3. Іске қатыспайтын және істі қарау кезінде қатысушы азаматтар тәртіпті қайталап бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарылып жіберіледі.
4. Істі қарау барысында оған қатысушы азаматтар жаппай тәртіп бұзған кезде сот іске қатыспайтын азаматтардың барлығын сот отырысы залынан шығарып, істі жабық отырыста қарауы немесе істі қарауды кейінге қалдыруы мүмкін.
168-бап. Сотты құрметтемеушілік көріністері үшін жауаптылық шаралары
1. Сотты құрметтемеушілік көріністері үшін жауаптылық шаралары сот алдында барлығы тең конституциялық қағидатын және сот төрелігінің міндеттері іске асыру мақсатында сот қолданады.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 587-баптарында көзделген әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасағаны үшін оған кінәлі тұлғалар осы Кодекстің 218-бабында көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
3. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының іс-әрекеттерінде қылмыс белгілері болса, сот тәртіп бұзушыға қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәселені шешу үшін прокурорға материалдарды жібереді.
169-бап. Мәжбүрлеу және сотты құрметтемеушілік көріністері үшін жауаптылық шараларын қолдану.
Оларға шағымдану мен наразылық білдіру тәртібі
1. Заңға қарсы әрекет (әрекетсіздік) жасалғаны үшін мәжбүрлеу шараларының тек қана біреуі және (немесе) жауаптылықтың бір түрі ғана қолданылуы мүмкін.
2. Мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы соттың ұйғарымына жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
8-тарау. Іс жүргізу мерзімдері
170-бап. Іс жүргізу әрекеттерін жасау мерзімдері
1. Іс жүргізу әрекеттері заңда белгіленген мерзімдерде жасалады.
2. Егер іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзім заңда белгіленбеген жағдайда, оны сот тағайындайды.
171-бап. Іс жүргізу мерзімдерін есептеу
1. Іс жүргізу әрекеттерін жасауға арналған мерзімдер сөзсіз болуға тиіс оқиға көрсетіле отырып, дәлме-дәл күнтізбелік күнмен немесе жылдармен, айлармен немесе күндермен есептелетін уақыт кезеңімен белгіленеді. Соңғы жағдайда әрекет бүкіл кезеңнің ішінде жасалуы мүмкін.
2. Кезеңмен есептелетін іс жүргізу мерзімінің ағымы оның басталуы белгіленген күнтізбелік күннен немесе оқиға болған күннен кейінгі күні басталады.
172-бап. Іс жүргізу мерзімдерінің аяқталуы
1. Жылдармен есептелетін мерзім сол мерзімінің соңғы жылының тиісті айында және күнінде бітеді. Айлармен есептелетін мерзім сол мерзімінің соңғы айының тиісті ай мен күнінде бітеді. Егер айлармен есептелетін мерзімнің соңы тиісті күні жоқ айға сәйкес келсе, мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Күндермен есептелетін мерзім белгіленген кезеңнің соңғы күні бітеді. Мерзімнің соңғы күні демалыс күніне тап келген жағдайда мерзімнің аяқталатын күні одан кейінгі жұмыс күні болып есептеледі.
2. Жасалуына мерзім белгіленген іс жүргізу әрекеті мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін орындалуы мүмкін. Егер шағым, құжаттар не ақша сомалары мерзімнің соңғы күніне жиырма төрт сағат қалғанға дейін почтаға, телеграфқа тапсырса немесе байланыстың өзге де құралдары бойынша берілсе, мерзім өтіп кеткен болып есептелмейді.
3. Егер іс жүргізу әрекеті тікелей сотта немесе басқа ұйымда жасалуы тиіс болса; белгіленген ереже бойынша бұл ұйымдарда жұмыс аяқталатын немесе тиісті операциялар тоқтатылатын сағатта мерзім бітеді.
173-бап. Іс жүргізу мерзімдерін өткізіп алу салдары
1. Іс жүргізу әрекеттерін жасау құқығы заңда белгіленген немесе сот тағайындаған мерзімінің аяқталуымен жойылады. Іс жүргізу мерзімдері аяқталғаннан кейін берілген шағымдар мен құжаттарды, егер өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінім берілмесе, сот қараусыз қалдырады және оларды берген адамға қайтарылады.
2. Іс жүргізу мерзімдерінің бітуі іс жүргізу міндеттерін орындаудан босатпайды.
174-бап. Іс жүргізу мерзімдерін тоқтата тұру
1. Барлық аяқталмаған іс жүргізу мерзімдерінің ағымы іс жүргізуді тоқтата тұрумен тоқтатыла тұрады. Мерзімдерді тоқтата тұру іс жүргізуді тоқтата тұру үшін негіз болған мән-жайлар туындаған уақыттан басталады.
2. Іс жүргізу қайта басталған күннен бастап іс жүргізу мерзімдерінің ағымы жалғасады.
175-бап. Іс жүргізу мерзімдерін ұзарту және қалпына келтіру
1. Сот тағайындаған мерзімдерді сот ұзарта алады.
2. Заңмен белгіленген мерзімдерді, егер олар сот дәлелді деп таныған себептермен өткізіліп алынса, сот қалпына келтіре алады. Апелляциялық шағым беру мерзімін, егер мерзімді қайта қалпына келтіру туралы өтініш шешім қабылдаған күннен үш айдан кешіктірілмей берілген жағдайда, сот қалпына келтіре алады.
3. Өткізіліп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш іс жүргізу әрекеттерін жасауға тиісті болатын сотқа беріледі. Сот бұл өтінішті мәселенің қаралатын орны мен уақыты хабарланатын іске, қатысушы адамдардың қатысуымен қарайды, алайда олардың келмей қалуы соттың алдына қойылған мәселені шешу үшін кедергі болып табылмайды.
4. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш берумен қатар ол бойынша мерзімі өткізіліп алынған қажетті іс жүргізу әрекеттері жасалуға (құқық қорғау туралы талап қойылуға, шағым берілуге, құжаттар табыс етілуге және т.б.) тиіс.
5. Соттың өткізіліп алынған іс жүргізу мерзімін ұзартудан және қалпына келтіруден бас тарту туралы ұйғарымына жеке шағым берілуі және наразылық келтірілуі мүмкін.
9-тарау. Сот шығындары
176-бап. Сот шығындары ұғымы және олардың құрамы
Сот шығындары мемлекеттік баж бен іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады.
177-бап. Мемлекеттік баж
Мемлекеттік бажды төлеудің тәртібі, мөлшері, сондай-ақ мемлекеттік бажды төлеуден босатудың негіздері Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленеді
178-бап. Мемлекеттік бажды қайтару
Төленген мемлекеттік баж:
1) баж талапкер өз талаптарын азайтатын жағдайларды қоспағанда, Салық кодексі бойынша талап етілгеннен көбірек мөлшерде енгізудің;
2) арыздар (шағымдар) қайтарудың немесе оны қабылдаудан бас тартудың;
3) іс жүргізу тоқтатудың немесе, егер іс соттың қарауына жатпайтын болса, сондай-ақ талапкер осы істер санаты үшін белгіленген дауды алдын ала шешудің тәртібін сақтамаған не арызды (шағымды) әрекетке қабілетсіз адам табыс еткен жағдайда арызды (шағымды) қараусыз қалдырудың негізінде;
4) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген өзге де жағдайларда кассациялық шағым қайтарылған жағдайда төлем жасаған адамға ішінара немесе толық қайтарылуға тиіс.
2. Мемлекеттік бажды қайтаруға құжаттар салық қызметінің органына мемлекеттік баж сомасын бюджетке аудару күнінен бастап үш жылдық мерзім аяқталғанға дейін ұсынылуға тиіс.
3. Мемлекеттік баж:
1) арыз берушінің арыздан бас тартқан;
2) арыз беруші өз талаптарын азайтқан;
3) іс тараптардың бітімгершілік келісімімен аяқталған жағдайларда қайтарылмайды.
179-бап. Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар
Іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындарға:
1) куәгерлерге, сарапшыларға және мамандарға төленуге тиісті сомалар;
2) сол жерде қарау жүргізілуге байланысты шығындар;
3) заттай дәлелдемелерді сақтауға байланысты шығындар;
4) іс бойынша жарияланымдар мен хабарландыруларға байланысты шығындар;
5) тараптарға хабарлау және оларды сотқа шақыру жөніндегі шығындар;
6) тараптар мен үшінші тұлғалардың жолақысы және олардың сотқа келуіне байланысты шеккен тұрғын жайды жалға алу жөніндегі шығындар;
7) өкілдердің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындар;
8) соттың шешімдерін, ұйғарымдарын және қаулыларын орындауға байланысты шығындар;
9) сот қажет деп таныған өзге де шығындар жатады.
180-бап. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға төленуге тиісті сомалар
1. Куәларға, сарапшыларға және мамандарға тиесілі сомаларды олар өз міндеттерін орындағаннан кейін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес ашылған шоттан сот төлейді.
2. Аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу республикалық бюджеттің есебінен жүргізіледі. Сыйақының мөлшерін тиісті еңбекке ақы төлеудің қолданылып жүрген нормаларын негізге ала отырып сот белгілейді.
181-бап. Сот шығындарын тараптардың арасында бөлу
1. Пайдасына шешім шығарылған тарапқа, бұл тарап сот шығындарын төлеуден босатылса да, басқа тараптан іс бойынша жұмсалған барлық шығындарды сот алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығындар талап қоюшыға қойылған талаптардың сот қанағаттандырған мөлшеріне бара-бар, ал жауапкерге - талап қою талаптарының талап қоюшыға бас тартылған бөлігіне бара-бар беріледі.
2. Егер жоғары сатыдағы сот істі жаңадан қарауға берместен шығарылған шешімді өзгертсе немесе жаңа шешім шығарса, ол тиісінше сот шығыстарын бөлуді де өзгертеді.
182-бап. Өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды өтеу
1. Пайдасына шешім шығарылған тарапқа сот процеске қатысушы өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі өзіне екінші тарап келтірген шығындарды іс жүзінде өзі шеккен шығындар мөлшерінде басқа тараптан алып береді
2. Егер адвокат заң көмегін тарапқа тегін көрсетсе, сот осы бапта аталған шығындарды адвокат бөлген заң консультациясының, кеңсесінің пайдасына немесе келісім-шарт бойынша жұмыс істеуші адвокаттың пайдасына өндіреді.
183-бап. Уақыт ысырабынан келтірілген залалдарды өндіріп алу
Көрінеу теріс пиғылымен негізсіз талап қойған немесе қойылған талапқа қарсы дау білдірген не істі дұрыс және тез қарап, шешуге үнемі қарсы әрекет жасаған тараптан сот екінші тараптың пайдасына іс жүзінде уақыт ысырабынан келтірілген өтемақыны өндіріп алуы мүмкін. Өтемақы мөлшерін нақты мән-жайларды ескере келіп, осы жердегі тиісті еңбекке ақы төлеудің қолданылып жүрген нормасын негізге ала отырып, сот белгілейді.
184-бап. Талап қоюдан бас тарту кезінде сот шығындарын бөлу
Талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан кезде оның шығарған шығындарын жауапкер өтемейді. Егер талап қоюшы талап қоюдан кейін оларды жауапкердің ерікті түрде қанағаттандыруы нәтижесінде өзінің талаптарын қолдаудан бас тартса, сот талап қоюшының өтінуі бойынша жауапкерден талап қоюшы шеккен бүкіл сот шығындарын және өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды өндіріп алады.
185-бап. Азаматтарға заң көмегін тегін көрсету
1. Істі сотта қарауға дайындау кезінде судья немесе істі қарау кезінде сот азаматтың мүліктік жағдайын негізге ала отырып, оны заң көмегіне ақы төлеуден толық немесе ішінара босатуға және адвокаттың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығындарды мемлекеттің есебіне жатқызуға құқылы.
2. Заң консультациясына, кеңсеге, келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін адвокатқа төленуге тиісті сомалардың мөлшері адвокаттар көрсететін заң көмегіне ақы төлеуді реттейтін нормаларға сәйкес белгіленеді.
3. Азаматты заң көмегіне ақы төлеуден толық немесе ішінара босату туралы соттың немесе судьяның ұйғарымы назарға алу үшін заң консультациясына, кеңсеге, келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін адвокатқа және орындау үшін соттың орналасқан жері бойынша қаржы органына жіберіледі.
10-тарау. Сот хабарлаулары мен шақырулары
186-бап. Соттың хабарлаулары мен шақырулары
1. Сотқа қатысушы адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар және аудармашылар сот отырысының немесе жекелеген іс жүргізу әрекеттерін жасаудың уақыты мен орны туралы хабарландырылады және соттың шақыру қағаздарымен сотқа шақырылады.
2. Қажет болған жағдайда, іске қатысушы адамдар, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар және аудармашылар хабарландырылуы немесе тапсырылғаны туралы хабарлай отырып, тапсырыстық хат, телефонаграмма немесе жеделхат арқылы, сондай-ақ хабарлау мен шақырудың жасалуын қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалану арқылы хабарландырылуы немесе шақырылуы мүмкін.
3. Хабарлаулар мен шақырулар хабарландырылған немесе шақырылған адамның сотқа уақтылы келуі және іске даярлануы үшін жеткілікті мерзімі болуы есептеле отырып жолдануға тиіс.
4. Хабарлау немесе шақыру хабарландырылатын немесе шақырылатын адамға тарап немесе іске қатысатын басқа да адам көрсеткен мекен-жай бойынша жолданады. Егер сотқа хабарланған мекен-жайда азамат іс жүзінде тұрмайтын болса, хабарлау немесе шақыру оның жұмыс орнына жолдануы мүмкін. Ұйымға арналған хабарлау немесе шақыру оның орналасқан жеріне жіберіледі.
187-бап. Шақыру қағазының немесе өзге де хабарлаудың, шақырудың мазмұны
1. Шақыру қағазында немесе өзге де хабарлауда, шақыруда мыналар болуға тиіс:
1) сотқа хабарланатын немесе шақырылатын адамды көрсету (тегі, аты, әкесінің аты және олар жолданатын адамның тұрғылықты жері не ұйымның атауы мен орналасқан жері);
2) соттың атауы мен нақты мекен-жайы;
3) келетін жері мен уақыты;
4) адресатқа хабарлау немесе оны шақыру жүргізілетін істің атауы;
5) адресат кім ретінде хабарланып немесе шақырылып отырғандығын көрсету;
6) іске қатысушы тұлғаларға іс бойынша оларда бар барлық дәлелдемелерді табыс етуді ұсыну;
7) адресаттың болмауына байланысты шақыру қағазын немесе өзге де хабарламаны, шақыруды алған адамның оны алғашқы мүмкіндік болған кезде адресатқа тапсыруға міндеттілігін көрсету;
8) хабарланатын немесе шақырылатын адамның сотқа келмей қалу салдарын және оның келмеу себебін сотқа хабарлауға міндетті екенін көрсету;
9) шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды, шақыруды жіберуші адамның қолы. Хабарлау немесе шақыру туралы телефонограмма жіберген адам оны кімге және қай уақытта бергендігін көрсете отырып өзінің қол қоюымен куәландыруы тиіс.
2. Шақыру қағазымен бірге судья жауапкерге талап арыздың көшірмесі мен арызға қоса берілген құжаттардың көшірмесін жібереді. Талап қоюшыға жіберетін шақыру қағазымен бірге судья жауапкердің жазбаша түсініктемелерінің көшірмесін және оған қоса, егер олар сотқа түскен болса, оларға қоса тіркелген құжаттардың көшірмесін жібереді.
188-бап. Шақыру қағазын жеткізу
1. Шақыру қағаздары хабардар етіліп, тапсырысты хатпен почта арқылы жеткізіледі немесе мұны судья тапсырған адамдар жеткізеді. Шақыру қағазын адресатқа тапсыру уақыты шақыру қағазының сотқа қайтарылуға тиісті түбіршегінде белгіленеді.
2. Сот іске қатысушы адамның келісімімен оның қолына хабарланатын немесе іс бойынша шақырылатын адамға тапсыру үшін шақыру қағазын беруі мүмкін.
3. Шақыру қағазын жеткізу тапсырылған адам оны тапсырған күні көрсетілген және адресаттың шақыру қағазын алғандығы жөнінде қолы қойылған шақыру қағазының түбіршегін сотқа қайтаруға міндетті.
189-бап. Шақыру қағазын тапсыру
1. Шақыру қағазы жіберілген азаматқа табыс етіліп, сотқа қайтарылуға тиісті түбіршегіне оның өз қолы қойылады. Ұйымға жіберілген шақыру қағазы оның өкіліне немесе басқару қызметін атқаратын тиісті адамға табыс етіледі, ол шақыру қағазының түбіршегіне оны алғандығы жөнінде өзінің қызметін, тегін және аты-жөнін көрсетіп қол қояды.
2. Егер шақыру қағазын жеткізуші адам іс бойынша хабарланатын немесе шақырылатын азаматты тұрғылықты жерінен немесе жұмысынан таба алмаса, онда шақыру қағазы олардың келісімімен - онымен бірге тұратын отбасының ересек мүшелерінің біріне, ал олар болмаған жағдайда тұрғын үй-пайдалану ұйымына, жергілікті өзін-өзі басқару органына немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органға немесе оның жұмыс орнындағы әкімшілікке тапсырылады. Бұл жағдайларда шақыру қағазын қабылдап алған адам шақыру қағазының түбіршегіне өзінің тегін, атын, әкесінің атын, сондай-ақ адресатқа қатыстылығын немесе атқаратын қызметін көрсетуге міндетті. Шақыру қағазын қабылдап алған адам мүмкіндігінше кідіртпей шақыру қағазын адресатқа тапсыруға міндетті.
3. Адресат уақытша болмаған жағдайда, шақыру қағазын жеткізуші адам шақыру қағазының түбіршегіне адресаттың қайда кеткендігін және оның қашан қайтып келуі мүмкін екендігін белгілейді. Бұл мәліметтерді - тұрғын үй-пайдалану ұйымы, жергілікті өзін-өзі басқару органы немесе адресаттың тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы орган немесе оның жұмыс орны бойынша әкімшілік, ал оларда бұл мәліметтер болмаған жағдайда онымен бірге тұратын отбасының ересек мүшелерінің бірі растауға және куәландыруға тиіс.
190-бап. Іс бойынша іс жүргізу кезінде мекен-жайдың ауысуы
Іске қатысатын адамдар мен олардың өкілдері іс бойынша іс жүргізген уақытта сотқа өз мекен-жайының ауысқаны туралы хабарлауға міндетті. Мұндай хабарлау болмаған жағдайда шақыру қағазы немесе өзге де хабарлау, шақыру сотқа белгілі соңғы мекен-жай бойынша жіберіледі және адресат бұл мекен-жай бойынша ендігі жерде тұрмаса да жеткізілді деп есептеледі.
191-бап. Жауапкер болған жердің белгісіздігі және оны іздестіру
1. Жауапкердің іс жүзінде болған жері белгісіз болған жағдайда тұрғын үй-пайдалану ұйымының, жергілікті өзін-өзі басқару органының, немесе жауапкердің соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша тиісті атқарушы органның немесе оның соңғы белгілі жұмыс орны бойынша әкімшіліктің шақыру қағазын немесе өзге де хабарлауды, шақыруды алғанын куәландыратын жазбамен олар сотқа келіп түскеннен кейін сот істі қарауға кіріседі.
2. Жауапкерді іздестіру жөніндегі шығындарды өндіріп алу ішкі істер органының немесе қаржы полициясының мәлімдеуі бойынша сот бұйрығын беру жолымен жүргізіледі.
11-тарау. Ақтау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу
192-бап. Әкімшілік жауапқа тартылған адамның кінәсіздігін тану жолымен ақтау
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті судья, орган (лауазымды адам) ол жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді болдырмайтын негіздер бойынша істі қысқарту туралы қаулы шығарған адам кінәсіз деп есептеледі және олардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарына қандай да болсын шектеу қоюға болмайды.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті судья, орган (лауазымды адам) осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамды ақтау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті судьяның, органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттері нәтижесінде оған келтірілген зиянды өтеу жөнінде заңда көзделген шаралардың бәрін қолдануға тиіс.
193-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиянды өтеттіруге құқығы бар адамдар
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті судьяның, органның (лауазымды адамның) кінәсіне қарамастан, заңсыз әкімшілік ұстау, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану нәтижесінде адамға келтірілген зиян республикалық бюджеттен толық көлемінде өтеледі.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қарауға уәкілетті судьяның, органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиянды өтетуге:
1) әкімшілік өндіріп алу және әкімшілік құқықтық ықпал ету шаралары белгіленген адамдарға қатысты
2) егер іс жүргізу әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар болуына қарамастан басталса немесе олар анықталған кезден бастап қысқартылса, іс бойынша олар жөнінде іс жүргізу басталмауы тиіс, ал басталғаны осы Кодексте көзделген негіздер бойынша қысқартуға жататын адамдардың құқығы бар.
3) заңсыз әрекеттермен заңды тұлғаларға келтірілген зиянды мемлекет осы тарауда белгіленген толық көлемде және мерзімдерде өндіреді.
3. Жеке тұлға қайтыс болған жағдайда зиянды өтеттіру қүқығының мұрагерлеріне көшеді.
4. Егер іс жүргізу барысында адамның ерікті түрде өзіне-өзі айып тағу жолымен шындықты анықтауға кедергі келтіргені, сөйтіп осы баптың бірінші бөлігінде аталған зардаптардың тууына ықпал еткені дәлелденсе, оның зияны өтеуге жатпайды.
5. Осы баптың ережелері нақ бұл баптың екінші бөлігінің 2 тармақшаларында аталған мән-жайлар болмаған кезде адамға қолданылған әкімшілік жазаның және басқа да әкімшілік-құқықтық ықпал ету араларының күші жойылған немесе ескіру мерзімінің өтуіне, әкімшілік жауаптылықты жоятын немесе әкімшілік жазаны жұмсартатын заңның қабылдануына байланысты өзгерген жағдайларға қолданылмайды.
194-бап. Өтеуге жататын зиян
Осы Кодекстің 193-бабында аталған адамдардың мүліктік зиянды толық көлемінде өтетуге, моральдық зиян салдарын жойғызуға және барлық жоғалтқан немесе нұқсан келтірілген құқықтарын қалпына келтіртуге құқығы бар.
195-бап. Зиянды өтеттіру құқығын тану
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті орган (лауазымды адам) адамды толық немесе ішінара ақтау туралы шешім қабылдап, олардың кейін зиянды өтеттіру құқығын тануға тиіс. Істі қысқарту туралы, өзге де заңсыз шешімдердің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы қаулының көшірмесі мүдделі адамға тапсырылады не поштамен жіберіледі. Сонымен бірге оған зиянды өтеу тәртібі түсіндірілген хабарлама жіберіледі. Зиян өтеміне құқығы бар өлген адам мұрагерлерінің, туыстарының немесе асырауындағылардың тұрғылықты жері туралы мәліметтер болмаған жағдайда олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органға (лауазымды адамға) жүгінген күннен бастап бес күннен кешіктірмей оларға хабарлама жіберіледі.
196-бап. Мүліктік зиянды өтеу
1. Осы Кодекстің 193-бабында аталған адамдарға келтірілген мүліктік зиян:
1) олар айырылған жалақының, зейнетақының, жәрдемақының, өзге де қаражаттар мен табыстардың;
2) судья қаулысының негізінде заңсыз тәркіленген немесе өтемсіз алып қойылған мүліктің; мүлікті қайтару мүмкін болмаған жағдайда оның құны қайтарылады;
3) істі шешуге уәкілетті органның (лауазымды адамның) заңсыз қаулысын орындау үшін салынған айыппұлдардың; іс жүргізу шығындары мен әрекеттерге байланысты төлеген өзге де сомаларының;
4) адамның заң көмегін көрсету үшін төлеген сомаларының;
5) әкімшілік жауапқа заңсыз тарту нәтижесінде келтірілген өзге де шығындарының өтелуін қамтиды.
2. Іс жүргізумен байланысты процессуальдық шығыстарға жұмсалған, осы Кодекстің 84-бабында көрсетілген сомаларды, іс жүргізу шығындарын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиянның өтемін төлеуге жататын сомадан шегеріп тастауға болмайды.
3. Әкімшілік құқық бұзу бойынша аталған қаулылардың көшірмесін зиянын өтеу тәртібі туралы хабарламамен бірге алған кезде істі қысқарту, өзге де заңсыз шешімдердің күшін жою немесе оларды өзгерту туралы қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) мүліктік зиянын өтеу туралы талап қойып жүгінуге құқылы. Егер істі жоғары тұрған орган (лауазымды адам) немесе сот қысқартса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) жіберіледі. Егер судья қараған істі жоғары тұрған сот қысқартса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған судьяға жіберіледі. Кәмелетке толмаған адам ақталған жағдайда зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкілі мәлімдей алады.
4. Арыз түскен күннен бастап бір айдан кешіктірмей осы баптың үшінші бөлігінде аталған орган (лауазымды адам) қажет болған жағдайларда қаржы органдарынан және әлеуметтік қамсыздандыру органдарынан есебін сұрап ала отырып, зиянның мөлшерін анықтайды, сонан соң инфляцияны ескере отырып, осы зиянды өтеуге төлем жасау туралы қаулы шығарады. Егер істі сот қысқартса, аталған іс-әрекетті істі қараған судья жүргізеді.
5. Елтаңбалы мөрмен куәландырылған қаулының көшірмесі төлем жасауға міндетті органдарға ұсыну үшін адамға тапсырылады немесе жолданады. Төлем тәртібі заңмен белгіленеді
197-бап. Моральдық зиянның зардаптарын жою
1. Адамды ақтау туралы шешім қабылдаған орган (лауазымды адам) келтірілген зиян үшін одан ресми кешірім сұрауға міндетті.
2. Оның көлемі туралы талас жоқ болса, келтірілген моральдық зиян үшін ақшалай өтемақы туралы талап-арыздар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қойылады. Талас болған жағдайда, ақшалай бірлікте өтемақы туралы талап-арыздар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қойылады.
3. Егер адам әкімшілік жауапқа заңсыз тартылса, ал бұл туралы мәліметтер баспасөзде жарияланып, радио, теледидар немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, осы адамның талап етуі бойынша, ал ол қайтыс болған жағдайда - оның туыстарының немесе прокурордың талап етуі бойынша тиісті бұқаралық ақпарат құралдары бір ай ішінде бұл туралы қажетті хабарлама жасауға міндетті.