2. Демалыс және мереке күндерiнде, сондай-ақ түнгi уақытта атқарушылық әрекеттерге кейiнге қалдыруға болмайтын немесе оларды борышкердiң кiнәсiнен басқа күндерде және осы Заңда белгiленген уақытта жасау мүмкiн болмаған жағдайларда ғана жол берiледi.
26-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар
1. Тараптар және олардың өкiлдерi атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар деп танылады. Өкiлдiң өкiлеттiгi заңдарда көзделген талаптарға сәйкес ресiмделедi.
2. Қажет болған жағдайларда соттар мен басқа да органдардың қаулыларын бұлжытпай орындауды қамтамасыз ету үшiн сот приставы тартылады. Iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тарту заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
27-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi тараптар
1. Өндiрiп алушы мен борышкер атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы тараптар болып табылады.
2. Өз пайдасына немесе мүдделерiне атқару құжаты берiлген жеке немесе заңды тұлға өндiрiп алушы болып табылады.
3. Атқару құжатында көзделген талаптарды орындауға мiндеттi жеке немесе заңды тұлға борышкер болып табылады.
4. Атқарушылық iс жүргiзуге бiрнеше өндiрiп алушы немесе борышкер қатыса алады. Басқа тарапқа қатысты олардың әрқайсысы атқарушылық iс жүрiзуге дербес қатысады немесе қатысушылардың бiрiне атқарушылық әрекеттерге қатысуды тапсыра алады, бұған атқару құжаты бойынша борышкерге оның өзi ғана жасай алатын мiндеттер (жеке мiндеттер) жүктеген жағдайлар қосылмайды.
28-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың құқықтары мен мiндеттерi
1. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекеттер жасауға қатысуға, атқарушылық әрекеттер процесiнде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге, атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрлерiн айтуға, атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартуын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне немесе шешiмдерiне шағым жасауға хақылы.
2. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар өздерiне берiлген барлық құқықтарды адал пайдалануға, сондай-ақ атқарушылық iс жүргiзу туралы заңдардың талаптарын орындауға мiндеттi.
29-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге тiлмаштың қатысуы
1. Атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдар атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде өз бастамасы бойынша немесе сот орындаушысының ұсынысы бойынша тiлмаш шақыруы мүмкiн. Кәмелетке толған, әрекетке қабiлеттi, iске мүдделi емес, атқару әрекеттерiн жүргiзу үшiн қажеттi дәрежеде тiл меңгерген кез-келген адам тiлмаш бола алады.
2. Тiлмаштың өз еңбегi үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Оған төленген сыйақы атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
30-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге айғақ адамдардың қатысуы
1. Атқарушылық әрекеттер кемiнде екi айғақ адамның қатысуымен жасалуы мүмкiн.
2. Мынадай жағдайларда:
1) өндiрiп алушының немесе борышкердiң талабы бойынша;
2) үйге орналастыру және үйден шығару туралы шешiмдердi, борышкердiң мүлкiн пайдалануға тыйым салуға, алып қоюға және беруге, оның тұрғын үйiн, үй-жайлары мен қоймаларын ашуға, тексеру жүргiзуге байланысты әрекеттердi орындау кезiнде, сондай-ақ заңдарда көзделген өзге де жағдайларда айғақ адамдардың қатысуы мiндеттi.
Өзге жағдайларда айғақ адамдар сот орындаушысының бастамасы бойынша қатысуы мүмкiн.
3. Кәмелетке толған, әрекетке қабiлеттi, атқарушылық әрекеттердiң нәтижесiне мүдделi емес кез келген азаматтар айғақ адамдар ретiнде шақырылуы мүмкiн.
4. Айғақ адамдар қатысатын атқарушылық әрекеттер басталар алдында сот орындаушысы айғақ адамның атқарушылық әрекеттерге қатысу тәртібін түсiндiредi.
5. Айғақ адам өзiнiң қандай атқарушылық әрекеттер жүргiзу үшiн шақырылып отырғанын, олар қандай атқару құжаты негiзiнде жасалатынын бiлуге хақылы. Айғақ адам жүргiзiлген әрекеттер жөнiнде ескертпелер жасауға хақылы. Айғақ адамның ескертпелерi тиiстi атқарушылық әрекет актiсiне енгiзiлуге тиiс.
6. Айғақ адам жүргiзiлуiне өзi қатысқан iс кезіндегі атқарушылық әрекеттердiң фактiсiн, мазмұны мен нәтижелерiн куәландырады.
7. Айғақ адам ретiнде атқарушылық әрекет жасауға қатысқан адамдардың шығарған шығыстарына өтемақы алуға құқығы бар.
8. Айғақ адамдарға төленетiн ақша сомасы атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
31-бап. Атқарушылық iс жүргiзуге маманның қатысуы
1. Атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған, арнаулы білімдi талап ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн сот орындаушысы атқарушылық iске қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша маман тағайындауы мүмкiн. Қажет болған жағдайда бiрнеше маман тағайындалуы мүмкiн. Сот орындаушысы бұл жөнiнде қаулы шығарады.
2. Қорытынды беру үшiн қажет арнаулы білімi бар кез-келген адам маман ретiнде тағайындалуы мүмкiн.
3. Мамандардың атқарушылық әрекеттер жасауға байланысты жүргiзiлетiн жұмысты орындағаны үшiн сыйақы алуға құқығы бар. Бұл сыйақы және мамандар тартуға жұмсалған басқа да шығыстар атқарушылық әрекеттер жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 32-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
32-бап. Атқарушылық iс жүргiзудегi шет қалдыру
1. Егер сот орындаушысы, тiлмаш, маман, атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесiне жеке өзi тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе өзге де мән-жайлар, атап айтқанда, тараптармен, олардың өкiлдерiмен әдiл қарайтынына күмән туғызатын туыстық қатынаста болса, олардың атқарушылық iс жүргiзуге қатысуына болмайды және олар шет қалдыруға тиiс.
2. Шет қалатындай мән-жайлар болған жағдайда осы баптың бiрiншi тармағында аталған адамдардың өздерi бас тартуын мәлiмдеуге мiндеттi. Шет қалу атқарушылық әрекеттер жасау басталғанға дейiн дәлелденiп жазбаша түрде мәлiмделуге тиiс. Егер шет қалуға негiз туындаса және ол жөнiнде атқарушылық әрекеттер жасау басталып кеткеннен кейiн белгiлi болса, оған орындау процесiнде жол берiледi.
3. Тараптардың сот орындаушысынан, тiлмаштан, маманнан бас тартуын сот орындаушысы кiретiн аумақтық органның басшысы шешедi, бұл жөнiнде қаулы шығарылады.
4. Сот орындаушысын шет қалдырудан бас тартылу туралы қаулыға белгiленген тәртiппен сотқа шағым берiлуi және наразылық келтiрiлуi мүмкiн. Шағым беру немесе наразылық келтiру атқарушылық әрекеттер жүргiзудi тоқтатпайды.
3-тарау. Ақша сомаларын және өзге мүлiктi
өндiрiп алу тәртібі
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 33-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
33-бап. Атқару құжаттарын орындауды қамтамасыз ету
жөніндегі атқарушылық iс-әрекет жасау негiздерi
Сот орындаушысы атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнiнде өз бастамасы бойынша шаралар қолдануға құқылы, ал өндiрiп алушының өтiнiшi бойынша шаралар қолдануға мiндеттi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 05.05.03 ж. № 409-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 34-бап өзгертілді
34-бап. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
1. Атқару құжаттарының орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мыналар:
1) борышкердiң мүлкiн немесе онда не өзге де жеке немесе заңды тұлғаларда бар (соның iшiнде несие және сақтандыру), бағалы қағаздар мен есептелетiн ақша сомаларын пайдалануға тыйым салу;
2) борышкердiң өзiнде не басқа жеке немесе заңды тұлғаларда бар мүлкiн алып қою;
3) борышкердiң белгiлi бiр әрекеттер жасауына тыйым салу;
4) борышкердiң оған меншiк құқығы негiзiнде тиесiлi мүлiктi немесе ақша сомаларын пайдалануына тыйым салу не оларды сот атқарушысы белгiлеген шекте пайдалануға нұсқау беру;
5) борышкер мүлкiне сүргi салу;
6) құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою;
7) басқа адамдардың борышкерге мүлiк беруiне немесе оған қатысты өзге де мiндеттемелер орындауына тыйым салу болып табылады.
2. Қажет болған жағдайларда орындауды қамтамасыз етудiң бiрнеше түрiне жол берiлуi мүмкiн.
3. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқа түрiмен ауыстыру туралы мәселенi сот орындаушысы атқарушылық iс жүргiзуге қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша қарайды. Қамтамасыз етудiң бiр түрiн басқа түрiмен ауыстыру туралы мәселенi қарау бұрын белгiленген қамтамасыз ету шараларының қолданылуын кiдiртпейдi.
4. Атқарушылық iс жүргiзудi тоқтата тұру, кейiнге қалдыру, мерзiмiн ұзарту немесе мәулет беру aтқару құжаттарын орындауды қамтамасыз ету жөнiнде бұрын белгiленген шараларды жоюға әкеп соқпайды.
35-бап. Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу тәртібі
1. Атқару құжаттары бойынша өндiрiп алу, егер атқару құжатында өзгеше тәртiп белгiленбесе, бiрiншi кезекте борышкердiң ақша қаражатына, соның iшiнде банк мекемелерiнде тұрған ақша қаражатына да қолданылады.
2. Борышкердiң бухгалтерлiк (кассалық) құжаттары бойынша көрсетiлген қолма-қол ақша сомаларынан өндiрiп алу борышкердiң келісімiне қарамастан, олардың сақталу орнына тәуелсiз түрде олар ұсынылғаннан немесе табылғаннан соң дереу жүргiзiледi.
3. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша қаражаты болмаған жағдайда ол борышкерге тиесiлi басқа мүлiктен өндiрiп алынады. Өндiрiп алушының келісімiмен сот орындаушысы мүлiктi алдын ала бағалап, оны сол қалпында беруге хақылы.
4. Борышкер мүлкiнен атқару құжатын орындау үшiн қажеттi мөлшер мен көлемде, орындау жөніндегі шығыстар ескерiле отырып өндiрiлiп алынады. Борышкердiң меншiгiнде басқа адамдармен ортақ мүлiк болған жағдайларда оның заңға сәйкес айқындалатын үлесiнен өндiрiлiп алынады. Дау туған жағдайда бұл үлестiң мөлшерiн сот анықтайды.
5. Атқару құжатында аталған белгiлi бiр заттарды өндiрiп алушыға берген кезде сот орындаушысы бұл заттарды борышкерден алып қояды да, өндiрiп алушыға оларды беру актiсiн жасай отырып бередi.
36-бап. Заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер мүлкiнен өндiрiп алу
1. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша сомасы болмаған ретте (борышкердiң есеп айырысу (ағымдағы) шотына қызмет көрсетудi жүзеге асыратын банктiң тиiстi ақпараты бар болса,) егер заңда бұл мүлiкке қатысты шектеулер белгiленбесе және заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлiктi жауапкершiлiгi көзделсе, оған тиесiлi кез келген басқа мүлiктен, сондай-ақ заңды тұлға құрылтайшыларының (қатысушыларының) мүлкiнен өндiрiлiп алынуы мүмкiн.
2. Егер орындау барысында борышкер - заңды тұлғаның немесе жеке кәсiпкердiң мүлкi берешектi өтеу үшiн жеткiлiксiз болатыны анықталса, ал азаматтық заңдарда борышкердi дәрменсiз (банкрот) деп тануға жол берiлсе, сот орындаушысы өндiрiп алушыға бұл туралы хабарлауға мiндеттi.
3. Белгiленген тәртiппен дәрменсiз (банкрот) деп танылған борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
4. Атқару құжатын орындау кезiнде заңды тұлға қайта құрылған жағдайда сот орындаушысы борышкердiң құқықтық мұрагерлiгiн айқындайды және шешiм шығарған сотқа баяндап хат жiберiп, борышкердi оның құқықтық мұрагерiмен ауыстыру туралы ұйғарым шығару туралы ұсыныс жасайды.
ҚР 03.06.03 ж. № 427-II Заңымен 37-бап толықтырылды
37-бап. Кепiлге салынған мүлiктен өндiрiп алу
1. Борышкерге қойылған кепiлмен қамтамасыз етiлмеген барлық талаптарды толық қанағаттандыру үшiн оның қалған мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда өндiрiп алу кепiл ұстаушының азаматтық заңдарда белгiленген құқықтары сақтала отырып, ипотекалық тұрғын үй қарызының мiндеттемесi бойынша қамтамасыз ету болып табылатын жылжымайтын мүлiктi қоспағанда, кепiлге салынған мүлiктен жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Кепiл ұстаушы өз талабы алдында артықшылығы бар талаптарды кепiлге салынған мүлiк құнынан, алайда осы мүлiк құнынан аспайтын мөлшерде қанағаттандыруға мiндеттi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II Заңымен 38-бап өзгертілді
38-бап. Борышкердiң басқа адамдардағы ақша сомалары мен басқа мүлкiнен өндiрiп алу
Борышкердiң басқа адамдардағы ақша сомаларынан, сондай-ақ басқа мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оларға тыйым салады және мәжбүрлеп орындатуға шаралар қолданады.
Борышкердiң банктегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшасына және басқа да мүлкiне сот орындаушысы прокурордың санкциясымен ғана тыйым салады.
39-бап. Өндiрiп алынуға болмайтын мүлiк
1. Азаматтарға қатысты атқару құжаттарын орындау кезiнде заңдарда өндiрiп алуға тыйым салынған мүлiктен өндiрiп алуға болмайды.
2. Өндiрiп алуға болмайтын ақша сомалары мен өзге де мүлiк тiзбесi заңдарға сәйкес белгiленедi.
ҚР 29.03.00 ж. № 42-II; 05.05.03 ж. № 409-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу
1. Борышкердiң мүлкiне тыйым салу мүлiктi хаттаудан және осы мүлiкке билiк етуге тыйым салудан, сондай-ақ банк және өзге де несие мекемелеріндегі борышкердiң ақша сомаларын пайдалануға және оларға билiк етуге тыйым салынғанын хабарлаудан тұрады, бұл жөнiнде борышкердiң мүлкiне тыйым салу туралы қаулы шығарылады.
2. Борышкерге меншiк, шаруашылық жүргiзу және оралымды басқару құқығында тиесiлi мүлiкке, оның қайда және iс жүзiнде кiмнiң пайдалануында екендiгiне қарамастан (азаматтық заңдарда белгiленген шектеулер ескерiле отырып) тыйым салынуы мүмкiн.
Борышкердiң банктегi немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардағы ақшасына және басқа да мүлкiне сот орындаушысы прокурордың санкциясымен ғана тыйым салады.
3. Егер борышкер мүлкiнiң басқа адамдарда болуы олардың арасында жасалған шартқа байланысты болса, басқа адамдардың шарттан туындайтын құқықтарын сақтау мүмкiндiгi туралы және мүлiктi алып қою туралы мәселенi қуынымдық iс жүргiзу тәртібімен сот шешедi.
4. Сот орындаушысының тыйым салынған мүлiкке билiк етуге немесе оны пайдалануға салған тыйымын бұзу заңдарда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
41-бап. Борышкер мүлкiнiң тiзiмдемесi
1. Сот орындаушысы өндiрiп алушыға берiлетiн соманы және орындау жөніндегі шығындарды өтеуге қажеттi мөлшерде борышкердiң мүлкiн тiзiмдейдi. Сот орындаушысы тiзiмдеуге түскен заттарға сүргi салуы мүмкін.
2. Мүлiктi тiзiмдеу борышкердiң және куәгерлердiң қатысуымен жүргiзiлуге тиiс. Атқарушылық iс-әрекет жасалатындығы туралы алдын ала хабарланған борышкер болып табылатын жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкiлi болмаған жағдайда, тiзiмдеу куәгерлердiң қатысуымен жасалады.
3. Мүлiктер тiзiмдемесiне әр заттың атауы, оның ерекше белгiлерi (салмағы, метражы, тозу дәрежесi, бұйымның таңбасы және өзге де көрсеткiштерi), әр заттың жеке-жеке бағасы және барлық мүлiктiң құны енгiзiледi.
Тiзiмдемеге оны жасау кезiнде қатысқан адамдар қол қояды.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 42-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
42-бап. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулының мазмұны
1. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда мыналар көрсетiлуге тиiс:
1) қаулының жасалған уақыты мен орны;
2) қаулы жасаған сот орындаушысының, сондай-ақ қаулы жасау кезiнде қатысқан адамдардың тегi мен аты-жөнi;
3) атқару құжаты орындалатын соттың немесе басқа органның атауы;
4) өндiрiп алушы мен борышкердiң тегi мен аты-жөнi;
5) мүлiктi тiзiмдеу туралы нұсқау (тiзiмдеудi кiм жүргiздi, оны жасау кезiнде қатысқан адамдар, тiзiмделген мүлiктiң жалпы құны);
6) егер заттарға сүргi салынса, оны көрсету;
7) егер мүлiктi сақтау борышкердiң өзiне жүктелмесе, мүлiк сақтауға берiлген жеке тұлғаның тегi мен аты-жөнi, заңды тұлғаның атауы, олардың мекен-жайы;
8) борышкер мен басқа адамдарға сот орындаушысының әрекеттерiне шағым жасау тәртібі мен мерзiмiнiң түсiндiрiлгендiгi туралы, сондай-ақ борышкерге немесе мүлiктi сақтаушыға олардың сақтауға берiлген мүлiктi сақтау жөніндегі мiндеттерi және талан-таражға салғаны, иелiктен айырғаны немесе жасырғаны үшiн жауапкершiлiгi түсiндiрiлгендiгi туралы белгi;
9) өндiрiп алушының, борышкердiң, хаттау кезiнде қатысқан адамдардың ескертпелерi мен арыздары және сот орындаушысының олар жөніндегі өкiмдерi.
2. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыға сот орындаушысы қол қояды, қаулыға мүлiктiң тiзiмдемесi қоса тiркеледi.
43-бап. Борышкер мүлкiн бағалау
Борышкер мүлкiн сот орындаушысы бағалайды. Бұл орайда өндiрiп алушы мен борышкер арасында бағалау туралы қол жеткiзiлген келісім ескерiлуi мүмкiн. Егер жекелеген заттарды бағалау қиын болса не борышкер немесе өндiрiп алушы сот орындаушысы жасаған бағалауға қарсы болса, сот орындаушысы мүлiк құнын анықтау үшiн маман тағайындайды. Валюта құндылықтары, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлiк және басқа да тұрмыстық заттар, антиквариат, кескiндеме және мүсiн өнерi туындылары мамандардың мiндеттi түрде қатысуымен бағаланады.
44-бап. Мүлiк сақтау
1. Сот орындаушысы сақтаушыдан сақтауға қолхат алу арқылы сақтау шарты негiзiнде тыйым салынған мүлiктi сақтауға берудi жүзеге асырады.
2. Тыйым салынған мүлiктi сақтаудың тәртібі мен шарттары Азаматтық кодекспен және басқа да нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
3. Егер мүлiктi пайдалану оның қасиеттерi бойынша мүлiктiң жойылуына немесе оның бағасының кемуiне әкеп соқпаса, сақтаушы бұл мүлiктi сот орындаушысының рұқсатымен пайдалана алады.
4. Егер борышкер немесе оның отбасының мүшесi сақтаушы болмаса, сақтаушы сақтағаны үшiн сыйақы алады.
5. Мүлiктi пайдаланудан iс жүзiнде алынған пайда шегерiлiп тастала отырып, сақтаушыға бұл мүлiктi сақтау жөнiнде ол жасаған қажеттi шығыстар өтеледi.
6. Мүлiктi сақтауға байланысты жасалған шығыстар атқару құжаттарын жасау жөніндегі шығыстарға жатқызылады.
45-бап. Мүлiктi сақтаушының жауапкершiлiгi
Тыйым салынып сақтауға берiлген мүлiк талан-тараж етiлген, иелiктен алынған немесе жасырылған жағдайда сақтаушы заңдарға сәйкес жауапты болады.
46-бап. Мүлiкке тыйым салу тәртібі
1. Мүлiктен өндiрiп алу кезiнде сот орындаушысы оның борышкерге тиесiлi екендiгiн, шынайы құнын және ондағы ауыртпалықты анықтайды.
2. Мүлiктiң борышкерге тиесiлi екенiн анықтап, сот орындаушысы оны хаттауға енгiзедi, өндiрiп алу мөлшерiне қарай бүкiл мүлiкке немесе оның бiр бөлiгiне тыйым салады және жылжымайтын мүлiктi мемлекеттік тiркеудiң, жылжымалы мүлiк кепiлiнiң тиiстi органдары мен нотариусқа тыйым салуды тiркеу туралы ұсыныс жiбередi.
3. Сот орындаушысы кепiлге берiлген мүлiкке тыйым салынғандығы туралы кепiл ұстаушыға дереу хабарлайды.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 47-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
47-бап. Борышкерден алынған құнды заттарды сақтау
1. Борышкерден алынған құнды қағаздарды, валюта құндылықтарын, бағалы металдардан, асыл тастардан және iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдарды, сондай-ақ мұндай бұйымдардың сынақтарын сот орындаушысы банк мекемелерiне сақтауға өткiзедi, бұл шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Өндiрiп алушыға ұйғарылған сомаларды және атқару жөніндегі шығыстарды өтеу үшiн қажеттi, борышкерден алынған ақша сомаларын сот орындаушысы аумақтық органның немесе аумақтық бөлiмнiң ағымдағы шотына енгiзедi. Ағымдағы шоттағы ақша сомасын есепке алу, сақтау және оны беру тәртібі нормативтiк құқықтық актiлермен белгiленедi.
48-бап. Борышкердiң мүлкiн сату кезектiлiгi
Борышкердiң мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде бұл мүлiктi сату мынадай кезекпен жүзеге асырылады:
1) бiрiншi кезекте борышкердiң өндiрiске тiкелей қатыспайтын мүлкi: бағалы қағаздар, валюта құндылықтары, бағалы металдар мен асыл тастар, зергерлiк бұйымдар, жеңiл автокөлiк және басқалар сатылады;
2) екiншi кезекте - дайын өнiм (тауарлар), сондай-ақ өндiрiске тiкелей қатыспайтын және өндiрiске тiкелей қатысуға арналмаған өзге де материалдық құндылықтар;
3) үшiншi кезекте - жылжымайтын мүлiк объектiлерi, сондай-ақ шикiзат пен материалдар, станоктар, құрал-жабдықтар, өндiрiске тiкелей қатысуға арналған басқа да негiзгi құрал-жабдықтар;
4) төртiншi кезекте - жалға беру (мүлiктi жалдау), заем, прокат шарты немесе өзге де шарттар бойынша басқа адамдарға берiлген мүлiк.
49-бап. Тыйым салынған мүлiктi сату
1. Тыйым салынған мүлiктi сатуды заң бойынша айналымынан алып тасталған мүлiктi қоспағанда, тыйым салу негiздерi мен мүлiк түрлерiне қарамастан, сот орындаушысы сауда және өзге де мамандандырылған ұйымдар арқылы сауда-саттықта және аукциондарда Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жүргiзедi.
2. Мүлiктi сату нысанын таңдауды сот орындаушысы мүлiк түрiн және өндiрiп алушы мен борышкердiң пiкiрлерiн ескере отырып белгiлейдi.
3. Егер мүлiк екi ай iшiнде сатылмаса, өндiрiп алушыға бұл мүлiктi бағаланған сомасында өзiнде қалдыру құқығы берiледi. Өндiрiп алушы мүлiктен бас тартқан жағдайда ол борышкерге қайтарылады, ал атқару құжаты, егер борышкердiң өндiрiп алуға болатын басқа мүлкi немесе кiрiстерi болмаса, өндiрiп алушыға қайтарылады.
4. Борышкер мүлкiнен өндiрiп алу кезiнде, егер өндiрiп алынатын мүлiктi сату туралы шешiм қабылданған кезде борышкердiң дәрменсiздiгi (банкроттығы) туралы iс бойынша iс қозғалса, борышкердiң дәрменсiздiгi (банкроттығы) туралы мәселе мәнi бойынша қаралғанға дейiн мүлiктi сату тоқтатыла тұрады.
50-бап. Мемлекетке берiлетiн мүлiктi сату
Мүлiктi тәркiлеу бөлiгіндегі қылмыстық iс бойынша сот үкімі негiзiнде не мүлiктi мемлекетке беру туралы шешiм негiзiнде тыйым салынған мүлiк заңдарда белгiленген тәртiппен сатылады.
51-бап. Құндылықтарды сату
Борышкерден алынған және банк мекемелерiне сақтауға берiлген бағалы қағаздар, валюта құндылықтары, бағалы металдардан, асыл тастар мен iнжуден жасалған зергерлiк және басқа да бұйымдар, сондай-ақ осындай бұйымдардың сынықтары мен антиквариат Республиканың Үкіметі белгiлейтiн ережелерге сәйкес сатылады.
52-бап. Тыйым салынған мүлiктi комиссиялық негiзде және сауда-саттықтарда сату жолымен өткізу
Осы Заңның 50, 51-баптарында аталғандарын қоспағанда, борышкердiң тыйым салынған мүлкiн сату мүлiк тұрған жердегi сауда ұйымдары арқылы комиссиялық негiзде не сауда-саттықтарда сату жолымен жүргiзiледi. Мүлiктi сату мақсатында бiр елдi мекеннен екiншi елдi мекенге тасымалдауға өндiрiп алушының, борышкердiң есебiнен олардың өзара келісімi бойынша ғана жол берiледi.
ҚР 05.05.03 ж. № 409-II Заңымен 53-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
53-бап. Алдағы сауда-саттық туралы хабарлау
Борышкердiң мүлкi сауда-саттықта сатылатын жағдайда сот орындаушысы алдағы сауда-саттық туралы ресми хабарларды жариялауға құқығы бар мерзiмдi баспасөз басылымдарында сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн он күннен кешiктiрмей хабарлайды. Кепiлге берiлген мүлiктiң сауда-саттықта сатылатын уақыты мен орны туралы сот орындаушысы кепiл ұстаушыға хабарлайды.
54-бап. Сауда-саттықты өткізу тәртібі
1. Сауда-саттыққа қатысқысы келетiн адамдар өздерiнiң оған қатысуына кедергi жоқ екендiгi туралы қолхат беруге және сот орындаушысына мүлiк бағасының бес процентi мөлшерiнде кепiлдеме беруге мiндеттi. Сауда-саттықта ұтып шыққан адам енгiзген сома сату бағасына есептеледi. Сауда-саттықтың басқа қатысушыларына олардың салған кепiлдемесi сауда-саттық аяқталған соң дереу қайтарылады.
2. Сауда-саттық тыйым салу туралы актiде көрсетiлген мүлiктiң бағалау құнынан басталады. Мүлiк сауда-саттықта ең жоғары баға ұсынған адамға сатылған болып есептеледi. Сатып алушы сауда-саттық аяқталғаннан кейiн бес күн iшiнде ол мүлiкке ұсынған соманы, сауда-саттық басталар алдында енгiзiлген кепiл ақшаны қоса, толық енгiзуге мiндеттi. Сатып алушы өзiнен алынуға тиiстi барлық соманы белгiленген мерзiмде енгiзбеген жағдайда, сауда-саттық алдында салынған кепiл ақша оған қайтарылмайды және мемлекет кiрiсiне түседi. Сатып алушының сауда-саттыққа қатысуға құқығы болмағандығы анықталған жағдайда да кепiл ақша мемлекет кiрiсiне түседi. Мүлiктi сатып алушы одан алынатын барлық соманы төлегеннен кейiн сот орындаушысы оған өткен сауда-саттық туралы актiнiң көшiрмесiн бередi.
3. Сот атқарушылық iс жүргiзу бойынша шешiм шығарған сот орындаушылары мен судьялардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының сауда-саттыққа қатысуына болмайды.
55-бап. Сауда-саттықты өткiзiлмеген деп жариялау
1. Сот орындаушысы:
1) егер сауда-саттыққа екiден кем сатып алушы келсе;
2) егер келгендердiң ешқайсысы мүлiктiң бастапқы бағасына үстеме жасамаса;
3) егер сатып алушы өзiнiң мүлiктi сатып алған сомасын бес күн iшiнде толық енгiзбесе сауда-саттық өткiзiлмеген деп жариялайды.
Сот орындаушысы сауда-саттық өткiзiлмеген деп тану туралы қаулы шығарады.