатта болады.
Жоба бойынша қорытындыны жобаның өтуiне жауапты Кеңсенiң құрылымдық бөлiмшесi дайындайды. Қорытынды жобаны қабылдаудың қажеттілігi, жобаны келiсуге жiберген Үкiмет мүшелерiнiң және мемлекеттік органдардың қарсылықтары (олар болған жағдайда), жобаның Кеңседегi сараптамасының нәтижелерi, жобаны пысықтау, оның iшiнде жұмыс тәртібімен пысықтау (мұндай фактi болған кезде) туралы ақпаратты, жоба бойынша қажеттi өзге де ақпаратты қамтуға, сондай-ақ жобаны қабылдау немесе одан бас тарту туралы ұсынысты қамтуға тиiс;
Жобаны тіркеудің алдында Кеңсе оның іс қағаздар жүргізу және осы Регламент талаптарына сәйкестігін тексереді.
Жобаның іс қағаздар жүргізу талаптарына сай келмейтіні туралы ескертулер болған жағдайда, Кеңсе жобаны тіркемей тұрып, оны тиісті мемлекеттік органға қайтаруға құқылы.
Жоба Кеңседе тiркелгеннен кейiн сараптама жүргiзiледi және Кеңсенiң шығарушы бөлiмшесiнiң қорытындысы дайындалады, содан кейiн жобаның мемлекеттік тiлдегi және орыс тiліндегі мәтiндерiнiң бiрдейлiгi тексерiледi. Заң жобаларынан басқа, жобаны сараптамадан өткізу және ол бойынша қорытындыны дайындау мерзiмi жоба бойынша осы Регламенттiң 23-1-тармағында белгiленген дауыс беру мерзiмдерi аяқталған күннен бастап 5 жұмыс күнiнен аспауға тиiс.
Кеңсе жоба мәтіндерінің бірдейлігін тексеру, сараптама жүргізу барысында немесе оның нәтижелері бойынша оны мемлекеттік органға мынадай негіздер бойынша пысықтауға қайтаруға құқылы:
1) жобаның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің бірдей болмауы;
2) оның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмеуі;