89-бап. Мемлекеттiк мекемелердi қаржыландыру
1. Мемлекеттiк органдарды қоспағанда, мемлекеттiк мекемелер республикалық немесе жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен және осы Кодексте көзделген жағдайларда өзге де қаражат есебiнен қаржыландырылады.
2. Iшкi iстер органдарын қоспағанда, жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелердi республикалық бюджеттен қаржыландыруға жол берiлмейдi.
Iшкi iстер органдарын қоспағанда, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелердi жергiлiктi бюджеттен қаржыландыруға жол берiлмейдi.
Мемлекеттiк мекеменi екi және одан да көп жергiлiктi бюджеттен қаржыландыруға жол берiлмейдi.
3. Бiр мемлекеттiк мекеменi басқа мемлекеттiк мекеменi қаржыландырудың жеке жоспары есебiнен қаржыландыруға жол берiлмейдi.
4. Мемлекеттiк органдар тек қана республикалық немесе тиiстi жергiлiктi бюджеттер қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
5. Осы Кодекстiң мемлекеттiк мекемелерге қатысты ережелерi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бюджетiнен (шығыстар сметасынан) қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелерге қолданылмайды.
90-бап. Мемлекеттiк мекемелердiң шоттары
1. Мемлекеттiк мекемелердiң мынадай шоттары болуы мүмкiн:
1) бюджеттiк шот - бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын операцияларды есепке алу үшiн ашылатын шот;
2) тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуден түскен ақшаны есепке алуға арналған шот - мемлекеттiк мекемелердiң иелiгiнде қалатын тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) өткiзуден алынатын, ақша түсiмдерi мен жұмсалуын есепке алу үшiн ашылатын шот;
3) демеушiлiк және қайырымдылық көмек шоты - Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес заңды және жеке тұлғалардан қайырымдылық және демеушiлiк көмек ретiнде алынатын, ұлттық валютамен де, шетел валютасымен де түсетiн ақша түсiмi мен жұмсалуын есепке алу үшiн ашылатын шот;
4) депозиттiк шот - ұлттық және шетел валютасымен мемлекеттiк мекеменiң уақытша иелiгiне түсетiн және белгiлi бiр жағдайлар орын алған ретте, Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге мақсаттарға жұмсау құқығынсыз, оны аударушы тұлғаларға қайтарылуға немесе бюджетке не үшiншi тұлғаларға аударылуға жататын ақшаны есепке алу үшiн ашылатын шот;
5) бюджеттiк инвестициялық жобаның немесе бағдарламаның арнайы шоты - үкiметтiк сыртқы қарыздың немесе гранттың аванстық төлемдерi арқылы жаңартылатын халықаралық қарыз шартында немесе грант туралы келiсiмде айтылған шетел валютасындағы шот. Арнайы шотты бюджеттiк бағдарлама әкiмшiсi үкiметтiк сыртқы қарыздың немесе гранттың есебiнен халықаралық қарыз шартына не грант туралы келiсiмге сәйкес тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) сатып алуға және бюджеттiк инвестициялық жобаға немесе бағдарламаға әкiмшiлiк етуге шығарылған шығыстар үлесiнiң орнын толтыру үшiн ашады;
6) бюджеттiк инвестициялық жобаның немесе бағдарламаның арнайы шотына ұлттық валютамен төлемдердi жүзеге асыру үшiн ашылған шот;
7) бюджеттiк инвестициялық жобаның жаңартылатын шоты үкiметтiк сыртқы қарыздар есебiнен берiлген кредит бойынша негiзгi борышты өтеу шотына қарыз алушылар қайтаратын ақшаны есепке алу және пайдалану үшiн бюджеттiк инвестициялық жобаны iске асыру кезеңiнде бюджеттi атқару жөнiндегi орталық атқарушы органға ашылатын шот;
8) шетел валютасымен операциялар жүргiзуге арналған шетел валютасындағы шот;
9) нысаналы қаржыландыру шоты - ерекше шығыстар жасауға ақшаны есепке алу және жұмсау үшiн республикалық бюджеттiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекемеге ашылатын шот.
2. Мемлекеттiк мекемелердiң шоттары бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органда ғана ашылады. Осы Кодексте, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленген тәртiппен шоттар екiншi деңгейдегi банктерде ашылуы мүмкiн.
91-бап. Бюджет қаражатының қалдықтары
1. Бюджет қаражатының қалдықтары - есептiлiк кезеңiнiң аяғындағы жағдай бойынша пайдаланылмай қалған бюджет қаражаттары.
2. Уақытша бос бюджет ақшасы - белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде пайдаланылмаған, бiрыңғай қазынашылық шотта жатқан бюджет қаражаттары.
3. Pеспубликалық және жергiлiктi бюджеттердiң уақытша бос бюджеттiк ақшасын бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiндегi салымдарға (депозиттерге) орналастыра алады. Уақытша бос бюджет ақшасын салымдарға (депозиттерге) орналастыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
4. Бюджет қаражатының бос қалдықтары - өткен қаржы жылынан кейiнгi 1 қаңтардағы жағдай бойынша өткен қаржы жылындағы бюджеттiң атқарылу қорытындылары бойынша пайдаланылмай қалған бюджеттiк қаражаттар.
5. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жергілiктi бюджеттердiң бюджет қаражатының бос қалдықтарын жоғары тұрған бюджетке алуға болмайды.
6. Бюджет қаражатының бос қалдықтары ағымдағы жылдың шығыстары бойынша жоспарлы жұмсалымдарды ұлғайтуға мынадай ретпен:
1) өткен жылғы бюджетте бекiтiлген бюджеттiк инвестициялық жобаны оның бекiтiлген жылдық көлемiнiң он процентiнен аспайтын сомаға ағымдағы жылдың бюджетiн Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтыламай-ақ, Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның қаулысы негiзiнде қаржыландыруды аяқтауға жұмсалуы мүмкiн. Мұндай шығыстар ағымдағы жылдың шығыстары болып табылады;
2) ағымдағы жылдың бюджетiн Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтыламай-ақ, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның қаулысы негiзiнде алынған қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеуге;
3) ағымдағы жылдың бюджетiн Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтылай отырып, мемлекеттiк мекемелердiң кредиторлық берешегiн өтеуге;
4) ағымдағы жылдың бюджетiн Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтылай отырып, ағымдағы бюджеттiк бағдарламалардың қаржыландырылуын қамтамасыз етуге;
5) ағымдағы жылдың бюджетiн Қазақстан Республикасының Парламентiнде немесе мәслихатта нақтылай отырып, басқа да шығыстарға жұмсалуы мүмкін.
7. Бюджет қаражаты қалдықтарының қозғалысы - бюджет қаражатының бос қалдықтары мен есептiлiк кезеңiнiң аяғындағы жағдай бойынша бюджет қаражаты қалдықтарының арасындағы айырма.
17-тарау. Бюджеттің атқарылу негізі
92-бап. Бюджеттiң атқарылу негiзi болып табылатын құжаттар
Мыналар:
1) осы Кодекс;
2) тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң және тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттер туралы мәслихаттардың шешiмдерi;
3) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органдардың тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру жөнiндегi қаулылары;
4) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның республикалық немесе жергiлiктi бюджеттердi атқару барысында ағымдағы жылы қабылдайтын шешiмдерi;
5) бюджеттiк бағдарламалардың паспорттары;
6) жылдық қаржыландыру жоспары;
7) түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары;
8) осы Кодекске сәйкес бюджеттi атқару тәртiбiн айқындайтын нормативтiк құқықтық актiлер бюджеттiң атқарылу негiзi болып табылады.
93-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды және тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттер туралы мәслихаттардың шешiмдерiн iске асыру туралы қаулылары
1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды iске асыру туралы қаулысы жоспарланып отырған жыл алдындағы жылдың 20 желтоқсанына дейiн қабылданады.
Жергiлiктi атқарушы органның тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру жөнiндегi қаулысы мәслихат жергiлiктi бюджеттi бекiткеннен кейiн екi апта мерзiмде қабылданады.
2. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды iске асыру жөнiндегi және жергiлiктi атқарушы органдардың тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру жөнiндегi қаулылары бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiне, бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органға республикалық немесе жергiлiктi бюджеттiң уақтылы атқарылуын қамтамасыз ету жөнiндегi тапсырмаларды көздейдi.
Қаулыға мыналар қоса тiркеледi:
1) осы Кодексте белгiленген құрылым бойынша бекiтiлген республикалық немесе жергiлiктi бюджет. Бұл ретте түсiмдер ерекшелiктер деңгейiне дейiн ұсынылады, ал бюджеттiк бағдарламалар ішкi бағдарламаларға бөлiнiп ұсынылады. "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профициттi пайдалану)" бөлiмi толық берiледi;
2) тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыруға қажеттi басқа да деректер немесе көрсеткiштер, оларды анықтау Қазақстан Республикасының Үкiметiне немесе жергiлiктi атқарушы органға жүктеледi.
3. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды және тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджеттер туралы мәслихаттардың шешiмдерiн iске асыру жөнiндегi қаулысын әзiрлеудi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бюджеттi атқару жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдармен келiсе отырып, бюджеттi жоспарлау жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
94-бап. Бюджеттiк бағдарламалар паспорттары
1. Республикалық бюджеттiк бағдарламалардың паспорттарын тиiстi қаржы жылына Қазақстан Республикасының Үкiметi жоспарланып отырған жыл алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешiктiрмей бекiтедi.
Жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың паспорттарын тиiстi қаржы жылына жергiлiктi атқарушы орган мәслихат жергiлiктi бюджеттi бекiткеннен кейiн екi апта мерзiмде бекiтедi.
2. Республикалық және жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың паспорттары бюджеттiк өтiнiмнiң құрамында ұсынылған және бюджет комиссиясы мақұлдаған бюджеттiк бағдарлама паспортының жобасы негізiнде, бюджеттi бекiткен (нақтылаған, түзеткен) кезде қабылданған шешiмдердi ескере отырып жасалады.
3. Бюджеттiк бағдарламалардың паспорттарына өзгерiстер мен толықтырулар:
1) бюджет нақтыланған;
2) Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру жөнiндегi қаулыларына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген;
3) Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық, экологиялық және әлеуметтiк тұрақтылығына қауiп төндiретiн жағдайды жою қажет болған жағдайларда енгiзiледi.
4. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң паспорттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттiк құпиялардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, электрондық және (немесе) өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында мiндеттi түрде жариялануға жатады.
95-бап. Жылдық қаржыландыру жоспары
1. Жылдық қаржыландыру жоспары - бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы бойынша бюджеттiк бағдарламалардың (iшкi бағдарламалардың) жылдық түсiмдер көлемiмен теңдестiрiлген жылдық қаржыландыру көлемдерiн айқындайтын құжат.
2. Жылдық қаржыландыру жоспарын бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi уәкiлеттi орган әзiрлеп, бекiтедi және ол бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органға берiледi, сондай-ақ бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерiне жiберiледi.
3. Жылдық қаржыландыру жоспарын әзiрлеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
18-тарау. Бюджеттің атқарылу процесі
96-бап. Бюджеттiң түсiмдер бойынша атқарылуы
1. Бюджеттiң түсiмдер бойынша атқарылуы бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бюджетке түсетiн түсiмдердiң тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергіліктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiнде белгiленгеннен төмен болмайтындай мөлшерде толық және уақтылы есепке алынуын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар кешенiн жүргiзу болып табылады.
2. Бюджеттiң түсiмдер бойынша атқарылуы:
1) түсiмдердi бiрыңғай қазынашылық шотқа төлеудi және есепке алуды;
2) осы Кодекске сәйкес түсiмдердi бюджет деңгейлерi арасында бөлудi;
3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес бюджеттен түсiмдер сомасын қайтаруды не оларды салық берешегiн өтеу есебiне есепке алуды қамтиды.
97-бап. Түсiмдердi бiрыңғай қазынашылық шотқа төлеу және есепке алу
1. Бюджетке түсетiн түсiмдер ақшалай нысанда жүзеге асырылады және бiрыңғай бюджеттiк сыныптамаға сәйкес толық көлемде бiрыңғай қазынашылық шотқа есепке алынады.
2. Бюджетке шетел валютасымен түсетiн түсiмдер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсе отырып, бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен есепке алынады.
98-бап. Түсiмдердi бюджет деңгейлерi арасында бөлу
Түсiмдердi бюджет деңгейлерi арасында бөлудi осы Кодекске сәйкес әрбiр жұмыс күнi бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
99-бап. Бюджеттен түсiмдер сомасын қайтару
Тиiстi бюджеттен түсiмдер сомасын қайтару не оларды салық берешегiн өтеу есебiне есепке алу Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
100-бап. Бюджеттiң шығыстар бойынша атқарылуы
1. Бюджеттiң шығыстар бойынша атқарылуы бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органның, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң бюджеттiк бағдарламаларды тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда және тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiнде не түзетiлген бюджетте бекiтiлген сомалар шегiнде толық және уақтылы орындауға бағытталған iс-шараларды жүзеге асыруы болып табылады.
2. Мыналар:
1) мiндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттiк бағдарламаларды (iшкi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын жасау және бекiту;
2) түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын жасау және бекiту;
3) мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелер қабылдауына рұқсаттар беру;
4) мемлекеттiк мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелерiн тiркеу;
5) төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру;
6) бюджеттiк қаражаттарды игеру бюджет шығыстарын атқарудың негiзгi кезеңдерi болып табылады.
3. Бюджеттiк қаражат есебiнен тауарлар (жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер) сатып алу мемлекеттiк сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
101-бап. Бюджеттiк бағдарламаларды (iшкi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары
1. Мiндеттемелер мен төлемдер бойынша бюджеттiк бағдарламаларды (ішкi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелер қабылдауының және бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы бойынша оларды атқару үшiн төлемдер төлеудi жүзеге асыруының ай сайынғы кестесiн айқындайтын құжаттар (бұдан әрi - бюджеттiк бағдарламаларды (iшкi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары).
2. Бюджеттiк бағдарламаларды (iшкi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларын бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен әзiрлейдi.
3. Бюджеттiк бағдарламаларды (iшкi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергілiктi атқарушы органның тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттың шешiмiн iске асыру туралы қаулысына, жылдық қаржыландыру жоспарына, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бюджеттiк өтiнiмiне, бюджеттiк бағдарлама паспортына, бiрыңғай бюджеттiк сыныптамаға сәйкес әзiрленедi.
4. Бюджеттiк бағдарламаны (iшкi бағдарламаны) қаржыландыру жоспарлары түсiмдер мен қаржыландырудың тиiстi жиынтық жоспарларын қалыптастыру үшiн пайдаланылады.
5. Бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган бюджеттiк бағдарламалар (iшкi бағдарламалар) бойынша төлемдердi жүзеге асырудың ай сайынғы кестесiне бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң келiсiмi бойынша түсiмдердiң болжамды көлемдерiн ескере отырып өзгерiстер енгiзуге құқылы.
6. Бюджеттiк бағдарламаны (iшкi бағдарламаны) қаржыландыру жоспарларын түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары бекiтiлгеннен кейiн бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi бекiтедi.
7. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi мемлекеттiк мекемелердi қаржыландырудың жеке жоспарларын әзiрлеудi және бекiтудi қамтамасыз етедi.
Мемлекеттiк мекемелердi қаржыландырудың жеке жоспарлары бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға табыс етiледi.
8. Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiнiң Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен бюджеттiк бағдарламаны (iшкi бағдарламаны) қаржыландыру жоспарына бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнің немесе жергiлiктi атқарушы органдардың тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңды немесе тиiстi қаржы жылына арналған жергiлiктi бюджет туралы мәслихаттардың шешiмдерiн iске асыру туралы қаулыларымен бекiтiлген жылдық сома шегiнде өзгерiстер енгiзуге құқығы бар.
Бұл ретте мынадай талаптар сақталуға тиiс:
1) бюджеттiк бағдарлама паспортына сәйкес келу;
2) мемлекеттiк мекемелердiң қабылданған мiндеттемелерiнiң орындалуын қамтамасыз ету;
3) мемлекеттiк мекемелердiң кредиторлық берешегiнiң пайда болуына жол бермеу;
4) бюджетке түсетiн түсiмдердiң күтiлетiн көлемiн ескере отырып, бюджеттiң айлар бойынша теңдестiрiлуiн сақтау.
102-бап. Түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары
1. Түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары - бюджет түсiмдерiнiң бюджет сыныптамасы бойынша бюджетке түсетiн түсiмдердiң және бюджеттiк бағдарламаларды (iшкi бағдарламаларды) төлемдер бойынша қаржыландырудың ай сайынғы теңдестiрiлген жоспарын айқындайтын құжат.
2. Түсiмдер және бюджеттiк бағдарламалар (iшкi бағдарламалар) бойынша жылдық сомалар түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарында бастапқы бекiтiлуi кезiнде жылдық қаржыландыру жоспарына сәйкес келуге тиiс.
3. Түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспары Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес бюджетке төлемдер төлеудiң белгiленген мерзiмi, бюджетке өткен жылдары түскен түсiмдер қарқыны, мемлекеттiк бағалы қағаздардың табыстылық қарқынын талдау және бағалы қағаздар рыногындағы сұраныс пен ұсыныс деңгейi, жасасылған кредиттiк шарттардың, қарыз шарттарының, гранттар туралы келiсiмдердiң талаптары мен бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi әзiрлеген бюджеттiк бағдарламаларды (iшкi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарлары негiзге алына отырып жасалады.
4. Мiндеттемелер бойынша бюджеттiк бағдарламаларды (iшкi бағдарламаларды) қаржыландыру жоспарларының негiзiнде мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарлары жасалады.
5. Түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын бюджеттi атқару жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жасап, бекiтедi.
6. Жылдық сомаларды қоса алғанда, түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жүзеге асырады.
7. Бюджеттi атқару жөнiндегi жергiлiктi уәкiлетті орган түсiмдер мен қаржыландырудың жиынтық жоспарын, мiндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға табыс етедi.
103-бап. Рұқсаттар беру
1. Рұқсат - бюджет қаражатының көлемiн айқындайтын құжат, мемлекеттiк мекемелер солардың шегiнде мiндеттемелер қабылдайды.
2. Рұқсаттарды:
1) бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiлерiне - бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi органдар;
2) ведомстволық бағыныстағы мемлекеттiк мекемелерге бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiсi бередi.
3. Рұқсаттар ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанына дейiн күшiнде болады.
4. Рұқсаттар беру нысаны мен тәртiбiн бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган белгiлейді.
104-бап. Мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелерi
1. Мемлекеттiк мекемелер тиiстi қаржы жылына арналған қаржыландыру жоспарларында бекiтiлген сомалар шегiнде ғана мiндеттемелер қабылдайды.
2. Мемлекеттiк мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелерi олар бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органда мiндеттi тiркелуден өткеннен кейiн күшiне енедi.
3. Бюджеттiк қаражаттар Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң немесе жергiлiктi атқарушы органның резервiнен бөлiнетiн жағдайларды қоспағанда, ағымдағы қаржы жылының 15 желтоқсанынан кейiн мемлекеттiк мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасуына жол берiлмейдi.
4. Мемлекеттiк мекемелердiң азаматтық-құқықтық мәмiлелерiн мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
105-бап. Төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру
1. Алдын ала ақы төлеу нысанындағы төлемдердi қоспағанда, төлемдер растайтын құжаттардың негiзiнде мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелерi бойынша жүзеге асырылады. Бюджеттен төленетiн төлем сомасы мемлекеттiк мекемелер мiндеттемелерiнiң сомасынан аспауға тиiс.
2. Растайтын құжаттар - тiркелген азаматтық-құқықтық мәмiленiң шарттарына немесе Қазақстан Республикасының заң актiсiне сәйкес келетiн тауарлардың жеткiзiлу, жұмыстардың орындалу немесе қызметтердiң көрсетiлу фактiсiн дәлелдейтiн құжаттар.
3. Төлемдердi және ақша аударымдарын жүзеге асыру төлеуге берiлетiн шоттар мен төлем құжаттарын қалыптастыруды қамтиды.
Төлеуге берiлетiн шот - мемлекеттiк мекемелердiң мiндеттемелердi орындағанын растайтын құжат, соның негiзiнде бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган төлемдердi жүзеге асырады.
Бюджеттен төленетiн төлемдер тиiстi бюджеттегi қолма-қол ақшаның бақылау шотындағы бюджеттiк қаражаттың қалдығы шегiнде жүзеге асырылады.
Төлем құжаттарын ресiмдеу, ұсыну және пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының төлемдер және ақша аударымдары туралы заңдарымен белгiленедi.
4. Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган төлемдер жүргiзген кезде ағымдағы бақылауды жүзеге асырады, ол төлеуге берiлген шоттар мен төлем құжаттарының:
1) бюджеттiк бағдарламалар паспорттарына;
2) бюджеттiк бағдарламалар (iшкi бағдарламалар) жоспарларына, жеке қаржыландыру жоспарларына;
3) бiрыңғай бюджеттiк сыныптамаға;
4) кредиттiк шарттардың, қарыз шарттарының, сондай-ақ азаматтық-құқықтық мәмiлелер жөнiндегi шарттардың талаптарына;
5) Қазақстан Республикасының бюджет заңдарында көзделген өзге де ережелерге сәйкестiгiн тексеруден тұрады.
5. Төлемдердi және аударымдарды жүзеге асырған кезде бюджеттiк қаражаттың тиiстi сомасы бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның нұсқауы негiзiнде мемлекеттiк мекеменiң бюджеттiк шотынан шығарылып, қабылданған мiндеттемелермен айқындалатын бюджеттiк қаражатты алушының шотына есептеледi.
6. Мемлекеттiк мекеменiң келiсiмiнсiз оның шотынан ақшаны алу Қазақстан Республикасының төлемдер және ақша аударымдары туралы заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
7. Осы Кодекстiң талаптары және қабылдануы осы Кодексте көзделген, бюджеттiң атқарылу тәртiбiн айқындайтын басқа да нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптары бұзылған жағдайда бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган өзi жүзеге асыратын мемлекеттiк мекемелердiң төлемдерiн тоқтата тұруға құқылы.
8. Төлемдердi және ақша аударымдарын жүзеге асыру әдiстерi Қазақстан Республикасының төлемдер және ақша аударымдары туралы заңдарымен немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен айқындалады.
9. Сыртқы экономикалық қызметке байланысты төлемдер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша жүзеге асырылады.
10. Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органның төлемдердi жүзеге асыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
106-бап. Бюджеттiк ақшаны басқару
1. Бюджеттiк ақшаны басқаруды бюджеттi атқару жөнiндегi орталық және жергiлiктi уәкiлеттi органдар жүзеге асырады.
2. Бюджеттiк ақшаны басқару - төлемдердiң бюджетке түсетiн түсiмдер мерзiмдерiне сәйкес уақтылы төленуiн қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шаралар кешенi.
3. Төлемдердiң уақтылығы мен толықтығын қамтамасыз ету үшiн бюджеттi атқару жөнiндегi уәкiлеттi орган алдағы кезеңде бюджетке түсетiн ақша түсiмдерiнiң болжамды көлемiн айқындайды.
4. Бюджетке түсетiн ақша түсiмдерiнiң болжамды көлемi тиiстi кезеңде жеткiлiксiз болған жағдайда бюджеттi атқару жөнiндегi орталық немесе жергiлiктi уәкiлеттi орган төлемдер жүргiзу үшiн қарыз алу арқылы ақша тарту процесiн ұйымдастырады.
5. Бюджеттiк ақшаны басқару Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады.
107-бап. Бюджет қаражаттарын игеру
1. Бюджет қаражаттарын игеру - бюджет қаражаттарын, оларды алушылардың бюджеттiк бағдарлама паспортында, мемлекеттiк мекемелер жасасқан азаматтық-құқықтық мәмiлелерде және бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру соларға сәйкес жүзеге асырылатын нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген мақсаттарға пайдалануы.