2. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған, өтемін төлеп алған затты сату заңнамада белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
3. Өтемін төлеп алған затты сатудан түскен сома осы бұрынғы меншік иесіне алып қойылған затты сату жөніндегі шығындар шегеріліп беріледі.
278-бап. Әкімшілік құқық бұзушылықты жасаудың құралы не нысанасы болған затты тәркілеу туралы қаулының орындалуы
1. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықты жасау салдарынан алынған кірістерді (дивидендтерді), ақша мен бағалы қағаздарды тәркілеу туралы судьяның қаулысын заңнамада көзделген тәртіппен - сот орындаушысы, ал қаруды, жауынгерлік оқ-дәріні, арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар мен ақпарат қорғаудың криптографиялық құралдарын және есірткі заттарын тәркілеуді ішкі істер органы орындайды.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған тәркіленген затты сату немесе одан әрі пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізіледі.
279-бап. Арнаулы құқықтан айыру туралы қаулыны орындайтын органдар
1. Тракторларды, өздігінен жүретін машиналарды, техниканың басқа да түрлерін қоспағанда, судьяның көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру туралы қаулыны ішкі істер органдарының лауазымды адамдары орындайды.
2. Судьяның тракторды, өздігінен жүретін машинаны немесе техниканың басқа да түрлерін жүргізу құқығынан айыру туралы қаулысын өздігінен жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің техникалық жай-күйіне мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
3. Судьяның кемелерді, соның ішінде шағын көлемді кемелерді жүргізу құқығынан айыру туралы қаулысын кемелерді, соның ішінде шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін сақтауға мемлекеттік қадағалау жасауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
4. Судьяның радиоэлектронды және жоғары жиіліктегі құралдарды пайдалану құқығынан айыру туралы қаулысын байланысқа мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
5. Судьяның аң аулау құқығынан айыру туралы қаулысын аң аулау ережелерін сақтауға мемлекеттік бақылау жасауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
6. Соттың қаруды алып жүру және сақтау құқығынан айыру туралы қаулысын ішкі істер органдарының лауазымды адамдары орындайды.
280-бап. Арнаулы құқықтан айыру туралы қаулыны орындау тәртібі
1. Көлік құралдарын, кемелерді немесе техниканың өзге де түрлерін жүргізу құқығынан айыру туралы қаулыны орындау, егер жүргізуші, кеме жүргізушісі немесе тракторшы-машинист (тракторшы) көлік құралдарының, кемелердің (соның ішінде шағын көлемді кемелердің) және басқа да техниканың барлық түрлерін жүргізу құқығынан айырылған болса, тиісті жүргізуші куәлігін, кемелерді (соның ішінде шағын көлемді кемелерді) жүргізуге құқық беретін куәлікті немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлігін алып қою арқылы жүргізіледі.
2. Егер жүргізуші, кеме жүргізушісі немесе тракторшы-машинист (тракторшы) көлік құралдарының, кемелердің (соның ішінде шағын көлемді кемелердің), немесе өзге де техниканың барлық түрлерін жүргізу құқығынан айырылмаған болса, жүргізуші куәлігінде шағын көлемді кемені жүргізу құқығына куәлікте немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлігінде оның көлік құралдарының, шағын көлемді кемелердің, өздігінен жүретін құрылғылардың қай түрлерін жүргізу құқығынан айырылғаны атап көрсетіледі.
3. Көлік құралдарын немесе кеме жүргізу құқығына куәлікті алып қою тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
4. Көлік құралдарын, кемені жүргізу құқығынан не тракторды немесе өзге де өздігінен жүретін машинаны басқару құқығынан айырылған жүргізуші (кеме жүргізушісі) немесе тракторшы-машинист (тракторшы) жүргізуші куәлігін, кеме жүргізу құқығына куәлікті немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлігін беруден жалтарған жағдайда ішкі істер органдары, кемелерді, соның ішінде шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерінің сақталуына мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын органдар, сондай-ақ өздігінен жүретін машиналар мен басқа да техниканың техникалық жай-күйіне мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын органдар белгіленген тәртіппен жүргізуші куәлігін, кеме жүргізу құқығына куәлікті немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлігін алып қояды.
5. Әкімшілік жазаның осы түрі қолданылған адамға арнаулы құқығынан айыру мерзімі өткеннен кейін алынған құжаттар белгіленген тәртіппен қайтарылады.
281-бап. Аң аулау құқығынан айыру туралы қаулыны орындау тәртібі
1. Аң аулау құқығынан айыру туралы қаулы аң аулау билетін алып қою арқылы орындалады.
2. Аң аулау құқығынан айырылған адам аң аулау билетін беруден жалтарған жағдайда аң аулау ережелерін сақтауға мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыратын органдардың аң аулау билетін алып қоюы белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
282-бап. Радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиіліктегі құрылғыларды пайдалану құқығынан айыру туралы қаулыны орындау тәртібі
1. Радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиіліктегі құрылғыларды пайдалану құқығынан айыру туралы қаулыны орындау радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиіліктегі құрылғыларды пайдалануға арнаулы рұқсатты алып қою арқылы жүргізіледі.
2. Радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиіліктегі құрылғыларды пайдалану құқығынан айырылған адам радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиіліктегі құрылғыларды пайдалануға арнаулы рұқсатты тапсырудан жалтарған жағдайда тиісті уәкілетті мемлекеттік орган белгіленген тәртіппен радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалануға арнаулы рұқсатты алып қоюды жүзеге асырады.
3. Радиоэлектронды құралдарды немесе жоғары жиіліктегі құрылғыларды пайдалануға арнаулы рұқсатты алу тәртібін ақпараттандыру және байланыс саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді.
283-бап. Қаруды алып жүру және сақтау құқығынан айыру туралы қаулыны орындау тәртібі
Қаруды алып жүру және сақтау құқығынан айыру туралы қаулының орындалуын ішкі істер органдары заңдарда белгіленген тәртіппен тиісті куәлік пен қаруды алып қою арқылы жүзеге асырады.
284-бап. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлігінен) айыру не олардың белгілі бір қызмет түріне қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулыны орындау
Жеке кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлігінен) айыру не белгілі бір қызмет түріне оның (оған) қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулы осы Кодексте және лицензиялау туралы заңнамада белгіленген тәртіппен орындалады.
285-бап. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлігінен) айыру не белгілі бір қызмет түріне олардың қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулыны орындайтын органдар
Жеке кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлігінен) айыру не белгілі бір қызмет түріне оның қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулыны лицензия, арнаулы рұқсат, біліктілік аттестатын (куәлігін) берген органдардың лауазымды адамдары орындайды.
286-бап. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлігінен) айыру не белгілі бір қызмет түріне олардың қолданылуын тоқтата тұру туралы қаулыны орындау тәртібі
1. Жеке кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлігінен) айыру туралы қаулы лицензияны, арнаулы рұқсатты, біліктілік аттестатын (куәлігін) алып қою арқылы орындалады.
2. Жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға лицензияны, арнаулы рұқсатты, біліктілік аттестатын (куәлігін) тапсырудан жалтарған жағдайда лицензияны, арнаулы рұқсатты, біліктілік аттестатын (куәлігін) берген орган лицензияны, арнаулы рұқсатты, біліктілік аттестатын (куәлігін) алып қою немесе белгілі бір қызмет түріне олардың қолданылуын тоқтата тұруға заңнамада көзделген шараларды қолданады.
287-бап. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлігінен) айыру не белгілі бір қызмет түріне олардың қолданылуын тоқтата тұру мерзімдерін есептеу
1. Лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлігінен) айыру не белгілі бір қызмет түріне олардың қолданылуын тоқтата тұру мерзімі лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлігінен) айыру (қолданылуын тоқтата тұру) туралы қаулы заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
2. Белгілі бір қызмет түрімен айналысуға лицензиядан, арнаулы рұқсаттан, біліктілік аттестатынан (куәлігінен) айыру мерзімі біткеннен кейін сол әкімшілік жазалау шарасы қолданылған адам заңнамада белгіленген тәртіппен лицензия алады.
Белгілі бір қызмет түрімен айналысуға лицензияның, арнаулы рұқсаттың, біліктілік аттестатының (куәлігінің) қолданылуын тоқтата тұру мерзімі біткеннен кейін, сол әкімшілік жазалау шарасы қолданылған адамға одан белгіленген тәртіппен алып қойылған лицензия, арнаулы рұқсат, біліктілік аттестаты (куәлігі) қайтарылады.
3. Лицензияның, арнаулы рұқсаттың, біліктілік аттестатының (куәлігінің) қолданылуы әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыда аталған күннен бастап және сонда көрсетілген мерзімге тоқтатыла тұрады.
288-бап. Жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы қаулыны орындау
1. Заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің қызметін тоқтата тұру немесе оған тыйым салу түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны судья шығарады және оны шешімнің заңды күшіне енуі бойынша заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе жеке кәсіпкер жедел орындауға тиіс.
2. Еңбек шарттары бойынша есеп айырысуды, өз қызметі нәтижесінде келтірілген шығындардың орнын толтыруды және айыппұлдарды төлеуді қоспағанда, заңды тұлғаның және жеке кәсіпкердің қызметін тоқтата тұру кезеңінде олардың банктік салымдарды пайдалану құқығы тоқтатыла тұрады. Қоғамдық бірлестіктің қызметін тоқтата тұру кезеңінде оған бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға, үгіт және насихат жүргізуге, митингілер, демонстрациялар және басқа да көпшілікке арналған шараларды өткізуге, сайлауға қатысуға тыйым салынады. Егер қызметін тоқтата тұру белгіленген мерзім ішінде қоғамдық бірлестік тәртіп бұзушылықты жойса, қаулыда аталған мерзім біткеннен кейін қоғамдық бірлестік өз қызметін қайта жалғастырады.
3. Заңды тұлға құрылтайшысының (басқарушы органының, лауазымды адамының) немесе жеке кәсіпкердің қызметін тоқтата тұру не оған тыйым салу түріндегі судья қолданған әкімшілік жаза өз еркімен орындалмаған жағдайда қаулы уәкілетті органның атқарушылық іс жүргізу тәртібімен орындалады.
289-бап. Жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін тоқтата тұру не оған тыйым салу туралы қаулыны орындау тәртібі
1. Уәкілетті лауазымды адам ұйымдардың, жекелеген өндірістердің жұмысын ішінара немесе толық тоқтата тұрады, үйлерді, ғимараттарды, жекелеген үй-жайларды, қоймаларды, электр желілерін, жылыту аспаптарын пайдалануға тыйым салады.
2. Заңды тұлғаларды тіркеуді жүзеге асыратын орган заңды тұлғаның қызметіне тыйым салу (оны тарату) туралы шешімді алған соң, заңдарда көзделген қызметке тыйым салу (оны тарату) тәртібінің сақталуын тексереді және он күн ішінде заңды тұлға қызметінің тоқтатылғанын тіркейді, бұл туралы мемлекеттік статистика органына хабарланады.
290-бап. Құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулыны орындау
1. Соттың салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулысын өзі жөнінде осы әкімшілік жаза шығарылған адам орындайды.
2. Салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу түрінде сот қолданған әкімшілік жаза өз еркімен бір ай мерзімінде орындалмаған жағдайда қаулыны уәкілетті орган атқарушылық іс жүргізу тәртібімен орындайды
291-бап. Құрылысты мәжбүрлеп бұзу туралы қаулыны орындау жөніндегі шығындар
Салынып жатқан немесе салынған құрылысты мәжбүрлеп бұзу заң бұзушының есебінен жүзеге асырылады.
292-бап. Әкімшілік қамауға алу туралы қаулыны орындау
1. Судьяның қамауға алу туралы қаулысын заңнамада белгіленген тәртіппен ішкі істер органдары орындайды.
2. Әкімшілік қамауға алынған адамдар ішкі істер органдары белгілейтін орындарда күзетпен ұсталады. Әкімшілік қамауға алу туралы қаулыны орындау кезінде қамауға алынушылар жеке тексеруден өткізіледі.
3. Әкімшілік ұстау мерзімі әкімшілік қамауға алу мерзіміне есептеледі.
4. Әкімшілік қамауға алу мерзімін өтеу заңнамада белгіленген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
5. Қамауға алу түріндегі әкімшілік жазаны өтеуден мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарастыруда жәбірленуші немесе оның өкілінің пікірі есепке алынады.
Сот жәбірленушіні немесе оның өкілін алдағы сот отырысы туралы поштамен тапсырыс хат бойынша хабарландырады. Сотқа жәбірленуші немесе оның өкілі өзі қатыса алмаған жағдайда жазбаша өтініш және қолдау хат қарастырылуы мүмкін. Жәбірленушінің немесе оның өкілінің тиісті хабарландыруында және ол тараптан жазбаша өтініш және қолдау хат жоқ болса, сондай ақ жәбірленушінің құқығын сақтау немесе мемлекет туралы мәселе бойынша егер мемлекет мүддесіне шығын келтірілсе, міндетті тәртіпте прокурордың қорытындысы талап етіледі.
293-бап. Әкімшілік қамауға алуды өтеуден жалтарудың зардаптары
1. Егер әкімшілік қамауға алынған адам әкімшілік қамауға алу мерзімі біткенге дейін оны өтейтін орынды өз бетімен тастап кетсе, судьяның қаулысымен қамауда болған мерзімі қамауға алу мерзіміне толық немесе ішінара есептелмеуі мүмкін. Бұл орайда судья әкімшілік қамауға алудың өтелу мерзімінің басталуын қайта белгілейді.
2. Әкімшілік қамауға алудың жалпы мерзімін жиырма бес тәуліктен асыруға болмайды.
294-бап. Қаулының мүліктік зиянды өтеу бөлігінде орындалуы
Өндіріп алуға тиісті мүліктік зиянды өтеу бөлігінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулы заңнамада белгіленген тәртіппен орындалады.
295-бап. Қазақстан Республикасынан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы қаулыны жүзеге асыратын органдар
Қазақстан Республикасынан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы қаулыны:
1) осы Кодекстің 461, 462-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде шекара қызметі органдары;
2) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 103, 442 (алтыншы бөліктері), 443 (төртінші бөлігі), 465 (үшінші бөлігі), 467-баптарында көзделген құқық бұзушылық жасалған кезде ішкі істер органдары орындайды.
296-бап. Қазақстан Республикасынан шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы қаулыны орындау
1. Қазақстан Республикасынан шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы қаулыны орындау Қазақстан Республикасынан шығарып жіберілетін адамға бақылау жасала отырып, өз бетімен кетуі арқылы жүргізіледі.
2. Егер әкімшілік жолмен шығарып жіберу туралы шешім қабылдаған адам сот шешімінде көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасы аумағын тастап кетпесе, олар мәжбүрлеу тәртібінде (айдауылмен) шығарылып жіберіледі. Бұл ретте шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды шығарып жіберуді ұйымдастыру үшін қажетті мерзімге ұстауға рұқсат етіледі. Оларды ұстау ішкі істер органдарының арнаулы мекемелерінде өткізіледі.
Мәжбүрлеу тәртібімен (айдауылмен) әкімшілік шығарып жіберу бойынша шығындарды шығарылатын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар, Қазақстан Республикасына шақырылған жеке және заңды тұлғалар не шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды қабылдаған, ал ерекше жағдайларда - әкімшілік шығарып жіберу туралы шешімді орындауды жүзеге асыратын органдар көтереді.
3. Мәжбүрлеу тәртібімен әкімшілік шығарып жіберуді жүзеге асыратын ішкі істер органдары Қазақстан Республикасы мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу бекеттерінде шығарылатын шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасы шекара қызметі органдарына шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды аумағына аталған адамдар шығарылатын шет мемлекеттің билік өкіліне ресми түрде тапсыру үшін беруді жүзеге асырады.
297-бап. Жол жүру ережелерін білуді тексеру туралы қаулыны орындау
Жол жүру ережелерін білуді тексеру туралы қаулыны заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жол полициясы органдары орындайды.
298-бап. Қаулыны медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану бөлігінде орындау тәртібі
Қаулыны медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану бөлігінде денсаулық сақтау органдарының мамандандырылған мекемелері заңнамада белгіленген тәртіппен орындайды.
3-бөлім. Әкімшілік даулар бойынша іс жүргізу
1-кіші бөлім. Бірінші сатыдағы сотта іс жүргізу
20-тарау. Істі сотта қарауға дайындау
299-бап. Талап арыздың, шағымның нысаны мен мазмұны
1. Талап арыз, шағым сотқа жазбаша нысанда беріледі.
2. Талап арызда, шағымда:
1) арыз, шағым берілетін соттың атауы;
2) арызды, шағымды берген адамның атауы, оның тұрғылықты жері, тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер немесе, егер талап қоюшы ұйым болса, оның тұрған жері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен банктік реквизиттері, сондай-ақ, егер арызды оның өкілі берсе, өкілдің атауы мен мекен-жайы;
3) жауапкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса), оның тұрғылықты жері немесе тұрған жері және, егер шағымданушыға белгілі болса, оның тұрғылықты жері бойынша тіркелгені, жұмыс орны туралы мәліметтер мен салық төлеушінің тіркеу нөмірі (егер сот бұйрығын шығару туралы арызда көрсетілген болса) немесе, егер жауапкер заңды тұлға болып табылса, оның атауы, нақты тұрған жері не, егер шағымданушыға бірыңғай Мемлекеттік тіркелімнен мәліметтер белгілі болса, салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен банк реквизиттері;
4) шағымданушының құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін және оның талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні;
5) нақты қандай қаулыға шағым жасалатыны жөнінде деректер, оны шығарған, азаматқа көшірмені тапсырған немесе хабарлаған күн, сондай-ақ шағым жасайтын адам өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар, және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
6) арызға қоса тіркелетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
3. Арызда, шағымда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
300-бап. Істі әзірлеудің міңдеттері
1. Арызды қабылданғаннан және азаматтық істі қозғағаннан кейін судья оны уақытылы және дұрыс шешуді қамтамасыз ету мақсатымен сотта іс қарауға істі әзірлейді.
2. Сотта іс қарауға істі әзірлеудің әрбір іс бойынша міндетті міндеттері мыналар:
1) істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайларды айқындау;
2) тараптардың құқықтық қатынастарын және басшылыққа алынуға тиісті заңды анықтау;
3) іске қатысатын адамдардың құрамы мен процестің басқа да қатысушылары туралы мәселені шешу;
4) әрбір тарап өз пайымдауларын негіздеу үшін ұсынуға тиіс дәлелдемелерді анықтау.
301-бап. Істі сотта қарауға әзірлеу мерзімдері
Әкімшілік даулар туралы істерді сотта қарауға әзірлеу, егер осы Кодекстің 22-27-тарауларында осы істерді қараудың ең қысқа мерзімі белгіленбесе, арыз қабылданған күннен бастап үш күн мерзімнен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Айрықша күрделі істер бойынша ерекше жағдайларда жалпы мерзім судьяның дәлелді ұйғарымы бойынша бір айға дейін ұзартылуы мүмкін.
302-бап. Істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым
Судья істі сотта қарауға әзірлеу туралы ұйғарым шығарады және жүргізілуге тиісті әрекеттерді көрсетеді.
303-бап. Арыздың және оған қоса тіркелген құжаттардың көшірмелерін жауапкерге жіберу
1. Судья жауапкерге талап арыздың және талап қоюшының талаптарын негіздейтін оған қоса тіркелетін құжаттардың көшірмелерін жібереді не тапсырады және өзі белгілеген мерзімде талап арызға пікір (қарсылық) білдіруді және өз пікірін (қарсылығын) негіздеуге дәлелдемелер беруді ұсынады.
2. Жауапкердің пікірі мен дәлелдемелерді бермеуі істегі бар дәлелдемелер бойынша істі қарауға кедергі келтірмейді.
304-бап. Судьяның істі сотта қарауға әзірлеу жөніндегі іс-әрекеттері
Істің мән-жайларын ескере отырып, істі сотта қарауға әзірлеу тәртібімен судья мынадай әрекеттерді жүргізеді:
1) талап қоюшыдан ол мәлімдеген талаптардың мәні бойынша жауап алады, одан жауапкердің тарапынан мүмкін болатын қарсылықтарды анықтап алады, егер бұл қажет болса, қосымша дәлелдемелер беруді ұсынады, талап қоюшыға оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
2) қажет болған жағдайларда жауапкерді шақырып алады, одан істің мән-жайлары бойынша жауап алады, талап қоюға қандай қарсылықтар бар екенін және бұл қарсылықтардың қандай дәлелдемелермен расталуы мүмкін екенін анықтайды; айрықша күрделі істер жөнінде жауапкерге іс бойынша жазбаша түсінік беруді ұсынады, жауапкерге оның іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
3) іске тең талап қоюшылардың, тең жауапкерлердің дербес талаптарсыз үшінші тұлғалардың кіруі туралы мәселені шешеді, сондай-ақ тиісті емес жауапкерді ауыстыру туралы мәселені шешеді;
4) оның нәтижесіне мүдделі азаматтарға немесе ұйымдарға істі қараудың уақыты мен орны туралы хабарлайды;
5) куәларды сот отырысына шақыру туралы мәселені шешеді;
6) тараптардың өтінімі бойынша немесе өз бастамасы бойынша сараптама тағайындайды, сондай-ақ іске маманды, аудармашыны қатысуға тарту туралы мәселені шешеді;
7) тараптардың өтінімі бойынша ұйымдардан немесе азаматтардан дәлелдемелер талап етеді;
8) кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда іске қатысатын адамдарды хабарландыра отырып, жазбаша және заттай дәлелдемелерді сол жерде тексеруді жүргізеді;
9) сот тапсырмаларын жібереді;
10) талап қоюды қамтамасыз ету туралы мәселені шешеді;
11) талапкердің өтініші бойынша оның берген арызын қайтару туралы ұйғарым шығарады;
12) өзге де қажетті іс жүргізу әрекеттерін жасайды.
305-бап. Бірнеше талап қою талаптарын біріктіру және ажырату
1. Егер талаптарды ажыратып қарау неғұрлым дұрыс болса, судья талап қоюшы біріктірген талаптардан біреуін немесе бірнешеуін бөліп жеке іс жүргізуге алады.
2. Бірнеше талап қоюшы талаптар қойған немесе талаптар бірнеше жауапкерге қойылған кезде судья, егер талаптарды ажыратып қарауды неғұрлым дұрыс деп тапса, бір немесе бірнеше талапты жеке іс жүргізуге бөлуге құқылы.
3. Судья осы соттың іс жүргізуінде дәл сол тараптар қатысатын біртектес, не бір талап қоюшының әртүрлі жауапкерге немесе әр түрлі талап қоюшылардың бір жауапкерге қойған талабы бойынша бірнеше іс бар екенін белгілеп, егер мұндай біріктіруді дұрыс деп тапса, бұл істерді біріктіріп қарау үшін бір іске біріктіруге құқылы.
306-бап. Істі сотта іс қарауға тағайындау
Судья істі дайын болды деп тани отырып, оны сот отырысында қарауға тағайындау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға және процестің басқа да қатысушыларына істі қараудың орны мен уақыты туралы хабарлайды.
21-тарау. Сотта іс қарау
307-бап. Сот отырысы
Әкімшілік дау туралы істі қарау іске қатысушы адамдарды міндетті түрде хабардар ете отырып, сот отырысында жүргізіледі.
308-бап. Сот отырысында төрағалық етуші
1. Төрағалық етушінің міндетін судья атқарады. Төрағалық етуші істің барлық мән-жайының толық, жан-жақты және объективті анықталуын, іс жүргізу әрекеттерінде дәйектіліктің және тәртіптің сақталуын, процеске қатысушылардың өздерінің іс жүргізу құқығын жүзеге асыруын және олардың өз міндеттерін орындауын, процестің тәрбиелік ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды, қаралатын іске қатысы жоқ мәселелердің барлығын сот қарауынан шығарып тастайды.
2. Процеске қатысушылардың қайсыбірі төрағалық етушінің іс-әрекетіне қарсылық білдірген жағдайда бұл қарсылық-білдірулер сот отырысының хаттамасына енгізіледі. Төрағалық етуші өзінің іс-әрекеттеріне қатысты түсініктеме береді.
3. Төрағалық етуші сот отырысында тиісті тәртіптің қамтамасыз етілуіне қажетті шаралар қолданады. Оның өкімі процеске қатысушылардың барлығы үшін, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшін міндетті.
309-бап. Сотта іс қараудың тікелей және ауызша жүргізілуі
1. Істі қарау кезінде сот іс бойынша дәлелдемелерді тікелей зерттеуге: тараптардың және іске қатысушы басқа да адамдардың түсініктерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдардың және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелерді қарап шығуға, дыбыс жазбаларын тыңдауға және бейне жазбаларды, кино-, фотоматериалдарды көруге, ақпаратты қайта құрудың өзге де құралдарының материалдарымен танысуға міндетті. Қажет болған жағдайларда іс бойынша дәлелдемелерді зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсіндірмелерін тыңдайды.