2. Егер сауда-саттық өткiзiлмесе, кепiл ақша оны салған адамдарға қайтарылады, бұған осы баптың 1-тармағының 3-тармақшасында көзделген жағдайлар кiрмейдi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 56-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
56-бап. Сауда-саттық өткiзiлмедi деп жариялау салдары
1. Сауда-саттық өткiзiлмедi деп жарияланған жағдайда өндiрiп алушыға бастапқы бағасы жиырма процентке төмендетiлген бағамен мүлiктi өзiнде қалдыру құқығы берiледi.
2. Сауда-саттық өткiзiлмедi деп танылған және өндiрiп алушы мүлiктi өзiнде қалдырудан бас тартқан жағдайда сот орындаушысы осы Заңда белгiленген ережелердi сақтай отырып, қайтадан сауда-саттық өткізудi тағайындайды. Бұл орайда қайталама сауда-саттық үшiн белгiленген баға қатысушылардың бipeуi сауда-саттыққа шығарылған мүлiк құнының алғашқы бағасының елу процентiнен төмен болмауға тиiс жарияланған бағамен мүлiктi сатып алуға келiскен кезге дейiн хабарланған ретпен төмендетiле бередi.
3. Қайтадан сауда-саттық өткiзiлмедi деп жарияланған жағдайда мүлiк өндiрiп алушыға соңғы жарияланған бағамен ұсынылады. Өндiрiп алушы сатылатын мүлiктi өзiнде қалдырудан бac тартқан жағдайда бұл мүлiктен тыйым алып тасталады.
57-бап. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алу
1. Мерзiмдi төлемдердi өндiрiп алу туралы шешiмдердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң екi еселенген мөлшерiнен аспайтын соманы өндiрiп алу кезiнде, өндiрiп алынатын соманы толық өтеу үшiн борышкердiң мүлкi болмаған немесе мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда борышкердiң жалақысы мен өзге де табыс түрлерiнен өндiрiлiп алынады.
2. Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған немесе сыйақы алатын жұмыс берушiге жiбередi.
3. Сот орындаушысы борышкердiң жалақысынан және басқа да табыстарынан ақшаның дұрыс және уақтылы ұсталуына, сондай-ақ ұсталған соманың өндiрiп алушыға уақытында жiберiлуiне ұдайы бақылау жасап отыруды жүзеге асыруға мiндеттi.
4. Борышкер жұмыстан босатылған жағдайда онымен еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушi бұл жөнiнде сот орындаушысына хабарлама жiберiп, атқару құжатын қоса жолдауға мiндеттi. Тұрғылықты жерi өзгерген жағдайда борышкер сот орындаушысына өзiнiң жаңа мекен-жайын хабарлауға мiндеттi.
58-бап. Борышкердiң жалақысынан және табысының өзге де түрлерiнен ұстап қалу мөлшерiн есептеу
Ұсталып қалу мөлшерi - борышкердiң алуына тиесiлi жалақы (табыс) сомасынан есептеледi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 59-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
59-бап. Борышкердiң жалақысынан және табысының өзге де түрлерiнен ұстап қалу мөлшерi
Бiр немесе бiрнеше атқару құжаттары бойынша борышкердiң жалақысынан немесе табысының өзге де түрлерiнен өндiрiлiп алынған жағдайда борышкер жалақысының немесе өзге де табысының кемiнде елу процентi сақталуға тиiс.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 60-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
60-бап. Жазасын өтеп жүрген борышкердiң жалақысынан өндiрiп алу
1. Түзеу жұмыстарын өтеп жүрген адамдардан атқару құжаттары бойынша өндiрiп алу соттың үкімі немесе қаулысы бойынша жүргiзiлген ұстап қалу сомасы есепке алынбай, жалақының толық сомасынан жүргiзiлуге тиiс.
2. Түзеу мекемелерiнде жазасын өтеп жүрген адамдардан, сондай-ақ денсаулық сақтайтын емдеу-профилактикалық мекемелерде емделiп жатқан, маскүнемдiкпен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдардан өндiрiп алу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
3. Сотталушы негiзгi жаза түрiнде тағайындалған айыппұл төлеуден қасақана жалтарса, сот орындаушысы үкiм шығарған сотқа Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес төленбеген айыппұл сомасын басқа жазаға ауыстыру туралы ұсыныс жiберуге құқылы.
61-бап. Әлеуметтiк сақтандыру жөніндегі жәрдемақыдан өндiрiп алу
Еңбекке уақытша жарамсыздығы кезiнде төленетiн әлеуметтiк сақтандыру жөніндегі жәрдемақыдан, баланы күтуiне байланысты iшiнара ақы төленетiн демалыс кезеңiнде әйелге берiлетiн жәрдемақыдан, сондай-ақ оқушылардың стипендиялары мен жұмыссыздық жөніндегі жәрдемақыдан өндiрiп алу соттың, алимент төлету туралы және мертiктiрумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу туралы шешiмi бойынша ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 62-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
62-бап. Өндiрiлiп алуға болмайтын ақша сомасы
Мыналардан:
1) мертiктiрумен немесе денсаулығын өзгедей зақымдаумен, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуы салдарынан келтiрiлген залалды өтеу үшiн борышкер алған сомалардан;
1-1) асыраушысынан айрылуына байланысты балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан;
1-2) мүгедек балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан;
2) адамдарға қызметтiк мiндеттерiн орындау кезеңiнде мертiккен (жарақаттанған, зақымданған, контузия алған) кезде оларға төленетiн және олардың қаза табуына (қайтыс болуына) байланысты отбасы мүшелерiне төленетiн сақтандыру сомалары мен бiр жолғы жәрдемақыдан;
3) бала тууға байланысты, көп балалы және жалғыз басты аналарға, кәмелетке толмаған балалардың ата-анасын iздеу кезеңiнде оларды асырауға, зейнеткерлер мен 1-топтағы мүгедектердi күтiп-бағуға төленетiн жәрдемақыдан;
4) жәбiрленушiлердiң қосымша тағамына, санаториялық-курорттық емдеу мен протездеуге және мертiктiрумен не денсаулығын өзгедей зақымдаумен залал келтiрiлген жағдайларда оларды күтiп-бағу жөніндегі шығыстарға төленетiн сомалардан;
5) зиянды немесе қысылтаяң жағдайлардағы жұмысқа төленетiн өтемақылардан, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде экологиялық апаттан немесе радиациялық әсерден зардап шеккен азаматтарға төленетiн ақша сомасынан;
6) төлем көзiне қарамастан, бiр жолғы сипаттағы материалдық көмектен;
7) алып тасталды
8) алып тасталды
9) жерлеуге берiлген жәрдемақыдан;
9-1) арнайы мемлекеттік жәрдемақылардан өндiрiп алуға болмайды
10) алып тасталды
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 63-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
63-бап. Борышкердiң жалақысы болмаған жағдайда алимент өндiрiп алу тәртібі
1. Алимент төлемдерiн жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы қатарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаған жағдайда борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алынады, бұған осы Заңның 39-бабына сәйкес өндiрiп алуға болмайтын мүлiк кiрмейдi.
Мүлiктен өндiрiп алу туралы сот орындаушысы қаулы шығарады.
2. Алименттер жөніндегі берешек мөлшерiн сот орындаушысы өндiрiп алушының қалауы бойынша борышкердiң өндiрiп алу жүргiзiлмеген уақыт iшiнде алған не оның берешектi анықтау кезiне қарай алған нақты жалақысын (табысын) негiзге ала отырып шешiм орындалатын жерде белгiлейдi.
3. Егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмece немесе оның табысын және өзге де кiрiсiн растайтын құжаттар ұсынылмаса, алимент бойынша берешек берешектi өндiрiп алу кезіндегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерiне сүйенiп айқындалады.
Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамдар үшiн, егер борышкер бұл кезеңде жұмыс icтeмece, алимент бойынша берешек бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айқындалады.
4. Борышкердiң алимент төлеуден жалтару салдарынан ол бойынша берешегi құралған жағдайда берешек сомасына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 353-бабына сәйкес айыппұл есептеледi.
64-бап. Борышкердiң жұмыс орны мен табысы туралы мәлiметтер
Борышкермен еңбек қатынасында тұрған немесе ол табыс алатын азаматтар және ұйымдардың лауазымды адамдары сот орындаушысы тағайындаған мерзiмде борышкердiң жұмыс орны мен оның табыстары, атқару құжатына сәйкес ұстап қалу жүргiзiлгендiгi және өндiрiп алған соманың өндiрiп алушыға жiберiлгендiгi туралы, борышкердiң ақша сомалары мен мүлкiнен өндiрiп алу жөнiнде, сондай-ақ борышкердiң жұмыстан босатылғаны туралы, егер өздерiне белгiлi болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұратын жерi туралы дұрыс мәлiметтер беруге мiндеттi. Сот орындаушысының бұл талаптарын орындамау әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
65-бап. Алимент төлеу жөніндегі берешектi өндiрiп алу тәртібі
1. Барлық алимент төлеу жөніндегі берешек алимент төлеушiнiң жалақысынан, басқа да табыстарынан өндiрiлiп алынады.
2. Берешектiң мөлшерiн сот орындаушысы шешiмнiң (қаулының) орындалған жерi бойынша, заңдарда көзделген тәртiппен белгiлейдi.
3. Сот орындаушысының берешектi анықтау туралы қаулысына заңда белгiленген тәртiппен шағым берiлуi немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
66-бап. Жалақыдан ұстап қалудың дұрыстығын бақылау
Сот орындаушысы борышкердiң жалақысы мен басқа табыстарынан ұстап қалу мен ұсталған сомаларды өндiрiп алушыға жiберудiң дұрыстығы мен уақытылы жүргiзiлуiн ұдайы бақылап отыруды жүзеге асырады.
67-бап. Борышкер шетелге тұрақты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өтеуге кеткен жағдайда алимент алу
Борышкер шетелге тұрақты тұруға немесе жұмысқа және әскери қызметтi өтеуге кеткен жағдайда алимент алу тәртібі заңдармен белгiленедi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 67-1-баппен толықтырылды
67-1-бап. Борышкердi белгiлi бiр iс-әрекеттi жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға мiндеттейтiн атқару құжаттарын орындау
Борышкердi тек өзi ғана жасай алатын iс-әрекеттi жасауға немесе оларды жасаудан тартынуға мiндеттейтiн атқару құжатын орындау кезiнде сот орындаушысы борышкерге мерзiм белгiлей отырып, осындай iс-әрекет жасау туралы хабарлама немесе оларды жасаудан тартыну қажеттiгi туралы хабарлама жiбередi.
Борышкер сот орындаушысының талаптарын белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайда сот орындаушысы борышкердi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершiлiкке тарту жөнiнде шаралар қолданады.
68-бап. Жұмысқа қайта қабылдау туралы атқару құжатының орындалуы
1. Ұйымның басшысы (жұмыс берушi) жұмысқа қайта қабылдау туралы атқару құжатын орындамаған жағдайда сот орындаушысы қызметкерге орташа жалақысын төлеу немесе қызметкердi жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiм шығарылған күннен бастап оны орындаған күнге дейiнгi жалақысының айырмасын төлеу жайлы қаулы шығарылғаны жөнiнде сотқа ұсыныс жасайды.
2. Жұмысқа қайта қабылдау туралы шешiмнiң орындалуы әкiмшiлiктiң жұмыстан босату немесе ауыстыру туралы өзiнiң заңсыз өкімінiң күшiн жою туралы бұйрық шығарғаннан кейiн болған, жұмыстан заңсыз босатылған немесе ауыстырылған қызметкер бұрынғы мiндеттерiн атқаруға iс жүзiнде жiберiлген кезден бастап аяқталған болып есептеледi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 68-1-баппен толықтырылды
68-1-бап. Борышкердi қоныс аударту туралы атқару құжатын орындау
1. Борышкердi қоныс аударту туралы атқару құжаты сот орындаушысы белгiлеген мерзiмде орындалмаған жағдайда қоныс аударту куәгерлердiң қатысуымен мәжбүрлi түрде жүзеге асырылады.
2. Сот орындаушысы борышкердi қоныс аударту уақыты туралы ресми түрде хабардар етедi. Қоныс аударту уақыты туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң болмауы атқару құжатын орындауға кедергi болмайды.
3. Қоныс аударту кезiнде босатылатын үй-жайдан шығарылатын мүлiктердiң тiзiмдемесi жасалады және қажет болған жағдайларда шыққан шығын борышкерге жүктелiп, оны сақтау қамтамасыз етiледi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 68-2-баппен толықтырылды
68-2-бап. Өндiрiп алушыны қоныстандыру туралы атқару құжатын орындау
1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыны атқару құжатында көрсетiлген үй-жайға қоныстандыруды қамтамасыз етедi.
Сот орындаушысы өндiрiп алушыны және борышкердi қоныстандыру уақыты туралы ресми түрде хабардар етедi. Қоныстандыру уақыты туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң болмауы атқару құжатының орындалуына кедергi болмайды.
2. Өндiрiп алушыны қоныстандыру актiмен ресiмделедi және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiледi. Қоныстандыру туралы актiнiң нысанын уәкiлеттi орган бекiтеді.
4-тарау. Өндiрiп алынған ақша сомаларын бөлу
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 69-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
69-бап. Өндiрiп алынған ақша сомаларын бөлу
1. Сот орындаушысы борышкерден өндiрiп алған сомадан ең алдымен атқару құжатын орындау процесiнде борышкерге салынған айыппұлдар өтеледi, содан кейiн орындау жөніндегі шығыстар өтеледi, қалған сома өндiрiп алушылардың талаптарын қанағаттандыруға берiледi. Барлық талаптарды қанағаттандырылғаннан кейiн қалған сома борышкерге қайтарылады.
2. Борышкерден өндiрiп алынған және өндiрiп алушыларға берiлуге тиiс сомаларды сот орындаушысы ағымдағы шотқа қосады, содан кейiн белгiленген тәртiппен бередi немесе аударады.
3. Мемлекет кiрiсiне аударуға жататын сомаларды сот орындаушысы тiкелей тиiстi банк мекемесiне енгiзедi.
70-бап. Өндiрiп алуға қосылу
Өндiрiп алуды жүргiзу кезiнде басқа iстер бойынша орындау құжаттары бар адамдар өндiрiп алуға қосыла алады.
71-бап. Өндiрiп алушылардың талаптарын қанағаттандыру кезегi
1. Атқару құжаттары бойынша барлық талаптарды қанағаттандыру үшiн борышкерден өндiрiп алынған сома жеткiлiксiз болған жағдайда бұл сома өндiрiп алушылар арасында осы Заңда белгiленген кезек тәртібімен бөлiнедi.
2. Әрбiр келесi кезектiң талаптары алдыңғы кезектiң талаптары толық өтелгеннен кейiн қанағаттандырылады. Өндiрiп алынған сома бiр кезектiң барлық талаптарын толық қанағаттандыруға жеткiлiксiз болған жағдайда бұл талаптар әрбiр өндiрiп алушыға тиесiлi сомаға барабар қанағаттандырылады.
72-бап. Бiрiншi кезекте өндiрiп алу
Бiрiншi кезекте алименттердi өндiрiп алу туралы талаптар; мертiгу немесе денсаулыққа өзге де зақым жасау арқылы келтiрiлген, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу жөніндегі талаптар; қызметкерлердiң еңбектегi құқық қатынастарынан туындайтын талаптары қанағаттандырылады.
73-бап. Келесi кезектегi өндiрiп алу
1. Екiншi кезекте патенттер берiлген туындыны, өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдаланғаны үшiн авторларға тиесiлi сыйақы төлеу туралы талаптар, азаматтардың мүлкiне қылмыс немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық арқылы келтiрiлген зиянды өтеу жөніндегі талаптарды қанағаттандырылады.
2. Үшiншi кезекте несие берушiлердiң кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер жөніндегі талаптары қамтамасыз ету сомаларының шегiнде қанағаттандырылады.
3. Төртiншi кезекте бюджетке және бюджеттен тыс қорларға мiндеттi төлемдер жөніндегі талаптар; қылмыс жасау немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық арқылы келтiрiлген зиянды өтеу жөніндегі заңды тұлғалардың талаптары қанағаттандырылады.
4. Бесiншi кезекте қалған талаптардың бәрi қанағаттандырылады.
ҚР 16.11.99 ж. № 479-1; 05.05.03 ж. № 409-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 74-бап өзгертілді
74-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар
1. Атқарушылық әрекеттердi ұйымдастыру мен оларды өткізуге жұмсалған бюджет қаражаттары мен атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы тараптардың қаражаттары атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстар болып табылады.
2. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға:
1) борышкердiң мүлкiн анықтауға, қарауға, бағалауға;
2) борышкер мүлкiн хаттау мен оны пайдалануға тыйым салуды ұйымдастыру мен өткізуге, мұндай мүлiктi тасымалдау мен сақтауды ұйымдастыруға;
3) тыйым салынған мүлiктi сатуға;
4) тiлмаштарға, мамандарға және белгiленген тәртiппен атқарушылық әрекеттер жасауға тартылған басқа да адамдарға ақы төлеуге;
5) алынып тасталды
6) өндiрiп алынған сомаларды почта арқылы өндiрiп алушыға аударуға (жiберуге);
6-1) өндiрiп алынған соманы ағымдағы шоттан беруге байланысты банк шығынына;
7) борышкердi iздестiруге;
8) өндiрiп алушының аванстық жарнасына;
8-1) атқарушылық iс-әрекеттердi жасау кезiнде сот орындаушысының қоғамдық көлiктiң барлық түрлеріндегі - қалалық, қала маңындағы және жергiлiктi қатынастағы (таксиден басқа) "қол шығынына;
9) атқару құжатын орындау процесіндегі басқа да қажеттi әрекеттерге жұмсалған қаражаттар жатады.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 75-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
75-бап. Атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарды өтеу тәртібі
1. Атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде жасалған шығыстар борышкерден өндiрiп алушы немесе мемлекет пайдасына өндiрiп алынады.
2. Атқарушылық құжат берiлгенде негiзге алынған қаулының күшi жойылуына байланысты атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылған жағдайда атқарушылық әрекеттердiң жасалуы кезiнде жасалған шығыстар республикалық бюджет есебiне жатқызылады.
3. Борышкерден алынған заттарды өндiрiп алушыға беру туралы атқару құжатын орындау кезiнде өндiрiп алушының олардан негiзсiз бас тартуы және, егер ол өзiнiң әркеттерiмен немесе әрекетсiздiгiмен орындауға кедергi жасаса, атқару құжатын өндiрiп алушыға қайтару үшiн атқару iсiн тоқтатқан кезде атқарушылық әрекеттердi жасау кезiнде жасалған шығыстар өндiрiп алушыдан алынады.
4. Бюджет қаражаттары есебiнен келтiрiлген шығыстарды өндiрiп алуды және оларды сондай шығыс жасаған органға немесе адамдарға өтеудi сот орындаушысының ұсынысы және шыққан шығындарды растайтын құжаттар негiзiнде сот жүргiзедi.
5. Сот орындаушысының ұсынысын борышкер мен өндiрiп алушыны хабардар ете отырып сот қарайды, алайда тиiсiнше хабардар етiлген жағдайда олардың келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды. Сот ұйғарымының көшiрмесi борышкер мен өндiрiп алушыға үш күн мерзiмде жiберiледi. Соттың ұйғарымына жеке шағым берiлуi немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 76-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
76-бап. Өндiрiп алушының шығыстарға аванс беруi
Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өндiрiп алушы атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылатын тиiстi шығыстарды жасау үшiн жеткiлiктi мөлшерде ағымдағы шотқа аванс жарнасын төлеуге құқылы.
5-тарау. Атқарушылық санкция, атқару құжаттарын
орындамағаны үшiн жауапкершiлiк
ҚР 22.12.98 ж. № 327-1 Заңымен 77-бап өзгертілдi
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 77-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
77-бап. Атқару санкциясы
1. Атқару құжаты толық мәжбүрлеп орындалғаннан кейiн сот орындаушысы өндiрiп алынған соманың немесе мүлiк құнының он процентi мөлшерiнде борышкерден немесе мүлiктiк емес сипаттағы атқару құжаттары бойынша он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде жеке тұлғалардан және жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде заңды тұлғалардан атқару санкциясын өндiрiп алу туралы ұсыныс шығарып, оны сотқа жiбередi.
Сот борышкердi сот орындаушысынан келiп түскен ұсыныс туралы хабардар етедi, сот отырысы өтетiн уақыт пен орынды хабарлайды. Сот отырысы өткiзiлетiн уақыт пен орын туралы тиiсiнше хабардар етiлген борышкердiң келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды.
2. Атқару санкциясы республикалық бюджетке аударылады.
78-бап. Борышкердiң атқару құжаттарын орындамағандығы үшiн жауапкершiлiгi
1. Борышкер атқару құжатын орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
2. Жауапқа тарту борышкердi атқару құжатында көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.
6-тарау. Шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар және
шетелдiк заңды тұлғалар жөнiнде атқарушылық
әрекеттер жасау. Шет мемлекеттердiң сот
және өзге құжаттарын орындау
79-бап. Соттар мен өзге де органдардың шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк ұйымдар жөніндегі қаулыларының орындалуы
Соттар мен өзге де органдардың шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк ұйымдар жөніндегі қаулылары осы Заңға сәйкес орындалады.
80-бап. Халықаралық және шетелдiк соттар мен төрелiк соттардың шешiмдерiн орындау
Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдiк соттардың, сондай-ақ төрелiк соттардың шешiмдерiн орындау тәртібі Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттармен және осы Заңмен белгiленедi. Шетелдiк сот шешiмiнiң негiзiнде Қазақстан Республикасының соты берген атқару парағы шешiм заңды күшiне енген сәттен бастап үш жыл iшiнде мәжбүрлеп орындатуға берiлуi мүмкiн. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңда барынан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
7-тарау. Сот орындаушыларының құқықтық жағдайы
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 81-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
81-бап. Сот орындаушысы
1. Сот орындаушысы - мемлекеттік қызметте тұратын және сот актілері мен басқа да органдардың актілерін орындау бойынша өзiне заңмен жүктелген мiндеттердi орындайтын лауазымды адам.
2. Сот актілері мен басқа да органдардың актілерін орындау жөніндегі сот орындаушысының қоятын талаптары барлық органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшiн мiндеттi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 82-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
82-бап. Сот орындаушысының қызметiн ұйымдастыру
1. Сот орындаушысын мемлекеттік қызметшiнiң бос орнына орналасуға жарияланған конкурстың нәтижесi бойынша аумақтық органның басшысы қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
2. алып тасталды
3. алып тасталды
4. Сот орындаушыларының сан құрамы судьялардың сан құрамына сәйкес болуға тиiс.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 83-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
83-бап. Сот орындаушысына қойылатын талаптар
1. Жиырма жасқа толған, сотталмаған, әдетте, жоғары немесе арнаулы орта заң білімi бар, Қазақстан Республикасының заңдарында қойылатын біліктiлiк талаптарына сәйкес келетiн, өзiнiң iскерлiк және жеке басының қасиетiмен, сондай-ақ денсаулық жағдайы бойынша өзiне жүктелген мiндеттердi орындауға қабiлеттi Қазақстан Республикасының азаматы сот орындаушысы болып тағайындалуы мүмкiн.
2. Сот орындаушысы өзiне берiлген құқықтарды Заңға қатаң сәйкес пайдалануға және өз қызметiнде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасауға жол бермеуге мiндеттi.
3. Сот орындаушыларына қызметтiк куәлiктер берiледi, олар үлгiлерiн уәкiлеттi орган бекiтетiн нысанды киiммен, жетонмен және эмблемамен қамтамасыз етiледi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 84-бап жаңа редацияда (бұр. ред. қара)
84-бап. Сот орындаушысының жауапкершiлiгi
Сот орындаушысының өзiне жүктелген мiндеттердi және лауазымдық өкiлеттiктердi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке әкеп соқтырады.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 85-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
85-бап. Сот орындаушысының қызметiн бақылау
Сот орындаушысының қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган мен оның аумақтық органдары жүзеге асырады.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 05.05.03 ж. № 409-II (бұр. ред. қара) Заңымен 86-бап өзгертілді
86-бап. Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттер жасау кезіндегі құқықтары мен мiндеттерi
1. Сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен:
1) орындауға қатысты мәселелер бойынша қаулылар шығаруға;
2) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға;
3) атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша, Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, өтеусiз қажеттi ақпарат, түсiнiктемелер мен анықтамалар алуға. Бұл орайда органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар және азаматтар оларды дереу, ал арнайы құжаттарды өңдеудi, дайындауды талап ететiн жағдайларда үш күннен кешіктірмей сот орындаушысына беруге мiндеттi.
4) атқарушылық әрекеттер жасағанда негiзге алынған атқару құжаттары түсiнiксiз болған жағдайда түсiнiк алу үшiн сотқа немесе атқару құжатын берген басқа да органдарға жүгiнуге;
5) атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде пайда болған мәселелер бойынша, оның iшiнде орындау мерзiмiн кейiнге қалдыру, мерзiмiн ұзарту, орындау тәсiлi мен тәртібін өзгерту туралы, сондай-ақ борышкердi iздестiру мәселелерi бойынша сотқа ұсыныстар енгiзуге;
6) iс жүргiзiлiп жатқан атқару құжаттары бойынша азаматтар мен лауазымды адамдарды шақыртуға;
7) кез келген меншiк нысанындағы ұйымдарда атқару құжаттарының орындалуын және олар бойынша қаржы құжаттамасының жүргiзiлуiн тексеруге;
8) нақты атқарушылық әрекеттер жасау мәселелерi бойынша тапсырмалар беруге;
9) борышкерлер, сондай-ақ өздерiнде борышкерге тиесiлi мүлiктiң бар екенiн растайтын деректер болған жағдайда басқа адамдар орналасқан немесе соларға тиесiлi үй-жайлар мен қоймаларға кiруге, қажет болған жағдайда үй-жайлар мен қоймаларды мәжбүрлеп ашып қарауға, айғақ адамдардың қатысуымен тексерулер жүргiзуге;
10) борышкерлердiң банктердегi ақшасы мен бағалы қағаздарына осы Заңда көзделген тәртiппен тыйым салуға;
11) тыйым салынған мүлiктi алуға, сақтау үшiн беруге және сатуға;
12) алынған мүлiктi сақтау үшiн ұйымдардың үй-жайын, сол мүлiктi тасу үшiн өндiрiп алушы мен борышкердiң көлiгiн заңдарда белгiленген тәртiппен пайдалануға;