3. Көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді тексеру оларды иеленуші адамдардың не оның өкілінің немесе заңды негізде көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді жүргізетін адамның қатысуымен жүргізіледі.
4. Қажет болған жағдайларда көлік құралдары мен шағын көлемді кемелерді тексеру кезінде анықталған заттарды көрсету мақсатында фотоға, киноға түсіріліп, бейнежазба жасалады.
5. Көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді тексеру туралы хаттама жасалады.
Көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді тексеру хаттамасында оның жасалған күні мен орны, хаттама жасаған адамның лауазымы, аты-жөні, тексерілген көлік құралын, шағын көлемді кемені иеленуші адамның жеке басы туралы мәліметтер, көлік құралының, шағын көлемді кеменің тұрпаты, маркасы, үлгісі, мемлекеттік тіркеу нөмірі, өзге де тақылеттестік белгілері туралы мәліметтер көрсетіледі.
6. Тексеру хаттамасында фото- және кино түсірілімдері, бейнежазба, құжаттарды көрсетудің белгіленген өзге де әдістері қолданылғаны туралы жазба жасалады. Фото- және кино түсірілімдерін, бейнежазба, заттай дәлелдемелерді көрсетудің белгіленген өзге де құралдарын қолданып, тексеру жүргізу кезінде алынған материалдар тиісті хаттамаға қоса тіркеледі.
7. Көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді тексеру хаттамасына оны жасаған лауазымды адам, өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адам, тексеру жүргізілген көлік құралының, шағын көлемді кеменің иесі не оның өкілі қол қояды. Өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адам, тексеру жүргізілген көлік құралының, шағын көлемді кеменің иесі, оның өкілі хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда хаттамаға тиісті жазба жасалады.
Бұл хаттаманың көшірмесі тексерілген көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді иеленуші адамға, не оның заңды өкіліне немесе заңды негізде көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді жүргізетін адамға тапсырылады.
157-бап. Тексеру
Әкімшілік құқық бұзушылықтың іздерін, өзге де материалдық объектілерді, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыру үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында уәкілетті лауазымды адам өз өкілеттіктері шегінде сол жерді, заттарды, құжаттарды, тірі адамдарды тексеруге құқылы.
158-бап. Тексеру жүргізудің жалпы ережелері
1. Тексеру, әдетте, қажеттілік туындаған жағдайда дереу жүргізіледі. Тексеру жүргізілгені туралы хаттама толтырылады. Хаттамада оның жасалған күні мен орны, хаттаманы жасаған адамның лауазымы, тегі, аты-жөні, тексерілген адам, заттардың түрі, саны, өзге де ұқсас белгілері туралы, соның ішінде қарудың тұрпаты, маркасы, үлгісі, калибрі, сериясы, нөмірі, белгілері, оқ-дәрілердің, арнайы жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнайы техникалық құралдардың және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдарының саны мен түрі туралы мәліметтер көрсетіледі.
Тексеру хаттамасына оны жасаған лауазымды адам, тексерілген адам, тексерілген заттардың иесі, куәгерлер қол қояды. Тексеруге жатқызылған адам, тексерілген заттар иесі хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, оған тиісті жазба жасалады.
2. Тірі адамдарды тексеруді әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға құқықты лауазымды адамдар жүргізеді. Тірі адамдарды тексеруді тексерілушімен жынысы бірдей адам және жынысы осындай екі куәгердің қатысуымен жүргізеді.
Тірі адамның заттарын, заттай дәлелдемелерін тексеруді, яғни олардың құрылымдық тұтастығын бұзбай жүзеге асырылатын тексеруді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға уәкілетті лауазымды адамдар осы заттарды меншіктенуші немесе иеленуші адамның қатысуымен және екі куәгердің қатысуымен жүргізеді.
Тірі адамда айналадағылардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін қару немесе өзге заттар бар деуге негіз болған ерекше жағдайларда оның жеке басын тексеру, заттарын тексеру бұл туралы жиырма төрт сағат ішінде прокурорға хабарланып, куәгерлерсіз жүргізілуі мүмкін.
3. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілгендерді қоспағанда, орындарды, заттарды, құжаттарды тексеру, куәгерлердің қатысуымен жүргізіледі. Ерекше жағдайларда (жету қиындық тудыратын жерлерде, тиісті байланыс құралдары болмаған кезде немесе басқа объективті себептерге байланысты жеке тұлғаларды куәгерлер ретінде тартуға мүмкіндік болмағанда) тексеру куәгерлердің қатысуынсыз, бірақ бұл ретте оның барысы мен нәтижелерін айғақтап көрсететін техникалық құралдар қолданыла отырып жүргізіледі.
4. Қажет болған жағдайда тексеру құқық бұзушының, жәбірленушінің, куәлердің, сондай-ақ маманның қатысуымен жүргізіледі.
5. Табылған іздер мен өзге де материалдық объектілерді тексеру әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде жүзеге асырылады. Егер тексеру үшін қосымша уақыт қажет болса немесе табылған затты сол жерде тексеруге елеулі қиындықтар туындайтын болса, объектілер алып қойылуы және буып-түйілген, мөр басылған күйінде, зақым келтірілмей, тексеруге қолайлы жерге жеткізілуі мүмкін.
6. Тексеру кезінде барлық табылған және алып қойылған заттар куәгерлерге, басқа да тексеруге қатысушыларға көрсетілуге тиіс, ол жөнінде хаттамаға белгі қойылады.
7. Іске қатысы бар объектілер ғана алып қойылуға тиіс. Алып қойылған объектілер буып-түйіліп, мөр басылады және уәкілетті лауазымды адам мен куәгерлердің қол қоюы арқылы расталады.
8. Тексеруге қатысушы адамдар олардың пікірінше істің мән-жайын анықтауға септігін тигізуі мүмкін дегеннің бәріне уәкілетті лауазымды адамның назарын аударуға құқылы.
9. Қажет болған жағдайларда тексеру кезінде тексерілетін объектілер өлшенеді, олардың жоспарлары мен сызбалары жасалады, сондай-ақ суретке түсіріледі және өзге де құралдармен түсіріліп алынады, ол туралы хаттамаға белгі жасалып, оған аталған материалдар қоса тіркеледі.
10. Тексеру хаттамасының көшірмесі өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адамға не оның заңды өкіліне тапсырылады.
159-бап. Заттар мен құжаттарды алып қою
1. Құқық бұзушылық жасалған жерде не осы Кодекстің 176-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану кезінде табылған құқық бұзушылық құралы не нысанасы болып табылатын құжаттар мен заттарды алып қоюды іс жүргізуді қамтамасыз етудің тиісті шараларын қолдануға уәкілетті лауазымды адамдар екі куәгердің қатысуымен жүзеге асырады.
Ерекше жағдайларда (жету қиындық тудыратын жерлерде, тиісті қатынас құралдары болмаған кезде немесе басқа да объективті себептерге байланысты жеке тұлғаларды куәгерлер ретінде тартуға мүмкіндік болмағанда) құқық бұзушылық жасалған орында табылған құқық бұзушылық құралдары болатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану кезінде құжаттар мен заттарды алып қою куәгерлердің қатысуынсыз, бірақ бұл ретте оның барысы мен нәтижелерін айғақтап көрсететін техникалық құралдар қолданыла отырып жүргізілуі мүмкін.
2. Заттар мен құжаттарды алып қою туралы хаттама жасалып, оның көшірмесі өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адамға немесе оның заңды өкіліне тапсырылады, не әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға тиісті жазба жасалады.
3. Құжаттар мен заттарды алып қою туралы хаттамада (әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада) алып қойылған құжаттардың түрі мен реквизиттері, алып қойылған заттардың түрі, саны, өзге де тақылеттестік белгілері туралы, соның ішінде алып қойылған қарудың тұрпаты, маркасы, үлгісі, калибрі, сериясы, нөмірі, өзге де тақылеттестік белгілері, оқ-дәрілердің саны мен түрі, арнаулы жедел іздестіру шараларын өткізуге арналған арнаулы техникалық құралдар және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдары туралы мәліметтер болады.
4. Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, тиісті құжаттары мен заттары алып қойылған адам, куәгерлер қол қояды. Өзінен тиісті құжаттары мен заттары алып қойылған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда хаттамаға тиісті жазба жасалады.
5. Алып қойылған заттар мен құжаттар әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралғанға дейін алып қоюды жүргізген лауазымды адам белгілейтін орындарда тиісті уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін тәртіппен сақталады.
6. Алып қойылған атыс қаруы мен өзге де қару, сондай-ақ оқ-дәрілер, арнаулы жедел іздестіру шараларын өткізуге арналған арнайы техникалық құралдар және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдары Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі белгілейтін тәртіппен сақталады.
7. Іс қаралғаннан кейін шығарылған қаулыға сәйкес алып қойылған құжаттар мен заттар олардың иесіне қайтарылады немесе тәркіленеді, немесе сатылады, немесе сақталады, немесе белгіленген тәртіппен жойылады. Жол жүрісі саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша алып қойылған құжаттар іс бойынша қабылданған қаулы орындалғанға дейін сақталады.
8. Жол жүрісі ережелерін білуін тексеруге жіберу туралы қаулы бойынша алып қойылған жүргізуші куәлігі немесе көлік құралын жүргізуге құқық беретін жүргізуші куәлігінің орнына берілген куәлік, иесі жол жүрісі ережелерін білуін тексеруге арналған емтиханды тапсырған жағдайда жүргізушіге қайтарылады.
Жүргізуші емтиханға жіберу туралы қаулыны алған күннен бастап екі ай ішінде жол жүрісі ережелерін білуін тексеруге арналған емтихан тапсырмаған жағдайда, қаулы шығарған лауазымды адам Қазақстан Республикасының жол жүрісі қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында көзделген шараларды қолданады.
Алып қойылған жүргізуші куәлігінің орнына жүргізушіге уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша уақытша куәлік беріледі.
9. Алып қойылған орден, медаль, Қазақстан Республикасының, Қазақ КСР-інің, КСРО-ның және басқа да мемлекеттердің құрметті атағының омырауға тағатын белгісі олардың заңды иесіне қайтарылады, ал егер ол белгісіз болса, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жіберіледі.
160-бап. Көлік құралын, шағын көлемді кемені жүргізуден шеттету және мас күйін куәландыру
1. Көлік құралын, шағын көлемді кемені жүргізетін жүргізуші, кеме жүргізуші, ол мас күйде деуге жеткілікті негіздер болса, көлік құралын, шағын көлемді кемені жүргізуден шеттетіліп, мас күйін куәландыруға жатады.
2. Көлік құралын, шағын көлемді кемені жүргізуден шеттетуді, мас күйін медициналық емес куәландыруды және медициналық куәландыруға жіберуді, тиісінше, жол полициясы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және көлік бақылау органдарының көлік құралын жүргізуші адам құқық бұзушылық жасаған жағдайда - әскери автомобиль полициясының лауазымды адамдары жүргізеді.
Жол, полициясының лауазымды адамдарымен қатар мас күйде деуге жеткілікті негіздер бар жүргізушіні көлік құралын жүргізуден шеттетуге полицияның учаскелік инспекторларының, одан басқа бұл жағдайда тәртіп бұзушылық фактісін құжатпен бекітуге және жүргізуші мен көлік құралын таяу жердегі ішкі істер органына жеткізу жөнінде шаралар қолдануға міндетті ішкі істер органдарының басқа да қызметкерлерінің құқығы бар.
3. Мас күйін куәландыру үшін жолдама, мас күйін куәландыру және нәтижелерді ресімдеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізіледі. Куәландыру нәтижелерімен келіспегенде, куәландыруды жүргізген адам куәландыруға жіберілген адамға басқа медициналық мекемеге қайта куәландырудан өту үшін жолдама береді.
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада мас күйін куәландыру үшін көлік құралын, шағын көлемді кемені басқарудан жүргізушіні шеттету туралы белгі қойылады.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада көлік құралын басқарудан шеттету негіздерін куәландыру және мас күйін куәландыру үшін жолдаманың күні, уақыты, орны көрсетіледі. Хаттама көшірмесі іс жүргізіп жатқан адамға немесе оның заңды өкіліне тапсырылады.
161-бап. Көлік құралын, шағын көлемді кемені ұстау, жеткізу және пайдалануға тыйым салу
1. Көлік құралын ұстау және оны ұстауға әкеп соққан себептерді жойғанға дейін оны одан әрі қарай пайдалануға тыйым салу:
1) көлік құралын арнаулы алаңға немесе тұраққа уақытша сақтауға жеткізу (эвакуациялау);
2) егер көлік құралының құрсаулау құрылғысы өзге көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергі тудырмаса, көлік құралының одан әрі қозғалысын болдырмайтын құрсаулау құрылғысын орнату;
3) көлік құралының мемлекеттік тіркеу нөмірінің белгілерін алып қою жолымен жүргізіледі.
2. Әкімшілік құқық бұзушылықты:
1) көлік құралын:
- мас күйдегі адам;
- әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті соттың, органның (лауазымды адамның) жол қозғалысы саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза өндіру туралы қаулының талаптарын орындамаған адам;
- оның тіркеу және пайдалану мен басқару құқығы берілген құжаттарынсыз,
- мемлекеттік тіркеу нөмірінің белгілерінсіз (осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда);
- жасырын, қолдан жасалған немесе мемлекеттік стандартқа сай келмейтін нөмірлік белгілермен;
- тұрақ ережесін бұзуға және өзге көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергіге әкеп соққан;
- жүк тасымалдау ережелерін бұзу;
- масаю күйіне куәландыруға өтуден жалтаруға әкеп соққан бөлігінде жасаған кезде;
- көлік құралын арнаулы алаңға немесе тұраққа уақытша сақтауға жеткізу (эвакуациялау) немесе оның одан әрі қозғалысын болдырмайтын құрсаулау құрылғысын орнату, егер аталған құрылғымен өзге көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергі келтірмесе, жолымен оны әрі қарай пайдалануға тыйым сала отырып, ұстауға жатады.
- тежегіш жүйесінде немесе рульдік басқаруында көрінеу ақауы бар, сондай-ақ оны пайдалануға тыйым салынған басқа да ақаулары бар;
- тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған;
- белгіленген тәртіпте тіркелмеген;
- мемлекеттік техникалық байқаудан өтпеген көлік құралын басқару оның мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің белгілерін алу жолымен одан әрі пайдалануға тыйым сала отырып, ұстауға жатады.
3. Көлік құралын арнаулы алаңға немесе тұрақтарға уақытша сақтау үшін жеткізу (эвакуациялау), сондай-ақ жүргізушілер жол бойында қараусыз қалдырған, олардың қай жерде екенін анықтау мүмкін болмағанда, көлік құралдарына да қолданылуы мүмкін.
4. Көлік құралын ұстауды және одан әрі пайдалануға тыйым салуды жол жүрісі ережесін бұзу саласында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға уәкілетті жол полициясының, әскери автомобиль полициясының қызметкері (Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің көлік құралдарына қатысты), орман және аңшылық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, балық қорғау (орман, балық, аңшылық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақ саласындағы заңнама бұзылғанда) органдарының қызметкері жүзеге асырады.
5. Ұсталған көлік құралын сақтау жергілікті атқару органдарының шешімі бойынша жасалатын арнаулы алаңдарда немесе тұрақтарда жүзеге асырылады.
Ұсталған көлік құралын арнаулы алаңдарда немесе тұрақтарда сақтағаны үшін шығындарды өтеу, сондай-ақ көлік құралдарын сақтамағаны үшін осы алаңдар мен тұрақтардың иелерінің жауаптылығы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген тәртіпте жүргізіледі.
5. Көлік құралын, шағын кемені ұстау, жеткізу және одан әрі пайдалану туралы хаттама жасалады және белгіленген нысандағы акт әкімшілік құқық бұзушылық хаттамаға тігіледі.
162-бап. Заңды тұлғаға тиесілі аумақтарды, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлікті, сондай-ақ тиісті құжаттарды тексеру
1. Заңды тұлғаға тиесілі аумақтарды, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлікті, сондай-ақ тиісті құжаттарды тексеруді осы Кодекске сәйкес заңды тұлғалардың әкімшілік құқық бұзушылығы туралы хаттамалар жасауға уәкілетті лауазымды адамдар жүргізеді.
2. Тексеру заңды тұлға өкілінің және екі куәгердің қатысуымен жүргізіледі.
Ерекше жағдайларда (жету қиындық тудыратын жерлерде, тиісті қатынас құралдары болмаған кезде немесе басқа да объективті себептерге байланысты жеке тұлғаларды куәгерлер ретінде тартуға мүмкіндік болмағанда) көлік құралдарын тексеру куәгерлердің қатысуынсыз, бірақ бұл ретте оның барысы мен нәтижелерін айғақтап көрсететін техникалық құралдар қолданыла отырып жүргізілуі мүмкін.
3. Тексеру жүргізілгені туралы хаттама жасалады.
4. Тексеру хаттамасында оның жасалған күні мен орны, хаттама жасаған адамның лауазымы, аты-жөні, тиісті заңды тұлға туралы, сондай-ақ оның заңды өкілі не өзге қызметкері туралы мәліметтер, тексерілген аумақтар мен үй-жайлар, тауарлар мен басқа да заттардың түрлері, саны, өзге де тақылеттестік белгілері туралы мәліметтер көрсетіледі.
5. Тексеру хаттамасында оны жүргізу барысында фото- және кино түсірілімдері, бейнежазбалар, құжаттарды көрсетудің өзге де белгіленген әдістері қолданылғаны туралы жазба жасалады. Фото-, кино түсірілімдерінің, бейнежазбаларды, заттай дәлелдемелерді көрсетудің өзге де белгіленген құралдарын қолдану нәтижесінде алынған материалдар тиісті хаттамаға қоса тіркеледі.
6. Заңды тұлғаға тиесілі аумақтарды, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлікті, сондай-ақ тиісті құжаттарды тексеру хаттамасына оны жасаған лауазымды адам, заңды тұлғаның заңды өкілі не өзге өкілі, сондай-ақ куәгерлер қол қояды. Аталған заңды тұлғанын заңды өкілі немесе өзге өкілі хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда хаттамаға тиісті жазба жасалады.
Хаттаманың көшірмесі өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан заңды тұлғаның өкіліне тапсырылады.
7. Осы баптың 2 бөлігінде белгіленген талаптарды сақтамау тексеру хаттамасының заңсыздыған әкеп соғады.
163-бап. Заңды тұлғаға тиесілі құжаттар мен мүлікті алып қою
Әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде не заңды тұлғаға тиесілі аумақтарға, үй-жайларға, көлік құралдарына, тауарларға, өзге де мүлікке тексеру жүргізу кезінде табылған әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған, заңды тұлғаға тиесілі құжаттарды, тауарларды, өзге де мүлікті, заттарды алып қоюды әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға құқығы бар уәкілетті лауазымды адамдар жүзеге асырады. Заңды тұлғаға тиесілі құжаттарды, тауарларды, өзге де мүлікті алып қоюды, сондай-ақ оларды сақтауды ресімдеу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
164-бап. Заңды тұлғаға тиесілі тауарларға, көлік құралдарына және өзге де мүлікке тыйым салу
1. Заңды тұлғаға тиесілі әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралдары не нысанасы болған тауарларға, көлік құралдарына және өзге де мүлікке тыйым салу өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы, оларға билік етуге (ал қажет болған жағдайларда пайдалануға да) тыйым салынғаны туралы іс жүргізуді қамтамасыз етудің осы шарасы қолданылған заңды тұлғаның заңды өкіліне хабарлана отырып, аталған тауарлардың, көлік құралдарының және өзге де мүліктің тізімдемесі болып табылады және егер осы тауарларды, көлік құралдарын және өзге де мүлікті алып қою мүмкін болмаған және (немесе) олардың сақталуын алып қоймай қамтамасыз ету мүмкін болатын жағдайда қолданылады. Тыйым салынған тауарлар, көлік құралдары және өзге де мүлік тыйым салған лауазымды адам тағайындаған басқа да адамдардың жауапкершілікпен сақтауына берілуі мүмкін.
2. Заңды тұлғаға тиесілі тауарларға, көлік құралдарына және өзге де мүлікке тыйым салуды, тауар, көлік құралы және өзге де мүлік иесі мен екі куәгердің қатысуымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адамдар жүзеге асырады.
Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, тауарларға, көлік құралдарына және өзге де мүлікке тыйым салу олардың иесінің қатысуынсыз жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Қажет болған жағдайларда фотоға және киноға түсіру, бейнежазба қолданылады.
4. Заңды тұлғаға тиесілі тауарларға, көлік құралдарына және өзге де мүлікке тыйым салу туралы хаттама жасалады. Заңды тұлғаға тиесілі тауарларға, көлік құралдарына және өзге де мүлікке тыйым салу туралы хаттамада оның жасалған күні мен орны, хаттама жасаған адамның лауазымы, аты-жөні, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз етудің осы шарасы қолданылған заңды тұлға туралы және иелігінде тыйым салынған тауарлар, көлік құралдары және өзге де мүлкі бар адам туралы мәліметтер, олардың тізімдемесі және бірдейлендіру белгілері көрсетіледі, сондай-ақ фотоға және киноға түсіру, бейнежазба қолданылғаны туралы жазба жасалады. Фотоға және киноға түсіру, бейнежазба қолданып тыйым салуды жүзеге асыру кезінде алынған материалдар хаттамаға қоса тіркеледі.
5. Қажет болғанда тыйым салынған тауарлар, көлік құралдары және өзге де мүлік қажет болған жағдайларда буып-түйіледі және (немесе) оларға сүргіш салынады.
6. Заңды тұлғаға тиесілі тауарларға, көлік құралдарына және өзге де мүлікке тыйым салу туралы хаттаманың көшірмесі өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз етудің осы шарасы қолданылған заңды тұлғаның заңды өкіліне тапсырылады.
7. Заңды тұлғаға тиесілі тыйым салынған тауарларды, көлік құралдарын және өзге де мүлікті өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз етудің осы шара қолданылған заңды тұлғаның не тыйым салынған мүлікті сақтауды жүзеге асыратын адамның иеліктен айыруы немесе жасырып қалуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
165-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларына шағым беру
1. Өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары қолданылған адам аталған шаралар қолданылғаннан бастап он күн ішінде жоғары тұрған органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе сотқа шағым бере алады.
2. Өзіне қатысты іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары қолданылған адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету үшін қажетті тиісті хаттамалар мен материалдардың көшірмелері жеке адамның немесе заңды тұлғаның заңды өкілінің талабы бойынша оған дереу тапсырылады.
3. Шағым жазбаша нысанда беріледі және бес күн мерзімде қаралуға тиіс.
4. Шағым қарау нәтижелері бойынша шағымды қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым қабылданады.
5. Жоғары тұрған органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдануға шағым беру аталған шараларды қолдануға сотқа қайталап шағым беру үшін кедергі болмайды.
6. Ұйғарымның көшірмесі жеке адамға немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне дереу тапсырылады, ал бұл адамдар болмаған жағдайда оларға ұйғарым шығарылған күннен бастап бір тәулік ішінде жіберіледі.
7. Лауазымды адамдардың заңсыз іс-әрекеттерінен келтірілген зиянның заңдарда белгіленген ережелерге сәйкес орны толтырылуға тиіс.
166-бап. Сотты құрметтемеушілік көріністері үшін мәжбүрлеу шаралары
1. Соттың іске қатысушы адамдарға, процестің басқа да қатысушыларына мәжбүрлеу шараларын қолдану мақсаты сот төрелігі міндеттерін іске асыру болып табылады.
2. Мәжбүрлеу шарасы ретінде сот еріксіз келтіруді, сот залынан шығарып жіберуді қолданады.
167-бап. Сот залынан шығарып жіберу
1. Істі қарау кезінде тәртіп бұзған адамға төрағалық етуші соттың атынан ескерту жасайды.
2. Тәртіпті қайталап бұзған кезде іске қатысушы адам сот ұйғарымы бойынша сотта іс қараудың барлық уақытына немесе оның бір бөлігіне сот отырысы залынан шығарылып жіберілуі мүмкін. Соңғы жағдайда төрағалық етуші отырыс залына қайта жіберілген адамды ол жоқ кезде жасалған іс жүргізу әрекеттерімен таныстырады.