123-бап. Дәлелдеуден босатудың негіздері
1. Сот жалпыға белгілі деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді.
2. Соттың бұрын қаралған әкімшілік дау туралы іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен белгіленген мән-жайлар сот үшін міндетті және сол адамдар қатысатын басқа әкімшілік даулар туралы істерді талқылау кезінде қайтадан дәлелденбейді.
3. Егер тиісті құқықтық рәсімдер шеңберінде керісінше дәлелденбесе, мына мән-жайлар:
1) осы заманғы ғылымда, техникада, өнерде, кәсіпшілікте жалпы қабылданған зерттеу әдістерінің дұрыстығы;
2) адамның заңды білуі;
3) адамның өзінің қызметтік және кәсіби міндеттерін білуі;
4) олардың бар екендігін растайын құжатты ұсынбаған және арнаулы даярлық немесе білім алған оқу орнын немесе басқа да мекемені көрсетпеген адамда арнаулы даярлықтың немесе білімнің болмауы дәлелдемелерсіз анықталған мән-жайлар болып есептеледі.
4. Соттың қылмыстық іс бойынша күшіне енген талап қоюды қанағаттандыру құқығы танылатын өкімі оған қатысты соттың өкімі болған тұлға әрекеттерінің әкімшілік-құқықтық салдары туралы істі қарайтын сот үшін міндетті. Заңды күшіне енген сот өкімі мұндай әкімшілік дауды қараған сот үшін, осы іс-әрекеттер орын алды ма және оларды осы адам жасады ма деген мәселелер бойынша, сондай-ақ өкіммен белгіленген мән-жайларға және олардың құқықтық бағасына қатысты да міндетті болып табылады.
5. Заңға сәйкес анықталды деп ұйғарылған фактілер әкімшілік дауды талқылау кезінде дәлелденбейді. Мұндай ұйғарым жалпы тәртіппен теріске шығарылуы мүмкін.
124-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша дәлелденуге тиіс мән-жайлар
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша мыналар дәлелденуге тиіс:
1) әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының болуы;
2) құқыққа қайшы әрекет жасаған, сол үшін осы Кодексте әкімшілік жауаптылық көзделген адам;
3) жеке адамның әкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінәлілігі;
4) әкімшілік жауаптылықты жұмсартатын немесе ауырлататын мән-жайлар;
5) әкімшілік құқық бұзушылықтан келген залалдың сипаты мен мөлшері;
6) әкімшілік жауаптылықтан босатуға алып келетін мән-жайлар;
7) әкімшілік құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар, сондай-ақ істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар.
125-бап. Дәлелдемелерді қамтамасыз ету
1. Өздері үшін қажетті дәлелдемелерді ұсыну соңынан мүмкін болмайды немесе қиындық келтіреді деп қауіптенуге негізі бар іске қатысушы адамдар соттан осы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы сұрай алады.
2. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету ұйымдардан, олардың іске қатысуына қарамастан, құжаттар, мәліметтер және қорытындылар табыс етуді, сараптама жүргізуді, болған жерді тексеріп, қарауды талап ету жолымен және заңда көзделген өзге де әдістермен жүргізіледі.
126-бап. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арыз
1. Дәлелдемелермен қамтамасыз ету туралы арызда қамтамасыз етілуі қажет дәлелдемелер; растау үшін бұл дәлелдемелерді қажет ететін мән-жайлар; арыз берушіні қамтамасыз ету туралы өтініш жасауға итермелеген себептер, сондай-ақ бұл дәлелдемелерді қажет етіп отырған іс көрсетілуге тиіс.
2. Арыз әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) беріледі.
127-бап. Сараптама тағайындау және жүргізу
1. Іс үшін маңызы бар мән-жайлар сарапшының арнаулы ғылыми білім негізінде жүргізетін іс материалдарын зерттеуі нәтижесінде алынуы мүмкін болған кезде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан судья, орган (лауазымды адам) сот сараптамасын тағайындайды.
2. Істе ведомстволық инспекциялардың түгендеу, тексеру актілерінің, қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың іс жүргізу әрекеттері барысында атқарған зерттеулерінің нәтижелері бойынша жасалған ресми құжаттарының болуы нақ сол мәселелер бойынша сараптама жүргізу мүмкіндіктерін жоққа шығармайды.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тараптардың өтініші бойынша немесе өз бастамашылығымен сараптама тағайындай алады.
4. Сараптама жүргізу:
1) сараптама органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін. Сараптама жүргізу тараптар ұсынған адамдардың арасынан біреуіне тапсырылуы мүмкін. Сараптама жүргізу тапсырылған адамды шақыруы туралы судьяның, лауазымды адамның талабы аталған адам жұмыс істейтін ұйымның басшысы үшін міндетті.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан судья, орган (лауазымды адам) сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарады, онда мыналар көрсетіледі:
1) судьяның, лауазымды адамның аты-жөні, соттың, органның атауы;
2) сараптаманың тағайындалған уақыты, орны;
3) сараптама тағайындаудың негізі;
4) сарапшының аты-жөні немесе сараптама жүргізілуге тиіс сараптама органының атауы;
5) сарапшының алдына қойылған мәселелер;
6) сарапшының билігіне берілетін материалдардың тізбесі.
6. Күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу үшін бір мамандықтағы сарапшылар жүргізетін комиссиялық сараптама тағайындалуы мүмкін.
7. Егер іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтауға білімнің әртүрлі салалары негізінде зерттеулер жүргізу қажет болса, әртүрлі мамандықтағы сарапшылар жүргізетін кешенді сараптама тағайындалады.
8. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымды орындау үшін жібергенге дейін судья, лауазымды адам өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамды және жәбірленушіні мұнымен таныстыруға, оларға: сарапшыдан бас тартуды мәлімдеу; өздері көрсеткен адамдарды сарапшы ретінде тартуды сұрау; сарапшының алдына қосымша мәселелер қою туралы өтініш жасау; сарапшының қорытындысымен не судьяға, органға (лауазымды адамға) түскеннен кейін қорытынды берудің мүмкін болмайтындығы туралы хабармен танысуға, өз ескертпелерін табыс етуге, қосымша немесе қайта сараптама тағайындау, жаңа сараптамалар тағайындау туралы өтініш жасау құқығын түсіндіреді.
9. Сарапшы (сарапшылар) өздерінің атынан сараптама жүргізу нәтижелері бойынша осы Кодекстің 128-бабының талаптарына сәйкес жасаған қорытындыны береді және оны сараптама тағайындаған судьяға, органға (лауазымды адамға) жібереді.
10. Қорытынды жеткілікті дәрежеде айқын немесе толымды болмаған, сондай-ақ бұрын зерттелген мән-жағдайларға қатысты жаңа мәселелер туындаған жағдайда қосымша сараптама тағайындалуы мүмкін, оны жүргізу нақ сол немесе өзге сарапшыға (сарапшыларға) тапсырылады.
11. Егер сарапшының қорытындысы жеткілікті дәрежеде негізделмесе не оның дұрыстығына күмән туса, сол объектілерді зерттеу және сол мәселелерді шешу үшін қайтадан сараптама тағайындалуы мүмкін, оны жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады, оған осының алдындағы сараптаманы жүргізген сарапшы (сарапшылар) кірмейді.
12. Судьяның, органның (лауазымды адамның) қосымша және қайтадан сараптама тағайындау туралы ұйғарымы дәлелді болуға тиіс. Сарапшыға (сарапшыларға) қосымша және қайтадан сараптама жүргізу тапсырылған кезде осының алдындағы сараптамалардың нәтижелері бойынша жасалған қорытындылар табыс етілуге тиіс.
13. Егер сарапшы зерттеу жүргізгенге дейін өзінің алдына қойылған мәселелер өзінің арнаулы білімінің шегінен шығып кететініне не өзіне табыс етілген материалдардың қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екендігіне, оны толықтыру мүмкін болмайтынына, не ғылымның және сараптама практикасының жай-күйі қойылған мәселелерге жауап қайтаруға мүмкіндік бермейтініне көзі жетсе, ол қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы дәлелді хабарлама жасайды және оны судьяға, органға (лауазымды адамға) жібереді.
128-бап. Сарапшы қорытындысы
1. Сарапшы қорытындысы - оның алдына әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан судья, орган (лауазымды адам) қойған мәселелер бойынша істің материалдарын зерттеу нәтижелеріне, оның ішінде арнаулы ғылыми білімдерді пайдалану арқылы жүргізілген заттай дәлелдемелер мен үлгілерге негізделген жазбаша нысанда табыс етілген тұжырымдар. Қорытындыда сарапшының зерттеу кезінде қолданған әдістері, қойылған сұрақтарға жауаптардың негіздемесі және сарапшының өз бастамашылығымен анықталған, іс үшін мәні бар мән-жайлар көрсетіледі.
2. Қорытындыны сарапшы (сарапшылар) зерттеу жүргізгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып, өз атынан жасайды, оған ол (олар) қолын қойып, жеке мөрімен куәландырады. Сараптаманы сараптама органы жүргізген жағдайда сарапшының қолы аталған органның мөрімен расталады.
3. Сарапшының қорытындысында: қашан, қай жерде, кім (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын қызметі қандай негізде сараптама жүргізілгені, көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы өзіне ескертілгені туралы сарапшының қол қоюы арқылы куәландырылған белгі; сарапшының алдына қойылған сұрақтар; сараптама жүргізу кезінде кімнің қатысқаны және қандай түсініктемелер берілгені; сарапшы істің қандай материалдарын пайдаланғаны; қандай объектілердің зерттелгені; қандай зерттеулер жүргізілгені, қандай әдістер қолданылғаны және олардың қандай дәрежеде сенімді екені; қойылған сұрақтарға негізді жауаптар көрсетілуге тиіс. Егер сараптама жүргізу кезінде сарапшы іс үшін маңызы бар, олар туралы сұрақ қойылмаған мән-жайларды анықтаса, ол бұларды өз қорытындысында көрсетуге құқылы.
4. Сарапшының қорытындысын көрсететін, осы баптың екінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған материалдар (фотокестелер, тәсімдер, графиктер, кестелер) қорытындыға қоса тіркеледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер қоса тіркелуге тиіс.
5. Сарапшының қорытындысы өндірісінде іс жатқан сот, орган (лауазымды адам) үшін міндетті болып табылмайды, бірақ оның қорытындымен келіспеуі дәлелді болуға тиіс.
129-бап. Маманды іс жүргізу әрекеттеріне қатыстыруға тарту
1. Сот ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға консультациялар (түсіндірмелер) беру және көмектесу арқылы дәлелдемелерді жинауда, зерттеуде және бағалауда жәрдем көрсету мақсатында сот отырысына немесе іс жүргізу әрекеттеріне қатыстыру үшін істің нәтижесіне мүдделі емес, арнаулы білімі бар кәмелетке толған адамды маман ретінде тартуы мүмкін.
Сот тараптың өтінімі бойынша да мамандарды тартуға құқылы. Іске қатысатын адамдар арнаулы білімі бар нақты адамды маман ретінде тарту туралы сотқа өтініш жасай алады.
2. Маманды тағайындау сот ұйғарымымен ресімделеді
3. Маман ретінде шақырылған адамның: өзінің шақырылуы мақсатын білуге; егер арналуы білімі мен дағдысы болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; соттың рұқсатымен іс жүргізу әрекетіне қатысушыларға сұрақтар беруге; іс жүргізу әрекетіне қатысушылардың назарын дәлелдемелерді жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету кезінде, ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындау кезінде өзінің іс-әрекетіне байланысты мән-жайларға аударуға; өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелері көрсетілуінің толымдығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға; соттың іс-әрекетіне шағым жасауға; өзінің іс жүргізу әрекеттеріне қатысуға байланысты өзіне келтірілген шығындарға өтем және іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Маман болып тағайындалған адам: соттың шақыруы бойынша келуге; арнаулы білімді, дағдылар мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот ісін қарауға қатысуға; консультациялар беруге, өзі орындаған әрекеттер бойынша түсініктемелер беруге міндетті.
130-бап. Үлгілерді алу
1. Судья, орган (лауазымды тұлға) егер үлгілерді зерттеудің іс үшін маңызы бар болса, оларды, оның ішінде тірі адамның, мәйіттің, жануардың, заттың, нәрсенің қасиеттерін бейнелейтін үлгілерді алуға құқылы.
2. Үлгілерге материалдардың, заттардың, шикізаттардың, дайын өнімнің сынамалары да жатады.
3. Үлгілерді алу туралы дәлелді ұйғарым шығарылады, онда: үлгілерді алатын адам; үлгілер алынуы тиіс адам (ұйым); нақты қандай үлгілер және қандай санда алынуы тиіс екені; адам үлгілерді алу үшін қашан және кімге келуі тиіс екені; үлгілер алынғаннан кейін олардың қашан және кімге табыс етілуі тиіс екені көрсетілуі қажет.
4. Үлгілерді судьяның жеке өзі алуы, ал қажет болса, егер бұл әрекет үлгілер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешіндірумен байланысты болмаса және ерекше кәсіби дағдыны талап етпесе, дәрігердің немесе басқа маманның қатысуымен алуы мүмкін. Өзге жағдайларда үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша дәрігер немесе басқа маман алуы мүмкін.
5. Үлгілерді алу құқығы судьяда, сарапшыда, дәрігерде немесе басқа маманда болады.
6. Үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылатын жағдайларда, оны сарапшы жүргізуі мүмкін.
7. Үлгілер тараптардан, сондай-ақ мүдделі тұлғалардан алынуы мүмкін.
8. Судья адамды өзіне шақырады, оны, қолхат ала отырып, үлгілерді алғаны туралы ұйғарыммен таныстырады, оған және осы іс жүргізу әрекеттеріне қатысушы өзге де адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
9. Судьяның жеке өзі немесе маманның қатысуымен қажетті әрекеттерді жүргізеді, үлгілерді алады, оларды орайды және мөр басады.
10. Үлгілерді алу нәтижелері іс жүргізу әрекеттерінің (сот отырысының) хаттамасында тіркеледі, онда жүргізілу ретін сақтай отырып, үлгілерді алу үшін жасалған әрекеттер, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа да әдістер мен рәсімдер, сондай-ақ үлгілердің өздері жазылады.
131-бап. Дәрігердің немесе басқа маманның, сондай-ақ сарапшының үлгілерді алуы
1. Судья өзінен үлгілер алынуға тиіс адамды, сондай-ақ тиісті тапсырмасы бар ұйғарымды дәрігерге немесе басқа маманға жібереді. Ұйғарымда осы іс жүргізу әрекетіне барлық қатысушылардың құқықтары мен міндеттері көрсетілуі тиіс.
2. Дәрігер немесе басқа маман судьяның тапсырмасы бойынша қажетті әрекеттерді жүргізеді және үлгілерді алады. Үлгілер оралады және мөр басылады, одан кейін дәрігер немесе басқа маман жасаған ресми құжатпен бірге судьяға жіберіледі.
3. Сарапшы зерттеу процесінде сынақ үлгілер дайындауы мүмкін, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
4. Судья мұндай үлгілерді дайындау кезінде қатысуға құқылы, оны өзі жасайтын хаттамада көрсетеді.
5. Сарапшы зерттеу жүргізгеннен кейін үлгілерді оралған және мөр басылған түрде өзінің қорытындысына қоса тіркейді.
6. Егер үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алған болса, онда ол ресми құжат жасап, оған іс жүргізу әрекетіне барлық қатысушылар қол қояды және іс материалдарына қоса тіркеу үшін судьяға беріледі.
7. Алынған үлгілер оралған және мөр басылған түрде хаттамаға қоса тіркеледі.
132-бап. Үлгілерді алу кезінде тұлғаның құқықтарын қорғау
Үлгілерді алу әдістері мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болуы тиіс. Қатты ауыру сезінуін тудыратын күрделі медициналық рәсімдерді немесе әдістерді қолдануға үлгілер алынуға тиісті адам жазбаша келісім бергенде ғана, ал егер ол кәмелетке толмаған немесе психикалық аурумен ауыратын болса, бұған қоса оның заңды өкілдерінің де келісімімен жол беріледі.
133-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық бойынша оған қатысты іс жүргізілетін адамның түсініктемесі, жәбірленушінің және куәнің жауаптары
1. Өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адамның түсініктемесі, жәбірленушінің және куәнің айғақтары аталған адамдардың ауызша немесе жазбаша нысанда хабарлаған, іске қатысы бар мәліметтері болып табылады.
2. Өзіне қатысты іс жүргізіліп жатқан адамның түсініктемесі, жәбірленушінің және куәнің айғақтары әкімшілік құқық бұзушылық туралы немесе іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы хаттамада жазылады, қажет болған жағдайда - жауап алу хаттамасымен ресімделіп, іске тігіледі.
134-бап. Тараптардың және мүдделі тұлғалардың түсініктемелері
1. Тараптардың және мүдделі тұлғалардың іс үшін маңызы бар, өздеріне белгілі мән-жайлар туралы түсініктемелері іс бойынша жиналған басқа да дәлелдемелермен қатар тексеруге және бағалауға жатады.
2. Көрсетілген тұлғалардың түсініктемелері ауызша және жазбаша болуы мүмкін.
3. Тараптың талабын немесе қарсылығын негіздейтін фактілерді екінші тараптың мойындауы ол тарапты осы фактілерді одан әрі дәлелдеу қажеттігінен босатады. Тарап мойындаған факті сот отырысының хаттамасына енгізіледі және оған фактіні мойындаған тарап қол қояды. Егер фактіні тану жазбаша өтініште баяндалған болса, ол іске қосып тігіледі.
4. Егер фактілерді тану шындығында болған мән-жайды жасыру мақсатымен не алдаудың, күш қолданудың, қорқытудың немесе жаңылудың әсерінен жасалғандығына соттың күдігі болса, ол тануды қабылдамай, ол туралы ұйғарым шығарады. Мұндай жағдайда осы фактілер жалпы негізде дәлелденуге тиіс.
135-бап. Куәнің айғақтары
1. Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы қандай да болмасын мәліметтер өзіне белгілі болған тұлға куә болып табылады. Адамның айғағы, егер ол өзінің хабардар болу көзін көрсете алмаса, дәлелдеме деп танылмайды.
2. Куә ретінде:
1) балаларды тәрбиелеу туралы даулар бойынша істерді қоспағанда өзінің жастығына, дене немесе психикалық кемістігіне орай фактілерді дұрыс қабылдауға және олар туралы дұрыс айғақ беруге қабілетсіз адамдар;
2) өкілдің немесе қорғаушының міндетін атқаруына байланысты өздеріне белгілі болған мән-жайлар туралы - азаматтық іс бойынша өкілдер немесе қылмыстық іс бойынша қорғаушылар;
3) шешім немесе үкім шығару кезінде мәселелерді істің мән-жайын кеңесу бөлмесінде талқылау кезінде туындаған мәселелер туралы - судья;
4) оларға тәубаға келу кезінде сенім білдірген адамдардан белгілі болған мән-жайлар туралы - дін қызметшілері;
5) заңда көрсетілген басқа адамдар жауап алуға жатпайды.
3. Адам өз-өзіне, зайыбына (жұбайына) және шеңбері заңмен белгіленетін жақын туыстарына қарсы сотта куәлік айғақ беруден бас тартуға құқылы.
4. Куәні шақыру туралы өтінім жасаған адам оның тегін, атын, әкесінің атын және тұратын жерін немесе жұмыс орнын хабарлауға, бұл куәдан жауап алу қажеттілігін негіздеуге міндетті.
136-бап. Сотта іс қарау кезіндегі куәнің міндеттері мен құқықтары
1. Куә ретінде шақырылған адам сотқа тағайындалған уақытта келуге және шынайы айғақ беруге міндетті.
2. Науқастығының, қарттығының, мүгедектігінің немесе басқа да дәлелді себептерінің салдарынан соттың шақыруы бойынша келуге жағдайы болмаса, сот куәдан өзі барған жерінде жауап алуы мүмкін.
3. Көрінеу жалған айғақ бергені және заңда көзделмеген негіздер бойынша айғақ беруден бас тартқаны немесе жалтарғаны үшін куә Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 352, 353-баптарында көзделген жауаптылықта болады.
4. Куәнің сотқа шақырылуына байланысты шығындарды өтеттіруге және уақытын жоғалтуына байланысты ақылай өтемақы алуға құқығы бар. Шығындар мен өтемақылардың мөлшері Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.
137-бап. Жазбаша дәлелдемелер
Іс үшін маңызы бар мән-жайлар туралы мәліметтерді қамтитын актілер, құжаттар, іскерлік немесе жеке сипаттағы хаттар жазбаша дәлелдемелер болып табылады.
138-бап. Жазбаша дәлелдемелерді жинау тәртібі
1. Жазбаша дәлелдемелерді тараптар және іске қатысушы басқа да тұлғалар тапсыруы, сондай-ақ олардың өтініші бойынша сот талап етуі мүмкін.
2. Егер құжаттарда ұйымдар, лауазымды адамдар баяндаған немесе куәландырған мәліметтер азаматтық іс үшін маңызы болса, дәлелдемелер болып танылады. Құжаттарға, соның ішінде осы Кодекстің 58-бабында көзделген тәртіппен алынған, талап етілген немесе табыс етілген компьютерлік хабарламаны қамтитын материалдар, фото және кино түсірілімдер, дыбыс және бейне жазбалар да жатады.
3. Соттың алдында іске қатысатын немесе қатыспайтын тұлғалардан жазбаша дәлелдемелер талап ету туралы өтінім жасайтын тұлға осы дәлелдемені көрсетуге, оларды өз бетінше алуға кедергі болатын себептерді, өзі дәлелдемелерді сол тұлғаларда деп санайтын негіздерін көрсетуге тиіс.
4. Соттың азаматтардан немесе заңды тұлғалардан талап ететін жазбаша дәлелдемелері тікелей сотқа жіберіледі.
5. Сот жазбаша дәлелдеме талап ету туралы өтінім берген тұлғаға соңынан сотқа табыс ету үшін алу құқығын беретін сұрату бере алады.
139-бап. Жазбаша дәлелдемелерді сақталып тұрған жерінде
қарау және зерттеу
Жазбаша дәлелдемелерді сотқа, органға (лауазымды тұлғаға) беру қиын болған ретте сот, орган (лауазымды тұлға) тиісінше куәландырылған көшірмелерді және үзінділерді беруді талап ете алады немесе жазбаша дәлелдемелерді олар сақталып қойылған жерде қарай алады және зерттей алады.
140-бап. Түпнұсқа жазбаша дәлелдемелерді қайтару
1. Түпнұсқа жазбаша дәлелдемелер, сондай-ақ істегі жеке хаттар оларды табыс еткен тұлғалардың өтініші бойынша сот шешімі, органның қаулысы заңды күшіне енгеннен кейін оларға қайтарылуы мүмкін. Бұл орайда істе жазбаша дәлелдемелердің судья, орган (лауазымды тұлға) куәландырған көшірмесі қалады.
2. Жазбаша дәлелдемелер соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін, егер сот мүмкін деп тапса, оларды табыс еткен тұлғаларға қайтарылуы мүмкін
141-бап. Заттай дәлелдемелер
Егер заттар өзінің сыртқы түрімен, қасиеттерімен немесе өзге де белгілерімен іс үшін маңызы бар мән-жайды анықтау құралы бола алады деп ұйғаруға негіз болса, олар заттай дәлелдемелер деп танылады.
142-бап. Заттай дәлелдемелерді сақтау және қарау
1. Заттай дәлелдемелер істе сақталады немесе айрықша тізілім бойынша соттың, органның (лауазымды тұлғаның) заттай дәлелдемелер сақтау камерасына өткізіледі. Сот, орган (лауазымды тұлға) заттай дәлелдемелерді өзгеріссіз қалпында сақтауға шара қабылдайды.
2. Сотқа органға (лауазымды тұлғаға) әкелу мүмкін емес заттар тұрған жерінде сақталады. Оларды сот орган (лауазымды тұлға) қарап, хаттамада егжей-тегжейлі сипаттауға, ал қажет болған жағдайда суретке түсіруге және мөрмен бекітілуге тиіс. Заттай дәлелдемелерді қарау хаттамасы іске қосып тігіледі.
3. Заттай дәлелдемелерді сақтау жөніндегі шығындар осы Кодекстің 152-бабына сәйкес тараптар арасында бөлінуі мүмкін.
143-бап. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарау
1. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді сот, орган (лауазымды тұлға) дереу қарап шығады және зерттейді, одан кейін оларды қарап шығуға әкелген адамға қайтарады.
2. Мұндай заттай дәлелдемелерді қарап, зерттеу орны мен уақыты туралы іске қатысушы адамдар, егер олар заттай дәлелдемелерді тұрған жерінде қарау кезінде келе алса, хабарланады. Хабарланған іске қатысушы адамдардың келмеуі заттай дәлелдемелерді қарап, зерттеуге кедергі келтірмейді. Қарап шығу және зерттеу деректері хаттамаға енгізіледі.
3. Тез бүлінетін заттай дәлелдемелерді қарап шығу, оның нәтижелерін жазу осы Кодекстің 142-бабының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
144-бап. Заттай дәлелдемелерге билік ету
1. Заттай дәлелдемелер, осы Кодекстің 143-бабы бірінші бөлігінде көзделгеннен басқа, соттың органның (лауазымды тұлғаның) шешімі заңды күшіне енгеннен кейін олар алынған адамдарға қайтарылады немесе сот орган (лауазымды тұлға) бұл заттарға құқығын таныған адамдарға беріледі немесе сот белгілеген тәртіппен өткізіледі.
2. Заң бойынша азаматтардың иелігінде бола алмайтын заттар тиісті ұйымдарға беріледі.
3. Заттай дәлелдемелер оларды сот, орган (лауазымды тұлға) қарап шығып зерттегеннен кейін, егер олар алынған тұлғалар өтінім жасаса және мұндай өтінімді қанағаттандыру істі дұрыс шешу үшін кедергі келтірмесе, іс жүргізу аяқталғанға дейін оларға қайтарылуы мүмкін.
4. Заттай дәлелдемелерге билік ету мәселелері бойынша сот, орган (лауазымды тұлға) ұйғарым шығарады.
145-бап. Дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдар
1. Іске қатысушы адамдар - дәлелдемелерді жинау мақсатында, сондай-ақ сот, орган (лауазымды тұлға) оларды зерттеу және бағалау мақсатында ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға құқылы.
2. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде жәрдем көрсету үшін сот, орган (лауазымды тұлға) маман шақыруы мүмкін.