182-бап. Қылмыстық iстi қозғауға құқық берiлген лауазымды
адамдардың және органдардың қылмыс туралы
мәлiметтердi тiкелей анықтауы
Қылмыс туралы мәлiметтердi анықтау қылмыстық iстi қозғауға мынадай жағдайларда:
1) өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде анықтау органының қызметкерi, тергеушi, прокурор қылмыстың куәлары болғанда не қылмыстың iзiн немесе салдарын ол жасалғаннан кейiн бiрден байқағанда;
2) анықтау органы мен анықтаушы қылмыс туралы мәлiметтердi өз функцияларын жүзеге асыру кезiнде немесе басқа бiр қылмыс туралы iс бойынша анықтауды жүргiзу кезiнде алғанда;
3) тергеушi қылмыс туралы мәлiметтердi басқа қылмыс туралы қылмыстық iс бойынша тергеу кезiнде алғанда;
4) прокурор қылмыс туралы мәлiметтердi заңдардың орындалуына қадағалау жасаған кезде алғанда себеп болады.
183-бап. Қылмыс туралы арыздар мен хабарларды
қабылдау мен қараудың мiндеттілігi
1. Қылмыстық iзге түсу органы кез келген жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыс туралы арызды немесе хабарды қабылдауға, тiркеуге және қарауға мiндеттi. Арыз берушiге арызды немесе хабарды қабылдаған адамды, оны тiркеген уақыт пен арыз немесе хабар бойынша шешiм қабылдануға тиiстi уақытты көрсете отырып, қылмыс туралы қабылданған арыздың немесе хабардың тiркелгенi туралы құжат берiледi.
2. Қылмыс туралы арызды немесе хабарды қабылдаудан негiзсiз бас тартуға прокурорға немесе сотқа осы Кодексте белгiленген тәртiп бойынша шағымдануға болады.
3. Сотқа түскен қылмыс туралы арыз немесе хабар, жеке айып тағу iсiн қозғау жағдайларын қоспағанда, прокурорға жiберiледi, бұл туралы арыз берушiге хабарланады.
4. Сот қылмыстық, азаматтық немесе әкiмшiлiк iстi талқылау кезiнде қылмыс белгiлерiн байқағанда ол туралы жеке қаулы арқылы прокурорға хабарлауға мiндеттi.
Қазақ тілінің өзгешіліктеріне байланысты орыс тіліндегі мәтін мемлекеттік тілдегі мәтіннен айрықша (орысша мәтінді қара)
05.05.00 ж. № 47-ІІ; 2007.08.01. № 210-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 184-бап өзгертілді
184-бап. Қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды қарау
мерзiмдерi
Қылмыс туралы арыз немесе хабар бойынша шешiм ол түскен күннен бастап үш тәуліктен кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс. Қажет болған жағдайда қосымша мәлiметтер алу, құжаттарды немесе өзге материалдарды талап ету, оқиға өткен жердi қарау, сараптама жүргiзу үшiн бұл мерзiмдi анықтау органының бастығы, тергеу бөлiмiнiң бастығы он тәулiкке дейiн, ал ерекше жағдайларда - екі айға дейiн ұзарта алады, бұл туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға хабарлануға тиiс.
185-бап. Қылмыс туралы арызды немесе хабарды қарау
нәтижесiнде қабылданатын шешiмдер
1. Қылмыс туралы арызды немесе хабарды алған әрбiр жағдайда немесе қылмыс тiкелей анықталғанда анықтаушы, анықтау органы, тергеу бөлiмiнiң бастығы, тергеушi немесе прокурор мынадай шешiмдердiң бiрiн қабылдайды:
1) қылмыстық iс қозғау туралы;
2) қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы;
3) арызды, хабарды тергеу ретiмен, ал жеке айып тағу iстерi бойынша - сот ретiмен беру туралы.
2. Қабылданған шешiм туралы арыз берушiге хабарланады және сонымен бiр уақытта оған шешiмге шағым беру құқығы түсiндiрiледi.
3. Арыз немесе хабар тергеу немесе соттау ретiмен жiберiлген жағдайда анықтау органы, тергеу бөлiмiнiң бастығы, тергеушi, прокурор қылмысты болдырмау немесе бұлтартпау, сонымен қатар қылмыс iзiн бекіту шараларын қолдануға мiндеттi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 186-бап өзгертілді
186-бап. Қылмыстық iс қозғау тәртібі
1. Осы Кодекстiң 177-бабында көрсетiлген себеп пен негiз болған кезде анықтаушы, анықтау органы, тергеу бөлiмiнiң бастығы, тергеушi, прокурор қылмыстық iс қозғау туралы қаулы шығарады.
2. Қаулыда: оның шығарылған уақыты мен орны, оны кiм жасағаны, iс қозғаудың себептерi мен негiздерi, ол кiмге қатысты немесе қандай факт бойынша қозғалып отырғаны, белгiлер бойынша iс қозғалып отырған қылмыстық заңның бабы, сондай-ақ iстiң бұдан былайғы бағыты көрсетiледi. Қылмыстық iс қозғау туралы қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға жiберiледi. Қабылданған шешiм туралы арыз берушiге және өзiне қатысты iс қозғалып отырған адамға оған қылмыстық iзге түсудiң басталуына байланысты құқықтар мен мiндеттердi түсiндiре отырып, хабарланады.
3. Егер қылмыс жасаудан зардап шеккен адам белгiлi болса, қылмыстық iс қозғаумен бiр уақытта ол жәбiрленушi деп танылады, ал егер қылмыс жасалғаны туралы хабармен бiрге азаматтық талап қойылса, онда бұл адам сонымен қатар азаматтық талапкер деп танылады.
187-бап. Қылмыстық iс қозғаудан бас тарту
1. Қылмыстық iс қозғауға негiздер болмаған кезде қылмыстық iзге түсу органы қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
2. Қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулының көшiрмесi жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурорға және арыз берушiге жiберiледi. Бұл ретте арыз берушiге құқықтары мен қаулыға шағымдану тәртібі түсiндiрiлуге тиiс.
3. Тергеушiнiң, анықтаушының қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулысына тиiсiнше тергеу бөлiмiнiң бастығына, анықтау органының бастығына, сондай-ақ прокурорға немесе сотқа осы Кодексте белгiленген тәртiп бойынша шағымдануға болады. Соттың жеке айыптау туралы арызды қабылдаудан бас тарту туралы қаулысына жоғары тұрған сотқа шағымдануға болады.
4. Егер келiп түскен арызда (хабарда) азаматтардың саяси, еңбек, тұрғын үй, отбасы және өзге де құқықтарын бұзушылық, сондай-ақ азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен қорғалатын ұйымдардың заңды мүдделерiн бұзушылық байқалса, онда қылмыстық iс қозғаудан бас тартумен бiр уақытта мүдделi адамдарға құқықтары және бұзылған құқықтар мен мүдделердi қалпына келтiру үшiн азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен сотқа жүгiну тәртібі түсiндiрiлуге тиiс.
09.12.04 ж. № 10-III ҚР Заңымен 188-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
188-бап. Қылмыс туралы хабарды немесе арызды тергелуiне
немесе сотталуына қарай беру
1. Қылмыстық iс қозғауға құқық берiлген лауазымды адам немесе орган қылмыс туралы арызды немесе хабарды қылмыстық iс қозғамай, тергелуi бойынша тек мынадай:
1) қылмыс бұл ауданнан тысқары жерде жасалып және қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн қылмыс жасалған жерде тексеру iс-әрекетiн жасау қажет болған;
2) қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешу үшiн ол тергеуiне жатқызылған орган ғана жүргiзе алатын тексеру iс-әрекеттерiн жасау қажет болған жағдайларда ғана беруге құқылы.
2. Арыздың немесе хабардың қылмыстық iс қозғамай, тергелуi бойынша берiлгенi туралы жиырма төрт сағаттың iшiнде прокурор хабардар етiлуге тиiс.
3. Қылмыстық iс қозғамай сотталуы бойынша беруге жәбiрленушiлердiң жеке айыптау тәртібімен iзге түсетiн қылмыстары туралы шағымдары ғана жатады.
4. Қылмыс туралы хабарды немесе арызды тергелу ретi немесе соттылығы бойынша беру кезiнде оқиға болған орынды, сол жердi немесе үй-жайды қарау кезiнде табылған не ұйымдар, лауазымды адамдар немесе азаматтар ұсынған заттар мен құжаттар осы Кодекстiң 223-бабының бесiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен берiледi.
189-бап. Қылмыстық iзге түсу органының қылмыстық
iс қозғалғаннан кейiнгi iс-әрекетi
Қылмыстық iс қозғалғаннан кейiн:
1) прокурор iстi алдын ала тергеу немесе анықтау жүргiзуi үшiн тергеушiге немесе анықтау органына жiбередi;
2) тергеушi алдын-ала тергеу жүргiзуге кiрiседi;
3) алдын-ала тергеу жүргiзу мiндеттi болып табылатын iстер бойынша анықтау органы шұғыл тергеу iс-әрекеттерiн орындағаннан кейiн iстi алдын-ала тергеу iсiн жүргiзуге жiбередi; осы Кодекстiң 285-бабында аталған қылмыстар туралы iстер бойынша анықтау жүргiзедi.
ҚР 09.08.02 ж. № 346-II Заңымен 190-бап өзгертілді
190-бап. Прокурордың қылмыстық iс қозғаудың
заңды болуын қадағалауы
Қылмыстық iс қозғаудың заңды болуын қадағалай отырып, прокурор:
1) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушiнiң қылмыстық iс қозғау туралы қаулысының күшiн жоюға және қылмыстық iс қозғаудан бас тартуға немесе материалдарды қосымша тексepy үшiн iс жүргiзуге жiберуге;
2) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушiнiң қылмыстық iс қозғаудан бас тарту туралы қаулысының күшiн жоюға және қылмыстық iс қозғауға;
3) анықтаушының, анықтау органының немесе тергеушiнiң қылмыстық iс қозғау туралы қаулысының күшiн жоюға және егер қылмыстық iс бойынша тергеу iс-әрекеттерi жасалған болса, оны тоқтатуға құқылы.
24-тарау. Алдын-ала тергеу жүргізудің
жалпы шарттары
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 191-бап өзгертілді
191-бап. Алдын-ала тергеудiң мiндеттілігi
1. Алдын-ала тергеудi осы Кодекстiң 33-бабының бiрiншi бөлiгiнде және 285-бабында көрсетiлген қылмыстар туралы iстердi қоспағанда, барлық қылмыстық iстер бойынша жүргiзу мiндеттi.
2. Алдын ала тергеудi кәмелетке толмағандар немесе өздерiнiң дене немесе ақыл-ой кемiстiктерiне байланысты өздерiнiң қорғану құқықтарын өздерi жүзеге асыра алмайтын адамдар жасаған қылмыстар туралы барлық қылмыстық iстер бойынша жүргiзу мiндеттi.
3. Қылмыстық iстер бойынша алдын-ала тергеудi Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, iшкi iстер және қаржы полициясы органдарының тергеушiлерi жүргiзедi.
4. Қылмыстық iстердi тергелуi бойынша бiр органнан екiншi органға беру осы Кодекске сәйкес жүргiзiледi.
09.12.98 ж. № 307-1; 05.05.00 ж. № 47-II; 16.03.01 ж. № 163-II; 19.02.02 ж. № 295-II; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара); 25.09.03 ж. № 484-II; 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара); 2004.31.12 № 27-III (бұр. ред. қара); 2005.08.07 № 67-III; 2005.22.11 № 90-III; 2006.02.03. № 131-III (бұр. ред. қара); 2007.08.01. № 210-III (бұр. ред. қара) ;2008.27.06 № 50-ІV (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 192-бап өзгертілді
192-бап. Тергелу ретi
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 156-163, 165-174, 233, 233-1, 233-2, 233-3, 236, 238-240, 243, 244, 247-249-баптарында, 255-бабында (екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде жаппай қырып-жоятын қаруды, сол сияқты жаппай қырып-жоятын қару жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін материалдарды немесе жабдықтарды ұрлауға не қорқытып алуға қатысты), 306-бабында, 318-бабында, 330-бабында (екiншi бөлiгiнде), 331-бабында (екiншi бөлiгiнде), 367-бабында (үшінші және бесінші бөліктерінде), 368-бабында (үшінші бөлігінде), 369-бабында (үшінші бөлігінде), 372-бабында (бесінші және алтыншы бөліктерінде), 373-бабында (үшінші бөлігінде), 374-бабында (үшінші бөлігінде), 375, 376 баптарында, 381-бабында (үшінші бөлігінде), 382-бабында (екінші бөлігінде), 383-386 баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық iстер бойынша, алдын-ала тергеудi Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң тергеушiлерi жүргiзедi.
2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 96-103-баптарында, 107-бабында (екiншi бөлiгiнде), 112, 113,114-баптарында, 116-бабында (үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде), 117-бабында (үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде), 120-122, 125-баптарында, 126-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 127-бабында, 128-бабында (екiншi, үшiншi және төртінші бөлiктерiнде), 131-бабында, 132-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 133, 138-баптарында, 141-бабында (екiншi бөлiгiнде), 142 (екiншi бөлiгiнде), 143 баптарында, 145-бабында (үшiншi бөлiгiнде), 146-153, 155-баптарында, 175-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 178-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 179, 181-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 183-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 185-бабында (екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде), 186-бабында (екiншi бөлiгiнде), 187-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 227-1, 229, 230-баптарында (екiншi бөлiгiнде), 234, 237, 241, 242, 245, 245-1, 246-баптарында, 251-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 252-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 254-бабында (екiншi бөлiгiнде), 255-бабында (бiрiншi, үшінші және төртінші бөліктерінде), 256-бабында (екiншi бөлiгiнде), 257-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 259-бабында (1-1 және екінші бөліктерінде), 260-бабында, 261-бабында (екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде), 263-бабында(үшінші және төртінші бөліктерінде), 264-бабында (екiншi бөлiгiнде), 267-269-баптарында, 271-бабында (екiншi бөлiгiнде), 275-бабында (екiншi бөлiгiнде), 275-1-бабында (екінші бөлігінде), 277-286-баптарында, 287-бабында (екiншi бөлiгiнде), 288-бабында (екiншi бөлiгiнде), 289-бабында, 292-бабында (екiншi бөлiгiнде), 294-бабында, 295-бабында, 298-бабында (үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде), 299-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 300-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 301-бабында, 302-бабында (екiншi бөлiгiнде), 303-305-баптарында, 319, 320 (екiншi бөлiгiнде), 321, 322-баптарында, 327-бабында (үшiншi бөлiгiнде), 330-2 (екінші бөлігінде), 335-338, 340, 358-бабында (екiншi бөлiгiнде), 361-бабында, 367-бабында (төртінші бөлігінде), 368-бабында (екiншi бөлігінде), 369-бабында (екiншi бөлiгiнде), 370-бабында (үшiншi бөлiгiнде), 373-бабында (екiншi бөлiгiнде), 374-бабында (екінші бөлігінде), 377-бабында (екiншi бөлiгiнде), 382-бабында (бірінші бөлiгiнде), 390-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 391-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 392, 393-баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық iстер бойынша, алдын ала тергеудi iшкi iстер органдарының тергеушiлерi жүргiзедi.
3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабында (үшiншi бөліктің г) тармағында), 189-бабында, 190-бабында (екінші бөлігінде), 191-197, 199-205, 207-баптарында, 209-бабында (екiншi және үшiншi бөлiктерiнде), 221-бабында (екінші бөлігінде), 222-бабында (екінші бөлігінде), 223-бабында (екінші бөлiгiнде), 224-бабында, 225-бабында, 226-бабында (екiншi бөлігінде), 231, 232-баптарында, 307-бабында (бiрiншi бөлігінде), 308-бабында (бiрiншi бөлігінде), 310, 311-баптарында (бiрiншi және екінші бөлiктерiнде), 312-315-баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеуді салық полициясының тергеушілері жүргізеді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 183-бабында (екінші және үшінші бөлігінде), 229-бабында көзделген қылмыстар туралы істер бойынша, егер олардың тергеуі қаржы полициясы органдарының тергеушілері тергейтін қылмыстарды тергеуге тікелей байланысты болса және қылмыстық істі жеке іс жүргізуге бөлу мүмкін болмаса, алдын ала тергеуді салық полициясы органдарының тергеушілері жүргізуі мүмкін.
4. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабында (екiншi бөлiгiнде, үшiншi бөлiктiң а), б), в) тармақтарында), 177-бабында (екінші және үшінші бөліктерінде), 180-бабында, 182-бабында (екінші және үшінші бөліктерінде), 184, 184-1, 206, 228, 235, 309, 316, 339 (екіншi және үшіншi бөлiктерiнде), 341, 343-357, 363-365-баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша алдын-ала тергеуді қылмыстық іс қозғаған ішкі істер органы немесе қаржы полициясы жүргізеді.
4-1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 164-бабында, 250-бабында (екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде), 259-бабында (2-1, үшінші және төртінші бөліктерінде), 337-1-бабында, 347-1-бабында, 381-бабында (екінші бөлігінде) көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеуді қылмыстық іс қозғалған ішкі істер немесе ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізеді.
4-2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 307-бабында (екінші, үшiнші және төртiншi бөліктерiнде), 308-бабында (екiншi, үшіншi және төртiншi бөліктерінде), 311-бабында (үшінші және төртiнші бөлiктерiнде) көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша алдын ала тергеудi қылмыстық істi қозғаған ұлттық қауiпсiздiк немесе қаржы полициясы органы жүргiзедi.
4-3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 227, 380-баптарында көзделген қылмыстар туралы қылмыстық iстер бойынша алдын ала тергеудi қылмыстық iсті қозғаған ішкi iстер, ұлттық қауіпсiздiк немесе қаржы полициясы органдары жүргізедi.
5. 2004.31.12 № 27-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
6. Белгiлi бiр iстiң өз тергеуiне жатпайтынын анықтағанда тергеушi кейiнге қалдыруға болмайтын тергеу iс-әрекетiн жүргiзуге, содан кейiн iстi тергелу ретi бойынша жiберуi үшiн прокурорға тапсыруға мiндеттi.
7. Бiр немесе бiрнеше адамды әртүрлi алдын ала тергеу органдарының тергеуiне жататын қылмыстар жасағаны үшiн айыптау бойынша iстердi бiр iс жүргiзуге бiрiктiрген кезде тергеу ретiн прокурор белгiлейдi.
193-бап. Алдын ала тергеу жүргiзiлетiн жер
1. Алдын ала тергеу қылмыс жасалған ауданда (облыста) жүргiзiледi.
2. Алдын ала тергеу жедел және толық болуы мақсатында қылмыс анықталған орын бойынша, сондай-ақ сезiктi, айыпталушы адам немесе куәлардың көпшiлiгi тұрған жерде жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Тергеу iс-әрекеттерiнiң басқа ауданда (облыста) жүргiзу қажет болған жағдайда тергеушi оны тiкелей өзi жүргiзуге не бұл iс-әрекеттердi жүргiзудi сол ауданның (облыстың) тергеушiсiне немесе анықтау органына тапсыруға құқылы. Тергеушi iздестiру әрекеттерiн немесе жедел iздестiру шараларын жүргiзудi алдын ала тергеу жүргiзiлетiн жердегi немесе iс жүргiзiлетiн жердегi анықтау органына тапсыра алады. Тергеушiнiң тапсырмасы он тәулiктен аспайтын мерзiмде орындалуға тиiс.
194-бап. Алдын ала тергеу жүргiзудiң басталуы
1. Алдын ала тергеу қылмыстық iс қозғау туралы қаулы шығарылғаннан кейiн ғана жүргiзiледi.
2. Тергеушi өзi қозғаған немесе өзiне тапсырылған iс бойынша тергеуге дереу кiрiсуге мiндеттi. Iстi өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдағаны туралы тергеушi қаулы шығарады. Егер қылмыстық iстi тергеушi қозғаса және өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаса, онда қылмыстық iстi қозғау және оны өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдау туралы бiрыңғай қаулы жасалады. Жоғарыда аталған қаулылардың көшiрмелерiн тергеушi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей прокурорға жiбередi.
195-бап. Алдын ала тергеудiң аяқталуы
Алдын ала тергеу айыптау қорытындысын жасау не қылмыстық iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулы, не қылмыстық iстi қысқарту туралы қаулы шығарумен аяқталады.
196-бап. Алдын ала тергеу мерзiмi
1. Қылмыстық iстер жөніндегі алдын ала тергеу қылмыстық iс қозғалған күннен бастап екi ай мерзiмнен кешiктiрмей аяқталуға тиiс.
2. Алдын ала тергеу мерзiмiне iс қозғалған күннен бастап iстi айыптау қорытындысымен немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселенi қарау үшiн iстi сотқа беру туралы қаулымен бiрге прокурорға жiберген күнге дейiнгi не iс бойынша iс жүргiзудi қысқарту туралы қаулы шығарылған күнге дейiнгi уақыт енгiзiледi.
3. Алдын ала тергеу мерзiмiне осы Кодексте көзделген негiздер бойынша алдын ала тергеу тоқтатыла тұрған уақыт, айыпталушы мен оның қорғаушысын қылмыстық iс материалдарымен таныстыру уақыты, сондай-ақ айыпталушының шағымы бойынша талап етiлген қылмыстық iстiң сотта және прокуратурада жатқан уақыты енгiзiлмейдi.
4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген алдын ала тергеу мерзiмiн тергеушiнiң дәлелдi қаулысы бойынша:
- iстiң күрделiлiгiне байланысты аудандық және оған теңестiрiлген прокурор - үш айға дейiн;
- iстiң аса күрделi болуына байланысты облыс прокуроры және оған теңестiрiлген прокурор мен олардың орынбасарлары - алты айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
5. Алдын ала тергеу мерзiмiн одан әрi ұзартуға тек айрықша жағдайларда iстiң күрделiлiгi ескерiле отырып жол берiледi және Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасарлары, Бас әскери прокурор жүзеге асыра алады.
6. Алдын ала тергеудiң мерзiмiн ұзарту туралы қаулыны тергеушi ауданның, облыстың прокурорына және оларға теңестiрiлген прокурорларға тергеу мерзiмi өтпестен бұрын - бес тәулiктен кешiктiрмей, Бас Прокурорға, оның орынбасарларына, Бас әскери прокурорға он тәулiктен кешiктiрмей ұсынуға мiндеттi.
7. Iс қосымша тергеу жүргiзу үшiн қайтарылған кезде, сондай-ақ уақытша тоқтатыла тұрған немесе қысқартылған iс қайта қозғалған кезде қосымша тергеудi iс тергеушiге түскен кезден бастап бiр айдан аспайтын мерзiмде жүргiзiлуi мүмкiн. Мерзiмдi одан әрi ұзарту осы бапта көзделген тәртiппен жалпы негiздерде жүргiзiледi.
8. Қылмыстық заңмен тыйым салынған iс-әрекеттi жасаған адам анықталмаған iс бойынша iс жүргiзу мерзiмдерi қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмiмен шектеледi.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 197-бап өзгертілді
197-бап. Прокурордың алдын ала тергеу барысындағы
өкiлеттiктерi
1. Қылмыстық iзге түсу мен қылмыстық iстердi тергеу кезiнде заңдылықты қадағалауды жүзеге асыра отырып, прокурор:
1) оқиға болған жердi қарауға қатысуға, сараптама тағайындауға, сондай-ақ қылмыстық iс қозғау туралы мәселенi шешуге қажеттi басқа да iс-әрекеттердi жүзеге асыруға құқылы;
2) қылмыстық iс қозғайды немесе оны қозғаудан бас тартады, тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу туралы, сондай-ақ жедел-іздестіру қызметінің материалдарын қылмыстық іске қосу туралы жазбаша нұсқаулар бередi;
3) өзi қозғаған қылмыстық iстi алдын ала тергеу жүргiзу үшiн бередi;
4) заңдарда көзделген жағдайларда алдын ала тергеу жүргiзетiн лауазымды адамдардың iс-әрекеттерiне санкция бередi;
5) жекелеген тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзуге қатысады;
6) қылмыстық iзге түсуден иммунитетi бар адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға келісім алу үшiн ұйғарым шығарады.;
7) алдын ала тергеу органдарынан келiп түскен қылмыстық iстi сотқа жiбере отырып, iстi мәнiсi бойынша қарау үшiн айыпталушыны сотқа тапсырады;
8) қылмыстық iзге түсу органдарынан тексеру үшiн қылмыстық iстердi, құжаттарды, материалдарды және жасалған қылмыстар туралы, жедел iздестiру қызметi, анықтау мен тергеу барысы туралы өзге де мәлiметтердi алады;
9) жасалған немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы арыздар мен хабарларды қабылдау, тiркеу, шешу кезiнде заңның сақталуын тексередi;
10) анықтаушы мен тергеушiнiң, сондай-ақ анықтау органы мен тергеу бөлiмi бастықтарының заңсыз қаулыларының күшiн жояды;
11) тергеу мен анықтау толық болмаған, сондай-ақ тергеу және анықтау барысында заң бұзушылыққа жол берiлгені анықталған жағдайда қылмыстық iстi қосымша тергеуге жiбередi не оны толық көлемiнде немесе белгiлi бiр адамдарға қатысты қысқартады;
12) қылмыстық iстi анықтау органынан алып, алдын ала тергеу органына бередi; айрықша жағдайларда тергеудiң толық және объективтi болуын қамтамасыз ету мақсатында алдын ала тергеу органының жазбаша өтiнiмi бойынша не өз бастамашылығымен iстi, осы Кодексте белгiленген тергеу ретiне қарамастан, алдын ала тергеудiң бiр органынан екiншi органына бередi;
13) анықтаушы мен тергеушiнiң, анықтау және тергеу органдары басшыларының iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне жасалған шағымдарды қарайды;
14) алдын ала тергеу, анықтау iсiн жүргiзуде заң бұзушылықты анықтаған кезде тергеушiнi, анықтаушыны қылмыстық iстi одан әрi тергеуден шеттетедi;
15) осы Кодексте көзделген жағдайлар мен тәртiпте алдын ала тергеудiң және бұлтартпау шарасы ретiнде қолданылған қамауға алудың мерзiмдерiн ұзартады;
16) бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған адамдарды күзетпен ұстаудың заңдарда белгiленген тәртібі мен шарттарының сақталуын тексередi;
17) заңдарда көзделген өзге өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
2. Прокурордың тергеушiге, тергеу бөлiмiнiң бастығына, анықтау органына, анықтау органының бастығына және анықтаушыға осы Кодексте көзделген тәртiппен берген нұсқаулары мiндеттi болып табылады, бiрақ жоғары тұрған прокурорға шағым жасалуы мүмкiн. Жоғары тұрған прокурорға алынған нұсқауларға шағымдану олардың орындалуын тоқтатпайды.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 198-бап өзгертілді
198-бап. Алдын ала тергеудi тергеушiлер тобының жүргiзуi
1. Қылмыстық iс бойынша алдын ала тергеу ол күрделi немесе оның көлемi үлкен болған жағдайда тергеушiлер тобына (тергеу тобына) тапсырылуы мүмкiн, бұл туралы қылмыстық iс қозғау туралы қаулыда көрсетiледi немесе жеке қаулы шығарылады. Бұл туралы шешiмдi тергеу бөлiмiнiң бастығы қабылдауға құқылы. Қаулыда тергеу жүргiзу тапсырылған барлық тергеушiлер, оның iшiнде топ жетекшiсi - тергеушi көрсетiлуге тиiс. Сезiктi, айыпталушы, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер мен олардың өкiлдерi iстi тергеушiлер тобының тергейтiнi туралы қаулымен таныстырылуға тиiс және оларға тергеу тобының жетекшісінен, сондай-ақ топ құрамындағы кез келген тергеушiден бас тарту құқығы түсiндiрiледi.
2. Тергеу тобына алдын ала тергеу жүргiзетiн бiрнеше органның тергеушiлерi енгiзiлуi мүмкiн. Мұндай топты құру туралы шешiм прокурордың нұсқауы бойынша да, осы органдардың тергеу бөлiмдерi бастықтарының бастамашылығы бойынша да қабылдануы мүмкiн. Шешiм тергеу бөлiмдерi бастықтарының бiрлескен қаулысымен ресiмделедi, ол осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып шығарылады.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры ерекше жағдайларда тергеудің толық және объективті еместігі фактілері анықталған, іс күрделі және маңызды болған кезде, алдын ала тергеуді жүзеге асырушы бірнеше органның тергеушілері арасынан тергеу тобын құра алады, бұл орайда прокурорды осы топтың жетекшісі етіп тағайындап, бұл шешімді өз қаулысымен ресімдейді. Мұндай тергеу тобы жүзеге асыратын тергеудің заңдылығын қадағалау Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына жүктеледі.
ҚР 16.03.01 ж. № 163-II Заңымен 199-бап өзгертілді
199-бап. Тергеу тобы жетекшiсiнiң өкiлеттiктерi
1. Тергеу тобының жетекшiсi қылмыстық iстi өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдайды, тергеу тобының жұмысын ұйымдастырады, басқа тергеушiлердiң iс-әрекеттерiне басшылық жасайды.