6) істі ережеге сәйкес мәні бойынша қарау үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істі қарау орнына беру туралы;
7) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар және әкімшілік жауаптылыққа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар болғанда іс жүргізуді тоқтату туралы.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің 1)-6) тармақшаларында көзделген шешімдер ұйғарым түрінде шығарылады.
Егер істі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған орында хаттаманы жасаған лауазымды адам қарап жатса, жеке ұйғарым шығарылмайды, ол туралы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада тиісті белгі қойылады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінің 7) тармақшасында көзделген шешім қаулы түрінде шығарылады.
4. Судья, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдар (лауазымды адамдар) іс жүргізуде бір адамға қатысты қозғалған екі немесе одан да көп істер барын анықтай отырып, осы істерді бірге қарау үшін бір іске біріктіруге құқылы.
5. Жауапқа тартылушы адамның, оның заңды өкілінің, куәнің дәлелсіз себептермен келмей қалуына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қайта қарауға әзірлеу кезінде істі қараушы судья, орган (лауазымды адам) аталған адамдарды алып келу туралы ұйғарым шығаруға құқылы.
217-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау мерзімдері
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер істі қарауға құқықты судья, орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және істің басқа материалдарын алған күннен бастап он бес күн мерзімде қаралады.
2. Сот талқылауы барысында анықталған процеске қатысушы адамның тарапынан сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі туралы істі судья (сот) соттың бірінші, апелляциялық немесе қадағалау инстанциясындағы тікелей осы отырысында қарайды.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуге қатысушылардан өтініштер түскен жағдайда не істің мән-жайларын қосымша анықтау қажет болған кезде істің қаралу мерзімін істі қараушы судья, орган (лауазымды адам) ұзартуы мүмкін, бірақ ол бір айдан аспайтын, ал, салық міндеттемесін орындауға байланысты істер бойынша, шағым беру мерзімінің кезеңіне ұзартуы мүмкін.
4. Жасалуы әкімшілік қамауға, Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберуге әкеліп соғатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама мен істің басқа материалдары алынған күні, ал әкімшілік ұстауға ұшыраған адам жөнінде - ол ұсталған кезден бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей қаралады.
218-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау тәртібі
1. Алқалы орган отырысында төрағалық етуші судья немесе лауазымды адам әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарауға кіріскенде:
1) істі кім қарайтынын, қандай іс қаралғалы жатқанын, кім және осы Кодекстің қай бабы негізінде жауапқа тартылып отырғанын хабарлайды;
2) әкімшілік жауапқа тартылып отырған жеке адамның немесе заңды тұлғаның заңды өкілінің, сондай-ақ істі қарауға қатысушы өзге де адамдардың келгеніне көз жеткізеді;
3) іс жүргізуге қатысушылардың жеке басын анықтайды, соның ішінде жеке тұлғалар үшін - тегін, атын, әкесінің атын, туылған жылын, тұрғылықты жерін, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен реквизиттерін, салық төлеушінің тіркеу нөмірін, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу туралы мәліметті, жұмыс орнын; заңды тұлғалар үшін - атауын, ұйымдық-құқықтық нысанын, мекен-жайын, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелімнің нөмірі мен күнін, сәйкестендірілген нөмірі мен банк реквизиттерін анықтайды;
4) іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың жеке басын анықтайды және жеке адамның немесе заңды тұлғаның өкілдерінің, қорғаушысының өкілеттіктерін тексереді;
5) іс жүргізуге қатысушылардың келмей қалу себептерін анықтайды және аталған адамдар жоқта іс қарау туралы не іс қарауды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды;
6) іс қарауға қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
7) мәлімделген бас тартуларды және өтініш жасауларды шешеді;
8) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы, ал қажет болған жағдайда - өзге де материалдарды оқып береді;
9) қажет болған жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша ұйғарым шығарады.
2. Төрағалық етуші тікелей сот талқылауы барысында процеске қатысушы адамның тарапынан сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісін анықтап, факті туралы жариялай отырып, осы баптың бірінші бөлігі 2), 5), 8) тармақшаларының талаптарын сақтамастан, кінәлі адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің тиісті бабында көзделген әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығаруға құқылы.
Процеске қатысушы адамның тарапынан тікелей сот талқылауы барысында сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісін анықтау осы сот отырысының хаттамасында тіркеледі.
3. Қажет болған жағдайларда осы Кодексте көзделген басқа да іс жүргізу іс-әрекеттері жүзеге асырылады.
219-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде анықтауға жататын мән-жайлар
Судья, орган (лауазымды адам) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалғанын, осы адамның соны жасауға кінәлілігін, оның ол әкімшілік жауаптылыққа жататынын, жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың болуын, мүліктік залал келтірілгенін анықтауға, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін маңызы бар басқа да мән-жайларды анықтауға міндетті.
Істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлардың болуында кез келген күмән әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып жатқан тұлғаның пайдасына түсіндіріледі.
220-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша ұйғарым түрлері және оларды қолдану тәртібі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап, судья, орган (лауазымды адам) мына ұйғарымдардың бірін шығарады:
1) егер қарсылық білдіру істің шын мәнінде қаралуына кедергі келтірген жағдайда, істі қарап жатқан судья немесе лауазымды адам өздігінен бас тарту немесе бас тарту туралы өтініш берумен байланысты істі қарауды кейінге қалдыру туралы;
2) істі қарауға қатысатын тұлғалардың келуін қамтамасыз ету қажеттігі туралы;
3) егер көрсетілген бас тарту істі шын мәнінде қарауға кедергі келтірсе, қорғаушының, уәкілетті өкілдің, сарапшының, аудармашының, сот отырысы хатшысының бас тартуымен байланысты істі шын мәнінде таратуды кейінге қалдыру туралы;
4) іс бойынша қосымша материалдарды талап ету туралы;
5) сараптама тағайындау туралы;
6) осы Кодекске сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау орны бойынша шын мәнінде қарау үшін істі тапсыру туралы.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша ұйғарымда мерзім мен шағымданы тәртібін қоспағанда, қаулы үшін көзделген мәліметтер көрсетілуге тиіс.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау нәтижелері бойынша қылмыстық заңнамада көзделген қылмыс құрамының белгілері болуымен байланысты прокурорға, алдын ала тергеу немесе анықтау органдарына материал ұйғарымы шығарылады.
221-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша шешімдердің түрлері және оларды қолдану тәртібі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап, судья, орган (лауазымды адам) мына қаулылардың бірін шығарады:
1) әкімшілік жаза қолдану туралы;
2) іс жүргізуді қысқарту туралы;
3) істі осы әкімшілік құқық бұзушылық үшін өзге түрде немесе мөлшерде жаза қолдануға құқылы судьяның, органның (лауазымды адамның) қарауына беру туралы, сондай-ақ, егер де істі қарау оны қараған судьяның органның (лауазымды адамның) құзыретіне жатпағаны анықталғанда, ведомстволық бағынысты орнына қарай істі қарауға тапсыру туралы.
2. Іс жүргізуді қысқарту туралы қаулы:
1) іс жүргізуді болдырмайтын мән-жайлар болған;
2) осы Кодексте және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте көзделген әкімшілік жауапқа тартпауға мүмкіндік беретін мән-жайлар болған;
1) Тәртіптік орнатулардың немесе арнаулы ережелердің ықпалы таратылатын адамды тәртіптік жауапқа тарту туралы мәселені шешу үшін іс материалдарын тиісті органдарға беретін жағдайларда шығарылады.
222-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулы
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулыда:
1) қаулыны шығарған судьяның, лауазымды адамның лауазымы, аты-жөні;
2) істің қаралған күні мен орны;
3) өзіне қатысты іс қаралған тұлға туралы мәліметтер: жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты, туған күні, айы, жылы, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен реквизиттері, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтер, жұмыс орны; заңды тұлғалар үшін - атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны, тұрған жері, заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу нөмірі және тіркелген күні, салық төлеушінің тіркеу нөмірі және банк реквизиттері;
4) қаралатын іс бойынша іс жүргізу тілі;
5) Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінде әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылық көзделетін бабы;
6) істі қарау кезінде анықталған мән-жайлар;
7) іс бойынша шешім;
8) қаулыға шағым беру тәртібі мен мерзімі көрсетілуге тиіс.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулы дәлелді болуы тиіс.
Егер судья әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза қолдану туралы мәселені шешу кезінде кінәлінің мүліктік залалды өтеуі туралы мәселені бір мезгілде шешсе, қаулыда өтеуге жататын залалдың мөлшері, оны өтеу мерзімі мен тәртібі көрсетіледі.
Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен кетіру туралы шешім шығарылған кезде, Қазақстан Республикасының аумағынан шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның сол мерзім ішінде кетуі тиіс ақылға қонымды мерзім көрсетіледі.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулыда жеке адамда болған алынып қойылған заттар мен құжаттар туралы, заңды тұлғаға тиесілі құжаттар мен мүлік туралы мәселелер шешілуге тиіс, бұл кезде:
1) әкімшілік құқық бұзушылық жасаудың құралдары не нысанасы болған және әкімшілік жауапқа тартылған жеке адамға немесе заңды тұлғаға тиесілі заттар әкімшілік кодекс нормаларының санкцияларында көзделген жағдайларда тәркіленеді не тиісті мекемелерге беріледі немесе жойылады, қалған жағдайларда тиесілі адамына қайтарылады;
2) айналысына тыйым салынған заттар тиісті мекемелерге беріледі немесе жойылады;
3) құнды емес және пайдаланыла алмайтын заттар жойылуға жатады, ал мүдделі адамдар өтініш жасаған жағдайларда оларға берілуі мүмкін;
4) заттай дәлелдемелер болып табылатын құжаттар істе оның бүкіл сақталу мерзімі ішінде қалады не мүдделі адамдарға беріледі.
4. Алқалы органның қаулысы отырысқа қатысқан алқалы орган мүшелерінің жай көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең түскен жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші дауыс болады.
5. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулыға қаулы шығарған судья, алқалы органның отырысында төрағалық еткен лауазымды адам қол қояды.
223-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулыны хабарлау және қаулының көшірмесін тапсыру
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөніндегі қаулы іс қаралып біткен соң дереу хабарланады.
2. Қаулының көшірмесі өзі арнап шығарылған жеке адамға, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғаған уәкілетті органға (лауазымды адамға) немесе заңды тұлғаның заңды өкіліне, сондай-ақ олардың сұрауы бойынша жәбірленушіге, жеке адамның заңды өкіліне дереу тапсырылады. Аталған адамдар болмаған жағдайда қаулының көшірмесі ол шығарылған күннен бастап үш күн ішінде жіберіледі.
3. Ұйым атыс қаруын, сондай-ақ оқ-дәріні қызметтік міндеттерін орындауына байланысты сеніп берген немесе уақытша пайдалануға берген адам жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының көшірмесі тиісті ұйымға жіберіледі.
224-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс
1. Әкімшілік құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтаған кезде судья жеке қаулы шығарады, ал орган (лауазымды адам) тиісті ұйымға және лауазымды адамдарға оларды жою жөнінде шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізеді.
2. Ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдар жеке қаулыны және ұсынысты оны алған күннен бастап бір ай ішінде қарауға және ұсыныс енгізген судьяға, органға (лауазымды адамға) қолданылған шаралар туралы хабарлауға міндетті.
3. Жеке қаулыны іске асыру бойынша қабылданбаған шаралар туралы хабарламау сотты құрметтемеушілік көрінісі ретінде қаралады, ал кінәлі тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
225-бап. Әкімшілік құқық бұзушылықтан келтірілген зиянды өтеу
1. Судья мүліктік зиян келтірген әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарай келіп, егер зиянның мөлшері туралы дау болмаса, әкімшілік жаза қолдану туралы мәселені шешумен бір мезгілде осындай зиянды өндіріп алады.
Әкімшілік құқық бұзушылықтан келтірілген мүліктік зиянның мөлшері туралы даулар азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.
2. Өзге уәкілетті органдар (лауазымды адамдар) қарайтын әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша мүліктік зиянды өтеу, кінәлі адам оны өз еркімен өтеуден бас тартқан жағдайда, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жүргізіледі.
3. Іскерлік беделді қорғау немесе әкімшілік құқық бұзушылықтан келтірілген моральдық зиянды өтеу туралы талаптар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздемелер бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.
226-бап. Сот отырысының хаттамасы
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша сот ісін жүргізу кезінде сот отырысының хатшысы хаттама жүргізеді.
2. Хаттама қолдан жазылуы, компьютерлік тәсілмен жасалуы мүмкін. Хаттаманың толықтығын қамтамасыз ету үшін стенограммалау қолдануы мүмкін.
3. Сот отырысының хаттамасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараудың барлық маңызды сәттерін көрсетуге тиіс.
4. Хаттамада:
1) іс жүргізудің жылы, айы, күні және орны;
2) іс жүргізу басталған және аяқталған уақыт;
3) соттың атауы, іс жүргізу судьясының, хатшысының тегі мен аты-жөні;
4) істің атауы;
5) іс жүргізуге қатысушылар;
6) іске қатысушылардың келуі туралы мәліметтер;
7) іске қатысушы адамдарға, сондай-ақ аудармашыға, сарапшылар мен мамандарға олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерінің, сондай-ақ жауаптылық түсу жағдайларының түсіндірілгені туралы мәліметтер;
8) іске қатысушы адамдардың арыздары, өтінімдері және түсініктемелері;
9) егер олар судьяның, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасауға уәкілетті лауазымды адамдардың бастамасы бойынша бар болса, қамтамасыз ету шаралары;
10) куәлар айғақтарының мазмұны, сарапшылар түсіндірмелерінен алынған мәліметтер, мамандардың құжаттарды жариялау туралы түсіндірмелері, заттай және өзге де дәлелдемелерді қараудың деректері;
11) сот отырысы залында болған сұрақтар мен жауаптардың мазмұны
12) егер олар болған жағдайда сотқа құрметтемеушілік туралы куәландыратын фактілерді анықтау, сондай-ақ бұзушыға қатысты қолданған қамтамасыз ету шараларын қолдану;
13) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және оған ескертулер беру құқықтарының түсіндірілгені туралы мәліметтер.
5. Хаттаманы іс жүргізу аяқталғаннан кейін үш күннен кешіктірмей, хатшы жасап, оған төраға және хатшы қол қоюға тиіс, ал жеке іс жүргізу әрекеті туралы хаттама ол жасалғаннан кейінгі келесі күннен кешіктірілмей жасалып, оған қол қойылуға тиіс.
6. Әкімшілік іс жүргізуге қатысушылар, тараптар хаттамаға қол қойған күннен бастап үш күн ішінде онымен танысуға және айғақтардың, хабарламалардың, сұрақтар мен жауаптардың жіберілген бұрмалануын, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы іске қатысы болған мән-жайларды мазмұндаудың толымсыздығын көрсетіп, жазбаша ескертуін беруге құқылы.
227-бап. Сот отырысының хаттамасына жасалған ескертпелерді қарау
1. Сот отырысының хаттамасына жасалған ескертпелерді іс жүргізуінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс болған сот қарайды.
2. Ескертпелерді қараудың нәтижелері бойынша судья олардың дұрыстығын куәландыру туралы немесе олардан бас тарту туралы ұйғарымды шығарады.
3. Ескертпелер мен өзге де материалдар (стенограмма, дыбыс-бейнежазба) сот ісін жүргізудің хаттамасына қоса беріледі.
15-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша заңды күшіне енбеген қаулыларды қайта қарау
228-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым беру, наразылық келтіру құқығы
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға, осы Кодекстің 295-297, 298-300-баптарында көрсетілген адамдар шағым бере алады, сондай-ақ прокурор наразылық келтіре алады.
2. Соттың әкімшілік жаза қолдану туралы қаулысына жоғары тұрған сотқа шағым берілуі, наразылық білдірілуі мүмкін.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша орган (лауазымды адам) шығарған қаулыға жоғары тұрған органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе орган (лауазымды адам) тұрған жер бойынша мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сотқа шағым беріліп, наразылық келтірілуі мүмкін.
4. Судья (сот) сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі туралы іс бойынша Кодексте белгіленген тәртіппен шығарған қаулыға жоғары тұрған инстанциядағы сотқа шағым берілуі, наразылық келтірілуі мүмкін. Жоғарғы Сот алқасының сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі туралы іс бойынша сот отырысында шығарған қаулысы қайта қаралуға жатпайды.
229-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым беру, наразылық келтіру тәртібі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым іс бойынша қаулы шығарған судьяға, органға (лауазымды адамға) жіберіледі, олар шағым, наразылық түскен күннен бастап үш күн мерзім ішінде оларды істің бүкіл материалдарымен тиісті сотқа, жоғары тұрған органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) жіберуге міндетті.
2. Сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі туралы іс бойынша қаулыға сот отырысы хаттамасынан фактінің анықталуы бөлігіндегі көшірмені судья қаулыға қоса тіркейді.
3. Шағымды, наразылықты қарауға уәкілетті сотқа, жоғары тұрған органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) шағым берілуі, наразылық келтірілуі мүмкін. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша орган (лауазымды адам) шығарған қаулыға тікелей сотқа шағым беру тәртібі осы Кодексте белгіленеді.
Жоғары тұрған органға және сотқа бір уақытта шағым берген адам бұл туралы жоғары тұрған органға хабарлауға міндетті.
4. Судьяның әкімшілік қамауға алу түрінде жаза қолдану туралы қаулысына шағым, наразылық жоғары тұрған сотқа шағым, наразылық алынған күні жолдануға тиіс.
5. Егер шағымды, наразылықты қарау әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым берілген, наразылық келтірілген судьяның құзыретіне жатпайтын болса, шағым, наразылық ведомстволық бағыныстылық бойынша жіберіледі.
230-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым беру, наразылық келтіру мерзімі
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық қаулы көшірмесі тапсырылған күннен бастап он күн ішінде, ал егер адам істі қарауға қатыспаса, оны алған күннен бастап берілуі мүмкін.
2. Мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алған жағдайда, өзі жөнінде қаулы шығарылған адамның арызы бойынша шағымды қарауға құқылы сот, орган (лауазымды адам) бұл мерзімді қалпына келтіруі мүмкін.
231-бап. Шағымның (наразылықтың) мазмұны
1. Шағым (наразылық) жазбаша түрде беріледі және онда:
1) шағым беріліп отырған соттың, жоғары тұрған органның (лауазымды адамның) атауы;
2) шағым немесе наразылық берушінің аты-жөні (заңды тұлғаның дәл атауы), тұрақты тұрғылықты жері немесе орналасқан жері (пошталық мекен-жайы);
3) қаулысына немесе процессуалдық іс-әрекетіне наразылық беріліп отырған органның немесе мекеменің атауы не лауазымды адамның тегі мен лауазымы;
4) шағым беріліп немесе наразылық келтіріліп отырған құқықтық актінің немесе іс-әрекеттің мазмұны, сондай-ақ шағым немесе наразылық беруші құқықтық акт немесе іс-әрекеттер өзінің құқықтары мен бостандықтарын бұзды деп есептейтін себептер;
5) шағым немесе наразылық беруші айқын тұжырымдаған өтініш көрсетілуге тиіс.
2. Шағымға немесе наразылыққа беруші қол қояды. Заңды ұйым атынан берілген шағымға оның заңды өкілі немесе осыған уәкілетті басқа адам қол қояды.
3. Егер шағым немесе наразылық басқа адамның мүддесі үшін берілсе, онда мүддесін көздеп шағым немесе наразылық беріліп отырған адамның атын және тегін, тұрақты тұрғылықты жерін немесе орналасқан жерін (пошталық мекен-жайын) көрсету қажет. Шағымға өкілеттікті растайтын құжат қоса тіркеледі.
4. Шағым немесе наразылық екі дана етіп беріліп, орган, мекеме немесе лауазымды адам шығарған шағым беріліп немесе наразылық келтіріліп отырған құқықтық акт, сондай-ақ шағымда немесе наразылықта негіздеуге дәлелге келтірілген өзге де құжаттар қоса тіркеледі.
232-бап. Шағым берілуіне немесе наразылық келтірілуіне байланысты қаулының орындалуын тоқтата тұру
1. Әкімшілік құқық бұзушылық жасалған жерде әкімшілік жаза қолданылған жағдайларды қоспағанда, белгіленген мерзімде шағым беру әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуын шағым қаралғанға дейін тоқтата тұрады.
2. Прокурордың әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуын олардың заңдылығын тексеру кезінде тоқтата тұруға, уәкілетті лауазымды адамдар мен органдарға (соттан басқа) қосымша тексеру жүргізуге жазбаша нұсқау беруге құқығы бар. Тексеру нәтижелері бойынша прокурор тиісті органға қаулының күшін жою немесе оны өзгерту туралы наразылық енгізеді немесе қаулының орындалуын тоқтата тұрудың күшін жояды.
3. Прокурордың наразылық келтіруі қаулының орындалуын наразылық қаралғанға дейін тоқтата тұрады.
233-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағымды, наразылықты қарау мерзімдері
1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулыға шағым, наразылық олар келіп түскен күннен бастап он күн мерзімде қаралуға тиіс.
2. Әкімшілік қамауға алу туралы қаулыға берілген шағым, наразылық, егер жауапқа тартылған адам әкімшілік қамауға алуды өтеп жатса, шағым немесе наразылық берілген кезден бастап бір тәулік ішінде қаралуға тиіс.
234-бап. Судьяның, органның (лауазымды адамның) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулысына шағымды, наразылықты судьяның, лауазымды адамның қарауы
Мамандандырылған аудандық және оған теңестірілген әкімшілік сот судьясының әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулысына шағымды, наразылықты жоғары тұрған соттың судьясы жеке-дара қарайды.
Сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі туралы іс бойынша соттың қаулысына судья (сот) осы Кодексте көзделген тәртіппен шығарған шағымды, наразылықты жоғары тұрған соттың судьясы жеке-дара қарайды, ал осындай қаулыны апелляциялық немесе қадағалаушы сот инстанциялары шығарған жағдайда, жоғары тұрған инстанциядағы сот алқасы қарайды.
Судьяның, органның (лауазымды адамның) әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулысына шағымды, наразылықты жоғары тұрған орган (жоғары тұрған лауазымды адам), не оның орынбасары қарайды.