6. Он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмаған куәға сауал қою кезінде педагогтің немесе психологтың қатысуы міндетті. Қажет болған жағдайда сауал қою осындай куәның заңды өкілінің қатысуымен жүргізіледі.
101-бап. Куәгер
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларда процессуалдық әрекеттерді жүргізу фактісін куәландыру үшін уәкілетті орган (лауазымды адам) тартқан адам куәгер болып табылады.
2. Істің қорытындысына мүдделі емес, өзі қатысып тұрған кездегі іс-әрекеттерді толық және дұрыс ұғынуға қабілетті, процессуалдық әрекеттерді жүзеге асыратын органға (лауазымды адамға) тәуелді емес кәмелетке толған адам куәгер бола алады.
3. Куәгердің әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге қатысуы жеке адамды тексеріп қарау, көлік құралын, заттарды тексеріп қарау, жеке адамда болған құжаттар мен заттарды алып қою, заңды тұлғаға тиесілі аумақтарды, үй-жайлар мен мүлікті қарап шығу, заңды тұлғаға тиесілі құжаттар мен мүлікті алып қою туралы хаттамаларда көрсетіледі.
4. Куәгер әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан лауазымды адамның шақыруы бойынша келуге, осы істің жүргізілуіне қатысуға және өзінің қатысуымен жасалған іс-әрекеттердің жүзеге асырылу фактілерін, олардың мазмұны мен нәтижелерін тиісті хаттамаға өзі қол қойып куәландыруға міндетті.
5. Куәгердің жасалған іс-әрекеттер жөнінде хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға құқығы бар.
6. Қажет болған жағдайда куәгерден осы Кодекстің 100-бабында көзделген тәртіппен куә ретінде жауап алынуы мүмкін.
102-бап. Маман
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге маман ретінде қатысуға дәлелдемелерді жинауға, зерттеуге және бағалауға, сондай-ақ техникалық құралдарды пайдалануға жәрдем көрсету үшін қажетті арнаулы білімі бар және машықтанған, істің қорытындысына мүдделі емес кез келген кәмелетке толған адамды тағайындауға болады.
2. Маман: өзінің шақырылу мақсатын білуге; егер тиісінше арнаулы білімі мен машығы болмаса, іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; өзінің қатысуымен жасалатын, іс жүргізу әрекетіне қатысты істің материалдарымен танысуға; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) рұқсатымен іс жүргізу әрекеттеріне қатысушыларға сұрақтар қоюға; салыстырма зерттеулерді қоспағанда, іс жүргізу әрекеттері шеңберінде іс жүргізу әрекеттері хаттамасының бір бөлігі болып табылатын хаттамада не ресми құжатта істің барысы мен нәтижелері көрсетілген іс материалдарына зерттеу жүргізуге; өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекетінің барысы мен нәтижелері көрсетілуінің толық және дұрыс екендігі жөнінде хаттамаға енгізілуі қажетті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға құқылы.
3. Маман: әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге; арнаулы білімін, машығын және ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, іс жүргізу әрекеттеріне қатысуға; өзі жасаған әрекеттер бойынша түсінік беруге; аталған әрекеттердің жасалу фактісін, олардың мазмұны мен нәтижелерін өзі қол қойып куәландыруға міндетті.
103-бап. Сарапшы
1. Арнаулы ғылыми білімі бар, іске мүдделі емес адам сарапшы ретінде шақырылуы мүмкін. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
2. Сарапшының: істің сараптама нысанасына қатысты материалдарымен танысуға; қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы өтінім жасауға; соттың рұқсатымен сот отырысына қатысуға және оған қатысушыларға сараптама нысанына қатысты сұрақтар қоюға; тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеті мен жауаптарының толық әрі дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті ескертулер жасауға; сараптаманы тағайындаған соттың келісімімен, өзінің бастамасы бойынша сараптама жүргізу кезінде белгілі болған, іс үшін маңызы бар мән-жайларды қорытындыда көрсетуге; өзінің ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақ беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; сараптама жүргізу кезінде өз құқығына нұқсан келтіретін сот әрекетіне шағым жасауға; өзінің арнаулы білімінің шегінен тысқары мәселелер бойынша, сондай-ақ егер өзіне берілген материалдар қорытынды беру үшін жеткіліксіз болған жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға; сараптама жүргізу кезінде келтірілген шығындарға өтем және егер сот; сараптамасын жүргізу өзінің қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмесе, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.
3. Сарапшы: әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге; оған берілген іс материалдарына жан-жақты, толық және объективті зерттету жүргізуге, өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша объективті және негізделген жазбаша қорытынды беруге; қорытынды беру туралы бас тартуға және қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы уәжді жазбаша хабарлама жасауға және оны осы Кодексте арнайы көзделген жағдайларда сот сараптамасын тағайындаған органға жіберуге; жүргізілген зерттеулер мен берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақтар беруге; зерттеуге ұсынылған объектілердің сақталуын қамтамасыз етуге; істің мән-жайлары туралы мәліметті және оған сараптама жүргізуге байланысты оған мәлім болған өзге де мәліметтерді жария етпеуге; сараптама жүргізуге байланысты келтірілген шығыстар сметасын және шығыстар туралы есепті ұсынуға міндетті.
4. Сарапшы сотта көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапкершілік көтереді.
5. Сот сараптамасы органының қызметкері болып табылатын сарапшы өз қызметінің реті бойынша өзінің құқықтарымен және міндеттерімен таныстырылған және сотта көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауапты болатыны туралы ескертілген болып есептеледі. Бұл туралы сарапшының қолхаты сот отырысының хаттамасына тігіледі.
104-бап. Аудармашы
1. Білімі әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізу кезінде қажет болатын тілдерді білетін (мылқаудың немесе саңыраудың ыммен көрсететін белгілерін түсінетін), істің қорытындысына мүдделі емес кез келген кәмелетке толған адам аудармашы болып тағайындалады.
2. Аудармашыны әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан судья, орган (лауазымды адам) тағайындайды.
3. Аудармашы: егер өзінің аударма үшін қажетті білімі болмаса, іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; аударма жасау кезінде қатысушы адамдарға аударманы нақтылау үшін сұрақтар қоюға; өзі жүргізілуіне қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен танысуға және аударманың хатқа түсірілуінің толық және дұрыс екендігі жөнінде хаттамаға енгізілуі керек болатын ескертпелер жасауға құқылы.
4. Аудармашы: әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуге және өзіне тапсырылған аударманы толық және дәл жасауға; тиісті хаттамада аударманың дұрыстығын өзі қол қойып куәландыруға міндетті.
5. Аудармашыға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға өкілетті орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде көрінеу жалған аударма жасағаны үшін әкімшілік жауапты болатынын және сотта осы әрекетті жасағаны үшін қылмыстық жауапты болатынын ескертеді.
6. Осы баптың ережелері мылқаудың немесе саңыраудың ыммен көрсететін белгілерін түсінетін, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іске қатысуға тартылған адамға қолданылады.
105-бап. Прокурор әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуде
1. Прокурор өз өкілеттіктерін іске асыру мақсатында әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге қатысуға құқылы. Бұл орайда прокурор дәлелдемелер табыс етеді және оларды тексеруге қатысады; істі қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп отырған адамға қатысты, оның кінәлілігі туралы, сондай-ақ істің қаралу процесінде туындайтын басқа да мәселелер жөнінде өз пікірін баяндайды; істі қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) заңның ережелерін қолдану және әкімшілік жаза қолдану не одан босату туралы ұсыныс айтады.
2. Прокурор кәмелетке толмаған адам жасаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің қаралатын орны мен уақыты, сондай-ақ әкімшілік қамауға алуға әкеп соғатын құқық бұзушылық туралы хабардар етіледі. Ол болмаған кезде, мұндай іс тек істің қаралатын орны мен уақыты туралы прокурорға дер кезінде хабарланғандығы туралы деректер болған және одан істі қарауды кейінге қалдыру туралы өтініш түспеген жағдайда ғана қаралуы мүмкін.
106-бап. Прокурор әкімшілік даулар туралы істер бойынша іс жүргізуде
1. Әкімшілік сот ісін жүргізуде мемлекет атынан заңдардың дәл және біркелкі қолданылуын жоғары қадағалауды тікелей, өзіне бағынысты прокурорлар арқылы Қазақстан Республикасының Бас прокуроры жүзеге асырады.
2. Әкімшілік сот ісін жүргізуге прокурордың қатысуы, бұл заңда көзделген немесе осы іске прокурордың қатысу қажеттігін сот таныған жағдайларда, міндетті. Прокурор оған жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін және азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін өз бастамасы бойынша немесе соттың бастамасы бойынша процесте сөз сөйлеуге құқылы.
3. Прокурордың азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау туралы өтінішпен сотқа жүгінуге құқығы бар.
4. Талап арыз ұсынған прокурор барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады, сондай-ақ бітімгершілік жасау құқығынан басқа, талапкердің барлық іс жүргізу міндеттерін көтереді. Басқа адамның мүдделерін қорғау үшін ұсынылған талап арыздан прокурордың бас тартуы осы адамды істі мәнісі бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды.
5. Сот қарастырып жатқан дауда талапкер мен жауапкер ретінде прокуратура органдарының мүдделерін білдіретін прокурор тараптардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін пайдаланады.
107-бап. Сот отырысының хатшысы
1. Сот отырысының хаттамасын жүргізетін, қылмыстық іске мүдделі емес мемлекеттік қызметші сот отырысының хатшысы болып табылады.
2. Сот отырысының хатшысы: өзі хаттамалауды қамтамасыз етуі қажетті барлық уақытта сот отырысы залында болуға және сот отырысына төрағалық етушінің рұқсатынсыз кетпеуге; хаттамада соттың іс-әрекеті мен шешімін, соттың отырысына қатысушы барлық адамдардың өтініштерін, қарсылықтарын, жауаптарын, түсініктемелерін, сондай-ақ сот отырысының хаттамасында көрсетуге жататын басқа да жағдайларда толық және дұрыс жазуға; сот отырысының хаттамасын осы Кодексте белгіленген мерзімде дайындауға; төрағалық етушінің заңды өкіміне бағынуға; жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзіне белгілі болған мән-жайлар туралы мәліметтерді жарияламауға міндетті.
3. Сот отырысының хатшысы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшін дербес жауап береді.
4. Дұрыс емес не шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді сот отырысының хаттамасына қасақана енгізген жағдайда хатшы заңда көзделгендей жауапты болады.
108-бап. Сот приставы
1. Соттар қызметінің және сот шешімдерін орындаудың белгіленген тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі өзіне заңмен жүктелген міндеттерді орындаушы лауазымды адам сот приставы болып табылады.
2. Сот приставы бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардың атқарылуына бақылау жасауды қамтамасыз етеді, сот орындаушыларына атқару құжаттарын мәжбүрлеп атқаруда көмек көрсетеді, сот талқылауы кезінде залдағы тәртіпті бақылап отырады, төрағалық етушінің өкімін орындайды және соттарда судьяларды, куәларды және басқа да процеске қатысушыларды қорғауды жүзеге асырады, оларды басқаның ықпалынан корғайды, соттың іс жүргізу іс-әрекетін жүргізуіне жәрдемдеседі, сотқа келуден жалтарған адамдарды алып келуді жүзеге асырады, өзіне заңмен жүктелген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
109-бап. Іс жүргізу міндеттерін орындамағаны үшін жауаптылық
1. Куәнің, маманның, сарапшының және аудармашының осы Кодекстің 100, 102, 103, 104, 107, 108-баптарында көзделген іс жүргізу міндеттерін орындамауы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған іс-әрекеттер жасалған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі, іс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау кезінде іс бойынша қаулыға шағымды немесе наразылықты қарау хаттамасына тиісті жазба енгізіледі.
3. Айыппұл салу туралы қаулы шығарылады.
110-бап. Жәбірленуші, куә, сарапшы, маман, аудармашы немесе куәгер шығындарының орнын толтыру
1. Жәбірленушінің, куәнің, сарапшының, маманның және аудармашының әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуіне байланысты шеккен шығындарының, соның ішінде: аталған адамдардың тұрған немесе болып жатқан жеріне бару және кері қайту жолының жүріп-тұру құнының, ал бұл басқа жерлерде болумен байланысты жағдайларда - тұрғын үй-жайды жалдау, сондай-ақ тәуліктік шығын құнының орны азаматтық іс жүргізу заңдарында белгіленген тәртіппен толтырылады.
2. Жәбірленуші, куә, сарапшы, маман және аудармашы ретінде шақырылатын адамның әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан және қарап жатқан сотқа, органға (лауазымды адамға) келуіне байланысты олардың жұмыс орындарында болмаған кездегі орташа табысы белгіленген тәртіппен сақталады.
3. Сарапшының, маман мен аудармашының еңбегіне заңдарда белгіленген тәртіппен ақы төленеді.
111-бап. Басқа тұлғалардың құқықтарын, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін сотқа жүгіну
1. Заңмен көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар немесе жекелеген азаматтар олардың өтінуімен басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, сол сияқты қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау үшін талап қойып сотқа жүгіне алады. Әрекетке қабілетсіз азаматтың мүддесін қорғау үшін мүдделі адамның өтінішіне қарамастан талап қойылуы мүмкін.
2. Бөгде мүдделерді қорғау үшін талап қойған адамдар, бітімгершілік келісім жасау құқығынан басқа, талап қоюшының барлық іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және барлық іс жүргізу міндеттерін мойнына алады. Аталған органдар мен адамдардың талап қоюдан бас тартуы мүдделеріне сай іс қозғалған адамды істі мәні бойынша қарауды талап ету құқығынан айырмайды. Егер мүдделеріне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса, үшінші тұлғалардың құқықтарына қысым жасалмаса, сот талап қоюды (арызды) қараусыз қалдырады.
112-бап. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының іс бойынша қорытынды беру үшін процеске қатысуы
Заңмен көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өздеріне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру және азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін, қоғамдық және мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында іс бойынша қорытынды беру үшін бірінші сатыдағы сот шешім шығарғанға дейін өз бастамашылығы бойынша, іске қатысушы тұлғалардың бастамашылығы бойынша, сондай-ақ соттың бастамашылығы бойынша процеске қатыса алады.
6-тарау. Дәлелдемелер және дәлелдеу
113-бап. Дәлелдемелер
1. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен өндірісінде іс жатқан судья немесе орган (лауазымды адам) тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздейтін мән-жайлардың бар-жоғын, әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының бар-жоғын, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын жеке тұлғалардың кінәлілігін, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін маңызы бар өзге де мән-жайларды солардың негізінде анықтайтын заңды түрде алынған нақты деректер іс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
2. Бұл нақты деректер тараптардың және мүдделі тұлғалардың, әкімшілік жауапқа тартылатын тұлғаның түсініктемелерімен, жәбірленушінің, куәнің айғақтарымен; метрологиялық тексеруден өткен құқық бұзушылықтарды байқайтын және тіркейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшем құралдарының және аспаптарының көрсеткіштерімен, заттай дәлелдемелермен, сарапшылардың қорытындыларымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамалармен және іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен, іс жүргізу әрекеттерінің барысын және нәтижелерін көрсететін сот отырыстары хаттамаларымен және өзге де жазбаша дәлелдемелермен анықталады.
114-бап. Дәлелдеу міндеті
Мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар, лауазымды түлғалар мен мемлекеттік қызметшілер дауланатын шешімдер мен іс-әрекеттердің (әрекетсіздіктің) заңдылығын дәлелдеуге тиіс.
115-бап. Дәлелдемелерді ұсыну
1. Дәлелдемелерді тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар береді.
2. Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды тараптардың және іске қатысушы басқа да тұлғалардың тараптары мен қарсылықтарының негізінде, материалдық және іс жүргізу құқығының қолданылуға тиіс нормаларын ескере отырып, сот анықтайды.
3. Сот тараптарға және іске қатысушы басқа да тұлғаларға істі дұрыс шешу үшін қажетті қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы.
4. Тараптар мен іске қатысушы басқа да тұлғалар үшін дәлелдемелерді ұсыну қиындық келтірген жағдайда, сот олардың себепті өтінімі бойынша дәлелдемелерді сұратып алдыруға жәрдемдесе алады.
5. Дәлелдемелерді сұратып алдыру туралы өтінімде сол дәлелдемелер көрсетілуге, сондай-ақ осы дәлелдеме арқылы іс үшін маңызы бар қандай мән-жайлар анықталатыны немесе бекерге шақырылатыны, дәлелдемені өз бетінше алуға кедергі келтіретін себептер және оның тұрған жері көрсетілуге тиіс.
6. Қажет болған жағдайда сот өтінім берген адамға дәлелдемені алу үшін сұрату береді. Соттың талап еткен дәлелдемесі бар тұлға оны тікелей сотқа жібереді немесе сотқа табыс ету үшін тиісті сұратуы бар адамның қолына береді. Корпоративтік даулар бойынша дәлелдемелерді сот қана талап етуге және олар тікелей сотқа жіберілуге тиіс.
7. Сот дәлелдеме талап еткен, оны жалпы немесе сот белгілеген мерзімде беруге мүмкіндігі жоқ лауазымды немесе өзге тұлға соттың сұратуын алған күннен бастап бес күн мерзім ішінде себебін көрсетіп, бұл туралы сотқа хабарлауға міндетті.
8. Хабарламаған, сондай-ақ егер дәлелдеме беру туралы соттың талабы сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша орындалмаған жағдайда, кінәлі лауазымды немесе іске қатыспайтын өзге де тұлғаларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес әкімшілік жазаға қолданылады.
9. Әкімшілік жаза қолдану талап етілген дәлелдемесі бар адамды оны сотқа беру міндетінен босатпайды. Соттың талабын қасақана орындамаған жағдайда аталған тұлғалар қылмыстық жауапқа тартылады
10. Егер тарап сот сұратқан дәлелдемені өзінде ұстап қалса және оны соттың сұратуы бойынша ұсынбаса, ондағы мәліметтер осы тараптың мүдделеріне қарсы бағытталған деп ұйғарылады және ол тарап таныған деп есептеледі.
116-бап. Сот тапсырмалары
1. Істі қараушы сот іске қатысушы адамның басқа қалада немесе ауданда дәлелдемелер жинау қажеттігі туралы өтінімін қанағаттандырған жағдайда тиісті сотқа белгілі бір іс жүргізу әрекетін жасауға тапсырма береді.
2. Істі қараушы сот іске қатысушы адамдардың Қазақстан Республикасының құқықтық көмек көрсету жөнінде келісімі бар басқа мемлекетте дәлелдемелер жинау туралы өтінішін қанағаттандырған жағдайда осы келісімнің ережелеріне сәйкес сот тапсырмасын жібереді.
3. Соттың тапсырмасы туралы ұйғарымда қаралатын істің мәні, тараптар туралы мәліметтер қысқаша баяндалады, анықтауға жататын мән-жайлар, тапсырманы орындаушы сот жинауға тиіс дәлелдемелер көрсетіледі. Бұл ұйғарым ол жолданған сот үшін міндетті және ол алынған сәттен он күнге дейінгі мерзімде орындалуға тиіс.
117-бап. Сот тапсырмасын орындау тәртібі
1. Соттың тапсырмасын орындау осы Кодексте белгіленген ережелер бойынша сот отырысында жүргізіледі. Іске қатысатын тұлғалар отырыстың өтетін уақыты мен орны туралы құлақтандырылады, алайда оған келмеу тапсырманы орындауға кедергі болып табылмайды.
2. Хаттамалар мен тапсырманы орындау кезінде жиналған барлық материалдар дереу істі қарап жатқан сотқа жіберіледі.
3. Егер іске қатысатын адамдар немесе тапсырманы орындаушы сотқа түсініктеме немесе айғақ беруші куәлер істі қарайтын сотқа келсе, олар жалпы тәртіпте түсініктеме мен айғақ береді.
118-бап. Дәлелдемелерді бағалау
1. Әрбір дәлелдеме - қатыстылығы, жол берілуі, растығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығы азаматтық істі шешу үшін жеткіліктігі тұрғысынан бағалануға тиіс.
2. Судья, орган (лауазымды адам) дәлелдемелерді өзінің ішкі сенімі бойынша бағалайды.
3. Дәлелдемелердің жиынтығы, егер іске қатысты дәлелдеуге жататын немесе тарап жоққа шығармаған барлық және әрбір мән-жайлар туралы ақиқатты даусыз айқындауға жол беретін және сенімді дәлелдемелер жиналса, азаматтық істі шешу үшін жеткілікті болып табылады.
119-бап. Дәлелдемелердің қатыстылығы
Егер дәлелдеме іс үшін маңызды мән-жайлардың бар екендігі туралы тұжырымдары растайын, теріске шығаратын не оларға күмән келтіретін нақты деректер болса, сот, орган (лауазымды адам) дәлелдемені іске қатысты деп таниды.
120-бап. Дәлелдемелерге жол беру
1. Егер осы Кодексте көзделген тәртіппен алынса, дәлелдемеге жол беруге болады деп танылады.
2. Заң бойынша белгілі бір дәлелдемелермен расталуға тиіс істің мән-жайлары ешқандай басқа дәлелдемелермен расталуға тиіс емес.
121-бап. Дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайтын нақты деректер
1. Нақты деректер, егер олар заң талаптарын бұза отырып, іске қатысушы тұлғалардың заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларды ығыстыру арқылы немесе істі сотта қарауға дайындау кезінде немесе сотта қарағанда әкімшілік іс жүргізудің өзге де ережелерін бұза отырып, оның ішінде:
1) күш қолдану, қорқыту, алдау, сол секілді өзге де заңсыз іс-әрекеттерді қолдана отырып;
2) оларға түсіндірмеудің, толық немесе дұрыс түсіндірмеудің салдарынан туындаған іске қатысушы адамдардың өз құқықтары мен міндеттеріне қатысты жаңылуын пайдалана отырып;
3) осы азаматтық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға құқығы жоқ адамның іс жүргізу іс-әрекетін жүргізуіне байланысты;
4) қарсылық білдіруге жататын адамның іс жүргізу іс-әрекетіне қатысуына байланысты;
5) іс жүргізу іс-әрекетінің тәртібін айтарлықтай бұза отырып;
6) белгісіз көзден немесе сот отырысында анықтала алмайтын көзден;
7) дәлелдеу барысында қазіргі ғылыми білімге қайшы келетін әдістерді қолдана отырып алынған болса, олар нақты деректердің растығына әсер етсе немесе әсер етуі мүмкін болса, оларды сот дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайды деп тануға тиіс.
2. Іс бойынша іс жүргізу кезінде нақты деректерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол беруге болмайтындығын, сондай-ақ оларды шектеп пайдаланудың мүмкіндігін өз бастамашылығы бойынша немесе іске қатысушы адамдардың өтінімі бойынша сот белгілейді.
3. Заңды бұза отырып алынған дәлелдемелер заңдық күші жоқ деп танылады және сот шешімінің негізіне жатқызыла алмайды, сондай-ақ іс үшін маңызы бар кез келген мән-жайды дәлелдеу кезінде пайдаланыла алмайды.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған тәртіп бұзушылықтармен алынған нақты деректер тиісті тәртіп бұзушылықтардың және оларға жол берген адамдардың кінәлілігінің дәлелдемесі ретінде пайдаланылуы мүмкін.
122-бап. Дәлелдемелердің растығы
Тексеру нәтижесінде дәлелдеменің шындыққа сәйкес келетіні анықталса, дәлелдеме рас деп есептеледі.