82-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарға мәлімдейтін мүдделі тұлғалар
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін мүдделі тұлғалар бір немесе екі тарапқа талап қою арқылы сот шешім шығарғанға дейін процеске кірісе алады. Олар талапкердің барлық құқықтарын пайдаланады және оның барлық міндеттерін атқарады.
83-бап. Даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін мүдделі тұлғалар
Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін мүдделі тұлғалар, егер іс тараптардың біреуіне қатысы өздерінің құқықтарына немесе міндеттеріне әсер етуі мүмкін болса, іс бойынша соттың шешімі шыққанға дейін талапкер немесе жауапкер жағында іске кірісе алады. Олар сондай-ақ тараптардың және іске қатысушы басқа адамдардың өтінімімен немесе соттың бастамасымен іске қатысуға тартылуы мүмкін. Дербес талаптарын мәлімдемейтін мүдделі тұлғалар тараптардың талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгерту, сондай-ақ талап қоюдан бас тарту, талап қоюды мойындау, қарсы талап қою, соттың шешімін мәжбүрлеп орындатуды талап ету құқықтарынан басқа іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндетін мойнына алады.
84-бап. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам
1. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам хаттамамен және істің басқа да материалдарымен танысуға, түсініктеме беруге, хаттаманың мазмұны мен ресімделуі жөнінде ескертулер жасауға, дәлелдемелер табыс етуге, өтініш және қарсылық мәлімдеуге, қорғаушының заң көмегін пайдалануға, іс қаралғанда ана тілінде немесе өзі білетін тілде сөйлеуге, егер іс жүргізіліп отырған тілді білмесе, аудармашының қызметін пайдалануға; іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларының қолданылуына, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға және іс жөніндегі қаулыға шағымдануға, одан үзінді алуға және істегі құжаттардың көшірмелерін түсіріп алуға, сондай-ақ өзіне осы Кодексте берілген өзге де іс жүргізу құқықтарын пайдалануға құқылы.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамның қатысуымен қаралады. Аталған адамға істің қаралатын орны мен уақыты тиісті түрде хабарланғаны туралы деректер болған және одан істі қарауды кейінге қалдыру туралы өтініш түспеген ретте ғана іс оның өзі болмаған жағдайда қаралуы мүмкін.
3. Он сегіз жасқа толмаған адам жасаған не жасалуы әкімшілік қамауға алу, тәркілеу не әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған затты өтемін төлеп алып қою не әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістерді (дивидендтерді), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркілеу, сондай-ақ шетелдік азаматты не азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу немесе адамды өзіне берілген арнайы құқықтардан айыру түріндегі (көлік құралдарын басқару құқығын қоспағанда) әкімшілік жазаға әкеп соқтыратын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік жауапқа тартылып отырған адамның қатысуы міндетті.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде аталған адамдар іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жатқан әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайтын судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыруы бойынша келуден жалтарған жағдайда, бұл адамды мәжбүрлеп алып келу іске асырылуы мүмкін. Алып келу туралы сот ұйғарымын сот приставы немесе ішкі істер органдары; әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарайтын органның (лауазымды адамның) ұйғарымын ішкі істер органдары (полиция) орындайды.
5. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан кәмелетке толмаған адам, талқылануы оған теріс әсер етуі мүмкін істің мән-жайын қарау кезінде уақытша шығарыла тұруы мүмкін.
85-бап. Жәбірленуші
1. Әкімшілік құқық бұзушылықтан тән жарақатын алған, мүліктік немесе моральдық жағынан зақым келтірілген жеке немесе заңды тұлға жәбірленуші болып табылады.
2. Жәбірленуші істің барлық материалдарымен танысуға, түсініктеме беруге, дәлелдемелер табыс етуге, өтініш және қарсылық мәлімдеуге, өкіл ұстауға, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға және (немесе) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағымдануға, өзіне осы Кодекспен берілген өзге де іс жүргізу құқықтарын пайдалануға құқылы.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жәбірленушінің қатысуымен қаралады. Ол адамға істің қаралатын орны мен уақыты тиісті түрде хабарланғаны туралы деректер болған және одан істі қарауды кейінге қалдыру туралы өтініш түспеген ретте ғана іс оның өзі болмағанда қаралуы мүмкін.
4. Жәбірленушіден осы Кодексте белгіленген тәртіппен куә ретінде жауап алынуы мүмкін. Егер жәбірленуші заңды тұлға болса, оның заңды өкілінен куә ретінде жауап алынуы мүмкін.
86-бап. Істі өкілдер арқылы жүргізу
1. Азаматтар өз істерін сотта өздері немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Азаматтың іске өзінің қатысуы оның бұл іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды.
2. Ұйымдардың ісін сотта оларға заңмен, өзге нормативтік құқықтық актілермен немесе құрылтай құжаттарымен берілген өкілеттіктердің шегінде іс-әрекет жасайтын олардың органдары және тиісті өкілеттіктер берілген олардың өкілдері жүргізеді. Заңды тұлғалардың басшылары сотқа олардың қызметтік жағдайын немесе өкілеттіктерін куәландыратын құжаттар береді. Заңды тұлғаның органы тиісті өкілеттік берілген басқа өкілдермен бірге іске қатыса алады.
Сенімхатқа, заңдарға, сот шешімдеріне не әкімшілік актісіне негізделген істі сотта жүргізуге тиісінше ресімделген өкілеттігі бар әрекетке қабілетті кез келген адам сотта өкіл бола алады.
87-бап. Жеке тұлғаның заңды өкілдері
1. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан жеке адамның немесе кәмелетке толмаған не тән саулығына немесе психикалық жай-күйіне байланысты өз құқықтарын өз бетінше жүзеге асыру мүмкіндігінен айрылған жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды олардың заңды өкілдері жүзеге асырады.
2. Жеке адамның ата-анасы, асырап алушылары, қорғаншылары, қамқоршылары және қорғаншысы немесе асыраушысы болып отырған өзге де адамдар оның заңды өкілдері болып табылады.
3. Жеке адамның заңды өкілдері болып табылатын адамдардың туысқандық байланыстары немесе тиісті өкілеттігі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құжаттармен куәландырылады.
4. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан жеке адамның заңды өкілі әкімшілік жауапқа тартылушы адамды әкімшілік ұстау кезінен немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап іске қатысуға жіберіледі.
5. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан жеке адамның және жәбірленушінің заңды өкілдерінің өздері өкіл болып отырған адамдарға қатысты осы Кодексте көзделген құқықтары болады және сондай міндеттерді өз мойнына алады.
6. Он сегіз жасқа толмаған адам жасаған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралған кезде оның заңды өкілінің қатысуы міндетті. Кәмелетке толмаған адамның заңды өкілі келуден жалтарған жағдайда оған тиісті орган жүзеге асыратын алып келу қолданылуы мүмкін.
7. Белгіленген тәртіппен хабар-ошарсыз кетті деп танылған азамат қатысуға тиіс іс бойынша оның өкілі ретінде хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкіне қорғаншылықты жүзеге асыратын адам шығады.
8. Қайтыс болған немесе белгіленген тәртіппен қайтыс болды деп жарияланған адамның мұрагері қатысуға тиіс іс бойынша, егер мұраны ешкім әлі қабылдамаса, мұрагердің өкілі ретінде мұрагерлік мүлікті сақтауға және басқаруға тағайындалған сақтаушы немесе қорғаншы шығады.
9. Заңды өкілдер жасау құқығы заңда көзделген шектеулермен ұсынылуға жататын өкілдік берушілердің атынан барлық іс жүргізу әрекеттерін жасайды. Заңды өкілдер сотта басқа өкілге іс жүргізуді тапсыра алады.
88-бап Заңды тұлғаның өкілдері
1. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан немесе жәбірленуші болып табылатын заңды тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды оның өкілдері жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаның басшысы, сондай-ақ заңға немесе құрылтай құжаттарына сәйкес заңды тұлғаның органы болып табылатын өзге де адам оның өкілдері болып табылады. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан заңды тұлғаның және жәбірленушінің өкілдерінің өздері өкіл болып отырған тұлғалар жөнінде осы Кодексте көзделген құқықтары болады және сондай міндеттерді өз мойнына алады.
3. Заңды тұлға өкілінің өкілеттігі оның қызметтік жағдайын куәландыратын құжаттармен расталады.
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан заңды тұлға өкілінің немесе қорғаушысының қатысуымен қаралады. Аталған адамдарға істің қаралатын орны мен уақыты тиісті түрде хабарланғаны туралы деректер болған және олардан істі қарауды кейінге қалдыру туралы өтініш түспеген ретте ғана іс оның өзі болмаған жағдайда қаралуы мүмкін.
5. Жасалуы әкімшілік құқық бұзушылықтың құралы не нысанасы болған затты тәркілеу немесе ақысын төлеп алып қою не әкімшілік құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған кірістерді (дивидендтерді), ақшаны және бағалы қағаздарды тәркілеу түріндегі әкімшілік жазаға әкеп соқтыратын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік жауапқа тартылатын заңды тұлға өкілінің немесе қорғаушысының қатысуы міндетті.
89-бап. Тапсырма бойынша өкілдік ету
1. Әкімшілік іс жүргізуде тапсырма бойынша өкілдер өкілеттігі тиісті ресімделген сенімхатпен айқындалған адам бола алады.
2. Мына адамдар:
1) адвокаттар;
2) заңды тұлғалардың қызметкерлері - осы заңды тұлғалардың істері бойынша;
3) кәсіптік одақтардың уәкілетті адамдары - құқықтары мен мүдделерін қорғауды осы кәсіптік одақтар жүзеге асыратын жұмысшылардың, қызметшілердің, сондай-ақ басқа да адамдардың істері бойынша;
4) заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйымдар мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары;
5) заңмен, жарғымен немесе ережемен басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уәкілетті адамдары;
6) басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі;
7) іске қатысушылардың өтінуімен сот рұқсат еткен басқа да адамдар тапсырма бойынша сотта өкіл бола алады.
90-бап. Сотта өкілдер бола алмайтын тұлғалар
1. Судьялар, тергеушілер, прокурорлар мен өкілді органдардың депутаттары, олардың процеске тиісті ұйымдардың уәкілеттік берілген адамдары немесе заңды өкілдер ретінде қатысу жағдайынан басқа жағдайда сотта өкіл бола алмайды.
2. Адвокатура туралы заңдармен белгіленген ережелерді бұза отырып, заң көмегін көрсету туралы тапсырма алған адвокаттар сотта өкіл бола алмайды.
3. Адам, егер мүдделері өзі өкіл болып отырған адамның мүдделеріне қайшы келетін адамдарға осы іс бойынша заң көмегін көрсетсе немесе бұрын көрсеткен болса немесе судья, прокурор, сарапшы, маман, аудармашы, куә немесе айғақшы ретінде қатысса, сондай-ақ егер ол істі қарауға қатысушы лауазымды адаммен туыстық қатынастарда болса, өкіл бола алмайды.
91-бап. Өкілдің өкілеттіктері
1. Сотта іс жүргізуге арналған өкілеттік өкілге, арызға қол қоюды талап қою талаптары мен талап қоюды танудан толық немесе ішінара бас тартуды, талап қоюды тануды, талап қоюдың нысанасын немесе негіздемесін өзгертуді, бітімгершілік келісім жасауды, өкілеттіктерді басқа адамға беруді (сенімді басқа біреуге аудару), соттың қаулысына шағым беруді, соттың қаулысын мәжбүрлеп орындатуды талап етуді, берілген мүлікті немесе ақшаны алуды қоспағанда, өкілдік берушінің атынан барлық іс жүргізу әрекеттерін жасауға құқық береді.
2. Өкілдің осы баптың бірінші бөлігінде аталған іс-әрекеттердің әрқайсысын жасауға өкілеттігі өкілдік беруші берген сенімхатта арнайы көзделуі тиіс.
92-бап. Өкілдің өкілдіктерін ресімдеу
1. Өкілдің өкілеттіктері азаматтық заңнамаға сәйкес берілген және ресімделген сенімхатта көрсетілуге тиіс.
2. Кәсіптік одақтар мен басқа ұйымдардың уәкілеттік берілген адамдары сотқа осы іс бойынша өкілдікті жүзеге асыруға арналған тапсырманы куәландыратын құжаттарды беруі тиіс (осы Кодекстің 89-бабының 3), 4) және 5) тармақшалары).
3. Адвокаттың нақты істі жүргізуге арналған өкілеттігі заң консультациясы немесе адвокаттық кеңсе берген ордермен, ал ол өз қызметін дербес жүргізген жағдайда - адвокат клиентпен жасасқан шартпен куәландырылады.
4. Заңды тұлғаның атынан сенімхатты тиісті заңды тұлғаның басшысы немесе өзге уәкілетті адамы береді.
5. Осы Кодекстің 89-бабы 2-тармағының 6) және 7) тармақшаларында аталған өкілдің өкілеттігі сенімхатта немесе сот отырысының хаттамасына кіргізілген сенім білдірушінің сотта берген ауызша түрдегі өтінішінде көрініс табуы мүмкін.
93-бап. Жәбірленушінің өкілі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізу кезінде заң жүзінде құқығы бар адвокаттар мен өзге де адамдар жәбірленушінің заңды мүдделерін білдіретін өкіл бола алады.
2. Жәбірленуші өкілдерінің өздері өкіл болып отырған жеке және заңды тұлғалармен осы Кодексте көзделген шекте іс жүргізу құқықтары бірдей болады.
3. Өкілдің өзі өкілі болып отырған адамның мүдделеріне қайшы қандай да бір іс-әрекеттер жасауға құқығы жоқ.
4. Жәбірленушінің ісіне жеке қатысы оны осы іс бойынша өкіл алу құқығынан айырмайды.
94-бап. Қорғаушы
1. Қорғаушы - әкімшілік жауапқа тартылушы адамның құқықтары мен мүдделерін заңда белгіленген тәртіппен қорғауды жүзеге асыратын және оған заң көмегін көрсететін адам.
2. Қорғаушы ретінде адвокаттар, әкімшілік жауапқа тартылушы адамның жұбайы (зайыбы), жақын туыстары немесе заңды өкілдері, кәсіподақтардың және қоғамдық бірлестік мүшелерінің істері бойынша осы бірлестіктердің өкілдері жіберіледі. Егер заңда белгіленген тәртіппен өзара қатынас негізінде Қазақстан Республикасының тиісті мемлекетпен халықаралық шартында көзделсе, шетелдік адвокаттар іске қорғаушы ретінде қатысуға жіберіледі.
3. Қорғаушы әкімшілік жауапқа тартылушы адамды әкімшілік ұстау кезінен немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезден бастап іске қатысуға араластырылады.
4. Егер бірінің мүдделері екіншісінің мүдделеріне қайшы келсе, әкімшілік жауапқа тартылатын екі адамға бір адамды қорғаушы етуге болмайды.
5. Адвокаттың әкімшілік жауапқа тартылушы адамды өз мойнына алған қорғаудан бас тартуға құқығы жоқ.
95-бап. Қорғаушының міндетті түрде қатысуы
1. Әкімшілік іс жүргізуге мынадай жағдайларда, егер:
1) әкімшілік жауапқа тартылушы адам бұл жөнінде өтініш жасаса;
2) әкімшілік жауапқа тартылушы адам дене немесе психикалық кемістіктері салдарынан өзін қорғау құқығын өз бетінше жүзеге асыра алмайтын болса;
3) әкімшілік жауапқа тартылушы адам іс жүргізіліп отырған тілді білмесе;
4) істің материалдарында әкімшілік жауапқа тартылушы адамға медициналық сипатта мәжбүрлеу шаралары белгіленуі мүмкін деп пайымдайтын деректер болса;
5) әкімшілік жауапқа тартылушы адам кәмелетке толмаған болса, қорғаушының қатысуы міндетті.
2. Егер осы баптың бірінші бөлігінде көзделген мән-жайлар болған жағдайда әкімшілік жауапқа тартылушы адамның өзі, оның заңды өкілдері, сондай-ақ оның тапсыруымен басқа да адамдар қорғаушы шақырмаса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті судья, орган (лауазымды адам) іс жүргізудің тиісті сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге міндетті, бұл туралы олар кәсіби адвокаттар ұйымына міндетті қаулы шығарады.
96-бап. Қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның еңбегіне ақы төлеу
1. Қорғаушыны, өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам, оның заңды өкілдері, сондай-ақ өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамның тапсыруымен немесе келісуімен басқа да адамдар шақырады. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам қорғау үшін бірнеше қорғаушы шақыруға құқылы.
2. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамның өтінуі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті судья, орган (лауазымды адам) қорғаушының қатысуын қамтамасыз етеді.
3. Таңдалған немесе тағайындалған қорғаушының қатысуы мүмкін болмаған жағдайларда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті судья, орган (лауазымды адам) өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамға жиырма төрт сағат ішінде басқа қорғаушы шақыруды ұсынуға немесе адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлімшелері арқылы қорғаушы тағайындауға шаралар қолдануға құқылы. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті судьяның, органның (лауазымды адамның) қорғаушы ретінде белгілі бір адамды шақыруға ұсыныс айтуға құқығы жоқ.
4. Әкімшілік ұстау жағдайында, егер өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам таңдаған қорғаушының үш сағат ішінде келуі мүмкін болмаса, өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті судья, орган (лауазымды адам) басқа қорғаушы шақыруды ұсынады, ал одан бас тартылған жағдайда адвокаттар алқасы немесе оның құрылымдық бөлімшелері арқылы қорғаушыны тағайындауға шаралар қолданады.
5. Адвокаттың еңбегіне ақы заңдарға сәйкес төленеді, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті судья, орган (лауазымды адам) негіз болған жағдайда өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамды заң көмегіне ақы төлеуден толық немесе ішінара босатуға құқылы. Бұл жағдайда еңбекке ақы мемлекет есебінен төленеді.
6. Адвокат клиентпен іс жүргізуге келісім жасаспай, тағайындау арқылы қатысқанда, адвокат еңбегіне ақы төлеу шығыны мемлекет есебіне жатқызылуы мүмкін.
7. Қорғаушы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға өкілетті судьяға, органға (лауазымды адамға) өз жағдайын растау үшін жеке басын куәландыратын құжаттарды және тиісті жағдайларда: адвокатураға жататындығын растайтын құжатты және адвокаттың осы іске қатысу құқығына заң консультациясы берген ордерін немесе маңызы жөнінен соған теңестірілген құжатын; қоғамдық бірлестіктің немесе оның басшы органының қорғаушы тағайындау туралы шешімін, сезіктімен немесе айыпталушымен туыстық қатынастарын растайтын құжатты тапсырады.
97-бап. Қорғаушыдан бас тарту
1. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам іс жүргізудің кез келген кезінде қорғаушыдан бас тартуға құқылы, бұл оның өзін қорғауды өз бетінше жүзеге асыру ниетін білдіреді. Заң көмегіне ақы төлеуге қаражаты жоқтығын сылтау ету бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 95-бабы бірінші бөлігінің 2)-4) тармақшаларында көзделген жағдайларда да қорғаушыдан бас тарту қабылданбайды. Бас тарту жазбаша түрде ресімделеді.
2. Өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адамның қорғаушыдан бас тартуы оның бұдан былай қорғаушыны іске қатысуға жіберу туралы өтініш жасау құқығынан айырмайды. Қорғаушының іске кірісуі сол уақытқа дейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау барысында жасалған әрекеттерді қайталауға әкеп соқпайды
98-бап. Қорғаушының өкілеттігі
1. Қорғаушы істің барлық материалдарымен танысуға; істі қарауға қатысуға; дәлелдемелер табыс етуге, өтініш мәлімдеуге және қарсылық білдіруге; істерді қарауға уәкілетті судьяның, органның (лауазымды адамның) рұқсатымен істің қаралу процесінде жауап берушіге сұрақтар қоюға; іс жүргізуді қамтамасыз етуге қолданылатын шаралар және іс бойынша қаулы жөнінде шағымдануға; өзіне заңмен берілген өзге де құқықтарды пайдалануға құқылы.
2. Қорғаушының: қорғалушының мүдделеріне қарсы қандай да болсын іс-әрекеттер жасауға және оның өз құқықтарын жүзеге асыруына кедергі келтіруге; қорғалушының көзқарасына қарамастан, оның әкімшілік құқық бұзушылыққа қатыстылығын және оны жасауға кінәлілігін тануға, қорғалушының жәбірленушімен татуласқандығы туралы мәлімдеуге; қорғалушының берген шағымы мен өтінішін қайтарып алуға; заң көмегін сұрау мен оның жүзеге асырылуына байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етуге құқығы жоқ.
99-бап. Уәкілетті орган (лауазымды адам)
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған уәкілетті орган (лауазымды адам) дәлелдемелерді зерделеуге қатысуға, өтініш мәлімдеуге, істі қарау уақытында туындаған мәселелер бойынша қорытынды беруге; заңның ережелерін және әкімшілік жаза ережелерін қолдану не одан босату туралы ұсыныстар беруге; іс бойынша қаулыға шағымдануға, сондай-ақ заңда көзделген өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасаған уәкілетті органға (лауазымды адамға) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралатын орын мен уақыт туралы хабарланады. Ол жоқ кезде мұндай істі қарау орны мен уақыты туралы уәкілетті органға (лауазымды адамға) дер кезінде хабарланғандығы туралы деректер болған жағдайда ғана қаралуы мүмкін.
100-бап. Куә
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша куә ретінде, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, осы іс үшін маңызы бар мән-жайлардан хабардар болуы мүмкін кез келген адам шақырылуы мүмкін.
2. Куә: өзіне, жұбайына (зайыбына) немесе жақын туыстарына қарсы айғақ беруден бас тартуға, өз айғақтарының тиісті хаттамаға енгізілуінің дұрыстығы жөнінде мәлімдеме және ескерту жасауға; істі қарау кезінде ана тілінде сөйлеуге; аудармашының көмегін тегін пайдалануға құқылы.
3. Куә әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыртуы бойынша келуге, өзіне іс бойынша белгілі мән-жайдың бәрін шынайы түрде хабарлауға және қойылған сұрақтарға жауап қайтаруға, өзі берген айғақтардың тиісті хаттамаға енгізілуінің дұрыстығын өзі қол қойып куәландыруға міндетті.
4. Куәға әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті органға (лауазымды адамға) айғақтар беруден жалтарғаны немесе одан бас тартқаны, көрінеу жалған айғақтар бергені үшін әкімшілік жауапкершілігі туралы және сотта осы әрекеттерді жасағаны үшін қылмыстық жауаптылығы туралы ескертіледі.
5. Куә әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі жүргізіп жатқан судьяның, органның (лауазымды адамның) шақыртуы бойынша келуден жалтарған жағдайда судьяның, органның (лауазымды адамның) ұйғарымы негізінде оны ішкі істер органдары (полиция) алып келуі мүмкін.