4. Осы Кодекстің 292-бабында аталған адамдардың талап етуі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті орган (лауазымды адам) өздерінің заңсыз шешімдерінің күші жойылғаны туралы екі апта мерзімде олардың жұмыс, оқу орнына, тұрғылықты жеріне жазбаша хабарлама жіберуге міндетті.
198-бап. Талаптар қою мерзімдері
1. Мүліктік зиянды өтеуге ақшалай төлем жасау туралы талаптарды осы Кодекстің 193-бабында аталған адамдар осындай төлемдер жасау туралы қаулыны алған кезден бастап бір жыл ішінде қоя алады.
2. Өзге құқықтарды қалпына келтіру туралы талаптар құқықтарды қалпына келтіру тәртібі түсіндірілетін хабарлама алынған күннен бастап алты ай ішінде қойылуы мүмкін.
3. Дәлелді себептермен бұл мерзімдерді өткізіп алған жағдайда оларды мүдделі адамдардың арызы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті орган (лауазымды адам) қалпына келтіре алады.
199-бап. Құқықтарды талап-арыз тәртібімен қалпына келтіру
Егер ақтау немесе зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылмаса не адам қабылданған шешіммен келіспесе, оның азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгінуге құқығы бар.
12-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізудің негізгі ережелері
200-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізудің тәртібі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті судьялар мен органдардың (лауазымды адамдардың) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу тәртібі осы Кодекспен айқындалады.
2. Қылмыстық немесе азаматтық істерді қарау процесінде соттың әкімшілік жазалар қолдану тәртібі осы Кодекстің ережелерімен және Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі мен Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес айқындалады.
201-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар
1. Төмендегі мән-жайлардың ең болмағанда біреуі болған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді бастауға болмайды, ал басталған іс қысқартылуға жатады:
1) әкімшілік құқық бұзушылық оқиғаларының болмауы;
2) әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауы, соның ішінде әкімшілік жауапқа тарту үшін жеке адамның құқық бұзушылық жасаған кезде осы Кодексте көзделген жасқа толмауы немесе құқыққа қарсы әрекет жасаған жеке адамның ақыл-есінің дұрыс болмауы;
3) әкімшілік жауаптылықты белгілейтін немесе бұзылуына әкімшілік жауаптылық белгіленген заңның немесе оның жекелеген ережелерінің күші жойылуы;
4) Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі әкімшілік жауаптылықты белгілейтін заңды немесе оның кейбір ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп тануы салдарынан олардың күші жойылуы;
5) әкімшілік жауапқа тарту мерзімінің өтуі;
6) әкімшілік жауапқа тартылатын адам жөнінде сол факт бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы судьяның, органның (лауазымды адамның) қаулысының не әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қысқартылуы туралы күші жойылмаған қаулының болуы, сондай-ақ нақ сол факт бойынша
соттың айыптаушы өкімінің болуы;
7) ісі жүргізіліп отырған жеке адамның қайтыс болуы;
8) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен бағдарламалық камтамасыз етуде техникалық қателер туындаған жағдайда салық төлеушінің салықтық міндеттемелерді салық есептілігі нысанын электрондық түрде ұсыну бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде орындамауына әкеліп соғуы;
9) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген өзге де жағдайларда.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу осы баптың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша және зиян келтіру заңды болып табылғанда немесе осы Кодекстің 5-тарауына сәйкес әкімшілік жауаптылық жоққа шығарылатын мән-жайларда жасалған ретте қысқартылады.
202-бап. Әкімшілік жауапқа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу осы Кодексте көзделген тәртіппен, шын мойындаған немесе құқық бұзушылықтың маңыздылығы аз болуымен байланысты әкімшілік жауаптылықтан босату жағдайында, сондай-ақ әрекетте қылмыстық заңдарда көзделген қылмыс құрамының белгілері болуына және ол бойынша соттың айыптаушы өкімінің шығарылуына байланысты материал прокурорға, алдын ала тергеу немесе анықтау органына берілген жағдайда тоқтатылуы мүмкін.
Прокурор, алдын ала тергеу немесе анықтау органы қылмыстық істі қозғаған немесе қылмыстық істі тоқтатудан бас тартқан жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаған орган қылмыстық істі қозғаудан немесе тоқтатудан бас тарту туралы шешімді алған күннен бастап 15 күн ішінде, бірақ қылмыстық істі қозғаудан немесе тоқтатудан бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей, қаралуға тиіс. Бұл жағдайда әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімінің ағымы қылмыстық істі қозғау немесе қылмыстық істі тоқтатудан бас тарту туралы шешімді әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған орган алған сәттен бастап жаңартылады.
203-бап. Прокурорлық қадағалау
Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу процесінде заңдардың дәл және біркелкі қолданылуын жоғары дәрежеде қадағалауды мемлекет атынан тікелей де, өзіне бағынысты прокурорлар арқылы да Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады.
204-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуде прокурордың заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі өкілеттігі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді тексеру нәтижелері бойынша прокурор:
1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға сотқа, өзге де уәкілетті органға немесе оның лауазымды адамына наразылық келтіруге;
2) уәкілетті лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргізу туралы жазбаша нұсқау беруге;
3) уәкілетті органдардан өздерінің бақылауындағы немесе өзіне бағынысты ұйымдарда тексеру жүргізуді талап етуге;
4) заңда белгіленген жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қысқартуға;
5) әкімшілік жаза туралы қаулының орындалуын тоқтата тұруға;
6) әкімшілік ұстауға заңсыз таратылған адамды босату туралы қаулы шығаруға;
7) өкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өздерінің міндеттерін орындауға байланысты жеке, заңды тұлғалардың және мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын жағдайларда қолданған тыйым салу немесе шектеу сипатындағы кез келген шаралардың алып тасталуы туралы қаулы шығаруға немесе талап қоюға;
8) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қозғау туралы қаулы шығаруға құқылы.
2. Прокурордың осы баптың бірінші бөлігінің 6) және 7) тармақшаларында аталған актілері дереу орындалуға тиіс. Прокурордың аталған актілерінің орындалуын кідіртуге кінәлі лауазымды адамдар заңда белгіленгендей жауапты болады.
13-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау
205-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғаудың дәлелдері мен негіздемесі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға:
1) уәкілетті лауазымды адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісін тікелей анықтауы;
2) нақты адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы куәландыратын құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан түскен материалдар;
3) Қазақстан Республикасының «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заңына сәйкес жүргізілген тексеріс нәтижесі, жеке кәсіпкерлік субъектісінің жасаған құқық бұзушылығы;
4) күдіктінің, айыпталушының әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы куәландыратын Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінде көзделген негіздемелер бойынша қылмыстық ізге түсу органдары тоқтатқан қылмыстық істердің материалдары;
5) жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары, аң аулау шаруашылығы және балық шаруашылығы ұйымдарының ереглік қызметі жасаған актілер, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны туралы куәландыратын хабарламалар;
6) Автоматты режимде жұмыс істейтін және жол жүрісі қауіпсіздігі саласында көлік құралы қозғалысының жол жағдайын, жылдамдығы мен бағытын, сондай-ақ жол жүрісінің басқа да қатысушыларының іс-әрекеттерін фото-, бейнежазба арқылы тіркейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптарының көрсеткіштері себеп болып табылады.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректердің болуы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін негіздеме болады.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс:
1) әкімшілік құқық бұзушылық жасалғаны туралы хаттама жасалған немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы прокурор қаулы шығарған;
2) судья (сот) сот талқылауы барысында процеске қатысушы адамның тарапынан сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісінің анықталғаны туралы жариялаған;
3) осы Кодекстің 209-бабында көзделген тәртіпте әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы шығарған кезден бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған болып саналады.
206-бап. Прокурордың әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауы
1. Прокурор Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 66-78, 83, 118, 151, 385, 395-404, 413, 414, 418, 429, 444, 587, 594, 600, 609, 615-баптарында көзделген белгіленген басқару тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау жөнінде қаулы шығарады.
2. Прокурор өзге де әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау жөнінде қаулы шығаруға құқылы.
3. Прокурордың әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау жөніндегі қаулысында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қойылатынға ұқсас мәліметтер болуға тиіс.
207-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға құқы бар лауазымды адамдар
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға осы Кодексте көзделген соған уәкілетті лауазымды адамдар құқылы.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы оған уәкілетті лауазымды адам жасамаған болса, жасалу сәтінен бастап заңсыз болып табылады.
208-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау мерзімдері
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама әкімшілік құқық бұзушылық жасалу фактісі ашылғаннан кейін дереу, мемлекеттік органдардың монополистік қызметті, жосықсыз бәсекені және бәсекеге қарсы іс-әрекеттерді жүзеге асыру кезінде - тергеу немесе тексеру нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылданғаннан кейін, бюджет қаражаттары мен мемлекет активтерін пайдалану саласында әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша - айқындалған құқық бұзушылықтар нәтижелері бойынша тиісті шешім қабылдағаннан кейін, ал салық салу, қаржы заңнамасы, зейнетақымен қамсыздандыру және міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы, сондай-ақ техникалық реттеу және өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық бойынша - тиісті тексеру аяқталғаннан кейін жасалады.
2. Әкімшілік құқық бұзушылықтың мән-жайларын, өзіне қатысты іс қозғалған жеке адамның өз басын немесе заңды тұлға туралы мәліметтерді және заңды тұлғаның заңды өкілінің жеке басын қосымша анықтау талап етілген жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама үш тәулік ішінде, ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 212, 231, 222-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық бойынша құқық бұзушылық немесе оны жасаған адам ашылған кезден бастап он тәулік ішінде жасалады.
3. Сараптама жүргізу талап етілетін жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама сараптама қорытындысы алынған сәттен бастап бір тәулік ішінде жасалады.
4. Қоршаған ортаға келтірілген зиян сомасының мөлшерін белгілеу талап етілген жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама қоршаған ортаға келтірілген зиян сомасының мөлшері белгіленген кезден бастап бір тәулік ішінде жасалады.
5. Осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген талаптар жеке адамның анықталмауына байланысты атқарылмауы мүмкін жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама осы бапта белгіленген мерзімдерде әкімшілік құқық бұзушылық жасау фактісі бойынша жасалады. 6. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің материалдары бойынша дәлелдеме ретінде сертификатталған, арнайы техникалық бақылау-өлшем құралдары және құқық бұзушылық фактісін және бұзушының жеке басын анық белгілеуге мүмкіндік беретін, метрологиялық тексерістен өткен, құқық бұзушылықты қадағалау мен тіркеу фото-, бейнеаппаратура аспаптарының деректері пайдаланылған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама құқық бұзушы болмағанда да жасалуы мүмкін.
7. Егер де Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексінде адамды әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімі өткен болса, әрекетке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалынуы мүмкін емес.
209-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалмайтын жағдайлар
1. Ескерту немесе айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатын әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жағдайда, егер айыппұл бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аспаса және адам (жеке тұлға, орган немесе заңды тұлғаның басқару функциясын жүзеге асыратын адам) құқық бұзушылық жасау фактісін мойындаса және осы баптың 2-бөлігінде көзделген жағдайларда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалмайды. Жазаны осы Кодекстің сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы шығару жолымен соған уәкілеттік берілген лауазымды адам әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде ресімдейді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыда айыппұл түрінде жаза қолданылған жағдайда осы Кодекстің талаптарына сәйкес ресімделген түбіртек туралы мәлімет көрсетіледі.
Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам ескертудің немесе төлем құжатының екінші данасына қол қою арқылы қолданылған жазаға өзінің келісетінін растайды.
2. Осы Кодекстің 35-бабының үшінші бөлігінде, 201-бабының төртінші бөлігінде аталған жағдайларды қоспағанда, жол жүрісі қауіпсіздігі саласында әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалмайды.
Айыппұл түріндегі жазаны оған уәкілетті лауазымды адам осы Кодекстің 267-бабында белгіленген тәртіппен қолданады және төлете алады.
Егер әкімшілік құқық бұзушылық автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және аспаптарымен тіркелсе, осы Кодекстің 214-бабына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы шығару жолымен, үш күн ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған тұлғаға тапсырылатын, арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралының немесе аспабының көрсетулері қоса берілетін айыппұл ресімделеді.
Қаулы көлік құралының меншік иесі (иесі) тиісінше хабардар етілген сәттен бастап және осы қаулы бойынша шағым болмағанда он күн өткеннен кейін күшіне енеді.
3. Жеке тұлғалар бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы арыз жазған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 66-123-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді сот құқық бұзушылық туралы хаттама жасамай-ақ қарайды. Хаттама әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу прокурор қаулысымен қозғалған жағдайларда да және судья (сот) тікелей сот талқылауы барысында осы Кодекстің 35-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісін анықтаған кезде жасалмайды.
4. Егер адам осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген тәртіппен қолданылатын жазаға дау айтса не әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жерде айыппұл төлеуге мүмкіндігі болмаса осы Кодекстің 157-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шаралары қолданыла отырып, осы Кодекстің 146-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалады.
210-бап. Хаттаманы (прокурордың қаулысын) істі қарау үшін жіберу
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама (прокурордың қаулысы) қарау үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілдік берілген судьяға, органға (лауазымды адамға) жасалған кезден бастап үш тәулік ішінде жіберіледі.
2. Жасағаны үшін жауаптылығы әкімшілік қамауға алуды қолдануға әкеп соғуы мүмкін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама (прокурордың қаулысы) ол жасалғаннан кейін дереу судьяға жіберіледі.
3. Хаттаманы құқығы жоқ адам жасауы, хаттама дұрыс жасамау және істің басқа материалдары дұрыс рәсімдемеу, хаттаманы және істің басқа да материалдарын толтырған кезде қателерді жіберудің жағдайларын қоспағанда, егер олар әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының болуын не болмауын, әкімшілік жауаптылыққа тартылатын жеке тұлғаның кінәлігін, сондай-ақ істің шешілуі үшін маңызы бар өзге де жағдайларды анықтауға бағытталмаған болса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатудың негіздері болып табылады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларда, хаттаманы және істің баска да материалдарын толтырған кезде жіберілген қателер әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараушы судья, орган (лауазымды адам) алған күннен бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде жойылады. Түзетілген хаттама және істің басқа материалдары оларға енгізілген өзгерістерімен қоса әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараушы судьяға, органға (лауазымды адамға) кемшіліктері жойылған күннен бастап бір тәулік ішінде қайта жіберіледі.
211-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді істі қарауға бергенге дейін немесе істі қарау кезінде толықтырылуы мүмкін емес толығымен ұсынылмаған материалдарды қысқарту
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы осы Кодекстің 206, 194-бабында және Қазақстан Республикасы кодексінің 4-тарауында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізуді болдырмайтын мән-жайлардың тым болмаса біреуі болған жағдайда, істі жүргізіп жатқан лауазымды адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қысқарту жөнінде қаулы шығарады.
14-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау
212-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайтын орын
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс оның жасалған жері бойынша қаралады.
2. Көліктегі әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер көлік құралдары, кемелер, соның ішінде шағын көлемді кемелер есепке алынған жер бойынша немесе өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамның тұрғылықты жері бойынша да қаралуы мүмкін.
3. Баптарда көзделген қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер олар жасалған жер бойынша немесе өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамның тұрғылықты жері бойынша қаралуы мүмкін.
4. Кәмелетке толмағандардың, олардың ата-аналарының немесе ата-аналарын ауыстыратын адамдардың әкімшілік құқық бұзушылығы туралы істер өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамның тұрғылықты жері бойынша қаралады.
5. Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне табиғи монополия субъектісінің ену жері бойынша қаралуы мүмкін.
213-бап. Өтініш жасау
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге қатысушы адамдардың, сол істі жүргізіп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) міндетті түрде қарауына жататын өтініш мәлімдеуге құқығы бар. Өтініш жазбаша түрде мәлімденеді және дереу қаралуға тиіс.
2. Өтінішті қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім ұйғарым түрінде шығарылады.
214-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысудың мүмкіндігін жоққа шығаратын жағдайлар.
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысуға адамның қорғаушысы және өкілі ретінде бұзылуы осы істі қозғау үшін негіздеме болған, ережелердің сақталуына қадағалау мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметкерлері немесе егер де олар алдын осы іс бойынша іс жүргізудің басқа қатысушылары ретінде болса, жіберілмейді.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысуға, егер де олар жүргізуінде осы іс қаралып жатқан әкімшілік жауаптылыққа тартылатын тұлғамен, жәбірленушімен, олардың заңды өкілдерімен, қорғаушысымен, өкілімен, прокурорымен, судьясымен, алқалы орган мүшесімен немесе лауазымды тұлғамен туыстық қарым-қатынаста болса, егер де олар алдын осы іс бойынша жүргізудің басқа қатысушылары ретінде болса, сол сияқты осы адамдарды тікелей немесе жанама осы істің барысына мүдделі деп есептеуге негіздер болса, сарапшы және аудармашы жіберілмейді.
215-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға әзірлеу
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға әзірлеу кезінде судья, лауазымды адам мынадай:
1) осы істі қарау оның құзыретін жатады ма;
2) осы істі судья, алқалы органның мүшесі, лауазымды адамның қарау мүмкіндігін болдырмайтын жағдайлар бар ма;
3) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама және осы Кодексте көзделген басқа да хаттамалар, сондай-ақ істің өзге материалдары дұрыс ресімделген бе;
4) іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын және әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін жағдайлар бар ма;
5) өтінімдер мен бас тартулар бар ма;
6) әкімшілік процеске қатысушы адамдарға істі қарау орны мен уақыты хабарланғаны туралы мәселелерді анықтайды.
216-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға әзірлеу кезінде судья, орган (лауазымды адам) қабылдайтын шешім
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға әзірлеу кезінде судья, орган (лауазымды адам) мынадай шешім қабылдайды:
1) істі қарайтын уақыт пен орын тағайындау туралы;
2) іс бойынша адамдарды шақыру, қажетті қосымша материалдарды сұрап алдыру туралы. Қажет болған жағдайда судья сараптама тағайындауға да құқылы;
3) істі қарауды кейінге қалдыру туралы;
4) егер бұл істі қарау өзінің құзыретіне жатпаса не судьядан, лауазымды адамнан бас тарту туралы ұйғарым шығарылса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және істің басқа материалдарын ведомстволық бағыныстылық бойынша қарауға беру туралы;
5) осы Кодекстің 202-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және істің басқа да материалдарын хаттаманы жасаған органға (лауазымды тұлғаға) қайтару туралы;