1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасы қадағалау өтінімдері, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының наразылықтары бойынша:
1) бірінші сатыдағы сот шешімдерін, ұйғарымдарын;
2) облыстық және оған теңестірілген соттардың сот алқасының апелляциялық тәртіппен шығарылған қаулыларын;
3) облыстық және оған теңестірілген соттардың сот алқасының кассациялық тәртіппен шығарылған қаулыларын қарайды.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы осы Кодекстің 410-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынысы немесе Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау алқасының қаулысына Қазақстан Республикасы Бас прокурорының наразылықтары бойынша істерді қарайды.
413-бап. Істерді талап етудің және заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараудың себептері мен негіздері
1. Әкімшілік дау туралы істі қадағалау тәртібімен Қазақстан Республикасының Бас прокуроры немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары, облыстық және оған теңестірілген прокурорлар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьялары осы бапта белгіленген себептер мен негіздер болғанда ғана тиісті соттан тексеру үшін талап етуі мүмкін.
2. Осы Кодекстің 411-бабының бірінші бөлігінде аталған адамдардың шағымдары, өтінімдері, сол сияқты осы Кодекстің осы бабының екінші бөлігінде аталған прокурорлардың өз құзыреті шегіндегі бастамасы істерді талап етуге себеп болып табылады.
3. Материалдық нормалардың не іс жүргізу құқығының едәуір бұзылуы соттың заңды күшіне енген шешімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын қадағалау тәртібімен қайта қарауға негіз болады.
4. Соттың заңды күшіне енген шешімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын, егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі оларды шығаруда негізге алынған акт конституциялық емес деп таныған жағдайда олар қадағалау тәртібімен қайта қаралуы мүмкін.
414-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне шағым жасау, наразылық келтіру мерзімдері
1. Соттың шешімі, ұйғарымы, қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде сот қадағалау тәртібінде қайта қарау туралы өтінім, наразылығын беруге болады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін, осы Кодекстің 413-бабының төртінші бөлігінде көзделген негіз бойынша сот шешімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын қайта қарау жағдайларында қолданылмайды.
3. Егер қадағалау наразылығын келтіру туралы өтінім прокурорға белгіленген мерзім сақтала отырып берілсе, бірақ ол бойынша шешім қабылданбаса, сот наразылық келтіру мерзімін ұзартады. Наразылықта бұл туралы көрсетілуге тиіс.
415-бап. Наразылық келтіру
1. Осы Кодекстің 412-бабының екінші бөлігінде аталған прокурор себептер мен негіздер болған жағдайда наразылық келтіріп, оны іспен және өтініммен бірге тиісті сотқа жібереді.
2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы наразылықтың көшірмелерін іске қатысушы адамдарға жібереді.
416-бап. Наразылықтың мазмұны
Наразылықта:
1) наразылық келтірілген соттың атауы;
2) наразылық келтірілген сот актілері;
3) сот актілері шығарылған істің мәні баяндалуы;
4) материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмауы немесе дұрыс түсіндірілмеуі, немесе заңсыз сот актісінің шығарылуына әкеп соққан, іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзылуы неде екені, не сот актісі шығарылғанда негізге алынған нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі конституциялық емес деп тануы;
5) наразылық келтірген лауазымды адамның ұсынысы немесе қорытындысы болуға тиіс.
417-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына берілетін қадағалау наразылығын және сот актісін даулау (шағым жасау) туралы өтінімнің мазмұны
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотына берілетін қадағалау наразылығын және сот актісін даулау (шағым жасау) туралы өтінімнің мазмұнында:
1) өтінім жолданатын соттың атауы, өтінім жолданатын лауазымды адамның аты-жөні;
2) өтінім беруші адамның атауы, оның тұрғылықты жері немесе орналасқан жері және істегі іс жүргізу жағдайы;
3) сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының мазмұны, сондай-ақ тұрғылықты жерін немесе орналасқан жері көрсетіле отырып іске қатысушы адамдар;
4) істі бірінші, апелляциялық сатыларды қарайтын соттар және олар қабылдаған шешімдердің мазмұны;
5) шағым жасалатын, наразылық келтіру ұсынылатын сот шешімі, ұйғарымы, қаулысы;
6) материалдық немесе іс жүргізу құқығы нормаларының елеулі бұзылуының мәні неде екені және өтінім беруші адамның не өтінетіні көрсетілуге тиіс.
2. Егер өтінімді іске қатыспайтын адам берсе, онда шағым жасалатын шешіммен, ұйғарыммен, қаулымен осы адамның қандай құқықтары бұзылғаны көрсетілуге тиіс.
3. Егер дауланатын сот актісіне тиісті сот сатысында шағым жасалмаса, онда өтінім беруші апелляциялық немесе кассациялық шағым бермеген себептерін көрсетілуі тиіс.
4. Егер өтінімі бұдан бұрын қадағалау сатысына берілген болса, онда бұл туралы және өтінім бойынша қабылданған сот шешімі туралы көрсетілуге тиіс.
5. Өтінімге өтінім берген адам немесе оның өкілі қол қоюға тиіс. Өкіл берген өтінімге сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын басқа да құжат қоса тіркелуге тиіс.
6. Өтінімге іс бойынша шығарылған шешімнің, ұйғарымның, қаулының сот куәландырған көшірмелері, сондай-ақ, егер де төмен тұрған саты қадағалау тәртібімен өтінімді қараса, оның шешімдері қоса тіркелуге тиіс.
418-бап. Өтінімді немесе прокурор наразылығын қайтару
1. Өтінімді немесе прокурор наразылығы мынадай негіздер бойынша:
1) өтінім немесе прокурор наразылығы осы Кодекстің 416, 418-баптарының талаптарына сәйкес келмесе;
2) өтінімді немесе прокурор наразылығын осы Кодекстің 411-бабына сәйкес заңды күшіне енген осы сот актісіне шағым жасауға, наразылық білдіруге құқығы жоқ адамдар берсе;
3) өтінім немесе прокурор наразылығы осы Кодекстің 414-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін берілсе және оны қалпына келтірудің дәлелді себептері болмаса;
4) өтінім немесе прокурор наразылығы оларды мәні бойынша қарағанға дейін кері қайтарып алынса;
5) өтінім немесе прокурор наразылығы қадағалау сатысына соттылық ережесін бұза отырып берілсе;
6) өтінім немесе прокурор наразылығы осы Кодекстің 410-бабының екінші бөлігіне сәйкес сот қадағалауы тәртібімен қайта қарауға жатпайтын сот актілеріне берілсе, оларды берген адамдарға қайтарылуға тиіс.
2. Өтінімді немесе прокурор наразылығын қайтаруға негіз болған кемшіліктер жойылған жағдайда оларды жалпы негізде қайтадан беруге болады.
419-бап. Сот қадағалау тәртібінде сот актісін қайта қарау туралы өтінімді, қадағалау наразылығын келтіру туралы өтінімді алдын ала қарау
1. Сот актісін сот қадағалауы тәртібімен қайта қарау туралы өтінім Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының тапсырмасы бойынша алдын ала зерделенеді және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау сот алқасының үш судьясынан құралған сотта қаралады. Қажет болған кезде әкімшілік дау туралы іс сұратылуы мүмкін.
2. Сот қадағалау тәртібінде сот актісін қайта қарау туралы өтінімді алдын ала қарау күні туралы прокурорға, сондай-ақ өтінімді берген адамға хабарланады, алайда олардың келмеуі сот қадағалау тәртібінде іс бойынша іс жүргізуді қозғау үшін негіздердің болу немесе болмауы туралы мәселені шешуге кедергі келтірмейді.
3. Сот қадағалау тәртібінде сот актісін қайта қарау туралы өтінімді, қадағалау наразылығын келтіру туралы өтінім, наразылық түскен күннен бастап бір ай ішінде, ал істі талап еткен жағдайда - іс түскен күннен бастап бір ай ішінде қаралады.
420-бап. Өтінімдерді алдын ала қараудың нәтижелері бойынша қабылданатын шешімдер
1. Өтінімдерді алдын ала қараудың нәтижелері бойынша сот:
1) шағым берілген сот актісін қайта қарау бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғау және әкімшілік дау туралы істі сұрата отырып қадағалау сатысында қарау туралы;
2) шағым берілген сот актісін қайта қарау бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғаудан бас тарту туралы;
3) өтінімді қайтару туралы қаулы шығарады
2. Соттың өтінішті алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарған қаулысында:
1) қаулының шығарылған күні мен орны;
2) өтінімді қараған және қаулы шығарған тиісті сот судьяларының тегі мен аты-жөні;
3) дау туғызған сот актісін көрсете отырып қаулы шығарылған іс;
4) өтінімнің авторы;
5) өтінімде келтірілген дәлелдер;
6) қадағалау іс жүргізуін қозғаудың немесе одан бас тартудың не өтінімді оларды берген адамдарға қайтарудың негіздері көрсетілуге тиіс;
7) қаулының қарар бөлігінде осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірі жазылады.
3. Өтінімдерді алдын ала қараудың нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі өтініш берген адамға жіберіледі.
421-бап. Қадағалау сатысы сотының отырысын тағайындау
1. Қадағалау сатысы шағым жасалған сот актісін қайта қарау бойынша қадағалау іс жүргізуін қозғау туралы сот қаулысын алғаннан кейін тараптарға қадағалау шағымының көшірмелерін, сот отырысы өткізілетін күнді, уақытын, орнын көрсете отырып істің қадағалау сатысында қаралатыны туралы хабарлама жібереді.
2. Қадағалау сатысындағы іс қадағалау іс жүргізуін қозғау туралы қаулымен бірге қадағалау сатысына берілген не прокурор наразылығы келіп түскен күннен бастап бір айдың ішінде қаралуға тиіс.
422-бап. Сот актісінің орындалуын тоқтата тұру
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Бас Прокуроры істі сұратып алумен бір мезгілде қадағалау тәртібімен тексеру үшін сот актісінің орындалуын үш айдан аспайтын мерзімге тоқтата тұруға құқылы.
423-бап. Істі қарау шектері
1. Істі қадағалау тәртібімен қарау кезінде сот істе бар материалдар бойынша шағым, наразылық дәлелдері шегінде бірінші, апелляциялық сатыдағы соттар шығарған сот қаулыларының заңдылығы мен негізділігін тексереді.
2. Сот әкімшілік даулар туралы істер бойынша бірінші, апелляциялық сатыдағы соттар шығарған қаулылардың заңдылығы мен негізділігін толық көлемде тексереді.
424-бап. Істі қадағалау сатысында қараудың тәртібі, қадағалау сатысындағы соттың шешімдері
1. Қадағалау сатысындағы сот отырысы төрағалық етушінің қандай сот шешімі және кімнің шағымы (наразылығы) бойынша қайта қаралып отырғанын, сот құрамына кімдердің енетінін және сот отырысы залында іске қатысушы адамдардан кім келіп отырғанын жариялауымен ашылады. Істің қаралатын уақыты мен орны туралы тиісінше хабардар етілген, шағым (наразылық) берген адамның болмауы сот отырысын жалғастыру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Істі қарау кезінде қадағалау сатысының сотына прокурордың қатысуы міндетті.
2. Мәлімделген қарсылықтар мен өтінімдер шешілгеннен кейін сот тыңдауды жалғастыру туралы не оны кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды. Сот істі тыңдауды жалғастыру туралы шешім қабылдаған жағдайда төрағалық етуші қадағалау шағымын (наразылығын) берген адамға сөз береді. Егер мұндай адамдар бірнешеу болса, олар өздері ұсынатын сөз сөйлеу кезегін сот назарына жеткізеді. Егер олар келісімге келе алмаса, сөз сөйлеу кезегін сот белгілейді.
3. Шағым (наразылық) беруші адам, өз пікірі бойынша, шағым жасалып отырған шешімнің заңсыз, негізсіз болып табылатынына себептер мен дәлелдерді айтып береді. Содан кейін төрағалық етуші сот белгілеген тәртіппен іске қатысушы басқа адамдарға сөз береді.
Сотқа қатысушы адамдар сөз сөйлегеннен кейін прокурор іс бойынша қорытынды береді.
4. Істі қадағалау тәртібімен қараудың нәтижесінде сот кеңесу бөлмесінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) бірінші, апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы шешімді өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырмай тастайды;
2) осы Кодекстің 413-бабында көзделген негіздердің болмауына байланысты істі сот қадағалауы тәртібімен қайта қараудан бас тарту туралы;
3) бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және істі бірінші, апелляциялық сатыдағы сотта жаңадан қарауға жібереді;
4) бірінші, апелляциялық сатыдағы сот шешімінің толық не бөлігіндегі күшін жояды және талап-арызын қарамай тастайды не іс бойынша іс жүргізуді қысқартады;
5) іс бойынша шығарылған шешімдердің біреуін күшінде қалдырады;
6) бірінші, апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы соттың шешімін өзгертеді не оның күшін жояды, материалдық құқық нормаларын қолдануда және түсіндіруде қате жіберілген болса, істі жаңадан қарауға жібермей, жаңа шешім шығарады.
425-бап. Қадағалау сатысындағы сот қаулысының мазмұны
1. Қадағалау сатысындағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы актілер үшін белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс. Қадағалау сатысындағы соттың қаулысына іс бойынша шешім қабылдаған барлық судьялар қол қояды.
2. Қадағалау сатысындағы сот осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртіппен қате жазылған жазбалар мен анық арифметикалық қателерді түзету туралы мәселені қарауға, қосымша қаулы шығаруға немесе бұдан бұрын қадағалау сатысы шығарған қаулыны түсіндіруге құқылы.
426-бап. Қадағалау сатысындағы сот қаулысының заңды күшіне енуі
Қадағалау сатысындағы сот қаулылары олар қабылданған сәттен бастап заңды күшіне енеді.
427-бап. Істі қадағалау тәртібімен қарайтын сот нұсқауларының міндеттілігі
1. Істі қадағалау тәртібімен қарайтын соттың шешімнің, қаулысының күшін жою туралы, соның ішінде заңды түсіндіру туралы қаулыда баяндалған нұсқаулары сол істі қайта қараушы сот үшін міндетті болып табылады.
2. Істі қадағалау тәртібімен қарайтын соттың қаулыда анықталмаған не ол бекерге шығарған мән-жайларды анықтауға немесе дәлелденген деп есептеуге, белгілі бір дәлелдеменің дұрыстығы немесе дұрыс еместігі, бір дәлелдемелердің басқа дәлелдемелерден артықшылығы туралы, материалдық құқықтың қандай нормасы қолданылуға тиіс екендігі және істі жаңадан қарау кезінде қандай қаулы қабылдануға тиіс екендігі туралы мәселелерді алдын ала шешуге құқығы жоқ.
428-бап. Сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының күші жойылғаннан кейін істі қарау
1. Қадағалау тәртібімен сот шешімінің, ұйғарымының, қаулысының күші жойылғаннан кейін іс жалпы тәртіппен қаралуға тиіс.
2. Алдындағы апелляциялық тәртіппен немесе қадағалау тәртібімен күші жойылуына байланысты шығарылған соттың қайталама шешіміне, ұйғарымына, қаулысына шағым, наразылық, бірінші сот актісінің күшін жойған себептерге қарамастан, жалпы негіздерде мәлімделуі (енгізілуі) мүмкін.
429-бап. Осы Кодексті қолдану тәртібі
1. Қазақстан Республикасының іс жүргізу заңнамасына сәйкес тиісті орган қабылдаған іс жүргізу әрекеттері мен іс жүргізу шешімдері осы Кодекспен олардың атауларының өзгертілуіне байланысты заңдық күшін жоймайды.
2. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қаралмай қалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді осы Кодексте белгіленген ведомстволық бағыныстылыққа қарамастан, олар кімнің іс жүргізуінде болса, сол орган (лауазымды адам) қарайды.
430-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Кодекс алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті