Жоба
Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу
кодексі
ҚР Үкіметінің 2010.06.08. № 804 Қаулысымен кері қайтарып алынды
ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 қыркүйектегі № 1474 Қаулысымен ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді
1-бөлім. Жалпы ережелер
1-тарау. Әкімшілік іс жүргізу заңнамасы
2-тарау. Әкімшілік іс жүргізудің міндеттері мен принциптері
3-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің соттылығы және ведомстволық бағыныстылығы. Әкімшілік даулар туралы істердің соттылығы
4-тарау. Әкімшілік іс жүргізуге қатысу мүмкіндігін болдырмайтын мән-жайлар. Соттың құрамы, қарсылық білдіру
5-тарау. Іске қатысушы тұлғалар. Сотта өкілдік ету
6-тарау. Дәлелдемелер және дәлелдеу
7-тарау. Әкімшілік іс жүргізуге мәжбүрлеу шаралары
8-тарау Іс жүргізу мерзімдері
9-тарау. Сот шығындары
10-тарау. Сот хабарлаулары мен шақырулары
11-тарау. Ақтау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу
2-бөлім. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу
12-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс жүргізудің негізгі ережелері
13-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс қозғау
14-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау
15-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша заңды күшіне енбеген қаулыларды қайта қарау
16-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулыларды және оларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері жөніндегі ұйғарымдарды қайта қарау
17-тарау. Әкімшілік жауапкершілік туралы артықшылықтар мен иммунитетке ие адамдардың істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктері
18-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша қаулылардың орындалуы
19-тарау. Әкімшілік жазаның жекелеген түрлерін орындау тәртібі
3-бөлім. Әкімшілік даулар бойынша іс жүргізу
1-кіші бөлім. Бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу
20-тарау. Істі сотта қарауға әзірлеу
21-тарау. Сотта іс қарау
22-тарау. Сайлауға, референдумдарға қатысушы азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы талап арыздар бойынша іс жүргізу
23-тарау. Жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқықтарын бұзатын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі талап арыздар бойынша іс жүргізу
24-тарау. Мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) дау айту туралы іс бойынша іс жүргізу
25-тарау. Нормативтік құқықтық актілердің заңдылығына орай даулар туралы іс бойынша іс жүргізу
26-тарау. Прокурордың органдар мен лауазымды адамдардың актілері мен іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы жүгінуі
27-тарау. Заңды тұлғаның, заңды тұлға құрмай-ақ дара кәсіпкердің қызметін тоқтата тұру немесе тоқтату, лицензиясын кері қайтарып алу бойынша іс жүргізу
2-кіші бөлім. Сот актілерін қайта қарау бойынша іс жүргізу
28-тарау. Сот актілеріне апелляциялық шағымдану, наразылық келтіру
29-тарау. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулылары мен ұйғарымдарына кассациялық тәртіппен шағым беру және наразылық келтіру
30-тарау. Кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу
31-тарау. Қадағалау тәртібімен іс жүргізу
1-бөлім. Жалпы ережелер
1-тарау. Әкімшілік іс жүргізу заңнамасы
1-бап. Әкімшілік іс жүргізу заңнамасымен реттелетін қатынастар
Қазақстан Республикасының әкімшілік іс жүргізу заңнамасы осы Кодекспен олардың құзыретіне жатқызылған әкімшілік дауларды қарау мен шешу барысында соттардың сот төрелігін атқаруы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізу кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
2-бап. Әкімшілік іс жүргізу заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының аумағында әкімшілік құқық бұзушылықтар және әкімшілік даулар туралы істер бойынша әкімшілік іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, конституциялық заңдармен, Қазақстан Республикасының Конституциясына және халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптері мен нормаларына негізделген осы Кодекспен айқындалады. Әкімшілік іс жүргізу тәртібін реттейтін өзге де заңдардың ережелері осы Кодекске енгізілуге тиіс.
2. Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының әкімшілік іс жүргізу тәртібін реттейтін нормативтік қаулылары әкімшілік іс жүргізу құқығының құрамдас бөлігі болып табылады.
3. Егер әкімшілік іс жүргізу барысында азаматтық немесе қылмыстық құқық нормаларына сәйкес шешілуге тиіс мәселені қарау қажеттігі туындаса, ол азаматтық немесе қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібімен шешіледі.
3-бап. Әкімшілік іс жүргізуде басым күші бар құқықтық нормаларды қолдану
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғары заң күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасы Конституциясы ережелерінің арасында қайшылық болған жағдайда Конституцияның ережелері қолданылады.
2. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының конституциялық заңы ережелерінің арасында қайшылық болған жағдайда конституциялық заңның ережелері қолданылады. Осы Кодекс пен өзге де заңдар ережелерінің арасында қайшылық болған жағдайда осы Кодекстің ережелері қолданылады.
3. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың осы Кодекстен басымдығы болады және халықаралық шартта оны қолдану үшін заң шығару талап етіледі деп көрсетілген жағдайларды қоспағанда, тікелей қолданылады.
4-бап. Қазақстан Республикасы әкімшілік іс жүргізу заңының кеңістікте қолданылуы
Қазақстан Республикасының аумағында әкімшілік іс жүргізу осы Кодекске сәйкес жүргізіледі.
5-бап. Әкімшілік іс жүргізу заңының уақыт жағынан қолданылуы
1. Әкімшілік іс жүргізу процессуалдық іс-әрекеттер жасалған, процессуалдық шешімдер қабылдаған сәтте қолданылған әкімшілік іс жүргізу заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адам салдарлардың түскен уақытына қарамастан, осы құқық бұзушылық жасаған уақытта қолданылған заңнаманың негізінде жауапқа тартылуға тиіс.
6-бап. Әкімшілік іс жүргізу заңының адамдар тобы бойынша қолданылуы
1. Осы Кодекстің күші Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ заңды тұлғаларға, олардың филиалдары мен өкілдіктеріне қолданылады.
2. Егер осы Кодексте өзгеше тікелей бекітілмесе, шетелдіктер, шетелдік заңды тұлғалар және азаматтығы жоқ адамдар жалпы негіздерде әкімшілік іс жүргізуге қатысады.
3. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленген дипломатиялық артықшылықтар мен иммунитеттерге ие адамдарға қатысты немесе олардың қатысуымен жүзеге асырылатын әкімшілік іс жүргізудің ерекшеліктері осы Кодекспен айқындалады.
7-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын ұғымдар
Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «әкімшілік дау» - мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органы, лауазымды адам, мемлекеттік қызметші тараптардың бірі болып табылатын және әкімшілік-құқықтық нормалардың негізінде шешілетін дау;
2) «әкімшілік іс жүргізуге қатысушылар» - әкімшілік іс жүргізуге қатысатын органдар мен адамдар;
3) «ведомстволық бағыныстылық» - әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау сол не өзге уәкілетті органның (лауазымды адамның) құзыретіне жататын осы Кодексте белгіленген белгілер жиынтығы;
4) «соттылық» - осы Кодексте белгіленген белгілердің жиынтығы, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы немесе әкімшілік даулар туралы істерді қарау соттардың құзыретіне жататын осы Кодексте белгіленген белгілер жиынтығы;
5) «әкімшілік іс жүргізу» - оны қозғау, дайындау, қарау және соттың, уәкілетті органның (лауазымды адамның) қаулысын орындау барысында әкімшілік құқық бұзушылықтан немесе әкімшілік туындаған әкімшілік құқық бұзушылық немесе әкімшілік даулар туралы нақты іс бойынша жүзеге асырылатын іс жүргізу әрекеттері мен шешімдерінің жиынтығы;
6) «хаттама» - әкімшілік іс жүргізуші сот, уәкілетті орган (лауазымды тұлға) орган жасаған іс жүргізу әрекеті көрсетілетін іс жүргізу құжаты;
7) «талап арыз» - осы Кодексте белгіленген нысандағы мамандандырылған әкімшілік сотқа әкімшілік құқық қатынастары саласындағы мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органы, лауазымды адам, мемлекеттік қызметші бұзған не бұзылды деп болжанған жеке тұлғаның құқықтарын немесе заңды тұлғаның заңды мүдделерін қорғау туралы жазбаша өтініш, сондай-ақ мамандандырылған әкімшілік сотқа уәкілетті мемлекеттік органның заңды тұлға, жеке кәсіпкерлік қызметін тоқтата тұру немесе тоқтату туралы жазбаша өтініші;
8) «әкімшілік қарау» - мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға көпшілік және жеке мүдделерді сақтау негізінде заңнамаға сәйкес келетін бірнеше шешімдерден ең қолайлы, заңда көзделген мақсатқа жетуді қамтамасыз ететін шешімді таңдау құқығын беретін өкілеттік;
9) «шағым» - осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша немесе әкімшілік дау туралы іс бойынша шығарылған іс жүргізу шешіміне өзінің келіспейтіндігін айту құқығы берілген іске қатысушы адамның жазбаша құжаты;
10) «талапкер» - әкімшілік даулар бойынша құқықтардың, бостандықтар мен заңды мүдделердің қорғалуына сотқа жүгінген жеке немесе заңды тұлға;
11) «жауапкер» - оларға бұзылған немесе бұзылды деп болжанған жеке тұлғаның құқықтарын немесе заңды тұлғаның заңды мүдделерін қалпына келтіру туралы талап жолданған мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органы, лауазымды тұлға, мемлекеттік қызметші;
12) «іс материалдары» - әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалуын растайтын немесе жоққа шығаратын, сондай-ақ әкімшілік даудың мәнін ашатын құжаттар мен дәлелдемелердің жиынтығы;
13) «қаулы» - сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) шығаратын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі немесе әкімшілік дау туралы істі қарау нәтижелері бойынша қорытындылар мен қабылданған іс жүргізу шешімін белгілейтін жазбаша нысандағы құжат
2-тарау. Әкімшілік іс жүргізудің міндеттері мен принциптер
8-бап. Әкімшілік іс жүргізудің міндеттері
Әкімшілік іс жүргізудің міндеттері адамның және азаматтың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, заңды тұлғалардың заңды мүдделерін қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ әрбір істің мән-жайын дер кезінде, жан-жақты, толық және объективті анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу, шығарылған шешімнің орындалуын қамтамасыз ету болып табылады.
9-бап. Әкімшілік іс жүргізу принциптерінің мәні
Әкімшілік іс жүргізу принциптерінің мәні мынада: оларды бұзу, оның сипаты мен мәніне қарай, іс бойынша жүргізілген істі жарамсыз деп тануға, осындай іс жүргізудің барысында шығарылған шешімдердің күшін жоюға не бұл орайда жиналған материалдардың дәлелдік күші жоқ деп тануға әкеп соғады.
10-бап. Принциптердің қолданылуы
Осы Кодекстің 11-24-баптарында бекітілген принциптер әкімшілік іс жүргізудің барлық түрлеріне, осы Кодекстің 25-26-баптарында әкімшілік даулар туралы істер бойынша іс жүргізуге, осы Кодекстің 27-34-баптарында осы бапта әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қолданылады.
11-бап. Заңдылық
1. Соттар, мемлекеттік органдар (лауазымды адамдар) әкімшілік іс жүргізу кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстің және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын дәл сақтауға міндетті.
2. Егер сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайды деп тапса, ол іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және Конституциялық Кеңеске осы актіні конституциялық емес деп тану жөнінде ұсыныс жасауға міндетті. Сот Конституциялық Кеңестің шешімін алған соң іс бойынша іс жүргізу қайта басталады.
3. Істерді шешу кезінде соттың заңды бұзуына болмайды және ол заңсыз сот актілерінің күшін жоюға әкеп соғады. Заңның бұзылуына кінәлі судья заңда белгіленген жауапкершілікті көтереді.
4. Сот, мемлекеттік органдар (лауазымды адамдар) әкімшілік іс жүргізген кезде, істі шешу кезінде мемлекеттік немесе өзге органның актісі заңға сәйкес келмейді немесе ол өкілеттікті асыра пайдаланып шығарылған деп тапқан жағдайда одан артық заң күші бар құқықтық актілерді қолданады.
12-бап. Адамның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сотта қорғау
1. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сотпен қорғауға құқығы бар. Мүдделі адам кұқықтары, бостандықтары немесе заңмен қорғалатын мүдделері бұзылғанда немесе дауға түскенде, оны қорғау үшін заңда белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.
2. Сот, мемлекеттік органдар (лауазымды адамдар) әкімшілік іс жүргізуге қатысушылар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз етуге, оны жүзеге асыру үшін осы Кодексте белгіленген жағдайларды жасауға, олардың заңды талаптарын қанағаттандыру жөніндегі шараларды уақытылы қолдануға міндетті.
3. Ешкімге ол үшін заңмен көзделген соттылығы оның келісімінсіз өзгертілуге тиіс емес.
4. Мемлекеттік органның (лауазымды адамның) заңсыз іс-әрекеттерімен азаматтарға, заңды тұлғаларға мүліктік зиян келтірілген жағдайда, әкімшілік істі жүргізетін сот, орган (лауазымды адам) оның орнын толтыру шараларын қолдануға міндетті.
5. Әкімшілік іс жүргізу кезінде адамға оның құқықтары мен бостандықтарын бұзудың нәтижесінде адамға келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен өтелуге тиіс.
13-бап. Жеке бастың ар-ожданы мен қадір-қасиетін, іскерлі беделін құрметтеу
1. Әкімшілік іс жүргізу кезінде жеке немесе заңды тұлғаның ар-ожданын қорлайтын немесе қадір-қасиетін кемітетін, не іскерлік беделін қаралайтын, немесе әкімшілік іс жүргізуге қатысушылардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіп төндіретін іс-әрекеттер мен шешімдерге тыйым салынады.
2. Әкімшілік істі жүргізетін судьяның, мемлекеттік органның (лауазымды адамның) заңсыз іс-әрекеттерімен адамға келтірілген моральдық залал заңда белгіленген тәртіппен өтелуге тиіс.
14-бап. Судьялардың тәуелсіздігі
1. Судья сот төрелігін атқару кезінде тәуелсіз және тек Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңына бағынады.
2. Судьялар мен соттар әкімшілік даулар туралы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді өздеріне бөгде ықпал болмайтын жағдайларда шешеді. Соттардың сот төрелігін атқару жөніндегі қызметіне қандай да болмасын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді.
3. Судья тәуелсіздігінің кепілдіктері Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңмен белгіленген.
15-бап. Іс жүргізу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Әкімшілік іс жүргізуге қатысатын адамдарға, сондай-ақ олардың отбасыларының мүшелеріне зорлық-зомбылық, мүлікке зиян келтіру қауіпі туындайтынына негіздер болған кезде судья, мемлекеттік орган (лауазымды адам) іс жүргізуді және осы адамдардың денсаулығын, ар-намысын, қадір-қасиетін және мүлкін қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
16-бап. Әкімшілік іс жүргізудің жариялылығы
1. Әкімшілік даулар туралы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу ашық жүргізіледі
2. Заңға сәйкес мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді қамтитын істерге қатысты, сондай-ақ соттың, органның (лауазымды адамның) коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны, жеке тұлғалардың мәліметтерін сақтау қажеттілігіне не ашық қарауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайларға сілтеме жасаған іске қатысушы адамның өтінішін қанағаттандыру кезінде іс жүргізу жабық түрде жүзеге асырылады.
3. Іске қатысушы адамдар мен ашық іс жүргізуге қатысып отыратын жеке тұлғалар іс жүргізіліп жатқан үй-жайдағы өздері иеленген орыннан іс жүргізудің барысын жазбаша түрде немесе аудиожазуды пайдалана отырып жазып алуға құқылы. Іс жүргізу барысында кино- және фотосуретке түсіруге, бейнежазбаға, тікелей радио- және телехабарларды таратуға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті соттың, органның (лауазымды адамның) рұқсаты бойынша, іске қатысушы адамдардың пікірлері ескеріле отырып жол беріледі. Бұл іс-әрекеттер істің қалыпты жүруіне кедергі жасамауға тиіс және оларға уақыт жағынан шектеу қойылуы мүмкін.
17-бап. Білікті заң көмегін алуға құқықтарды қамтамасыз ету
1. Әркімнің әкімшілік іс жүргізу барысында заңға сәйкес білікті заң көмегін алуға құқығы бар.
2. Заңмен көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі
18-бап. Дәлелдемені бағалау
1. Әкімшілік іс жүргізуді жүзеге асыратын судья, орган (лауазымды адам) дәлелдемелерді заң мен ар-намысты басшылыққа ала отырып, дәлелдемелерді өз жиынтығында жан-жақты, толық және объективті қарауға негізделген өзінің ішкі сезімі бойынша бағалайды. Ешбір дәлелдеменің алдын ала белгіленген күші болмайды.
2. Істі қарайтын сот, мемлекеттік (лауазымды адам) объективтілік пен бейтараптылықты сақтай отырып, іс бойынша шындықты анықтау үшін қажетті шараларды қабылдайды.
19-бап. Куә айғақтарын беру міндетінен босату
1. Ешкім өзіне-өзі, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгіленген шектегі жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.
2. Діни қызметшілер өздеріне сеніп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға міндетті емес.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайларда аталған адамдар айғақ беруден бас тартуға құқылы және олар бұл үшін қандай да болмасын жауаптылыққа тартылуы мүмкін емес.
20-бап. Іс жүргізу әрекеттеріне, қаулыларына шағымдану құқығы
1. Соттың, мемлекеттің органның (лауазымды адамның) әрекеттері мен шешімдеріне осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2. Іске қатысушы адамдардың жоғары тұрған мемлекеттік органның және (немесе) судьяның осы Кодексте белгіленген тәртіппен шешімді қайта қарауына құқығы бар.
21-бап. Жеке өмірге қол сұқпаушылық
Азаматтардың жеке өмірі, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркімнің жеке салымдар мен жинақтардың, хат жазысудың, телефон арқылы сөйлесудің, почта, телеграф және өзге де хабарлардың құпиясына құқығы бар. Әкімшілік іс жүргізу барысында осы құқықтарды шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайлар мен тәртіпте ғана жол беріледі.
22-бап. Әкімшілік іс жүргізілетін тіл
1. Қазақстан Республикасында әкімшілік іс жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда іс жүргізуде орыс тілі қазақ тілімен ресми түрде тең қолданылады.
2. Әкімшілік іс жүргізу тілі сотқа берілген өтініштің тіліне байланысты соттың, органы (лауазымды адамның) ұйғарымымен (қаулысымен) белгіленеді. Бір және сол ғана іс бойынша іс жүргізу бастапқыда белгіленген іс жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
3. Әкімшілік іс жүргізіліп жатқан тілді білмейтін немесе жеткілікті дәрежеде білмейтін іске қатысушы адамдарға ана тілінде немесе өзі білетін тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтініштер жасау, шағым беру, істің материалдарымен танысу, оны қарау кезінде сөз сөйлеу, аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.
4. Әкімшілік жүргізуге қатысушы адамдарға басқа тілде жазылған заңға байланысты қажетті іс материалдарын іс жүргізілетін тілге тегін аударып беру қамтамасыз етіледі.
5. Құқық бұзушы мен жәбірленушіге тапсырылуға тиіс іс жүргізу құжаттары олардың ана тіліне немесе олар білетін тілге аударылып жіберілуге тиіс.
6. Аударма жөніндегі шығыстар және аудармашының көрсеткен қызметі мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.
23-бап. Әкімшілік қарау
Мемлекеттік органға заңда көзделген ықтимал заңды шешімдердің бірін өз таңдауы бойынша қабылдау құқығы берілген. Мұндай шешімдерді қабылдаған кезде мемлекеттік орган жеке тұлғалардың құқықтарын және заңды тұлғалардың заңды мүдделерін қорғауды, мөлшерлестікті басшылыққа алуға, сондай-ақ заңда көзделген өзге де мақсаттарды көздеуге міндетті.
24-бап. Меншікке қол сұқпаушылық
1. Меншікке заңмен кепілдік беріледі. Ешкімді де сот шешімінсіз өз мүлкінен айыруға болмайды.
2. Мүлік пен құжаттарды алып қою; көлік құралын, шағын кемені басқарудан шеттету; көлік құралын, шағын кемені ұстау; көлік құралдарын, шағын кемелерді тексеру; аумақтарды, үй-жайларды, көлік құралдарын, тауарларды, өзге де мүлікті, сондай-ақ тиісті құжаттарды тексеріп қарау тек осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртіппен жүргізілуі мүмкін.
25-бап. Сот төрелігін тек қана соттың жүзеге асыруы
1. Әкімшілік даулар туралы істер жөніндегі Қазақстан Республикасындағы сот төрелігін сот ғана іске асырады. Кімнің болса да соттың өкілеттігін иемденуі заңмен көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Қандай атаумен болса да төтенше немесе арнайы соттарды құруға жол берілмейді. Төтенше соттардың, сондай-ақ заңсыз құрылған өзге де соттардың шешімдерінің заңды күші болмайды және орындалуға жатпайды.
2. Соттың құзыреті, оның юрисдикциясы, әкімшілік даулар туралы істер бойынша іс жүргізуді іске асырудың тәртібі осы Кодекспен айқындалады және еркін өзгеруі мүмкін емес.
3. Әкімшілік даулар туралы істер бойынша, өзінің қарауына жатпайтын іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асырып, өз өкілеттігін асыра пайдаланған немесе осы Кодексте көзделген әкімшілік даулар туралы принциптерді өзгеше түрде бұзған соттың шешімдері заңсыз және күші жойылуға тиіс.
4. Соттың әкімшілік даулар туралы істер жөніндегі шешімдері осы Кодексте көзделген тәртіппен тек тиісті соттарда ғана тексерілуі және қайта қаралуы мүмкін.
26-бап. Жарыспалылық
Әкімшілік даулар туралы істерді қарау кезінде дәлелдеу міндеті шешімдеріне, әрекеттеріне (немесе әрекетсіздігіне) шағым жасалатын, осы Кодексте көзделген негіздемелер бойынша дәлелдеу міндетін судья іске қатысушы адамдар арасында таратылатын жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілерге жүктеледі.
27-бап. Мөлшерлестік
Әкімшілік құқық бұзушылықты жасауға айыпты деп танылған адамға құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіпінің сипаты мен дәрежесін, кінәлі адамның жеке басын, оның ішінде құқық бұзушылықты жасағанға дейінгі және жасағаннан кейінгі мінез-құлқын, жауапкершілікті және өндіріп алуды (жазаны) жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, сондай-ақ жауаптылыққа тартылған адамның түзелуіне және отбасы мен оның асырауындағы адамдар өмірлерінің жағдайларына тағайындалған өндіріп алуды (жазаны) ескере отырып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті бабында белгіленген шектерде оның түзелуі және жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті әділ өндіріп алу (жаза) тағайындалады
28-бап. Сот құзыретінің ерекшелігі
1. Соттың құзыреті, оның юрисдикциясының шегі, оның әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді жүзеге асыру тәртібі заңмен белгіленеді және өз бетінше өзгертуге болмайды
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша, өзінің қарауына жатпайтын іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асырып, өз өкілеттігін асыра пайдаланған немесе осы Кодексте көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы принциптерді өзгеше түрде бұзған соттың шешімдері заңсыз және күші жойылуға тиіс.
3. Соттың әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жөніндегі шешімдері осы Кодексте көзделген тәртіппен тек тиісті соттарда ғана тексерілуі және қайта қаралуы мүмкін.