ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ КОДЕКСІ
АНЫҚТАМА ПАРАҚ
1. Нормативтiк құқықтық актiнiң атауы:
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексi
2. Қол қойылған күнi:
1997 жылғы 13 желтоқсан
3. Жарияланған күнi:
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., № 24, 337-құжат
4. Қолданысқа енгiзiлген күнi:
1998 жылғы 1 қаңтар
5. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымы:
- Бөлiктер: 2
- Бөлiмдер: 8
- Тараулар: 24
- Баптар: 184
6. Қабылданғанға дейiн қолданылған нормативтiк құқықтық акт:
Қазақ КСР-iнiң еңбекпен түзеу кодексi 1971 жылғы 17 желтоқсан (Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1971 ж., № 51)
7. Нормативтiк құқықтық актiге енгiзiлген өзгерістер мен толықтырулар:
- «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне қылмысқа қарсы күрес мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 мамырдағы № 47-II Заңы Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2000 ж., № 6, 141-құжат; «Егемен Қазақстан» 2000 жылғы 11-12 мамыр, № 110-111);
- «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 23 маусымдағы № 57-II Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2000 ж., № 8, 339-құжат; «Егемен Қазақстан» 2000 жылғы 27 маусым, № 149);
- «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне ұйымдасқан қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi күшейту мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 наурыздағы № 163-II Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., № 8, 53-құжат; «Егемен Қазақстан» 2001 жылғы 17 наурыз, № 56);
- «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне қылмыстық-атқару жүйесiн реформалау және осы жүйе қызметкерлерiнiң мәртебесi мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шiлдедегi № 244-II Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., № 17-18, 245-құжат; «Егемен Қазақстан» 2001 жылғы 22 тамыз, № 185);
- «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы кодексiнiң (Салық кодексiнiң) қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 24 желтоқсандағы № 276-II Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2001 ж., № 24, 338-құжат; «Егемен Қазақстан» 2001 жылғы 28 желтоқсан, № 298-299);
- «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық iс жүргiзу және Қылмыстық-атқару кодекстерiне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-II Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2002 ж., № 23-24, 192-құжат; «Егемен Қазақстан» 2002 жылғы 28 желтоқсан, № 303-306);
- «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық iс жүргiзу және Қылмыстық-атқару кодекстерiне өлiм жазасын орындауға мораторий енгізуге байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 10 наурыздағы № 529-II Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., № 5, 22-құжат; «Егемен Қазақстан» 2004 жылғы 12 наурыз, № 57-58);
- «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық iс жүргiзу және Қылмыстық-атқару кодекстерiне және Қазақстан Республикасының ұкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексiне қылмыстық iстердi тергеу рәсiмдерiн жеңiлдету, қылмыстардың кейбір құрамдарын қылмыстық сипаттан арылту және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманы жетiлдiру мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 желтоқсандағы № 10-III Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., № 23, 139-құжат; «Егемен Қазақстан», 2004 жылғы., 28 желтоқсан);
- «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлерi арасында өкiлеттiктердiң аражiгiн ажырату және бюджеттік қатынастар мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 20 желтоқсандағы № 13-III Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., № 23, 142-құжат);
- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әдiлет органдары мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 29 желтоқсандағы № 25-III Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2004 ж., № 24, 154-құжат);
- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі № 67-III Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2005 ж., № 13, 53-құжат);
- «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 22 маусымдағы № 147-III Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 2006 ж., № 11; «Егемен Қазақстан» 2006 жылғы 27 маусымдағы № 146).
Ескерту
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ КОДЕКСІ
ЖАЛПЫ БӨЛІМ
1-бөлiм Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары
1-тарау Жалпы ережелер
2-тарау Сотталғандардың құқықтық жағдайы
3-тарау Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар және олардың қызметіне бақылау жасау
ЕРЕКШЕ БӨЛІМ
2-бөлiм Сотталушыны қағамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды атқару
4-тарау Айыппұл түріндегі жазаны атқару
5-тарау Белгілі бір лауазымда болу немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны атқару
6-тарау Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны атқару
7-тарау Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны атқару
8-тарау Бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны атқарудың тәртібі мен шарттары
9-тарау Қосымша жазаларды атқару
3-бөлiм Қамау түріндегі жазаны атқару
10-тарау Қамау түріндегі жазаны атқарудың тәртібі мен ережелері
4-бөлiм Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны атқару
11-тарау Бас бостандығынан түріндегі жазаны атқарудың жалпы ережелері
12-тарау Түзеу мекемелеріндегі режим және оны қамтамасыз ету құралдары
13-тарау Түзеу мекемелерінде жазаны өтеу жағдайлары
14-тарау Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың еңбегі, кәсіптік білімі және кәсіптік даярлығы
15-тарау Бас бостандығынан айыруға сотталғандарға тәрбиелікықпал ету
16-тарау Алуан түрлі түзеу мекемелеріндегі жазаларды атқарудың ерекшеліктері
17-тарау Жалпы және күшейтілген режимдегі тәрбиелеу колонияларында кәмелетке толмаған
сотталғандардың бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу ерекшеліктері
5-бөлiм Сотталған әскери қызметшілерге қатысты әскери қызмет бойынша шектеу, қамау және
тәртіптік әскери бөлімде ұстау түрендегі жазаларды атқару
18-тарау Әскери қызмет бойынша шектеутүріндегі жазаны атқару
19-тарау Сотталған әскери қызметшілерге қатысты қамауды атқару
20-тарау Тәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі жазаны атқарудың тәртібі мен жағдайлары
6-бөлiм Өлім жазасы түріндегі жазаны орындау
21-тарау Өлім жазасы түріндегі жазаны орындаудың тәртібі мен жағдайлары
7-бөлiм Жазаны өтеуден босату. Жазасын өтеуден босатылған сотталғандарға көмек және оларға бақылау жасау
22-тарау Жазаны өтеуден босату
23-тарау Жазаны өтеуден босатылған адамдарға көмек және оларды бақылау
8-бөлiм Шартты сотталған адамдарға бақылау жасау
24-тарау Шартты сотталғандардың жүріс-тұрысына бақылауды жүзеге асыру
Жалпы бөлiм
Бөлiмдердiң цифрлық нөмiрленуi Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 20 желтоқсандағы № 13-ІІІ Заңымен енгiзiлген өзгерiспен
1-бөлiм
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЗАҢДАРЫ
1-тарау
ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары
Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары осы Кодекстен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарынан, сондай-ақ жазаны және сотталғандарға қылмыстық-құқықтық ықпал етудiң өзге де шараларын атқару мен өтеудiң тәртібін және жағдайларын белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
2-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары мен мiндеттерi
1. Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарының мақсаттары әлеуметтiк әдiлеттіліктi қалпына келтiру, сотталғандарды түзеу, сотталғандардың да, өзге адамдардың да жаңа қылмыстар жасауының алдын алу болып табылады.
2. Аталған мақсаттарға сәйкес қылмыстық-атқару заңдарының мiндетi жазаларды өтеудiң тәртібі мен жағдайларын реттеу, сотталғандарды түзеу құралдарын анықтау, олардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн қорғау, оларға әлеуметтiк бейiмделуге көмек көрсету деп саналады.
3-бап. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңдарының сотталған
әскери қызметшiлерге қатысты қолданылуы
1. Сотталған әскери қызметшiлердi жазалау осы Кодекске, өзге де заңдар мен нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бекiткен сотталған әскери қызметшiлердiң қылмыстық жазаларды өтеу ережелерiне сәйкес атқарылады.
2. Сотталған әскери қызметшiлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жазасын өтейдi және әскери қызметтен өтедi. Оларға осы баптың 1-тармағында аталған нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген шектеулер қолданылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару заңдарының кеңiстiк пен уақыт тұрғысында қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында жазасын өтеушi сотталғандарға Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдары қолданылады.
2. Сотталғандардың қылмыстық жазаларды атқаруы, сондай-ақ оларға түзеу амалдарын қолдану мен босатылатындарға көмек көрсету жазаның осы түрiн атқару кезiнде қолданылып жүрген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
5-бап. Жазаны атқару негiздемесi
Соттың заңды күшiне енген үкімі немесе қаулысы, сондай-ақ рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi жазаны атқару негiздемесi болып табылады.
6-бап. Қылмыстық-атқару заңдарының принциптерi
Қылмыстық-атқару заңдары заңдылық, баршаның заң алдындағы теңдiгi, гуманизм, демократизм және жариялылық, жазаларды атқарудың саралануы мен жеке-даралығын, жазаны түзеу ықпалымен бiрiктiрудi қамтамасыз ететiн принциптерге негiзделедi.
7-бап. Сотталғандарды түзеудiң негiзгi құралдары
1. Сотталғанды түзеу - оның бойында құқық ұстанушылық мiнез-құлықты, жеке адамға, қоғамға, еңбекке, адамзат қоғамының нормаларына, ережелерi мен дәстүрлерiне оң көзқарастарды қалыптастыру.
2. Сотталғандарды түзеудiң негiзгi құралдары мыналар: жазаны атқару мен өтеудiң белгiленген тәртібі (режимi), тәрбие жұмысы, қоғамдық-пайдалы еңбек, орта білім алу, кәсiптiк даярлық пен қоғамдық ықпал ету.
3. Түзеу құралдары жазаның түрiн, жасалған қылмыстың сипатын, қоғамдық қауiптілік дәрежесiн, кiнә нысаны мен себептерiн, сотталушының жеке басы мен мiнез-құлқын ескере отырып қолданылады.
2-тарау
СОТТАЛFАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАFДАЙЫ
8-бап. Сотталғандардың құқықтық жағдайының негiздерi
1. Қазақстан Республикасы сотталғандардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн құрметтейдi және қорғайды, олардың түзелуiне қажеттi жағдайларды, әлеуметтiк әдiлеттілік кепiлдiгiн, олардың жазаларды атқару кезiнде жеке басының әлеуметтiк, құқықтық және өзге де қорғалуын қамтамасыз етедi.
2. Сотталғандар жазаның нақты түрiн атқарудың тәртібі мен жағдайларын негiзге ала отырып, Қазақстан Конституциясында, Қылмыстық, Қылмыстық-атқару кодекстерiнде және өзге де заңдарында белгiленген шектеулермен Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарына ие және солардың мiндеттерiн атқарады.
3. Сотталған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жазаның нақты түрiн атқарудың тәртібі мен жағдайларын негiзге ала отырып, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жағдайы туралы Конституцияға, халықаралық шарттарға, заңдарға сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциясында Қылмыстық, Қылмыстық-атқару кодекстерiнде және өзге де заңдарында көзделген шектеулерi бар құқықтары болады және олар сондай мiндеттер атқарады.
9-бап. Сотталғандардың негiзгi мiндеттерi
1. Сотталғандар осы Кодекспен, өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен және үкiммен белгiленген құқықтық шектеулерден туындайтын талаптарды сақтауға мiндеттi.
2. Сотталғандар жазаларды атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiктерiнiң өздерiнiң мiнез-құлқына арнап белгiлеген заңды талаптарын орындауға мiндеттi.
3. Сотталғандардың өздерiне жүктелген мiндеттердi, сондай-ақ жазаларды атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарын орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
10-бап. Сотталғандардың негiзгi құқықтары
1. Сотталғандардың сот тағайындаған жаза түрiн өтеудiң тәртібі мен жағдайлары, өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерi туралы ақпарат алуға құқығы бар. Ақпаратты жазаны атқарушы мекеме немесе орган бередi.
2. Сотталғандар жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгiне, жазаны атқарушы мекемелер мен органдардан жоғары тұрған басқару органдарына, сотқа, прокуратура органдарына, басқа мемлекеттік органдарына, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ адам құқығы мен бостандығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарға ауызша және жазбаша ұсыныстар, өтiнiштер жасауға және шағымдануға құқылы.
3. Сотталғандар түсiнiктеме беруге және хат алысуға, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында аталғанындай ана тілінде немесе өзi бiлетiн кез келген басқа тiлде ұсыныстар, өтiнiштер жасауға және шағымдануға, қажет болған жағдайларда аудармашының қызметiн пайдалануға құқылы. Сотталғандарға жауап өтiнiш жасаған тілінде қайтарылады. Өтiнiш жасаған тiлде жауап қайтаруға мүмкiндiк болмаған жағдайда ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде немесе ресми қолданылатын орыс тілінде берiледi. Жауапты өтiнiш жасаған тiлге аударуды жазаны атқарушы мекеме немесе орган қамтамасыз етедi.
4. Сотталғандар адвокаттардың, сондай-ақ осындай көмек беруге уәкiлеттi басқа адамдардың заң көмегiн пайдалануға құқылы.
5. Сотталғандардың әлеуметтiк қамтамасыз етiлуге, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зейнетақы алуға құқығы бар.
6. Қамауға немесе бас бостандығынан айыруға сотталғандар өздерiнiң денсаулығын сақтау үшiн қажеттi материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитариялық қамсыздандыру құқығын пайдаланады.
7. Соттың үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдарды қоспағанда, сотталғандардың мемлекеттік органдарды және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.
8. Жазасын өтеген және сотталуына байланысты атқарып жүрген қызметiнен босатылған адамдардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес еңбекке және тұрмыстық жағынан орналасуға, әлеуметтiк көмектiң басқа түрлерiн алуға құқығы бар.
9. Жазасын өтеп жүрген адамдардың қызметкерлер тарапынан сыпайылық көру құқығы бар. Олар қатаң немесе адамшылық қасиетiн қорлайтындай қарауға ұшыратылмауға тиiс. Сотталғандарға мәжбүрлеу шараларын заң негiзiнен өзгеше қолдануға болмайды.
10. Қамауға, бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыруға сотталған шетелдiктердiң өз мемлекеттерiнiң дипломатиялық өкiлдерiмен және консулдық мекемелерiмен, ал Қазақстан Республикасында дипломатиялық және консулдық мекемелерi жоқ елдердiң азаматтарының - олардың мүдделерiн қорғауды өз мойнына алған мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiмен немесе оларды қорғаумен айналысатын халықаралық ұйымдармен байланыс жасауға құқығы бар.
11. Сотталғандардың құқықтарын iске асыру тәртібі осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен, Қазақстан Республикасы бекiткен мемлекетаралық шарттармен белгiленедi.
11-бап. Сотталғандардың жеке басының қауiпсiздiгiне құқығы
1. Сотталғандардың және басқа адамдардың тарапынан сотталушының жеке басына қарсы қылмыс жасау қаупi туындаған кезде ол қамау, бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны атқарушы мекеменiң кез келген лауазымды адамына өзiн мұндай қатер жоқ қауiпсiз орынға ауыстыру туралы өтiнiш жасауға құқылы. Бұл жағдайда лауазымды адам сотталушыны қауiпсiз орынға ауыстыру жөнiнде дереу шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Мекеменiң бастығы сотталушыны қауiпсiз орынға ауыстыру туралы шешiм, сотталушының жеке басына қарсы қылмыстың жасалу мүмкiндiгiн болғызбайтын өзге де шаралар қолданады, оның жазасын одан әрi өтеу орны туралы мәселенi шешедi.
12-бап. Сотталғандардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ету
1. Сотталғандарға ар-ождан бостандығы мен дiн ұстану бостандығына кепiлдiк берiледi.
2. Қамау немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген адамдарға олардың өтiнiшi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелген дiни бiрлестiктердiң қызметшiлерi шақырылады. Жазаны атқарушы мекемелерде сотталғандарға заңда тыйым салынбаған дiни ғұрыптарды орындауына, табыну заттары мен дiни әдебиеттi пайдалануына рұқсат етiледi. Мекеме әкiмшiлiгi ол үшiн тиiстi үй-жай бөледi.
3. Ерекше режимдегi колониялардың карцерлерiнде, жалғыз адамдық камераларында, айыптық және тәртiптiк оқшаулау орындарында, сондай-ақ камералық үлгiдегi үй-жайларда ұсталатын сотталғандарға дiни қызметшiлер жiберiледi, бұл орайда олардың жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шарт.
4. Ауыр науқасты сотталғандарға, сондай-ақ өлiм жазасына кесiлгендерге үкiмдi орындау алдында олардың өтiнiшi бойынша дiни қызметшiлер шақырылып, осы жағдайда қажеттi барлық дiни ғұрыптарды жасау мүмкiндiгi қамтамасыз етiледi.
5. Дiни ғұрыптарды орындау ерiктi болып табылады. Ол iшкi тәртiптi бұзбауға, сондай-ақ жазасын өтеушi басқа адамдардың құқықтарына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
13-бап. Сотталғандардың өтiнiштерiн қарау тәртібі
1. Сотталғандардың ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың әкiмшiлiгi қарайды.
2. Қамауға, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға, бас бостандығынан айыруға, өлiм жазасына сотталғандардың осы Кодекстiң 10-бабының 2-тармағында аталған органдарға жолданған ұсыныстары, арыздары мен шағымдары жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың әкiмшiлiгi арқылы жiберiледi. Жазаның өзге түрлерiне сотталғандар ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын өздерi жiбередi.
3. Қамауға, тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға, бас бостандығынан айыруға, өлiм жазасына сотталғандардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдардың қызметiн бақылау мен қадағалауды жүзеге асырушы органдарға жолданған ұсыныстары, арыздары мен шағымдары цензураға жатпайды және бiр тәулiктен кешiктiрiлмей (демалыс және мереке күндерiн қоспағанда) тиiстi жерiне жiберiледi.
4. Сотталғандардың жазаны атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң шешiмдерi мен iс-әрекеттерi жөніндегі ұсыныстары, арыздары мен шағымдары бұл шешiмдер мен iс-әрекеттердiң атқарылуын тоқтатпайды.
5. Органдар мен лауазымды адамдар өздерiне сотталғандар жолдаған ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мерзiмдерде қарап, қабылданған шешiмдердi сотталғандардың назарына жеткізуге тиiс.
3-тарау
ЖАЗАНЫ АТҚАРУШЫ МЕКЕМЕЛЕР МЕН ОРГАНДАР ЖӘНЕ
ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТIНЕ БАҚЫЛАУ ЖАСАУ
14-бап. Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар
1. Айыппұл салу немесе мүлiктi тәркiлеу түріндегі жазаны үкiм шығарған сот, сондай-ақ мүлiктiң орналасқан жерi бойынша және сотталушының жұмыс орны бойынша сот атқарады.
2. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны атқаруды сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы, түзеу мекемесi немесе тәртiптiк әскери бөлiм жүзеге асырады. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінiң талаптарын сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкiмшiлiгi, сондай-ақ қызметтiң тиiстi түрлерiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құқықты органдар атқарады.
3. Құрметтi, әскери, арнайы немесе өзге де атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден және біліктілік сыныбынан айыру туралы сот үкімінiң талаптарын атақты, сыныптық шендi, дипломатиялық дәреженi және біліктілік сыныбын берген лауазымды тұлға атқарады.
4. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы атқарады.
5. Бас бостандығын шектеу, қамау түріндегі жазаларды қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерi атқарады.
6. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны қылмыстық-атқару инспекциясы атқарады.
7. Әскери қызметшiлерге жазаларды: тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауды - осы үшiн арнайы арналған тәртiптiк әскери бөлiмдер; қамауды - сотталған әскери қызметшiлерге арналған гауптвахталарда гарнизондардың командованиесi немесе гарнизон гауптвахталарының тиiстi бөлiмшелерi; әскери қызмет бойынша шектеудi - аталған әскери қызметшiлер қызметтен өтiп жүрген әскери бөлiмдердiң, мекемелердiң, органдар мен әскери құрамалардың командованиесi (бұдан әрi - әскери бөлiмдердiң командованиесi) атқарады.
8. Бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерi және шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды орындау үшiн қалдырылған сотталғандар жөнiнде тергеушiлiк оқшаулау орындары атқарады, сондай-ақ ең ауыр жаза - өлiм жазасы тергеушiлiк оқшаулау орындарында атқарылады.
9. Шартты сотталғандар қылмыстық-атқару инспекциясының бақылауында болады. Шартты сотталған әскери қызметшiлерге бақылау жасауды әскери бөлiмдердiң командованиесi жүзеге асырады.
14-бап Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 21 желтоқсандағы № 363-ІІ Заңымен енгiзiлген өзгерістер және толықтырумен.
15-бап. Жазаны өтеу орны туралы хабарлау
Сотталушының жазасын өтеу орнына келгенi туралы жазаны атқарушы мекеменiң немесе органның әкiмшiлiгi сотталушының қалауы бойынша жақын туыстарының не заңды өкiлдерiнiң бiрiне 10 тәулiк iшiнде хабарлауға мiндеттi.
16-бап. Сотталғандарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану
1. Бас бостандығынан айыруға сотталған, алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратын, сондай-ақ есiнiң кемiстiгi болуы мүмкiн, психикасының бұзылуынан зардап шегушi адамдарға атқарушы мекемелер соттың шешiмi бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданады.
2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған жазаларды өтеу кезiнде сотталушының алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратыны анықталса, жазалардың аталған түрлерiн атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi сотқа мұндай сотталушыға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы ұсыныс жiбередi.
3. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталған және осы баптың 1-тармағында аталған сырқаттармен ауыратын адамдарға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 88-95-баптарына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
4. Бас бостандығын шектеуге, қамауға алуға, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға және туберкулездiң ашық түрiмен ауыратын немесе соз ауруынан емделудiң толық курсынан өтпеген, сондай-ақ ВИЧ/СПИД жұқтырған сотталғандарға жазалардың аталған түрлерiн атқарушы мекеме медициналық комиссияның шешiмi бойынша мiндеттi емдеу қолданады.