Қазақстан Республикасының
Қылмыстық-атқару кодексі
(2009.11.12. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2010 жылғы 2 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢДАР ЖИНАҒЫНЫҢ III ТОМЫНА ЕНГІЗІЛГЕН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ КОДЕКСIНІҢ МӘТІНІН ҚАРА
ҚР 1997 ж. 13 желтоқсандағы № 209-I Заңын қараңыз
Жалпы бөлім
1-Бөлім. Қазақстан Республикасының (1-21 баптар)
қылмыстық-атқару заңдары
1-тарау. Жалпы ережелер (1-7 баптар)
2-тарау. Сотталғандардың құқықтық жағдайы (8-13 баптар)
3-тарау. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар (14-21 баптар)
және олардың қызметіне бақылау жасау Ерекше бөлім
2-Бөлім. Сотталушыны қоғамнан оқшаулауға (22-63 баптар)
байланысты емес жазаларды атқару
4-тарау. Айыппұл түріндегі жазаны атқару (22-24 баптар)
5-тарау. Белгілі бір лауазымда болу немесе белгілі (24-30 баптар)
бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны атқару
6-тарау. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны атқару (30-36 баптар)
7-тарау. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны атқару (36-43 баптар)
8-тарау. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны (43-56 баптар)
атқарудың тәртібі мен ережелері
9-тарау. Қосымша жазаларды атқару (56-63 баптар)
3-Бөлім. Қамау түріндегі жазаны атқару (63-67 баптар)
10-тарау. Қамау түріндегі жазаны атқарудың (63-67 баптар)
тәртібі мен ережелері
4-Бөлім. Бас бостандығынан айыру түріндегі (68-139 баптар)
жазаны атқару
11-тарау. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны (68-76 баптар)
атқарудың жалпы ережелері
12-тарау. Түзеу мекемелеріндегі режим және оны (77-81 баптар)
қамтамасыз ету құралдары
13-тарау. Түзеу мекемелерінде жазаны өтеу жағдайлары (82-98 баптар)
14-тарау. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың (99-104 баптар)
еңбегі, кәсіптік білімі және кәсіптік даярлығы
15-тарау. Бас бостандығына айыруға сотталғандарға (105-115 баптар)
тәрбиелік ықпал ету
16-тарау. Алуан түрлі түзеу мекемелеріндегі (116-127 баптар)
жазаларды атқарудың ерекшеліктері
17-тарау. Кәмелетке толмаған сотталғандардың бас (128-138 баптар)
бостандығынан айыру түріндегі жазаны
өтеу ерекшеліктері
5-Бөлім. Сотталған әскери қызметшілерге қатысты (139-164 баптар)
әскери қызмет бойынша шектеу, қамау жәнетәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі
жазаларды атқару
18-тарау. Әскери қызмет бойынша шектеу түріндегі (139-144 баптар)
жазаны атқару
19-тарау. Сотталған әскери қызметшілерге қатысты (145-149 баптар)
қамауды атқару
20-тарау. Тәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі (150-164 баптар)
жазаны атқарудың тәртібі мен жағдайлары
6-Бөлім. Өлім жазасы түріндегі жазаны орындау (165-167 баптар)
21-тарау. Өлім жазасы түріндегі жазаны орындаудың (165-167 баптар)
тәртібі мен жағдайлары
7-Бөлім. Жазаны өтеуден босату. (168-180 баптар)
Жазасын өтеуден босатылған сотталғандарға көмек және оларға бақылау жасау
22-тарау. Жазаны өтеуден босату (168-175 баптар)
23-тарау. Жазаны өтеуден босатылған адамдарға (176-180 баптар)
көмек және оларды бақылау
8-Бөлім. Шартты сотталған адамдарға бақылау жасау (181-184 баптар)
24-тарау. Шартты сотталғандардың жүріс-тұрысын (181-184 баптар)
бақылауды жүзеге асыру
Қосымша. Сот үкімі бойынша тәркiленуге жатпайтын мүлiктер
Тізбесі
2007.22.05. № 255-III ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша «әскери комиссариатқа» деген сөздер «жергілікті әскери басқару органына» деген сөздермен ауыстырылды (бұр. ред. қара)
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен мәтін өзгертілді (бұр.ред.қара)
Жалпы бөлім
1-Бөлім. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары
Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары осы Кодекстен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарынан, сондай-ақ жазаны және сотталғандарға қылмыстық-құқықтық ықпал етудiң өзге де шараларын атқару мен өтеудiң тәртібін және жағдайларын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары мен мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары әлеуметтiк әдiлеттіліктi қалпына келтiру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың да, өзге адамдардың да жаңа қылмыстар жасауының алдын алу болып табылады.
2. Аталған мақсаттарға сәйкес қылмыстық-атқару заңдарының мiндетi жазаларды өтеудiң тәртібі мен жағдайларын реттеу, сотталғандарды түзеу құралдарын анықтау, олардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн қорғау, оларға әлеуметтiк бейiмделуге көмек көрсету деп саналады.
3-бап. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңдарының сотталған әскери қызметшiлерге қатысты қолданылуы
1. Сотталған әскери қызметшiлердi жазалау осы Кодекске, өзге де заңдар мен нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бекiткен сотталған әскери қызметшiлердiң қылмыстық жазаларды өтеу ережелерiне сәйкес атқарылады.
2. Сотталған әскери қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жазасын өтейдi және әскери қызметтен өтедi. Оларға осы баптың 1-тармағында аталған нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген шектеулер қолданылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңдарының кеңiстiк пен уақыт тұрғысында қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында жазасын өтеушi сотталғандарға Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары қолданылады.
2. Сотталғандардың қылмыстық жазаларды атқаруы, сондай-ақ оларға түзеу амалдарын қолдану мен босатылатындарға көмек көрсету жазаның осы түрiн атқару кезiнде қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап. Жазаны атқару негiздемесi
Соттың заңды күшiне енген үкімі немесе қаулысы, сондай-ақ рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi жазаны атқару негiздемесi болып табылады.
6-бап. Қылмыстық-атқару заңдарының принциптерi
Қылмыстық-атқару заңдары заңдылық, баршаның заң алдындағы теңдiгi, гуманизм, демократизм және жариялылық, жазаларды атқарудың саралануы мен жеке-даралығын, жазаны түзеу ықпалымен бiрiктiрудi қамтамасыз ететiн принциптерге негiзделедi.
7-бап. Сотталғандарды түзеудiң негiзгi құралдары
1. Сотталғанды түзеу - оның бойында құқық ұстанушылық мiнез-құлықты, жеке адамға, қоғамға, еңбекке, адамзат қоғамының нормаларына, ережелерi мен дәстүрлерiне оң көзқарастарды қалыптастыру.
2007.27.07. № 320-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сотталғандарды түзеудiң негiзгi құралдары мыналар: жазаны атқару мен өтеудiң белгiленген тәртібі (режимi), тәрбие жұмысы, қоғамдық-пайдалы еңбек, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім алу, кәсiптiк даярлық пен қоғамдық ықпал ету.
3. Түзеу құралдары жазаның түрiн, жасалған қылмыстың сипатын, қоғамдық қауiптілік дәрежесiн, кiнә нысаны мен себептерiн, сотталушының жеке басы мен мiнез-құлқын ескере отырып қолданылады.
2-тарау. Сотталғандардың құқықтық жағдайы
8-бап. Сотталғандардың құқықтық жағдайының негiздерi
1. Қазақстан Республикасы сотталғандардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн құрметтейдi және қорғайды, олардың түзелуiне қажеттi жағдайларды, әлеуметтiк әдiлеттілік кепiлдiгiн, олардың жазаларды атқару кезiнде жеке басының әлеуметтiк, құқықтық және өзге де қорғалуын қамтамасыз етедi.
2. Сотталғандар жазаның нақты түрiн атқарудың тәртібі мен жағдайларын негiзге ала отырып, Республика Конституциясында, Қылмыстық, қылмыстық-атқару кодекстерiнде және өзге де заңдарында белгiленген шектеулермен Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары болады және солардың мiндеттерiн атқарады.
3. Сотталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жазаның нақты түрiн атқарудың тәртібі мен жағдайларын негiзге ала отырып, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жағдайы туралы Конституцияға, халықаралық шарттарға, заңдарға сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясында қылмыстық, қылмыстық-атқару кодекстерiнде және өзге де заңдарында көзделген шектеулерi бар құқықтары болады және олар сондай мiндеттер атқарады.
9-бап. Сотталғандардың негiзгi мiндеттерi
1. Сотталғандар осы Кодекспен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен және үкiммен белгiленген құқықтық шектеулерден туындайтын талаптарды сақтауға мiндеттi.
2. Сотталғандар жазаларды атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiктерiнiң өздерiнiң мiнез-құлқына арнап белгiлеген заңды талаптарын орындауға мiндеттi.
3. Сотталғандардың өздерiне жүктелген мiндеттердi, сондай-ақ жазаларды атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарын орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
10-бап. Сотталғандардың негiзгi құқықтары
1. Сотталғандардың сот тағайындаған жаза түрiн өтеудiң тәртібі мен жағдайлары, өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерi туралы ақпарат алуға құқығы бар. Ақпаратты жазаны атқарушы мекеме немесе орган бередi.
2. Сотталғандар жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгiне, жазаны атқарушы мекемелер мен органдардан жоғары тұрған басқару органдарына, сотқа, прокуратура органдарына, мемлекеттік өкiмет органдарына, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ адам құқығы мен бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарға ауызша және жазбаша ұсыныстар, өтiнiштер жасауға және шағымдануға құқылы.
3. Сотталғандар түсiнiктеме беруге және хат алысуға, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында аталғанындай ана тілінде немесе өзi бiлетiн кез келген басқа тiлде ұсыныстар, өтiнiштер жасауға және шағымдануға, қажет болған жағдайларда аудармашының қызметiн пайдалануға құқылы. Сотталғандарға жауап өтiнiш жасаған тілінде қайтарылады. Өтiнiш жасаған тiлде жауап қайтаруға мүмкiндiк болмаған жағдайда ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде немесе ресми қолданылатын орыс тілінде берiледi. Жауапты өтiнiш жасаған тiлге аударуды жазаны атқарушы мекеме немесе орган қамтамасыз етедi.
4. Сотталғандар адвокаттардың, сондай-ақ осындай көмек беруге уәкiлеттi басқа адамдардың заң көмегiн пайдалануға құқылы.
5. Сотталғандардың әлеуметтiк қамтамасыз етiлуге, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зейнетақы алуға құқығы бар.
6. Қамауға немесе бас бостандығынан айыруға сотталғандар өздерiнiң денсаулығын сақтау үшiн қажеттi материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитариялық қамсыздандыру құқығын пайдаланады.
7. Соттың үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдарды қоспағанда, сотталғандардың мемлекеттік органдарды және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.
8. Жазасын өтеген және сотталуына байланысты атқарып жүрген қызметiнен босатылған адамдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбекке және тұрмыстық жағынан орналасуға, әлеуметтiк көмектiң басқа түрлерiн алуға құқығы бар.
9. Жазасын өтеп жүрген адамдардың қызметкерлер тарапынан сыпайылық көру құқығы бар. Олар қатаң немесе адамшылық қасиетiн қорлайтындай қарауға ұшыратылмауға тиiс. Сотталғандарға мәжбүрлеу шараларын заң негiзiнен өзгеше қолдануға болмайды.
10. Қамауға немесе бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдiктердiң өз мемлекеттерiнiң дипломатиялық өкiлдерiмен және консулдық мекемелерiмен, ал Қазақстан Республикасында дипломатиялық және консулдық мекемелерi жоқ елдердiң азаматтарының - олардың мүдделерiн қорғауды өз мойнына алған мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiмен немесе оларды қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдармен байланыс жасауға құқығы бар.
11. Сотталғандардың құқықтарын iске асыру тәртібі осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен, Қазақстан Республикасы бекiткен мемлекетаралық шарттармен белгiленедi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 11-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
11-бап. Сотталғандардың жеке басының қауiпсiздiгiне құқығы
1. Сотталғандардың және басқа адамдардың тарапынан сотталушының жеке басына қарсы қылмыс жасау қаупi туындаған кезде ол қамау немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны атқарушы мекеменiң кез келген лауазымды адамына өзiн мұндай қатер жоқ қауiпсiз орынға ауыстыру туралы өтiнiш жасауға құқылы. Бұл жағдайда лауазымды адам сотталушыны қауiпсiз орынға ауыстыру жөнiнде дереу шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Мекеменiң бастығы сотталушыны қауiпсiз орынға ауыстыру туралы шешiм, сотталушының жеке басына қарсы қылмыстың жасалу мүмкiндiгiн болғызбайтын өзге де шаралар қолданады, оның жазасын одан әрi өтеу орны туралы мәселенi шешедi.
12-бап. Сотталғандардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету
1. Сотталғандарға ар-ождан бостандығы мен дiн ұстану бостандығына кепiлдiк берiледi.
2. Қамау немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген адамдарға олардың өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелген дiни бiрлестiктердiң қызметшiлерi шақырылады. Жазаны атқарушы мекемелерде сотталғандарға заңда тыйым салынбаған дiни ғұрыптарды орындауына, табыну заттары мен дiни әдебиеттi пайдалануына рұқсат етiледi. Мекеме әкiмшiлiгi ол үшiн тиiстi үй-жай бөледi.
3. Ерекше режимдегi колониялардың карцерлерiнде, жалғыз адамдық камераларында, айыптық және тәртiптiк оқшаулау орындарында, сондай-ақ камералық үлгiдегi үй-жайларда ұсталатын сотталғандарға дiни қызметшiлер жiберiледi, бұл орайда олардың жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шарт.
4. Ауыр науқасты сотталғандарға, сондай-ақ өлiм жазасына кесiлгендерге үкiмдi орындау алдында олардың өтiнiшi бойынша дiни қызметшiлер шақырылып, осы жағдайда қажеттi барлық дiни ғұрыптарды жасау мүмкiндiгi қамтамасыз етiледi.
5. Дiни ғұрыптарды орындау ерiктi болып табылады. Ол iшкi тәртiптi бұзбауға, сондай-ақ жазасын өтеушi басқа адамдардың құқықтарына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
13-бап. Сотталғандардың өтiнiштерiн қарау тәртібі
1. Сотталғандардың ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың әкiмшiлiгi қарайды.
2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қамауға, бас бостандығынан айыруға, өлiм жазасына сотталғандардың осы Кодекстiң 10-бабының 2-тармағында аталған органдарға жолданған ұсыныстары, арыздары мен шағымдары жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың әкiмшiлiгi арқылы жiберiледi. Жазаның өзге түрлерiне сотталғандар ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын өздерi жiбередi.
2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қамауға, бас бостандығынан айыруға, өлiм жазасына сотталғандардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың қызметiн бақылау мен қадағалауды жүзеге асырушы органдарға жолданған ұсыныстары, арыздары мен шағымдары цензураға жатпайды және бiр тәулiктен кешiктiрiлмей (демалыс және мереке күндерiн қоспағанда) тиiстi жерiне жiберiледi.
4. Сотталғандардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң шешiмдерi мен iс-әрекеттерi жөніндегі ұсыныстары, арыздары мен шағымдары бұл шешiмдер мен iс-әрекеттердiң атқарылуын тоқтатпайды.
5. Органдар мен лауазымды адамдар өздерiне сотталғандар жолдаған ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мерзiмдерде қарап, қабылданған шешiмдердi сотталғандардың назарына жеткізуге тиiс.
3-тарау. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар
және олардың қызметіне бақылау жасау
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұр. ред. қара) ; 2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 14-бап өзгертілді
14-бап. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар
1. Айыппұл салу немесе мүлiктi тәркiлеу түріндегі жазаны үкiм шығарған сот, сондай-ақ мүлiктiң орналасқан жерi бойынша және сотталушының жұмыс орны бойынша сот атқарады.
2. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны атқаруды сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы, түзеу мекемесi жүзеге асырады. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінiң талаптарын сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкiмшiлiгi, сондай-ақ лицензиатты жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығына берілген лицензиясынан айыруға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықты органдар атқарады.
3. Құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден және біліктілік сыныбынан айыру туралы сот үкімінiң талаптарын атақты, сыныптық шендi, дипломатиялық дәреженi және біліктілік сыныбын берген лауазымды тұлға атқарады.
4. Қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаларды сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қылмыстық-атқару инспекциялары атқарады.
5. Қамау, бас бостандығынан айыру және өлім жазасы түріндегі жазаларды қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелері атқарады.
6. 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара).
7. Әскери қызметшiлерге жазаларды: қамауды сотталған әскери қызметшiлерге арналған гауптвахталарда гарнизондардың командованиесi немесе гарнизон гауптвахталарының тиiстi бөлiмшелерi; әскери қызмет бойынша шектеудi - аталған әскери қызметшiлер қызметтен өтiп жүрген әскери бөлiмдердiң, мекемелердiң, органдар мен әскери құрамалардың командованиесi (бұдан әрi - әскери бөлiмдердiң командованиесi) атқарады.
8. 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
9. Шартты сотталғандар қылмыстық-атқару инспекциясының бақылауында болады. Шартты сотталған әскери қызметшiлерге бақылау жасауды әскери бөлiмдердiң командованиесi жүзеге асырады.
15-бап. Жазаны өтеу орны туралы хабарлау
Сотталушының жазасын өтеу орнына келгенi туралы жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгi сотталушының қалауы бойынша жақын туыстарының не заңды өкiлдерiнiң бiрiне 10 тәулiк iшiнде хабарлауға мiндеттi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 16-бап өзгертілді (бұр. ред. қара).
16-бап. Сотталғандарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған, алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын, сондай-ақ есiнiң кемiстiгi болуы мүмкiн, психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға атқарушы мекемелер соттың шешiмi бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданады.
2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған жазаларды өтеу кезiнде сотталушының алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратыны анықталса, жазалардың аталған түрлерiн атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi сотқа мұндай сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұсыныс жiбередi.
3. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталған және осы баптың 1-тармағында аталған сырқаттармен ауыратын адамдарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 88-95-баптарына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
4. Қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға және туберкулезбен ауыратын немесе соз ауруынан емделудiң толық курсынан өтпеген, сондай-ақ ЖҚТБ-мен ауыратын сотталғандарға жазалардың аталған түрлерiн атқарушы мекеме медициналық комиссияның шешiмi бойынша мiндеттi емдеу қолданады.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 17-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2009.10.12. № 228-IV ҚР Заңымен 17-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
17-бап. Жергiлiктi атқарушы органдардың бақылауы
1. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдары өздерiнiң аумағында орналасқан түзеу мекемелерiнiң қызметiне бақылау жасауды осы Кодекске сәйкес жүзеге асырады.
2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өздерiнiң аумағында орналасқан қылмыстық-атқару инспекцияларының қызметiне бақылау жасауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.10.07. № 177-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 18-бап өзгертілді
18-бап. Сот бақылауы
1. Жазаны өтеуден шартты-мерзiмiнен бұрын босату туралы, жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiне ауыстыру туралы, сотталушының ауыруына байланысты жазадан босату туралы, адамның жеке басына қарсы жасаған ауыр және аса ауыр қылмыстары үшiн бес жылдан артық мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталғандарды қоспағанда, жүктi әйелдердiң және он төрт жасқа дейiн балалары бар әйелдердiң жазаларын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы, сондай-ақ түзеу мекемесiнiң түрiн өзгерту туралы мәселелердi шешу кезiнде жазалардың атқарылуын сот бақылайды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда сотталғандар мен өзге де адамдардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың iс-әрекетiне жасаған шағымдарын сот қарайды.
3. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар үкiм шығарған сотқа сотталғандардың қоғамдық жұмыстарды, түзеу жұмыстарын, бас бостандығын шектеудi, қамауды, бас бостандығынан айыруды өтеуiнiң басталғаны және оның орны, айыппұл салу, белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнайы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградалардан айыру, әскери қызмет бойынша шектеу, мүлкiн тәркiлеу, өлiм жазасы түріндегі жазалардың атқарылуы туралы хабарлайды.
19-бап. Ведомстволық бақылау
Жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың қызметiне жоғары тұрған басқару органдары мен лауазымды адамдардың тарапынан ведомстволық бақылау жүзеге асырылады. Ведомстволық бақылауды жүзеге асыру тәртібі нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
2004.29.12 № 25-III ҚР Заңымен 19-1- баппен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)
19-1-бап. Қоғамдық бақылау
1. Қоғамдық бақылауды қоғамдық бiрлестiктер түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ұстау жағдайлары, медициналық-санитарлық қамтамасыз ету, еңбегiн, бос уақытын және оларды оқытуды ұйымдастыру бөлiгіндегi құқықтары мен заңды мүдделерiн жүзеге асыруына жәрдемдесу мақсатында жүзеге асырады.
2. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының Yкіметі айқындайтын тәртiппен облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) қоғамдық байқау комиссиялары құрылады.
3. Қоғамдық байқау комиссиялары түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының әкiмшiлiктерiне түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ұсталатын адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн жәрдемдесуге құқылы.
4. Түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторлары әкiмшіліктерiнiң қызметiн қоғамдық бақылау және қоғамдық байқау комиссияларының оларға жәрдемдесуi ерiктілік, тең құқықтық, өзiн-өзi басқару және заңдылық принциптерi негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Қоғамдық бақылауды жүзеге асырған кезде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының қызметiне, сондай-ақ жедел-iздестiру, қылмыстық iс жүргiзу қызметi мен әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс жүргiзу жөніндегі қызметiне араласуға жол берiлмейдi.
2004.29.12 № 25-III ҚР Заңымен 19-2- баппен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)
19-2-бап. Қоғамдық байқау комиссиясының өкiлеттiгi
1. Қоғамдық байқау комиссиясы, сондай-ақ қоғамдық байқау комиссиясының мүшелерi:
1) түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларына қоғамдық байқау комиссиясының кемiнде екi мүшесi құрамында қылмыстық-атқару жүйесiнiң уәкiлеттi органы белгiлеген тәртiппен кедергiсiз кiруге;