4. Активтер мен міндеттемелерді тұрақтандыру банкіне бергеннен кейін, сыйақыны есептеу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар алдындағы міндеттемелерді орындау он екі ай мерзімге тоқтатыла тұрады. Жеке және заңды тұлғалардың жедел салымдары бойынша міндеттемелерді, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ұлттық Банк алдындағы міндеттемелерді, сондай-ақ тұрақтандыру банкіне берілген активтермен қамтамасыз етілген екінші деңгейдегі банктер алдындағы міндеттемелерді қоса алғанда, орындалу мерзімі жеткен міндеттемелер тұрақтандыру банкінің орындауына жатады. Тұрақтандыру банкі жеке және заңды тұлғалардың ағымдағы шоттары бойынша міндеттемелерді орындайды
5. Активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке бергенге дейін тұрақтандыру банкі уәкілетті органмен келісім бойынша оған бұрын берілген активті консервациялау режиміндегі банктің басқа активіне ауыстыруға құқылы.
6. Тұрақтандыру банкі активтер мен міндеттемелерді уәкілетті орган айқындайтын сатып алушы банкке береді. Тұрақтандыру банкінің активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке беру тәртібі мен шарттары уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Осы бапта көзделген тәртіппен тұрақтандыру банкінің міндеттемелерін беру тұрақтандыру банкінің депозиторларының және (немесе) кредиторларының келісімімен жүзеге асырылады. Тұрақтандыру банкі депозиторлар мен кредиторлардың келісімін алу мақсатында тұрақтандыру банкінің активтерін және (немесе) міндеттемелерін сатып алушы банкке беру туралы хабарландыру жариялайды. Хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
Хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде тұрақтандыру банкінің депозиторларынан және (немесе) кредиторларынан жазбаша қарсылықтың болмауы депозитордың және (немесе) кредитордың міндеттемелерді беруге келісімі ретінде қаралады.
Осы Заңның мақсаттары үшін тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру туралы шарт жасасқан банк сатып алушы банк болып табылады.
7. Банктер осы Заңның 42-бабының және 43-бабының 1-тармағының талаптарын сақтаған жағдайда, осы Заңның осы бабында және 61-2-бабында көзделген тәртіппен банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу кезінде банкке (банктерге) берілген активтер екі жыл бойы есепке алынбайды.
8. Уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкі қабылданған активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке уәкілетті орган көздеген тәртіппен және шарттармен толықтай бергеннен кейін өз қызметін тоқтатады.
9. Уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкінің барлық акциялары тұрақтандыру банкінің капиталын ұлғайтуға және оның Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жұмыс істеуіне кепілдік беретін шарттармен инвесторға өткізілуі мүмкін.
Инвестордың тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алуы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттармен жүзеге асырылады.
Инвестор тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алған кезден бастап банк тұрақтандыру банкінің мәртебесін жоғалтады және өз қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жүзеге асырады. Осы банктің қызметін реттеу, бақылау және қадағалау осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 8-тараудың тақырыбы өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
8-тарау. Банкті және банк холдингін консервациялау
ҚР Президентінің 27.01.96 ж. № 2830 Заң күші бар Жарлығымен; ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2009.13.02. № 135-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 62-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 62-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
62-бап. Банкіні консервациялау ұғымы
1. Банкіні консервациялау уәкiлеттi органның шешiмi бойынша банкінің қаржы жағдайын сауықтыру және оның жұмыс сапасын жақсарту мақсатында банкiге қатысты әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да шаралар мен рәсiмдер кешенiн мәжбүрлi түрде жүргiзудi бiлдiредi.
2. Банк мынадай негiздердiң кез келгенi бойынша консервациялауға ұшырауы мүмкiн:
а) өз капиталының жеткіліктілігі коэффициентінің және (немесе) өтімділік коэффициентінің орындалмауы;
б) Осы Заңның 48-бабында көзделген негiздер бойынша.
3. Консервациялау режимiн белгiлеу уәкiлеттi органның шектеулi (бір жылға дейiн) мерзiмге банкіні басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiктi немесе уақытша банк басқарушысын тағайындауын бiлдiредi.
4. Банкіні консервациялау банкінің өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Уәкiлеттi органның консервациялауды жүргiзу туралы шешіміне банк акционерлерi он күн мерзiмде сот тәртібімен шағым жасай алады. Аталған шешiмге шағым беру банкіні консервациялауды тоқтатпайды.
6. Екінші деңгейдегі банктерге консервациялау режимін қолдану (орнату) тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 63-бап өзгертiлдi
63-бап. Банкіні басқару жөніндегі уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы)
1. Уақытша әкiмшiлiктi (уақытша банк басқарушысын) уәкiлеттi орган оның қызметкерлерi, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымдардың өкілдері, не осы Заңның 20-бабының 2-тармағында белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетін өзге адамдар арасынан тағайындайды.
2. Уақытша әкiмшiлiктiң басшысы мен мүшелерiнiң (уақытша банк басқарушысы) құқықтары мен мiндеттерi, сондай-ақ олардың еңбегiне ақы төлеу шарты уәкiлеттi орган пен уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) арасында жасалатын жеке шарт бойынша белгiленедi.
3. Уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) өз қызметiнде осы Заңды, уәкiлеттi органның қалыптық құқықтық құжаттарын және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарын басшылыққа алады.
4. уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiк мүшелерiн (уақытша банк басқарушысын) кез келген сәтте ауыстыруға құқылы.
5. Банкiге келтiрiлген залал үшiн уақытша әкiмшiлiк басшысы мен мүшелерi (уақытша басқарушы) қолданылып жүрген заңдармен белгiленген жауаптылықты көтередi. Уақытша әкiмшiлiк басшысы мен мүшелерiне (уақытша банк басқарушысына) қалыпты өндiрiстiк тәуекел санатына жатқызылуы мүмкiн залал үшiн жауапкершiлiк жүктеуге жол берiлмейдi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 64-бап өзгертiлдi
64-бап. Банкіні консервациялауды жүргiзу туралы қаулы
1. Уәкiлеттi органның банкке консервациялау жүргiзу туралы шешiмiнде мыналар болуға тиiс:
а) банкінің атауы және оның орналасқан жерi;
б) банкіні консервациялау туралы шешiмнiң негiздемесi;
в) консервация күшiнiң басталуы мен мерзімi;
г) банк қызметiне қойылатын шектеулер тiзбесi;
д) уақытша әкiмшiлiктiң дербес құрамы немесе уақытша банк басқарушысының фамилиясы, аты, әкесiнiң аты;
е) консервациялау режимiнде тұрған банкінің басшы қызметкерлерiне өз жұмысы туралы есеп, табыстары туралы декларация, меншiгiнiң бар екендiгi және оның мөлшерi туралы мәлiметтер әзiрлеу және осы құжаттарды уақытша әкiмшiлiкке (уақытша банк басқарушысына) беру туралы нұсқама;
ж) уақытша әкiмшiлiкке (уақытша басқарушыға) берiлетiн ұсыныстар.
2. Уәкiлеттi органның банкке консервациялау жүргiзу туралы шешiмi Қазақстан Республикасының бүкiл аумағына таратылатын мерзiмдiк екi баспа басылымында жарияланады.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II; 2005.12.23 № 107-III (бұр. ред. қара); 2007.19.02. № 230-III (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 65-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 65-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
65-бап. Консервациялау кезеңiнде банкіні басқару ерекшелiктерi. Уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша банк басқарушысының) банкіні басқару жөніндегі өкiлеттiгi
1. Консервациялау күшiнiң басталуымен және оның мерзiмiне:
а) осы банк эмитенті болып табылатын банк акционерлерінің акцияларды пайдалану мен билік ету жөніндегі құқықтары тоқтатыла тұрады;
б) банк органдарының өкілеттіктері тоқтатылады және оның басшы қызметкерлері жұмыстан шеттетіледі;
в) банкті басқару жөніндегі барлық өкілеттік, сондай-ақ осы банк эмитенті болып табылатын банк акционерлерінің акцияларды пайдалану жөніндегі құқықтары уақытша әкімшілікке (уақытша басқарушыға) көшеді;
г) уақытша әкiмшiлiкке (уақытша банк басқарушысына) айтпастан және оның жазбаша келісімiнсiз банкінің атынан және оның есебiнен жасалған барлық мәмiлелер жарамсыз деп танылады.
2. Уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы):
а) осы Заңның 66-бабының талаптарын ескере отырып банк қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша дербес шешiм қабылдауға;
б) қажет болған жағдайда консервациялау кезеңiнде қабылданған депозиттер бойынша банкінің мiндеттемелерiн толық немесе iшiнара тоқтата тұруға;
в) қажет болған жағдайда банк қаражатын салуды көздейтiн банк жасасқан шарттарды бұзуға не оларға, ставкаларын, тарифтерiн және қолданылу мерзiмiн өзгертудi қоса, біржақты тәртiппен өзгерістер мен толықтырулар енгізуге;
г) банкінің атынан кез келген шарттар мен құжаттарға қол қоюға;
д) банкінің атынан және оның мүддесi үшiн ақы талабын қоюға;
е) банк қызметкерлерiн қызметтен босату, қызметiн төмендету немесе қызметтен уақытша шеттету, олардың арасында мiндеттер бөлiсу туралы бұйрықтарды қоса, бұйрықтар шығаруға;
ж) кредитор мен борышкер бір адам болғандықтан, өзара талаптарды есепке алуға;
з) осы Заңның 61-2 және 61-3-баптарына сәйкес банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) не тұрақтандыру банкіне беруге;
и) осы Заңның 8-бабында көздеген қызметті жүзеге асыруға құқылы.
Консервациялау процесіндегі банкке қойылатын талаптар талап ету құқығын басқаға беру шартынан (шарттарынан) туындаса, кредитормен өзара талаптарды есепке алуға тыйым салынады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңымен 66-бап өзгертiлдi
66-бап. Уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша банк басқарушысының) банкіні басқару жөніндегі қызметiн бақылау
1. Банкіні консервациялау мерзiмi iшiнде уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша басқарушының) қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады, ол: а) уақытша әкiмшiлiкке (уақытша банк басқарушысына) банкіні консервациялау кезеңiнде шаралардың негiзгi бағыттары туралы ұсыныстар беруге (негiзгi шаралар жоспарын ұсынуға);
б) уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) орындауға мiндеттi жазбаша нұсқаулар беруге;
в) уақытша әкiмшiлiктен (уақытша банк басқарушысынан) өз қызметi мен банк қызметi туралы кез келген ақпарат берудi талап етуге;
г) уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша банк басқарушысының) iстелген жұмыс туралы есебiн тыңдауға;
д) консервациялау мерзiмiн ұзартуға;
е) банкіні консервациялаудың аяқталғаны туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) қызметiн егжей-тегжейлi регламенттеу және оның үшiншi жақтармен өзара қарым-қатынасының қағидаттары уәкiлеттi органның қалыптық құқықтық құжаттарымен белгiленедi.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2009.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) Заңдарымен 67-бап өзгертiлдi
67-бап. Консервациялауды тоқтату
1. Банкіні консервациялау мынадай негiздер бойынша тоқтатылады:
а) уәкiлеттi органның шешiмiмен белгiленген консервациялау мерзiмiнiң аяқталуы;
б) уәкiлеттi органның консервациялауды мерзiмiнен бұрын аяқтау туралы шешiм қабылдауы.
2. Банкінің қаржы жағдайының сауығуына және жұмыс сапасының жақсаруына байланысты оны консервациялауды тоқтату (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын) осы банкiге қатысты уәкiлеттi орган немесе уақытша әкiмшiлiк (уақытша банк басқарушысы) белгiлеген барлық шектеулердiң алынып тасталуына әкеп соғады. Бұл орайда консервациялау мерзiмi iшiнде банкінің құрылтай құжаттарына, басқару органдарына және қызметкерлерiнiң құрамына енгiзiлген өзгерістер мен толықтырулар күшiнде қала бередi.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
3. Егер банкіні консервациялау оның қаржы жағдайы мен жұмыс сапасын сауықтыруға жеткiзбеген жағдайда, уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының банк заңнамасында көзделген негiзде банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензиядан айыруға құқылы.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 67-1-баппен толықтырылды
67-1-бап. Банктің бас ұйымы болып табылатын банк холдингін консервациялау
1. Банк холдингін консервациялау банк холдингінің қаржылық жағдайын сауықтыру және оның жұмыс сапасын жақсарту мақсатында банк холдингіне қатысты әкiмшiлiк, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсiмдер кешенiн уәкілетті органның шешiмi бойынша мәжбүрлi түрде жүргiзудi бiлдiредi.
2. Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын банк холдингі ғана консервациялауға ұшыруы мүмкін.
Банк холдингі мынадай негiздердiң кез келгенi бойынша консервациялауға ұшырауы мүмкiн:
1) банк конгломератының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициентінің орындалмауы;
2) қатарынан екі және одан кейінгі тоқсандарда теріс меншікті капиталдың болуы.
3. Консервациялау режимiн белгiлеу банк холдингін басқару жөнiндегi уақытша әкiмшiлiктi немесе банк холдингінің уақытша басқарушысын уәкілетті органның шектеулi (бiр жылға дейiнгі) мерзiмге тағайындауын көздейді.
4. Банк холдингін консервациялау банк холдингінің өз қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
5. Уәкілетті органның консервациялауды жүргiзу туралы шешiмiне банк холдингінің акционерлерi (қатысушылары) күнтізбелік он күн мерзiмде сот тәртiбiмен шағым жасай алады. Аталған шешiмге шағым жасау банк холдингін консервациялауды тоқтата тұрмайды.
6. Осы Заңның 63, 64, 65, 66 және 67-баптарының талаптары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін бөлігінде банк холдингтеріне қолданылады.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 9-тарау жаңа редакцияда
9-тарау. Банктердi тарату және ерiксiз қайта құру
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 68-бап өзгертiлдi
68-бап. Банктердi тарату түрлерi мен негiздерi
1. Банк:
а) уәкiлеттi органның рұқсаты болған жағдайда (ерiктi тарату), оның акционерлерiнiң шешiмi бойынша;
б) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген реттерде (ерiксiз тарату) соттың шешiмi бойынша;
в) алынып тасталды
2. Банктердiң қызметiн тоқтату, оның ішінде банкроттық негіз бойынша тоқтату және осы Заңның талаптарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II Заңымен 68-1-баппен толықтырылды ҚР 10.07.03 ж. № 483-II 68-1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
68-1-бап. Ерікті және еріксіз таратылатын банктер кредиторларының комитеті
1. Кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз ету және олардың банктерді ерікті және еріксіз тарату рәсімдеріне қатысуымен шешімдер қабылдау мақсатында кредиторлар комитеті құрылады.
Ерікті немесе мәжбүрлеп таратылатын банк кредиторлары комитетінің құрамын банктің тарату комиссиясының ұсынысы бойынша уәкiлеттi орган бекітеді.
2. Кредиторлар комитетінің құрылу және қызметі ерекшеліктері уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2008.23.10. № 72-IV (бұр.ред. қара) ҚР Заңдарымен 69-бап өзгертiлдi; 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 69-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
69-бап. Ерiктi тарату
1. Банк акционерлерінің жалпы жиналысы оны ерікті тарату туралы шешім қабылдағаннан кейін банк жеке тұлғалардың депозиттерін оларды тікелей төлеу жолымен қайтару не оларды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатын басқа банкке аудару жөніндегі шараларды қолдануға міндетті.
Банктерді ерікті түрде таратуға рұқсат берудің тәртібі, сондай-ақ жеке тұлғалардың депозиттерін қайтарудың, оларды басқа банкке аударудың тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
1-1. Жеке тұлғалардың депозиттерін қайтаруды жүзеге асырғаннан кейін банк уәкілетті органға өзін ерікті таратуға рұқсат беру туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
Өтінішхатқа акционерлердің жалпы жиналысында бекітілген банктің өз қызметін тоқтатуға дайындалу мерзімдері мен кезеңдері туралы іс-шаралар тізбесі, банктің өз міндеттемелері бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру үшін қаражатының жеткілікті екендігі туралы куәландыратын баланстық есеп, тарату комиссиясының мүшелеріне кандидаттардың, оның ішінде филиалдарында не өкілдіктерінде құрылатын бөлімшелерінің тізімі және басқа да қажетті мәліметтер қоса берілуге тиіс. Қажетті мәліметтер тізбесі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
2. Банктiң ерiктi түрде тарауына рұқсат алу туралы өтiнiшiн уәкiлеттi орган тиiстi түрде ресiмделген құжаттарды қабылдаған күннен бастап екi ай iшiнде қарауға тиiс.
Банктiң ерiктi түрде тарауына рұқсат беруден бас тартқан жағдайда уәкiлеттi орган бұл туралы дәлелдi шешiм қабылдап, банкке хабарлайды.
2-1. Уәкілетті орган банкті өз еркімен таратуға рұқсат беруден бас тартуды мынадай негіздердің бірі:
1) ұсынылған құжаттардың толық болмауы немесе тиісті түрде ресімделмеуі;
2) өз міндеттемелері бойынша есеп айырысу үшін банк қаражатының жеткілікті болмауы;
3) жеке тұлғалардың депозиттерін тікелей төлеу арқылы қайтару не оларды депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы болып табылатын басқа банкке аудару жөніндегі іс-шараларды қабылдамауы бойынша жүргізеді.
3. алынып тасталды
4. Ерiктi түрде тарауға рұқсат алған жағдайда банк тарату комиссиясын банктiң филиалдары мен өкiлдiктерiн ескере отырып, құрады, оған банктiң мүлкi мен iсiн басқару жөніндегі өкiлеттiк ауысады.
Ерiктi түрде таратылатын банктердiң тарату комиссиялары қызметiнiң ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
4-1. Ерікті таратылатын банктің тарату комиссиясының қызметіне бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Ерiктi түрде тарауға рұқсат алғаннан кейiн банк бұл туралы ақпаратты әдiлет орталық органының ресми басылымдарында жариялауға тиiс.
6. Тарату комиссиясы банктi тарату туралы баланс пен есептi бекiткеннен кейiн жетi күн мерзiмде оны Әдiлет министрлігі мен уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
Банктi тарату аяқталған кезде тарату комиссиясы құжаттарды сақтау үшiн белгiленген тәртiппен мұрағатқа тапсыруға және бұл жөнiнде уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
7. Барлық кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға қаржысы жеткiлiксiз болған жағдайда, банк банкроттық негіздер бойынша ерiксiз түрде таратылуы тиiс.
7-1. Ерiктi түрде таратылу процесiн аяқтаудың мүмкiн еместiгiне байланысты уәкiлеттi орган банктiң жұмысын ерiксiз тоқтату (тарату) туралы сотқа жүгiнуге құқылы.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II Заңымен 70-бап өзгертiлдi; 2007.12.01 № 222-III (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2009.11.07. № 185-IV (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) Заңдарымен 70-бап өзгертiлдi
70-бап. Банктердi ерiксiз тарату түрлерi
Банктердi ерiксiз таратуды сот:
а) банк банкроттығына;
б) Қазақстан Республикасының банк заңнамасында көзделген негiздер бойынша банк операцияларын жүргiзуге берiлген лицензиялардан айыруға;
в) банк заңдарында көздеген басқа негiздер бойынша банк қызметiн тоқтату туралы уәкiлеттi мемлекеттік органдардың, заңды немесе жеке тұлғалардың өтiнiшiне (қуынымына) байланысты жүргiзедi.
ҚР 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) 71-бап өзгертілді
71-бап. Банктi банкрот деп тану
1. Банктiң төлем төлеуге қабiлетсiздiгi мен дәрменсiздiгi уәкiлеттi органның сотқа берген банк капиталының мөлшерiн, пруденциалдық нормативтердiң (және мiндеттi сақталуға тиiстi өзге нормалар мен лимиттердiң) есеп айырысу әдiстемелерiн ескере отырып жасаған қорытындысында анықталады.
2. Банктiң белгiленген тәртiп бойынша сот шешiмiмен ғана банкрот деп танылуы мүмкiн. Дәрменсiз банктi оның кредиторлары мен банктiң өз шешiмi бойынша таратудың соттан тыс рәсiмiне жол берiлмейдi.
3. Тараптардың банктiң банкроттығы туралы iс бойынша тату келісім жасауларына мүмкiндiк берiлмейдi.
4. Сот банктi банкрот деп тану және оны мәжбүрлеп тарату туралы шешiмдi уәкiлеттi органға жiбередi.
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 72-бап өзгертiлдi
72-бап. Өзге негiздер бойынша банктi тарату
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
1. Банктердi ерiксiз тарату уәкiлдiк берiлген мемлекеттік органның, заңды немесе жеке тұлғаның өтiнiшi (қуынымы) бойынша (банк операцияларын жүргiзуге берiлген банк лицензияларынан айыру туралы шешiмi жоқ болған жағдайда) сот iс қозғаған жағдайларда осы Заңға сәйкес жүргiзiледi.
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара)
2. Банктi ерiксiз тарату туралы шешiмдi сот уәкiлеттi органға жiбередi.
Осы Заңның 70 бабының в) тармақшасында көзделген негiзде қозғалған iс бойынша банктi ерiксiз тарату туралы сот шешiм қабылдаған күннен бастап банк операцияларын жүргізуге берілген лицензияларынан банк айырылады.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1; 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 73-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 73-бап өзгертілді
73-бап. Ерiксiз таратуды жүргiзудiң шарттары мен тәртібі
1. Соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгізілген күннен бастап осы Заңның 48-1-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 1), 2), 4) - 8) тармақшаларында көзделген салдарлар басталады.
Соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі күшіне енген күннен бастап банктің бұрын жұмыс істеп келген органдарының өкілеттіктері тоқтатылады, басшы қызметкерлері, ал қажет болған жағдайда өзге де қызметкерлері Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыстан босатылады.
1-1. Банктерді банкроттық негізде тарату осы Заңға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Банктi таратумен байланысты барлық шығыстар, осы Заңның 48-1 бабының 8-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сол банктiң қаражаты есебiнен ғана жүргiзiледi.
3. Банк мүлкiн бағалауды тарату комиссиясы қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүргiзедi.
4. Таратылатын банктiң аралық тарату балансын және кредиторлар талаптарының тiзiлiмiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
5. Таратылатын банктiң мүлкiн сатуды банктi тарату комиссиясы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүргiзедi.
6. Банктi, оның iшiнде банкрот болу негiзi бойынша таратылатын банктi тарату комиссиясының қызметiне бақылау жасауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
6-1. Банктi тарату туралы шешiм қабылдаған сот уәкiлеттi органнан банктің тарату комиссиясының қызметіне байланысты кез келген ақпаратты сұратып алуға құқылы.
7. Тарату комиссиясы сотқа уәкiлеттi органмен келісілген тарату туралы есептiлiктi және тарату балансын ұсынады.
Сот тарату туралы есептiлiктi және тарату балансын бекітіп, тарату iсiнiң аяқталғаны туралы ұйғарым шығарады.
Тарату комиссиясы сот ұйғарымының көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын әдiлет органына және уәкiлеттi органға жiбередi.
Тарату комиссиясы тарату балансы мен тарату туралы есеп бекітілгеннен кейін оларды күнтізбелік отыз күн ішінде заңды тұлғаларды тіркеуді жүзеге асыратын әділет органына, ал көрсетілген құжаттардың көшірмелерін уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Банктi тарату аяқталған кезде тарату комиссиясы құжаттарды сақтау үшiн белгiленген тәртiппен мұрағатқа тапсыруға және бұл жөнiнде уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.
8. Тарату комиссиясы банк қызметінің тоқтатылуы тіркелгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде банк қызметінің тоқтатылуының тіркелгені туралы бұйрықтың көшірмесін уәкілетті органға ұсынады.
2005.12.23 № 107-III ҚР Заңымен 73-1- баппен толықтырылды; 2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 73-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред. қара); 2009.13.02. № 135-IV (бұр.ред.қара) ҚР Заңымен 73-1-бап өзгертілді
73-1-бап. 2009.11.07. № 185-IV ҚР Заңымен алып тасталды (жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
ҚР 02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2005.12.23 № 107-III ( бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 74-бап өзгертiлдi
74-бап. Ерiксiз таратылатын банктiң тарату комиссиясы
1. Банктi тарату туралы, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша тарату туралы шешiм қабылданғаннан кейiн сот тарату iсiн қозғайды және уәкiлеттi органға оның филиалдары мен өкiлдiктерiн ескере отырып, банктiң тарату комиссиясын құру жөнiнде мiндеттер жүктейдi.
Банктi тарату комиссиясы банк iстерiн аяқтау және оның кредиторларымен есеп айырысуын қамтамасыз ету үшiн шаралар қолданады.
Мәжбүрлеп таратылатын банктердiң тарату комиссияларын тағайындау және тарату тәртібі, тарату комиссиясының төрағасына және мүшелерiне қойылатын талаптар, сондай-ақ таратуды жүзеге асыру тәртібі және тарату комиссияларының жұмысына қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен айқындалады.