Әкімшілік қамауға алу туралы қаулыға берілген шағым, наразылық, егер жауапқа тартылған адам әкімшілік қамауға алуды өтеп жатса, шағым немесе наразылық берілген кезден бастап бір тәулік ішінде қаралуға тиіс.
235-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарауға әзірлеу
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарауға әзірлеу кезінде судья, жоғары тұрған орган, лауазымды адам:
1) іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлардың бар-жоғын анықтайды;
2) өтініштерді шешеді, қосымша материалдарды сұрап алады, шағымды, наразылықты қарау үшін қатысуы қажет деп танылған адамдарды шақырады; қажет болған жағдайда судья сараптама тағайындайды;
3) егер шағымды, наразылықты қарау өзінің құзыретіне жатпаса, оларды бүкіл материалдарымен қоса ведомстволық бағыныстылығы бойынша жібереді.
236-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарау
1. Жоғары тұрған орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарауға кіріскенде:
1) шағымды, наразылықты кім қарайтынын, қандай шағым, наразылық қаралуға тиіс екенін, шағымды, наразылықты кім бергенін хабарлайды;
2) іс бойынша өзі жөнінде қаулы шығарылған жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның заңды өкілінің, сондай-ақ шағымды, наразылықты қарауға қатысу үшін шақырылған адамдардың келгеніне көз жеткізеді;
3) жеке немесе заңды тұлға өкілдерінің, қорғаушының және өкілдің өкілеттігін тексереді;
4) іс жүргізуге қатысушылардың келмей қалу себептерін анықтайды және олар жоқта шағымды, наразылықты қарау туралы не шағымды, наразылықты қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды;
5) шағымды, наразылықты қарауға қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
6) мәлімделген қарсылық білдірулерді және өтініштерді шешеді;
7) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты, ал қажет болған жағдайда өзге де материалдарды жариялайды.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарау кезінде істе бар және қосымша табыс етілген материалдар бойынша шығарылған қаулының заңдылығы мен негізділігі тексеріледі. Жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағым, наразылық дәлелдерімен байланып қалмайды және істі толық көлемінде тексереді, бұл орайда ол жаңа фактілерді анықтауға және жаңа дәлелдемелерді зерттеуге құқылы.
3. Жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шақырылған адамдардың келмей қалуына, іс бойынша қосымша материалдар сұратылуына, сараптама тағайындауға байланысты және бұл шағымды, наразылықты толық, жан-жақты әрі объективті қарау үшін қажет болған басқа жағдайларда шағымның, наразылықтың қаралуын кейінге қалдыруға құқылы.
4. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген ережелер әкімшілік құқық бұзушылық туралы бойынша судья (судья) шығарған қаулыға шағымдарды, наразылықтарды жоғары тұрған соттың судьясы (жоғары тұрған инстанциядағы сот) қараған жағдайда да қолданылады. Әкімшілік жаза қолдануға уәкілетті орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша шығарған қаулыға шағымдарды, наразылықтарды соттың қарау тәртібі осы Кодекспен белгіленеді.
5. Егер әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым сотқа және жоғары тұрған лауазымды адамға бір мезгілде келіп түссе, шағымды сот қарайды.
237-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық жөніндегі шешім
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарап, жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) мына шешімдердің бірін:
1) қаулыны өзгертпей, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырмай қалдыру туралы;
2) қаулыны өзгерту туралы;
3) мынадай мән-жайлар болған кезде:
- құқық бұзушылық елеусіз болған кездегі әкімшілік жауапкершіліктен босататын;
- әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын;
- әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар болған кезде, сондай-ақ қаулы шығарылғанда негізге алынған мән-жайлар дәлелденбеген кезде қаулының күшін жою және істі қысқарту туралы;
4) іс бойынша қаулының күшін жойып, жаңа қаулы шығару туралы;
5) егер шағымды, наразылықты қарау кезінде қаулыны құқығы жоқ судья, орган (лауазымды адам) шығарғаны анықталса, қаулының күшін жойып, істі ведомстволық бағыныстылығы бойынша қарауға жіберу туралы шешім қабылдайды.
2. Шағымды, наразылықты қарау нәтижелері бойынша шешім іс бойынша қаулыға шағым, наразылық жөнінде ұйғарым түрінде шығарылады. Осы баптың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жағдайда іс бойынша шығарылған ұйғарым, сондай-ақ қаулы қаулының мазмұнына қойылатын талаптарға жауап беруге тиіс.
3. Жоғары тұрған сот судьясының, мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот судьясының қаулысына шағым, наразылық бойынша ұйғарымы, сондай-ақ судьяның қаулысы түпкілікті болып табылады және осы Кодексте көзделген тәртіппен наразылық келтірілуі мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық жөнінде жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) ұйғарымына осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа шағым берілуі, наразылық келтірілуі мүмкін.
238-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жою немесе оны өзгерту негіздері
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге және қаулы шығаруға:
1) судьяның, органның (лауазымды адамның) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыда баяндалған тұжырымдардың шағымды, наразылықты қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сай келмеуі;
2) әкімшілік жауаптылық туралы заңды дұрыс қолданбау;
3) әкімшілік іс жүргізуге қатысушы адамдардың процессуалдық құқықтары мен кепілдіктерінің елеулі түрде бұзылуы;
4) қаулымен қолданылған әкімшілік жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына немесе заңды тұлғаның мүліктік жағдайына сай келмеуі негіздемелер болып табылады.
239-бап. Судьяның, органның (лауазымды адамның) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыда баяндалған тұжырымдарының шағымды, наразылықты қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сай келмеуі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыда баяндалған істің нақты мән-жайлары туралы тұжырымдар шағымды, наразылықты қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сай келмейтінін анықтап, жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) бұл қаулының күшін толық немесе ішінара жояды және шағымды, наразылықты қарау нәтижелеріне сәйкес жаңа қаулы шығарады.
2. Жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымды, наразылықты қарау процесінде зерттелген дәлелдемелерді бағалай келіп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулымен анықталмаған немесе қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) назарға алмаған фактілерді дәлелденді деп тануға құқылы.
240-бап. Әкімшілік жауапкершілік туралы заңды дұрыс қолданбау
1. Егер сот немесе мемлекеттік органның лауазымды адамы:
1) қолдануға жататын заңды қолданбаса;
2) қолдануға жатпайтын заңды қолданса;
3) заңды дұрыс түсіндірмесе;
4) заңның тиісті бабының санкциясыда көзделгеннен қатаңырақ әкімшілік жазаны тағайындаса, әкімшілік жауапкершілік туралы заң дұрыс қолданылмады деп есептеледі.
2. Шағымды, наразылықты қарау нәтижесінде берілген заңдық бағаны дұрыс емес деп танып, жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) құқық бұзушылықтың жіктелуін заңның онша қатаң емес әкімшілік жазаны көздейтін бабына өзгертуге құқылы.
3. Жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) шағымды, наразылықты қарау нәтижелері бойынша неғұрлым қатаң әкімшілік жаза көзделетін заңды қолдануға немесе жәбірленуші (прокурор) осы негіздер бойынша шағым (наразылық) берген жағдайда ғана неғұрлым қатаң әкімшілік жаза қолдануға құқылы.
241-бап. Әкімшілік процеске қатысушылардың іс жүргізу құқықтары мен заңды мүдделерін елелулі бұзу
1. Іс бойынша іс жүргізу және оны қарау кезінде осы Кодекс принциптерінің және іске қатысушы адамдардың заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыру немесе оларды шектеу, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу рәсімдерін сақтамау немесе істің мән-жайын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге өзге жолмен кедергі келтіру арқылы заңды және негізделген қаулы шығаруға ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін өзге де жалпы ережелерінің бұзылуы осы Кодекстің іс жүргізу нормаларының едәуір бұзылуы деп танылады.
2. Іс жүргізудің біржақтылығы немесе толық еместігі іс үшін маңызы болуы мүмкін жол берілетін дәлелдемелерді зерттеуден қате шығарып тастаудың немесе дәлелдемелерді зерттеуден негізсіз бас тартудың; міндетті түрде зерттеуге жататын дәлелдемелерді зерттемеудің нәтижесі болған кезде қаулының күші жойылуға тиіс.
3. Егер:
1) осы Кодексте көзделген негіздер болған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді жоятын немесе әкімшілік жауапкершілікке жауапқа тартуға мүмкіндік бермейтін;
2) қаулыны әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті емес судья, орган (лауазымды адам) шығарса;
3) іс қатысуы заң бойынша міндетті болып табылатын қорғаушының қатысуынсыз қаралса немесе өзі жөнінде іс жүргізіліп жатқан адамның қорғаушы алу құқығы өзге де жолмен бұзылса;
4) өзі жөнінде іс жүргізіліп жатқан адамның ана тілін немесе өзі білетін тілді және аудармашы қызметін пайдалану құқығы бұзылса;
5) өзі жөнінде іс жүргізіліп жатқан адамға істің мән-жайлары туралы түсініктеме беру құқығы берілмесе;
6) қаулыға қаулыны шығаратын, отырыста төрағалық ететін алқалық органның, лауазымды тұлғаның қолы қойылмаса;
4. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде осы баптың үшінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген іс жүргізу нормаларының бұзылуына жол берілгендігін анықтаған соң жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) іс бойынша қаулының күшін жояды және іс жүргізуді қысқартады.
5. Егер әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде іс жүргізу нормаларының қандай да болсын өзгеше едәуір бұзылуына жол берілген болса, жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) іс қарауды жүргізе отырып, бұл орайда жол берілген құқық бұзушылықты жоюға шаралар қолданады, сонан соң тиісті мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот судьясының, төмен тұрған органның (лауазымды адамның) қаулысының күшін жояды және іс қараудың нәтижелерін ескере отырып, жаңа қаулы шығарады.
242-бап. Қаулымен қолданылған әкімшілік жазаның жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына немесе заңды тұлғаның мүліктік қаржы жағдайына сай келмеуі
1. Қаулымен қолданылған әкімшілік жазаны оның тым қатаңдығы салдарынан әділ емес, жасалған құқық бұзушылық сипатына, кінәлінің жеке басына немесе заңды тұлғаның мүліктік жағдайына сай келмейді деп танып, жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) әкімшілік жаза қолданудың жалпы ережелерін басшылыққа ала отырып, жазаны жұмсартады.
2. Жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) кінәліге (заңды тұлғаға) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулымен белгіленген неғұрлым қатаң жаза қолдануы мүмкін, бірақ оны осы негіз бойынша прокурор наразылық келтірген немесе жәбірленуші шағым берген жағдайда қолданады.
243-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы қаулының күшін жою немесе оны өзгерту
1. Жоғары тұрған соттың судьясы, жоғары тұрған орган (лауазымды адам) іс жүргізуді қысқартудың негізсіздігіне жәбірленушінің шағымы бойынша не прокурордың наразылығы бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығара отырып, іс жүргізуді қысқарту туралы қаулының күшін жоюы мүмкін.
2. Іс жүргізуді қысқарту туралы қаулы өзі жөнінде іс жүргізу қысқартылған адамның шағымы бойынша қысқарту негіздемесі бөлігінде өзгертілуі мүмкін.
244-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық жөніндегі ұйғарым
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық жөніндегі ұйғарым ол шығарылғаннан кейін дереу жария етіледі.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық жөніндегі ұйғарымның көшірмесі ол шығарылғаннан кейін үш тәулікке дейінгі мерзімде өзі жөніндегі іс бойынша қаулы шығарылған жеке адамға немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне, өзі шағым берген жағдайда немесе оның өтініші бойынша жәбірленушіге, наразылық келтірген прокурорға тапсырылады немесе салып жіберіледі.
3. Әкімшілік қамауға алу туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық жөніндегі ұйғарым қаулыны орындаушы органның (лауазымды адамның), сондай-ақ өзі жөнінде қаулы шығарылған адамның назарына ұйғарым шығарылған күні жеткізіледі.
16-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулыларды және оларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері жөніндегі ұйғарымдарды қайта қарау
245-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулыларды және оларға шағымдарды, наразылықтарды қарау нәтижелері жөніндегі ұйғарымдарды қайта қараудың ерекше тәртібі
Осы Кодекстің 239-бабының бірінші және екінші бөліктерінде аталған адамдардың наразылығы бойынша, мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттар және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар судьяларының шығарған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша күшіне енген қаулылары, мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік соттар және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттардың судьяларының, аудандық және оған теңестірілген соттар төрағаларының қаулыларына шағым, наразылық бойынша аудандық және оған теңестірілген соттар төрағаларының, жоғары тұрған соттар судьяларының ұйғарымдары, сондай-ақ осы Кодекстің 229-бабының бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген жағдайда судьялар (аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары) шығарған қаулылар сот тәртібімен қайта қаралуы мүмкін. Сондай-ақ судья (сот) осы Кодекстің 210-бабының 2-бөлігінде көзделген тәртіппен шығарған сотқа құрметтемеушілік білдіру фактілері туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулылар, Жоғарғы Сот алқасының қаулыларын қоспағанда, сот тәртібімен қайта қаралуы мүмкін. Соттың әкімшілік жауапқа тартылған адамның не өзі жөнінде әкімшілік іс жүргізу тоқтатылған адамның жағдайын нашарлататын жағына қарай қайта қарауына соттың немесе уәкілетті мемлекеттік органның қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде жол беріледі
246-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды және оларға шағымдарды, ұйғарымдарды қайта қарауға құқықты соттар
Осы Кодекстің 237-бабында аталған заңды күшіне енген қаулыларды және ұйғарымдарды облыстық және оларға теңестірілген соттардың алқалары, ал осы Кодекстің 237-бабында көрсетілген сотқа құрметтемеушілік білдіру фактілері туралы істер бойынша қаулыларды жоғары тұрған инстанциядағы сот алқасы қайта қарауға құқылы.
247-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларға және оларға шағымдарды наразылықтарды қарау нәтижелері жөніндегі ұйғарымдарға наразылық келтіру
1. Осы Кодекстің 237-бабында аталған заңды күшіне енген қаулыларға және ұйғарымдарға наразылық келтіру құқығы Бас Прокурорға, оның орынбасарларына, облыстардың прокурорларына және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарларына берілген.
2. Осы Кодекстің 237-бабында аталған заңды күшіне енген қаулыларды және ұйғарымдарды қайта қарау туралы өтініштер жасауға әкімшілік жауапқа тартылған адамның, жәбірленушінің, аталған адамдардың қорғаушыларының, заңды өкілдері мен өкілдерінің құқығы бар.
248-бап. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуын тоқтата тұру
1. Осы Кодекстің 239-бабында көрсетілген адамдардың заңды күшіне енген осы Кодекстің 239-бабында көрсетілген қаулыларға және ұйғарымдарға наразылық (шағым) келтіруі (беруі) бұл қаулылардың, ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұрады.
2. Осы Кодекстің 239-бабында көрсетілген адамдардың судья шығарған әкімшілік қамауға алу туралы қаулыға наразылық (шағым) келтіруі (беруі) бұл қаулының орындалуын тоқтата тұрмайды.
249-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енген қаулыларды
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында қайта қарау
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қадағалау сот алқасы заңды күшіне енген әкімшілік құқық бұзушылық туралы кез келген іс бойынша қаулының, сол сияқты қаулыға шағымды, наразылықты қарау нәтижелері жөніндегі ұйғарымның (қаулының) заңдылығы мен негізділігін тексеруге және қабылданған шешімді қайта қарауға құқылы.
17-тарау. Артықшылықтары және әкімшілік жауаптылықтан қорғанышы бар адамдардың
істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктері
250-бап Қазақстан Республикасы Парламенті депутатын әкімшілік жауапқа тарту рәсімі
1. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын Қазақстан Республикасы Парламенті тиісті Палатасының келісімінсіз өз өкілеттігі мерзімі ішінде алып келуге, сот тәртібімен қолданатын әкімшілік жаза шараларына тартуға болмайды.
2. Депутатты сот тәртібімен әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатын әкімшілік жауапқа тартуға, алып келуге келісім алу үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына немесе Мәжілісіне тиісінше ұсыныс енгізеді. Ұсыныс әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс сотқа жіберілер алдында, сондай-ақ депутатты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткізу қажеттігі туралы мәселені шешер алдында енгізіледі.
3. Егер Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасы депутатты сот тәртібімен әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатын әкімшілік жауапқа тартуға келісім берсе, іс бойынша одан әрі іс жүргізу осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Егер Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасы алып келуге келісім берсе, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз етудің бұл шарасын депутатқа қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгіленген тәртіппен шешіледі.
5. Егер Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасы депутатты сот тәртібімен әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатын әкімшілік жауапқа тартуға келісім бермесе, іс жүргізу осы негізбен тоқтатылуға тиіс.
6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентінің тиісті Палатасы алып келуге келісім бермесе, депутатқа осы Кодексте белгіленген тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді қамтамасыз етудің өзге шаралары қолданылуы мүмкін.
7. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты сот тәртібімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қараудың заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас прокуроры жүзеге асырады.
251-бап. Президенттікке, Парламент депутаттығына кандидаттарды әкімшілік жауапқа тарту рәсімі
1. Президенттікке, Парламент депутаттығына кандидаттарды олардың тіркелген күнінен бастап, сайлау қорытындылары жарияланғанға дейін Орталық сайлау комиссиясының келісімінсіз алып келуге, оларға сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жаза шараларына тартуға болмайды.
2. Президенттікке, Парламент депутаттығына кандидаттарды әкімшілік жауапқа тарту туралы ұсынысты Орталық сайлау комиссиясына әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс сотқа жіберілер алдында Қазақстан Республикасының Бас прокуроры енгізеді.
3. Бас прокурор Орталық сайлау комиссиясының шешімін алғаннан кейін істі одан әрі жүргізу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
252-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Төрағасының немесе мүшелерін әкімшілік жауапқа тарту рәсімі
1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасын немесе мүшелерін өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің келісімінсіз алып келуге, сот тәртібімен қолданатын әкімшілік жаза шараларына тартуға болмайды.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасын немесе мүшелерін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатын әкімшілік жауапқа тартуға, алып келуге келісім алу үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентіне тиісті ұсыныс енгізеді. Ұсыныс әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс сотқа жіберілер алдында, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасын немесе мүшелерін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткізу қажеттігі туралы мәселені шешер алдында енгізіледі.
3. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентінің шешімін алғаннан кейін істі одан әрі жүргізу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
253-бап. Судьяны әкімшілік жауапқа тарту рәсімі
1. Судьяны Қазақстан Республикасы Президентінің Республика Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген келісімінсіз не Қазақстан Республикасы Конституциясы 55-бабының 3) тармақшасында белгіленген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімінсіз қамауға алуға, тұтқындауға, алып келуге, сот тәртібімен қолданатын әкімшілік жаза шараларына тартуға болмайды.
2. Судьяны сот тәртібімен әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатын әкімшілік жауапқа тартуға, алып келуге келісім алу үшін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасының Президентіне, ал Конституцияның 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыныс енгізеді. Ұсыныс әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс сотқа жіберілер алдында, судьяны әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткізу қажеттігі туралы мәселені шешер алдында енгізіледі.
3. Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімін алғаннан кейін істі одан әрі жүргізу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
254-бап. Қазақстан Республикасы Бас прокурорын әкімшілік жауапқа тарту рәсімі
1. Қазақстан Республикасының Бас прокурорын өз өкілеттігі мерзімі ішінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімінсіз алып келуге, сот тәртібімен қолданатын әкімшілік жаза шараларына тартуға болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас прокурорын сот тәртібімен әкімшілік жаза қолдануға әкеп соғатын әкімшілік жауапқа тартуға, алып келуге келісім алу үшін Бас прокурордың бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыныс енгізеді. Ұсыныс әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс сотқа жіберілер алдында, Бас прокурорды әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткізу қажеттігі туралы мәселені шешер алдында енгізіледі.