2020.26.06. № 349-VI ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды; 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шотындағы ақшаға;
2022.30.12. № 179-VІІ ҚР Заңымен 7-1) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
7-1) «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сот арқылы банкроттық рәсімінде ақшаны есепке жатқызу үшін қаржы басқарушысының ағымдағы шотындағы ақшаға;
2022.30.12. № 179-VІІ ҚР Заңымен 7-2) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
7-2) өзіне қатысты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес рәсімді қолдану туралы іс қозғалған немесе рәсім қолданылған азаматтың банктік шоттарындағы ақшаға;
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік сатып алуға қатысу шеңберінде қамтамасыз ету шаралары ретінде ақша енгізуіне арналған мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың банктік шотындағы ақшаға;
2024.16.05. № 82-VIII ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 28 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді)
9) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес берілетін материалдық көмекті есепке жатқызуға арналған банктік шоттардағы ақшаға өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.
Осы баптың екінші бөлігі 6) тармақшасының ережесі осы Кодекстің 742-бабының 2-тармағында көзделген кезектілікке сәйкес бірінші, екінші және үшінші кезектерге жататын талаптар бойынша ақшаны алып қоюға қолданылмайды.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 13.03.03 ж. № 394-II 09.07.03 ж. № 482-II (бұрынғы ред. қара); 08.04.04 ж. № 542-II (бұр. ред. қара); 2007.15.05. № 253-III (бұр.ред.қара) Заңдарымен; 2013.21.06. № 106-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 742-бап өзгертілді
742-бап. Клиенттiң ақшасын алу кезектілігi
1. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған барлық талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болған жағдайда, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, ақшаны алу клиенттiң немесе өзге тұлғалардың өкiмдерi түсу ретiне қарай (күнтiзбелiк кезектілік) жүзеге асырылады.
2. Клиенттiң банктегi ақшасы клиентке қойылған кезектi талапты қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда банк сомасы аталған талапты қанағаттандыруға жеткiлiктi, клиенттің пайдасына түсетiн ақшаны жинақтайды. Клиентке бiрнеше талап қойылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, банк клиенттiң ақшасын мынадай кезектілік бойынша алуды жүргiзедi:
1) бiрiншi кезекте адам өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттердi өтеу жөніндегі талаптарды қанағаттандыруды көздейтiн атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүзеге асырылады;
2015.16.11. № 406-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) екiншi кезекте еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбегіне ақы төлеу, авторлық шарт бойынша сыйақылар төлеу, клиенттiң мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және әлеуметтiк аударымдарды Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына, міндетті әлеуметтiк медициналық сақтандыруға аударымдарын және (немесе) жарналарын әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудару жөніндегі мiндеттемелерi бойынша есеп айырысу үшiн ақша алып қоюды көздейтiн атқару құжаттары бойынша ақша алып қою жүргiзiледi;
2023.12.07. № 23-VІІІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 24 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) үшінші кезекте клиенттің бюджет алдындағы міндеттемелері бойынша, сондай-ақ «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес активтерді өндіріп алу туралы талап бойынша ақшаны алып қою жүргізіледі;
4) төртiншi кезекте басқа да ақшалай талаптарын қанағаттандыру көзделген атқарушы құжаттар бойынша ақша алу жүргiзiледi;
5) бесiншi кезекте клиентке қойылған басқа да талаптарды қанағаттандыру үшін күнтiзбелiк кезектілік тәртібімен ақша алу жүргiзiледi.
Бiр кезекке жататын талаптар бойынша банктен ақша алу тиiстi құжаттардың түскен уақыты бойынша кезектілікпен жүргiзiледi.
3. Клиент болып табылатын заңды тұлға тараған кезде кредит берушiлердiң талабын қанағаттандыру осы Кодекстiң 51-бабында көзделген кезектілікпен жүргiзiледi.
ҚР 2005.23.12. № 107-III Заңымен 743-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
743-бап. Банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың банктiк қызмет көрсетуi
Банктiк қызмет көрсетудiң жекелеген түрлерiн банктiк қызметтiң жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар көрсетуге құқылы.
Мұндай ұйымдардың банктік қызметтің жекелеген түрлерін көрсетуi осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерiмен белгіленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
744-бап. Банктiк қызмет көрсетуге ақы төлеу
Клиент банктiк қызмет көрсету шарты бойынша өзiне банк көрсеткен қызметтерге шартта көзделген ережелер мен тәртiп бойынша ақы төлейдi.
745-бап. Банк құпиясы
Банк құпиясын жария етпеуге банк кепiлдiк бередi.
Банк құпиясын құрайтын мәлiметтер тiзбесi және оны беру негiздерi банк қызметiн реттейтiн заң актілерімен белгiленедi.
ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 746-бап жаңа редакцияда
746-бап. Клиенттерге банктiк қызмет көрсету шарттарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар клиенттерге банктiк қызмет көрсетуге байланысты бұзушылықтар жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының банк қызметiн реттейтiн заң актілерінде және банктiк қызмет көрсету шарттарында белгiленген шекте жауап бередi.
2. Банктiк шот
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес 747-бап өзгерді
747-бап. Банктiк шот шарты
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Банктік шот шарты бойынша бiр тарап (банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) екінші тараптың (клиенттiң) пайдасына түсетiн ақшаны қабылдауға, клиентке немесе үшiншi тұлғаларға тиiстi ақша сомаларын аудару (беру) туралы клиенттiң өкiмдерiн орындауға және банктік шот шартында көзделген басқа да қызметтердi көрсетуге мiндеттенедi.
Банктік шот шартында айқындалған талаптар басталғанға дейін немесе оларды орындағанға дейін ағымдағы немесе жинақ шот иесінің шығыс операцияларын жасау құқығынсыз осы ағымдағы немесе жинақ шоттағы ақшаны депонирлеу (бұғаттау) талабымен үшінші тұлғаның атына банктік шот шарты бойынша ағымдағы немесе жинақ шот ашуға жол беріледі.
Банктік шот ашқан кезде клиентке немесе ол көрсеткен тұлғаға клиенттiң банктегi (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы) ақшасын есепке алу мақсаты үшін тараптар келiскен шарттармен клиенттiң жеке сәйкестендіру коды берiледi. Клиенттiң жеке сәйкестендіру кодын беру, жою, банктiң (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) клиент ақшасының есебін жүргізу тәртiбi Қазақстан Республикасының банк заңнамасында айқындалады.
2. Заңды тұлғалар мен азаматтар қызмет көрсету банктерiн өз бетiнше таңдайды және олар банктiк шот шартын бiр банкпен де, бiрнеше банкпен де жасауға құқылы.
3. Егер заң актілерінде немесе тараптар келісімінде өзгеше белгіленбесе, банктік шот шарты мерзімсіз болып табылады.
748-бап. Банктік шот шартының нысаны
1. Банктiк шот шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Банктiк шот шартының жазбаша нысанын сақтамау осы шарттың маңызсыздығына алып келеді.
749-бап. Клиенттiң ақшасына билiк ету
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) клиенттiң банктегi (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы) ақшасын алып қоюды егер заң актілерінде немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, клиент өкімінiң негiзiнде жүзеге асырады.
Егер заңдарда немесе банктiк шот шартында өзгеше көзделмесе, банк клиенттiң ақшаны пайдалану бағытын белгiлеу мен бақылауға және оның өз қалауынша ақшаға билiк ету құқығына заңдарда көзделмеген шек қоюға құқығы жоқ.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер ақшаны азамат салған болса, банктегi (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы) ақшаға билiк ету құқығын не азаматтың өзi, не ол осы құқықты сенiп берген адам пайдаланады.
Егер ақшаны заңды тұлға салған болса, банктегi (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы) ақшаға билiк ету құқығын осы заңды тұлғаның басшысы және (немесе) ол уәкiлдiк берген өзге адамдар пайдаланады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Банктегi (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы) ақшаға клиент атынан билiк етудi жүзеге асыратын адамдардың құқықтары клиент банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) заңдарда және шартта көзделген құжаттар ұсыну арқылы расталады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Банктiк шот шартында банктегi (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы) ақшаға билiк етудiң тәртібі белгiленуге тиiс. Мұндай тәртiпке қойылатын талаптар банктiк заңдармен белгiленедi.
2009.11.07 № 185-IV ҚР Заңымен 750-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 750-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
750-бап. Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) банктік шот шарты бойынша орындайтын операциялар
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Банктiк шот шартына сәйкес банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым):
1) клиент талап еткен кезде ақшаның болуын қамтамасыз етуге;
2) клиенттiң пайдасына түскен ақшаны қабылдауға;
3) клиенттiң үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы өкімін орындауға;
4) үшiншi тұлғалардың, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде және (немесе) банктiк шот шартында көзделсе, клиенттiң ақшасын алып қою туралы өкiмдерiн орындауға;
5) банктiк шот шартында белгiленген тәртiп бойынша клиенттен қолма-қол ақша алуды және оған берудi жүзеге асыруға;
6) клиенттiң талап етуi бойынша клиенттiң банктегi (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы) ақша сомасы және жүргiзiлген операциялар туралы ақпаратты шартта көзделген тәртiппен беруге;
7) клиентке шартта, заңдарда және банктiк тәжiрибеде қолданылатын іскерлік айналым дағдыларында көзделген өзге де банктік қызмет көрсетуге мiндеттi.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) клиенттiң пайдасына келiп түскен ақшаны қабылдауға, сондай-ақ клиенттiң ақшасын алып қоюды немесе оның ақшасын берудi, егер заң актілерінде және соларға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi шығарған нормативтiк құқықтық актiлерде өзге мерзiмдер көзделмесе, оның бір ізге түсірілген дербес коды бойынша тиісті нұсқаумен банкке (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға) келiп түскен күннен кейiнгi келесi күннен кешiктiрмей, сондай операцияларды көрсете отырып жүргiзуге мiндеттi.
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес; 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 751-бап өзгертілді
751-бап. Ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы
Банктегi ақшаны пайдаланғаны үшiн банк осы баптың ережелерін ескере отырып, шартта белгiленетiн мөлшер мен тәртiп бойынша сыйақы төлейдi.
Ағымдағы банктік шотта орналастырылған ақшаны пайдаланғаны үшін сыйақы төленбейді.
Банк қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қолма-қол ақшасыз төлемдер мен ақша аударымдарының сомасынан банктік шот шартында айқындалған кірісті төлеуі мүмкін.
752-бап. Банктiк шот шартын бұзу
1. Банктiк шот шарты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, клиенттiң өтiнiшi бойынша кез келген уақытта бұзылады.
2. Банктік шот шартын бұзу клиенттің бір ыңғайландырылған дербес кодын жою үшiн негiз болып табылады.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Банкте (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда) қалған ақша клиентке берiледi не оның нұсқауы бойынша үшiншi тұлғалардың пайдасына аударылады (алып қойылады).
753-бап. Банктердiң банктiк шоттары
Осы тараудың ережелерi, егер заң актілерінде немесе оларға сәйкес қабылданған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актілерінде өзгеше көзделмесе, банктердiң банктiк шоттарына қолданылады.
3. Ақша аудару
754-бап. Ақша аудару туралы шарт
1. Ақша аудару туралы шарт бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптың (клиенттiң) тапсырмасы бойынша клиентке бiр-ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ үшiншi тұлғаға ақша аударуға мiндеттенедi.
2. Банктiң клиентке бiр ыңғайландырылған дербес код бермей-ақ ақша аудару тәртібі банк қызметiн реттейтiн заң актілерімен белгiленедi.
755-бап. Ақша аудару туралы шарттар жасасу
Егер банк қызметін реттейтін заң актілерінде өзгеше көзделмесе, егер банк клиенттiң тапсырмасын клиент оған осындай банктiк қызмет көрсету туралы ұсыныс жасаған кезде орындауға қабылдаған жағдайда, банктік шот ашпай-ақ ақша аудару туралы шарт жасалған болып есептеледi.
4. Банк салымы
09.07.03 ж. № 482-II ҚР Заңымен; 2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 756-бап өзгертілді
756-бап. Банк салымы шарты
Банк салымы шарты бойынша бiр тарап (банк) екiншi тараптан (салымшыдан) ақша (салым) алуға, олар бойынша банктік салым шартында көзделген мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге және салымның осы түрi үшiн заң актілерінде және шартта көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша салымды қайтаруға мiндеттенедi.
Салымдар түрiнiң әрқайсысы бойынша банктер клиенттiң ақшасын есепке алу мақсатында оған бiрыңғайландырылған дербес код бередi. Бiрыңғайландырылған дербес кодты беру, жою, клиенттiң ақшасына есеп жүргiзу тәртібі Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленедi.
Банк салымдарының ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде белгіленуі мүмкін.
757-бап. Банк салымдарының түрлерi
1. Салымдарды қайтару талаптарына қарай олар мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) талап етiлмелi салым;
2) мерзiмдi салым;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) жинақ салымы;
3) шартты салым.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Талап етiлмелi салым салымшының бiрiншi талап етуi бойынша толық немесе iшiнара қайтарылуға тиiс.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мерзімді салым белгілі бір мерзімге енгізіледі.
Егер банктік салым шартында өзгеше көзделмесе, салымшы мерзімді салымды белгіленген мерзім өткенге дейін талап еткен жағдайларда, салым бойынша сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Жинақ салымы белгілі бір мерзімге енгізіледі.
Салымшы жинақ салымын белгіленген мерзім өткенге дейін талап еткен жағдайларда, салым бойынша сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Шартты салым банктік салым шартында айқындалған мән-жайлар басталғанға дейін енгізіледі.
Егер банктік салым шартында өзгеше көзделмесе, салымшы шартты салымды банктік салым шартында айқындалған мән-жайлар басталғанға дейін талап еткен жағдайларда, салым бойынша сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 758-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
758-бап. Банк салымы шартының нысаны
1. Банк салымы шарты жазбаша түрде және заң актілерінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтiк құқықтық актiлерінде және банктiк тәжiрибеде қолданылып жүрген іскерлік айналым дағдыларында белгіленген талаптарға сай жасалуға тиіс.
2. Салымшының талап етуi бойынша салымның жасалғанын куәландыратын құжат не оның атына, не белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына ресiмделуi мүмкiн.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Банктік салым шартының жазбаша нысанын сақтамау осы шарттың маңызсыздығына алып келеді.
759-бап. Банк салымы шартының қолданылу мерзiмi
1. Банк салымы шарты салым сомасы банкке келiп түскен күннен бастап жасалған болып саналады.
2. Талап етiлмелi банк салымы шарты мерзiмсiз болып табылады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1. Банктік салым шартында көзделген салым мерзімі банкке «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған банкті реттеу шаралары қолданылған кезде өзгертілуі мүмкін.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Салымшы мерзімді және (немесе) жинақ салымдарының сомасын олардың мерзiмi өткеннен кейiн, сондай-ақ шартты салымның сомасын банк салымы шартты салымның қайтарылуын байланыстыратын мән-жайлар пайда болғаннан кейiн талап етпесе, егер шартта өзгеше көзделмесе, банк салымы шарты талап етiлмелi салым шарттарымен ұзартылған болып саналады.
ҚР 29.11.1999 № 486-I Заңына сәйкес; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 760-бап өзгертілді
760-бап. Банк салымы шарты бойынша сыйақы
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Банк салымшыға осы баптың ережелерін ескере отырып, банк салымы шартында белгiленетiн мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейдi.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Талап етілгенге дейінгі салым бойынша сыйақы мөлшері банктік салым шартымен белгіленеді, бірақ ол жылдық 0,1 пайыздан аса алмайды.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-2-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1-2. Мерзімді және жинақ салымдары бойынша сыйақы мөлшерлемесі тіркелген немесе құбылмалы болуы мүмкін.
Мөлшері банктік салым шартында көзделген салым мерзімі ішінде төмендетілмейтін сыйақы мөлшерлемесі тіркелген сыйақы мөлшерлемесі болып табылады.
Мөлшері банктік салым шартында көзделген талаптарға сәйкес өзгертілетін сыйақы мөлшерлемесі құбылмалы сыйақы мөлшерлемесі болып табылады.
Банктік салым шарты бойынша құбылмалы сыйақы мөлшерлемесін есептеу тәртібі, оның қолданылу шарттары қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың 3-тармағында белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, банк салымы шартында көзделген сыйақы мөлшерін ұлғайту немесе салым мерзімін ұзарту жағдайларын қоспағанда, банк салымдар бойынша сыйақы мөлшерiн бiржақты тәртiппен өзгертуге құқылы емес.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Банктік салым шарты бойынша сыйақы мөлшері банкке «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызылған банкті реттеу шаралары қолданылған кезде өзгертілуі мүмкін.
761-бап. Банк салымы шарты бойынша сыйақы төлеудiң тәртібі
1. Банк салымы шарты бойынша банк сыйақыны банк салымы шартында белгiленген тәртiппен және мөлшерде төлейдi.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, осы баптың 3-тармағында көрсетілген банктік салымдар бойынша сыйақы салымшыға оның талап етуi бойынша әр тоқсан аяқталғаннан кейiн салым сомасынан бөлек төленедi, ал бұл мерзiмде талап етiлмеген сыйақының сомасы салымның сыйақы төленетiн сомасын арттырады.
Салымды қайтару кезiнде салымшыға сол кездегі оған тиесілі барлық сыйақы төленедi.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Талап етiлмелi салым бойынша салымшы салым бойынша өзiне тиесiлi сыйақыны салым сомасынан бөлек алуға құқылы.
Мерзімді салымдар бойынша салымшы салым бойынша өзіне тиесілі сыйақыны салым мерзімі өткенге дейін оның сомасынан бөлек алуға құқылы. Егер банктік салым шартында өзгеше көзделмесе, мерзімді салымдар бойынша сыйақы мөлшері банк талап етілгенге дейінгі салымдар үшін қолданатын мөлшерге қолданылатындай түрде қайта есептеледі. Салым мерзімі өткен соң салымшы өзінің салымды талап ететініне немесе талап етпейтініне қарамастан, өзіне тиесілі сыйақыны толық мөлшерде алуға құқылы (осы Кодекстің 759-бабының 3-тармағы).
Шартты салым бойынша салымшының оған тиесiлi сыйақыны салымның сомасынан бөлек алуы банк салымы шартында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
4. Сыйақы салымды қайтару үшiн көздемеген мерзiмдерде және нысанда төленедi (осы Кодекстiң 765-бабы).
5. Салымды толық қайтару кезiнде салымшыға сол кездегi өзiне тиесiлi барлық сыйақы төленедi.
762-бап. Салымдарды енгізу
1. Егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшылар салымдарды қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз аудару арқылы да енгiзедi.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Талап етiлмелi салым кезiнде салымшы ақшаны кез келген сомада және кез келген кезеңде жекелеген жарналармен енгiзе алады. Бұл ретте жаңа түскен сомалар бойынша сыйақы есептеу, сыйақының банкке ақша түскен күнi қолданылған мөлшерiне қарай жүргiзiледi.
Мерзiмдi салымдар, жинақ салымдары сондай-ақ шартты салымдар кезiнде, егер банк салымы шартында өзгеше көзделмесе, салымшы ақшаны бiр жолғы жарна түрiнде енгiзедi.
763-бап. Үшiншi тұлғалардың салымға ақша енгізуi
Банкке үшiншi тұлғалардан салымшының атына оның бiрыңғайландырылған дербес коды туралы қажеттi деректер көрсетiле отырып түскен ақша салымға енгiзiледi.
764-бап. Үшiншi тұлғалардың пайдасына салымдар
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Банкке салым белгiлi бiр үшiншi тұлғаның атына енгiзiлуi мүмкiн.
Пайдасына салым енгiзiлетiн азаматтың атын (осы Кодекстiң 15-бабы) немесе заңды тұлғаның атауын (осы Кодекстiң 38-бабы) көрсету тиiстi банк салымы шартының елеулi талабы болып табылады.
Шарт жасасу қарсаңында қайтыс болған азаматтың не сол кезде болмаған заңды тұлғаның пайдасына банктік салым шарты маңызсыз болады.
2. Үшiншi тұлға салымшының құқығынан жазбаша түрде бас тартқан жағдайда банк салымы шартын жасаған тұлға салымға өзi енгiзген ақшаға қатысты салымшының құқықтарын пайдалана алады.
3. Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген жағдайда, ол банк салымы шартында көзделген талаптарды сақтаған кезде ғана оларға билiк етуге құқылы. Бұл талаптар басталғанға дейiн үшiншi тұлға салымға тек салым енгiзген тұлғаның жазбаша рұқсаты бойынша ғана билiк ете алады.
Салым бойынша талап, банк салымы шартында жазбаша түрде жазылуға, заң актілеріне қайшы келмеуге және салымды берудi қиындататын түсiнiксiздiгi болмауға тиiс.
Шартты салымды алу үшiн үшiншi тұлға банкке белгiленген талаптарды орындағандығын растайтын құжаттар табыс етедi.
Үшiншi тұлғаның пайдасына шартты салым енгiзген тұлғаның: үшiншi тұлға осы талаптың орындалғанын растайтын құжат ұсынбаған жағдайда, өзi белгiлеген талаптарды өзгертуге; үшiншi тұлға салым енгізу кезiнде көрсетiлген талапты орындамаған не ол банк салымы шартында көзделген талапты орындағанға дейін қайтыс болған жағдайда салымға билік етуге құқығы бар.
4. Yшiншi тұлғаның пайдасына шарт туралы ережелер (осы Кодекстiң 391-бабы), егер ол осы баптың ережелерiне қайшы келмесе, үшiншi тұлғаның пайдасына банк салымы шартына қолданылады.
ҚР 29.03.2000 № 42-II Заңына сәйкес 765-бап жаңа 6-1-тармақпен толықтырылды; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 765-бап өзгертілді
765-бап. Банк салымдарын қайтару
1. Банк салымды немесе оның бiр бөлiгiн салымшының алғашқы талап етуi бойынша:
1) талап етiлмелi салымдар бойынша - салымшы талаптарының келiп түсуi бойынша;