3. Ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға, егер олар:
1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен принциптеріне қайшы келмесе;
2) ғылымилығы жарамды болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;
4) қауіпсіз болса, жол беруге болады деп танылады.
4. Ғылыми-техникалық құралдарды жасырын қолданудың нәтижесі, мұндай қолдануға заңмен жол берілетін жағдайларды қоспағанда, дәлелдеме ретінде пайдаланылмайды.
5. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану тарап ұсынған анықтамамен белгіленеді немесе ғылыми-техникалық құралдардың деректері, оларды пайдаланудың шарттары мен тәртібі, бұл құралдар қолданылған объектілер және оларды пайдаланудың нәтижелері көрсетіле отырып, сот жүргізген тиісті іс жүргізу іс-әрекеттерінің хаттамаларында көрсетіледі.
6. Ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен алынған құжаттар мен басқа да материалдарды зерттеу, сақтау және оларға билік ету осы Кодекстің 142 және 144-баптарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
146-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама
1. Осы Кодекстің 161-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы соған уәкілетті лауазымды адам әрбір құқық бұзушылық бойынша жеке жасайды.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада:
оны жасау күні мен орны;
хаттама жасаған тұлғаның лауазымы, тегі және аты-жөні;
іс қозғалған тұлға туралы мәліметтер (жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты, туылған күні, тұрғылықты мекенжайы, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен реквизиттері, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу туралы мәліметтер, жұмыс орны);
заңды тұлғалар үшін - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, мекенжайы, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеудің нөмірі мен күні;
әкімшілік құқық бұзушылық жасалған орны, уақыты мен мәні;
осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылық көзделген Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің бабы (бап бөлігі);
куәлар мен жәбірленушілердің, егер ондай болса, тегі, аты, әкесінің аты, мекенжайы;
іс қозғалған жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның заңды өкілінің түсіндірмесі;
егер ол әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау мен тіркеу кезінде пайдаланылған болса, метрологиялық тексерістің атауы, нөмірі, күні, техникалық құралдың көрсеткіші;
хаттама жасау тілі;
істі шешу үшін қажетті басқа да мәліметтер, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісін растайтын құжаттар тігіледі.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау кезінде іс қозғалған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге басқа да қатысушыларға олардың құқықтар мен міндеттері түсіндіріледі, ол туралы хаттамада белгі қойылады.
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға оны жасаған адам және осы бапта көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам қол қояды. Жәбірленушілер мен куәлар болғанда, сондай-ақ куәгерлер қатысқан жағдайда, олар да қол қояды.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, тиісінше хабарланған адам болмағанда немесе келмегенде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға оны жасаған адам, әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам болмағаны немесе келмегені туралы белгі қойып, қол қояды.
6. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша хаттаманы қолы қойғызылып, алудан бас тартса, хаттаманы жасаған адам ол туралы тиісті жазба жүргізеді.
7. Іс қозғалған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен танысу мүмкіндігі берілуі тиіс. Аталған адамдар хаттаманың мазмұны бойынша түсіндірмелері мен ескертулерін, сондай-ақ осы хаттамаға тігілетін оған қол қоюдан бас тартудың өз себептерін баяндауға құқылы. Осы адамдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, онда тиісті жазба жүргізіледі.
8. Іс қозғалған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне, сондай-ақ жәбірленушіге, осы бөлікте көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың көшірмесі оны жасағаннан кейін қол қойғызылып, дереу тапсырылады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген негіздер бойынша іс қозғалған адам болмағанда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған жағдайда, іс қозғалған адамға хабарлай отырып, тапсырыс хатпен почта арқылы жіберіледі.
7-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану
147-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары
1. Осы Кодексте көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары құқық бұзушының жеке басын анықтауға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің уақытылы және дұрыс қаралуын қамтамасыз етуге және сот, уәкілетті органның (лауазымды тұлғаның) заңды күшіне енген қаулысының орындалуына бағытталған.
2. Жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары ретінде мынадай шаралар:
1) әкімшілік ұстау;
2) алып келу;
3) жеке тексеріп шығу және көлік құралын, шағын көлемді кемені және заттарды тексеріп шығу;
4) әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысы бар құжаттар мен заттарды алып қою;
5) көлік құралын немесе шағын көлемді кемені жүргізуден шеттету;
6) көлік құралын немесе шағын көлемді кемені ұстау, сол сияқты оны әрі қарай пайдалануға тыйым салу;
7) әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысы бар тұрғын емес үй-жайлар мен аумақты тексеру;
8) әкімшілік құқық бұзушылықпен байланысты алкогольмен, есірткімен немесе уытқұмарлықпен масаю күйін медициналық куәландыру;
9) әкімшілік құқық бұзушылық жасау қаруы немесе заты болып табылған заттарды алып қою;
10) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау орнына жеткізу;
11) дара кәсіпкердің қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін, сотқа азаматтық іс жүргізу тәртібінде көрсетілген мерзімде талап арызды міндетті түрде ұсына отырып, үш күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұру қолданылуы мүмкін.
3. Заңды тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ететін мынадай шаралар қолданылуы мүмкін:
1) заңды тұлғаға тиесілі үй-жайларды, аумақтарды, көлік құралдарын және әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысы бар өзге де заттарды қарап шығу;
2) әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысы бар құжаттарды алып қою;
3) заңды тұлғаның қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін, сотқа азаматтық іс жүргізу тәртібінде көрсетілген мерзімде талап арызды міндетті түрде ұсына отырып, үш күннен аспайтын мерзімге тоқтата тұру.
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын лауазымды адам өзі шығарған анықтама негізінде қолданылады.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз етудің заңсыз қабылданған шаралары келтірген зиян Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде өтелуге жатады.
148-бап. Жеткізу
1. Құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманың жасалуы міндетті болып, оны сол болған жерінде жасау мүмкін болмаса, хаттама жасау мақсатында жеке адамды, заңды тұлғаның заңды өкілін мына жағдайларда:
1) қоғамдық тәртіпті, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалану ережелерін, жүріс тәртібі мен қауіпсіздігін қорғау жөніндегі ережелерді, көлікте жүктің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған ережелерді, өрт қауіпсіздігі ережелерін, көлікте санитариялық-гигиеналық және санитариялық эпидемиологияға қарсы ережелерді бұзғанда, егер оның жеке басын куәландыратын құжаттары және ол туралы қажетті деректер хабарлауы мүмкін куәгерлер жоқ болса, сондай-ақ оның көлік құралына деген қажетті құжаттары болмаса, уәкілдік берілген адам ішкі істер органына (полицияға);
2) орман бұзылғанда немесе аң аулау ережелері, балық аулау және балық қорын қорғау ережелері бұзылғанда және жануарлар дүниесін қорғау мен пайдалану туралы заңдар басқаша түрде бұзылғанда - орман және аң шаруашылығы мемлекеттік және ведомстволық күзетінің қызметкерлері аң аулау ережелерінің сақталуына мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын органдардың, уәкілдік берілген балық қорғау органдарының уәкілетті лауазымды адамдары, жануарлар дүниесінің қорғалуы мен пайдаланылуына мемлекеттік және ведомстволық бақылауды жүзеге асыратын басқа органдардың лауазымды адамдары, қорықтардың және басқа да айрықша қорғалатын табиғи аумақтардың лауазымды адамдары, сондай-ақ ішкі істер органдарының (полицияның) қызметкерлері ішкі істер органдарына (полицияға) немесе жергілікті басқару органына;
3) қорғалатын объектілерге, басқа да бөтен мүлікке қол сұғушылықпен байланысты әкімшілік құқық бұзушылық жасалғанда - әскерилендірілген күзет қызметкерлері әскерилендірілген күзеттің қызметтік үй-жайына немесе ішкі істер органына (полицияға);
4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының режимі, шекара және кеден режимдері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және кеден шекаралары арқылы өту бекеттеріндегі режим бұзылғанда, Қазақстан Республикасы шекара қызметі органдары әскери қызметшісінің, өзге әскерлер, әскери құрамалар әскери қызметшілерінің, ішкі істер органдары (полиция) қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағанда - әскери қызметші, ішкі істер органдарының (полицияның) қызметкері немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау жөніндегі міндетті атқарушы басқа жеке тұлға бөлімшеге, әскери бөлімге, Қазақстан Республикасы шекара қызметі органына, ішкі істер органына (полицияға), жергілікті басқару органына;
5) кеден ісі саласында құқық бұзушылық жасалғанда - кеден органының, ішкі істер органының (полицияның) қызметкерлері кеден органының, ішкі істер органының қызметтік үй-жайына (полицияға);
6) кәсіпкерлік қызмет, сауда және қаржы, салық салу саласында белгіленген басқару тәртібіне және мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын құқық бұзушылық жасалғанда сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық жасалғанда - қаржы полициясы органдарының қызметтік үй-жайында қаржы полициясы органдарының қызметкерлері;
7) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүргізу кезінде құқық бұзушылықтар жасалғанда - Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің қызметкерлері;
8) өзге де әкімшілік құқық бұзушылық жасалғанда прокурордың тиісті тапсырмалары болған жағдайда - ішкі істер органдары қызметкерлері ішкі істер органына (полицияға) немесе өзге де мемлекеттік органға жеткізуді, яғни мәжбүрлеп келтіруді жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында, аумақтық суларында (теңізінде) және ішкі суларында құқық бұзушылық жасалған жағдайда кім екені жергілікті жерле анықталуы мүмкін емес тәртіп бұзушы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында заңсыз әрекетті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын, тексеру кезінде кімдікі екені анықталуы мүмкін емес кемелер мен әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралдары құқық бұзушылықтың жолын кесу үшін, сондай-ақ тәртіп бұзушының кім екенін және ұсталған кемелердің, құқық бұзушылық жасау құралдарының кімдікі екенін анықтау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау үшін Қазақстан Республикасының портына (шетел кемелері - шетел кемелерінің келіп кіруіне ашық Қазақстан Республикасы порттарының біріне) жеткізілуге тиіс.
3. Жеткізу мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асырылуға тиіс.
4. Жеткізу туралы хаттама жасалады не әкімшілік құқық бұзушылық немесе әкімшілік ұстау туралы хаттамаға тиісті жазба жазылады.
149-бап. Әкімшілік ұстау.
Жеке адамды әкімшілік ұстау жеке бас бостандығынан және еркін жүріп-тұруын белгілі бір уақыт ішінде қысқа мерзімді мәжбүрлеп шектеуді білдіреді.
Әкімшілік түрде ұсталған адамдар адамдардың басқа санаттарынан (күдіктілерден, айыпталушылардан, сотталушылардан, сотталғандардан) бөлек, санитарлық талаптарға жауап беретін арнаулы орында ұсталуға тиіс.
2. Әкімшілік ұстау адам жасаған әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу немесе оның жеке басын анықтау мақсатында:
1) ішкі істер органдары (полиция);
а) ұсақ бұзақылық жасалғанда;
б) қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адам, әскери қызметші қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі өз міндеттерін орындау кезінде олардың заңды өкіміне немесе талабына қасақана бағынбаған;
в) жол жүрісі ережесін масаю күйінде бұзғанда;
г) әскери қызметші бөлімді немесе қызмет орнын өз еркімен қалдырғанда жүргізілуі мүмкін.
Әскери қызметшіні әкімшілік ұстау кезінде әскери қызметші әскери қызметін өтіп жатқан әскери комендатураға немесе әскери бөлімге дереу хабарланады;
д) шетелдіктердің Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібін бұзған кезінде;
е) заңсыз аң аулау, жануарлар әлемін пайдалану, ағаштар мен бұталарды кесу, жасыл желектерді жою мен бүлдіру, балық аулау ережелерін бұзғанда;
2) төтенше жағдай жарияланған жердің комендатурасы мен әскери сақшылар - төтенше жағдай режимі бұзылған жағдайда;
3) шекара қызметінің органдары - Мемлекеттік шекара режимі, шекара режимі, Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттеріндегі режим бұзылғанда;
4) күзетілетін объектілерге қол сұғушылыққа байланысты құқық бұзушылық жасалған жағдайда - күзетілетін объект орналасқан жердегі аға әскери қызметші, ішкі істер органдарының қызметкері, әскерилендірілген күзеттің лауазымды адамы;
5) балық қорғау органдары, орман және аң шаруашылығы органдары, аң аулау ережелерінің сақталуына мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын органдар - осы органдар сақталуын бақылауды жүзеге асыратын ережелер бұзылған жағдайда - осы органдар;
6) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының көлік құралдарын жүргізетін жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда - әскери автомобиль полициясының лауазымды адамдары;
7) табиғат қорғау заңдары бұзылған жағдайда - қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды, қорықтар мен басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау органдары;
8) кеден заңдары бұзылған жағдайда - кеден органдарының лауазымды адамдары;
9) егер құқық бұзушылық күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын жүргізу кезінде жасалса - Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің лауазымды адамдары;
10) белгіленген басқару тәртібіне және мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын кәсіпкерлік қызмет, сауда және қаржы, салық салу салаларындағы құқық бұзушылықтарды, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасаған кезде әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің ведомстволық бағыныстылығына сәйкес - қаржы полициясы органдарының лауазымды адамдары;
11) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағанда - контртеррористік операцияға басшылықты жүзеге асыратын лауазымды адамдар жүргізуі мүмкін.
150-бап. Әкімшілік ұстаудың тәртібі
1. Әкімшілік ұстау жөнінде осындай ұстауды жүзеге асырған тұлға әкімшілік ұстау хаттамасын жасайды.
Хаттамада:
1) оның жасалған күні, уақыты және орны;
2) әкімшілік ұстау туралы шешім қабылдаған адамның лауазымы, тегі және аты-жөні;
3) ұсталған адамның жеке басы туралы мәліметтер;
4) уақыты (іс жүзінде ұсталған күні, сағаты, минуты);
5) орны және негізі көрсетіледі.
Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам мен ұсталған адам, ал қажет болғанда адвокат та қол қояды. Әкімшілік ұстау туралы хаттаманың көшірмесі ұсталған адамға тапсырылады
Ұсталған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда бұл туралы хаттамада жазылады.
2. Ұсталған адамның өтініші бойынша оның қайда екендігі туралы туыстары, сондай-ақ қорғаушысы хабардар етіледі.
3. Он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамның ұсталуына жол берілмейді.
Он алтыдан он сегіз жасқа дейін кәмелетке толмаған адамның әкімшілік ұсталғаны туралы кәмелетке толмағанның ата-анасы (қорғаншысы, қамқоршысы), сондай-ақ ұсталғанның болу орнына адвокатты жіберуге міндетті заң консультациясы дереу хабардар етіледі.
151-бап. Әкімшілік ұстау мерзімдері
1. Әкімшілік ұстау осы баптың 2 және 3 бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, үш сағаттан ұзақ болмауы керек.
2. Төтенше жағдай жарияланған жердің комендатурасы, сондай-ақ шекара қызмет органдары, шекара қызметі органдары және контртеррористік операция жүргізу кезінде адамды әкімшілік ұстау қырық сегіз сағаттан ұзақ болмауы керек.
3. Жасағаны үшін санкция әкімшілік қамау түріндегі әкімшілік жазаны көздейтін әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу қозғалған адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралғанға дейін, бірақ қырық сегіз сағаттан аспайтын уақытқа әкімшілік ұстауға тартылуы мүмкін.
4. Егер ұстау мерзімі үш сағаттан артық созылса, осындай ұстауды жүзеге асырған орган әкімшілік ұстау туралы прокурорға кідіріссіз хабардар етеді.
5. Әкімшілік ұстау мерзімі жеке тұлғаның жеке бостандығынан іс жүзінде айыру сәтінен бастап есептелінеді.
152-бап. Мерзімді есептеу
1. Осы Кодексте белгіленген мерзімдер сағатпен, тәулікпен, айлармен және жылдармен есептеледі.
2. Мерзімді есептеу кезінде мерзім басталатын сағат пен тәулік есепке алынбайды. Бұл ереженің ұстау кезіндегі мерзімді есептеуге қатысы жоқ.
3. Мерзімді есептеу кезінде оған жұмыстан тыс уақыт та қосылады.
4. Мерзім тәулікпен есептелген кезде мерзім алғашқы тәуліктің нөл сағатынан кейін есептеліп, мерзімнің соңғы тәулігінің жиырма төрт сағатында аяқталады.
5. Мерзім айлармен немесе жылдармен есептелген кезде мерзім соңғы айдың тиісті күнінде аяқталады, ал егер бұл айда тиісті күн жоқ болса, мерзім осы айдың соңғы күні аяқталады. Әкімшілік ұстау мен әкімшілік қамауға алу кезінде мерзімді есептеу жағдайларын қоспағанда, егер мерзімнің аяқталуы жұмыс істемейтін (демалыс, мереке) күнге тура келсе, онда одан кейінгі бірінші жұмыс күні мерзімнің соңғы күні болып есептеледі.
6. Он алтыдан он сегіз жасқа дейін кәмелетке толмаған адамды әкімшілік ұстау мерзімі осы баптың 1 немесе 2 бөлігінде тиісінше көзделген ұстау мерзімінің жартысынан аспауға тиіс.
153-бап. Әкімшілік ұстауға тартылған адамдарды ұстау орны мен тәртібі
1. Әкімшілік ұстауға тартылған адамдар арнайы осыған бөлінген, санитария талаптарына сәйкес келетін және оларды өз еркімен тастап кету мүмкіндігін болдырмайтын үй-жайларда ұсталады.
2. Әкімшілік ұстауға тартылған адамдарды ұстаудың талаптарға, ондай адамдарды тамақтандыру нормасы мен оларға медициналық қызмет көрсету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Өздеріне қатысты әкімшілік ұстау қолданылған кәмелетке толмағандар ересек адамдардан бөлек ұсталады.
154-бап. Әкімшілік іс жүргізудегі алып келу
1. Осы Кодекстің 147-бабында көзделген жағдайларда, өздеріне қатысты әкімшілік іс жүргізіліп жатқан жеке адамды не заңды тұлғаның заңды өкілін, әкімшілік жауапқа тартылушы кәмелетке толмаған адамның заңды өкілін алып келу жүргізіледі.
2. Алып келуді қаржы полициясы органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша тиісінше Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы) белгілеген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап жатқан судьяның ұйғарымы негізінде, ал егер де тиісінше хабардар етілген осы Кодекстің 84, 87, 88, 100-баптарында көрсетілген адамдар екі және одан да көп әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараған органның (лауазымды адамның) шақыртуымен келмеген жағдайда, аталмыш органның (лауазымды адамның) қаулысы негізінде ішкі істер және қаржы полициясы органдары жүргізеді.
155-бап. Адамның жеке басын тексеру және оның қолындағы заттарды тексеру
1. Адамның жеке басын тексеру, оның қолындағы заттарды тексеру әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралдарын не нысанасын табу мақсатында жүргізіледі
2. Жеке басын тексеруді тексерілушімен бір жыныстағы адам жүргізеді. Тексеруге осы жыныстас екі куәгер қатысады.
Егер жеке тексеруді медициналық қызметкер жүргізсе, онда тексерілуші адамның жыныстас болуы қолданылмайды.
3. Жеке адамның қолындағы заттарды (қол жүгін, теңдеме жүкті, аң және балық аулау құралдарын, олжалаған өнімі мен өзге де заттарды) тексеріп қарау олардың құрылғылық тұтастығын бұзбай жүргізіледі. Заттарды қарау оған уәкілетті лауазымды адамдар осы заттарды меншіктенуші немесе иеленуші адамның қатысуымен және екі куәгердің қатысуымен жүргізеді.
4. Жеке адамның қолында айналасындағылардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін қару немесе өзге заттар бар деуге негіз болған ерекше жағдайларда жеке басын тексеру куәларсыз жүргізілуі мүмкін. Осындай тексерудің жүргізілуі туралы жиырма төрт сағат ішінде прокурорға хабарланады. Адамды жеке тексеру осы баптың 2 бөлігінде белгіленген талаптары сақтала отырып, жүргізілуге тиіс.
5. Адамның жеке басын тексеру, оның қолындағы заттарды тексеру жөнінде хаттама жасалады.
Хаттамада оның жасалған күні мен орны, тексеру жүргізген адамның тегі мен аты-жөні, хаттаманы жасаған адамның аты-жөні, жеке басы тексерілген адам, жеке адамда болған заттардың түрі, саны және өзге де тақылеттестік белгілері туралы, куәгерлердің тегі аты, әкесінің аты, мекенжайы туралы мәліметтер көрсетіледі.
Қажет болған жағдайларда фотоға және киноға түсіру, бейнежазба жүргізіледі, заттай дәлелдемелерді көрсетудің белгіленген өзге де әдістері қолданылады. Фото- және кино түсірілімдерін, бейнежазбаны, заттай дәлелдемелерді көрсетудің өзге де белгіленген құралдарын қолданып, тексеру жүргізу кезінде алынған материалдар тиісті хаттамаға қоса тіркеледі.
Жеке адамды тексеру кезінде фото- және кино түсірілімінің, бейнежазбаны қолдануға тыйым салынады.
6. Адамның жеке басын тексеру, ондағы заттарды тексеру хаттамасына оны жасаған лауазымды адам, жеке басы тексерілген адам, тексерілген заттар иесі, куәгерлер қол қояды.
Жеке басы тексерілген адам, тексерілген заттар иесі хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, хаттамаға тиісті жазба жасалады.
Адамның жеке басын тексеру жөніндегі хаттаманың көшірмесі өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адамға, оның заңды өкіліне тапсырылады.
156-бап. Көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді тексеру
1. Көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді тексеру әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралдарын не нысанасын табу мақсатында жүргізіледі.
2. Көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді тексеруді, яғни құрылғылық тұтастығын бұзбай жүзеге асырылады. Тексеруді уәкілдік берілген екі куәгердің қатысуымен жүргізіледі.
Ерекше жағдайларда (жету қиындық тудыратын жерлерде, тиісті қатынас құралдары болмаған кезде. Немесе басқа да объективті себептерге байланысты жеке тұлғаларды куәгерлер ретінде тартуға мүмкіндік болмағанда) көлік құралдарын, шағын көлемді кемелерді тексеру, яғни құрылымдық тұтастығын бұзбай жүзеге асырылатын зерттеу куәгерлердің қатысуынсыз, бірақ бұл ретте оның барысы мен нәтижелерін айғақтап көрсететін техникалық құралдар қолданыла отырып жүргізілуі мүмкін.