ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ нормативтік қаулысын қараңыз
Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2023 жылғы 26 шілдедегі № 115-ө өкімін қараңыз
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
3-бап. Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасы
4-бап. Активтерді қайтарудың негізгі қағидаттары
5-бап. Осы Заңның мақсаттары мен міндеттері
2-тарау. АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛЕТТІ ОРГАННЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ, ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ ЖӘНЕ КОМИССИЯНЫҢ ҚЫЗМЕТІ
6-бап. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
7-бап. Активтерді қайтару саласындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл
8-бап. Комиссия
9-бап. Комиссияның функциялары
10-бап. Активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ қабылданған жүйелі шаралар жөніндегі жыл сайынғы ақпарат
3-тарау. ЗАҢСЫЗ ИЕМДЕНІЛГЕН ЖӘНЕ ШЫҒАРЫЛҒАН АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ЖӨНІНДЕГІ ШАРАЛАР
11-бап. Активтерді заңсыз иемденуге, шығаруға қарсы іс-қимыл жасау және оларды қайтару үшін ақпаратты мониторингтеу мен талдау
12-бап. Активтерді қайтару жөніндегі шаралар құрамы
13-бап. Тізілім
14-бап. Тізілімді қалыптастыру тәртібі
15-бап. Тізілімге енгізілген тұлғаларды хабардар ету
16-бап. Алдын ала қамтамасыз ету шараларын қабылдау туралы арыз
17-бап. Алдын ала қамтамасыз ету шаралары
18-бап. Активтерді ашып көрсету туралы декларацияны ұсыну тәртібі
19-бап. Активтерді ашып көрсету туралы декларацияны және оған қоса берілетін мәліметтерді қарау тәртібі
20-бап. Активті иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру
21-бап. Иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығы тексерудің нысанасы болатын активтің меншік иесі болып табылатын субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының құқықтары мен міндеттері
22-бап. Активтерді қайтаруға байланысты жолданымдарды немесе шағымдарды қарау тәртібі
23-бап. Субъектілердің және (немесе) олардың үлестес тұлғаларының құқықтық кепілдіктері
4-тарау. АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ТӘСІЛДЕРІ МЕН ТӘРТІБІ
24-бап. Активтерді қайтару тәсілдері (тетіктері)
25-бап. Активтерді ерікті түрде қайтару
26-бап. Активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру негізі
27-бап. Активтерді азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде мәжбүрлеп қайтару ерекшеліктері
28-бап. Пайда болуы түсініксіз активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру
29-бап. Сот шешімі және оның орындалуы
30-бап. Активті ақшалай баламада тәркілеу не мемлекет кірісіне айналдыру мүмкіндігі
31-бап. Азаматтық іс жүргізуді қозғаудың өзге де негіздері
5-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОР ЖӘНЕ БАСҚАРУШЫ КОМПАНИЯ
32-бап. Арнаулы мемлекеттік қор
33-бап. Басқарушы компания
34-бап. Басқарушы компанияның қызметіне аудит
6-тарау. АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ МАҚСАТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
35-бап. Активтерді қайтару мақсатындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықтың жалпы қағидаттары
36-бап. Активтерді қайтару мақсатындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастық шеңберінде ақпарат алмасу ерекшеліктері
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
37-бап. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның лауазымды адамдарының жауаптылығы
38-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң қазақстандықтардың қазіргі және келешек ұрпағының мүддесі үшін, Қазақстан халқының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, құқық үстемдігін, әлеуметтік әділеттілікті, Қазақстан халқының игілігі үшін оның экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында, заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару (бұдан әрі - активтерді қайтару) жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңның мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) адал иемденуші - осы Заңның 2-бабында аталған тұлғалармен үлестес емес, мүлікті өтеулі түрде және нарықтық шарттарда иемденген әрі бұл ретте мүліктің заңсыз иемденілген активтерге қатысы бар екенін білмеген немесе білуге тиісті болмаған тұлға;
2) адал кредитор - осы Заңның 2-бабында аталған тұлғалармен үлестес емес, аталған тұлғалармен жасалған мәмілелерден туындаған, олардың мүлкімен қамтамасыз етілген мүліктік талап ету құқықтары бар тұлға, оның ішінде қарыз берушілер, сондай-ақ жалға алушылар;
3) активтер - Қазақстан Республикасындағы және оның шегінен тысқары жердегі мүліктік игіліктер мен құқықтар (мүлік), оған қоса осындай мүліктен алынған (алынатын) кез келген мүліктік игілік пен құқық (мүлік);
4) активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы;
5) активтерді түрлендіру - активті, оның нысанын немесе түрін материалдық, қаржылық немесе заңдық тұрғыдан өзгертудің және (немесе) түрлендірудің кез келген нысаны, осындай өзгерту және (немесе) түрлендіру не қосу тәсіліне қарамастан, активті басқа активке ішінара немесе толық қосу, оның ішінде валютаны, валюталық құндылықтарды, бағалы қағаздарды немесе өзге де қаржы құралдарын бір түрден басқа түрге конвертациялау, бағалы қағаздарды немесе өзге де қаржы құралдарын қатысу үлестеріне конвертациялау, өзге активтерді басқа актив түрлеріне конвертациялау, активті өзге активке айырбастау, активті ақшалай соманы төлеуге немесе өзге де қарсы ұсынуға айырбастау үшін өткізу және бағыты ұқсас өзге де әрекеттер;
6) активті бақылау (бұдан әрі - бақылау) - активті кез келген түрде тікелей немесе жанама басқару мүмкіндігі және (немесе) активтің заң жүзіндегі тағдырын кез келген тәсілмен, оның ішінде жанама түрде және кез келген негізде бір немесе бірнеше тұлға мен ұйым арқылы, активтер тұлғаның (тұлғалар тобының) меншігінде, пайдалануында, иелігінде және (немесе) бақылауында болған не болжам бойынша болған кезең ішінде айқындау мүмкіндігі;
7) активті номиналды иеленуші - өзге тұлғаның мүддесі үшін және (немесе) тапсырмасы бойынша активтің меншік иесінің (иеленушінің, пайдаланушының) құқықтарын жүзеге асыратын тұлға;
8) әкімшілік-билік ресурстары (байланыс, ықпал) - тиісті субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының кәсіпкерлік қызметті жүргізуінің бәсекелестік емес қолайлы жағдайын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін қабылдауға не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шешімдер қабылдауына (актілер қабылдауына, әрекеттер жасауына, әрекетсіздігіне), сол сияқты мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер органдарының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жарғылық капиталына мемлекет тікелей немесе жанама қатысатын өзге де ұйымдардың шешімдер қабылдауына тұлғаның ықпал ету мүмкіндігі;
9) әлеуметтік жобалар - денсаулық сақтау, білім беру саласындағы, халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарын, мүгедектігі бар адамдарды, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, ауыл жастарын, жұмыссыздарды, моноқалалар, ауылдық елді мекендер тұрғындарының мұқтажы үшін коммуналдық және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым объектілерін қолдау саласындағы жобалар және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өзге де жобалар;
10) заңсыз иемденілген активтер - соттың осы Заңда көзделген негіздер бойынша пайда болуы түсініксіз активтер деп тануына байланысты мемлекетке қайтарылуға жататын активтер;
11) пайда болуы түсініксіз активтер - тиісті тұлға активтер құнының өзінің заңды кірістерінің не осындай активтерді иемденуге жұмсалған шығыстарын жабудың өзге де заңды көздерінің мөлшеріне сәйкес келуін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа дәлелдей алмаған, субъектінің және (немесе) оның үлестес тұлғаларының активтері;
12) туыстық қатынастары бар адамдар - ата-аналар (ата-ана), балалары және олардың жұбайлары (зайыптары), бала асырап алушылар және олардың жұбайлары (зайыптары), асырап алынған балалар және олардың жұбайлары (зайыптары), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (қарындастар) және олардың жұбайлары (зайыптары), ата, әже, немерелер, шөберелер және олардың жұбайлары (зайыптары), арғы ата, арғы әже;
13) үстеме кірістер - әкімшілік-билік ресурстарын (байланысты, ықпалды) пайдалану нәтижесінде (пайдалану арқылы) алынған, алу шарттары мен мөлшері (сомасы) осы Заңға сәйкес белгіленетін кірістер.
2-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
1. Осы Заң Қазақстан Республикасында заңсыз алынған қаражатқа (кірістерге) иемденілген Қазақстан Республикасының аумағындағы активтер не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі активтер меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында болатын (болған) не болжам бойынша болатын (болған) жеке тұлғаларға - Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға, «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағын қоса алғанда, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген заңды тұлғаларға, сол сияқты құрылған (тіркелген) еліне қарамастан, заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымдарға қатысты Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады.
2. Осы Заң Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрған жеріне және меншігінде, иелігінде немесе бақылауында Қазақстан Республикасының аумағындағы активтердің болуына (болмауына) қарамастан, оларға қатысты қолданылады.
3. Осы Заң, егер шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар бұрын Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған болса не Қазақстан Республикасының салық резиденттері болып табылса, мұндай адамдардың тұрған жеріне және меншігінде, иелігінде немесе бақылауында Қазақстан Республикасының аумағындағы активтердің болуына (болмауына) қарамастан, оларға қатысты қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі аталған тұлғалардың немесе олардың үлестес тұлғаларының Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған не Қазақстан Республикасының салық резиденті болған кезеңде заңсыз иемденген активтеріне қатысты қолданылады.
4. Осы Заң осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың үлестес тұлғалары болып табылатын (болып табылған) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қолданылады.
Осы Заң шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тіркелген заңды тұлғаларға, сол сияқты құрылған (тіркелген) еліне қарамастан, заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымдарға, оның ішінде осы баптың 1 - 3-тармақтарында аталған және (немесе) Қазақстан Республикасында заңсыз алынған қаражатқа (кірістерге) иемденілген Қазақстан Республикасының аумағындағы активтер не Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі активтер меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында тікелей немесе жанама түрде болатын (болған) не болжам бойынша тікелей немесе жанама түрде болатын (болған) не осы баптың 1 - 3-тармақтарында аталған тұлғалардан активтерді иемденген тұлғалардың үлестес және (немесе) байланысты тұлғалары болып табылатындарға (болып табылғандарға) қатысты да қолданылады.
5. Осы баптың 1 - 4-тармақтарында көзделген ережелер ескеріле отырып, осы Заңның заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы нормалары мынадай белгілерге сәйкес келетін тұлғаларға қатысты қолданылады:
1) осы Заңда көзделген көздерден өздеріне қатысты мынадай:
осы адамның жауапты мемлекеттік лауазымды, мемлекеттік заңды тұлғада немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындауды көздейтін лауазымды атқаратын адам болып табылатыны (болып табылғаны) туралы және (немесе) жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын (атқарған) адамдарға және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғада немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын (орындаған) адамдарға қатысты әкімшілік-билік ресурстарының (байланыстың, ықпалдың) болуы (оның ішінде, бұрын болуы) туралы;
әкімшілік-билік ресурстарын (байланысты, ықпалды) пайдалану нәтижесінде (пайдалана отырып) активтерді және (немесе) кірістерді (оның ішінде, бұрын алынған активтерден) алу (оның ішінде, акцияларын (жарғылық капиталдарға қатысу үлестерін) жеке тұлға иеленетін заңды тұлғаларды қоса алғанда, тікелей немесе үлестес тұлғалар арқылы) туралы мәліметтер бар (жиынтығында) жеке тұлғалар (бұдан әрі - субъект);
2) субъектілермен үлестес жеке және заңды тұлғалар.
6. Шешімдерді (әрекетті, әрекетсіздікті) тікелей және (немесе) жанама немесе өзге де түрде айқындауға және (немесе) әрқайсысы (тұлғалардың бірі) қабылдайтын шешімдерге (жасайтын әрекеттерге, әрекетсіздікке) қандай да бір ықпал етуге мүмкіндігі бар және (немесе) болған, төменде санамаланған негіздердің бірі бойынша субъектілермен немесе өзара байланысты жеке және (немесе) заңды тұлғалар субъектілердің үлестес тұлғалары болып табылады:
1) туыстық қатынастары бар адамдар, жұбайы (зайыбы), оның ішінде бұрынғы жұбайы (зайыбы), жұбайымен (зайыбымен) туыстық қатынастары бар адамдар, оның ішінде бұрынғы жұбайымен (зайыбымен) туыстық қатынастары бар адамдар;
2) туыстар, жұбайының (зайыбының) туыстары, сондай-ақ бұрынғы жұбайының (зайыбының) туыстары;
3) жеке тұлғаның асырауындағы не онымен бірлесіп шаруашылық жүргізетін адамдар;
4) осы бапта көзделген субъектінің немесе өзге де жеке тұлғаның әрекеттерді айқындауға нақты мүмкіндігі болатын, оның ішінде оларға, заңның, өзге де құқықтық актінің немесе құрылтай құжатының күшіне орай олардың атынан әрекет етуге уәкілеттік берілген адамдарға, сондай-ақ заңды тұлғаның немесе заңды тұлға құрмайтын бірлестіктің (ұйымның) басқару органдарының мүшелеріне нұсқау беруге мүмкіндігі болатын жеке тұлғалар, заңды тұлғалар және құрылған (тіркелген) еліне қарамастан, заңды тұлға құрмайтын бірлестіктер (ұйымдар);
5) субъектілердің және олармен үлестес тұлғалардың тапсырмасы бойынша және (немесе) мүдделерінде өзгеше түрде әрекет ететін тұлғалар, оның ішінде осындай субъектілердің және олармен үлестес тұлғалардың мүлкін сенімгерлік басқарушылар болып табылатын, сол сияқты аталған субъектілердің және олармен үлестес тұлғалардың активін өзге де иемденушілер, номиналды немесе нақты иеленушілер болып табылатын тұлғалар;
6) субъектілермен және олармен үлестес тұлғалармен жасалған келісімнің және (немесе) өзге де уағдаластықтың негізінде мүлікті иеленетін, пайдаланатын немесе оған билік ететін тұлғалар;
7) субъектілермен және олармен үлестес тұлғалармен ортақ меншігі бар тұлғалар;
8) субъектілерге және олармен үлестес тұлғаларға ортақ коммерциялық және экономикалық мүдделер арқылы байланысты жеке және заңды тұлғалар;
9) субъектілер және (немесе) олармен үлестес тұлғалар тікелей және (немесе) жанама түрде бақылайтын заңды тұлға;
10) трастық қорларды және (немесе) басқа да ұқсас құрылымдарды құруға тартылған, сондай-ақ құрылтайшыларын, қаржы ұйымдарын, оның ішінде банктерді, пайда алушыларды, басқарушыларды және активтерді басқарудың және (немесе) иеленудің және (немесе) пайдаланудың трастық және өзге де ұқсас құрылымына қатысы бар өзге де тұлғаларды қоса алғанда, трастық қорларды және (немесе) басқа да ұқсас құрылымдарды иеленуге және (немесе) басқаруға тартылған тұлғалар;
11) комиссия субъектілермен және олармен үлестес тұлғалармен үлестес деп таныған өзге де жеке және (немесе) заңды тұлғалар.
7. Осы баптың 1 - 6-тармақтарында көзделген ережелер ескеріле отырып, осы Заңның тұлғаларды тізілімге енгізу, активтерді ашып көрсету жөнінде декларациялар тапсыру туралы, сол сияқты осындай тұлғалар активтерінің пайда болуы түсініксіз активтер деп танылуына байланысты оларды мемлекет меншігіне айналдыру туралы нормалары өздерінің (сол сияқты олардың мұрагерлерінің және құқықтық мирасқорларының) меншігінде, пайдалануында, иелігінде немесе бақылауында жиынтық мөлшері айлық есептік көрсеткіштің он үш миллион еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын активтер болатын тұлғаларға қолданылады.
Тұлға (тұлғалар тобы) активтерінің жиынтық мөлшері кез келген қолжетімді дереккөздер, оның ішінде бухгалтерлік, салықтық, аудиторлық есептілік мәліметтері, активтердің кадастрлық, баланстық, нарықтық, бағалау құны туралы мәліметтер, активтерді иемдену немесе кейіннен иеліктен шығару бағасы туралы мәліметтер, бұқаралық ақпарат құралдарындағы талдамалық шолулар мәліметтері және басқа да мәліметтер негізінде айқындалады.
Осы тармақтың мақсаттары үшін айлық есептік көрсеткіш оның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, тұлға (тұлғалар тобы) активтерінің жиынтық мөлшері айқындалатын кезеңде қолданыста болатын (қолданыста болған) мөлшеріне сәйкес айқындалады. Егер тұлға (тұлғалар тобы) активтерінің жиынтық мөлшері бұрын қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасында айлық есептік көрсеткішті белгілеу көзделмеген кезеңдегі күнге айқындалған болса, мұндай кезең үшін айлық есептік көрсеткіштің мәні - оның Қазақстан Республикасының заңнамасында алғаш рет белгіленген мәні болады.
8. Субъектілер және (немесе) олардың үлестес тұлғалары өздеріне тиесілі активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын осы Заңда белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша сотта дәлелдеуге міндетті.
3-бап. Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының активтерді қайтару туралы заңнамасында реттелген құқықтық қатынастарға активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның мыналарды:
1) құжаттарды (ақпаратты) талдау, қорыту, деректерді талдауға жәрдемдесу саласындағы арнаулы бағдарламалық қамтылымды (лицензиялық бағдарламалық қамтылымды) және өзге де бағдарламалық-техникалық жабдықты;
2) активтердің пайда болуы туралы мәліметтерді іздеу, жинау, өңдеу және талдау; активтерді қайтару мәселелері бойынша халықаралық-құқықтық ынтымақтастық мәселелері бойынша бағалау, аудит жүргізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, кәсіби заңдық және өзге де (консультациялық) көрсетілетін қызметтерді;
3) мемлекетке қайтарылуға жататын активтердің құқықтық мәртебесін, құқықтық тиесілілігін, меншік құқығын анықтауға, сондай-ақ осындай активтерді қайтаруға байланысты азаматтық талап қою мен өзге де процестік құжаттарды дайындау, шетелдік соттарда және шет мемлекеттердің өзге де құзыретті органдарына ұсыну және қолдап отыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
4) шетелдік және халықаралық соттарда (төреліктерде) активтерді қайтару мәселелері бойынша шет мемлекеттердің соттарында және өзге де құзыретті органдары мен ұйымдарында және халықаралық ұйымдарда мүдделерді білдіру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
5) қайтарылуға жататын активтерге аудит, бағалау жүргізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуы бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды.
4-бап. Активтерді қайтарудың негізгі қағидаттары
1. Активтерді қайтару мынадай:
1) заңдылық;
2) активтерді ерікті түрде қайтаруға ынталандырудың басымдығы;
3) жариялылық, ашықтық және есеп берушілік;
4) процеске қатысушылардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін қорғаудың басымдығы;
5) мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимыл жасауы;
6) азаматтық айналымды, адал иемденушілер мен адал кредиторлардың құқықтарын қорғау;
7) активтерді қайтару жөніндегі шаралар мен тетіктердің пропорционалдылығы (шамалас болуы) қағидаттарының негізінде жүзеге асырылады.
2. Активтерді заңсыз иемдену және шығару фактілері туралы хабарлаған немесе активтерді қайтаруға өзгеше түрде жәрдемдесетін адам Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне, «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекет қорғауында болады.
5-бап. Осы Заңның мақсаттары мен міндеттері
1. Осы Заңның мақсаттары активтерді қайтару және (немесе) оларды Қазақстан Республикасындағы заңды экономикалық айналымға тарту, оларды заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қоғамда әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу мынадай міндеттерді шешу арқылы іске асырылады:
1) активтерді шығару саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру;
2) активтерді қайтару бойынша халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту;
3) мемлекеттік саясатты қалыптастыру және қайтарылған қаражатты қоғамның игілігі үшін тиімді пайдалану;
4) экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға, активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мен жою және олардың салдарын жою.
2-тарау. АКТИВТЕРДІ ҚАЙТАРУ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛЕТТІ
ОРГАННЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ, ВЕДОМСТВОАРАЛЫҚ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУ ЖӘНЕ
КОМИССИЯНЫҢ ҚЫЗМЕТІ
6-бап. Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган:
1) активтерді қайтару жөніндегі қызметті мемлекет атынан және оның мүддесі үшін жүзеге асырады;
2) активтер туралы ақпаратты іздеуді, жинауды, келіп түскендерін өңдеуді, қорытуды, бағалауды, активтердің пайда болуы туралы мәліметтерді талдауды жүзеге асырады;
3) активтерді қайтару мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауды және мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;
4) комиссия қалыптастырған тізілімді жүргізуді жүзеге асырады;
5) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер, бітімгершілік келісімдер, Қазақстан Республикасының қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес кінәні мойындау және активтерді қайтару туралы процестік келісімдер және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де келісімдер жасасады;
6) активтерді қайтару мақсатында қылмыстық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық және азаматтық-құқықтық салаларда халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
7) заңсыз иемденілген активтерді іздеу (ашып көрсету), пайда болуын растау саласында, алдын ала қамтамасыз ету шараларын, қамтамасыз ету шараларын қолдану және мемлекетке қайтару саласында халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
8) комиссияның қызметін қамтамасыз ететін жұмыс органының функцияларын жүзеге асырады;
9) осы Заңда көзделген негіздер бойынша мемлекет атынан жеке және заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуге, сол сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс жүргізуге бастама жасайды;