3. Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімін алғаннан кейін істі одан әрі жүргізу осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізіледі. 4. Қазақстан Республикасының Бас прокурорына қатысты сот тәртібімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараудың заңдылығын қадағалауды оның бірінші орынбасары жүзеге асырады.
255-бап. Судьяның Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасына немесе мүшелеріне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас прокурорына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауы
1. Істі қарау әкімшілік жауаптылықтан артықшылықтары мен қорғанышы бар адамдардың істерін жүргізу ерекшеліктерімен қоса, жалпы ережелер бойынша жүргізіледі.
2. Судья Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі төрағасына немесе мүшелеріне, судьяға, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорына әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот ісін қамтамасыз ету шарасы ретінде, бұған келісім беру туралы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына немесе Мәжілісіне ұсыныс жасай отырып, алып келуді қолдануға құқылы.
3. Ұсыныс әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс сотқа жіберілер алдында, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға уәкілетті сотқа, органға (лауазымды адамға) мәжбүрлеп жеткізу қажеттігі туралы мәселені шешер алдында енгізіледі.
256-бап. Әкімшілік жауаптылықтан дипломатиялық қорғанышы бар адамдар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес сот тәртібімен әкімшілік жауаптылықтан қорғанышты Қазақстан Республикасында мына адамдар пайдаланады:
1) шет мемлекеттер дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, осы өкілдіктердің дипломатиялық қызметкер мүшелері және егер олар өздерімен бірге тұрып жатса әрі Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса, олардың отбасы мүшелері;
2) егер бұл қызметкерлер және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, өзара келісім негізінде дипломатиялық өкілдіктердің қызмет көрсетуші қызметінің қызметкерлері мен олардың өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелері, консулдықтардың басшылары және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, олардың қызмет міндеттерін атқару кезінде жасаған әрекеттеріне қатысты консулдықтың басқа да лауазымды адамдары;
3) егер бұл қызметкерлер және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, өзара келісім негізінде дипломатиялық өкілдіктердің әкімшілік-техникалық қызмет қызметкерлері және олардың өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелері;
4) дипломатиялық курьерлер;
5) шет мемлекеттердің басшылары мен өкілдері, парламенттік және үкіметтік делегациялардың мүшелері және, өзара келісім негізінде, - Қазақстанға халықаралық келіссөздерге, халықаралық конференцияларға және кеңестерге қатысуға немесе басқа да ресми тапсырмалармен келетін шет мемлекеттер делегацияларының қызметкерлері не осындай мақсаттармен Қазақстан Республикасы аумағы арқылы өтіп бара жатқандар және егер отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса, аталған адамдарға еріп жүрген отбасы мүшелері;
6) Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан халықаралық ұйымдардағы шет мемлекеттер өкілдіктерінің басшылары, мүшелері және қызметкерлері, осы ұйымдардың лауазымды адамдары халықаралық шарттар немесе жалпы танылған халықаралық ғұрыптар негізінде;
7) Қазақстан Республикасы аумағы арқылы өтіп бара жатқан үшінші бір елдегі шет мемлекеттер дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары, дипломатиялық өкілдіктің қызметкер мүшелері және аталған адамдарға еріп жүрген немесе оларға қосылу немесе өз еліне қайту үшін бөлек бара жатқан отбасы мүшелері;
8) Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің 1), 4)-7) тармақшаларында аталған адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес өзге де адамдар шет мемлекет қорғаныш беруден бас тартқан жағдайда ғана сот тәртібімен әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Мұндай бас тарту туралы мәселе Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы дипломатиялық жолмен шешіледі. Аталған адамдарға қорғаныш беруден тиісті шет мемлекеттің бас тартуы болмаған кезде оларға қатысты әкімшілік іс жүргізу қозғала алмайды, ал қозғалғаны қысқартылуға тиіс.
3. Егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, осы баптың бірінші бөлігінің ережелері осы баптың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақшаларында аталған адамдарға қолданылмайды, бұған сол адамдар жасаған құқық бұзушылық олардың өз қызмет міндеттерін атқарумен байланысты болған және Қазақстан Республикасының мүдделеріне қарсы бағытталмаған жағдайлар қосылмайды.
257-бап. Дипломатиялық қорғанышты пайдаланатын адамдарды тексеру, әкімшілік ұстау және алып келу
Осы Кодекске сәйкес дипломатиялық қорғанышты пайдаланатын адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өзге де адамдар жеке басына ешкім тиіспеушілікті пайдаланады. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін олардың жеке басын тексеруге, ұстауға немесе алып келуге болмайды. Олардың жанында болған заттарға да тексеру жүргізуге болмайды.
258-бап. Айғақ беруден дипломатиялық қорғаныш
1. Осы Кодекске сәйкес дипломатиялық қорғанышы бар адамдар, сондай-ақ өзге де адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес куә, жәбірленуші ретінде айғақ беруіне болмайды, ал мұндай айғақ беруге келіскен жағдайда бұл үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараушы судьяға, органға (лауазымды адамға) келуге міндетті емес. Сұрау үшін аталған адамдарға тапсырылған шақыруда олардың келмегені үшін мәжбүрлеу шараларымен қорқыту болмауға тиіс.
2. Егер бұл адамдар әкімшілік іс жүргізу барысында жәбірленушілер, куәлар ретінде айғақ беріп, ал істі қарауға келмей қалса, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараушы судья, орган (лауазымды адам) олардың айғақтарын оқып бере алады.
3. Адамдар өздерінің қызмет міндеттерін атқарумен байланысты мәселелерден басқа, куәлар және жәбірленушілер ретінде айғақ беруден бас тарта алмайды. Консулдық лауазымды адамдар куәгерлік айғақ беруден бас тартқан жағдайда оларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қамтамасыз ету шараларын қолдануға болмайды.
4. Дипломатиялық қорғанышты пайдаланатын адамдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараушы судьяға, органға (лауазымды адамға) өздерінің қызмет міндеттерін атқаруға қатысты хат-хабарды және басқа да құжаттарды табыс етуге міндетті емес.
259-бап. Үй-жайлардың және құжаттардың дипломатиялық қорғанышы
1. Дипломатиялық өкілдік басшысының резиденциясы, дипломатиялық өкілдік орналасқан үй-жай, дипломатиялық қызмет мүшелерінің және олардың отбасы мүшелерінің тұрғын үй-жайлары, олардағы мүлік және жүріс-тұрыс құралдары ешкім тиіспейтін болып табылады. Бұл үй-жайларға кіруді, оларды қарауды, сондай-ақ жүріс-тұрыс құралдарын тексеруді дипломатиялық өкілдік басшысының немесе оның орнындағы адамның келісімімен ғана жүргізуге болады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген қорғаныш өзара келісім негізінде, егер бұл қызметкер мен олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса, дипломатиялық өкілдік қызметкеріне қызмет көрсетуші қызметкерлердің және олардың өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелерінің тұрғын үй-жайларына да қолданылады.
3. Консулдық орналасқан үй-жай және консулдық басшысының резиденциясы өзара келісім негізінде ешкімнің тиіспеушілігін пайдаланады. Бұл үй-жайларға кіру, оларды қарау тек тиісті шет мемлекеттің консулдығы немесе дипломатиялық өкілдігі басшыларының өтінішімен немесе олардың келісуімен ғана орын алуы мүмкін.
4. Дипломатиялық өкілдіктердің және консулдықтардың мұрағаттары, ресми алысқан жазбалары және басқа да құжаттары ешкім тиіспейтін болып табылады. Оларды дипломатиялық өкілдік консулдық басшысының келісімінсіз қарауға және алып қоюға болмайды. Дипломатиялық пошта ашылмауға және кідіртілмеуге тиіс.
5. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде аталған үй-жайларға кіруге, оларға тексеру жүргізуге, сондай-ақ осы баптың төртінші бөлігінде аталған құжаттарды тексеруге және алуға дипломатиялық өкілдіктер мен консулдықтар басшыларының келісімін прокурор Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арқылы сұрайды.
6. Аталған жағдайларда тексеру прокурордың және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі өкілінің қатысуымен жүргізіледі.
18-тарау. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулылардың орындалуы
260-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының заңды күшіне енуі
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы:
1) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы, егер оған шағым берілмесе немесе наразылық келтірілмесе, шағым беру үшін белгіленген мерзім біткеннен кейін;
2) шағым, наразылық бойынша ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу, сондай-ақ осы Кодекстің 406-бабында көзделген жағдайда қаулы шығарылғаннан кейін заңды күшіне енеді.
261-бап. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының міндеттілігі
1. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы барлық мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың, жеке тұлғалардың және олардың бірлестіктерінің, заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
2. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы ол заңды күшіне енген сәттен бастап орындалуға жатады.
3. Арнаулы құқықтан айыру және әкімшілік қамау түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулылар олар шығарылған сәттен бастап орындалуға жатады.
262-бап. Қаулыны орындауға жолдау
Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындауға жолдау қаулыны шығарған судьяға, органға (лауазымды адамға) жүктеледі. Қаулы оны орындайтын уәкілетті органға (лауазымды адамға) ол заңды күшіне енген күннен бастап бір тәулік ішінде жіберіледі. Арнаулы құқықтан айыру және әкімшілік қамау түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулылар оларды орындайтын уәкілетті органдарға олар шығарылғаннан кейін дереу жіберіледі.
263-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, әкімшілік жаза қолдану туралы іс бойынша қаулыны орындау
1. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны осы Кодексте белгіленген тәртіппен уәкілетті органдар орындайды.
2. Бір адам жөнінде әкімшілік жаза қолдану туралы бірнеше қаулы шығарылған жағдайда әр қаулы дербес орындалады.
3. Адамның әкімшілік жазадан жалтаруы ол жазаны заңнамаға сәйкес мәжбүрлеу тәртібімен орындауға әкеп соғады.
264-бап. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындауға байланысты мәселелерді шешу
1. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны шығарған органға (лауазымды адамға) осы қаулыны орындаумен байланысты мәселелерді шешу және оның орындалуын бақылау жүктеледі.
2. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуын кейінге қалдыру, созу, тоқтата тұру немесе қысқарту, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамға салынған айыппұлды оның ата-анасынан немесе олардың орнындағы адамдардан өндіріп алу туралы мәселелерді қаулыны шығарған судья, орган (лауазымды адам) тиісті мәселені шешу үшін негіз пайда болған күннен бастап үш күн мерзімде қарайды.
3. Осы баптың екінші бөлігінде аталған мәселелердің шешілуіне мүдделі адамдарға олардың қаралатын орны мен уақыты хабарланады. Бұл орайда мүдделі адамдардың дәлелді себептерсіз келмей қалуы тиісті мәселелерді шешу үшін кедергі болмайды. Әкімшілік қамауды өтеуден жалтару туралы мәселені қарау кезінде әкімшілік қамауға алынған адамның қатысуы міндетті болып табылады.
4. Осы баптың екінші бөлігінде аталған мәселелер бойынша шешім қаулы түрінде қабылданады.
5. Жеке адамға немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне өздері жөнінде шығарылған қаулының көшірмесі дереу, сондай-ақ жәбірленушіге өтініші бойынша оның қолхаты алып беріледі. Аталған адамдар болмаған жағдайда қаулының көшірмесі ол шығарылғаннан кейін үш күн ішінде жіберіледі, бұл туралы іске тиісті жазу жазылады
265-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, әкімшілік жаза қолдану туралы іс бойынша қаулының орындалуын кейінге қалдыру және созу
Әкімшілік қамау, арнаулы құқықтан айыру немесе айыппұл салу (әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде айыппұл өндіріп алуды қоспағанда) әкімшілік жаза қолдану туралы қаулылардың орындалуын заңнамада белгіленген мерзімде мүмкін етпейтін мән-жайлар болған кезде қаулыны шығарған судья, орган (лауазымды адам) өзі жөнінде қаулы шығарылған адамның арызы бойынша қаулының орындалуын бір айға дейінгі мерзімге кейін қалдыра алады. Әкімшілік жауапқа тартылған адамның материалдық жағдайын ескере отырып, қаулыны шығарған судья, орган (лауазымды адам) айыппұл төлеуді үш айға дейінгі мерзімге созуы мүмкін.
266-бап. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны тоқтату
Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны шығарған судья, орган (лауазымды адам):
1) егер мұндай акт әкімшілік жаза қолдануды жоятын болса, кешірім актісі шығарылған;
2) әкімшілік жауаптылықты белгілейтін заңның немесе оның жекелеген ережелерінің күші жойылған;
3) егер әкімшілік жауаптылықты белгілейтін заңды немесе оның жекелеген ережелерін Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп тануы салдарынан олардың күші жойылған;
4) әкімшілік жауапқа тартылған адам қайтыс болған немесе ол заңда белгіленген тәртіппен өлді деп хабарланған;
5) осы Кодексте белгіленген әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындаудың ескіру мерзімі өткен;
6) қаулының күшін жойылған жағдайларда қаулының орындалуын тоқтатады.
267-бап. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындаудың ескіруі
1. Егер әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде, ал салық салу саласындағы құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы бойынша - ол заңды күшіне енген күннен бастап бес жыл ішінде орындалмаса, ол орындауға жатпайды.
2. Қаулының орындалуы осы Кодекстің 385-бабына сәйкес тоқтатыла тұрған жағдайда ескіру мерзімінің өтуі шағым немесе наразылық қаралғанға дейін тоқтатыла тұрады.
3. Егер әкімшілік жауапқа тартылған адам оны орындаудан жалтарса, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген ескіру мерзімінің өтуі үзіледі. Бұл жағдайда ескіру мерзімін есептеу ол адам табылған күннен бастап қайта жалғастырылады.
4. Осы Кодекстің 426-бабына сәйкес қаулының орындалуы кейінге қалдырылған жағдайда ескіру мерзімінің өтуі кейінге қалдыру мерзімі біткенге дейін тоқтатыла тұрады, ал қаулының орындалуы созылған кезде ескіру мерзімінің өтуі ұзарту мерзіміне ұзартылады.
268-бап. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындау бойынша іс жүргізудің аяқталуы.
1. Қаулыны орындаған орган жазалау толық жүргізілген әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны жүргізілген жазалау туралы белгі соғып, қаулыны шығарған судьяға, органға (лауазымды адамға) қайтарады.
2. Қаулыны орындаған орган орындалмаған немесе толық орындалмаған әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны мынадай жағдайларда:
1) егер қаулыны шығарған судья, орган (лауазымды адам) көрсеткен мекен-жайда жауапқа тартылған жеке адам жұмыс істемесе, тұрмаса немесе оқымаса, жауапқа тартылған заңды тұлға не аталған адамдардан өндіріп алуға салатын мүлкі болмаса;
2) егер жауапқа тартылған адамның өндіріп алуға салатын мүлкі немесе табысы болмаса және оның мүлкін іздеп табу жөніндегі шаралар нәтижесіз болып шықса;
3) егер осы Кодексте көзделген әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындаудың ескіру мерзімі бітсе, қаулыны шығарған судьяға, органға (лауазымды адамға) қайтарады.
3. Осы баптың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында аталған жағдайларда қарауында атқарылатын қаулы жатқан лауазымды адам акт жасап, оны жоғары тұрған лауазымды адам бекітеді.
4. Осы баптың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында аталған негіздемелер бойынша әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны қайтару осы Кодексте көзделген мерзім шегінде осы қаулыны орындауға табыс етуге кедергі болмайды.
269-бап. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындауға байланысты әрекеттерге шағым жасау
1. Әкімшілік жауапқа тартылған адам, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны мәжбүрлеп орындату жөніндегі әрекеттер жүзеге асырылатын күннен бастап он күн ішінде қаулыны шығарған судьяға, органға (лауазымды адамға) шағым бере алады.
2. Шағым жазбаша түрде беріледі және бес күн мерзімде қаралуға тиіс.
3. Шағым берген адамға оның қаралатын орны мен уақыты туралы хабарланады. Бұл ретте шағым берген адамның келмей қалуы оның қаралуына кедергі болмайды.
4. Шағымды қарау нәтижелері бойынша шағымды қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарылады.
5. Ұйғарымның көшірмесі әкімшілік жауапқа тартылған жеке адамға немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне дереу тапсырылады, ал аталған адамдар болмаған жағдайларда оларға ұйғарым шығарылған күннен бастап үш күн мерзімде жіберіледі.
6. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны мәжбүрлеп орындату жөніндегі лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиян қолданыстағы заңнамаларға сәйкес өтелуге тиіс.
19-тарау Әкімшілік жазаның жекелеген түрлерін орындау тәртібі
270-бап. Ескерту жасау туралы қаулы орындау
Ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны осы Кодекстің 215-бабына сәйкес қаулының көшірмесін тапсыру немесе жіберу жолымен қаулыны шығарған судья, орган (лауазымды адам) орындайды
271-бап. Айыппұл салу туралы қаулыны өз еркімен орындау
1. Әкімшілік жауапқа тартылған адам айыппұл салу туралы қаулы шығарған, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама берген судьяға, органға (лауазымды адамға) жазбаша нысанда кейіннен хабарлай отырып, айыппұлды әкімшілік айыппұл салу туралы қаулының заңды күшіне енген, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы шығарған күнінен не осы Кодекстің 257-бабында көзделген кейінге қалдыру мерзімі өткен күннен бастап отыз күннен кешіктірмей төлеуге тиіс.
Сот, орган (лауазымды адам) жазаға тартуға берілген адамға орнын, біту мерзімін көрсетіп және түбіртекті қабылдаған лауазымды адамның айыппұл салу туралы көшірмесіне белгі салуға міндетті.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін салынған айыппұлды мемлекеттік бюджетке белгіленген тәртіппен жеке адам енгізеді немесе заңды тұлға аударады.
272-бап. Жеке адамға айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындату.
1. Осы Кодекстің көзделген өз еркімен орындау мерзімі біткеннен кейін әкімшілік жазаны қолданған орган (лауазымды адам) айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы осы Кодексте көзделген тәртіппен қарау үшін сотқа жібереді.
2. Айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу туралы қаулыны сот жауапқа тартылған адамның жалақысынан немесе өзге де табыстарынан айыппұл сомасын мәжбүрлеу тәртібімен ұстау үшін оның жұмыс істейтін не сыйақы, зейнетақы, шәкіртақы алатын ұйымның әкімшілігіне жібереді. Айыппұл алты айдан аспайтын мерзімде ұсталады. Айыппұлды өндіріп алу кезегі қолданыстағы заңнамада көзделген тәртіппен жүргізіледі.
3. Жауапқа тартылған адам жұмыстан шығып кеткен не оның жалақысынан немесе өзге де табыстарынан айыппұл ұстау мүмкін болмаған жағдайларда, ұйымның әкімшілігі жұмыстан босаған немесе жазаны орындауға мүмкіндік бермеуге әкеп соғатын оқиға болған күннен бастап он күн мерзімде, жауапқа тартылған адамның жаңа жұмыс орнын (егер ол белгілі болса), айыппұлды өндіріп алудың мүмкін еместігі себептерін көрсетіп, сондай-ақ ұстау жүргізілгені (егер ол жүргізілсе) туралы белгі соғылған қаулыны оны шығарған сотқа қайтарады.
4. Егер айыппұл салынған жеке тұлға жұмыс істемесе немесе басқа да себептер бойынша айыппұлды жалақысынан немесе өзге де табыстарынан өндіріп алу мүмкін болмаса, айыппұл салу туралы қаулыны оны шығарған сот заңнамада көзделген тәртіппен мәжбүрлеп орындату үшін сот орындаушысына жібереді.
273-бап. Заңды тұлғаға айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындату
1. Осы Кодекстің 264-бабында көзделген өз еркімен орындау мерзімі біткеннен кейін әкімшілік жаза қолданған орган (лауазымды адам) айыппұл салу туралы қаулыны осы Кодексте көзделген тәртіппен қарау үшін сотқа жібереді.
2. Сот айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу туралы қаулыны заңды тұлғаның банк шотынан оның келісімінсіз, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ақша алу үшін банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жібереді.
Салық салу саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алу туралы қаулыны сот Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен айыппұл сомаларын өндіріп алу үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған және (немесе) әкімшілік жазаны қолданған салық қызметі органына жібереді.
3. Банк немесе өзге де кредит мекемесі айыппұл сомасын белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджетке аударуға міндетті.
4. Заңды тұлғаның шоттарында ақша болмаған жағдайда айыппұл сомасын мәжбүрлеп өндіріп алу туралы қаулы заңнамаға сәйкес жазаны заңды тұлғаның мүлкін өндіріп алуға айналдыру үшін сот орындаушысына жіберіледі.
274-бап. Айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындату тәртібі
1. Әкімшілік жаза қолданған орган (лауазымды адам) айыппұл салу туралы қаулыны осы Кодекстің 259-бабында белгіленген мерзімнен кешіктірмей сотқа жіберуі мүмкін.
2. Белгіленген мерзім өткізіліп сотқа жіберілген, айыппұл салу туралы қаулыны сот қайтарады, бұл туралы ұйғарым шығарылады.
3. Айыппұл салу туралы қаулыны сотқа ол түскен күннен бастап он бес күн ішінде судья жеке-дара қарайды.
4. Сот айыппұл салу туралы түскен қаулы туралы құқық бұзушылық жасаған адамға хабарлайды.
5. Сот айыппұл салу туралы қаулыны қарау кезінде органның (лауазымды адамның) айыппұл салу туралы шешімін мәні бойынша қайта қарауға құқылы емес.
6. Айыппұлды мәжбүрлеп өндіріп алуға байланысты қосымша шығыстар шешімді өз еркімен орындамаған адамға жүктеледі.
275-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде алынатын айыппұл салу туралы қаулыны орындау
1. Жеке адам әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жерде айыппұл алу үшін оған қатаң қаржылық есеп беру құжаты болып табылатын, белгіленген үлгідегі түбіртек беріледі. Түбіртекте берілген күні, жаза қолданған лауазымды адамның қызметі, аты-жөні, әкімшілік жауапқа тартылған адамның кім екені туралы мәліметтер, осы Кодекстің аталған құқық бұзушылық үшін жауапкершілігі көзделетін бабы, әкімшілік құқық бұзушылық жасалған орын мен уақыт, салынған әкімшілік айыппұлдың сомасы көрсетіледі. Түбіртекке жаза қолданған лауазымды адам, ал түбіршікке жаза қолданған лауазымды адам мен әкімшілік жауапқа тартылған адам қол қояды.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде айыппұл төленбеген жағдайда іс жүргізу осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
276-бап. Айыппұл салу туралы қаулының орындалуы бойынша іс жүргізудің аяқталуы
Айыппұл салу туралы айыппұл жазасы толық жүргізілген қаулы оның орындалғаны туралы белгі қойылып, қаулыны шығарған органға (лауазымды адамға) қайтарылады.
277-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған затты өтемін төлеп алу туралы қаулының орындалуы.
1. Судьяның әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған затты өтемін төлеп алып қою туралы қаулысын заңнамада көзделген тәртіппен сот орындаушысы, ал судьяның қару мен жауынгерлік оқ-дәріні, арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдарды және ақпарат қорғаудың криптографиялық құралдарын өтемін төлеп алып қою туралы қаулысын ішкі істер органы орындайды.